15. Бір тақтайша көтерілген жағдайда, аукционшы өз тақтайшасын көтерген аукционға қатысушының тіркеу нөмірін атайды. Бірнеше тақтайша көтерілген жағдайда, аукционшы өз тақтайшасын бірінші болып көтерген аукционға қатысушының тіркеу нөмірін атайды.
16. Аукцион қадамдарын өткізу ведомосына аукционшы атаған аукционға қатысушының нөмірі ғана енгізіледі.
17. Қол қою бонусы мөлшерінің әрбір кейінгі мәнін аукционшы ағымдағы мәнді аукцион қадамына ұлғайту арқылы белгілейді.».
5. Осы Кодекстің 140-бабының 5 және 6-тармақтары 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«5. Орталық комиссия базалық жобалау құжатын немесе әзірлеуді талдауды алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде оларды тәуелсіз сараптама жүргізу үшін өзі айқындайтын сарапшыға (сарапшыларға) жібереді.».
6. 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін:
осы Кодекстің 141-бабының 3, 4 және 5-тармақтары мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«3. Геологиялық қорларды есептеу (жедел есептеу) жөніндегі есеп жер қойнауын зерттеу саласындағы уәкілетті орган бекітетін нормативтік-техникалық құжаттарға сәйкес жасалады.
4. Жер қойнауының мемлекеттік сараптамасын Қазақстан Республикасының көмірсутек қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссия (қорлар жөніндегі мемлекеттік комиссия) геология және жер қойнауын пайдалану саласында арнайы білімдері бар және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып жүзеге асырады.
5. Қорлар жөніндегі мемлекеттік комиссия қызметін ұйымдастыру, оның құрамы, жұмыс регламенті және іс-қағаздарын жүргізу жер қойнауын пайдалану саласындағы уәкілетті орган бекітетін Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы ережеде айқындалады.»;
осы Кодекстің 214-бабының 2-тармағы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«2. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру жер қойнауын пайдаланушы үшін коммерциялық қызығушылық тудыратын пайдалы қатты қазбалардың анықталған ресурстары мен қорлары бар жер қойнауы учаскесінде жүргізіледі.
Бұл ретте жер қойнауынан пайдалы қатты қазбаларды тек пайдалы қазбалардың мемлекеттік балансына енгізілген қорларынан ғана алуға жол беріледі.».
7. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін берілген және жасалған пайдалы қатты қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған рұқсаттар, лицензиялар және келісімшарттар бойынша қатынастарға 2019 жылғы 1 шілдеден бастап осы Кодекстің 196, 218-баптарында көзделген ережелер қолданылады деп белгіленсін.
8. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған, оның 249-бабында көрсетілген мақсаттар үшін жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша қатынастарға 2019 жылғы 1 шілдеден бастап осы Кодекстің 258-бабында көзделген ережелер қолданылады деп белгіленсін.
9. Осы Кодекс қолданысқа енгізілген күнге пайдаланудағы орналастыру объектілерінде жинап қойылған және пайдаланудағы жер қойнауы учаскесінің шегінен тыс жерде орналасқан тау-кен байыту және металлургия өндірісі қызметінің нәтижесінде пайда болған техногендік минералдық түзілімдер көрсетілген өндірістерге тиесілі болып табылады. Осындай техногендік минералдық түзілімдерге меншік құқығы Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес осы техногендік минералдық түзілімдерді орналастыру полигоны (полигонның бір бөлігі) жабылатын күнге дейін өндірістердің меншік иесінде болады.
10. Тау-кен өндіру және (немесе) тау-кен байыту өндірістерінің осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін, оның ішінде аумақтық шекараларын өзгерте отырып оларды реконструкциялау кезінде пайда болған техногендік минералдық түзілімдерді орналастыру және (немесе) пайдалану объектілеріне осы Кодекстің 249-бабында көрсетілген мақсаттар үшін жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны алу туралы талап, сондай-ақ осы Кодекстің 25-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген шектеулер қолданылмайды деп белгіленсін.
11. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын иеленушілердің, осы Кодекстің 201-бабының 1, 4 және 6-тармақтарына, 3-тармағының 7) тармақшасын қоспағанда, 204-бабына сәйкес өтініш беру арқылы келісімшарттық аумақ шегінде пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны алуға айрықша құқығы бар.
Өтініш иесіне осы тармаққа сәйкес берілген өтініш бойынша пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беруден бас тартуға осы Кодекстің 207-бабы 1-тармағының 9) тармақшасында және 5-тармағының екінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша жол беріледі.
Құзыретті орган пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беруден бас тартқан жағдайда өтініш иесі пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою үшін Кодексте көзделген тәртіппен жер қойнауын пайдалану салдарын жоюды жүзеге асыруға міндетті.
«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға арналған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын иеленушілердің, осы тармақта көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, осы Кодекстің 30-тарауының ережелеріне сәйкес өтініш беру арқылы келісімшарттық аумақ шегінде кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензияны алуға айрықша құқығы бар.
12. 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін:
1) осы Кодекстің 118-бабының 4-тармағындағы және 7-тармағының 2) тармақшасындағы, 119-бабы 10-тармағының 2) тармақшасындағы, 139-бабының 4-тармағындағы, 140-бабы 10-тармағының 6) және 7) тармақшаларындағы және 141-бабындағы «геологиялық қорлар», «геологиялық қорлардың», «геологиялық қорларға» деген сөздер тиісінше «қорлар», «қорлардың», «қорларға» деген сөздермен ауыстырылады;
2) осы Кодекстің 141-бабындағы «орталық комиссия» деген сөздер «мемлекеттік комиссия» деген сөздермен ауыстырылады деп белгіленсін;
3) осы Кодекстің 143-бабы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«143-бап. Жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттық міндеттемелеріне жатқызылатын көмірсутектерді барлау және өндіру жөніндегі жобалау құжаттарының көрсеткіштері
Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта жер қойнауын пайдаланушының міндеттемесі ретінде жобалау құжаттарының мынадай көрсеткіштерін орындау белгіленеді:
1) пайдалану ұңғымалары торшасының тығыздығы;
2) әрбір пайдалану объектісі бойынша өндіру және қысыммен айдау ұңғымаларының арақатынасы;
3) кенжатындар бойынша өтемақы коэффициенті;
4) қабаттық және кенжар қысымының қанық қысымға немесе конденсация қысымына қатынасы;
5) қабаттық қысымның кенжар қысымына қатынасы;
6) ұңғымалар бойынша газ факторының барынша жол берілетін шамасы;
7) көмірсутектерді өндіру көлемдері;
8) қабаттық қысымды арттыру үшін жұмыс агентін кері айдау көлемдері;
9) пайдалану ұңғымаларын іске қосу көрсеткіштері.
Бұл ретте осы тармақта көрсетілген көрсеткіштердің мәндері келісімшартқа кірмейді және жобалау құжаттарына сүйене отырып айқындалады.».
13. 2022 жылғы 1 қаңтарға дейін 131-баптың 1-тармағының төртінші және бесінші бөліктері, 179-баптың 1-тармағының үшінші және төртінші бөліктері және 213-баптың 1-тармағының үшінші және төртінші бөліктері мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«Жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша конкурсты ұйымдастырушы конкурс жеңімпазын айқындау кезінде конкурсқа қатысушылардың - жұмыс беретін және қызметтер көрсететін қазақстандық өндірушілердің конкурстық өтінімінің бағасын шартты түрде жиырма пайызға азайтады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту және халықтың көші-қоны туралы заңнамасына сәйкес корпоративішілік ауыстыру шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын басшылар, менеджерлер мен мамандар санын есепке алмағанда, жұмыскерлердің жалпы санының кемінде тоқсан бес пайызына Қазақстан Республикасы азаматтарын тартатын дара кәсіпкерлер және (немесе) заңды тұлғалар жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қазақстандық өндірушілері деп танылады.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту және халықтың көші-қоны туралы заңнамасына сәйкес корпоративішілік ауыстыру шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын шетелдік басшылардың, менеджерлер мен мамандардың саны әрбір тиісті санат бойынша басшылардың, менеджерлер мен мамандардың жалпы санының жиырма бес пайызынан көп болмауға тиіс.».
14. Осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» 2010 жылғы 24 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2010 ж., № 12, 60-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2012 ж., № 2, 11, 14-құжаттар; № 3, 21-құжат; № 4, 30-құжат; № 6, 46-құжат; № 8, 64-құжат; № 11, 80-құжат; № 15, 97-құжат; № 23-24, 125-құжат; 2013 ж., № 9, 51-құжат; № 14, 75-құжат; № 15, 81-құжат; 2014 ж., № 4-5, 24-құжат; № 7, 37-құжат; № 10, 52-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат; № 24, 145-құжат; 2015 ж., № 8, 45-құжат; № 11, 52, 57-құжаттар; № 19-II, 102-құжат; № 20-IV, 113-құжат; 2016 ж., № 2, 9-құжат; № 6, 45-құжат; № 7-II, 56-құжат; № 8-II, 71, 72-құжаттар; № 22, 116-құжат; 2017 ж., № 4, 7-құжат; № 14, 51, 54-құжаттар) күші жойылды деп танылсын, осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар және берілген лицензиялар бойынша туындаған, жер қойнауын пайдалану саласындағы тиісті қатынастарға мынадай:
1) 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылатын 1-баптың 29) тармақшасының;
2) 1-баптың 25), 90) тармақшаларының;
3) 10-баптың 7-тармағының;
4) 20-баптың 8), 15), 32-2) тармақшаларының;
5) 24-баптың;
6) 30-баптың;
7) 61-баптың 2-тармағы үшінші, төртінші және алтыншы бөліктерінің, 6-тармағының;
8) 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылатын 61-баптың 2-1-тармағының және 69-баптың 4-тармағының;
9) 68-баптың 1-тармағы екінші және үшінші бөліктерінің, 6-тармағының;
10) 69-баптың 3-тармағының екінші бөлігінің және 4-тармағының;
11) 70-баптың 2-тармағының;
12) 72-баптың 2, 3, 3-1, 6, 7, 7-1, 8, 9 және 11-тармақтарының;
13) 76-баптың 1-тармағы 12), 12-1) тармақшаларының;
14) көмірсутектер және уран өндіру бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарды қоспағанда, 77-баптың 6-тармағының;
15) 111-баптың 2-тармағының, сондай-ақ мынадай редакцияда қолданылатын 6 және 7-тармақтарының:
«6. Объектіні жоюға немесе консервациялауға байланысты жұмыстарды қаржыландыру тарату қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Тарату қорына аударымдарды жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген екінші деңгейдегі банктегі арнаулы депозиттік шотқа жүргізеді.
2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған және қолданылуы тоқтатылмаған, жер қойнауын пайдаланушы олар бойынша тарату қорына аударымдарды жүзеге асыра бастаған және оларды Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес 2009 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салықтық кезеңде шегерімге жатқызған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша көрсетілген аударымдар сомасы Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген екінші деңгейдегі банктегі арнаулы депозиттік шотқа орналастырылуға тиіс. Арнаулы депозиттік шотқа орналастырылуға жататын осы аударымдар сомасы жер қойнауын пайдаланушы осындай тарату қорының қаражаты есебінен кен орындарын әзірлеу салдарын жоюға пайдаланған сомаға азайтылады.
Бұл ретте тарату қорын пайдалануды жер қойнауын пайдаланушы құзыреттi органның, ал облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарымен жасалған келісімшарттар бойынша аталған органдардың рұқсатымен жүзеге асырады. Тарату қорын қалыптастыру тәртiбi, тарату қорына аударымдардың мөлшерi, осындай төлемдердiң кезеңділігі туралы шарттар келiсiмшартта белгiленедi.
