2. Осы баптың бірінші бөлігінің ережелері адамның өміріне немесе денсаулығына қатер, экологиялық апат, қоғамдық қасірет немесе өзге де ауыр зардаптар қатерін төндіретін әрекет жасаған адамдарға қолданылмайды.
35-бап. Орынды тәуекел ету
1. Қоғамдық пайдалы мақсатқа қол жеткізу үшiн орынды тәуекел еткен ретте осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiру қылмыс болып табылмайды.
2. Егер аталған мақсатқа тәуекелмен байланыссыз iс-әрекетпен (әрекетсiздiкпен) қол жеткiзiлмейтiн болса және тәуекелге жол берген адам осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiрiлуiн болғызбау үшiн жеткiлiктi шаралар қолданса, тәуекел орынды деп танылады.
3. Егер тәуекел ету адамдардың өмiрiне немесе денсаулығына көрiнеу қатер төндiруге, экологиялық апатқа, қоғамдық күйзелiске немесе өзге де ауыр зардаптарға ұштасатын болса, тәуекел ету орынды деп танылмайды.
36-бап. Күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу
1. Егер күштеп мәжбүрлеудiң салдарынан адам өзiнiң iс-әрекетiне (әрекетсiздiгiне) ие бола алмаса, күштеп мәжбүрлеудiң нәтижесiнде осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiру қылмыс болып табылмайды.
2. Психикалық мәжбүрлеудiң нәтижесiнде, сондай-ақ күштеп мәжбүрлеудiң нәтижесiнде осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiргенi үшiн соның салдарынан адам өзiнiң iс-әрекетiне басшылық жасау мүмкiндiгiн сақтаған қылмыстық жауаптылық туралы мәселе осы Кодекстiң 34-бабының ережелерi ескерiле отырып шешiледi.
37-бап. Бұйрықты немесе өкiмдi орындау
1. Өзi үшiн мiндеттi бұйрықты немесе өкiмдi орындау жөнiнде iс-әрекет жасаған адамның осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiруi қылмыс болып табылмайды. Мұндай зиян келтiрiлгенi үшiн заңсыз бұйрық немесе өкiм берген адам қылмыстық жауапқа тартылады.
2. Көрiнеу заңсыз бұйрықты немесе өкiмдi орындағаны үшiн қасақана қылмыс жасаған адам жалпы негiздерде қылмыстық жауапқа тартылады. Көрiнеу заңсыз бұйрықты немесе өкiмдi орындамау қылмыстық жауаптылыққа ұшыратпайды.
3-бөлiм. Жаза
38-бап. Жаза ұғымы мен оның мақсаттары
1. Жаза дегенiмiз соттың үкімі бойынша тағайындалатын мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы. Жаза қылмыс жасауға кiнәлi деп танылған адамға қолданылады және ол адамды құқықтары мен бостандықтарынан осы Кодекспен көзделген айыру немесе оларды шектеу болып табылады.
2. Жаза әлеуметтiк әдiлеттіліктi қалпына келтiру, сондай-ақ сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстар жасауынан сақтандыру мақсатында қолданылады. Жаза тән азабын шектiрудi немесе адамның қадiр-қасиетiн қорлауды мақсат етпейдi.
09.12.04 ж. № 10-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 39-бап өзгертілді
39-бап. Жазаның түрлерi
1. Қылмыс жасады деп танылған адамдарға мынадай негiзгi жазалар:
а) айыппұл салу;
б) белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру;
в) қоғамдық жұмыстарға тарту;
г) түзеу жұмыстары;
д) әскери қызмет бойынша шектеу;
е) бас бостандығын шектеу;
ж) абақтыда ұстау;
з) 2009.10.07. № 177-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
и) бас бостандығынан айыру;
к) өлiм жазасы қолданылуы мүмкiн.
