129-бап. Кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті төлеушінің банктік шоттарындағы ақшасы есебінен өндіріп алу
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешек өтелмеген жағдайда, кеден органы кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті өтеу туралы хабарлама табыс етілген күннен кейінгі жиырма жұмыс күні өткен соң төлеушінің банктік шоттарынан кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешек сомасын мәжбүрлеу тәртiбiмен өндіріп алады.
Осы тармақтың ережелері банк берген қарыздар бойынша қамтамасыз ету болып табылатын, көрсетілген қарыздың өтелмеген негізгі борышы мөлшеріндегі ақша сомасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау, жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру, банктер және банк қызметі, сақтандыру қызметі, атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі, төлемдер және төлем жүйелері, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, инвестициялық және венчурлік қорлар туралы заңнамалық актілеріне сәйкес өндіріп алуға жол берілмейтін банктік шоттарға қолданылмайды.
2. Даусыз тәртіппен өндіріп алу туралы шешім төлеушінің банктік шоттары ашылған банкке немесе банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға кеден органының қажетті ақшаны төлеушінің банктік шоттарынан есептен шығаруға және бюджетке аударуға арналған инкассолық өкімін жіберу нысанында қабылданады.
Кеден органы инкассолық өкімді банктерге немесе банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қағаз жеткізгіште немесе телекоммуникациялар желісі бойынша беру арқылы электрондық нысанда жібереді. Инкассолық өкім электрондық нысанда жіберілген кезде мұндай инкассолық өкім Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісілген форматта қалыптастырылады.
3. Банк немесе банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым кеден органының кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті төлеушiнің бір банктік шотынан өндіріп алу туралы инкассолық өкімін орындаған кезде банк немесе банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым төлеушiнің көрсетілген банкте немесе банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымда ашқан басқа банктік шоттарына кеден органы шығарған инкассолық өкімдерді, егер кеден органы төлеушінің осындай инкассолық өкімдерді берешектің дәл осы сомасына және түріне шығарған болса, кеден органының инкассолық шешімін орындау фактісін растайтын төлем құжатын қоса тіркей отырып, орындамай, кеден органына қайтарады.
4. Кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті шоттардан даусыз тәртіппен өндіріп алу Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында және шетел валютасында жүргізіледі. Кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті шоттардан шетел валютасында өндіріп алу кедендік төлемдердің, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының, өсімпұлдардың, пайыздардың төленуге жататын сомасына баламалы сомада кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешек төлеушінің шоттарынан өндіріп алынған күнгі валюталар бағамы бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында жүргізіледі.
5. Банк немесе банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым кеден органының инкассолық өкімін орындауды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жүзеге асырады.
130-бап. Төлеушiнің кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешегін оның дебиторларының шоттарынан өндiрiп алу
1. Төлеушiнің банктік шоттарында ақша болмаған және қолма-қол ақша болмаған жағдайда, кеден органының төлеушi алдында берешегi бар үшiншi тұлғалардың (бұдан әрi - дебиторлардың) банктік шоттарындағы ақшаға кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша құралған берешек шегiнде өндіріп алуды қолдануға құқығы бар.
Төлеуші кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті өтеу туралы хабарлама табыс етілген күннен кейінгі он жұмыс күнiнен кешiктiрмей, хабарлама жiберген кеден органына дебиторлық берешек сомаларын көрсете отырып, дебиторлар тiзiмiн және бар болса, дебиторлармен бірлесіп жасалған және дебиторлық берешек сомаларын растайтын өзара есеп айырысуларды салыстырып-тексеру актілерін ұсынуға мiндеттi.
Төлеушi кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті өтеген жағдайда дебиторлардың тiзiмi немесе өзара есеп айырысуларды салыстырып-тексеру актілері ұсынылмайды.
Өзара есеп айырысуларды салыстырып-тексеру актілері бар болған кезде кеден органы дебиторлардың банктік шоттарындағы ақшаға өндіріп алуды қолдану туралы хабарламаны дебиторлар алған күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң дебиторлардың банктік шоттарына кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті өндіріп алу туралы инкассолық өкімдер шығарады.