7. Егер жер қойнауын пайдалану объектілерін жоюға арналған нақты шығындар тарату қорының мөлшерінен асып кетсе, жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану объектілерін жоюға қосымша қаржыландыруды жүзеге асыруға міндетті. Егер жоюға арналған нақты шығындар тарату қорының мөлшерінен аз болса, онда қалған ақша жер қойнауын пайдаланушыда қалады.»;
16) 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылатын 121 және 122-баптардың ережелері қосылмайды.
Бұл ретте осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға берілген рұқсаттар мен лицензияларға, сондай-ақ көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналып жасалған келісімшарттарға қатысты 111-баптың 6 және 7-тармақтары осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап отыз алты ай ішінде қолданыста болады.
278-бап. Өтпелі ережелер
1. Осы тарауда көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін берілген және жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған рұқсаттар, лицензиялар және келісімшарттар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы атқарушы органдарының олармен байланысты барлық актілері өз күшін сақтайды деп белгіленсін.
Жер қойнауын пайдалануға бұрын берілген лицензияларға қатысты лицензиялық органның - Қазақстан Республикасы Үкіметінің функциялары құзыретті органға жүктеледі.
Құзыретті орган, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары өздерімен жасалған келісімшарттар талаптарының сақталуына бақылауды жүзеге асырады.
2. Жерасты суларын өндіруге арналған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын иеленушілер осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап үш жыл ішінде Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес келісімшартта айқындалған жер қойнауы учаскесінің аумағы шекараларының шегінде арнайы су пайдалануға рұқсат алуға міндетті деп белгіленсін.
Жерасты суларын өндіруге арналған келісімшарт арнайы су пайдалануға рұқсат берілген күннен бастап не егер арнайы су пайдалануға рұқсат алынбаған болса, көрсетілген мерзім өткен соң тоқтатылады.
3. Осы Кодекс қолданысқа енгізілген күнге дейін болған пайдалы қатты қазбалар (кең таралған пайдалы қазбалар) бойынша жер пайдалану құқығына арналған конкурс жеңімпазы болған тұлғаға жер пайдалану құқығын беру, сондай-ақ оған қатысты құзыретті орган (облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы) тікелей келіссөздер нәтижесі бойынша не өткізілмеді деп танылған конкурс қорытындысы бойынша пайдалы қатты қазбалар (кең таралған пайдалы қазбалар) бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жасасу туралы шешім қабылдаған тұлғаға жер пайдалану құқығын беру осы Кодекс қолданысқа енгізілген күні қолданыста болған «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен және шарттарда құзыретті орган (облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы) келісімшарт жасасу арқылы жүзеге асырады деп белгіленсін.
4. Жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасы осы Кодекстің 70-бабының 3-тармағында көрсетілген мәліметтерден басқа қосымша мыналарды:
1) осы Кодекс қолданысқа енгізілген күнге дейін пайдалы қазбалардың мемлекеттік балансына енгізілген, кең таралған пайдалы қазбалар мен уранды қоспағанда, пайдалы қатты қазбалардың өнеркәсіптік санаттары қорларын қамтитын жер қойнауы учаскелерінің географиялық координаттарын;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қала құраушыларға жатқызылған заңды тұлға болып табылатын жер қойнауын пайдаланушы 2017 жылғы 31 желтоқсанға дейін жасаған пайдалы қатты қазбаларды өндіруге немесе бірлескен барлауға және өндіруге арналған келісімшарттың тау-кендік телім (өндіру учаскесі) шекараларының сыртқы периметрінен отыз шақырымнан аспайтын қашықтықта орналасқан сызықтардан құралған аумақтардың географиялық координаттарын қамтуы мүмкін деп белгіленсін.
Осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына енгізілген жер қойнауы учаскесінің аумағы екі жүз блоктан аспауға тиіс.