2. Сотталғандарға негiзгi жазалардан басқа мынадай қосымша жазалар:
а) арнаулы, әскери немесе құрметтi атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік наградаларынан айыру;
б) мүлкiн тәркiлеу қолданылуы мүмкiн.
3. Айыппұл салу және белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру және қоғамдық жұмыстарға тарту жазалаудың негiзгi де, қосымша да түрлерi ретiнде қолданылуы мүмкiн.
2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 40-бап өзгертілді
40-бап. Айыппұл
1. Айыппұл осы Кодексте көзделген шекте, заңмен белгiленген және жаза тағайындау сәтiне қолданылып жүрген айлық есептiк көрсеткiштiң белгiлi бiр мөлшерiне сәйкес келетiн мөлшерде тағайындалатын ақша өндiрiп алу.
2. Айыппұл Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң жиырма бестен жиырма мыңға дейiнгi шегiнде тағайындалады. Айыппұлдың мөлшерiн жасалған қылмыстың ауырлығы мен сотталған адамның мүлiктiк жағдайын ескере отырып сот белгiлейдi.
3. Айыппұл жазалаудың қосымша түрi ретiнде осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi баптарында көзделген жағдайларда ғана тағайындалуы мүмкiн.
4. Жазалаудың негізгі түрі ретінде тағайындалған айыппұлды төлеуден жалтарған жағдайда, ол осы Кодекстің 42, 43-баптарында көзделген қағидалар сақтала отырып, айлық есептік көрсеткіштің үш еселенген мөлшеріне сәйкес келетін айыппұл сомасы үшін тиісінше бір ай түзеу жұмыстарына немесе сексен сағат қоғамдық жұмыстарға тарту есебінен қоғамдық жұмыстарға, түзеу жұмыстарына тартумен ауыстырылады.
25.09.03 ж. № 484-II (бұр. ред. қара); 2005.08.07 № 67-III (бұр. ред. қара); 2009.10.07. № 177-IV (бұр.ред.қара); 2009.10.12. № 228-IV (бұр.ред.қара); 2010.23.11. № 354-IV (бұр.ред.қара) Заңдарымен 41-бап өзгертілді; 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.29.11. № 502-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 41-бап өзгертілді
41-бап. Белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру
1. Белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру мемлекеттік қызметте, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында белгiлi бiр лауазымды атқаруға, не белгiлi бiр кәсiптiк немесе өзге де қызметпен айналысуға тыйым салудан тұрады.
2. Белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазаның негізгі түрі ретінде бір жылдан бес жылға дейінгі мерзімге және жазаның қосымша түрі ретінде алты айдан үш жылға дейінгі мерзімге белгіленеді.
Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы педагогтің не оларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттер заңмен жүктелген өзге де адамның осы Кодекстің 120-бабының үшінші бөлігінің д) тармағында және төртінші бөлігінде, 121-бабының үшінші бөлігінің г) тармағында және төртінші бөлігінде, 122-бабының екінші және үшінші бөліктерінде, 124-бабының екінші және үшінші бөліктерінде көзделген қылмыстарды жасағаны үшін жазаның қосымша түрі ретінде белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге белгіленеді.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазаның негізгі түрі ретінде үш жылдан он жылға дейінгі мерзімге және жазаның қосымша түрі ретінде бір жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге белгіленеді.
3. Белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан қосымша жаза ретiнде айыру, егер сот жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауiптілік дәрежесiн және кiнәлi адамның жеке басын ескере отырып, оның белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығының сақталуы мүмкiн емес деп таныса, ол осы Кодекстiң Ерекше бөлiміндегі тиiстi бапта көзделмеген жағдайда да тағайындалуы мүмкiн.
