Егер қызметкер өзінің жазбаша түсініктемесінде өзінің тәртіптік теріс қылық жасау фактісімен келіспесе, онда құқық қорғау органы басшысының немесе уәкiлеттi басшының бұйрығымен қызметтік тергеу жүргізілуге тиіс.
2014.23.04. № 200-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту, атқаратын лауазымынан босату және қызметінен шығару түріндегі жаза жүргізілген қызметтік тексеру нәтижелері және тәртіптік комиссияның тиісті ұсынымдары бойынша қолданылады. Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту, атқаратын лауазымынан босату түріндегі жаза алқаның немесе құқық қорғау органы бірінші басшысы жанындағы жедел кеңестің шешімі негізінде де қолданылады.
Тәртіптік комиссияны құру және оның жұмыс істеу тәртібін құқық қорғау органының басшысы айқындайды.
5. Бірнеше қызметкер бірлесіп тәртіптік теріс қылық жасаған кезде жаза әр кінәліге жеке-жеке қолданылады.
6. Қызметтік тәртiптiң бұзылуының әрбiр жағдайы үшiн бір тәртіптік жаза ғана қолданылуы мүмкiн.
7. Жаза қолдану тәртіптік теріс қылық жасаған қызметкерді атқармағаны немесе тиісінше атқармағаны үшін тәртіптік жаза қолданылған міндетті атқарудан босатпайды.
8. Тәртiптiк жаза қолдану туралы бұйрық ол шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тәртіптік жазаға тартылған қызметкерге қолын қойдырып, жария етіледі.
9. Тәртiптiк жаза қолдану туралы бұйрықпен танысудан бас тарту құқық қорғау органының кадр бөлiмшесi жасайтын актiде ресiмделедi және арнайы журналда тiркеледi.
Қызметкерді тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықпен жеке таныстыруға мүмкіндік болмаған жағдайда, құқық қорғау органының кадр бөлімшесі тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтың көшірмесін қызметкерге хабарламалы хатпен жіберуге міндетті.
10. Тәртiптiк жаза тәртіптік терiс қылық мәлiм болған күннен бастап бiр айдан және тәртіптік теріс қылық жасалған күннен бастап алты айдан кешiктiрiлмей қолданылады.
Қызмет бабында қызметкер бағынатын адамға тәртіптік жаза қолдану құқығы берілгеніне не берілмегеніне қарамастан, тәртіптік теріс қылық жасалғаны туралы белгілі болған, бір айлық мерзім басталатын күн тәртіптік теріс қылық байқалған күн болып есептеледі.
2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен 11-тармақ жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
11. Қызметкерге қатысты қызметтік тергеп-тексеру не сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген немесе сот қараған әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған жағдайларда, кінәлінің ауырғанына байланысты жұмыста болмауы немесе демалыста, іссапарда болуы уақытын есептемегенде, тиісінше тергеп-тексеру аяқталған, қылмыстық істі немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы процестік шешім қабылданған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей тәртіптік жазалау қолданылады.
2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен 12-тармақ жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
12. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылған жағдайларда, бірақ қызметкердің әрекеттерінде тәртіптік теріс қылық, әкімшілік құқық бұзушылық белгілері болған кезде, жазалау сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық белгілері болған кезде үш айдан кешіктірілмей қолданылады.
13. Қызметкер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық не сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылық жасаған жағдайда, тәртіптік жаза тәртіптік теріс қылық жасалғаны мәлім болған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей қолданылады және тәртіптік теріс қылық жасалған күннен бастап бір жылдан кешіктіріп қолдануға болмайды.
14. Қызметкер еңбекке уақытша жарамсыз, демалыста немесе iссапарда болған кезеңде, сондай-ақ егер тәртіптік терiс қылық жасалған күннен бастап алты айдан астам уақыт өткен жағдайда, оған тәртiптiк жаза қолданылмайды.
15. Еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңi, демалыста, iссапарда болуы, егер жасалған тәртіптік терiс қылық туралы осы кезеңде немесе ол басталғанға дейiн белгiлi болса, жаза қолдану мерзімін тоқтата тұрады.
