3. Бала асырап алуға үміткер Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органына баланы асырап алуға тілек білдіргені туралы жазбаша өтініш, сондай-ақ арнайы уәкілетті шетелдік мемлекеттік органдар және бала асырап алу жөніндегі ұйымдар беретін, табыстары, отбасы жағдайы, денсаулық жағдайы, оның ішінде психикалық хал-жайы туралы, есірткіге (уытқұмарлыққа), алкогольге тәуелді еместігі туралы, сотталмағандығы туралы, ықтимал ата-аналардың жеке басының адамгершілік қасиеттері туралы анықтамалар береді. Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органына құжаттарды табыс еткеннен кейін және асырап алушы баланы асырап алуға келіскен жағдайда асырап алушы баламен кемiнде төрт апта тiкелей қатынаста болуға тиіс.
86-бап. Бала асырап алушының құқықтары мен міндеттері
1. Бала асырап алушы баланы тәрбиелеуге, оның денсаулығына, дене бітімі, психикалық, адамгершілік және рухани жағынан дамуына қамқорлық жасауға міндетті.
2014.31.03. № 180-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Бала асырап алушы баланың пікірін және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның ұсынымдарын ескере отырып, баланы тәрбиелеу тәсілдерін өз бетінше айқындауға құқылы және осы Кодексте көзделген талаптарды сақтауға міндетті.
Республика аумағында тұрақты тұратын, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын бала асырап алушының жетім баланы және (немесе) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы асырап алуға байланысты біржолғы ақшалай төлем алуға құқығы бар.
Бала асырап алудың күші жойылған жағдайда бала асырап алушы жетім баланы және (немесе) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы асырап алуға байланысты төленген біржолғы ақшалай төлемді бюджетке қайтаруға міндетті.
Жетім баланы және (немесе) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы асырап алуға байланысты біржолғы ақшалай төлемді тағайындау, қайтару тәртібін және оның мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
3. Бала асырап алушы баланың пікірін ескере отырып, ол міндетті жалпы орта білім алғанға дейін білім беру ұйымын және баланың оқу нысанын таңдауға құқығы бар.
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын бала асырап алушылар бала он сегіз жасқа толғанға дейін жылына кемінде бір рет бала асырап алу туралы сот шешімі шыққан жер бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға асырап алынған баланың тұрмыс, оқу, тәрбие жағдайы және денсаулық жағдайы туралы есептер ұсынуға міндетті.
Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұрақты тұратын, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын бала асырап алушылар және шетелдік бала асырап алушылар Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органға бала асырап алу туралы сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін бала он сегіз жасқа толғанға дейін алғашқы үш жылда әрбір алты ай сайын, кейінгі жылдары - жылына кемінде бір рет асырап алынған баланың тұрмыс, оқу, тәрбие жағдайы және денсаулық жағдайы туралы есептер ұсынуға міндетті.
Жекелеген жағдайларда, есептерді ұсыну кезеңділігі бала асырап алушылардың отбасында қалыптасқан нақты ахуалға байланысты Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органының шешімі бойынша белгіленеді.
Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұрақты тұратын, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын бала асырап алушылар және шетелдік бала асырап алушылар есептерді бала асырап алушы және бала тұрып жатқан елде орналасқан Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері арқылы ұсынады.
Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұрақты тұратын, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын бала асырап алушылар және шетелдік бала асырап алушылар осы тармақта көзделген тәртіппен есептер ұсынбаған немесе уақытылы ұсынбаған жағдайда Қазақстан Республикасында бала асырап алу кезінде олардың мүдделерін білдірген бала асырап алу жөніндегі агенттіктің қызметі осы Кодекстің 112-бабы 8-тармағының 6) тармақшасында көзделген негіздер бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылуға жатады.
Асырап алынған баланың өмір сүру, оқу, тәрбие жағдайлары туралы және денсаулық жағдайы туралы есепті ұсыну тәртібі мен мерзімдерін, нысанын Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы бекітеді.
87-бап. Бала асырап алу тәртібі
1. Бала асырап алуды бала асырап алуға тілек білдірген адамдардың (адамның) өтініші бойынша сот жүргізеді. Бала асырап алу туралы істерді сот Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде көзделген ерекше іс жүргізу тәртібімен жүргізеді.
Сот балаларды асырап алу туралы істерді бала асырап алушылардың өздерінің, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган өкілінің, сондай-ақ прокурордың міндетті түрде қатысуымен қарайды.
2. Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік болып табылатын баланы асырап алған кезде баланың заңды өкілінің және бала азаматы болып табылатын мемлекеттің құзыретті органының келісімін, сондай-ақ бұл аталған мемлекеттің заңнамасына сәйкес қажет болса, асырап алуға баланың келісімін алуы қажет.
3. Бала асырап алушы азаматы болып табылатын шет мемлекеттің құзыретті органы Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын және Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұратын баланы асырап алуды жүргізуі оның тұратын жері бойынша жергілікті атқарушы органнан немесе Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге кеткенге дейін оның ата-аналарынан асырап алуға алдын ала рұқсат алған жағдайда Қазақстан Республикасында жарамды деп танылады.
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Қазақстан Республикасының азаматтарымен некеде тұратын шетелдіктердің Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын баланы Қазақстан Республикасының аумағында асырап алуы осы Кодексте шетелдіктер үшін белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 88-бап өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
88-бап. Бала асырап алушылардың құқықтары мен міндеттерінің басталу кезі
Бала асырап алушының және асырап алынған баланың құқықтары мен міндеттері бала асырап алу туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап туындайды.
Баланы асырап алу туралы соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде сот осы шешімнің үзінді көшірмесін бала асырап алу туралы сот шешімі шығарылған жер бойынша тіркеуші органға және шешім шығарылған жер бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға жіберуге міндетті.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 89-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
89-бап. Асырап алуға жататын балаларды және балаларды асырап алуға тілек білдірген адамдарды есепке алу
1. Асырап алуға жататын балаларды есепке алу осы Кодекстің 117-бабының 5 және 6-тармақтарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алуға тілек білдірген адамдарды есепке алуды Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкiлеттi органы белгiлеген тәртiппен қорғаншылық немесе қамқоршылық жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын органдар жүргiзедi.
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алуға тілек білдірген, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын, Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын адамдарды, шетелдiктердi есепке алуды Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі айқындайтын тәртiппен Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерi жүргiзедi.
90-бап. Бірнеше бала асырап алу
1. Бiр адамның ағалы-iнiлi және апалы-сiңлiлi (қарындасы) болып табылатын немесе бір-бірімен өзара туыстық қатынасы жоқ бiрнеше баланы асырап алуы мүмкін.
Өзара туыстық қатынасы жоқ асырап алынған балалардың арасында ағалы-iнiлiлер мен апалы-сiңлiлiлердің (қарындасының) арасындағы сияқты құқықтар мен мiндеттер туындайды.
2. Асырап алу балалардың мүдделерiне сай келетiн және балалар өздерінің туыстығы туралы білмеген, бірге тұрмаған және бірге тәрбиеленбеген жағдайларды қоспағанда, бір отбасында тәрбиеленген ағалы-iнiлілер мен апалы-сiңлiлілердi (қарындастарды) әртүрлi адамдардың асырап алуына жол берiлмейдi.
91-бап. Бала асырап алушы болуға құқығы бар адамдар
1. Бала асырап алушы адамның отбасында баланың қалыпты дене бітімі, психикалық, рухани және адамгершілік жағынан дамуы, тәрбиеленуi және бiлiм алуы үшiн жағдайлар болған кезде бала асырап алуға рұқсат етiледi.
2. Мыналарды:
1) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулі деп таныған адамдарды;
2) сот біреуін әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлеті шектеулі деп таныған ерлi-зайыптыларды;
3) сот ата-ана құқықтарынан айырған немесе сот ата-ана құқықтарын шектеген адамдарды;
4) өзiне Қазақстан Республикасының заңдарында жүктелген мiндеттердi тиiсiнше орындамағаны үшiн қорғаншы немесе қамқоршы мiндеттерінен шеттетiлген адамдарды;
5) егер сот олардың кінәсінен бала асырап алудың күшiн жойса, бұрынғы бала асырап алушыларды;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6) денсаулық жағдайына байланысты ата-ана құқықтарын жүзеге асыра алмайтын адамдарды қоспағанда. Адамның бала асырап алуы, оны қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронатқа қабылдап алуы мүмкін болмайтын аурулар болған кезде, олардың тiзбесiн денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгiлейдi;
7) тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдарды;
8) дәстүрлi емес жыныстық бағдар ұстанатын адамдарды;
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9) асырап алған кезде қасақана қылмыс жасағаны үшін жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар адамдарды, сондай-ақ осы тармақтың 14) тармақшасында аталған адамдарды;
10) азаматтығы жоқ адамдарды;
11) анасының қайтыс болуына немесе оның ата-ана құқықтарынан айырылуына байланысты баланың кемінде үш жыл іс жүзінде тәрбиелену жағдайларын қоспағанда, тіркелген некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) еркек жынысты адамдарды;
12) асырап алған кезде асырап алынған баланы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейімен қамтамасыз ететін табысы жоқ адамдарды;
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 13) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
13) наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұратын адамдарды;
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 14) тармақшамен толықтырылды
14) адам өлтіру, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, халық денсаулығына және имандылыққа, жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтары, экстремистік немесе террористік қылмыстары, адам саудасы үшін сотталғандығы бар немесе болған, қылмыстық қудалауға ұшырап отырған немесе ұшыраған адамдарды қоспағанда (Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшалары негізінде өздеріне қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған адамдарды қоспағанда), кәмелетке толған адамдар бала асырап алушылар болуы мүмкін.