Төлеушi дебиторлар тiзiмiн не дебиторлардың жоқ екендігі туралы мәліметтерді және (немесе) өзара есеп айырысулар актілерін ұсынбаған жағдайда кеден органы көрсетілген төлеушiге тексеру жүргiзедi. Бұл ретте кеден органы сотта дау айтылып жатқан дебиторлық берешек сомасын растауға құқылы емес.
2. Дебиторлық берешек сомасын растайтын ұсынылған дебиторлар тiзiмiнiң негiзiнде кеден органы дебиторларға олардың банктік шоттарындағы ақшаға дебиторлық берешек шегiнде кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті өтеу есебіне өндiрiп алуды қолдану туралы хабарлама жiбередi. Дебиторлардың банктік шоттарындағы ақшаға өндiрiп алуды қолдану туралы хабарлама нысанын уәкілетті орган белгілейді.
Дебитор хабарламаны алған кезден бастап жиырма жұмыс күнiнен кешiктiрмей хабарлама жiберген кеден органына хабарлама алған күнге төлеушiмен бiрлесiп жасалған өзара есеп айырысуларды салыстырып-тексеру актiсiн ұсынуға мiндеттi.
3. Төлеушi мен оның дебиторы арасындағы өзара есеп айырысуларды салыстырып-тексеру актiсiнде мынадай мәлiметтер қамтылуға тиіс:
1) төлеушінің және оның дебиторының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) немесе атауы, төлеушінің және оның дебиторының тұрғылықты жері немесе тұрған жері, олардың сәйкестендіру нөмірлері;
2) төлеушi мен оның орналасқан жері бойынша тiркеу есебiнде тұрған дебиторы есепте тұрған кеден органының атауы;
3) төлеушi мен оның дебиторының банктік шоттарының деректемелерi;
4) дебитордың төлеушi алдындағы берешек сомасы;
5) төлеушiнің және оның дебиторының мөрi (бар болған кезде), сондай-ақ қолтаңбалары;
6) салыстырып-тексеру актiсiнiң жасалған күнi.
4. Дебиторлық берешек сомасын растайтын өзара есеп айырысуларды салыстырып-тексеру актісінің негізінде кеден органы дебитордың банктік шотына төлеушiнің кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешегін өндіріп алу туралы инкассолық өкім шығарады.
5. Төлеушiнің - дебитордың банкi немесе банктік операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымы кеден органы шығарған осы Кодекстiң 129-бабында айқындалған талаптарға сәйкес төлеушiнің кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешегінің сомасын өндiрiп алу туралы инкассолық өкiмдi орындауға мiндеттi.
131-бап. Төлеушiнің билік етілу шектелген мүлкін өткізу есебінен өндіріп алу
1. Төлеушiнің банктік шоттарында ақша, қолма-қол ақша және оның дебиторларының банктік шоттарында ақша болмаған немесе жеткiлiксiз болған жағдайларда кеден органдары, егер төлеушiнің бухгалтерлік есеп деректерінің негізінде айқындалатын, мүлікті тізімдеу актісінде көрсетілген билік етілуі шектелген мүліктің жалпы баланстық құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын 6 еселенген айлық есептік көрсеткіштен аз болатын жағдайларды қоспағанда, төлеушiнің билік етілуі шектелген мүлкіне өндіріп алуды қолдану туралы қаулы шығарады.
2. Төлеушiнің билік етілуі шектелген мүлкіне өндіріп алуды қолдану туралы қаулы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша екі данада жасалады, олардың біреуі мүлікке билік етуді шектеу туралы шешімнің және мүлікті тізімдеу актісінің көшірмесі қоса беріле отырып, уәкілетті заңды тұлғаға жіберіледі.
132-бап. Төлеушiнің билік етілуі шектелген мүлкін кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешек есебіне өткізу тәртібі
1. Билік етілуі шектелген мүлікті өткізуді уәкілетті заңды тұлға жүзеге асырады.
2. Төлеушінің билік етілуі шектелген мүлкін кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешек есебіне өткізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
133-бап. Төлеушiні банкрот деп тану
1. Төлеуші осы тарауда көзделген барлық шаралар қабылданғаннан кейін кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешек сомасын өтемеген жағдайда, кеден органы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес оны банкрот деп тану жөнінде шаралар қабылдауға құқылы.