16. Қызметкер өзін тәртіптік жауапкершілікке тартумен байланысты барлық материалдармен танысуға құқылы.
17. Қызметкерге қолданылған тәртiптiк жазаның мерзiмi оның қолданылған күнiнен бастап алты айдан аспайды. Егер осы мерзiм iшiнде қызметкер жаңадан тәртiптiк жазаға тартылмаса, онда оның тәртiптiк жазасы жоқ деп есептеледi.
18. Егер қызметкерге, тікелей басшының құқықтары шегiнен шығатын жазалау шараларын қолдану қажет болса, онда ол бұл туралы жазалау шараларын қолдануға уәкілетті жоғары тұрған лауазымды адамға өтiнiш жасайды.
19. Жоғары тұрған басшының, егер бұрын жарияланған жаза жасалған тәртіптік терiс қылықтың ауырлығына сәйкес келмесе, төмен тұрған басшы қолданған тәртiптiк жазаны алып тастауға құқығы бар.
20. Тәртіптік жазалар қолдану жөнiнде өзiне берiлген құқықтарын асыра пайдаланған басшы бұл үшiн тәртiптiк жауапкершілiкке тартылады, ал жазалау шараларын қолдануға уәкілеттi адам жазалау туралы бұйрықтардың күшін жояды.
21. Қызметкер өзiне қолданылған тәртiптiк жазаға жоғары тұрған органға не сотқа шағымдануға құқылы.
58-бап. Қызметтік тергеу
2013.21.05. № 93-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Қызметтік тергеп-тексеру қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасауының себептерін, сипатын және мән-жайларын анықтау, осы Заңда көзделген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мән-жайлардың болуы немесе болмауын растау қажет болған кезде, оның ішінде қызметкерлердің жазбаша баянаты мен құқық қорғау және сот органдарының хабарламалары негізінде құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының шешімі бойынша жүргізіледі.
2. Қызметтік тергеу жүргізуге оның нәтижесіне тікелей немесе жанама мүдделі қызметкер қатыса алмайды. Мұндай жағдайда ол қызметтік тергеу жүргізу туралы шешім қабылдаған адамға, өзін осы тергеу жүргізуге қатысудан босату туралы жазбаша баянатпен жүгінуге міндетті. Осы аталған талаптар сақталмаған жағдайда, қызметтік тергеу нәтижелері заңсыз деп есептеледі.
3. Қызметтік тергеу жүргізу кезінде мынадай:
1) қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасау фактісін;
2) қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасауына ықпал еткен себептер мен жағдайларды;
3) қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасау нәтижесінде келтірген залалдың сипаты мен мөлшерін;
4) қызметкердің қызметін өткеруге кедергі келтіретін мән-жайлардың болу немесе болмауын объективті және жан-жақты анықтау шаралары қолданылуға тиіс.
4. Қызметтік тергеу оны жүргізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей аяқталуға тиіс. Аталған мерзімге қызметтік тергеу жүргізілетін қызметкердің демалыста, іссапарда немесе емделуде болған уақыты, сондай-ақ оның өзге де дәлелді себептермен қызметте болмаған уақыты есептелмейді.
5. Қызметтік тергеудің нәтижелері қызметтік тергеу жүргізу туралы шешім қабылдаған адамға жазбаша нысандағы қорытынды түрінде беріледі, ол оны тергеу аяқталған күннен бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірмей бекітеді.
6. Өзіне қатысты қызметтік тергеу жүргізілетін қызметкерден қызметтік тергеу жүргізудің мән-жайы бойынша түсініктеме талап етіп алынады.
2013.21.05. № 93-V ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Өзіне қатысты қызметтік тергеу жүргізілетін қызметкер:
1) жүргізілетін қызметтік тергеудің мәні бойынша жазбаша түсініктеме беруге;
2) өтініш айтуға, айғақтар және өзге де құжаттар ұсынуға;
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) қызметтік тергеу жүргізу туралы шешім қабылдаған құқық қорғау органының басшысына немесе уәкілетті басшысына қызметтік тергеу жүргізетін қызметкерлердің шешімдеріне және әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдануға;
4) егер ол мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді таратпау талаптарына қайшы келмесе, қызметтік тергеу аяқталғаннан кейін қорытындымен және басқа да материалдармен танысуға құқылы.