4. Бұл жазаны бас бостандығынан айыруға қосымша жаза ретiнде тағайындау кезiнде ол жазалаудың аталған негiзгi түрлерiн өтеудiң барлық уақытына қолданылады, бiрақ бұл орайда оның мерзiмi олардың өтелген сәтiнен бастап есептеледi. Жазалаудың басқа негiзгi түрлерiне қосымша жаза түрi ретiнде белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру тағайындалған жағдайда, сондай-ақ шартты түрде сотталған кезде оның мерзiмi үкiм заңды күшiне енген сәттен бастап есептеледi.
Ескертулер.
1. 2007.21.07. № 308-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2. Осы Кодекстiң 164, 168-171, 233-1, 233-3, 233-4, 236-баптарында, 337-бабының екiншi және үшінші бөлiктерiнде, 337-1-бабында көзделген қылмыстар экстремизмнің белгiлерi бар қылмыстар деп танылады.
05.05.00 ж. № 47-II; 21.12.02 ж. № 363-II (бұр.ред. қара); 2009.10.12. № 228-IV (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарына сәйкес 42-бап өзгертілді; 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 42-бап өзгертілді
42-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту
1. Қоғамдық жұмыстар сотталған адамның негiзгi жұмыстан немесе оқудан бос уақытта тегiн қоғамдық пайдалы жұмыстарды орындауынан тұрады, олардың түрлері жергілікті атқарушы органдардың немесе жергілікті өзін-өзі басқару органдарының актілерімен белгіленеді.
2. Қоғамдық жұмыстар алпыс сағаттан екi жүз қырық сағатқа дейiн белгiленедi және күнiне төрт сағаттан аспайтын, егер сотталғанның тұрақты жұмыс орны болмаса немесе оқумен айналыспаса - күніне сегіз сағатқа дейінгі, бірақ аптасына 40 сағаттан көп емес уақытта өтеледi. Қоғамдық жұмыстардан әдейi жалтарған жағдайда олар осы Кодекстiң тиiсiнше 45 және 48-баптарында көзделген мерзiмдер шегiнде бас бостандығын шектеумен немесе бас бостандығынан айырумен ауыстырылады. Бұл орайда сотталған адамның қоғамдық жұмыстарды өтеген уақытын есептеген кезде, бас бостандығын шектеудің немесе бас бостандығынан айырудың бiр күнi қоғамдық жұмыстардың төрт сағатына есептеледi.
3. Әскери қызметшiлерге, елу сегіз жастан асқан әйелдер мен алпыс үш жастан асқан еркектерге, жүктi әйелдерге, үш жасқа дейiнгi балалары бар әйелдерге, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектерге қоғамдық жұмысқа тарту тағайындалмайды.
2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен 43-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
43-бап. Түзеу жұмыстары
1. Түзеу жұмыстары екi айдан екi жылға дейiн мерзiмге белгiленедi және сотталған адамның жұмыс орны бойынша өтеледi.
2. Түзеу жұмыстарына сотталған адамның табысынан соттың үкімімен белгiленген мөлшерде, бес проценттен жиырма процентке дейiнгi шекте мемлекеттiң кiрiсiне ұстап қалу жүргiзiледi.
3. Еңбекке жарамсыз деп танылған, тұрақты жұмысы жоқ немесе оқу орнында өндiрiстен қол үзiп оқитын адамдарға түзеу жұмыстарын тағайындауға болмайды. Мұндай адамдарға, егер осы Кодекстiң Ерекше бөлiміндегі тиiстi баптың санкциясымен айыппұл түрiнде жаза көзделмеген болса, бiр ай түзеу жұмысы үшiн заңмен белгiленген бiр айлық есептi көрсеткiшке тең айыппұл сомасының есебiнен сот түзеу жұмыстарының орнына айыппұл тағайындауы мүмкiн. Егер аталған мән-жайлар жазаны өтеу кезiнде пайда болса, сот түзеу жұмыстарын айыппұл салумен де ауыстыра алады.
4. Түзеу жұмыстарына сотталған адам жазасын өтеуден әдейi жалтарған жағдайда сот түзеу жұмыстарының өтелмеген мерзiмiн нақ сол мерзiмге бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түрiнде жазалауға ауыстыра алады.
