245-бап. Қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыру кезіндегі экологиялық талаптар
1. Қоршаған ортаға әсер етуге міндетті бағалау немесе стратегиялық экологиялық бағалау жүргізу кезінде белгіленіп отырған қызметтің немесе әзірленетін құжаттың жануарлар дүниесінің жай-күйіне, мекендеу ортасына, жануарлардың миграциясы жолдары мен көбею жағдайларына ықпалы ескерілуге және бағалануға тиіс, сондай-ақ жануарлар дүниесі объектілерінің мекендеу ортасы мен көбею жағдайларын, жануарлардың миграциясы жолдары мен шоғырлану орындарын сақтау жөніндегі іс-шаралар айқындалуға тиіс, сондай-ақ жабайы жануарлардың мекендеу ортасы ретінде ерекше құнды болып табылатын учаскелерге қолсұғылмаушылық қамтамасыз етілуге тиіс.
2. Ғимараттарды, құрылысжайлар мен олардың кешендерін жануарлар мен олардың мекендеу ортасын қорғаудың техникалық және инженерлік құралдарымен жабдықтамай пайдалануға беруге тыйым салынады.
3. Теміржолдарды, автомобиль жолдарын, магистральдық құбыржолдарды, байланыс жолдарын, жел электр станцияларын, сондай-ақ каналдарды, бөгеттерді және өзге де гидротехникалық құрылысжайларды орналастыру, жобалау және салу кезінде жануарлардың миграциясы жолдарын сақтауды және қырылуын болғызбауды қамтамасыз ететін іс-шаралар әзірленуге және жүзеге асырылуға тиіс.
4. Жануарлар көбейетін жерлерде жоғары шу көзі болып табылатын жару жұмыстарын және басқа да жұмыстарды жүргізу Қазақстан Республикасының заңнамасында шектеледі.
5. Су объектілерінде гидротехникалық және өзге де құрылысжайларды пайдалану, су объектілерінің гидрологиялық режимін және олардан су тұтыну режимін белгілеу, сондай-ақ жабайы жануарлардың мекендеу ортасының жай-күйіне ықпал ететін немесе ықпал етуі мүмкін өзге де қызмет жануарлар дүниесін қорғау талаптары, балық және аңшылық шаруашылық мүдделері ескеріле отырып жүзеге асырылуға тиіс.
246-бап. Электр желілерін салу және пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Электр желілерін орналастыру, жобалау, салу, пайдалану, жөндеу, реконструкциялау және жаңғырту кезінде құстардың және басқа да жабайы жануарлардың қырылуын болғызбауды, мекендеу ортасын, көбею жағдайларын, миграция жолдарын және шоғырлану орындарын сақтауды қамтамасыз ететін іс-шаралар әзірленуге және жүзеге асырылуға тиіс.
2. Электр желілерін пайдалануды жүзеге асыратын субъектілер олардың құстар мен басқа да жабайы жануарларға жағымсыз әсер етуін анықтау үшін электр желілерін үнемі зерттеп-қарауды жүзеге асыруға және қажет болған жағдайда, оларды төмендету жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
2023.02.01. № 184-VІІ ҚР Заңымен 247-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
247-бап. Жағалау-судағы құрғақ өсімдіктерді шабу кезіндегі экологиялық талаптар
Ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілері аумағындағы өсімдіктерді қоспағанда, жағалау-судағы құрғақ өсімдіктерді шабуға өрттің туындау қаупін азайту мақсатында, сондай-ақ шаруашылық қажеттілік жағдайында жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісу бойынша жол беріледі.
248-бап. Өсiмдiктердi қорғау құралдарын, минералдық тыңайтқыштарды және қызметте, жаңа препараттарды жасауда пайдаланылатын басқа да препараттарды тасу, сақтау және қолдану кезiндегі экологиялық талаптар
1. Өсімдіктерді қорғау құралдарын, минералдық тыңайтқыштарды және қызметте, жаңа препараттарды жасауда пайдаланылатын басқа да препараттарды тасу, сақтау және қолдану кезінде жеке және заңды тұлғалар көрсетілген препараттарды тасу, сақтау және қолдану қағидаларын сақтауға және жануарлардың ауруы мен қырылуын болғызбауды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға міндетті.
2. Жаңа препараттарды жасау кезінде оларды қоршаған ортада қолдану жөніндегі нормативтер әзiрленуге тиiс.
3. Жануарлардың қырылуын және олардың мекендеу ортасының нашарлауын болғызбау мақсатында жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның ұсынуы бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган пестицидтерді, улы химикаттарды және басқа да химиялық препараттарды қолдану шектелетін немесе тыйым салынатын жекелеген аумақтарды айқындай алады.
