2. Кедендік статистиканы жүргізу үшін кеден органдарының ақпараты мен электрондық ақпараттық ресурстары пайдаланылады.
3. Тауарлармен сыртқы сауданың кедендік статистикасының деректері тауарлармен сыртқы сауданың жай-күйін, даму серпіні мен үрдістерін талдау мақсаттарында қалыптастырылады.
Тауарлармен сыртқы сауданың кедендік статистикасын жүргізу Комиссия бекітетін әдіснамаға сәйкес жүзеге асырылады.
Тауарлармен сыртқы сауданың кедендік статистикасын жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
4. Кеден органдары тауарлармен сыртқы сауданың кедендік статистикасының деректерін, оның ішінде:
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, өзге де тұлғаларға;
Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгіленген тәртіппен халықаралық ұйымдарға ішкі нарықты қорғау шараларын қолдану немесе қайта қарау туралы өтініш беру үшін ұсынады.
5. Арнайы кедендік статистиканың деректері кеден органдарына жүктелген міндеттерді орындау мақсаттарында қалыптастырылады және пайдаланылады.
Арнайы кедендік статистиканы жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
6. Статистикалық мақсаттар үшін тұлғалар Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес ұсынатын құжаттар мен мәліметтер пайдаланылады.
7. Статистикалық мақсаттар үшін пайдаланылатын мәліметтерге осы Кодекстің 19-бабының ережелері қолданылады.
24-бап. Кеден органдарының тұлғалар туралы ақпарат жинауы
1. Кеден органдары мынадай:
1) ұйымның құрылтайшылары, акционерлері, басшылары және бас бухгалтерлері туралы;
2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу не тұлғаны дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу туралы;
3) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланылатын мүліктің құрамы туралы;
4) ашылған банктік шоттар туралы;
5) тұлғаның сыртқы экономикалық қызметі туралы;
6) ұйымның және оның филиалдарының орналасқан жері туралы;
7) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық төлеуші ретінде есепке қойылғаны және салық төлеушінің бизнес-сәйкестендіру нөмірі туралы;
8) уәкілетті экономикалық операторлар тізіліміне қосылған не осындай тізілімге қосылуға үміткер заңды тұлғалардың қаржылық орнықтылығы туралы;
9) уәкілетті экономикалық операторлар тізіліміне қосылған не осындай тізілімге қосылуға үміткер заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес берешегі (бересісі) туралы;
10) жеке тұлғалар туралы: дербес деректер (жеке тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірін қоса алғанда, тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), туған күні және жері, жынысы, тұрғылықты жері, жеке басты куәландыратын құжаттың деректемелері) және осы тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарлар өткізу жиілігі туралы;
11) кеден өкілдерінің тізіліміне, кедендік тасымалдаушылардың тізіліміне, уақытша сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне, кеден қоймалары иелерінің тізіліміне, еркін қоймалар иелерінің тізіліміне, бажсыз сауда дүкендері иелерінің тізіліміне, сондай-ақ уәкілетті экономикалық операторлар тізіліміне қосылуға үміткер не осындай тізілімдерге енгізілген заңды тұлғаның акционерлері, олардың құрылтайшылары (қатысушылары), басшылары, бас бухгалтерлері болып табылатын жеке тұлғаларды қылмыстық құқық бұзушылықтары үшін, сондай-ақ өздері бойынша іс Қазақстан Республикасының өзге мемлекеттік органдарының жүргізуіне жатқызылған қылмыстық құқық бұзушылықтары үшін қылмыстық жауапқа тарту туралы мәліметтерді қоса алғанда, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізуге байланысты сыртқы экономикалық қызметті не кедендік бақылаудағы тауарларға қатысты қызметті жүзеге асыратын тұлғалар туралы ақпарат жинауға құқылы.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғалар туралы ақпарат жинауды кеден органдары кедендік операциялар жасау кезінде және оны Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттік органдарынан, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарынан алу арқылы жүзеге асырады.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғалардың кеден органдарында бар, өзі туралы құжатталған ақпаратпен кедергісіз танысуға және бұл ақпараттың толықтығы мен анықтығын қамтамасыз ету мақсатында нақтылауға құқығы бар.
