Қазақстан Республикасының
Заңы
Құқық қорғау қызметі туралы
(2014.11.04. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2014 жылғы 23 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметіне тұруға, оны өткеруге және тоқтатуға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құқықтық жағдайын (мәртебесін), материалдық қамтамасыз етілуін және әлеуметтік қорғалуын айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ауыстыру - құқық қорғау органы жүйесінде лауазымдарға орналасу;
2) ауысу - құқық қорғау органдарындағы қызметті тоқтатпастан құқық қорғау органында атқарып жүрген қызметінен босата отырып, сол мезгілде басқа құқық қорғау органындағы лауазымға тағайындау;
3) баянат - қызметкер қызмет әрекеті процесінде тікелей немесе уәкілетті басшыларға өтініш жасаған кезде ерекше нысандағы жазбаша баяндау;
4) біліктілік талаптары - құқық қорғау органындағы лауазымға орналасуға үміткер азаматтарға олардың кәсіптік даярлық деңгейін, құзыреттілігін және нақты лауазымға сәйкестігін айқындау мақсатында қойылатын талаптар;
5) кадр резерві - кейіннен оларды ұсыну үшін қалыптастырылған, деректері жүйеленген тізімге енгізілген қызметкерлер;
6) құқық қорғау қызметі - құқық қорғау органдары лауазымдарындағы мемлекеттік қызметтің ерекше түрі;
2013.21.05. № 93-V ҚР Заңымен 6-1) тармақшамен толықтырылды
6-1) Құқық қорғау органдары басшылығының президенттік резерві - құқық қорғау органдарының жоғары тұрған бос басшылық лауазымдарына ұсыну үшiн Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын ерекше іріктеу тәртібінен өткен қызметкерлер тiзiмі;
7) құқық қорғау органы - адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделерінің сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз ететін, өз құзыретіне сәйкес қылмыстылыққа және өзге де құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттің саясатын іске асыратын, заңдылықты қамтамасыз ету мен қоғамдық тәртіпті қолдау, құқық бұзушылықтарды анықтау, алдын алу, жолын кесу, тергеу, қылмыстық істер бойынша сот шешімдерін атқару жөнінде арнаулы өкілеттіктер берілген мемлекеттік орган;
2013.21.05. № 93-V ҚР Заңымен 7-1) тармақшамен толықтырылды
7-1) құқық қорғау органының басшысы - құқық қорғау органының қызметкерлері мен жұмыскерлері, уәкілетті басшылар бағынысында болатын құқық қорғау органының бірінші басшысы;
8) құқық қорғау органының қарамағында болу - штаттық лауазымға орналасумен байланысты емес құқық қорғау қызметін өткеру;
9) құқық қорғау органының қызметкері (бұдан әрі - қызметкер) - құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасынан арнаулы атақ немесе сыныптық шен берілген Қазақстан Республикасының азаматы;
10) құқық қорғау органының тәртіптік комиссиясы - тәртіптік теріс қылыққа қатысты фактілерді қызметтік тергеу және зерттеу материалдарын қарау үшін оның жасалуының мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтау және тәртіптік жауапкершілікке тартылатын қызметкерді лауазымға тағайындау және лауазымнан босату құқығы бар адамды тәртіптік жазалау шарасы туралы ұсыным шығару мақсатында құқық қорғау органында құрылатын тұрақты алқалы орган;
11) қызметтік тергеу - қызметкердің тәртіптік теріс қылықты жасау мән-жайын толық, жан-жақты және объективті анықтау мақсатында, ол туралы материалдар мен мәліметтерді жинау және тексеру жөніндегі қызмет;
2013.21.05. № 93-V ҚР Заңымен 11-1) тармақшамен толықтырылды
11-1) полиграфологиялық зерттеу - адамның психофизиологиялық куәландыру кезінде пайда болатын жекелеген физиологиялық реакцияларын арнайы медициналық датчиктердің көмегімен тіркеуден тұратын сауалдама жүргізу рәсімі;
2013.21.05. № 93-V ҚР Заңымен 11-2) тармақшамен толықтырылды
11-2) психофизиологиялық куәландыру - құқық қорғау қызметіне кандидаттардың, қызметкерлердің жеке-психологиялық және психофизиологиялық қасиеттерін жан-жақты бағалауға бағытталған іс-шаралар жиынтығы;
2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 12) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
