3) аукцион қорытындысы бойынша осы бөліктің 2) тармақшасында көрсетілген өтініштер бойынша лицензияларды беру аукционның жеңімпазы деп танылған тұлғаның өтініші аукцион өткізілген блокқа (блоктарға) қатысты басым деп есептелетіні ескеріле отырып, осы Кодекстің 188-бабына және 189-бабының басымдық туралы ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады. Осы бөліктің 1) тармақшасында көзделген мерзім өткеннен кейін берілген, барлауға арналған лицензияны беруге өтініштер осы Кодекстің 27-тарауында көзделген, пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияны қараудың және берудің ережелері бойынша қаралады.
7. Индустрияландыру картасына немесе Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына енгізілген индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыратын, қызметі (технологиялық процесі) жер қойнауын пайдаланумен байланысты индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері, осы тармақта көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, осы Кодекстің 70-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетілмеген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесіне берілген өтініш негізінде пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензияны алуға құқылы деп белгіленсін. Бұл құқықты индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап бес жыл ішінде іске асыруы мүмкін.
Осы тармаққа сәйкес берілген пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензияны беру туралы өтінішке, осы Кодекстің тиісінше 187-бабында немесе 204-бабында көзделген құжаттардан басқа, индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органның өтініш иесінің өндірістік қызметі (технологиялық процесі) жер қойнауын пайдаланумен байланысты екенін растайтын қорытындысы қоса беріледі.
Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің өндірістік қызметін (технологиялық процесін) жер қойнауын пайдаланумен байланысты қызмет (технологиялық процесс) деп тану тәртібін кәсіпкерлік саласындағы индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Осы тармаққа сәйкес берілген пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензиялардың шарттары, осы Кодекстің тиісінше 191-бабында немесе 208-бабында көзделген шарттардан басқа, мыналарды көздеуі тиіс:
1) индустриялық-инновациялық қызмет субъектісінің индустриялық-инновациялық жобаны іске асыру бойынша міндеттемесі;
2) индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің өндірістік қызметінің (технологиялық процесінің) мұқтажы үшін басымдық тәртіппен өндірілген пайдалы қатты қазбаларды жеткізу бойынша міндеттемелер.
Жер қойнауын пайдаланушы осы тармақтың ережелеріне сәйкес берілген жер қойнауы учаскесіндегі тиісті индустриялық-инновациялық жоба бойынша өндірістік объектіні пайдалану басталғанға дейін пайдалы қазбаларды өндіруді бастауға құқылы емес.
Осы тармаққа сәйкес берілген барлауға немесе өндіруге арналған лицензия, осы тармақтың төртінші бөлігінде көзделген міндеттемелер орындалмаған жағдайда, осы Кодекстің тиісінше 200-бабына немесе 221-бабына сәйкес көзделген негіздерден басқа кезде қайтарып алынуы мүмкін.
8. Жер қойнауын пайдалану саласындағы ұлттық компаниялар осы Кодекстің 25-бабына сәйкес жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге жол берілмейтін аумақтарды қоспағанда, осы Кодекстің 70-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетілмеген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскелеріне қатысты өтінім беру арқылы пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензияны алуға құқылы деп белгіленсін. Бұл құқықты жер қойнауын пайдалану саласындағы ұлттық компаниялар Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен жер қойнауын пайдалану саласындағы ұлттық компаниялар қызметінің аражігін ажыратуды ескере отырып, осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл ішінде іске асыруы мүмкін.
9. 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін осы Кодекстің 72-бабының мақсаттары үшін пайдалы қатты қазбаларды өндіру кезінде ысырапты есепке алу жер қойнауын пайдаланушылар жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға өздері белгілеген тәртіппен беретін нормаланатын ысыраптар туралы деректер негізінде жүзеге асырылады деп белгіленсін. Нормаланатын ысыраптар туралы деректерге растайтын құжаттар қоса берілуге тиіс. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган нормаланатын ысыраптар туралы деректер берілгеннен кейін он бес жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланушыға нормаланатын ысыраптар мөлшері бойынша негізделген қарсылықтарын жіберуге құқылы. Осындай қарсылықтар көрсетілген мерзімде жіберілген жағдайда, нормаланатын ысыраптарды жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган ұқсас жобалар бойынша нормаланатын ысыраптар туралы қолда бар деректер негізінде не бұрын берілген мәліметтерге сүйене отырып, дербес өзі айқындайды.