25-бап. Құжаттар және (немесе) мәліметтер алмасу
1. Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында көзделген жағдайларда кеден органдары мен декларанттар, тасымалдаушылар, кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, уәкілетті экономикалық операторлар және кедендік операциялар жасайтын өзге де тұлғалар арасында құжаттар және (немесе) мәліметтер алмасу электрондық нысанда немесе құжаттарды және (немесе) мәліметтерді қағаз жеткізгіште ұсыну (жіберу) арқылы жүзеге асырылады.
2. Электрондық құжаттар және (немесе) электрондық түрдегі мәліметтер алмасу кеден органдарының ақпараттық жүйелері мен осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғалардың ақпараттық жүйелерінің өзара іс-қимыл жасасуы арқылы не интернет-ресурстарды пайдалана отырып жүзеге асырылады.
3. Құжаттарды және (немесе) мәліметтерді қағаз жеткізгіште ұсыну (жіберу) арқылы құжаттар және (немесе) мәліметтер алмасу құжаттарды және (немесе) мәліметтерді электрондық түрде алмасуға техникалық мүмкіндік болмаған жағдайда, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында көзделген жағдайларда жүзеге асырылады.
26-бап. Кеден органдарының сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыратын тұлғалармен (сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен), уәкілетті экономикалық операторлармен, кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалармен, олардың қауымдастықтарымен (одақтарымен), Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдармен өзара қарым-қатынасы
1. Кедендік реттеуді жетілдіру Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасы актілерінің жобаларын жария талқылау мақсаттарында кеден органдары сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыратын тұлғалармен (сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен), уәкілетті экономикалық операторлармен, кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалармен, олардың қауымдастықтарымен (одақтарымен), Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдармен консультациялық сипатта ресми қарым-қатынас орнатады және оны қолдап отырады.
2. Кеден органдары кедендік бақылаудың тиімділігін арттыру үшін сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыратын тұлғалармен (сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен), уәкілетті экономикалық операторлармен, кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалармен, олардың қауымдастықтарымен (одақтарымен), Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасасады.
3. Кеден органдары мен сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыратын тұлғалар (сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар), уәкілетті экономикалық операторлар, кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, олардың қауымдастықтары (одақтары), Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдар арасында консультациялық сипатта ресми қарым-қатынас орнату және оны қолдап отыру және кедендік бақылаудың тиімділігін арттыру мақсатында өзара іс-қимыл жасасу үшін кеден органдарының жанында консультациялық органдар құрылуы және осындай өзара іс-қимыл тәртібін реттейтін құжаттар қабылдануы мүмкін.
4. Кеден ісін жетілдіру мәселелері жөніндегі консультациялық кеңестер уәкілетті органның, оның аумақтық кеден органдары мен кедендердің жанынан құрылады. Кеден ісін жетілдіру мәселелері жөніндегі консультациялық кеңестер туралы үлгілік ережені уәкілетті орган айқындайды.
27-бап. Жекелеген көлік түрлерінде кедендік бақылау жүргізу кезінде кеден органдарының басқа тұлғалармен өзара іс-қимылы
1. Кедендік бақылауды жүзеге асыру мақсатында кеден органдары Қазақстан Республикасының ұлттық теміржол компаниясымен, теміржол көлігі саласындағы ұлттық тасымалдаушысымен, халықаралық әуежайларымен, теңіз және өзен порттарымен өзара іс-қимылды жүзеге асырады.
2. Кеден органдары мен көрсетілген заңды тұлғалардың өзара іс-қимыл жасасу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және уәкілетті орган мен көлік саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның бірлескен актілерінде айқындалады.
