2. Экологиялық қауiпсiздiкті қамтамасыз ету және өнеркәсiптік, көлiктік және өзге де объектiлердi пайдалану үшiн қажеттi жағдай жасау мақсатында қоршаған ортаның жай-күйiн жақсартуға ықпал ететiн, көрсетілген жерлердi пайдаланудың ерекше жағдайларын жасау ескерiле отырып, аймақтар белгiленедi.
3. Өнеркәсiп, көлiк, байланыс, қорғаныс жерлерін және өзге де ауыл шаруашылығы мақсатына арналмаған жерлердi басқа санаттардағы жерлерге ауыстыру кезiнде олардың шегінде аймақтарды белгiлеу мақсатына үйлеспейтін қызмет түрлерiне шектеу қойылатын немесе тыйым салынатын аймақтар ескерiледi.
4. Өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс жерлерінің және өзге де ауыл шаруашылығы мақсатына арналмаған жерлердің химиялық заттармен жерді бағалаудың экологиялық өлшемшарттарында белгіленген деңгейлерден астам ластануы оларды басқа санаттардағы жерлерге ауыстыру кезінде қосымша экологиялық өлшемшарт болып табылады. Ластанудың жоғары деңгейіне жатқызылған жерлер консервациялауға жатады және босалқы жерлер құрамына ауыстырылады.
233-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерiн және сауықтыру мақсатындағы жерлердi пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерін пайдалану режимі Қазақстан Республикасының Жер кодексінде және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында реттеледі.
2. Сауықтыру мақсатындағы жерлердің аумағында қолайлы экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық жағдайларды сақтау мақсатында оларды аймақтарға бөлу кезiнде санитариялық-қорғаныш аймақтары белгiленедi.
3. Туристік операторлық және (немесе) туристік агенттік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар ерекше қорғалатын табиғи аумақта туризмді жүзеге асыруды көздейтін туристік өнімді қалыптастыру және іске асыру кезінде мынадай экологиялық туризм қағидаттарын басшылыққа алуға міндетті:
1) белгілі бір аумақта бір мезгілде болатын туристердің жоспарланған санының осындай аумаққа қатысты белгіленетін рекреациялық жүктемелерге сәйкес келуі;
2) қоршаған ортаға зиян келтіруге жол бермеу;
3) қоршаған ортаға неғұрлым аз жағымсыз әсер ететін көлік құралдарын таңдау;
4) тұрмыстық қатты қалдықтардың түзілуін барынша азайту және оларды жинау үшін белгіленген жерлерде орналастыруды не ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан өз бетінше әкетуді қамтамасыз ету;
5) туристерге баратын жерлері туралы хабар беру және ондағы жүріс-тұрыс қағидалары туралы нұсқау беру;
6) баратын аумақтарда және (немесе) олардың маңында тұрақты тұратын адамдарды турларды ұйымдастыруға және жүргізуге және экономикалық пайда алуға тарту.
234-бап. Орман қорының жерлерiн пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар
1. Орман қорының жерлерiн пайдалану режимi Қазақстан Республикасының Жер кодексінде және Қазақстан Республикасының Орман кодексінде реттеледi.
2. Аумақтың экологиялық жай-күйiнiң индикаторы ретiндегі өсiмдiктердiң жай-күйiн жердi орман қоры санатына жатқызу кезiндегі экологиялық өлшемшарт деп есептеген жөн.
3. Орман қорының жерлерiндегi орман шаруашылығының мұқтаждықтары үшiн пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы алқаптары Қазақстан Республикасының орман заңнамасына сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер санатына ауыстырылуы мүмкiн.
4. Орман қорының жерлерін басқа санаттардағы жерлерге ауыстыруға Қазақстан Республикасы орман заңнамасының талаптарына сәйкес мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде жол беріледі.
5. Орман қорының жерлерiн басқа санаттардағы жерлерге ауыстыру кезiнде жердi бағалаудың экологиялық өлшемшарттарына сәйкес жердiң жай-күйiнiң шөптi және сүректi өсiмдiктерге ықпалын көрсететiн экологиялық көрсеткiштер ескерілгені жөн.