10. 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін:
жер қойнауын пайдаланушылар пайдалы қатты қазбалардың қорларын санауды «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 121-бабында белгіленген тәртіппен жүзеге асыруға құқылы;
өтініш иелері осы Кодекстің 204-бабына сәйкес пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны алуға өтініш берген кезде құзыретті органға «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 121-бабында көзделген тәртіппен жасалған қорларын санау бойынша есепті ұсынуға құқылы деп белгіленсін.
Геологиялық барлау жұмыстары, минералдық ресурстар және минералдық қорлар нәтижелері туралы жария есептіліктің қазақстандық кодексіне (KAZRC кодексі) сәйкес құзыретті тұлға дайындаған және осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға ұсынылған пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын бағалау туралы есепте қамтылған ресурстар мен қорлар бойынша деректер 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін пайдалы қазбалардың мемлекеттік балансына мынадай тәртіппен енгізілуге жатады:
1) пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын бағалау туралы уәкілетті органға келіп түскен есеп күнтізбелік отыз күн ішінде қаралады;
2) уәкілетті орган осы тармақтың екінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген мерзім ішінде есепті қабылдау және қорларды пайдалы қазбалардың мемлекеттік балансына енгізу туралы немесе есепті уәжді қарсылықтармен оны қайтару туралы шешім қабылдауы тиіс;
3) егер уәкілетті орган осы тармақтың екінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген мерзім ішінде есепті уәжді қарсылықтармен қайтарса, пайдалы қатты қазбаларды (кең таралған пайдалы қазбаларды) өндіруге арналған лицензияны алуға өтініш иесі немесе жер қойнауын пайдаланушы оны пысықтауға не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті органның қарсылығына шағым жасауға құқылы;
4) егер пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын бағалау туралы есепте ресурстар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 121-бабына сәйкес бұрын бекітілген өнеркәсіптік санаттар қорларының жиырма бес пайызынан аса азайтылса, онда жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган осындай өзгерістердің негізділігін растауы тиіс.
Уәжді қарсылықты жою немесе оны даулау кезеңінде пайдалы қатты қазбаларды (кең таралған пайдалы қазбаларды) өндіруге арналған лицензияны беруге арналған өтінішті қарау мерзімі тоқтатыла тұрады. Бұл ретте жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның уәжді қарсылығын жою мерзімі алты айдан аспайды деп белгіленсін.
11. Осы Кодекстің 277-бабының 14-тармағы 16) тармақшасының мақсаттары үшін пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік балансын жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді деп белгіленсін.
12. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған пайдалы қатты қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарға тараптардың келісуі бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында немесе келісімшарттарында көзделген жағдайларда өзгерістер енгізілуі мүмкін.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты өзгерту туралы келісім осы баптың 13, 14, 16-тармақтарында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып осы тармақта белгіленген тәртіппен жасалады.
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы келісім жасасуға ниеті бар жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға (келісімшарт тарапы болып табылатын мемлекеттік органға) өтініш жібереді, онда келісімшартқа ұсынылып отырған өзгерістер, олардың негіздемелері және өтініш бойынша шешім қабылдау үшін қажетті өзге де мәліметтер баяндалуға тиіс. Өтінішке жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа толықтыру жобасы қоса беріледі.