44-бап. Әскери қызмет бойынша шектеу
1. Келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткерiп жүрген, сотталған әскери қызметшiлерге, сондай-ақ шақыру бойынша әскери қызметiн өтеп жүрген офицерлерге осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi баптарында көзделген жағдайларда әскери қызметке қарсы қылмыс жасағаны үшiн, сондай-ақ келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткерiп жүрген, сотталған әскери қызметшiлерге осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi баптарында көзделген түзеу жұмысының орнына үш айдан екi жылға дейiнгi мерзiмге әскери қызмет бойынша шектеу тағайындалады.
2. Әскери қызмет бойынша шектеуге сотталған адамның үлес қаражатынан соттың үкімімен белгiленген, бiрақ жиырма проценттен аспайтын мөлшерде мемлекеттiң кiрiсiне ақша ұсталып қалады. Осы жазаны өтеу уақытында сотталған адамның лауазымын, әскери атағын көтеруге болмайды, ал жаза мерзiмi кезектi әскери атақ беру үшiн еңбек сiңiрген жылдар мерзiмiне есептелмейдi.
21.12.02 ж. № 363-II ҚР Заңымен 45-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 45-бап өзгертілді
45-бап. Бас бостандығын шектеу
1. Бас бостандығын шектеу соттың сотталған адамға оның бас бостандығын шектейтін белгілі бір міндеттер жүктеуінен тұрады және қоғамнан оқшауламай бір жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге мамандандырылған органның қадағалауымен оның тұрғылықты жері бойынша өтеледі. Өзге жаза (қоғамдық жұмыстарға немесе түзеу жұмыстарына тарту) бас бостандығын шектеуге ауыстырылған жағдайда, ол бір жылға жетпейтін мерзімге тағайындалуы мүмкін.
Сот бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындай отырып, сотталған адамға: мамандандырылған органға хабарламай түрақты түратын, жұмыс істейтін және оқитын жерін өзгертпеу, мамандандырылған органның рұқсатынсыз белгілі бір жерлерге бармау, оқудан және жұмыстан бос уақытта тұрғылықты жерінен кетпеу, басқа да жерлерге бармау міндеттерін орындауды жүктейді. Сот, бас бостандығын шектеуге сотталған адамға оның түзелуіне ықпал ететін басқа да міндеттерді орындауды: алкогольге салынудан, нашақорлықтан, уытқұмарлықтан, жыныс жолдары арқылы жүғатын аурулардан емделу курсынан өтуді, отбасын материалдық қолдауды жүзеге асыруды жүктей алады.
2. Бас бостандығын шектеуге сотталған адам жазаны өтеуден қасақана жалтарған жағдайда сот бас бостандығын шектеудің өтелмеген мерзімін нақ сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазамен ауыстыра алады. Бүл ретте бас бостандығын шектеуді өтеу уақыты бас бостандығын шектеудің бір күні үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебінен бас бостандығынан айыру мерзіміне есептеледі.
«Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексiн күшiне енгізу туралы» ҚР 1997.16.07. № 168-1 Заңын қараңыз
3. Бас бостандығын шектеу ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандығы бар адамдарға, әскери қызметшілерге, сондай-ақ түрақты түратын жері жоқ адамдарға қолданылмайды.
4. Бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу кезеңінде сот сотталған адамның мінез-қүлқын қадағалауды жүзеге асыратын органның үсынысы бойынша сотталған адамға бүрын белгіленген міндеттердің күшін толық немесе ішінара жоя алады.
09.12.04 ж. № 10-III ҚР Заңымен 46-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен 46-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
46-бап. Абақтыда ұстау
1. Абақтыда ұстау сотталған әскери қызметшіні тағайындалған жазаның барлық мерзімінде қоғамнан қатаң оқшаулау жағдайында ұстауды білдіреді.
