3) тұрмыстық қатты қалдықтармен жұмыс істеу қағидаларында белгіленген үлгілік нысан бойынша тұрмыстық қатты қалдықтардың меншік иелерімен шарттар жасасуға;
4) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарын сақтауға тиіс.
5. Тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдауға, көлік құралдарының боялуына, арнайы айырым белгілерімен жабдықталуына және жабдықтарына, сондай-ақ тиеу-түсіру жұмыстарына қойылатын талаптар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбеге енгізілген Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттарында белгіленеді.
28-тарау. РАДИОАКТИВТІ ҚАЛДЫҚТАРДЫ БАСҚАРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
369-бап. Радиоактивті қалдықтар және оларды сыныптау
1. Радиоактивті қалдықтарға одан әрі пайдалануға жатпайтын, кез келген агрегаттық күйдегі мынадай заттар жатады:
1) құрамындағы радионуклидтер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген деңгейлерден асып кететін материалдар, бұйымдар, жабдық, шығу көзі биологиялық объектілер;
2) пайдаланылған, қайта өңдеуге жатпайтын ядролық отын;
3) өз ресурсын тауысқан немесе зақымданған радионуклидті көздер;
4) құрамындағы радионуклидтер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген деңгейлерден асып кететін, жер қойнауынан алынған және үйінділер мен қалдық қоймаға жинап қойылатын тау жыныстары, кендер және кендерді байыту мен сілтісіздендіру қалдықтары.
2. Радиоактивті қалдықтардың агрегаттық күйі, шығу көзі, радиоактивтілік деңгейі, радионуклидтердтің жартылай ыдырау кезеңі оларды сыныптау негізі болып табылады.
3. Радиоактивті қалдықтар агрегаттық күйі бойынша сұйық және қатты болып бөлінеді.
Радиоактивті сұйық қалдықтарға органикалық емес заттардың ерітінділері, сүзгі материалдарының пульпалары, органикалық сұйықтықтар жатады.
Радиоактивті қатты қалдықтарға бұйымдар, машиналар мен механизмдердің бөлшектері, материалдар, биологиялық объектілер, радиоактивті сәулелердің өз ресурсын тауысқан көздері жатады.
4. Егер қалдықтардың құрамындағы радионуклидтердің үлестік активтілігі бақылауға жататын радиоактивті материалдар үшін радиациялық қауіпсіздік нормаларымен регламенттелген мәндерден көп болса, ал белгісіз радионуклидті құрамда үлестік активтілік:
1) бета-сәулеленетін радионуклидтер үшін - килограмына жүз килобеккерельден;
2) альфа-сәулеленетін радионуклидтер (трансурандықтарды қоспағанда) үшін - килограмына он килобеккерельден;
3) трансурандық радионуклидтер үшін килограмына бір килобеккерельден көп болған кезде қалдықтар радиоактивтіге жатады.
5. Радиоактивті қалдықтар түзілу көздері бойынша былайша сыныпталады:
1) тау-кен өнеркәсібінің қалдықтары;
2) зерттеушілік және энергетикалық ядролық қондырғылардың қалдықтары;
3) ядролық жарылыстардың қалдықтары;
4) пайдаланылмайтын радиоактивті сәулелену көздері және қызмет мерзімі өткен көздер.
6. Радиоактивті қатты қалдықтар радиоактивтілік деңгейі бойынша былайша сыныпталады:
1) активтілігі төмен қалдықтар - үлестік активтілігі (килограмына килобеккерельден): бета-сәулеленетін радионуклидтер үшін - бір мыңнан кем; альфа-сәулеленетін радионуклидтер (трансурандықтарды қоспағанда) үшін - бір жүзден кем; трансурандық радионуклидтер үшін - оннан кем қалдықтар;
2) активтілігі орташа қалдықтар - үлестік активтілігі (килограмына килобеккерельден): бета-сәулеленетін радионуклидтер үшін - бір мыңнан он миллионға дейінгі; альфа-сәулеленетін радионуклидтер (трансурандықтарды қоспағанда) үшін - бір жүзден бір миллионға дейінгі; трансурандық радионуклидтер үшін - оннан бір жүз мыңға дейінгі қалдықтар;
3) активтілігі жоғары қалдықтар - үлестік активтілігі (килограмына килобеккерельден): бета-сәулеленетін радионуклидтер үшін - он миллионнан астам; альфа-сәулеленетін радионуклидтер (трансурандықтарды қоспағанда) үшін - бір миллионнан астам; трансурандық радионуклидтер үшін - бір жүз мыңнан астам қалдықтар.
7. Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы, оның ішінде радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге байланысты қызметті мемлекеттік бақылауды және қадағалауды атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
370-бап. Радиоактивті қалдықтарды басқару саласындағы экологиялық талаптар
1. Жеке және заңды тұлғалар атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті орган белгілеген радиоактивті материалдарды өндіру, сақтау, тасымалдау, пайдалану, кәдеге жарату және жою қағидаларын сақтауға, радиациялық әсер етудің шекті жол берілетін деңгейі нормативтерінің бұзылуына жол бермеуге, қоршаған ортаның радиациялық ластануының алдын алу және оны жою жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
2. Радиоактивті қалдықтарды жинау, сақтау, тасымалдау және көму жөніндегі қызмет Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Радиоактивті материалдарды тасу кезінде төтенше жағдайлар туындаған жағдайда азаматтардың денсаулығын, олардың мүлкін, қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасының, халықтың радиациялық қауіпсіздігі мен техникалық регламенттердің талаптары сақталуға тиіс.
371-бап. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттерін сыныптау
1. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттеріне радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму үшін пайдаланылатын табиғи (табиғаттық) немесе жасанды алаңдар, сыйымдылықтар немесе үй-жайлар жатады.
2. Радиоактивті қалдықтарды көму пункттеріне осындай қалдықтар кейіннен алып кету ниетінсіз орналастырылатын пункттер жатады.
3. Радиоактивті қалдықтарды сақтау пункттері:
1) геологиялық барлау, тау-кен өндіру және тау-кен қайта өңдеу қызметі нәтижесіндегі құрамында басым түрде табиғи радионуклидтер бар;
2) ядролық энергетика объектілерінен алынған, ядролық жарылыстар мен радиоизотопты өндіріс нәтижесіндегі құрамында басым түрде жасанды радионуклидтер бар радиоактивті қалдықтарды қабылдау бойынша бөлінеді.
4. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттері радиоактивті қалдықтарды жинау алаңының ауқымы бойынша жергілікті және өңірлік болып бөлінеді. Жергіліктіге - бір объектінің немесе бір ауданның, ал өңірлікке екі және одан да көп объектінің және (немесе) ауданның қалдықтарын орналастыруға арналған пункттер жатады.
372-бап. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және көму кезіндегі экологиялық талаптар
1. Қазақстан Республикасының аумағында түзілетін радиоактивті қалдықтар өздерінің ықтимал қауіп төндіруі мүмкін уақыт кезеңіне халықтың және қоршаған ортаның радиациялық қорғалуын қамтамасыз ететіндей болып көмілуге тиіс.
2. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және көму атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті орган беретін лицензиялар негізінде жүзеге асырылады және бұл қызмет түрлері экологиялық нормалау мен экологиялық рұқсаттар алу объектілері болып табылмайды. Радиоактивті қалдықтарға нормативтерді атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
3. Радиоактивті қалдықтарды орналастыру радиоактивті қалдықтардың түзілуіне алып келетін кез келген қызмет түрінің міндетті кезеңі ретінде жобалау және техникалық құжаттамада көзделуге тиіс. Радиоактивті қалдықтарды басқару осы Кодексте көзделген экологиялық талаптар ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және көму кезінде операторлар:
1) өздігінен жүретін тізбекті ядролық реакциялардың ықтималдығын жоюбға және артық жылу бөлінуінен қорғауды қамтамасыз етуге;
2) радиациялық қауіпсіздік қағидалары мен нормаларына сәйкес белгіленген қорғау әдістерін қолдану арқылы халықты және қоршаған ортаны тиімді қорғауды қамтамасыз етуге;
3) радиоактивті қалдықтарды сақтауға байланысты болуы мүмкін биологиялық, химиялық және басқа да тәуекелдерді есепке алуды жүргізуге;
4) көму объектісінің тұрған жеріне, конструкциясы мен құрамындағысына қатысты есепке алу құжаттарын сақтауға;
5) радиоактивті материалдарға санкциясыз қол жеткізілуін және радиоактивті заттардың қоршаған ортаға жоспарланбаған шығарылуын бақылауды жүзеге асыруға және ондай ықтималдылықты болғызбауға тиіс.
