231-бап. Кедендік транзит кедендік рәсімі қолданысының аяқталуы және тоқтатылуы
1. Кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысы жөнелтуші кеден органы айқындаған тауарларды жеткізу орнына тауарлар жеткізілгеннен кейін аяқталады.
2. Кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысы аяқталғанға дейін тауарларды жеткізу орнында тауарлар кедендік бақылау аймағына, оның ішінде тауарлар өздері жеткізілген көлік құралынан түсірілмей орналастырылады.
Тауарлар кедендік бақылау аймағына тәуліктің кез келген уақытында орналастырылады.
3. Кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың тасымалдаушысы не декларанты кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысын аяқтау үшін межелі кеден органына транзиттік декларацияны, сондай-ақ өзінде бар басқа да құжаттарды:
1) автомобиль көлігімен тасымалданатын тауарларға қатысты - олар тауарларды жеткізу орнына келген кезден бастап үш сағат ішінде, ал тауарлар кеден органының жұмыс уақытынан тыс кезде келген жағдайда - осы кеден органының жұмысы басталған уақыттан бастап үш сағат ішінде;
2) су, әуе немесе теміржол көлігін пайдалана отырып тасымалданатын тауарларға қатысты - халықаралық тасымалды жүзеге асыру кезінде порттың, әуежайдың немесе теміржол станциясының технологиялық процесінде (графигінде) белгіленген уақыт ішінде, бірақ көлік құралы тауарларды жеткізу орнына келген кезден бастап межелі кеден органының келесі жұмыс күні аяқталған уақыттан кешіктірмей ұсынуға міндетті.
4. Тасымалдаушы атынан осы баптың 3-тармағында көзделген әрекеттерді, осындай тасымалдаушының тапсырмасы бойынша әрекет ететін тұлғалар жасауы мүмкін.
5. Кеден органының талап етуі бойынша тасымалдаушы тауарларды көрсетуге міндетті.
6. Межелі кеден органы осы баптың 3-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынған кезден бастап бір сағат ішінде олардың берілуін уәкілетті орган айқындаған тәртіппен тіркейді.
7. Межелі кеден органы кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысын мүмкіндігінше қысқа мерзімдерде, бірақ осы баптың 3-тармағында көрсетілген құжаттарды беруді тіркеген кезден бастап кеден органы жұмыс уақытының төрт сағатынан кешіктірмей, ал егер мұндай құжаттарды беру кеден органының жұмыс уақыты аяқталғанға дейін төрт сағаттан аз қалғанда тіркелсе - осы кеден органының жұмыс уақыты басталған кезден бастап төрт сағат ішінде аяқтайды.
8. Кеден органы кедендік жете тексеруді жүргізу туралы шешім қабылдаған жағдайда, кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысын аяқтау мерзімі межелі кеден органы басшысының, межелі кеден органы басшысының ол уәкілеттік берген орынбасарының не оларды алмастыратын адамдардың жазбаша рұқсатымен кедендік жете тексеруді жүргізу үшін қажетті уақытқа, бірақ осы баптың 3-тармағында көрсетілген құжаттардың берілуін тіркеген күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын уақытқа ұзартылуы мүмкін.
9. Кедендік транзит кедендік рәсімі қолданысының аяқталуы кеден органының ақпараттық жүйесі пайдаланыла отырып, электрондық құжат қалыптастыру арқылы не транзиттік декларацияға немесе транзиттік декларация ретінде пайдаланатын өзге де құжаттарға тиісті белгілер қою арқылы ресімделеді.
10. Кедендік транзит кедендік рәсімі қолданысының аяқталуына байланысты кедендік операцияларды жасау, оның ішінде тауарларды тасымалдау (тасу) жүзеге асырылатын көлік түріне қарай жасау тәртібін Комиссия айқындайды.
11. Кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысы тауарларды уақытша сақтауға орналастырумен, тауарларды шығарумен аяқталатын жағдайларды, сондай-ақ мұндай жағдайларда кедендік транзит кедендік рәсімі қолданысының аяқталуына байланысты кедендік операцияларды жасау, оның ішінде көлік түріне қарай жасау тәртібін уәкілетті орган бекітеді.
12. Осы Кодекстің 225-бабының 7-тармағында көзделген жағдайда, сондай-ақ егер тауарлар межелі кеден органынан ерекшеленетін кеден органына жеткізілген болса, кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысы осы бапта белгіленген тәртіппен аяқталады.
13. Егер тауарларды жеткізу орнына тауарлар толық немесе ішінара жеткізілмесе және осы баптың 12-тармағында көзделген жағдайларда кедендік рәсімнің қолданысы аяқталмаса, кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысы тоқтатылады.
Кедендік транзит кедендік рәсімі қолданысының тоқтатылуына байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібін, кедендік транзит кедендік рәсімі тоқтатылуға жататын мерзімдерді, сондай-ақ кедендік транзит кедендік рәсімі қолданысының тоқтатылуын ресімдеу тәртібін Комиссия айқындайды.
14. Екінші немесе үшінші типтегі куәлігі бар уәкілетті экономикалық оператордың құрылысжайларында, үй-жайларында (үй-жайлардың бөліктерінде) және (немесе) ашық алаңдарында (ашық алаңдарының бөліктерінде) құрылған кедендік бақылау аймағына тауарларды жеткізу кезінде кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысы осы Кодекстің 539-бабында белгіленген ерекшеліктермен аяқталады.
232-бап. Тауарларды жеткізу орнына тауарларды жеткізгеннен кейін жасалатын кедендік операциялар
1. Межелі кеден органы осы Кодекстің 231-бабының 3-тармағында көрсетілген құжаттардың берілуін тіркегеннен кейін осы Кодекстің 149-бабы 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген тұлғалар тауарларды уақытша сақтауға орналастыруға немесе оларды кедендік декларациялауға байланысты кедендік операцияларды:
1) автомобиль көлігімен тасымалданатын тауарларға қатысты - межелі кеден органы құжаттардың берілуін тіркегеннен кейін кеден органының жұмыс уақытының сегіз сағатынан кешіктірмей;
2) су, әуе кемелері немесе теміржол көлігі пайдаланылып тасымалданатын тауарларға қатысты - халықаралық тасымалды жүзеге асыру кезінде порттың, әуежайдың немесе теміржол станциясының технологиялық процесінде (графигінде) белгіленген уақыт ішінде, бірақ көлік құралы тауарларды жеткізу орнына келген кезден бастап межелі кеден органының келесі жұмыс күні аяқталған уақыттан кешіктірмей жасауға міндетті.
2. Су кемелері пайдаланылып тасымалданатын тауарларға қатысты тауарларды уақытша сақтауға орналастыруға байланысты кедендік операцияларды осы Кодекстің 149-бабы 1-тармағы 1) тармақшасының алтыншы абзацында және 4) тармақшасында көрсетілген тұлғалар жасауға міндетті.
3. Кеден органы осы баптың 1-тармағында көрсетілген мерзімдер өткен кезден бастап кеден органының үш сағат жұмыс уақыты ішінде осы Кодекстің 149-бабы 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген тұлғалардың осы баптың 1-тармағының бірінші абзацында көзделген кедендік операцияларды жасамағаны туралы еркін нысандағы хабарламаны тасымалдаушыға жібереді.
Осы Кодекстің 149-бабы 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген тұлғалар осы баптың 1-тармағының бірінші абзацында көзделген кедендік операцияларды жасамаған жағдайда, тасымалдаушы осы Кодекстің 17-тарауына сәйкес тауарларды уақытша сақтауға орналастыруға байланысты кедендік операцияларды осы баптың 1-тармағында көрсетілген мерзімдер өткен күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей жасауға міндетті.
4. Егер тауарларға қатысты алдын ала кедендік декларациялау жүзеге асырылған болса, осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарының ережелері қолданылмайды.