235-бап. Су қорының жерлерiн аймақтарға бөлу және пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар
1. Су қорының жерлерiн аймақтарға бөлу кезiнде су объектiлерiн қорғау қамтамасыз етiледi.
2. Су қоры жерлерiнiң құрамындағы жер учаскелерiн жергiлiктi атқарушы органдар су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсу бойынша жеке және заңды тұлғаларға ауыл, орман, балық, аңшылық шаруашылықтардың мұқтаждықтары үшін және жер учаскесiнiң негiзгi нысаналы мақсатына қайшы келмейтiн, жердiң ластануы мен тозуына және тиiсiнше, экологиялық ахуалдың нашарлауына алып келмейтін басқа да мақсатта уақытша жер пайдалануға беруi мүмкiн.
3. Су қорының жерлерiн басқа санаттардағы жерлерге ауыстыруға Қазақстан Республикасы су заңнамасының талаптарына сәйкес мемлекеттiк экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық сараптамалардың оң қорытындылары болған кезде:
1) су объектiсiнiң жұмыс iстеуi тоқтатылған не оның экологиялық және гигиеналық көрсеткiштерi едәуiр өзгерген;
2) олар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерiне жатқызылған;
3) елдi мекендердiң шекаралары (шектерi) экологиялық ахуалдың өзгеруiне алып келетіндей өзгерген жағдайда жол берiледi.
4. Су қорғау белдеулерiне бөлiп берiлген жерлер елдi мекендер мен өнеркәсiп жерлерiнiң санатына ауыстырылмайды, оларда судың ластануын, қоқыстануын және сарқылуын болғызбау үшiн шаруашылық қызметтiң арнайы режимi белгiленедi.
236-бап. Босалқы жерлердi аймақтарға бөлу және пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар
1. Босалқы жерлердi аймақтарға бөлу кезiнде жағымсыз өзгерiстер байқалған алаң және зерттелетiн аумақтағы тозу дәрежесi әртүрлi учаскелердi бөлудiң кеңiстiктегi әркелкiлiгi ескерiледi.
2. Экожүйелердің тозу жылдамдығы елу жылдық байқау қатары бойынша есептеледі. Экожүйенің тозу дәрежесін бағалау жерді бағалаудың экологиялық өлшемшарттарына сәйкес жүргізіледі.
3. Босалқы жерлер одан әрi пайдалану мақсатына қарай, жергілікті жерде өздері ауыстырылатын санаттағы жердің шекаралары белгiленгеннен кейiн ғана басқа санаттардағы жерлерге ауыстырылуы мүмкiн. Босалқы жерлер басқа санаттардағы жерлерге ауыстырылған кезде осы жер санатына қойылатын экологиялық талаптарға сәйкес жер учаскесiн таңдау алдын ала жүзеге асырылады.
4. Бүлінген жерлердi босалқы жерлер санатынан ауыстыру рекультивациялау және жердiң сапасы мен экологиялық жағдайды жақсарту жөнiндегi iс-шаралар жүзеге асырылғаннан кейiн мүмкiн болады.
5. Бұрын ядролық қаруды сынау жүргiзiлген босалқы жерлер құрамындағы жер учаскелерi ядролық қаруды сынау зардаптарын жою жөнiндегi барлық iс-шаралар және мемлекеттiк экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық сараптамалардың оң қорытындылары болған кезде кешендi экологиялық зерттеп-қарау аяқталғаннан кейiн ғана меншiкке немесе жер пайдалануға берiлуi мүмкiн.
2023.05.07. № 17-VІІI ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
6. Осы баптың 3, 4 және 5-тармақтарының ережелері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті ұйымға берілетін ядролық қауіпсіздік аймағының жеріне қатысты қолданылмайды.
