2) алушының Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кетуі туралы мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден мәліметтер түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады.
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушы болып табылатын Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен және кері қайтып келген адамға шығу елінде төлем алмаған жағдайда асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тоқтатылған күннен бастап, бірақ оны алуға жүгінудің алдындағы үш жылдан аспайтын уақытқа асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем қайта басталады.
Бұл ретте асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге кеткен кезде белгіленген мөлшерде қайта басталады. Егер кету кезеңінде асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді арттыру жүргізілсе, оның мөлшері осы арттыруларды ескере отырып белгіленеді.
Шығу елінде төлемдерді алған болса, Қазақстан Республикасындағы тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелген жағдайда асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем жүгінген күннен бастап, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге кету кезінде белгіленген мөлшерде қайта басталады;
3) алушының бас бостандығынан айыру түрінде сот тағайындаған қылмыстық жазаны өтеуі туралы мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден мәліметтер түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады. Бұл ретте асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем қорғаншы (қамқоршы) тағайындаған адамға тоқтатыла тұрған күннен бастап жүргізіледі;
4) шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжатының, қандас куәлігінің қолданылу мерзімінің өтуі туралы мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден мәліметтер түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады. Бұл ретте асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктің және азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжат, қандастың куәлігі берілген күннен бастап қайта басталады;
2023.04.07. № 15-VІІІ ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) алушыға және (немесе) асырауындағыларға қатысты хабарсыз кеткен адамды іздестіру жөніндегі жедел-іздестіру іс-шараларының жүргізілуін растайтын құжаттың немесе адамды хабарсыз кетті деп тану туралы сот шешімінің болуы туралы мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден мәліметтер түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады. Бұл ретте асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем хабарсыз кеткен адамды іздестіру жөніндегі жедел-іздестіру іс-шаралары тоқтатылған немесе адамды хабарсыз кетті деп тану туралы сот шешімінің күшін жою туралы сот актісі күшіне енген күннен бастап, бірақ тоқтатыла тұрған күннен кейін қайта басталады;
6) Алушының «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздер бойынша Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуы туралы мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден мәліметтер түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады. Бұл ретте асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжат берілген күннен бастап қайта басталады;
7) он сегіз жастан асқан алушыны (асырауындағы адамды) білім беру ұйымынан шығару туралы немесе оны сырттай оқу нысанына ауыстыру туралы мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден мәліметтер түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады. Бұл ретте асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында оқуды қайта бастаған күннен бастап қайта басталады;
8) алушының қайтыс болуы (оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімінің заңды күшіне енуі) туралы мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден мәліметтер түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады. Бұл ретте асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем қамқоршы (қорғаншы) тағайындаған адамға тоқтатыла тұрған күннен бастап жүргізіледі;
9) алушыны ата-ана құқықтарынан айыру немесе шектеу туралы, баланы асырап алу туралы шешімді жарамсыз деп тану немесе оның күшін жою туралы мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден мәліметтер түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады. Бұл ретте қамқоршы (қорғаншы) болып тағайындалған адамға асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тоқтатыла тұрған күннен бастап жүргізіледі. Ата-ана құқықтарын қалпына келтіру кезінде асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем ата-ана құқықтарын қалпына келтіру немесе шектеулердің күшін жою туралы сот шешімі күшіне енген күннен бастап қайта басталады;
10) Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасында белгіленген жағдайларда қамқоршыны (қорғаншыны) өз міндеттерін атқарудан босату немесе шеттету туралы мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден мәліметтер түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады. Бұл ретте асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем қамқоршы (қорғаншы) болып тағайындалған адамға немесе қамқоршы (қорғаншы) мәртебесі қалпына келтірілген адамға тоқтатыла тұрған күннен бастап жүргізіледі;
11) хабарсыз кетті деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған адамдардың жеке зейнетақы шоттарына әлеуметтік аударымдардың, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының келіп түсуі немесе азаматтың тірі болу фактісін растайтын ақпараттың келіп түсуі туралы мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден мәліметтер түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады. Бұл ретте, егер азаматтың тірі екені расталса, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тоқтатылады, расталмаған жағдайда - әлеуметтік төлем тоқтатыла тұрған күннен бастап қайта басталады;
12) өтініш берушінің асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнің мөлшерін негізсіз айқындауға алып келген анық емес мәліметтер бергені туралы мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден мәліметтер түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады. Бұл ретте асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тоқтатыла тұрған күннен бастап осы Кодекске сәйкес айқындалған мөлшерде қайта басталады.
2. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем күтім бойынша әлеуметтік төлем алу құқығы сақталған жағдайда асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді тоқтата тұруды туындатқан мән-жайлардың аяқталғанын растайтын, ақпараттық жүйелерден алынған құжаттардың және (немесе) мәліметтердің негізінде өтініш бойынша қайта басталады.
3. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем:
1) алушының асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындау туралы шешім қабылдауға негіз болған анық емес құжаттарды (мәліметтерді) ұсынуына байланысты тоқтатылады. Бұл ретте асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем оның тағайындалған күнінен бастап тоқтатылады;
2) алушының асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді тоқтатуға өтініш беруіне байланысты тоқтатылады. Бұл ретте асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем өтініш берілген айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатылады;
3) қайтыс болған (сот хабарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған жалғыз адамның қайтыс болуына байланысты тоқтатылады. Бұл ретте асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем қайтыс болған айды қоса алғанда жүзеге асырылады;
4) қайтыс болған (сот хабарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған адамның мүгедектігін белгілеу мерзімі аяқталған күннен бастап тоқтатылады;
5) медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесі қайтыс болған (сот хабарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған адамды еңбекке қабілетті деп тану туралы шешім шығарған жағдайда, ол еңбекке қабілетті деп танылған айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатылады.
17-тарау. АЗАМАТТАРДЫҢ КЕЙБІР САНАТТАРЫНА ЖЕРЛЕУГЕ АРНАЛҒАН БІРЖОЛҒЫ ТӨЛЕМДЕР
242-бап. Жерлеуге арналған біржолғы төлемдер
1. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алушы немесе мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды алушы қайтыс болған жағдайда оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған адамға республикалық бюджет қаражатынан республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 35 еселенген мөлшерінде жерлеуге арналған біржолғы төлем жүргізіледі.
Ұлы Отан соғысының ардагері болып табылатын жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алушы қайтыс болған жағдайда оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған адамға республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 36,6 еселенген мөлшерінде жерлеуге арналған біржолғы төлем жүргізіледі.
2. Егер жерлеуге арналған біржолғы төлем алуға өтініш зейнетақы немесе жәрдемақы алушы қайтыс болған күннен кейін үш жылдан кешіктірілмей берілсе, оның мөлшері алушы қайтыс болған кезде айқындалады.
3. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры оның отбасы мүшелеріне республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 94 еселенген мөлшері шегінде, бірақ қайтыс болған адамның жеке зейнетақы шотында бар қаражаттан аспайтын мөлшерде, қайтыс болған адамның зейнетақы жинақтары қаражаты есебінен жерлеуге арналған біржолғы төлем жүргізеді.
Егер жерлеуге арналған біржолғы төлем жүзеге асырылғаннан кейін қайтыс болған адамның жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының қалдығы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен зейнетақы мөлшерінен аспайтын соманы құраған жағдайда бұл қалдық жерлеуге арналған төлем ретінде қайтыс болған адамның отбасы мүшелеріне төленеді.
4. Сақтанушы қайтыс болған жағдайда сақтандыру ұйымы меншікті қаражаты есебінен отбасына не жерлеуді жүзеге асырған адамға зейнетақы аннуитеті шартында белгіленген мөлшерде, бірақ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің кемінде 35 еселенген мөлшерінде жерлеуге арналған біржолғы төлемді жүзеге асырады.
5. Республикалық бюджет қаражатынан жерлеуге арналған біржолғы төлемді тағайындау және жүзеге асыру тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
4-БӨЛІМ. ӘЛЕУМЕТТІК АУДАРЫМДАР ЖӘНЕ ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖАРНАЛАРЫ
18-тарау. ӘЛЕУМЕТТІК АУДАРЫМДАР
243-бап. Міндетті әлеуметтік сақтандыруға жататын адамдар
Міндетті әлеуметтік сақтандыруға:
1) жұмыскерлер, ақы төленетін өзге де жұмысы бар (сайланған, тағайындалған немесе бекітілген), оның ішінде Қазақстан Республикасындағы халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде, Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінде және консулдық мекемелерінде еңбек қызметін жүзеге асыратын адамдар;
2) дара кәсіпкерлер, оның ішінде шаруа және фермер қожалықтарының басшылары, сондай-ақ олардың он сегіз жасқа толған мүшелері;
3) жеке практикамен айналысатын адамдар;
4) тармақшаның қолданысы 2025 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды
4) нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салық агенттерімен жасасқан азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістер алатын, оның ішінде Қазақстан Республикасындағы халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде, Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінде және консулдық мекемелерінде жұмыс істейтін жеке тұлғалар (бұдан әрі - азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістер алатын жеке тұлғалар);
5) 2024 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)
6) осы Кодекске сәйкес жеке көмекшілер жатады.