373-бап. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттеріне қойылатын экологиялық талаптар
1. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттерін құру және олардың жұмысын ұйымдастыру жөніндегі барлық жобалар санитариялық-эпидемиологиялық сараптамаға және Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүргізілетін сараптамаға жатады. Жобалау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілген құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.
2. Жобада:
1) радиоактивті қалдықтарды түзу көздері, радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттерінің болжамды әрекет еті радиусында қоршаған ортаға радиоактивті әсер етудің басқа да көздері, олардың сандық және сапалық сипаттамалары;
2) радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттерінің ұйымдық құрылымы, өндірістік радиациялық бақылау жүргізу көлемі мен тәртібі;
3) халыққа дозалық жүктеменің есеп-қисаптары радиоактивті қалдықтардың болжамды әрекет ету радиусындағы барлық радиация көзінің жол берілетін және бақыланатын деңгейлері мен қоршаған ортаға және халыққа ықпалын бағалау көрсетілуге тиіс.
3. Жобада халықтың тәуекелді тобына дозалық жүктемені бағалау қамтылатын, қоршаған ортаға әсер ету ескеріле отырып, арнайы іздестірулер мен экономикалық бағалаулар негізінде балама нұсқалар қатарынан сақтау және (немесе) көму пункті салынатын орынды таңдау негізделуге тиіс.
4. Геодезиялық, геологиялық, гидрогеологиялық және гидрометеорологиялық іздестірулерді қоса алғанда, инженерлік іздестірулер:
1) радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пунктін салу және орналастыру орнының таңдалуын және оның табиғи және техногендік факторлардың қолайсыз әсерлерінен инженерлік қорғалуын;
2) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды негіздеуді қамтамасыз етуге тиіс.
5. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттерін құру және олардың жұмысын ұйымдастыру жөніндегі жобаларда дезактивациялаудан немесе басқа да қызметтен кейін бүлінген жерлерді рекультивациялау көзделуі керек.
6. Радиоактивті қалдықтарды көму пункттерінің айналасында Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы туралы заңнамасына сәйкес айқындалатын шекаралары бар санитариялық-қорғаныш аймағы белгіленеді.
7. Радиоактивті қалдықтарды көму пункттерін:
1) тұрғын үй құрылысын салу аумақтарында;
2) жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келіспей пайдалы қазбалар жатқан алаңда;
3) активті карст аймақтарында;
4) шөгулер, сел тасқындары, қар көшкіндері және басқа да қауіпті геологиялық процестер аймақтарында;
5) батпақты жерлерде;
6) жерасты ауызсу көздерінен су алу аймақтарында;
7) курорттарды санитариялық қорғау аймақтарында;
8) қалалардың жасыл аймақтарының аумақтарында;
9) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда;
10) шаруашылық-ауызсумен жабдықтаудың жерасты және жерүсті көздері, су құбыржолдарын тазарту құрылысжайларын, магистральдық сутартқыштарды санитариялық қорғау аймақтарының I, II, III белдеулері аумағында;
11) су бөлу аумақтарында;
12) ормандар, орман саябақтары және қорғаныш және санитариялық-гигиеналық функцияларды орындайтын және халықтың демалу орындары болып табылатын басқа да жасыл екпелер алып жатқан немесе олардың алып жатуына арналған жерлерде орналастыруға жол берілмейді.
8. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пунктін салуға жер учаскесін таңдау кезінде мынадай шарттар сақталуға тиіс:
1) ауызсу, бальнеологиялық және техникалық мұқтаждықтарға жарамды ызасудың болмауы;
2) жанасқан жыныстардың жоғары сорбциялық-сыйымдылық қасиеттері;
3) жерасты суының айтарлықтай тереңдікте (алпыс және одан көп метрде) жатуы;
4) ызасу деңгейінің радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пунктінің түбінен төрт метрден жақын болмауы;
5) сулы белдеулер болып табылмайтын және төмен жатқан сулы белдеулермен гидравликалық байланысы жоқ геологиялық қабаттардың болуы;
6) опырылым тектоникасының және қарқынды жарықшақтықтың болмауы, сейсмикалық қауіпті опырылуға дейінгі арақашықтық қырық километрден асуға тиіс;
7) төгінділер түзуге, шөгуге, құлауға сезімталдықтың өте төмен болуы;
8) эрозияның болмауы;
9) геоморфологиялық тұрақтылық;
10) іргетас топырағы мен жынысының қатты және өте тығыз болуы;
11) іргетастың мықтылығы он метрден асатын су өткізбейтін жыныстан болуы;
12) жергілікті жердің еңістілігі бес пайыздан аспайтын шағын төбелі болуы;
13) жақын жердегі жерасты суы мен ызасу су тартқышқа дейін немесе жер бетіндегі су көздерінен арақашықтықтың төрт километрден жақын болмауы;
14) жерді іс жүзінде пайдаланудың айтарлықтай экономикалық тиімділік бермеуі және оны әлеуетті пайдаланудың да танылған бағалауының болмауы;
15) төрт километр арақашықтықта мәдени және ұлттық маңызы бар құндылықтардың болмауы;
16) жергілікті жердің туристік құндылығының болмауы және оған жақын маңдағы елді мекендер тұрғындарының сирек келуі.