28-бап. Кеден органдарының халықаралық тасымалдау көлік құралдарын кедендік пломбалар және мөрлері салынған тауарларды тасымалдауға жіберуі
1. Кедендiк пломбалар мен мөрлері салынған тауарларды тасымалдау үшiн халықаралық тасымалдау көлiк құралдары:
1) кедендiк пломбалар әдеттегі және сенiмдi тәсiлмен салынуы мүмкiн;
2) тауарлар халықаралық тасымалдау көлiк құралының жүкжайларының (бөлекжайларының) пломба салынған бөлiгiнен оны ашудың көрінетін іздерін қалдырмай немесе кедендік пломбалар мен мөрлерді зақымдамай алынбайды немесе оған салынбайды;
3) тауарлар жасырылуы мүмкiн жасырын орындар болмайды;
4) тауарлар тұрған орындарға тауарларды кедендiк қарап-тексеру үшін жеңiл қол жеткiзілуге тиіс деген талаптар сақтала отырып конструкциялануға және жабдықталуға тиiс.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген, халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарына қойылатын талаптар, егер мұндай көлiк құралдары Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгіленген, олардың конструкциялары мен жабдығына қойылатын талаптарға сәйкес келсе, орындалды деп есептеледі.
3. Халықаралық тасымалдау көлiк құралының осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетiлген талаптарға сәйкестiгi халықаралық тасымалдау көлiк құралын кедендiк пломбалар мен мөрлері салынған тауарларды тасымалдауға жiберу туралы куәлiк алу арқылы күні бұрын расталуы мүмкiн.
4. Халықаралық тасымалдау көлiк құралын кедендiк пломбалар мен мөрлер салынған тауарларды тасымалдауға жiберу туралы куәлiк:
1) жеке-дара тәртiппен;
2) көлiк құралдары конструкциясының типі (сериялары) бойынша берiлуi мүмкiн.
5. Халықаралық тасымалдау көлiк құралын кедендiк пломбалар мен мөрлер салынған тауарларды тасымалдауға жiберу туралы куәлiктi кеден органы мүдделi тұлғаның өтiнiшi бойынша, көлік құралы көрсетілген кезде, көрсетiлген өтiнiш тіркелген күннен кейінгі бір жұмыс күнiнен кешiктiрмей бередi. Мұндай куәлiк, көлiк құралының конструкциясына өзгерiстер енгізілген жағдайды қоспағанда, Комиссия айқындайтын мерзiм шегінде қолданылады.
Мүдделі тұлғаның халықаралық тасымалдау көлік құралын кедендік пломбалар мен мөрлер салынған тауарларды тасымалдауға жіберу жөнінде куәлік беру туралы өтініші, осы тармақтың үшінші бөлігінде көрсетілген жағдайды қоспағанда, еркін нысанда беріледі.
Осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген өтініш электрондық нысанда берілген жағдайда, мұндай өтініштің құрылымы мен форматын уәкілетті орган бекітеді.
Халықаралық тасымалдау көлiк құралын кедендiк пломбалар мен мөрлер салынған тауарларды тасымалдауға жiберу туралы куәлiк көлiк құралын иелену құқығы басқа тұлғаға ауысқан кезде де жарамды болып қалады.
Халықаралық тасымалдау көлiк құралын кедендiк пломбалар мен мөрлер салынған тауарларды тасымалдауға жiберу туралы куәлiктiң нысанын, оны беру және пайдалану тәртiбiн Комиссия айқындайды.
6. Кеден органдары:
1) тауарларды тасымалдауды кедендiк тасымалдаушы жүзеге асырған;
2) күні бұрын жiберу Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген жағдайларды қоспағанда, халықаралық тасымалдау көлiк құралының кедендiк пломбалар мен мөрлер салынған тауарларды тасымалдауға күні бұрын жiберілуін талап етпейдi.