Осы Кодекстің 207-бабында көзделген жасқа толған адамдар міндетті әлеуметтік сақтандыруға жатпайды.
Осы баптың күші қандастарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын және Қазақстан Республикасының аумағында кіріс алып келетін қызметті жүзеге асыратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең дәрежеде қолданылады.
244-бап. Әлеуметтік аударымдардың мөлшерлемесі
1. Төлеушілердің міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін және (немесе) өз пайдасына Қорға төлеуге жататын әлеуметтік аударымдар әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісінің 3,5 пайызы, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісінің 5 пайызы мөлшерінде белгіленеді.
2. 2024 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)
3. Бірыңғай төлем құрамында әлеуметтік аударымдарды төлеуді таңдаған салық агенттері үшін әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесі әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісінің 3,2 пайызы, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісінің 4,5 пайызы мөлшерінде белгіленеді.
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 776-3-бабының 1-тармағында белгіленген бірыңғай төлем мөлшерлемесіндегі әлеуметтік аударымдардың үлесі:
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап - 16,0 пайызды;
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - 14,9 пайызды;
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - 18,9 пайызды;
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 18,1 пайызды;
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап - 17,4 пайызды;
2028 жылғы 1 қаңтардан бастап - 17,1 пайызды құрайды.
245-бап. Әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі
1. Әлеуметтік аударымдар төленбейтін кірістерді қоспағанда, жұмыскерлер мен осы Кодекстің 243-бабының 1) тармақшасында көрсетілген адамдар үшін жұмыс берушінің еңбекке ақы төлеу ретінде кірістер түрінде төлейтін шығыстары әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі болып табылады.
Жұмыс берушінің шығыстарына әскери қызметшілердің, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ақшалай жабдықталымы енгізіледі.
Бұл ретте бір төлеушіден әлеуметтік аударымдарды есептеудің ай сайынғы объектісі республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен жалақының 7 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
Егер бір төлеушіден күнтізбелік ай үшін әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген жалақының ең төмен мөлшерінен аз болса, онда әлеуметтік аударымдар жалақының ең төмен мөлшері негізге алына отырып есептеледі, төленеді.
2. Осы Кодекстің 243-бабының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген адамдар үшін әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі мыналар:
өзі және шаруа немесе фермер қожалықтарының мүшелері үшін - Қорға әлеуметтік аударымдар төленбейтін кірістерін қоспағанда, өз пайдасына әлеуметтік аударымдарды есептеу мақсаттары үшін өздері дербес айқындайтын, өз пайдасына міндетті зейнетақы жарналарын аудару үшін айқындалатын кіріске тең, бірақ «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес салық салу мақсаттары үшін айқындалатын кірістен аспайтын алатын кірісінің сомасы болып табылады.
Бұл ретте айына әлеуметтік аударымдарды есептеу үшін алынатын кіріс республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен жалақының 7 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
Егер аталған адамдардың кірісі республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген жалақының ең төмен мөлшерінен аз болса, онда олар өз пайдасына республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген жалақының ең төмен мөлшерінен әлеуметтік аударымдарды төлейді;
жалдамалы жұмыскерлер үшін - осы баптың 1-тармағында белгіленген шектеулерді ескере отырып, Қорға әлеуметтік аударымдар төленбейтін кірістерді қоспағанда, жұмыскерге еңбекке ақы төлеу ретінде кірістер түрінде төленетін шығыстар болып табылады.
3-тармақтың қолданысы 2025 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды
3. Осы Кодекстің 243-бабының 4) тармақшасында көрсетілген адамдар үшін осы баптың 1-тармағында белгіленген шектеулерді ескере отырып, Қорға әлеуметтік аударымдар төленбейтін кірістерді қоспағанда, нысаналы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша алынатын кіріс сомасы әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі болып табылады.
4. 2024 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)
5. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 776-2-бабында айқындалған қызметкердің кірісі бірыңғай төлемді есептеу объектісі болып табылады.
Бірыңғай төлемнің құрамына кіретін әлеуметтік аударымдарды есептеу және төлеу бірыңғай төлем төлеушінің қаражаты есебінен жүргізіледі.
Бұл ретте бірыңғай төлемнен әлеуметтік аударымдарды есептеу үшін алынатын ай сайынғы кіріс республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен жалақының 7 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
6. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 319-бабының 2-тармағы 31) тармақшасының тоғызыншы абзацына сәйкес жергілікті атқарушы органдар және өзге де заңды тұлғалар осы Кодекстің 243-бабының 6) тармақшасында көрсетілген адамдарға төлейтін материалдық пайда олар үшін әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі болып табылады.