9. Осы баптың 8-тармағында көрсетілген шарттардың бірі сақталмаған кезде қоршаған ортаны:
1) суды аз өткізетін және сорбциялық-сыйымдылық материалдарынан (полиэтиленнен, бетоннан, қыштан, саздан, цеолиттен) жасалған инженерлік кедергілер жасау;
2) жерүсті суының, ызасудың және жерасты суының осындай пункттерді айналып өтуін қамтамасыз ететін дренаждық жүйелерді жасау арқылы радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пунктінің зиянды әсерінен қорғау жөніндегі немесе пунктті табиғи және техногендік факторлардың зиянды әсер етуінен қорғау жөніндегі іс-шараларәзірленуге тиіс.
10. Уранды және уранды емес тау-кен өндіру және қайта өңдеу кәсіпорындарының активтілігі төмен қалдықтары үшін радиоактивті қалдықтарды аэрация аймағынан төмен және сорбциялық-сыйымдылық қасиеттері неғұрлым жоғары (радионуклидтердің пункттен тыс таралу мүмкіндігін болғызбайтын) басқа тау жыныстарының арасында орналастыра отырып, бұрын қазып өтілген тау-кен қазындылары пайдаланылуы мүмкін.
11. Уранды және уранды емес тау-кен өндіру және қайта өңдеу кәсіпорындарының активтілігі орташа қалдықтары үшін де саздан, цеолиттен және радионуклидтерді сорбциялайтын басқа да материалдардан жасалған техникалық кедергілерді қосымша орната отырып, бұрын қазып өтілген тау-кен қазындылары пайдаланылуы мүмкін.
12. Рельефтегі табиғи ойпауыттар су өткізбейтін жыныстардан немесе басқа да материалдан жасалған табиғи немесе жасанды төсеніш болған кезде активтілігі төмен радиоактивті қатты және сұйық қалдықтарды ұзақ уақытқа орналастыру үшін пайдаланылуы мүмкін.
13. Радиоактивті сұйық қалдықтарды көмуге тыйым салынады. Радиоактивті сұйық қалдықтар қоршаған ортадағы борпылдақ тау жыныстарының ылғалдылығына дейін құрғатылуға немесе қатайтылуға тиіс.
14. Активтілігі орташа радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттері үшін - күзету іс-шаралары мен сигнал беру, активтілігі төмен радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттері үшін сигнал берусіз күзету іс-шаралары міндетті түрде көзделеді.
15. Халықты радиациялық қорғау бойынша дозалық жүктемені есепту және тиімді шараларды әзірлеу халықтың тәуекелді топтары бойынша дозаларды есептеу негізінде жүзеге асырылады. Халықтың тәуекелді тобы радиоактивті заттар халықтың осы тобына жететін тәуекелді жолды талдау және анықтау негізінде айқындалады.
16. Жерүсті суының, ызасудың және жерасты суының радиоактивті ластануының таралуын есептеу ерітінділер мен ластанудың сүзілу жылдамдығын, олардың миграциялық қабілеттерін және су сіңіргіш жыныстардың сорбциялық мүмкіндіктерін айқындау үшін орындалатын арнайы гидрологиялық және гидрогеологиялық зерттеулер жүргізу негізінде орындалады.
17. Қоршаған ортаға авариялық радиоактивті ластанудың әсер етуінен келтірілген залал рекультивациялау жұмыстарын жүргізу жөніндегі іс-шаралармен қорғау шараларын орындау құны бойынша бағаланады.