278-баптың 4-тармағының үшінші бөлігі ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілді
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген аумақтар тиісті жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына енгізіледі. Өтініш аумақтың географиялық координаттарын көрсете отырып және оны енгізу қажеттілігінің негіздемесін келтіре отырып құзыретті органға осы Кодекс алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін үш айдан кешіктірмей жазбаша нысанда беріледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген аумақтар шегінде пайдалы қатты қазбаларды барлау немесе өндіру жөніндегі операциялар жүргізу үшін жер қойнауы учаскелері құзыретті орган айқындайтын тәртіппен жүргізілетін аукцион негізінде пайдалануға беріледі. Аукцион құзыретті органның шешімі бойынша өткізіледі. Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген аумақтар бойынша құзыретті органның аукцион өткізу туралы шешімі жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша тиісті аумақтар жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына енгізілген жер қойнауын пайдаланушының ұсынысы бойынша қабылданады.
Жер қойнауын пайдалану құқығы аукционға шығарылатын жер қойнауы учаскесінің шекараларын жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган ұсынатын мәліметтердің негізінде пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Аукционды конкурстық комиссия өткізеді, оның құрамын құзыретті орган бекітеді. Конкурстық комиссия аукцион шарттарына жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті лицензия үшін осы Кодексте көзделген жыл сайынғы ең төмен шығыстар мөлшеріне неғұрлым жоғары талаптарды енгізуге құқылы. Осы Кодекстің 191 және 208-баптарында көзделген міндеттемелерден басқа жер қойнауын пайдалануға берілген лицензия жер қойнауын пайдаланушының қосымша міндеттемелерін және көрсетілген міндеттемелерді бұзғаны үшін лицензияны қайтарып алудың немесе тұрақсыздық айыбын төлеудің негіздерін қамтуы мүмкін.
Осы Кодекске сәйкес жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияны алуға үміттенетін тұлғалар үшін белгіленген талаптарға сай келетін өтініш иелері аукционға қатысуға жіберілуі мүмкін. Өтініш иесінің мұндай талаптарға сай келмеуі аукционға қатысуға жіберуден бас тарту үшін негіз болып табылады.
Аукционды өткізу туралы хабарландыру өткізілетін күніне дейін үш айдан ерте жарияланбауға тиіс. Аукционды өткізу, оның шарттары мен қорытындысы туралы хабарлама Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде жарияланады. Аукцион шарттарында қол қою бонусының бастапқы мөлшері көзделуге тиіс. Қол қою бонусының ең үлкен мөлшерін ұсынған қатысушы аукцион жеңімпазы болады. Аукцион қорытындысына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оның қатысушылары шағым жасауы мүмкін.
Аукцион мынадай:
1) аукционға қатысуға өтініштер болмаған;
2) аукционға қатысуға өтініш екеуден аз болған;
3) аукционға жіберілген тұлға екеуден аз болған жағдайларда өткізілмейді.
Егер аукцион осы тармақтың тоғызыншы бөлігінің 3) тармақшасында көзделген негіз бойынша өткізілмесе, жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия аукционға қатысуға жіберілген жалғыз тұлғаға беріледі.
Аукцион мынадай:
1) аукцион өткізетін күні аукционға тіркелген қатысушы екеуден аз болған;
2) аукцион өткізетін күні аукционға бірде бір қатысушы тіркелмеген жағдайларда өткізілмеген болып танылады.
Егер аукцион осы тармақтың он бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген негіз бойынша өткізілмеген деп танылса, жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия аукционның тіркелген қатысушысына беріледі.
Егер оның негізінде осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген аумақтың шегінде пайдалы қатты қазбаларды барлау немесе өндіру жөніндегі операциялар жүргізу үшін жер қойнауын пайдалану құқығы берілетін аукцион осы тармақтың тоғызыншы бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларда өткізілмесе немесе осы тармақтың он бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жағдайда өткізілмеген деп танылса, бұл аумақ осы тармақтың мақсаттары үшін жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасынан алып тастауға жатады. Мұндай жағдайда осындай аумақ шегінде пайдалы қатты қазбаларды барлау немесе өндіру жөніндегі операциялар жүргізу үшін жер қойнауын пайдалану құқығы осы баптың 5-тармағының ережелерін ескере отырып, осы Кодекстің 9-бөлімінде көзделген тәртіппен беріледі.
Жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына енгізілген аумақтар шегінде жер қойнауы учаскелері бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын берудің ерекше тәртібі осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларына сәйкес 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады.
5. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған, пайдалы қатты қазбалар бойынша өндіруге арналған келісімшартты (өндіру жөніндегі операциялар жүргізілген бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшартты) құзыретті орган мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда, өндіру жөніндегі операциялар жүргізілген жер қойнауы учаскесі осы тармақта белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы баптың 4-тармағында көзделген тәртіппен аукционға шығаруға жатады.
Жер қойнауы учаскесі жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған күннен бастап (құзыретті органның жер қойнауын пайдалану құқығын тоқтату туралы шешіміне шағым жасалған жағдайда, соттың шешімі күшіне енген күннен бастап) үш айдан кешіктірмей өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі аукционға шығаруға жатады. Аталған аукционды өткізу туралы хабарландыру мен аукционды өткізу күні арасындағы мерзім кемінде алты айды құрауға тиіс.
Егер пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия берілмесе, қолданысын тоқтатқан келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын иеленуші болып табылатын тұлға осы Кодексте көзделген тәртіппен жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар салдарын жоюға міндетті.
Аукционға шығарылған жер қойнауы учаскесіндегі пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия берілген жағдайда, қолданысын тоқтатқан келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын иеленуші болып табылатын тұлға жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар салдарын жою жөніндегі міндеттемеден босатылады. Осындай жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар салдарын жою бойынша міндеттемелер аукцион нәтижелері бойынша берілген пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны иеленушіге осы Кодекстің 219-бабына сәйкес өндіру салдарын жоюды қамтамасыз етуді ұсынғаннан кейін толық көлемде өтеді.
Қолданысын тоқтатқан келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын иеленуші болып табылатын тұлға келісімшарт тоқтатылған күннен бастап және пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия берілгенге дейінгі не жою жөніндегі жұмыстар басталғанға дейінгі кезеңде жер қойнауы учаскесінің аумағын қоршаған ортаның және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жай-күйде ұстап тұру жөніндегі шараларды қолдануға міндетті.
6. Жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасында құзыретті органның жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына алғаш рет енгізілетін және осы баптың 4 және 5-тармақтарында көрсетілген аумақтарға жатпайтын аумақтар шегінде пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияларды беруге өтініштерді қабылдауды бастау күні көзделуге тиіс деп белгіленсін. Көрсетілген күн жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасы бекітілген немесе оған тиісті өзгерістер енгізілген күннен бастап екі айдан ерте белгіленбейді.
Жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына алғаш рет енгізілетін аумақтар шегінде пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияларды қараудың және берудің мынадай ерекшеліктері белгіленсін:
1) қабылдау басталатын күннен бастап бір ай ішінде келіп түскен өтініштер осы Кодекстің 188-бабының 1, 2 және 3-тармақтарында көзделген ережелер ескерілмей қаралады және бірдей басымдығы бар деп есептеледі;
2) егер осы бөліктің 1) тармақшасында көзделген мерзім ішінде келіп түскен өтініштерді қарау нәтижесінде сол бір блок (блоктар) лицензияны беруден бас тарту туралы шешім қабылданбаған бірнеше өтініштерге енгізілгені анықталса, осы блок (блоктар) бойынша өтініш иелері арасында құзыретті орган айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде аукцион өткізіледі. Өтініш иесінің аукционға қатысудан бас тартуы немесе аукционға келмей қалуы тиісті блок бойынша оның өтінімін қабылдамауға негіз болып табылады.