Құзыретті орган (келісімшарт тарапы болып табылатын мемлекеттік орган) келіп түскен өтінішті бес жұмыс күнінен кешіктірмей осы Кодекстің 45-бабына сәйкес құрылатын жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сараптама комиссиясының қарауына шығарады. Сараптама комиссиясы өтініш келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күнінен аспайтын мерзімде оны қарайды және құзыретті органға (келісімшарт тарапы болып табылатын мемлекеттік органға) өз ұсынымдарын жібереді.
Құзыретті орган (келісімшарт тарапы болып табылатын мемлекеттік орган) сараптама комиссиясы ұсынымдарының негізінде сараптама комиссиясының ұсынымдары келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізуден бас тарту туралы немесе сараптама комиссиясының ұсынымдарын ескере отырып жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі келіссөздер бастау туралы шешім шығарады.
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі келіссөздерді құзыретті органның (келісімшарттың тарапы болып табылатын мемлекеттік органның) жұмыс тобы жүргізеді. Жұмыс тобы туралы ережені және оның құрамын құзыретті орган (келісімшарттың тарапы болып табылатын мемлекеттік орган) бекітеді.
Келіссөздер жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға (келісімшарттың тарапы болып табылатын мемлекеттік органға) толықтырудың жобасын және өзге де қажетті құжаттарды жұмыс тобының қарауына ұсынған күннен бастап екі айдың ішінде жүргізіледі. Бұл мерзім тараптардың келісуі бойынша ұзартылуы мүмкін.
Келіссөздер нәтижелері хаттамамен ресімделеді. Жұмыс тобы мақұлдаған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа өзгерістер мен толықтырулар жобасына құзыретті орган (келісімшарттың тарапы болып табылатын мемлекеттік орган) қол қояды. Егер жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа толықтырулар жобасы жер қойнауын пайдалануға келісімшарттың басты қаржылық-экономикалық көрсеткіштерін қозғаса, құзыретті орган (келісімшарттың тарапы болып табылатын мемлекеттік орган) жұмыс тобының шешімі бойынша көрсетілген жоба оған қол қойғанға дейін экономикалық сараптамаға жіберіледі. Экономикалық сараптама жүргізу тәртібін құзыретті органмен келісу бойынша бюджеттік жоспарлау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Келісімшартқа өзгерістердің шарттары жер қойнауын пайдалану құқығы берілген шарттарға қарағанда, Қазақстан Республикасы үшін пайдасы аз болмауы керек.
Осы тармаққа сәйкес келісімшарттың қолданылу мерзімін ұзартуды көздейтін көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа өзгерістер енгізуге жол берілмейді.
13. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың жұмыс бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет болған жағдайда, осы баптың 12-тармағына сәйкес жіберілетін өтінішке мыналар қоса беріледі:
1) құзыретті орган бекіткен нысан бойынша жасалған жұмыс бағдарламасының жобасы және оған түсіндірме жазба;
2) ұсынылатын өзгерістер мен толықтырулар қажеттілігінің жазбаша негіздемесі.
Құзыретті орган (келісімшарттың тарапы болып табылатын мемлекеттік орган) келісімшартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде келіссөздер жүргізу туралы шешім қабылдаған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттардан басқа, талап етілетін мемлекеттік сараптамалардың қорытындыларын қоса бере отырып, осы Кодекске сәйкес әзірленген жобалау құжаттарын және жою жоспарын (жобаны) жұмыс тобының қарауына ұсынуға тиіс. Уранды қоспағанда, пайдалы қатты қазбаларды, сондай-ақ кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға және (немесе) өндіруге арналған келісімшарттар бойынша жұмыс тобы мақұлдаған жұмыс бағдарламасының жобасы жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органмен (кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға және (немесе) өндіруге арналған келісімшарттар бойынша жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен) келісілуге тиіс.
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың жұмыс бағдарламасында пайдалы қазбаларды өндірудің ең төменгі және ең жоғары көрсеткіштері қамтылуы мүмкін. Жұмыс бағдарламасының мазмұны мен нысанын құзыретті орган айқындайды.
Осы тармақтың ережелері осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін үлгілік нысан бойынша жасалған пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған келісімшарттарға қолданылмайды.