374-бап. Радиоактивті қалдықтарды трансшекаралық өткізу
1. Қайта өңдеу үшін басқа мемлекеттерге әкетілген Қазақстан Республикасының өз радиоактивті қалдықтарын қоспағанда, басқа мемлекеттерден радиоактивті қалдықтарды сақтау немесе көму мақсатында Қазақстан Республикасына әкелуге тыйым салынады. Радиоактивті заттардың қоршаған ортаға түсуін болғызбайтын іс-шараларды жүргізбей, радиоактивті қалдықтарды жер бетіне және жер қойнауына көмуге де (орналастыруға да) тыйым салынады.
2022.28.12. № 173-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2023 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасына радиоактивті қалдықтарды, құрамында радиациялық қауіпсіздік нормаларында белгіленген алып қою деңгейінен жоғары радиоактивті заттар бар жартылай фабрикаттарды, шикізатты, жинақтаушы бұйымдарды әкелу Қазақстан Республикасының өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады және Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес ядролық материалдар мен иондаушы сәулелену көздерінің мемлекеттік есебіне алуына жатады.
3. Радиоактивті қалдықтарды трансшекаралық өткізу кезінде оператор халықаралық құқық нормаларын сақтай отырып, өткізуді қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдауға міндетті. Бұл ретте:
1) оператор межелі мемлекеттің рұқсаты және алдын ала хабардар етілуі, сондай-ақ келісімі бойынша өткізуді қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдауға міндетті;
2) транзит мемлекеті арқылы трансшекаралық өткізу нақты пайдаланылатын көлік түрлеріне қатысты халықаралық міндеттемелерді орындау шартымен жүзеге асырылуға тиіс;
3) пайдаланылған ядролық отынды немесе радиоактивті қалдықтарды сақтау немесе көму үшін оңтүстік ендіктен 60 градус оңтүстікке қарай межелі орынға жөнелтуге тыйым салынады.
375-бап. Радиоактивті қалдықтарды тасымалдау кезіндегі экологиялық талаптар
1. Радиоактивті қалдықтарды тасымалдау атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті орган бекітетін радиоактивті заттар мен радиоактивті қалдықтарды тасымалдау қағидаларына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Радиоактивті қалдықтарды тасымалдау қағидалары жүк жөнелтушінің, тасушының және жүк алушының құқықтарын, міндеттерін және жауапкершілігін, қауіпсіздік, физикалық қорғау шараларын, оқиғалар мен аварияларға жол бермеу жөніндегі келісілген шаралар жүйесін, қаптауға, таңбалауға және көлік құралдарына, ықтимал авариялардың салдарын оқшаулау жөніндегі іс-шараларға қойылатын талаптарды көздеуге тиіс.
29-тарау. ҚАЛДЫҚТАРДЫҢ ЖЕКЕЛЕГЕН ТҮРЛЕРІН БАСҚАРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
376-бап. Құрылыс қалдықтарын басқару саласындағы экологиялық талаптар
1. Құрылыс қалдықтары деп ғимараттарды, құрылысжайларды, өнеркәсіптік объектілерді, жолдарды, инженерлік және басқа да коммуникацияларды бұзу, бөлшектеу, реконструкциялау, жөндеу (оның ішінде күрделі жөндеу) немесе салу процесінде түзілетін қалдықтар түсініледі.
2. Құрылыс қалдықтары тікелей құрылыс алаңында немесе арнайы орында басқа қалдық түрлерінен міндетті түрде бөлуге жатады.
3. Бекітілген жобалық шешімдерге сәйкес құрылыс қалдықтарын қалпына келтіру жағдайларын қоспағанда, құрылыс қалдықтарын басқа қалдық түрлерімен араластыруға тыйым салынады.
4. Құрылыс қалдықтарын арнайы белгіленген орындардан тыс жинақтауға тыйым салынады.
377-бап. Медициналық қалдықтарды басқару саласындағы экологиялық талаптар
1. Медициналық қалдықтар - медициналық қызметтер көрсету және медициналық манипуляциялар жүргізу процесінде түзілетін қалдықтар.
2. Медициналық қалдықтармен жұмыс істеу тәртібін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
3. Медициналық қалдықтарды термиялық және (немесе) химиялық процестерді қолдана отырып өңдеу және жою осы Кодекстің талаптары сақтала отырып жүзеге асырылуға тиіс.
378-бап. Биологиялық қалдықтарды басқару саласындағы экологиялық талаптар
1. Биологиялық қалдықтар Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасына сәйкес айқындалады.