Қызметкер жазбаша түсініктеме беруден бас тартқан кезде тиісті акт жасалады.
8. Қызметтік тергеу нәтижелері бойынша қорытындыда:
1) қызметтік тергеу нәтижесі бойынша анықталған фактілер мен мән-жайлар;
2) қызметтік тергеу нәтижесі бойынша тұжырымдар мен ұсыныстар көрсетіледі.
2013.21.05. № 93-V ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9. Қызметтік тергеп-тексеру жүргізу кезінде қызметкердің әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайда, қызметтік тергеп-тексеру жүргізу туралы шешім қабылдаған құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшысы алынған материалдарды шешім қабылдау үшін тиісті құқық қорғау органдарына дереу беруге міндетті.
10. Қызметтік тергеу жүргізу тәртібі құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
2014.23.04. № 200-V ҚР Заңымен 8-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8-тарау. Қызметкерлердің атыс қаруын және өзге де қаруды, арнаулы құралдарды және дене күшін қолдануы
2014.23.04. № 200-V ҚР Заңымен 59-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
59-бап. Атыс қаруын және өзге де қаруды, арнаулы құралдарды және дене күшін қолданудың мақсаты
Атыс қаруы және өзге де қару, арнаулы құралдар және дене күші қоғамға қауiптi әрекеттерді тоқтату, құқық бұзушылықтардың сипаты мен нақты ахуалдарды ескере отырып, оларды жасаған адамдарды ұстау және құқық қорғау органдарына жеткізу мақсатында қолданылады.
60-бап. Арнаулы құралдар мен дене күшін қолдану
1. Қызметкерлердің дене күшін, оның ішінде жауынгерлік күрес тәсілдерін, сондай-ақ арнаулы құралдарды, оның iшiнде қол кiсендерiн, резина таяқтарды, көзден жас ағызатын заттарды, алаңдатып әсер ететін жарық-дыбыс құрылғыларын, үй-жайларды ашуға, көлiктi мәжбүрлеп тоқтатуға арналған құрылғыларды, суатқыштарды, қызметтік жануарларды, броньды машиналар мен тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметі айқындайтын басқа да арнаулы көлiк құралдарын:
1) жеке тұлғаларға, қызметкерлерге және қоғамдық тәртiптi қорғау, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл бойынша қызметтiк немесе қоғамдық борышын атқарып жүрген өзге де адамдарға жасалған шабуылды тойтару;
2) кепiлге алынған адамдарды босату, жаппай тәртiпсiздiктердің және қоғамдық тәртiптi топтасып бұзудың (қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұстаудың белгіленген режимін топтасып бұзушылықтарды), сондай-ақ сотталғандар, күдіктілер және айыпталушылар түзеу мекемелерінен және тергеу изоляторларынан қашқан кездегі немесе қашқандарды ұстау кезіндегі құқыққа қарсы әрекеттердің жолын кесу;
3) жеке тұлғаларға, ұйымдарға және мемлекеттік органдарға тиесiлi үйлерге, үй-жайларға, ғимараттарға, көлiк құралдарына, жер телімдерiне жасалған шабуылды тойтару, сол сияқты оларды басып алудан босату;
4) егер құқық бұзушылар (сотталғандар, күдіктілер, айыпталушылар және әкімшілік құқық бұзушылық жасағандар) қызметкерлерге, қоғамдық тәртiптi қорғау, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету бойынша өздерiне жүктелген мiндеттердi атқарып жүрген өзге де адамдарға бағынбаса немесе қарсылық көрсетсе, оларды құқық қорғау органдарына жеткізу үшін ұстау үшін, ұсталған, күзет қойылған адамдарды, сондай-ақ әкiмшiлiк қамауға алынған, сотталған, күдікті және айыпталушы адамдарды, не олардың қашып кетуi немесе айналадағыларға немесе өзiне зиян келтiруi мүмкiн деп санауға жеткілікті негiздемелер болса, сондай-ақ қызметкерлердiң өздерiне заңмен жүктелген мiндеттерді жүзеге асыруына қасақана кедергi келтiретiн адамдарға қатысты күзетпен апару және күзету;
5) қызметкердің өзін-өзі қорғау немесе өзінің отбасының мүшелерін қорғау мақсатында оған және (немесе) олардың денсаулығына немесе өміріне ауыр зиян келтірудің нақты қаупі төнген кезде шабуылды тойтару;
6) қажетті қорғаныс, аса қажеттік;
7) егер бұл құқық бұзушылықтың жолын кесу, құқық бұзушының жеке басын анықтау, сондай-ақ егер хаттама жасау мақсатында міндетті болса, оны сол орында жасау мүмкін болмаған кезде әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау міндетті болса, құқық бұзушыларды жеткізу үшін қолдануға құқығы бар.