3-тарау. ТАУАРЛАРДЫ ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚТЫҢ КЕДЕНДІК ШЕКАРАСЫ АРҚЫЛЫ ӨТКІЗУ, ОЛАРДЫ ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚТЫҢ КЕДЕНДІК АУМАҒЫНДА НЕМЕСЕ ОНЫҢ ШЕГІНЕН ТЫС ЖЕРЛЕРДЕ ИЕЛЕНУ, ПАЙДАЛАНУ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ОЛАРҒА БИЛІК ЕТУ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
29-бап. Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу
1. Барлық тұлғалардың тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында және осы Кодексте белгіленген тәртіппен және шарттарда Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізуге тең негізде құқығы бар.
2. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және осы Кодекске сәйкес кедендік бақылауға жатады.
30-бап. Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізетін орындар
1. Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу, осы баптың 3-тармағына сәйкес тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасынан өткізу өзге орындарда және осы орындарда орналасқан кеден органдарының жұмыс уақытында жүзеге асырыла алатын жағдайларды қоспағанда, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу орындарында жүзеге асырылады.
2. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік шекаралары арқылы өткізу пункттері не Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өзге орындар тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу орындары болып табылады.
3. Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған жағдайларда және тәртіппен осы баптың 2-тармағында көрсетілген орындардан өзге орындарда жүзеге асырылуы мүмкін.
4. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына келетін тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындары келу орындары болып табылады.
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кететін тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындары кету орындары болып табылады.
Келу орындары мен кету орындары туралы ақпаратты кеден органдары келу орындары мен кету орындарының жалпы тізбелерін қалыптастыру және оларды Еуразиялық экономикалық одақтың ресми сайтына орналастыру үшін Комиссияға жібереді.
Келу орындары мен кету орындарының жалпы тізбелерінің нысандарын, оларды қалыптастыру, жүргізу және олардан мәліметтерді пайдалану тәртібін, сондай-ақ келу орындары мен кету орындары туралы ақпарат ұсынудың тәртібі мен техникалық шарттарын, оның ішінде құрылымы мен форматын Комиссия айқындайды.
5. Жекелеген тауар санаттары осындай тауар санаттарын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу (келу) немесе Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету (кету) үшін уәкілетті орган айқындаған, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу орындарында ғана Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына келуі немесе Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кетуі мүмкін.
6. Кеден органдары тауарлардың шығарылған жеріне, тауарлардың жөнелтуші және межелі еліне байланысты тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу орындарын таңдауда тұлғаны шектеуге құқылы емес.
7. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасында орналасқан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік шекаралары арқылы өткізу пункттері туралы ақпарат беру мақсатында Комиссия олар туралы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті мемлекеттік органдары ұсынатын мәліметтер негізінде осындай өткізу пункттерінің ақпараттық-анықтамалық тізбесін және осындай өткізу пункттері паспорттарының жалпы тізілімін қалыптастырады және Еуразиялық экономикалық одақтың Интернет желісіндегі ресми сайтына орналастырады.
Көрсетілген тізбе мен тізілімнің нысандарын, оларды қалыптастыру, жүргізу және оларда қамтылған мәліметтерді пайдалану тәртібін, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасында орналасқан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік шекаралары арқылы өткізу пункттері туралы мәліметтер ұсынудың техникалық шарттарын, оның ішінде құрылымы мен форматын Комиссия айқындайды.
8. Осы баптың ережелері құбыржол көлігімен немесе электр беру желілері арқылы өткізілетін тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу кезінде қолданылмайды.
31-бап. Кеден органдарына алдын ала ақпаратты ұсыну
1. Алдын ала ақпарат ұсынудың мақсаты кеден органдарының тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына келгенге дейін тәуекелдерді бағалау және кедендік бақылау объектілерін, нысандарын және кедендік бақылау жүргізілуін қамтамасыз ететін шараларды таңдау туралы алдын ала шешімдер қабылдауы үшін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілуі жоспарланатын тауарлар туралы мәліметтер алуы болып табылады.
Кеден органдары алдын ала ақпаратты кедендік операциялар жасауды жеделдету және кедендік бақылау жүргізуді оңтайландыру үшін пайдаланады.