2. Банкрот деп танылған төлеушiнi тарату тәртiбi Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
134-бап. Кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешегі бар төлеушiлердің тізімдерін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау
1. Кеден органдары кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешек туындаған күннен бастап төрт ай ішінде өтемеген оларды төлеушiлердің тізімін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
Бұл ретте тізімдерде төлеушiнің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса) не төлеушінің атауы, төлеушінің сәйкестендіру нөмірі, төлеушiнің басшысының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса) және кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешектің жалпы сомасы көрсетіледі.
2. Уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған төлеушiлер тізімі есепті тоқсаннан кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірілмей, тоқсан сайын жаңартылып отырады.
13-тарау. ІШКІ НАРЫҚТЫ ҚОРҒАУ МАҚСАТЫНДА ҚОЛДАНЫЛАТЫН АРНАЙЫ, ДЕМПИНГКЕ ҚАРСЫ, ӨТЕМАҚЫ БАЖДАРЫ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ БАЖДАР
135-бап. Ішкі нарықты қорғау мақсатында арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын және өзге де баждарды қолдану
1. Еуразиялық экономикалық одақта арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары түрінде ішкі нарықты қорғау шаралары енгізілген кезде мұндай баждар осы Кодексте белгіленген тәртіппен төленуге жатады.
Өздеріне қатысты арнайы қорғау шарасы белгіленген тауарлар осындай квотадан тыс не осындай квотадан асатын көлемде әкелінген жағдайда, Еуразиялық экономикалық одақта арнайы квота енгізу арқылы ішкі нарықты қорғау шаралары енгізілген кезде арнайы баж осы Кодексте белгіленген тәртіппен төленуге жатады.
Еуразиялық экономикалық одақта ішкі нарықты қорғау шаралары Одақ туралы шарттың 50-бабына сәйкес баж түрінде енгізілген кезде мұндай баждар, егер Комиссия өзгеше айқындамаса, осы Кодекске сәйкес кедендік баждар, салықтар төлеушілер болып табылатын тұлғалардың арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу үшін осы Кодексте көзделген жағдайларда және тәртіппен төленуге жатады.
2. Декларант немесе өздеріне арнайы, демпингке қарсы немесе өтемақы баждарын, арнайы квота енгізу арқылы ішкі нарықты қорғау шарасы қолданылатын тауарларға қатысты арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндет туындаған өзге де тұлғалар арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеушілер болып табылады.
3. Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеу және төлеу, осы тарауда және Одақ туралы шартта көзделген ерекшеліктері ескеріле отырып, осы Кодексте кедендік әкелу баждарын есептеу және төлеу үшін белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Осы тараудың ережелері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты қолданылмайды.
136-бап. Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің туындауы және тоқтатылуы. Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары төленбейтін жағдайлар
1. Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндет осы баптың 5-тармағына, осы Кодекстің 157, 163, 174, 216, 217, 233, 242, 254, 278, 288, 297, 306, 322, 328, 362, 367 және 378-баптарына сәйкес, сондай-ақ осы Кодекстің 337-бабына сәйкес - Комиссия айқындаған және Комиссия көздеген жағдайларда, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған мән-жайлар басталған кезде туындайды.
2. Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндет:
1) осы Кодекстің 157, 163, 174, 216, 217, 233, 242, 254, 278, 288, 297, 306, 322, 328, 362, 367 және 378-баптарында көзделген мән-жайлар басталған және арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің тоқтатылуына байланысты шарттар сақталған кезде;
2) осы баптың 5-тармағына сәйкес;
3) осы Кодекстің 337-бабына сәйкес - Комиссия айқындаған және және Комиссия көздеген жағдайларда Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған мән-жайлар басталған кезде;
4) осы Кодекстің 137-бабының 9-тармағында көрсетілген жағдайларда;
5) осы Кодекске сәйкес өндіріп алуға үмітсіз деп танылған арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары сомасына қатысты арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын өндіріп алу жөніндегі шаралар осы Кодекстің 116-бабының 10-тармағының 4) тармақшасына сәйкес қабылданбайтын жағдайда тоқтатылады.
3. Комиссия сол бір тауарларға қатысты арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндет әртүрлі тұлғаларда, әртүрлі мән-жайлар бойынша және (немесе) бірнеше рет туындаған жағдайларда, оның ішінде арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндет Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекетте туындаған, ал арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндет тоқтатылатын мән-жайлар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше өзге мемлекетте туындаған жағдайда, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндет тоқтатылатын мән-жайларды, сондай-ақ кеден органдарының осындай мән-жайлардың басталуын растау жөніндегі өзара іс-қимыл тәртібін айқындауға құқылы.
4. Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары:
1) өзімен орналастыру шарттары осындай кедендік рәсімнің қолданылуы аяқталғанға немесе тоқтатылғанға дейін және осы тауарлардың осындай кедендік рәсімге сәйкес пайдалану шарттары сақталған кезде арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеуді көздемейтін кедендік рәсіммен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға;
2) осы Кодексте осы тауарлар санаттары үшін белгіленген олардың пайдаланылу шарттары сақталған кезде осы Кодекстің 355-бабының 4-тармағына және 364-бабының 2-тармағына сәйкес кедендік рәсімдермен орналастырылуға жатпайтын жекелеген тауарлар санаттарына қатысты төленбейді.
5. Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу кезінде арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндет осы Кодекстің 88-бабында кедендік әкелу баждарын төлеу жөніндегі міндеттің туындауы, тоқтатылуы мен орындалуы үшін белгіленген мән-жайлар басталған кезде, Еуразиялық экономикалық одақтың шеңберіндегі халықаралық шарттарда көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, туындайды, тоқтатылады және орындалуға жатады.
Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу кезінде арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары тауарларды ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылғандай мөлшерде төленуге жатады.
Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу кезінде арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы тарауға сәйкес есептеледі.
Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеу үшін тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын кесіп өткен күні, ал егер ол күн анықталмаса - тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу фактісі анықталған күнге қолданыста болатын арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының мөлшерлемелері қолданылады.
Егер тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін, сондай-ақ арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеу үшін шетел валютасын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің валютасына қайта есептеу талап етілетін жағдайда, мұндай қайта есептеу тауар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын кесіп өткен күнге қолданыста болатын, ал егер бұл күн анықталмаса - тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу фактісі анықталған күнге қолданыста болатын валюталар бағамы бойынша жүргізіледі.
Егер кеден органында тауарлар туралы (сипаттамасы, атауы, саны, шығарылған жері және (немесе) кедендік құны) дәл мәліметтер болмаса, төленуге жататын арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеу үшін база кеден органында бар мәліметтер негізінде айқындалады, ал тауарларды сыныптау осы Кодекстің 40-бабының 4-тармағы ескеріле отырып жүзеге асырылады.
Егер тауардың Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес коды он таңбадан аз санда топтау деңгейінде айқындалса, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеу үшін осындай топтауға кіретін тауарларға сәйкес келетін арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары мөлшерлемелерінің ең көбі қолданылады.
Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары осы Кодекстің 5-тарауына сәйкес расталған тауарлардың шығарылған жері және (немесе) көрсетілген баждарды айқындау үшін қажетті өзге де мәліметтер негізге алына отырып есептеледі. Егер тауарлардың шығарылған жері және (немесе) көрсетілген баждарды айқындау үшін қажетті өзге де мәліметтер расталмаған жағдайда, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, егер тауар сыныптамасы он таңба деңгейінде жүзеге асырылса, Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының дәл сол кодының тауарларына не егер тауарлардың Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес кодтары таңбаларының саны оннан аз топтау деңгейінде айқындалған топтауға кіретін тауарларға қатысты белгіленген арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары мөлшерлемелерінің ең көбі негізге алына отырып есептеледі.
Кейіннен тауарлар туралы дәл мәліметтер анықталған кезде, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары осындай дәл мәліметтер негізге алына отырып есептеледі және осы Кодекстің 141-бабына сәйкес артық төленген және (немесе) артық өндіріп алынған арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомаларын есепке жатқызу (қайтару) жүзеге асырылады не осы Кодекстің 87-бабына сәйкес әрекеттер, осы Кодекстің 12-тарауына сәйкес төленбеген сомаларды өндіріп алу жүзеге асырылады.
6. Тауарлар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәркіленген немесе мемлекет меншігіне айналдырылған, кеден органдары осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кідірткен, уақытша сақтауға орналастырған, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндет орындалғаннан және (немесе) олар өндіріп алынғаннан (толық немесе ішінара) кейін тауарлар кедендік рәсімдермен орналастырған жағдайда, осы бапқа сәйкес төленген және (немесе) өндіріп алынған арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомалары осы Кодекстің 141-бабына сәйкес есепке жатқызылуға (қайтарылуға) жатады.