12) ротация - құқық қорғау органында уәкілетті басшыларды тең лауазымдарға ауыстыру;
13) тәртіптік жаза - қызметкерге қолданылатын тәртіптік жауапкершілік шарасы;
14) тәртіптік жауапкершілік - тәртіптік теріс қылықтар, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, қызметкерлер көтеретін заңдық жауапкершілік түрі;
15) тәртіптік теріс қылық - қызметкердің өзіне жүктелген міндеттерді құқыққа қайшы, кінәлі атқармау немесе тиісінше атқармауы, лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалануы, қызметтік және еңбек тәртібін бұзуы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексін (Мемлекеттік қызметшілердің қызмет әдебі қағидаларын) не ар-намыс кодекстерін (құқық қорғау органдарындағы қолданыстағы қызмет әдебі қағидаларын) бұзуы, тәртіптік ретпен жазаланатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауы, сол сияқты осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген, құқық қорғау қызметінде болуға байланысты шектеулерді сақтамауы;
16) уәкілетті басшы - құқық қорғау органының аумақтық немесе оған теңестірілген мамандандырылған бөлімшесінің басшысы, құқық қорғау органы мекемесінің, ведомствосының басшысы;
2013.21.05. № 93-V ҚР Заңымен 17) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
17) ұйымдық-штаттық iс-шаралар - құқық қорғау органының, құқық қорғау органы аумақтық немесе оған теңестiрiлген мамандандырылған бөлiмшесiнiң, құқық қорғау органы мекемесiнiң, ведомствосының штаттары мен құрылымын қалыптастыру жөнiндегi шаралар кешенi (құқық қорғау органын құру, қайта ұйымдастыру, тарату, оның қызметкерлерінің санын немесе штатын ұлғайту және қысқарту);
18) ұсыну - құқық қорғау органы жүйесінде жоғары тұрған лауазымдарға орналастыру;
19) іссапарға жіберу - қызмет мерзімін үзбестен, қызметкерді Қазақстан Республикасының басқа да құқық қорғау органдарында, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында, сондай-ақ құқық қорғау органы жүйесінде одан әрі қызмет өткеру үшін ауыстыру;
20) іссапармен бару - құқық қорғау органы кадрында қала отырып, басқа мемлекеттік органдардағы және халықаралық ұйымдардағы лауазымдарға орналасу.
2-бап. Құқық қорғау органдарындағы қызметтің құқықтық негізі
1. Құқық қорғау органдарындағы қызметтің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Заңмен көзделген ерекшеліктерімен қоса Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары қызметін реттейтін заңдары және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері құрайды.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзге қағидалар көзделген болса, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен 3-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3-бап. Құқық қорғау органдары
Құқық қорғау органдарына өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының прокуратура, ішкі істер, қаржы полициясы, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары, кеден органдары жатады.
4-бап. Құқық қорғау қызметінің принциптері
1. Құқық қорғау органдарындағы қызмет Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметтің принциптеріне және құқық қорғау қызметінің арнаулы принциптеріне сәйкес жүзеге асырылады.
2. Құқық қорғау қызметінің арнайы принциптері мыналар болып табылады:
1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтан қорғау міндеттілігі;
2) азаматтық қоғам институттарымен ынтымақтастық;
3) құқық қорғау органдарында құқық қорғау қызметін ұйымдастыруға көзқарастың біртұтастығы;
4) дара басшылық пен субординация (бағыныстылық);
5) саяси партиялардың және өзге де қоғамдық бірлестіктердің қызметінен тәуелсіз болу.
5-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
Осы Заңның күші, Қазақстан Республикасының әскери қызмет туралы заңнамасына сәйкес құқық қорғау органдарының әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерін қоспағанда, барлық қызметкерлерге қолданылады.
Осы Заңның күші Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына қайшы келмейтін бөлігінде мемлекеттік саяси қызметшілерге қолданылады.