2. Кеден органдарына ұсынылатын алдын ала ақпараттың құрамы оны пайдалану мақсаттарына қарай:
1) кеден органдары тәуекелдерді бағалау және кедендік бақылау объектілерін, нысандарын және кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шараларды таңдау туралы алдын ала шешімдер қабылдау үшін пайдаланатын алдын ала ақпарат құрамына;
2) кеден органдары кедендік операциялар жасауды жеделдету және кедендік бақылау жүргізуді оңтайландыру үшін пайдаланатын алдын ала ақпарат құрамына бөлінеді.
3. Осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген мақсаттарда айқындалатын құрамдағы алдын ала ақпарат міндетті түрде ұсынылады.
Осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген мақсаттарда айқындалатын құрамдағы алдын ала ақпарат оны ұсына алатын тұлғалардың қалауы бойынша ұсынылады.
4. Алдын ала ақпарат электрондық құжат түрінде ұсынылуы мүмкін.
Электрондық құжат түрінде ұсынылған алдын ала ақпарат тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына келуі туралы хабардар етуге, тауарларды уақытша сақтауға орналастыруға, кедендік декларациялауға байланысты кедендік операциялар жасау, сондай-ақ Комиссия айқындайтын өзге де кедендік операциялар жасау кезінде пайдаланылуы мүмкін.
5. Алдын ала ақпарат тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына келгенге дейін, аумағында тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілуі жоспарланған орны орналасқан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің кеден органына ұсынылады.
6. Алдын ала ақпарат интернет-ресурстар пайдаланыла отырып, кеден органының ақпараттық жүйесі мен алдын ала ақпаратты ұсынатын тұлғалардың ақпараттық жүйелерінің өзара іс-қимылы арқылы және (немесе) Комиссия айқындайтын өзге де тәсілмен ұсынылады.
Алдын ала ақпарат кеден органының ақпараттық жүйесі мен тасымалдаушылардың ақпараттық жүйелерінің өзара іс-қимылы арқылы ұсынылған жағдайда, тасымалдаушылардың ақпараттық жүйелеріне қойылатын техникалық талаптарды қоса алғанда, мұндай өзара іс-қимыл тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
7. Алдын ала ақпарат тұлғаның таңдауы бойынша қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде ұсынылады.
8. Кеден органы ұсынылған алдын ала ақпаратты Комиссия айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде тіркейді немесе оны тіркеуден бас тартады.
9. Кеден органы ұсынылған алдын ала ақпаратты оған тіркеу нөмірін беру арқылы тіркейді.
10. Кеден органы, егер ұсынылған ақпарат Комиссия айқындаған құрамға, құрылым мен форматқа және (немесе) осы баптың 7-тармағында көзделген талапқа сәйкес келмесе, алдын ала ақпаратты тіркеуден бас тартады.
11. Алдын ала ақпараттың тіркеу нөмірі көрсетіле отырып, алдын ала ақпаратты тіркеу туралы не бас тарту себептері көрсетіле отырып, оны тіркеуден бас тарту туралы мәліметтер алдын ала ақпаратты ұсынған тұлғаға электрондық нысанда жіберіледі.
12. Алдын ала ақпарат кеден органдарының ақпараттық жүйелерінде ол тіркелген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде, ал егер Комиссия өзге мерзімді айқындаған болса, - Комиссия айқындаған мерзім ішінде сақталады, содан кейін кеден органдары мұндай ақпаратты алдын ала ақпарат ретінде пайдаланбайды.
Комиссия кеден органдарының ақпараттық жүйелерінде алдын ала ақпаратты сақтаудың осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген мерзімнен өзге мерзімін айқындауға құқылы.
13. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына міндетті түрде ұсынылуға тиіс алдын ала ақпарат ұсынылмай немесе оның ұсынылу мерзімі бұзыла отырып келген тауарлар, сондай-ақ осындай алдын ала ақпаратты белгіленген мерзімдерде ұсынбаған тұлғалар Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын бұзу тәуекелінің деңгейі жоғары санатқа жатады.