4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісу бойынша өсімдіктерді қорғау жөніндегі уәкілетті орган бекіткен пестицидтер тізіміне енгізілген пестицидтерді қолдануға рұқсат етіледі.
5. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген пестицидтердің тізіміне енгізуге токсикологиялық зерттеулер, олармен жұмыс істеуді гигиеналық регламенттеу жүргізілгеннен, гигиеналық және экологиялық нормативтер белгіленгеннен кейін және осы пестицидтерді мемлекеттік тіркеу жүзеге асырғаннан кейін жол беріледі.
6. Пестицидтерді мемлекеттік тіркеу қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісу бойынша өсімдіктерді қорғау жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүргізіледі.
7. Минералдық тыңайтқыштар мен басқа да препараттарда ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық заттар болған кезде өсімдіктерді қорғау жөніндегі уәкілетті орган жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның немесе қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ұсынуы бойынша токсикологиялық зерттеулер жүргізеді, солардың негізінде осы минералдық тыңайтқыштар мен басқа да препараттар бойынша экологиялық нормативтер белгіленеді.
8. Мыналарға:
1) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісу бойынша дала кеміргіштерін жою кезінде, сондай-ақ жануарлардың жаппай эпизоотиясы, құтыруы және басқа да аурулары жағдайларында улы химикаттар мен басқа да химиялық препараттарды қолдануды қоспағанда, жару құрылғыларын, улы химикаттар мен басқа да химиялық препараттарды қолдана отырып, жануарлар дүниесі объектілерін аулауға;
2) пестицидтерді, улы химикаттарды, минералдық тыңайтқыштар мен басқа да препараттарды:
ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы қорық режимі аймақтарында;
миграция және көбею кезеңiнде жануарлар жаппай топтасатын жерлердегi белгi қойылған тыныштық аймақтарында, сондай-ақ жабайы жануарлардың мекендеу ортасы ретiнде ерекше құнды болып табылатын учаскелерде;
жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлері мекендейтін және олар қолдан өсірілетін белгіленген орындарда қолдануға;
3) ауыл шаруашылығы алқаптары мен басқа да алқаптарда жер бетінде дәріленген тұқымдарды топырақпен жаппай және жабайы жануарлардың қоректенуі үшін қолжетімді жерде қалдыруға тыйым салынады.
9. Балықтарды және басқа да су жануарларын олардың мекендеу ортасын пестицидтермен, улы химикаттармен және басқа да химиялық препараттармен ластанудан қорғау мақсатында балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің қазіргі бар жағалауларынан екі километр шегінде:
1) өсімдік зиянкестерімен, ауруларымен және арамшөптермен күресте авиация арқылы тозаңдату тәсілін қолдануға;
2) пестицидтерді, улы химикаттарды, минералдық тыңайтқыштар мен мұнай өнімдерін сақтауға арналған қоймаларды салуға, авиациялық-химиялық жұмыстар жүргізу үшін ұшу-қону жолақтарын салуға, сондай-ақ жер бетіндегі аппаратураны пестицидтермен, улы химикаттармен толтыру алаңдарын және қой тоғытуға арналған әуіттер орнатуға тыйым салынады.
2023.02.01. № 184-VІІ ҚР Заңымен 249-баптың тақырыбы өзгертілді (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
249-бап. Өсімдіктер мен жануарлар түрлерін интродукциялау, реинтродукциялау және будандастыру кезіндегі экологиялық талаптар
2023.02.01. № 184-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының аумағында жануарлар түрлерін интродукциялауға, реинтродукциялауға және будандастыруға жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның биологиялық негіздеме негізіндегі рұқсаты бойынша ғылыми-зерттеу және шаруашылық мақсатында жол беріледі.
Интродукция деп өсімдік түрлерін олар табиғи өсетін жер шегінен тыс жерге және жануарларды олар мекендейтін орта шегінен тыс жерге әдейі немесе кездейсоқ көшіру түсініледі.
Өсімдіктерді интродукциялау Қазақстан Республикасының өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Будандастырылған жануарларды табиғи ортаға интродукциялауға тыйым салынады.
3. Жеке және заңды тұлғалардың жануарлар түрлерін өз бетінше интродукциялауына, реинтродукциялауына және будандастыруына тыйым салынады.