2. Биологиялық қалдықтармен жұмыс істеу тәртібін ветеринария саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
3. Биологиялық қалдықтарды термиялық және (немесе) химиялық процестерді қолдана отырып өңдеу және жою осы Кодекстің талаптары сақтала отырып жүзеге асырылуға тиіс.
379-бап. Құрамында жойылуы қиын органикалық ластағыштар бар қалдықтарды басқару саласындағы экологиялық талаптар
1. Құрамында жойылуы қиын органикалық ластағыштар бар қалдықтарды сақтау пункттері жойылуы қиын органикалық ластағыштардың қоршаған ортаға және адамдардың денсаулығына ықпалын болғызбауды қамтамасыз ететін қорғау құралдарымен жабдықталуға тиіс.
2. Құрамында жойылуы қиын органикалық ластағыштар бар қалдықтарды есепке алу қатаң есептілік журналдарында жүргізіледі.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органды хабардар етпей, құрамында жойылуы қиын органикалық ластағыштар бар қалдықтардың меншік иесі мен иеленушісін ауыстыруға тыйым салынады.
4. Құрамында жойылуы қиын органикалық ластағыштар бар қалдықтардың кадастры қалдықтардың мемлекеттік кадастры шеңберінде жеке бөлім болып жүргізіледі.
5. Қазақстан Республикасының жойылуы қиын органикалық ластағыштар туралы халықаралық шарттарында көзделген құрамында жойылуы қиын органикалық ластағыштар бар қалдықтарды көмуге тыйым салынады. Осындай қалдықтардың экспорты мен импортына оларды құрту мақсатында ғана рұқсат етіледі.
380-бап. Қалдықтардың жекелеген түрлерін және олардың тіршілік циклінің процестерін басқару саласындағы экологиялық талаптар
1. Қалдықтардың жекелеген түрлерімен жұмыс істеу кезінде қалдықтардың иелері экологиялық, санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбеге енгізілген қалдықтардың жекелеген түрлерін басқару саласындағы ұлттық стандарттардың сақталуын қамтамасыз етуге тиіс.
2. Қалдықтар санатына өткен материалдар мен өнімдерді (шиналарды, электрондық және электр жабдықтарды, қаптаманы, қағазды, пайдаланылған майларды, химиялық ток көздерін, құрамында сынап бар қалдықтарды), сондай-ақ басқа да қауіпті қалдықтарды басқару жөніндегі арнайы экологиялық талаптар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбеге енгізілген қалдықтардың жекелеген түрлерін басқару саласындағы ұлттық стандарттарда белгіленеді.
381-бап. Ғимараттарды, құрылыстарды, құрылысжайларды және өзге де объектілерді жобалау кезінде қалдықтарды басқару саласындағы экологиялық талаптар
Салынуы (көтерілуі, құрылуы) кезінде қалдықтардың түзілуі болжанатын ғимараттарды, құрылыстарды, құрылысжайларды және өзге де объектілерді жобалау кезінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті орган белгілейтін қалдықтарды басқару саласындағы қағидаларға, нормативтер мен талаптарға сәйкес осындай қалдықтарды жинауға арналған орындар (алаңдар) көзделуі қажет.
30-тарау. ҚАЛДЫҚТАРДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК КАДАСТРЫ
382-бап. Қалдықтардың мемлекеттік кадастры
1. Қалдықтардың мемлекеттiк кадастры қалдықтарды орналастырудың әрбiр объектiсi (олардың кеңiстiктегi орналасуын көрсете отырып) бойынша, сондай-ақ қалдықтардың түрлерi, олардың шығу көздерi мен физикалық-химиялық қасиеттерi (халыққа және қоршаған ортаға қауiптiлiгi ескерiле отырып), құрамдастық құрамы, сапалық және сандық көрсеткiштерi, сақтаудың, көму мен тастаудың техникалық, гидрогеологиялық және экологиялық шарттары, пайдаланылу мен залалсыздандырылу технологиялары бойынша біріздендірілген мәлiметтердің геоақпараттық жүйелер негізiнде жүйелендірілген, кезең-кезеңімен толықтырылып және нақтыланып отыратын жиынтығын білдіреді.
2. Қалдықтардың барлық түрi және қалдықтарды орналастыру объектiлерi калдықтардың мемлекеттiк кадастрында есепке алуға жатады.
Қалдықтардың мемлекеттік кадастрын жүргізуді ұйымдастыруды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
Қалдықтардың мемлекеттiк кадастрын жүргiзудi қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның ведомстволық бағынысты ұйымы жүзеге асырады.