Міндетті түрде ұсынылуға тиіс алдын ала ақпарат ұсынылмаған немесе оны ұсыну мерзімдері бұзылған кезде, тауарларды кедендік жете тексеру не кедендік бақылаудың өзге нысандары және (немесе) тәуекелдерді басқару жүйесі айқындаған кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шаралар қолданылады.
Кеден органдары пайдаланатын ақпараттық жүйелерде байланыс құралдары (телекоммуникациялық желілер және Интернет желісі) жұмысының техникалық іркілістерінен, бұзылуынан, электр энергиясының өшіп қалуынан болған ақаулықтарға байланысты кеден органдары тауарларға қатысты алдын ала ақпаратты ала алмаған және (немесе) өңдей алмаған тауарлар бойынша осындай тауарларға қатысты кедендік бақылау нысандарын қолдану туралы шешімді кеден органы келу кезінде ұсынылған мәліметтер (құжаттар) негізінде қабылдайды.
Осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген жағдайларда, осы баптың 3-тармағының ережелері алдын ала ақпаратты міндетті түрде ұсыну бөлігінде қолданылмайды. Бұл ретте тауарларға қатысты кедендік операциялар Еуразиялық экономикалық одақтың және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
14. Алдын ала ақпарат:
1) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы жеке тұлғалар өткізетін, жеке пайдалануға арналған тауарларға;
2) халықаралық пошта жөнелтілімдерінде жіберілетін тауарларға;
3) осы Кодекстің 379-бабының 1-тармағында көрсетілген тауарларға;
4) дүлей зілзалалардың, авариялар мен апаттардың салдарларын жою үшін өткізілетін тауарларға;
5) мәртебесі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілген рұқсатнамамен (әскери рұқсатнамамен) расталатын әскери жүктерге;
6) келу орнында арнайы кедендік рәсіммен орналастырылатын тауарларға;
7) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің аумағы арқылы тасымалданатын Еуразиялық экономикалық одақ тауарларына;
8) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін және шектері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасының учаскелеріне толық немесе ішінара сәйкес келетін ЕЭА аумағына әкелінетін тауарларға;
9) Комиссия айқындайтын жағдайларда өзге де тауарларға қатысты ұсынылмауы мүмкін.
15. Құбыржол көлігімен немесе электр беру желілері арқылы өткізілетін тауарларға қатысты алдын ала ақпарат ұсынылмайды.
16. Алдын ала ақпараттың құрамын, осындай ақпараттың құрылымы мен форматын, алдын ала ақпаратты, оның ішінде электрондық құжат түрінде ұсынылатын алдын ала ақпарат ұсыну тәртібі мен мерзімдерін, электрондық құжат түріндегі алдын ала ақпаратты қалыптастыру және пайдалану тәртібін, алдын ала ақпаратты кеден органдарына ұсынуға міндетті не құқылы тұлғаларды Комиссия тауарларды тасымалдау (тасу) жүзеге асырылатын көлік түріне және кеден органының осындай алдын ала ақпаратты пайдалану мақсаттарына қарай айқындайды.
17. Кедендік декларациялануы Комиссия айқындайтын жағдайларда және тәртіппен, осы Кодекстің 185-бабында айқындалған ерекшеліктерімен, ал оларды Комиссия айқындағанға дейін - осы Кодекстің 185-бабында көзделген жағдайларда және уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылатын тауарларға қатысты берілген электрондық құжат түріндегі кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтер алдын ала ақпарат ретінде пайдаланылуы мүмкін.
32-бап. Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу кезінде тыйым салулар мен шектеулерді сақтау
1. Белгіленген тыйым салулар мен шектеулерге сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінуге жатпайтын, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына келген тауарлар, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында, Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында өзгеше белгіленбесе, оларды осылай әкету мақсатында халықаралық тасымалдаудың басқа көлік құралына қайта тиеуді қоспағанда, халықаралық тасымалдаудың көлік құралынан түсірілмей, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан дереу әкетілуге тиіс.