237-бап. Жерді оңтайлы пайдалану жөнiндегi экологиялық талаптар
1. Мыналар:
1) ұсынылып отырған жерді қайта түлету мен жердi қайта бөлудің экологиялық салдарларын ғылыми негiздеу және болжау;
2) жердi пайдалану мен барлық санаттағы жерлерді қорғауды жоспарлау және ұйымдастыру кезінде бiрыңғай мемлекеттiк экологиялық саясатты негiздеу және iске асыру;
3) жердiң нысаналы пайдаланылуын қамтамасыз ету;
4) экологиялық негiзделген, алаңы жағынан ықшам және оңтайлы жер учаскелерiн қалыптастыру және орналастыру;
5) орнықты ландшафтарды күтiп-ұстау және жердi қорғау жөніндегі шаралар кешенiн әзiрлеу;
6) жердi қорғау жөнiндегi iс-шараларды әзiрлеу;
7) адам денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау мүддесiнде ормандардың орта құрау, су қорғау, қорғау, санитариялық-эпидемиологиялық, сауықтыру және өзге де пайдалы табиғи қасиеттерiн сақтау және күшейту;
8) биоәртүрлілікті сақтау және экологиялық жүйелердің орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ету жерді оңтайлы пайдалану жөніндегі негiзгi экологиялық талаптар болып табылады.
2. Кәсiпорындарды, құрылысжайларды және өзге де объектiлердi орналастыру және пайдалану үшiн жер учаскелерiн беру экологиялық талаптар сақтала отырып және көрсетілген объектiлер қызметiнiң экологиялық салдарлары ескеріле отырып жүргiзiледi.
3. Ауыл шаруашылығы өндiрiсiне байланысты емес объектiлердi салу және тұрғызу үшiн ауыл шаруашылығы мақсатына жарамсыз, топырағының бонитет балы ең төмен жер бөлiнуге тиiс.
238-бап. Жердi пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар
1. Жеке және заңды тұлғалар жерді пайдалану кезінде жердің ластануына, жер бетінің қоқыстануына, топырақтың тозуына және құнарсыздануына жол бермеуге тиіс, сондай-ақ топырақтың құнарлы қабатының біржола жоғалуын болғызбау үшін қажет болған жағдайда оны алуды және сақтауды қамтамасыз етуге міндетті.
2. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушылар, сондай-ақ жерді бүлдіруге байланысты құрылыс және басқа да жұмыстарды орындау кезінде өзге де тұлғалар:
1) өздері алып жатқан жер учаскелерiн одан әрi мақсаты бойынша пайдалануға жарамды күйде ұстауға;
2) жерді бүлдіруге байланысты жұмыстарды бастағанға дейін топырақтың құнарлы қабатын алуға және оны сақтауды әрі кейіннен бүлінген жерлерді рекультивациялау мақсатында пайдалануды қамтамасыз етуге;
3) бүлінген жерлерді рекультивациялауды жүргізуге міндетті.
3. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу, жерді бүлдіруге байланысты құрылыс және басқа да жұмыстарды орындау кезінде:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге, құрылыс және басқа да тиісті жұмыстарды орындауға бөлінген жер учаскелерінің (жердің) шегінен тыс жерде өсімдік қабаты мен топырақ қабатын бүлдіруге;
2) топырақтың құнарлы қабатын сату немесе басқа адамдардың меншігіне беру мақсатында алуға тыйым салынады.
4. Бүлінген жерлерді рекультивациялау бағытын таңдау кезінде:
1) жер бетінің бүліну сипаты;
2) объект орналасқан ауданның табиғи және физикалық-географиялық жағдайлары;
3) осындай ауданның даму перспективалары мен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі талаптар ескеріле отырып, объектiнi орналастырудың әлеуметтiк-экономикалық ерекшелiктерi;
4) бүлінген жерлердiң негiзгi алаңын қаратопырақ тараған және ауыл шаруашылығы қарқынды жүретін аймақта жыртылатын алқаптар етіп қалпына келтiру қажеттiгi;
5) қазылған кеңістікте су айдындарын және аршылған жыныстар мен байыту қалдықтары үйінділерінде сәндік бақ-саябақ кешендерін, ландшафтар жасауды қоса алғанда, елді мекендерге тікелей жақын жердегі бүлінген жерлерді бақтар, қосалқы шаруашылықтар және демалыс аймақтары етіп қалпына келтіру қажеттігі;
6) өнеркәсіптік объект аумағында жоспарлау жұмыстарын орындау, қажетсiз шұңқырлар мен үймелердi жою, құрылыс қоқысын жинау және жер учаскесiн абаттандыру;
7) пайдаланылатын жер учаскесiндегi топырақпен жабылуы немесе тегiстелуі қажет жыралар мен су шайған жерлер;
8) міндетті түрде аумақты көгалдандыруды жүргізу ескерілуге тиіс.