2. Айналадағылардың өмiрi мен денсаулығына қауіп төндiретiн шабуыл, топтасқан шабуыл жасаған не қарулы қарсылық көрсеткен жағдайларды қоспағанда, әйелдерге, мүгедектiк белгiлерi анық білінiп тұрған адамдарға және жас балаларға қатысты арнаулы құралдар мен жауынгерлік күрес тәсілдерін қолдануға тыйым салынады.
2014.23.04. № 200-V ҚР Заңымен 61-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
61-бап. Атыс қаруын және өзге де қаруды қолдану
1. Қызметкерлердің атыс қаруын және өзге де қаруды:
1) жеке адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төнген жағдайда оларды қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау, сол сияқты кепiлге алынғандарды босату;
2) қызметкерлерге және олардың отбасы мүшелерiне, қоғамдық тәртiптi қорғау, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі қызметтiк немесе қоғамдық борышын атқарып жүрген адамдарға жасалған шабуылға тойтарыс беру;
3) жеке тұлғалардың тұрғын үй-жайларына, құқық қорғау органдары күзететiн объектiлерге, мемлекеттік ұйымдардың үй-жайларына жасалған шабуылға тойтарыс беру, қызметтiк немесе әскери нарядқа жасалған шабуылға тойтарыс беру;
4) қарсылық көрсететін не қылмыс жасау кезінде үстінен түскен, қамаудан қашқан адамдарды (әкiмшiлiк қамақта ұсталатындардан басқа) ұстау, қаруланған адамдарды ұстау;
5) егер көлік жүргiзушi қызметкердiң заңды талаптарына бағынбаса және жеке адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiрсе, көлiк құралдарына ақау келтіру арқылы оларды тоқтату;
6) адам өміріне немесе денсаулығына іс жүзінде қатер төндірген жағдайларда хайуанаттардың шабуылынан қорғану;
7) дабыл белгiсiн беру немесе көмекке шақыру үшін;
8) қажетті қорғаныстың және аса қажеттіліктің барлық өзге де жағдайларында қолдануға құқығы бар.
2. Әйелдерге, анық мүгедектік белгілері бар адамдарға, жасы белгілі немесе анық болған кезде кәмелетке толмағандарға қатысты, олар қарулы шабуыл жасаған, қарулы қарсылық көрсеткен, адамдарды кепілге, көлiк құралдарын, оның iшiнде әуе кемесiн басып алған не топтасып шабуыл жасаған жағдайларды қоспағанда, қару қолдануға тыйым салынады.
2014.23.04. № 200-V ҚР Заңымен 62-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
62-бап. Атыс қаруын және өзге де қаруды, арнаулы құралдарды, дене күшін қолдану шарттары
1. Атыс қаруы және өзге де қару, арнаулы құралдар, дене күші қолданылған барлық жағдайларда қызметкер жеке адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшін қажетті шараларды қабылдауға, атыс қаруын және өзге де қаруды, арнаулы құралдарды, дене күшін қолданғаны туралы тікелей басшысына баяндауға міндетті.
2. Адамдардың өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан, атыс қаруы және өзге де қару, арнаулы құралдар, дене күші қолданылған әрбір жағдай туралы прокурор дереу хабардар етіледі.