2. Абақтыда ұстау бір айдан үш айға дейінгі мерзімге белгіленеді.
47-бап. 2009.10.07. № 177-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
05.05.00 ж. № 47-II ҚР Заңымен; 09.12.04 ж. № 10-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2008.27.06 № 50-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.10.07 № 175-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 48-бап өзгертілді
48-бап. Бас бостандығынан айыру
1. Бас бостандығынан айыру сотталушыны колония-қонысқа жiберу, жалпы, қатаң, ерекше режимдегi түзеу колониясына немесе түрмеге отырғызу жолымен оқшаулаудан тұрады.
2. Үкiм шығару кезiнде он сегiз жасқа толмай бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар жалпы немесе күшейтiлген режимдегi тәрбиелеу колонияларына орналастырылады.
3. Осы Кодексте көзделген қылмыстарды жасағаны үшiн бас бостандығынан айыру алты айдан он бес жылға дейiн, ал аса ауыр қылмыстар үшiн жиырма жылға дейiнгi мерзiмге не өмiр бойына белгiленедi. Абайсызда жасалған қылмыс үшiн бас бостандығынан айыру он жылдан аспауға тиiс. Қоғамдық жұмыстарға тартуды, түзеу жұмыстарын немесе бас бостандығын шектеудi бас бостандығынан айырумен ауыстырған жағдайда ол алты айға жетпейтiн мерзiмге тағайындалуы мүмкiн. Қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау кезiнде бас бостандығынан айыру мерзiмдерiн iшiнара немесе толық қосқан жағдайда бас бостандығынан айырудың ең жоғары мерзiмi осы Кодекстiң 49-бабының үшiншi бөлiгiнде, 69-бабының бесiншi бөлiгiнде және 75-бабының төртiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда жиырма бес жылдан, ал үкiмдердiң жиынтығы бойынша отыз жылдан артық болмауға тиiс.
4. Өмір бойы бас бостандығынан айыру аса ауыр қылмыс жасағаны үшін, сондай-ақ өлім жазасына балама ретінде белгіленуі мүмкін. Өмір бойы бас бостандығынан айыру әйелдерге, сондай-ақ он сегіз жасқа толмай қылмыс жасаған адамдарға және үкім шығару кезінде алпыс бес жасқа толған еркектерге тағайындалмайды.
«Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексiн күшiне енгізу туралы» ҚР 1997.16.07. № 168-1 Заңын қараңыз
5. Бас бостандығынан айыру:
а) абайсызда жасаған қылмыстар үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған, сондай-ақ қасақана қылмыс жасағаны үшін бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жаза тағайындалған, алғаш рет сотталған адамдарға - колония-қоныстарға;
б) қасақана кiшiгiрiм немесе ауырлығы орташа және ауыр қылмыс жасағаны үшiн бір жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыруға тұңғыш рет сотталған адамдарға және қоғамдық жұмыстарға, түзеу жұмыстарына тарту немесе бас бостандығын шектеу алты ай мерзiмге бас бостандығынан айыруға ауыстырылған адамдарға - жалпы режимдегi түзеу колонияларына;
в) аса ауыр қылмыстар жасағаны үшiн бас бостандығынан айыруға тұңғыш рет сотталған адамдарға, сондай-ақ сотталған адам бұрын бас бостандығынан айыру жазасын өтеген болса, қылмыстардың қайталануы кезiнде және қылмыстардың аса қауiптi қайталануы кезiнде әйелдерге қатаң режимдегi түзеу колонияларына;
г) қылмыстардың аса қауiптi қайталануы кезiнде, сондай-ақ өмiр бойына бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға - ерекше режимдегi түзеу колонияларына тағайындалады.
6. Аса ауыр қылмыс жасағаны үшiн бес жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға, сондай-ақ қылмыстардың аса қауiптi қайталануы кезiнде жаза мерзiмiнiң бiр бөлiгiн түрмеде өтеу түрiнде, бiрақ бес жылдан аспайтын мерзімге тағайындалуы мүмкiн.