5. Жер учаскелері өнеркәсіптік қалдықтарды жинақтау, сақтау, көму үшін пайдаланылған жағдайда, олар мынадай талаптарға сай келуге:
1) өнеркәсіптік қалдықтарды көму полигондарын жобалаудың, салудың және пайдаланудың санитариялық-эпидемиологиялық қағидалары мен нормаларына сәйкес келуге;
2) су айдыны, ауыл шаруашылығы алқаптары, ормандар, өнеркәсіптік кәсіпорындар жағына еңісі 1,5 пайыз жерде сыйымдылық түбінен екі метрден жоғары емес ызасу тұрғанда әлсіз сүзетін топырақтың болуы;
3) елді мекенге қатысты жел өтіне қарсы жақта және жерасты суы ағынының бағыты бойынша төмен орналасуы;
4) тасқын су мен нөсер суы басып қалмайтын жерде орналасуы;
5) инженерлік сүзуге қарсы қорғанышы, периметрі бойынша қоршауы және көгалдандырылуы, қатты жабыны бар кірме жолдарының болуы;
6) жер учаскесінен шығатын жерүсті және жерасты ағыны су объектілеріне түспеуге тиіс.
6. Жаңа технологияларды ендіруге, жерді мелиорациялау және топырақтың құнарлылығын арттыру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға, олар экологиялық талаптарға, санитариялық-эпидемиологиялық нормалар мен қағидаларға, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, тыйым салынады.
7. Радиоактивтік және (немесе) химиялық ластануға ұшыраған жерлерді пайдалану, қорғау аймақтарын белгілеу, осы жерлерде тұрғын үйлерді, өндірістік, коммерциялық және әлеуметтік-мәдени мақсаттағы объектілерді сақтау, оларда мелиорациялық және техникалық жұмыстарды жүргізу тәртібі радиациялық және химиялық әсер етудің шекті жол берілетін деңгейлері ескеріле отырып айқындалады.
8. Жерді қорғау мақсатында жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар:
1) жерді су және жел эрозиясынан, селдерден, көшкіндерден, су басудан, су жайылудан, батпақтанудан, қайталама сортаңданудан, құрғап кетуден, тығыздалудан, радиоактивтік және химиялық заттармен ластанудан, қоқыстанудан, биогенді ластанудан, сондай-ақ басқа да жағымсыз әсер етулерден қорғау;
2) жерді карантиндік объектілерден, бөтен текті түрлерден және аса қауіпті зиянды организмдерден зақымданудан, олардың таралуынан, арамшөптердің, бұталардың және шіліктердің басып кетуінен, сондай-ақ жердің жай-күйін нашарлатудың өзге де түрлерінен қорғау;
3) ластанудың, оның ішінде биогенді ластанудың және қоқыстанудың салдарларын жою;
4) мелиорациялаудың қол жеткізілген деңгейін сақтау;
5) бүлінген жерлерді рекультивациялау, топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру, жерлерді уақтылы айналымға тарту жөніндегі іс-шараларды жүргізуге міндетті.
9. Елді мекендер жерлерінде көктайғақпен күресу үшін ас тұзын пайдалануға тыйым салынады.
17-БӨЛІМ. ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУ
15-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
239-бап. Жалпы ережелер
1. Биологиялық әртүрлілік барлық көздерден тарайтын тірі организмдердің, оның ішінде жерүсті, теңіз және өзге де су экожүйелерінің және олар бір бөлігі болып табылатын экологиялық кешендердің түрленгіштігін білдіреді және түр шеңберіндегі, түрлер арасындағы әртүрлілік пен экожүйелердің әртүрлілігін қамтиды.