9-тарау. ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ
63-бап. Қызметкерлерді әлеуметтік қорғау
Қызметкерлер, олардың отбасы мүшелері мен мүлкі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекет қорғауында болады.
64-бап. Қызметкерлерге еңбекақы төлеу, оларды зейнетақымен және өзгедей қамсыздандыру
1. Қызметкерлерге ақшалай үлес Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн мемлекеттік бюджет есебiнен ұсталатын Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлерiне еңбекақы төлеудiң бiрыңғай жүйесi негiзiнде белгiленедi және ол ақшалай қаражат пен қызметтi өткерудiң ерекше жағдайлары үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленетін үстемеақыларды қамтиды.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қызметкерлердiң ақшалай қаражаты лауазымдық айлықақыдан және арнаулы атағы, сыныптық шені немесе біліктілік сыныбы үшiн берілетін қосымша ақыдан тұрады.
Лауазымдық айлықақыны және сауықтыруға берілетін жәрдемақыларды есептеу үшін жұмыс өтілі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
3. Қызметкерлерді зейнетақымен қамсыздандыру, мүгедектiгi бойынша мемлекеттік әлеуметтiк жәрдемақылар төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Қызметкерлердiң iссапар куәлiгiн көрсету арқылы көлiктің барлық түрiнде жол жүру құжаттарын және мейманханаларда тұру үшiн орынды бiрiншi кезекте алуға құқығы бар.
65-бап. Еңбекке уақытша жарамсыздығы кезеңінде қызметті өткеру ерекшеліктері
1. Еңбекке уақытша жарамсыздығы, қызметкердің емделуде үздiксiз болу кезеңі, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жекелеген аурулар бойынша емделудiң бұдан да ұзақ мерзiмi көзделген жағдайларды қоспағанда, төрт айдан аспауға тиiс. Қызметкер емделуде үздiксiз болуының белгiленген мерзiмi өткен соң, өзiнiң одан әрi қызмет атқаруға жарамдылығы туралы мәселенi шешу үшiн әскери-дәрiгерлiк комиссияның медициналық куәландырудан өтуге тиiс.
2. Қызметтік мiндеттерiн және қызметтiк борышын орындау кезiнде жарақаттануына, контузия алуына немесе мертiгуiне байланысты қызметкерлердің емделу уақытына шек қойылмайды. Аталған адамдар медициналық куәландыруға емделiп болған соң немесе ауруының нәтижесi анықталған жағдайда жiберiледi.
3. Жиi және ұзақ ауыратын қызметкерлердің, егер еңбекке жарамсыз болған күндерiнiң саны он екі айда сол бiр ауру бойынша үзiлiссiз төрт айға дейiнгі немесе жыл iшiнде әртүрлi аурулар бойынша бес айға дейiнгi уақытты құрайтын болса, қызметтi одан әрi өткеруге жарамдылығын анықтау үшiн құқық қорғау органының кадр бөлімшелері емдеу-профилактика мекемелерінiң ұсыныстары бойынша әскери-дәрiгерлiк комиссияға медициналық куәландыруға жiбередi.
2014.23.04. № 200-V ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін еңбекке жарамсыздықтың неғұрлым ұзақ мерзімі белгіленген ауруларды қоспағанда, қызметкер осы баптың 3-тармағында көрсетілген мерзімдерден асатын әртүрлі аурулар бойынша еңбекке жарамсыз болған жағдайда, осы қызметкер құқық қорғау органының қарамағына шығарып беріледі.
4. Қызметкерлерге олардың еңбекке уақытша жарамсыздығы кезеңінде ақшалай үлес толық көлемінде төленеді.
66-бап. Қызметкерлер қаза тапқан (қайтыс болған) немесе мертiккен жағдайда берiлетiн кепiлдiктер
1. Қызметкерлер қызметтiк мiндеттерiн атқарып жүрген кезеңiнде мертiккен жағдайда оған бiржолғы өтемақы төленедi, ал қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда ол оны алуға құқығы бар адамдарға беріледі.