14. Уранды қоспағанда, осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшартқа оның қолданылу мерзімін (бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт бойынша барлау кезеңін) ұзарту мақсатында өзгерістер енгізуге келісімшартта барлауы көзделген пайдалы қатты қазбалардың кен орны табылған жағдайда, осындай табуды бағалау үшін жол беріледі.
Уранды қоспағанда, осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған, пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшартқа оның қолданылу мерзімін (бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт бойынша барлау кезеңін) ұзарту мақсатында өзгерістер енгізуге мұндай ұзарту келісімшартта көзделген жағдайда жол беріледі.
Уранды қоспағанда, пайдалы қатты қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың мерзімін ұзарту туралы өтінішке, осы баптың 12 және 13-тармақтарында көрсетілген мәліметтерден басқа жұмыстар жүргізудің жазбаша негіздемесі мен ұзарту кезеңіндегі оларға арналған шығыстар қоса беріледі.
Уранды қоспағанда, пайдалы қатты қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың мерзімін ұзарту туралы өтінішке пайдалы қатты қазбалардың табылған кен орнын бағалау үшін осы тармақтың үшінші бөлігінде көрсетілген құжаттардан басқа, келісімшарттың шарттарында барлауы көзделген пайдалы қатты қазбалар кен орнының табылғанын растайтын мәліметтер (жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның бағалауды талап ететін кен орнының табылғаны туралы қорытындысы) және табылған бағалауды жүзеге асыру болжанатын жер қойнауы учаскесінің географиялық координаттары қоса беріледі.
Уранды қоспағанда, пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған келісімшарт (бірлескен барлауға немесе өндіруге арналған келісімшарт бойынша өндіру кезеңі) келісімшарттық аумақ шегінде орналасқан техногендік минералдық түзілімдерден пайдалы құрауыштарды айырып алу мүмкіндігін айқындау мақсатында бес жылдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
Келісімшарттың мерзімі осы тармақтың бесінші бөлігіне сәйкес ұзартылған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы осындай ұзарту мерзімі аяқталғанға дейін құзыретті органға келісімшартты техногендік минералдық түзілімдерден пайдалы құрауыштарды одан әрі алу үшін пайдалы қазбаларды өндіруге қажет мерзімге ұзарту туралы өтінішпен жүгінуге құқылы. Бұл жағдайда жер қойнауын пайдаланушы көрсетілген мақсаттар үшін пайдаланылмайтын келісімшарттық аумақтың бөлігінен (жер қойнауы учаскесінің бөлігінен) бас тартуға міндетті.
Уранды қоспағанда, табылған кен орнын бағалау үшін, пайдалы қатты қазбаларды барлауға (бірлескен барлауға немесе өндіруге) арналған келісімшарт табылған кен орнын бағалау бойынша жұмыстар жүргізу үшін қажет, тараптар келіссөздер нәтижелері бойынша айқындайтын, жұмыс бағдарламасында көзделген мерзімге ұзартылуы мүмкін.
Уранды қоспағанда, пайдалы қатты қазбаларды өндіруге (бірлескен барлау мен өндіруге) арналған келісімшарт өндіруге арналған келісімшарттың бастапқы мерзімінен (бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт бойынша өндірудің бастапқы кезеңінен) аспайтын, бірақ осы Кодексте белгіленген өндіруге арналған лицензияның барынша ұзақ мерзімінен аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін. Уранды қоспағанда, көрсетілген шектеулер ескеріле отырып, пайдалы қатты қазбаларды өндіруге (бірлескен барлау мен өндіруге) арналған келісімшартты ұзарту мерзімі жұмыс бағдарламасында көзделген өндіру бойынша жоспарланатын жұмыстар негізінде айқындалады.