2. Экологиялық жүйе (экожүйе) деп табиғи ортаның объективті түрде өмір сүретін бір бөлігі болып табылатын, бірыңғай функционалдық тұтастық ретінде өзара әрекеттесетін және кеңістікті-аумақтық шекаралары бар зат алмасумен және энергия алмасумен өзара байланысты болатын өсімдіктер, жануарлар және өзге де организмдер қоғамдастықтарының, олар мекендейтін тіршіліксіз ортаның қарқынды кешені түсініледі.
Мекендеу ортасы деп қандай да бір организмнің немесе популяцияның табиғи мекендейтін жерінің типі немесе жері түсініледі.
3. Табиғи ландшафт деп адамның тыныс-тіршілігінің нәтижесінде өзгеріске ұшырамаған және бірыңғай климаттық жағдайларда қалыптасқан жергілікті жер бедерінің, топырақтың, өсімдіктердің белгілі бір типтерінің үйлесуімен сипатталатын аумақ түсініледі.
4. Биологиялық ресурстар деп генетикалық ресурстар, организмдер немесе олардың бөліктері, популяциялар немесе адамзат үшін нақты немесе ықтимал пайдасы не құндылығы бар экологиялық жүйелердің кез келген басқа биотикалық құрамдастары түсініледі.
5. Тірі организмдердің генетикалық қорының жойылу қатерін, биоәртүрлілік шығынын және экологиялық жүйелердің орнықты жұмыс істеуінің бұзылуын туындататын қызметке тыйым салынады.
240-бап. Биоәртүрлілікті сақтау жөніндегі шаралар
1. Биоәртүрлілікті сақтау мақсатында шаралар өз артықшылықтарының кемуі тәртібімен мынадай реттілікпен қолданылады:
1) жағымсыз әсер етуді болғызбау жөніндегі шаралар бірінші кезекті болып табылады;
2) биоәртүрлілікке жағымсыз әсер етуді болғызбау мүмкін болмаған кезде оны барынша азайту жөніндегі шаралар қабылдануға тиіс;
3) биоәртүрлілікке жағымсыз әсер етуді болғызбау немесе барынша азайту мүмкін болмаған кезде, оның салдарларын жұмсарту жөніндегі шаралар қабылдануға тиіс;
4) биоәртүрлілікке жағымсыз әсер етудің ескертілмеген, барынша азайтылмаған немесе жұмсартылмаған бөлігінде биоәртүрлілік шығынын өтеу жөніндегі шаралар қабылдануға тиіс.
Биоәртүрлілікке жағымсыз әсер етуді болғызбау жөніндегі шаралар деп қызметті жоспарлаудың ең ерте кезеңінен бастап және оны жүзеге асырудың бүкіл кезеңінде биоәртүрлілікке кез келген әсер етуден аулақ болуға бағытталған шаралар түсініледі.
Биорәртүрлілікке жағымсыз әсер етуді барынша азайту жөніндегі шаралар деп алды алынбаған әсер етулердің (тікелей және жанама) ұзақтығын, қарқындылығын және (немесе) деңгейін азайту жөніндегі шаралар түсініледі.
Биоәртүрлілікке жағымсыз әсер етудің салдарын жұмсарту жөніндегі шаралар деп биоәртүрлілікті сақтау және қалпына келтіру үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған шаралар түсініледі.
2. Стратегиялық экологиялық бағалау және қоршаған ортаға әсер етуге бағалау жүргізу кезінде:
1) әзірленіп жатқан құжаттың немесе белгіленіп отырған қызметтің биоәртүрлілікке жағымсыз әсер етуі анықталуға (зерттеулер жүргізу арқылы);
2) биоәртүрлілікке жағымсыз әсер етуді болғызбау, барынша азайту, осындай әсер етулердің салдарларын жұмсарту жөніндегі іс-шаралар көзделуге;
3) биоәртүрлілікті жоғалту қатері анықталған жағдайда, биоәртүрлілік шығынына бағалау жүргізілуге және оларды өтеу жөніндегі іс-шаралар көзделуге тиіс.
241-бап. Биоәртүрлілік шығыны және биоәртүрлілік шығынының орнын толтыру
1. Биоәртүрлілік шығыны деп антропогендік әсер ету нәтижесінде белгілі бір аумақта (акваторияда) өсімдіктер әлемі және (немесе) жануарлар дүниесі түрінің жойылып кетуі немесе популяциясының елеулі түрде қысқаруы танылады.