5. Тауарларды кедендік декларациялауға байланысты кедендік операцияларды осы баптың 1-тармағына сәйкес жасау кезінде осы Кодекстің 149-бабы 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген тұлғалар осы Кодекстің 17-тарауына сәйкес тауарларды уақытша сақтауға орналастыруға байланысты кедендік операцияларды:
1) осы Кодекстің 184-бабына сәйкес кедендік декларацияны кері қайтарып алуға кеден органының рұқсатын;
2) осы Кодекстің 198-бабына сәйкес тауарларды шығару мерзімін тоқтата тұру туралы кеден органының шешімін;
3) осы Кодекстің 201-бабына сәйкес тауарларды шығарудан бас тартуды алған кезден бастап үш сағат ішінде жасауға міндетті.
6. Осы баптың 1 және 5-тармақтарында көрсетілген мерзімдерде өздеріне қатысты осы бапта белгіленген кедендік операциялар жасалмаған тауарларды кеден органдары осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кідіртеді.
7. Осы баптың ережелері:
1) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына келген Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына және осы Кодекстің 385-бабының 4-тармағында көрсетілген, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттің аумағы арқылы тасымалдау (тасу) үшін кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарларға қатысты;
2) халықаралық пошта жөнелтілімдеріне қатысты;
3) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарларға қатысты кету орнында кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталған кезде;
4) екінші немесе үшінші типтегі куәліктері бар уәкілетті экономикалық оператордың құрылысжайларында, үй-жайларында (үй-жайларының бөліктерінде) және (немесе) ашық алаңдарында (ашық алаңдардың бөліктерінде) құрылған кедендік бақылау аймағына жеткізілген тауарларға қатысты кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталған кезде қолданылмайды.
233-бап. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы тасымалдау (тасу) кезінде кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің туындауы және тоқтатылуы, оларды төлеу мерзімі және есептеу
1. Кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылатын шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндет:
1) декларантта - кеден органы транзиттік декларацияны тіркеген кезден бастап;
2) егер тауарларды беру Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің теміржол тасымалдаушылары арасында жүзеге асырылатын болса, теміржол көлігі саласындағы халықаралық шарттарда және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Теміржол көлігі жөніндегі кеңесінің актілерінде белгіленген тәртіппен не егер тауарларды беру Қазақстан Республикасының теміржол тасымалдаушылары арасында жүзеге асырылатын болса, Қазақстан Республикасының көлік туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен, кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды Қазақстан Республикасының аумағы шегінде теміржол көлігімен тасымалдауға қабылдаған Қазақстан Республикасының теміржол тасымалдаушысында - тауарларды белгіленген тәртіппен тасымалдауға қабылдаған кезден бастап туындайды.
2. Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндет жеке пайдалануға арналған тауарларды және халықаралық пошта жөнелтілімдерін кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастыру кезінде туындамайды.
3. Кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндетдекларантта, сондай-ақ жөнелтуші кеден органы айқындаған тауарларды жеткізу орнына дейін тауарларды тасымалдауды (тасуды) жүзеге асыратын, осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің теміржол тасымалдаушысында мынадай мән-жайлар басталған кезде:
1) осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген жағдайды қоспағанда, осы Кодекстің 231-бабына сәйкес кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталғанда;
2) уәкілетті экономикалық оператор тауарларды осы Кодекстің 539-бабына сәйкес қабылдағанда;
3) өздеріне қатысты кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданылуы тоқтатылған тауарларды осы Кодекстің 209-бабының 6-тармағына сәйкес уақытша сақтауға орналастырғанда;
4) өздеріне қатысты кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданылуы тоқтатылған тауарларды осы Кодекстің 209-бабының 7-тармағына сәйкес кедендік рәсімдермен орналастырғанда;
5) кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндетті орындағанда және (немесе) олар осы баптың 6-тармағына сәйкес есептелген және төлеуге жататын мөлшерлерде өндіріп алынғанда;
6) шетелдік тауарлардың авария немесе еңсерілмейтін күш әсері салдарынан жойылу және (немесе) қайтарымсыз жоғалу фактісін не қалыпты жағдайларда тасымалдау (тасу) және (немесе) сақтау кезінде табиғи кему салдарынан осы тауарлардың қайтарымсыз жоғалу фактісін осы Кодекске сәйкес мұндай жойылғанға немесе қайтарымсыз жоғалғанға дейін осындай шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу мерзімі басталған жағдайларды қоспағанда, кеден органы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен танығанда;
7) транзиттік декларацияны тіркеу кезінде туындаған кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндетке қатысты - тауарларды кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес шығарудан бас тартылғанда;
8) транзиттік декларацияны тіркеген кезде туындаған кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндетке қатысты - осы Кодекстің 184-бабына сәйкес транзиттік декларация кері қайтарып алынғанда және (немесе) осы Кодекстің 192-бабының 5-тармағына сәйкес тауарлар шығарылымы жойылғанда;
9) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тауарлар тәркіленгенде және мемлекет меншігіне айналдырылғанда;
10) кеден органы тауарларды осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кідірткенде;
11) қылмыстық құқық бұзушылық туралы хабарламаны тексеру барысында, қылмыстық іс немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу барысында алып қойылған немесе тыйым салынған және егер бұрын осындай тауарларды шығару жүргізілмеген болса, оларды қайтару туралы шешім қабылданған тауарларды уақытша сақтауға қойғанда немесе кедендік рәсімдердің бірімен орналастырғанда тоқтатылады.
4. Кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндет теміржол көлігімен тасымалданатын, кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды теміржол көлігі саласындағы халықаралық шарттарда және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Теміржол көлігі жөніндегі кеңесінің актілерінде белгіленген тәртіппен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің теміржол тасымалдаушысына не Қазақстан Республикасының көлік туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының басқа теміржол тасымалдаушысына берген Қазақстан Республикасының теміржол тасымалдаушысында тауарларды белгіленген тәртіппен берген кезде тоқтатылады.
5. Егер тауарлар кеден органы белгілеген кедендік транзит мерзімінде тауарларды жеткізу орнына жеткізілмесе және осы Кодекстің 231-бабының 12-тармағында көзделген жағдайларда кедендік рәсімнің қолданылуы аяқталмаса, кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндет орындауға жатады.
Көрсетілген мән-жайлар басталған кезде тауарларды кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастыру күні кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу мерзімі болып есептеледі.
6. Осы баптың 5-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлар тарифтік преференциялар мен кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі жеңілдіктер қолданылмай ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылғандай етіп, ал жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты - жеке пайдалануға арналған тауарларды еркін айналысқа шығару жүргізілгендей етіп төлеуге жатады.
Кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеу үшін кеден органы транзиттік декларацияны тіркеген күні қолданылатын кедендік әкелу баждарының, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының мөлшерлемелері қолданылады.
Егер кеден органында тауарлар (сипаттамасы, атауы, саны, шығарылған жері және (немесе) кедендік құны) туралы нақты мәліметтер болмаса, төлеуге жататын кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеуге арналған база кеден органында бар мәліметтер негізінде айқындалады, ал тауарларды сыныптау осы Кодекстің 40-бабының 4-тармағы ескеріле отырып жүзеге асырылады.
Егер Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес тауар кодтары белгілер саны оннан аз топтама деңгейінде айқындалса, мыналарды:
кедендік әкелу баждарын есептеу үшін осындай топтамаға кіретін тауарларға сәйкес келетін кедендік әкелу баждары мөлшерлемелерінің ең жоғарысы қолданылады;
салықтарды есептеу үшін кедендік әкелу баждары мөлшерлемелерінің ең жоғарысы белгіленген, осындай топтамаға кіретін тауарларға сәйкес келетін қосылған құн салығы мөлшерлемелерінің ең жоғарысы және акциздер мөлшерлемелерінің ең жоғарысы қолданылады;
арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеу үшін осы тармақтың бесінші бөлігі ескеріле отырып, осындай топтамаға кіретін тауарларға сәйкес келетін арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары мөлшерлемелерінің ең жоғарысы қолданылады.
Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары осы Кодекстің 5-тарауына сәйкес расталған тауарлардың шығарылған жері және (немесе) көрсетілген баждарды айқындау үшін қажетті өзге де мәліметтер негізге алына отырып есептеледі. Тауарлардың шығарылған жері және (немесе) көрсетілген баждарды айқындау үшін қажетті өзге де мәліметтер расталмаған жағдайда, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, егер тауарды сыныптау он белгі деңгейінде жүзеге асырылған болса, Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының нақ сол кодындағы тауарларға не егер Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес тауар кодтары белгілер саны оннан аз топтама деңгейінде айқындалса, топтамаға кіретін тауарларға қатысты белгіленген арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары мөлшерлемелерінің ең жоғарысы негізге алына отырып есептеледі.
Тауарлар туралы дәлме-дәл мәліметтер кейіннен анықталған кезде кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары осындай нақты мәліметтер негізге алынып есептеледі және осы Кодекстің 11-тарауына және 141-бабына сәйкес кедендік әкелу баждарының, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының артық төленген және (немесе) артық өндіріп алынған сомасын есепке жатқызу (қайтару) жүзеге асырылады не осы Кодекстің 87 және 137-баптарына сәйкес әрекеттер, осы Кодекстің 12-тарауына және 142-бабына сәйкес төленбеген сомаларды өндіріп алу жүзеге асырылады.
Халықаралық пошта жөнелтілімдеріне қатысты кедендік әкелу баждары, салықтар осы Кодекстің 370-бабының 7-тармағында белгіленген мөлшерде төлеуге жатады.
7. Кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндет орындалғаннан кейін және (немесе) олар өндіріп алынғаннан (толық немесе ішінара) кейін кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды осы Кодекстің 209-бабының 6-тармағына сәйкес уақытша сақтауға орналастырған не осындай тауарлар осы Кодекстің 209-бабының 7-тармағына сәйкес кедендік рәсімдермен орналастырған не кеден органдары осындай тауарларды осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кідірткен жағдайда, осы бапқа сәйкес төленген және (немесе) өндіріп алынған кедендік баждардың, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомасы осы Кодекстің 11-тарауына және 141-бабына сәйкес есепке жатқызуға (қайтаруға) жатады.
8. Осы Кодекстің 96-бабының 3-тармағына сәйкес кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етуді кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың декларантынан өзге тұлға ұсынған жағдайда, мұндай өзге тұлға кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі ортақ міндетті декларантпен бірге көтереді.
9. Егер тауарларды теміржол көлігімен тасымалдау кезінде теміржол көлігі саласындағы халықаралық шарттарда және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Теміржол көлігі жөніндегі кеңесінің актілерінде не Қазақстан Республикасының көлік туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды тасымалдауға қабылдаған Қазақстан Республикасының теміржол тасымалдаушысы кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың декларанты болып табылмаса, мұндай теміржол тасымалдаушысы кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі ортақ міндетті декларантпен бірге көтереді.
234-бап. Тұлғалардың кедендік транзит кедендік рәсімін бұзған кездегі жауаптылығы
1. Кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған барлық тауарлар және оларға арналған құжаттар тауарларды жеткізу орнына жеткізілмеген кезде осы Кодекстің 230-бабында көрсетілген тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
Тауарларды кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасымалдау (тасу) кезінде міндеттер орындалмаған өзге де жағдайларда, оның ішінде кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың бір бөлігі жеткізілмеген жағдайда, осы Кодекстің 230-бабында көрсетілген тұлғалар аумағында бұзушылықтар анықталған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген жауаптылықта болады.