Уранды қоспағанда, осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған ірі кен орны бар жер қойнауы учаскесінде, пайдалы қатты қазбаларды өндіруге (бірлескен барлау мен өндіруге) арналған келісімшарт он жылдан астам мерзімге ұзартылған жағдайда, құзыретті орган осындай ұзарту шарттарына жер қойнауын пайдаланушының мынадай міндеттемелерін енгізуді талап етуге құқылы:
1) өзінің немесе оның еншілес ұйымының немесе бірлескен кәсіпорынмен қайта өңдеу өндірістерін құруы;
2) жер қойнауын пайдаланушының жұмыс істеп тұрған өндіру өндірістерін жаңғырту не реконструкциялау;
3) жұмыс істеп тұрған қайта өңдеу өндірістерін жаңғырту не реконструкциялау;
4) өндірілетін пайдалы қазбаны Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан қайта өңдеу кәсіпорындарына (өндірістеріне) қайта өңдеу үшін беру;
5) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес инвестициялық жобаны немесе өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жобаны (өзінің немесе еншілес ұйымының немесе бірлескен кәсіпорынмен) іске асыруды қамтамасыз ету.
Жер қойнауын пайдаланушы осы тармақтың жетінші бөлігінде көрсетілген шарттарда келісімшартты ұзартудан бас тартқан жағдайда, келісімшарттың мерзімі өткен соң тиісті жер қойнауы учаскесі осы баптың 5-тармағында көзделген тәртіппен аукционға шығаруға жатады.
Уранды қоспағанда, осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған, шарттары жер қойнауын пайдаланушының осы Кодекстің қолданысқа енгізілу күніне осындай келісімшарттың мерзімін (бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт бойынша өндіру кезеңін) ұзартуға құқығы көзделмеген, пайдалы қатты қазбаларды өндіруге (бірлескен барлау мен өндіруге) арналған келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 201-бабына сәйкес пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны алуға айрықша құқыққа ие болады. Өндіруге арналған лицензияны алуға өтініш келісімшарттың қолданылу мерзімі өткенге дейін үш жылдан бұрын берілмеуі мүмкін. Егер өтінішті қарау кезеңінде келісімшарттың мерзімі өтіп кетсе, келісімшарт осындай қарау кезеңіне ұзартылды деп есептеледі.
Осы Кодекс күшіне енгенге дейін жасалған және бюджеттен тыс қаражат есебінен қаржыландырылатын жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге арналған келісімшарттың (шарттың) мерзімін ұзартуға, егер осындай келісімшарттың шарттарында өзгеше көзделмесе, жол берілмейді. Егер осы келісімшарттың шарттарымен оның мерзімін ұзарту мүмкіндігі көзделсе, мұндай ұзартуға бір жылдан аспайтын мерзімге жол беріледі. Осындай ұзарту кезінде осы Кодекстің 89-бабында көзделген жұмыстарды шектеу ережелері қолданылады.
15. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған және бюджеттен тыс қаражат есебінен қаржыландырылатын жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге арналған келісімшарт (шарт) бойынша тұлғаға берілген жер қойнауы учаскесіне арналған құқыққа осы Кодекстің 84-бабының 2-тармағында көзделген жер қойнауын пайдалану құқығы туралы ережелер қолданылады деп белгіленсін.
Осындай тұлға осы Кодекске сәйкес жер қойнауын пайдалану құқықтарына ие өзге тұлғаларға жер қойнауы учаскесін пайдалануға кедергі жасауға құқығы жоқ.
16. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша жер қойнауы учаскесінің шекараларын өзгерту келісімшартқа тиісті өзгерістер енгізу арқылы жүзеге асырылады.
Бұл жағдайда жер қойнауы учаскесінің кеңістіктік шекаралары координаттардың географиялық жүйесінде бұрыш нүктелерімен белгіленетін аумақпен және осындай аумақтың шекараларынан белгілі бір тереңдікке дейінгі шартты жазықтықтармен айқындалады.
Уранды қоспағанда, осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған келісімшарттар бойынша жер қойнауы учаскесінің аумағын кеңейтуге осы Кодекстің қолданысқа енгізілу күніне айқындалған жер қойнауы учаскесінің жартысынан аспайтын мөлшерінде жол беріледі.