2. Биоәртүрлілік шығынының орнын толтыру биоәртүрліліктің тұрақты және ұзақ мерзімдік өсуіне бағдарлануға және:
1) қызметті жүзеге асыру нәтижесінде жоғалған биоәртүрлілікті қалпына келтіру;
2) сол аумақта (акваторияда) және (немесе) осындай биоәртүрлілік неғұрлым маңызды мәнге ие басқа аумақта (акваторияда) сондай немесе қоршаған орта үшін маңыздылығы кем емес басқа биоәртүрлілік түрін ендіру түрінде жүзеге асырылуға тиіс.
3. Егер:
1) бұл өсімдіктер әлемі және (немесе) жануарлар дүниесі объектілері немесе олардың сирек кездесетін немесе бірегей болып табылатын қоғамдастықтары бөлігінде биоәртүрлілік шығынына әкелетін болса және олардың жойылу және молықтырылуының мүмкін болмау тәуекелі болса;
2) бұл өсімдіктер әлемі және (немесе) жануарлар дүниесі объектілері немесе олардың бірегей ландшафтың құрамдас бөлігі болып табылатын қоғамдастықтары бөлігінде биоәртүрлілік шығынына әкелетін болса және оның жойылу және қалпына келтірілуінің мүмкін болмау тәуекелі болса;
3) бұл биоәртүрлілік шығынына әкелетін болса және экожүйелердің жай-күйін нашарлатпай биоәртүрлілік шығынының орнын толтыруға жарамды жағдайлары бар учаскелер болмаса;
4) бұл биоәртүрлілік шығынына әкелетін болса және биоәртүрлілік шығынының орнын толтыруға арналған технологиялар немесе әдістер болмаса;
5) бұл биоәртүрлілік шығынына әкелетін болса және биоәртүрлілік шығынының орнын толтыру өзге де себептермен мүмкін болмаса, құжатты немесе белгіленіп отырған қызметті іске асыруға жол берілмейді.
4. Биоәртүрлілік шығынының орнын толтыру жөніндегі іс-шаралар міндетті түрде орындалуға жатады.
5. Биоәртүрлілік шығынының орнын толтыруды орындау тәртібін жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
242-бап. Экожүйелік көрсетілетін қызметтер
1. Экожүйелік көрсетілетін қызметтер деп жеке және заңды тұлғалардың экожүйелерді, олардың функциялары мен пайдалы қасиеттерін пайдаланудан алатын пайдасы түсініледі, оның ішінде:
1) жабдықтайтын экожүйелік көрсетілетін қызметтер - экожүйелерден алынатын, азық-түлік, отын, талшық, тұщы су және генетикалық ресурстар секілді өнімдер;
2) реттейтін экожүйелік көрсетілетін қызметтер - экожүйелік процестерді реттеуден алынатын, ауа сапасын ұстап тұру, климатты реттеу, топырақ эрозиясын болғызбау, адам ауруларын реттеу және су тазарту секілді пайда;
3) мәдени экожүйелік көрсетілетін қызметтер - рухани байыту, танымдық дамыту, рефлексия, рекреация және эстетикалық тәжірибе арқылы экожүйелерден алынатын материалдық емес пайда;
4) қолдау көрсететін экожүйелік көрсетілетін қызметтер - бастапқы өнім өндіру, оттегін өндіру және топырақ түзу секілді барлық басқа да экожүйелік көрсетілетін қызметтерді өндіруге қажетті көрсетілетін қызметтер.
2. Экожүйелер мен экожүйелік көрсетілетін қызметтердің жай-күйін бағалау экожүйенің және оның құрамдастарының орнықтылығын айқындауға бағытталған, сондай-ақ экожүйелік көрсетілетін қызметтерді халықтың әл-ауқатымен байланыстыратын әдістемелер негізінде жүзеге асырылады.