4. Жабайы жануарларды, сондай-ақ жабайы жануарлармен шағылысуы немесе оларға зиян келтіруі мүмкін үй жануарларын еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда ұстайтын немесе өсіретін жеке және заңды тұлғалар мұндай жануарлардың табиғи ортаға шығуын болғызбау бойынша іс-шаралар жүргізуге міндетті.
250-бап. Жануарларды Қазақстан Республикасына әкелу және Қазақстан Республикасынан әкету кезіндегі экологиялық талаптар
Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияның қолданылу аясына жататын жануарларды Қазақстан Республикасына әкелуге және Қазақстан Республикасынан әкетуге жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен берілетін рұқсат бойынша жол беріледі.
Жануарларды Қазақстан Республикасынан әкету Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
251-бап. Балық аулау кезіндегі экологиялық талаптар
1. Балық аулау қағидалары, балық аулау объектілері, балық шаруашылығын жүргізу және балық аулау үшін балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін бекіту, балық ресурстары мен басқа да су жануарларын беру тәртібі Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасында белгіленеді.
2. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, жеке тұлғаларға жануарлар дүниесін жалпы пайдалану тәртібімен, балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің резервтік қорында балық аулаушының бір рет шыққанда бес килограмға дейін тегін әуесқойлық (спорттық) балық аулауына мүмкіндік беріледі. Бұл ретте жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы белгіленген қағидалар, нормативтер, шектеулер мен тыйымдар сақталуға тиіс.
3. Сулы-батпақты алқаптарда және балық ресурстары мен басқа да су жануарлары мекендейтін және таралатын жерлерде гидромелиорациялық жұмыстар жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның рұқсаты бойынша жүзеге асырылады.
252-бап. Жануарлар тіршілігінің пайдалы қасиеттері мен өнімдерін пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Жануарлар тіршілігінің пайдалы қасиеттері мен өнімдерін жануарларды алмай және жоймай, олардың мекендеу ортасын нашарлатпай және жануарларға зиян келтірмей пайдалануға жол беріледі.
2. Жануарларды алмай және жоймай әрі олардың мекендеу ортасын нашарлатпай жабайы жануарлар тіршілігінің өнімдерін алу мақсатында оларды пайдалануға жол беріледі.
3. Жабайы жануарлар тіршілігінің өнімдерін алу мақсатында оларды пайдалану жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген қағидалар бойынша жүзеге асырылады.
253-бап. Зоологиялық коллекцияларға қойылатын экологиялық талаптар
1. Жануарларды табиғи ортасынан алу арқылы зоологиялық коллекциялар жасауды және толтыруды (жануарлар дүниесі объектілерінің тұлыптарын, жұмыртқаларын, препараттары мен бөліктерін, жануарлар дүниесі объектілерін, оның ішінде зоопарктердің, зообақтардың, цирктердің, зоологиялық питомниктердің, аквариумдердің, океанариумдардың жабайы жануарларын жинауды) жеке және заңды тұлғалар жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган беретін рұқсаттар негізінде жүзеге асырады.
2. Ғылыми, мәдени-ағартушылық, оқу-тәрбиелік немесе эстетикалық құндылықты білдіретін және жалпымемлекеттік маңызы бар зоологиялық коллекциялар мемлекеттік есепке алуға жатады.
3. Зоологиялық коллекцияларды жасау, толықтыру, сақтау, пайдалану, иеліктен шығару және мемлекеттік есепке алу, оларды саудалау, сондай-ақ оларды Қазақстан Республикасына әкелу, оның шегінен тыс жерлерге жіберу және әкету жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілейтін қағидалар бойынша жүзеге асырылады.
254-бап. Жануарлардың санын реттеу кезіндегі экологиялық талаптар
1. Халық денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау, ауыл шаруашылығы және басқа да үй жануарлары ауруларын, қоршаған ортаға, шаруашылық және өзге де қызметке зиян келтіруді болғызбау мүддесінде жабайы жануарлардың жекелеген түрлерінің санын реттеуге бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылады. Бұл шаралар жабайы жануарлардың мекендеу ортасын, биоәртүрлілікті сақтауды қамтамасыз ететін және қорғалатын түрлер мен олардың табиғи ареалдарына экологиялық залал келтіруге жол бермейтін тәсілдермен жүзеге асырылуға тиіс.
2. Жануарлардың санын реттеу қағидаларын жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган бекітеді.