2. Біржолғы өтемақыны төлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
3. Қызметкер қызметтiк міндеттерін атқару кезiнде не орындалуы міндетті қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған жарақат салдарынан қызметтен босатылғаннан кейiнгi бiр жыл бойы ішінде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, асырауындағы адамдар мен мұрагерлерiне оның соңғы атқарған лауазымы бойынша алпыс айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
4. Қызметкерге қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған жарақаты, жаралануы (контузия алуы), мертігуі, науқастануы салдарынан болған мүгедектiк белгiленгенде, оған:
1) I топтағы мүгедекке - отыз айлық ақшалай қаражат;
2) II топтағы мүгедекке - он сегiз айлық ақшалай қаражат;
3) III топтағы мүгедекке - алты айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
5. Қызметкерлер қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мүгедектiкке соқтырмайтын ауыр мертіккен (жарақат алған, жараланған, контузия алған) жағдайда, оларға бiр жарым айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде, жеңiл зақым алған жағдайда жарты айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
6. Егер қызметкердiң қазасы (қайтыс болуы), жарақаты, жаралануы (мертiгуi), науқастануы қызметтiк мiндеттерiн атқаруға қатысы жоқ мән-жайларға байланысты болғаны белгiленген тәртiппен дәлелденсе, біржолғы өтемақы төленбейдi.
7. Қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан қызметкердiң балаларына, олар кәмелеттiк жасқа толғанға дейiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен медициналық және санаториялық-курорттық қызмет көрсету құқығы сақталады.
8. Қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан немесе мүгедектік алған қызметкерлердің балалары әскери мектеп-интернаттарға және кадет корпустарына конкурстан тыс қабылдану құқығын пайдаланады, сондай-ақ оқуға түсушілер үшін белгіленген талаптар бойынша баллдың шекті деңгейін жинаса, құқық қорғау органының білім беру ұйымдарына конкурстан тыс қабылданады.
67-бап. Жерлеу шығындарын өтеу
Қайтыс болған немесе қаза тапқан қызметкерлерді жерлеу үшiн олардың үш айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде, ал зейнеткерлерге үш айлық зейнетақы төлемі мөлшерінде бiржолғы ақшалай өтемақы төленедi.
68-бап. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерi мен зейнеткерлерiнiң тұрғын үйге құқықтары
1. Қызметкерлер мемлекеттік тұрғын үй қорынан бiрiншi кезекте тұрғын үймен қамтамасыз етiлу құқығын пайдаланады.
2. Күнтiзбелiк он жылдан астам уақыт қызмет атқарған қызметкерлер тұрақты тұрып жатқан, қызметтiк тұрғын үйге теңестірілген тұрғын үйлерін, аталған қызметкерлердің қалауына қарай, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда қалдық құны бойынша меншiгiне сатып ала алады.
3. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен зейнеткерлері басқа тұрғын үй-жай берілмей қызметтiк тұрғын үйден шығаруға жатқызылмайды.
4. Қызметкер қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан жағдайда, ол қаза тапқан күннен бастап бiр жылдан кешiктiрілмей, қаза тапқан адамның отбасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген шарттармен және тәртiппен мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға құқылы.
69-бап. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен зейнеткерлерін әлеуметтiк қорғаудың өзге де шаралары
1. Қызметкерлер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті әлеуметтік сақтандыруға жатады.
2. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерi мен зейнеткерлеріне, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген шектерде, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері мен зейнеткерлері үшін Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген жеңiлдiктер мен артықшылықтар қолданылады.
3. Туберкулезге қарсы және басқа мамандандырылған жұқпалы аурулар мекемелерiнде қызмет атқарып жүрген қызметкерлер Қазақстан Республикасының заңнамасында аталған қызметкерлер үшін белгiленетiн жеңiлдiктердi пайдаланады.
2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Қылмыстық-атқару жүйесi органдары мен мекемелерінің туберкулезге қарсы мекемелер мен басқа да мамандандырылған учаскелерде және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерiнде қызмет атқаратын қызметкерлерiне осы санаттағы медицина қызметкерлерi үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жеңiлдiктер қолданылады.