3. Экожүйелік көрсетілетін қызметтерді бағалау рәсімі төрт кезеңді қамтиды:
1) экожүйелер ұсынатын, жеке және заңды тұлғалардың белгіленіп отырған қызметі әсер ететін жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің көлемін айқындау;
2) фондық жай-күйді айқындау - экожүйелердің және жеке және заңды тұлғалардың белгіленіп отырған қызметі әсер ететін экожүйелерге арналған экожүйелік көрсетілетін қызметтердің жай-күйін бағалау, экожүйелік көрсетілетін қызметтерді пайдаланушыларды және олар ұсынылған қызметтерден алуы мүмкін пайданы айқындау;
3) әсер етуді бағалау - экожүйелерге және оның құрамдастарына, экожүйелік көрсетілетін қызметтерге және оларды пайдаланушыларға ықтимал әсер етуді, осы әсер етулердің маңыздылығын және неғұрлым маңызды экожүйелік көрсетілетін қызметтерді айқындау;
4) жағымсыз және қалдық әсер етуді төмендету жөніндегі шараларды бағалау - әсер етуді болғызбау мүмкін болмайтын жағдайларда, неғұрлым маңызды экожүйелік көрсетілетін қызметтерге жағымсыз әсер етуді болжау және болғызбау үшін қабылдануы мүмкін шаралар тізбесін айқындау, оны барынша азайту бойынша шаралар қабылдау; қалдық әсер ету болған кезде барынша азайту жөніндегі шаралар қабылданғаннан кейін оның орнын толтыру жөніндегі шаралар қолданылады. Әсер етуді төмендету жөніндегі шаралар жағымсыз әсерді төмендетуге немесе елеусіз деңгейге дейін төмендетуге бағытталуға тиіс.
243-бап. Экожүйелік көрсетілетін қызметтер үшін төлемдер
1. Экожүйелік көрсетілетін қызметтер үшін төлемдер деп экожүйелік көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың экожүйелік көрсетілетін қызметтерден пайда алуына қажетті белгілі бір әрекеттерді немесе шарттарды орындағаны үшін осындай тұтынушылар экожүйелік көрсетілетін қызметтерді берушілерге сыйақы ретінде жүзеге асыратын ерікті төлемдер түсініледі.
Экожүйелік көрсетілетін қызметтерді берушілер деп қызметі жеке экожүйелік көрсетілетін қызметтерді құруға немесе белгілі бір деңгейде ұстап тұруға бағытталған немесе байланысты болатын кез келген жеке және заңды тұлғалар түсініледі.
Экожүйелік көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар деп экожүйелік көрсетілетін қызметтерді пайдаланудан пайда, оның ішінде экономикалық пайда алатын және осындай экожүйелік көрсетілетін қызметтерді белгілі деңгейде ұстап тұруға мүдделі жеке және заңды тұлғалар түсініледі.
2. Экожүйелік көрсетілетін қызметтер үшін төлемдер салықтарға және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерге жатпайды және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес шарттық негізде жүзеге асырылады.
Экожүйелік көрсетілетін қызметтер үшін төлемдер ақшалай және ақшалай емес нысандарда болуы мүмкін. Экожүйелік көрсетілетін қызметтер үшін төлемдердің мөлшері мен нысаны тиісті шарт тараптарының келісуі бойынша айқындалады.
16-тарау. ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІН ПАЙДАЛАНУ КЕЗІНДЕГІ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТАЛАПТАР
244-бап. Жануарлар дүниесін жалпы пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Жануарлар дүниесін жалпы пайдалану Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жануарлар дүниесі объектілерін мекендеу ортасынан алмай жүзеге асырылады.
2. Жануарлар тіршілігінің пайдалы қасиеттерін пайдалану, сондай-ақ жануарлар дүниесі объектілерін ғылыми, мәдени-ағартушылық, тәрбиелік, эстетикалық және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде тыйым салынбаған басқа да мақсаттарда пайдалану жануарлар дүниесін жалпы пайдалану тәртібімен жүзеге асырылады.
3. Жануарлар дүниесін жалпы пайдалануды жүзеге асыру кезiнде жануарларды алуға, олардың паналау орындарын және басқа да құрылысжайларын қиратуға, жануарларды көбею кезеңiнде мазалауға, жануарлардың мекендеу ортасын бұзуға және олардың көбею жағдайларын нашарлатуға тыйым салынады.