255-бап. Аңшылық және балық шаруашылықтарын жүргізу кезіндегі экологиялық талаптар
Аңшылық және балық шаруашылықтарын жүргізу кезінде мынадай экологиялық талаптар қойылады:
1) өз қызметінің нәтижесінде жануарлардың мекендеу ортасының экологиялық жай-күйінің нашарлауына жол бермеу, өндірістік процестерді жүзеге асыру кезінде табиғатты қорғайтын технологияларды қолдану;
2) жабайы жануарлардың саны мен пайдаланылуын бастапқы есепке алуды жүргізу, олардың жай-күйін және аңшылық алқаптарының сипатын зерделеу, осы ақпаратты жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға беру;
3) жануарларды аулаудың белгіленген қағидаларын, нормаларын, нормативтерін, лимиттері мен мерзімдерін сақтау;
4) бекітілген аумақтағы жануарлар дүниесі объектілерін, оның ішінде жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерін қорғауды жүзеге асыру;
5) жабайы жануарларды өсіруге, оның ішінде қолдан өсіруге, олардың мекендеу ортасын сақтауға және жақсартуға бағытталған кешенді іс-шараларды жүргізу;
6) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану мәселелері жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру;
7) аурулардың профилактикасы және олармен күрес жөніндегі кешенді іс-шараларды жүзеге асыру, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану, ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдарға және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органға жануарлар ауруларының анықталуы, олардың мекендеу ортасы жай-күйінің нашарлауы, жануарлардың жойылып кету қатерінің төнуі және қырылу жағдайлары туралы дереу хабар беру;
8) жануарлар дүниесі объектілерінің жай-күйі және мекендеу жағдайлары нашарлаған, жануарлардың өсімін молайту қабілеті төмендеген және жойылып кету қатері төнген жағдайларда оларды пайдалануды өз бетінше тоқтату, жануарларға және олардың мекендеу ортасына жағымсыз ықпалды жою жөніндегі шараларды кейінге қалдырмай қабылдау.
256-бап. Жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерінің тізбесі
1. Жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерінің тізбесін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді және Қазақстан Республикасының аумағында, оның ішінде континенттік қайраңда және Қазақстан Республикасының айрықша экономикалық аймағында табиғи еркіндік жағдайында тұрақты түрде немесе уақытша құрлықта, суда, атмосферада және топырақта мекендейтін жануарлардың (омыртқалы және омыртқасыз) сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген, сондай-ақ табиғи мекендеу ортасында жойылып кеткен түрлерін (кіші түрлері, популяциясы) қамтиды.
2. Жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлеріне жатқызылған жануарлар мемлекеттік меншік болып табылады, ал еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда өсірілетін және ұсталатын жануарлар мемлекеттік меншікте де, жеке меншікте де болуы мүмкін.
3. Жеке және заңды тұлғалар сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерге жатқызылған жануарларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте және тәртіппен пайдалануға құқылы.
257-бап. Табиғи еркін жағдайда мекендейтін жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерін қорғау және өсімін молайту
1. Жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерінің қырылуына, санының қысқаруына немесе мекендеу ортасының бұзылуына алып келуі мүмкін әрекеттерге жол берілмейді.
2. Жеке және заңды тұлғалар бекітіліп берілген аумақтар шегінде жануарларды қорғауды қамтамасыз етуге, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерге жатқызылған жануарлардың өздеріне белгілі болған немесе анықталған қырылу жағдайлары туралы хабарлауға міндетті. Мұндай жағдайларды тергеп-тексеру тәртібін жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
3. Жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерінің жаппай аурулары, оларға дүлей зілзалалар кезінде және басқа да себептер салдарынан қырылу қатері төнген жағдайларда Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес көмек көрсетіледі.
4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша айрықша жағдайларды қоспағанда, жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлеріне жатқызылған жануарлардың қырылуын болғызбау мақсатында оларды алуға тыйым салынады.
5. Табиғи еркін жағдайда мекендейтін жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерінің өсімін молайту мақсатында:
1) табиғи өсімін молайту жағдайларын жақсарту;
2) қоныс аударту;
3) қолдан өсірілген жануарларды мекендеу ортасына жіберу жүргізілуі мүмкін.
6. Осы баптың 5-тармағында көрсетілген іс-шаралар жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның биологиялық негіздемеге негізделген рұқсаты бойынша жүзеге асырылады.
7. Табиғи еркін жағдайда мекендейтін жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерін қорғау және олардың өсімін молайту үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылады, сондай-ақ осы аймақтардың шегінде жануарлар дүниесінің жай-күйіне жағымсыз ықпал ететін кез келген қызметке тыйым салына отырып, олардың айналасында қорғау аймақтары белгіленуі мүмкін.