2. Тауарларды кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес теміржол көлігімен тасымалдау кезінде тасымалдаушының міндеттерді орындамағаны үшін теміржол көлігі саласындағы халықаралық шарттарда және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Теміржол көлігі жөніндегі кеңесінің актілерінде не егер тауарларды беру Қазақстан Республикасының теміржол тасымалдаушылары арасында жүзеге асырылса, Қазақстан Республикасының көлік туралы заннамасында белгіленген тәртіппен тауарларды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасымалдауға қабылдаған теміржол тасымалдаушысы жауаптылықта болады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген теміржол тасымалдаушысы тауарларды кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес теміржол көлігімен тасымалдау кезінде өз міндеттерін орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
25-тарау. КЕДЕН ҚОЙМАСЫ КЕДЕНДІК РӘСІМІ
235-бап. Кеден қоймасы кедендік рәсімінің мазмұны және қолданылуы
1. Кеден қоймасы кедендік рәсімі шетелдік тауарларға қатысты қолданылатын кедендік рәсім болып табылады, оған сәйкес тауарларды осындай кедендік рәсіммен орналастыру және осындай кедендік рәсімге сәйкес оларды пайдалану шарттары сақталған кезде, осындай тауарлар кеден қоймасында кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары төленбей сақталады.
2. Кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар шетелдік тауарлар мәртебесін сақтайды.
3. Кеден қоймасы кедендік рәсімін:
1) бұрын уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастыру жолымен уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімінің;
2) кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды және (немесе) бұрын кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды қайта өңдеу өнімдерін кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастыру жолымен кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімінің;
3) ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды және (немесе) бұрын ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды қайта өңдеу өнімдерін кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастыру жолымен ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімнің қолданылуын тоқтата тұру үшін қолдануға жол беріледі.
4. Габариттері үлкен болғандықтан немесе тиеудің, түсірудің және (немесе) сақтаудың ерекше жағдайларына байланысты кеден қоймасында орналастыруға болмайтын тауарларға қатысты кеден қоймасы кедендік рәсімін қолдануға жол беріледі.
Осындай тауарларды сақтау кеден қоймалары болып табылмайтын орындарда жүзеге асырылуы мүмкін, бұл ретте осындай орындарда сақтауға уәкілетті орган айқындаған тәртіппен берілетін кеден органының рұқсаты болуға тиіс, сондай-ақ осы Кодекстің 10-тарауына сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуы қамтамасыз етілуі керек.
5. Комиссия кеден қоймасы кедендік рәсімі қолданылмайтын тауарлар тізбесін айқындауға құқылы.
236-бап. Тауарларды кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастыру және оларды осындай кедендік рәсімге сәйкес пайдалану шарттары
1. Мыналар:
1) тауарлардың жарамдылық мерзімінің және (немесе) өткізу мерзімінің кеден қоймасы кедендік рәсіміне сәйкес оларды кедендік декларациялау күніне күнтізбелік бір жүз сексен күннен астам уақытты құрауы;
2) осы Кодекстің 8-бабына сәйкес тыйым салулар мен шектеулерді сақтау тауарларды кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастыру шарттары болып табылады.
2. Мыналар:
1) тауарлардың кеден қоймасына, ал осы Кодекстің 235-бабының 4-тармағында көрсетілген тауарлардың - кеден органының тауарларды кеден қоймасы болып табылмайтын орында сақтауға берілген рұқсатында көрсетілген орындарға қойылуы және сонда болуы;
2) кеден қоймасы кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін сақтау;
3) кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлармен операциялар жасау кезінде осы Кодекстің 238-бабының ережелерін сақтау тауарларды кеден қоймасы кедендік рәсіміне сәйкес пайдалану шарттары болып табылады.
237-бап. Кеден қоймасы кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі
1. Кеден қоймасы кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарларды осындай кедендік рәсіммен орналастырған күннен бастап үш жылдан аспауы керек.