17. Егер жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезіндегі әрекеттері ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін, Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін өзгертуге алып келсе, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құзыретті орган пайдалы қатты қазбалардың ірі кен орны бар жер қойнауы учаскесінде осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты біржақты тәртіппен тоқтатуға құқылы. Көрсетілген негіз бойынша келісімшарттың қолданылуы біржақты тоқтатылған жағдайда құзыретті орган бұл туралы жер қойнауын пайдаланушыны екі айдан кешіктірмей ескертуге міндетті.
18. Ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруге алып келген, осы Кодекстің 44-бабының 1-тармағында көзделген талаптар бұзылған жағдайда, осы Кодекске сәйкес құзыретті органның рұқсатын алу талап етілмейтін жағдайлардан басқа кезде, құзыретті орган осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған ірі кен орны немесе стратегиялық кен орны бар жер қойнауы учаскесінде пайдалы қатты қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты біржақты тәртіппен тоқтатады.
Көрсетілген талаптар бұзылған жағдайда бұзушылыққа дейін болған жағдайды қалпына келтіру арқылы, ал қалпына келтіру мүмкін болмаған кезде стратегиялық жер қойнауы учаскесімен байланысты объектілерді ауыстыру бойынша өзге де әрекеттерді құзыретті органның рұқсатымен жасау арқылы осы бұзушылық бір жылдан аспайтын мерзімде жойылуға жатады. Осы бөлікте көзделген мерзімдерде бұзушылық жойылған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы бұл туралы құзыретті органды жойылғанын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жазбаша хабардар етеді.
Белгіленген мерзімде бұзушылық жойылмаған жағдайда, құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушыға жазбаша хабарлама жіберу арқылы келісімшартты орындаудан біржақты тәртіппен бас тартады. Келісімшарт келісімшартты орындаудан біржақты бас тарту туралы хабарламаны жер қойнауын пайдаланушы алған күннен бастап үш айдан кейін тоқтатылады.
19. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған келісімшарт қолданысы тоқтатылған кезде жер қойнауын пайдалану салдарын жою бойынша міндеттемелерді орындау осы Кодексте көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операциялар салдарын жоюға кіріскен тұлғалар осы Кодексте көзделген тәртіппен және мерзімде жоюды аяқтауды қамтамасыз етуге міндетті.
20. 2004 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған көмірсутектер саласындағы жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт шеңберінде, бір бөлігі Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тұтқырлығы жоғары, су басқан, дебиті аз немесе игерілген кен орындарының тізбесіне енгізілген көмірсутектердің бірнеше кен орындарында өндіруді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар құзыретті органға осындай кен орындарына қатысты өндіруге арналған жеке келісімшарт жасасу туралы өтініш жасауға құқылы. Мұндай келісімшарт бастапқы келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін қалған мерзімге жасалуы мүмкін.
2004 жылғы 1 қаңтардан бастап және осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған көмірсутектер саласындағы жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт шеңберінде, бір бөлігі Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тұтқырлығы жоғары, су басқан, рентабельдігі төмен, дебиті аз немесе игерілген кен орындарының тізбесіне енгізілген көмірсутектердің бірнеше кен орындарында өндіруді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар құзыретті органға осындай кен орнына (кен орындарына) қатысты өндіруге арналған жеке келісімшарт жасасу туралы өтініш жасауға құқылы. Мұндай келісімшарт бастапқы келісімшарт аяқталғанға дейін қалған мерзімге жасалуы мүмкін.
21. Жер қойнауын пайдаланушылар мемлекеттік органдарға барланған пайдалы қазба қорларының рентабельділігі туралы қорытынды алу мақсатында ұсынған, жүргізілген геологиялық барлау жұмыстары туралы түпкілікті есептер осы Кодекстің 277-бабы 11-тармағының ережелері ескеріле отырып, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 121-бабының ережелеріне сәйкес қаралуға жатады.