8. Қызметті жоспарлау және жүзеге асыру кезінде жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерінің мекендеу ортасы мен көбею жағдайларын, миграция жолдары мен шоғырлану орындарын сақтау жөніндегі іс-шаралар әзірленуге тиіс, сондай-ақ бөлініп берілетін, осы жануарлардың мекендеу ортасы ретінде ерекше құнды болып табылатын учаскелерге қолсұғылмаушылық қамтамасыз етілуге тиіс.
258-бап. Табиғи еркін жағдайда мекендейтін жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерін пайдалану
1. Егер табиғи еркін жағдайда мекендейтін жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерін ғылыми, мәдени-ағартушылық, тәрбиелік және эстетикалық мақсатта пайдалану жануарларды мекендеу ортасынан алмай жүзеге асырылса, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілі бір жерлерге және белгілі бір мерзімдерде баруға шектеу енгізуге құқылы. Көрсетілген шектеулер туралы мәліметтер аудандық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады, ал тиісті жерлерде арнайы ескерту қалқандары орнатылады.
2. Жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерін еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда ұстауға және өсіруге мүдделі жеке және заңды тұлғалар қолдан өсіру жолымен алынған жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерінің мекендеу ортасынан алынған санына сәйкес келетін дара нұсқаларын белгіленген мерзімдерде мекендеу ортасына жіберуге міндетті. Жануарларды жіберу жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның лауазымды адамдарының қатысуымен акт бойынша жүзеге асырылады.
259-бап. Жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерін, сондай-ақ Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияға қосымшаға енгізілген түрлерді еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда ұстау және өсіру
1. Жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлері, сондай-ақ Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияға қосымшаға енгізілген түрлер еріксіз (торларда және вольерлерде ұстау) және жартылай ерікті (табиғи мекендеу ортасына жақын жағдайлары бар парктерде және басқа учаскелерде ұстау) жағдайларда қолдан өсірілуі мүмкін.
2. Жеке және заңды тұлғалардың жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерін, сондай-ақ Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияға қосымшаға енгізілген түрлерді еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда ұстауына және өсіруіне олар мынадай талаптарды сақтаған:
1) белгіленген тәртіппен бөліп берілген, вольерлермен, торлармен және басқа да құрылысжайлармен жабдықталған учаскені немесе үй-жайды қоса алғанда, жануарларды ұстауға арналған жағдайлар болған;
2) зоотехникалық, ветеринариялық және санитариялық-эпидемиологиялық іс-шаралар қажетті көлемде орындалған;
3) зоологиялық, зоотехникалық және ветеринариялық бейінді мамандар, жануарларды еріксіз немесе жартылай ерікті жағдайларда ұстау дағдылары бар өзге тұлғалар болған;
4) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның рұқсаты болған кезде рұқсат етіледі.
3. Жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерін, сондай-ақ Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияға қосымшаға енгізілген түрлерді еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда ұстауға және өсіруге берілген рұқсатта орындалуы міндетті талаптар, сондай-ақ жануарлар түрлері бойынша дара нұсқаларының ең көп саны көрсетіледі. Егер жеке және заңды тұлғалар рұқсат шарттарын орындамаса, алты ай ішінде екі ескертуден кейін рұқсат кері қайтарылып алынуы немесе оның күші жойылуы мүмкін.
4. Арнайы зоологиялық питомниктерде жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерін еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда ұстау және өсіру осы питомниктер туралы ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.
5. Сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерге, сондай-ақ Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияға қосымшаға енгізілген түрлерге жатқызылған және еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда ұсталатын жануарлардың иелері осы жануарларға алынбайтын сақина тағуға немесе оларды таңбалауды жүргізуге және оларға паспорттары болуға міндетті.
6. Сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерге жатқызылған жануарларды еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда ұстайтын жеке және заңды тұлғалардың жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның рұқсаты бойынша ғана Қазақстан Республикасының шегінде осы жануарларды сатып алуға, өткізуге және айырбастауға құқығы бар.
7. Меншігінде сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерге, сондай-ақ Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияға қосымшаға енгізілген түрлерге жатқызылған, еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда ұсталатын жануарлар бар жеке және заңды тұлғалар оларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен халықаралық сауда мақсатында пайдалануы мүмкін.
8. Егер еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда өсірілетін жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлерінің халықаралық саудасы мемлекетке экологиялық және (немесе) экономикалық залал келтіруі мүмкін болса, Қазақстан Республикасының Үкіметі мұндай саудаға шектеур енгізуге құқылы.
17-тарау. ОРМАНДАРДЫ ҚОРҒАУ