2-тарау. ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ҚЫЗМЕТІНЕ ТҰРУ
6-бап. Құқық қорғау қызметіне тұру шарты
1. Құқық қорғау органдарына қызметке жасы он сегiзге толған, өзiнiң жеке, моральдық, iскерлiк, кәсiби қасиеттерi, денсаулығы мен дене бiтiмiнің даму жағдайы, білім деңгейi жөнiнен өзiне жүктелген лауазымдық мiндеттердi атқаруға қабiлеттi Қазақстан Республикасының азаматтары ерікті негізде қабылданады.
2. Құқық қорғау қызметіне:
1) заңмен белгіленген тәртіппен іс-әрекетке қабілетсіз немесе іс-әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған;
2) әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысына сәйкес лауазымдық өкілеттіктерді орындауға кедергі келтіретін сырқаты бар;
2013.21.05. № 93-V ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды
2-1) қызметке жарамдылығын анықтау үшін әскери-дәрігерлік комиссияларда медициналық немесе психофизиологиялық куәландырудан, оның ішінде полиграфологиялық зерттеуден өтпеген;
3) өзінің мәртебесі мен соған негізделген беделін жеке, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерде пайдалануға әкеп соғуы мүмкін іс-әрекеттерді болғызбау мақсатында заңда белгіленген шектеулерді өзіне қабылдаудан бас тартқан;
4) құқық қорғау қызметіне тұрар алдында үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған;
5) құқық қорғау қызметіне тұрар алдында бір жыл ішінде қасақана құқық бұзушылығы үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған;
6) құқық қорғау қызметіне тұрғанға дейін үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған;
7) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;
8) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жұмыстан шығарылған;
9) бұрын сотталған немесе қылмыстық жауаптылықтан ақталмайтын негіздер бойынша босатылған, сондай-ақ мемлекеттік қызметтен, өзге де құқық қорғау органдарынан, соттардан және әділет органдарынан теріс себептермен шығарылған адам қабылданбайды.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген мәліметтерді ұсынбау немесе бұрмалау құқық қорғау қызметіне қабылдаудан бас тартуға негіз болып табылады.
4. Құқық қорғау органдарына қызметке тұру азаматтар мiндеттi арнайы тексеруден өткен жағдайда жүзеге асырылады.
2013.21.05. № 93-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Құқық қорғау органдарына қызметке қабылданатын азаматтар қызметке жарамдылығын анықтау үшін әскери-дәрігерлік комиссияларда медициналық және психофизиологиялық куәландырудан, оның ішінде полиграфологиялық зерттеуден міндетті түрде өтеді.
2013.21.05. № 93-V ҚР Заңымен 5-1-тармақпен толықтырылды
5-1. Полиграфологиялық зерттеуден өту тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
6. Азамат және оның зайыбы (жұбайы) құқық қорғау қызметіне тұрған кезде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тұрғылықты жері бойынша салық органдарына табыстары және мүлкі туралы декларацияны табыс етуге мiндеттi.
7-бап. Құқық қорғау қызметіне үміткерлерді іріктеу
1. Құқық қорғау органдарына қызметке (оқуға) қабылданатын үміткерлерді іріктеуді, оларды алдын ала зерделеуді құқық қорғау органдарының кадр бөлімшелері жүзеге асырады.
2013.21.05. № 93-V ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Құқық қорғау органдарына қызметке тұру үміткерлерді міндетті түрде тағылымдамадан өткізе отырып, конкурстық негізде жүзеге асырылады.
Конкурстық негiзде орналасатын лауазымдар тiзбесiн, конкурсты және тағылымдаманы өткiзу шарттары мен тәртiбiн мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша құқық қорғау органының басшысы айқындайды.
Құқық қорғау органдарының орталық аппараттарында, ведомстволарында конкурс өткізу кезінде Қазақстан Республикасының барлық аумағына таралатын мерзімді баспа басылымдарында хабарландыру жарияланады. Аумақтық бөлімшелерде конкурс өткізу туралы хабарландыру тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс аумағында таралатын мерзімді басылымдарда жарияланады.
Конкурстық ірктеуден өтпеген азаматтарды лауазымға қабылдаған лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен тәртіптік жауапкершілікке тартылады.
3. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында оқуын аяқтаған адамдардың, теріс себептермен жұмыстан шығарылған не өз өкілеттігін теріс себептермен тоқтатқан адамдарды қоспағанда, өз өкілеттігін тоқтатқан және қойылатын тиісті біліктiлiк талаптарына сәйкес келетiн бұрын құқық қорғау органдарының қызметкерлері және әскери қызметшілер болған адамдардың, Парламент депутаттарының, мемлекеттік саяси қызметшiлердiң, судьялардың құқық қорғау қызметіне конкурстық iрiктеусiз тұруға құқығы бар. Олардың лауазымдарға орналасу тәртібі мен шарттары құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
4. Қызметкердің құқық қорғау қызметін өткеру кезеңінде бос лауазымға орналасуы, ол тиісті бос лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келген және келісімін берген жағдайда, ауысу тәртібімен конкурстан тыс негізде жүзеге асырылады.
8-бап. Құқық қорғау қызметіне қабылдау
1. Құқық қорғау органдарына қызметке қабылдау лауазымға тағайындау жолымен, оның iшiнде құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысаны бойынша оқуға түскен адамдармен келісімшарт жасасу жолымен жүзеге асырылады.
2013.21.05. № 93-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Құқық қорғау органдарына қызметке қабылдау құқық қорғау органы басшыларының немесе уәкiлеттi басшылардың бұйрықтарымен ресiмделедi. Бұйрық қатардағы және басшы құрамдағы адамдарға қол қойдырып жарияланады.
3. Қатардағы және басшы құрамдағы адамдар өздерінің мәртебесi және соған негiзделген беделi жеке, топтық және өзге де қызметтiк емес мүдделерде пайдалануға әкеп соқтыруы мүмкін iс-әрекеттерді болғызбау мақсатында өздерiне осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген шектеулерді қабылдайды. Осы шектеу жазбаша нысанда ресімделедi. Шектеудi қабылдамау қызметке қабылдаудан бас тартуға, жұмыстан шығаруға әкеп соқтырады.
4. Қатардағы және басшы құрамдағы лауазымдарға тағайындалған немесе құқық қорғау органдарының кадрына қабылданған әскери мiндеттiлер, құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының курсанттары мен тыңдаушыларын қоса алғанда, белгiленген тәртiппен әскери есептен шығарылады және құқық қорғау органдарының арнайы есебiне қойылады.
9-бап. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау
2013.21.05. № 93-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында оқуға орта білімi бар, жасы он алтыға толған адамдар қабылдана алады.
Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына қабылдау тәртібін жалпы білім берудің оқу бағдарламаларын тиісті деңгейде іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі қағидаларына сәйкес құқық қорғау органының басшысы айқындайды.
Жоғары білімі бар адамдар құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына қысқартылған оқыту мерзімдерін көздейтін кәсіптік оқу бағдарламалары бойынша оқыту үшін қабылдануы мүмкін.
2. Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына оқуға түсетiн адамдар, сондай-ақ бюджет қаражаты есебiнен оқу ақысын төлей отырып, құқық қорғау органдарының жолдамасы бойынша шет мемлекеттердiң құқық қорғау органдарының жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына түсетiн адамдар білім беру ұйымдарындағы оқу мерзіміне және сонымен бір мезгілде білім беру ұйымдарында оқуын аяқтағаннан кейін Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарында орта және аға басшы құрам лауазымдарында қызмет өткеру туралы күнтiзбелiк есеппен бес жылға келісімшарт жасасады.
3. Келісімшартта тараптардың (оқуға түсетiн адамның және құқық қорғау органының лауазымды адамының) өзара міндеттемелерi мен жауапкершілiгi белгiленедi және білім беру ұйымын бітіргеннен кейін құқық қорғау органында қызметті одан әрі атқарудың шарттары мен мерзімдері көзделеді. Келісімшарт қабылдау комиссиясының құқық қорғау органының білім беру ұйымына қабылдау туралы шешiмiнен кейiн жасалады. Келісімшарттың нысаны, оны жасасу, ұзарту, өзгерту, бұзу және тоқтату тәртібі құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерімен айқындалады.