7. Осы баптың 5-тармағының ережелері тауарларды анық емес кедендік декларациялай отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу кезінде қолданылмайды.
Тауарларды анық емес кедендік декларациялай отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу кезінде арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары осы Кодекске сәйкес есептеледі. Бұл ретте тауарларды кедендік декларациялау кезінде іс жүзінде төленген арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары қайтадан төленбейді (өндіріп алынбайды), ал арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының артық төленген және (немесе) артық өндіріп алынған сомалары осы Кодекске сәйкес есепке жатқызылуға (қайтарылуға) жатады.
137-бап. Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндетті орындау
1. Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндетті арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеуші осы Кодекске сәйкес арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеушімен бірге арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша ынтымақты міндет атқаратын тұлғалар орындайды.
Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндетті үшінші тұлға осы Кодекстің 94-бабының 11-тармағында белгіленген тәртіппен орындауы мүмкін.
Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндетті осы Кодекстің 494-бабын ескере отырып, кеден өкілі орындайды.
2. Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндетті оларды осы Кодекстің 138-бабында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде, осы Кодекске сәйкес есептелген және төленуге жататын сомалар мөлшерінде төлеу арқылы орындалады.
3. Осы Кодекстің 194-бабына сәйкес арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндетті орындау осы Кодекстің 10-тарауында көзделген тәсілдермен қамтамасыз етілетін жағдайда, кеден органы арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндетті орындау мерзімі басталғанға дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей төлеушіге еркін нысанда арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндетті орындау мерзімінің басталатыны туралы хабарлама жібереді.
Осы тармақтың бірінші абзацында белгіленген жағдайда, сондай-ақ арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуы осы Кодекстің 10-тарауында көзделген тәсілдермен қамтамасыз етілетін өзге де жағдайларда, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндетті орындау мерзімі өткен соң кеден органы осы Кодекстің 10-тарауында белгіленген тәртіппен арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының тиесілі сомаларын төлеу туралы талап жібереді.
4. Мынадай:
1) осы баптың 3-тармағында көзделген;
2) арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуы осы Кодекстің 10-тарауында көзделген тәсілдермен қамтамасыз етілген жағдайларды қоспағанда, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндет орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайларда, кеден органы арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу мерзімі басталғанға дейін он жұмыс күні ішінде төлеушіге және осы Кодекске сәйкес төлеушімен бірге арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеу бойынша ынтымақты міндет атқаратын тұлғаларға арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының, өсімпұлдардың, пайыздардың белгіленген мерзімде төленбеген сомалары туралы хабарлама жібереді.
Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекетте төленуге жататын, ал арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын өндіріп алуды осы Кодекстің 119-бабының 4-тармағына сәйкес Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің кеден органы жүзеге асыратын жағдайларда көрсетілген хабарламаны арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын өндіріп алуды жүзеге асырған кеден органы арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын өндіріп алуға қажетті құжаттарды алғаннан кейін Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексіне № 1 қосымшада көзделген тәртіппен жібереді.
5. Өсімпұлды есепке жазу осы Кодекстің 124-бабында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
6. Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының, өсімпұлдардың, пайыздардың белгіленген мерзімде төленбеген сомалары туралы хабарлама ол табыс етілген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде орындалуға жатады. Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының, өсімпұлдардың, пайыздардың белгіленген мерзімде төленбеген сомалары туралы хабарламаның нысанын осы Кодекстің 86-бабы 6-тармағына сәйкес уәкілетті орган бекітеді.
Көрсетілген хабарламаны табыс ету тәртібі осы Кодекстің 87-бабына сәйкес белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
7. Төлеуші белгіленген мерзімде төленбеген арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар сомалары туралы хабарламада көрсетілген талаптарды белгіленген мерзімде төленбеген арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар сомалары туралы осындай хабарлама тіркелген күннен бастап осындай талаптарды орындау күнін қоса алғанға дейінгі кезеңде есепке жазылуға жататын өсімпұлдарды төлеместен орындаған кезде, кеден органы белгіленген мерзімде төленбеген арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының, өсімпұлдардың, пайыздардың сомалары туралы бұрын шығарылған хабарламаға толықтыру жібереді.