7. Үкiммен тағайындалған түзеу мекемесiнiң нысанын өзгертудi Қазақстан Республикасының құқықтық-атқарушылық заңдарына сәйкес сот жүргiзедi.
«Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға түзеу мекемелерінің түрлерін тағайындау жөніндегі сот практикасы туралы» ҚР Жоғарғы сотының 2006.23.06. № 7 Нормативтік қаулысын, «Бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» ҚР Жоғарғы Сотының 2001.19.10. № 15 нормативтік қаулысын қараңыз
10.03.04 ж. № 529-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.10.07 № 175-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 49-бап өзгертілді
49-бап. Өлiм жазасы
1. Өлім жазасы - ату жазасы адамдардың қаза болуына ұштасқан террористік қылмыстар үшін, сондай-ақ соғыс уақытында жасалған аса ауыр қылмыстар үшін ең ауыр жаза ретінде белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамға кешірім жасау туралы өтініш ету құқығы беріледі.
2. Өлiм жазасы әйелдерге, сондай-ақ он сегiз жасқа толмай қылмыс жасаған адамдарға және сот үкiм шығарған сәтте алпыс бес жасқа толған еркектерге тағайындалмайды.
3. Қазақстан Республикасының Президенті өлім жазасын орындауға мораторий енгізген кезде, өлім жазасы туралы үкімді орындау мораторий қолданылған уақытта тоқтатыла тұрады.
4. Өлiм жазасы туралы үкiм ерте дегенде ол күшiне енген сәттен бастап бiр жылдан кейiн, сондай-ақ өлім жазасын орындауға мораторийдің күші жойылғаннан соң ерте дегенде бір жыл өткеннен кейін орындалады.
5. Өлім жазасы кешірім жасау тәртібімен жазаны ерекше режимдегі түзеу колониясында өтеу арқылы өмір бойы бас бостандығынан айыруға немесе жиырма бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға ауыстырылуы мүмкін. Өлім жазасына кесілген адамдардың, өлім жазасын орындауға мораторийдің күші жойылған жағдайда, олардың мораторий енгізілгенге дейін өтініш бергеніне немесе бермегеніне қарамастан, кешірім жасау туралы өтініш беруге құқығы бар.
ҚР Жоғарғы Соты Нормативтік қаулысы, ҚР Жоғарғы Сотының 2001.19.10. № 15 нормативтік қаулысын қараңыз
2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 50-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
50-бап. Арнаулы, әскери немесе құрметтi атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік наградаларынан айыру
1. Қасақана қылмыс жасағаны үшiн соттау кезiнде сот айыпкердiң жеке басын ескере отырып, оны құрметтi, әскери, арнаулы немесе өзге де атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, біліктілік сыныбынан айыра алады.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентi берген құрметтi, әскери, арнаулы немесе өзге де атағы, сыныптық шенi, дипломатиялық дәрежесi немесе біліктілік сыныбы бар адамды қасақана қылмыс жасағаны үшiн соттаған ретте сот үкiм шығарған кезде ол сотталған адамды осы наградалардан, атақтардан, біліктілік шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен немесе біліктілік сыныбынан айыру туралы Қазақстан Республикасының Президентiне ұсыныс енгізудiң орындылығы туралы мәселенi шешедi.