7. Қорға әлеуметтік аударымдар:
1) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 319-бабы 2-тармағының 3), 4) тармақшаларында және 31) тармақшасының тоғызыншы абзацында көрсетілген кірістерді қоспағанда, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 319-бабының 2-тармағында белгіленген;
2) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 341-бабы 1-тармағының 9), 10), 12), 14) тармақшаларында, 17) тармақшасының алтыншы абзацында, 21) және 50) тармақшаларында көрсетілген кірістерді қоспағанда, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 341-бабының 1-тармағында белгіленген;
3) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 484-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында белгіленген кірістерден төленбейді.
Осы тармақтың қолданысы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 89-1-тарауына сәйкес бірыңғай төлем есептелетін жұмыскерлердің кірісіне қолданылмайды.
246-бап. Әлеуметтік аударымдарды төлеу
1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, төлеуші Қорға әлеуметтік аударымдарды есепті айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей, әлеуметтік аударымдар төленетін айды көрсете отырып, уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен ай сайын есептейді және төлейді.
2. Патент негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) көзделген мерзімде патенттің құнын әр ай үшін бөлек төлеу үшін әлеуметтік аударымдарды төлейді.
3-тармақтың қолданысы 2025 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды
3. Салық агенттері азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістер алған жеке тұлғалар үшін әлеуметтік аударымдарды кіріс алған айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей төлейді.
4. 2024 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)
5. Салық агенттері «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 776-4-бабының 5-тармағында белгіленген мерзімде бірыңғай төлемнің құрамына кіретін әлеуметтік аударымдарды төлеуді жүргізеді. Бірыңғай төлемнің артық (қате) төленген және (немесе) бірыңғай төлемді уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдың сомаларын төлеу, аудару және бөлу, сондай-ақ қайтару тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен, сондай-ақ салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсімдерін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі, денсаулық сақтау саласындағы және ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органдармен келісу бойынша айқындайды.
6. Қолма-қол ақшасыз нысанда жүзеге асырылатын әлеуметтік аударымдарды төлеу күні - банктен немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымнан әлеуметтік аударымдар сомасына төлем тапсырмасының акцептін алған күн қолма-қол нысанда төлеушінің банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға әлеуметтік аударымдарды енгізген күн болып есептеледі.
7. Әлеуметтік аударымдар Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен төленеді.
8. Осы Кодекстің 256-бабы 1-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес есепке жазылған әлеуметтік аударымдардың және (немесе) өсімпұлдың толық және уақтылы төленуін бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асырады.
9. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар Мемлекеттік корпорацияға, Қорға жүгінген кезде олар әлеуметтік аударымдардың жай-күйі мен қозғалысы туралы ақпаратты уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен береді.
247-бап. Артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдарды және (немесе) әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлды қайтару
1. Төлеушінің артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдардың және (немесе) әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдың сомалары Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен және жағдайларда қайтарылуға жатады.
2. Мыналар:
1) Қорға міндетті түрде төленуге жататын әлеуметтік аударымдар мен өсімпұл сомалары;
2) осы Кодекстің 78-бабының 4-тармағына, 85-бабының 4-тармағына, 118-бабының 4-тармағына, 181-бабының 2-тармағына, 240-бабының 3-тармағына сәйкес әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу кезінде ескерілмеген, артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдардың сомаларын қоспағанда, әлеуметтік төлемді тағайындау үшін ескерілген кезең үшін есептелген артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдардың сомалары қайтарылуға жатпайды.
19-тарау. ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖАРНАЛАРЫ
248-бап. Міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын агенттер осы Кодексте айқындалатын мөлшерлемелер бойынша төлеуге тиіс.
2. Міндетті зейнетақы жарналарын:
1) жұмыскерлер, ақы төленетін өзге де жұмысы бар (сайланған, тағайындалған немесе бекітілген) адамдар, оның ішінде Қазақстан Республикасындағы халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде, Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелерінде жұмыс істейтін адамдар;
2) нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын, салық агенттерімен жасасқан азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістер алатын, оның ішінде Қазақстан Республикасындағы халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде, шет мемлекеттердің Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктерінде және консулдық мекемелерінде жұмыс істейтін адамдар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төлейді;
Агенттер міндетті зейнетақы жарналарын осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдардың кірістерінен осы Кодексте көзделген тәртіппен ұстайды және төлейді.
Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына есептеу, ұстап қалу (есепке жазу) және аудару және олар бойынша өндіріп алу тәртібі мен мерзімдерін уәкілетті мемлекеттік орган әзірлейді.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьялары, судьялар үшін қосымша белгіленген міндетті зейнетақы жарналарының сомаларын олар теріс себептермен лауазымынан босатылған жағдайда алып қою және бюджетке аудару қағидаларын уәкілетті мемлекеттік орган әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.