4. Жасы он сегізге толмаған адамдармен келісімшарт жасалған жағдайда, олардың ата-аналарының, бала асырап алушыларының немесе қамқоршыларының келісімі қажет.
5. Құқық қорғау органдарының жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламасын іске асыратын білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқуын бітірген қызметкерлер құқық қорғау органдарында кемінде бес жыл, жалпы орта және кәсіптік білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламасын іске асыратын қызметкерлер кемінде үш жыл қызмет өткеруге міндетті.
6. Қызметкер құқық қорғау органының білім беру ұйымын аяқтағаннан кейiн құқық қорғау органдарында одан әрi қызмет өткеруден бас тартқан не келісімшартты мерзiмiнен бұрын бұзған жағдайда, ол өзін оқыту кезеңiнде стипендия төлеуге, тамақтандыруға, заттай жабдықталымына жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге мiндеттi. Ұсталуға тиiс сома келісімшарт мерзiмi аяқталғанға дейiнгi қызмет толық атқарылмаған әрбiр айға тепе-тең есептеледi.
7. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын құқық қорғау органының білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысаны бойынша оқудың толық курсын бiтiргендер үшін оқыған уақыты мерзімді әскери қызметті өткерумен теңестіріледі. Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарының, өзге де мемлекеттердің құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарының түлектері бөлуге сәйкес қызмет өткеруге жіберіледі.
8. Құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының күндiзгi бөлiмдерiнiң әскерге шақырылу жасына жеткен және үлгерімі төмен болғаны, тәртiп сақтамағаны үшін, сондай-ақ өз еркiмен оқудан шығарылған курсанттары (тыңдаушылары) әскери есепке қою үшiн тұрғылықты жерiндегі әскери басқару органдарына жiберіледi. Олар мемлекетке өздерін оқыту кезеңiнде стипендия төлеуге, тамақтандыруға, заттай жабдықталымына жұмсалған бюджет қаражатын өтеуге мiндеттi. Ұсталуға тиiс сома білім беру ұйымдарында болған әрбiр толық айға тепе-тең есептеледi.
9. Бюджет қаражатын мемлекет пайдасына өтеу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
10. Жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдары диплом алдындағы практикадан өту үшiн құқық қорғау органдарына жiберген курсанттар (тыңдаушылар) практикадан өту кезеңiне бос лауазымға тағайындалады.
11. Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының жоғары оқу орындарын аяқтағаннан кейін магистратураға және докторантураға бірден қабылданған қызметкерлерге, тиiстi кафедра оқытушысының айлықақысының жетпіс пайызы мөлшерiнде лауазымдық айлықақы, сондай-ақ арнаулы атағы немесе сыныптық шені үшiн қосымша ақы төленедi.
Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының магистратурасына және докторантурасына қабылданған қызметкерлерге оқу уақытына оқуға жіберілгенге дейін атқарған соңғы штаттық лауазымы (уақытша атқарған емес) бойынша лауазымдық айлықақысының жетпіс пайызы мөлшерінде лауазымдық айлықақы белгіленеді.
12. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының курсанттарына (тыңдаушыларына) каникулдық демалыс кезеңіне қалааралық автомобиль (таксиді қоспағанда), темiржол және су көлiгiмен тұрақты тұратын жеріне баруға және кейiн қайтуға жол жүру ақысы төленедi.
13. Қызметкерлер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында жоғары кәсіптік білім ала алады.
10-бап. Құқық қорғау органдарының қатардағы және басшы құрам лауазымдарына орналастыруға қойылатын талаптар
2012.16.02. № 562-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2013.21.05. № 93-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Құқық қорғау органдарының қатардағы және кiшi басшы құрам лауазымдарына - жиырма бес жастан аспаған, орта және аға басшы құрам лауазымдарына - отыз бес жастан аспаған, тиісті бiлiмi бар және әскери қызмет өткерген немесе Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында әскери оқытылған резервті даярлау жөніндегі әскери даярлықтан өткен азаматтар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мерзімді әскери қызметке әскерге шақырудан босатылған немесе кейінге қалдырылған азаматтар қабылданады.