2007.21.07. № 308-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.29.11. № 502-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.10.06. № 206-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 51-бап өзгертілді
51-бап. Мүлiктi тәркiлеу
1. Мүлікті тәркілеу дегеніміз сотталған адамның меншігі болып табылатын мүліктің бәрін немесе бір бөлігін, сондай-ақ қылмыс жасау қаруы немесе құралы болып табылатын мүлікті мемлекеттің меншігіне мәжбүрлеп өтеусіз алу.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын және ұйымдасқан топтың, қылмыстық қоғамдастықтың (қылмыстық ұйымның), трансұлттық ұйымдасқан топтың, трансұлттық қылмыстық қоғамдастықтың (трансұлттық қылмыстық ұйымның) не тұрақты қарулы топтың (банданың) құрамында қылмыстар жасағаны үшін, сотталған адамның меншігінен басқа, қылмыстық жолмен алынған не қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған, сотталған адам басқа адамдардың меншігіне берген мүлік тәркілеуге жатады.
Осы Кодекстің 193-бабында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін, сотталған адамның меншігінен басқа, қылмыстық жолмен табылған не қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған, сотталған адам басқа тұлғалардың меншігіне берген мүлік те тәркіленуге жатады.
Террористік қылмыстар жасағаны үшін, сотталған адамның меншігінен басқа, қылмыстық жолмен табылған, террористік әрекетті қаржыландыруға пайдаланылған не пайдалануға арналған мүлік те тәркіленуге жатады.
2. Мүлiктi тәркiлеу пайдакүнемдiк ниетпен жасалған қылмыс үшiн белгiленедi және осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi баптарында көзделген жағдайларда ғана тағайындалуы мүмкiн.
3. Қылмыстық-атқарушы заңдарда көзделген тiзбеге сәйкес сотталған немесе оның асырауындағы адамдарға қажеттi мүлiк тәркiленбеуге тиiс.
«Қылмыстық жаза тағайындаған кезде соттардың заңдылықты сақтауы туралы» ҚР Жоғарғы Соты Нормативтік қаулысын, «Соттардың сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстар жөніндегі қылмыстық істерді қарау практикасы туралы» ҚР Жоғарғы Сотының 2001.13.12. № 18 нормативтік қаулысын қараңыз
4-бөлім. Жаза тағайындау
52-бап. Жаза тағайындаудың жалпы негiздерi
1. Қылмыс жасауға айыпты деп танылған адамға осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi бабында белгiленген шекте және осы Кодекстiң Жалпы бөлiмiнiң ережелерi ескерiле отырып, әдiл жаза тағайындалады.
2. Қылмыс жасаған адамға оның түзелуi және жаңа қылмыстардың алдын алу үшiн қажеттi және жеткiлiктi жаза тағайындалуға тиiс. Егер жасалған қылмыс үшiн көзделген жазаның онша қатаң емес түрi жазаның мақсатына жетудi қамтамасыз ете алмайтын болса ғана ол үшiн көзделгендерi арасынан неғұрлым қатаң жаза тағайындалады. Жасалған қылмыс үшiн осы Кодекстiң Ерекше бөлiміндегі тиiстi баптарда көзделгеннен неғұрлым қатаң жаза осы Кодекстiң 58 және 60-баптарына сәйкес қылмыстардың жиынтығы бойынша немесе үкiмдердiң жиынтығы бойынша тағайындалуы мүмкiн. Жасалған қылмыс үшiн осы Кодекстiң Ерекше бөлiміндегі тиiстi баптарда көзделгеннен қатаңдығы төменiрек жаза тағайындау үшiн негiз осы Кодекстiң 55-бабында белгiленедi.
3. Жаза тағайындау кезiнде қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауiптілік дәрежесi айыпкердiң жеке басы, сонымен бiрге оның қылмыс жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар, сондай-ақ тағайындалған жазаны сотталған адамның түзелуiне және оның отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың тiршiлiк жағдайына ықпалы ескерiледi.
«Қылмыстық жаза тағайындаған кезде соттардың заңдылықты сақтауы туралы» ҚР Жоғарғы Сотының Нормативтік қаулысын, «Бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» ҚР Жоғарғы Сотының 2001.19.10. № 15 нормативтік қаулысын қараңыз
21.12.02 ж. № 363-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.17.07. № 187-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 53-бап өзгертілді