3. Бiр-бiрiмен некеде тұрмайтын (ерлі-зайыпты болмаған) адамдар сол бiр баланы бiрлесiп асырап ала алмайды.
92-бап. Бала асырап алушы мен асырап алынушы бала арасындағы жас айырмасы
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Бала асырап алушы мен асырап алынушы баланың жас айырмасы кем дегенде он алты жас болуға тиіс. Сот дәлелді деп таныған себептер бойынша жас айырмасы қысқартылуы мүмкін.
2. Өгей әкесi (өгей шешесi) бала асырап алған кезде, осы баптың 1-тармағында белгiленген жас айырмасының болуы талап етiлмейдi.
93-бап. Бала асырап алуға заңды өкілдердің келісімі
1. Егер ата-ана құқықтарынан айрылмаған болса, баланы асырап алу үшін оның ата-аналарының келісімі қажет.
Кәмелетке толмаған, жасы он алтыға толмаған ата-аналардың баласын асырап алған кезде, сондай-ақ заңды өкілдерінің келісімі қажет.
Кәмелетке толмаған ата-аналардың заңды өкілдері болмаған кезде немесе кәмелетке толмаған ата-аналар баланы туған кезде медициналық ұйымда қалдырған және үш айдан аса оның тағдырына ешкім қарайласпаған жағдайда, - қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның келісімі қажет.
2. Бала асырап алуға ата-аналардың келiсiмi нотариалды куәландырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тұратын ұйымның басшысы не бала асырап алған жердегі немесе ата-аналар тұратын жердегi қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган растаған өтініште көрсетiлуге тиiс, сондай-ақ бала асырап алу iсiн жүргiзу кезiнде сотта тiкелей бiлдiрiлуi мүмкiн.
Бала асырап алу туралы сот шешiмi шығарылғанға дейiн ата-аналар бала асырап алуға өздерi берген келiсiмiнiң күшiн жоюға құқылы.
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Ата-аналары туыстарына, асырап алынатын баланың (балалардың) анасымен немесе әкесімен некеде (ерлі-зайыптылықта) тұратын адамдарға баланы асырап алуға келісім бере алады. Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдар сотқа асырап алудың баланың мүдделеріне сәйкестігі туралы қорытынды береді. Баланы өгей әкесі (өгей шешесі) асырап алған немесе баланы ата-аналарының келісімі бойынша туыстары асырап алған жағдайда, асырап алудың баланың мүдделеріне сәйкестігі туралы қорытынды талап етілмейді.
4. Қорғаншылықтағы немесе қамқоршылықтағы балаларды асырап алу үшiн олардың қорғаншыларының немесе қамқоршыларының жазбаша нысандағы келiсiмi қажет.
5. Баланы патронаттық тәрбиелеуге беру туралы шарт бойынша тәрбиеленiп жатқан балаларды асырап алу үшiн патронат тәрбиешiлерiнiң жазбаша нысандағы келiсiмi қажет.
6. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және білім беру ұйымдарындағы, медициналық және басқа да ұйымдардағы балаларды асырап алу үшін осы ұйымдар басшыларының жазбаша нысандағы келісімі қажет.
7. Осы баптың 1, 4, 5 және 6-тармақтарында аталған адамдардың келісімінсіз, сот баланың мүддесінде оны асырап алу туралы шешім шығаруға құқылы.
Ата-анасының екеуі не некеде (ерлі-зайыптылы) тұрмаған анасы бас тарту туралы өтінішті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ресімдеместен, медициналық ұйымда туған баладан бас тартқан жағдайда, сондай-ақ үш жастан аспаған тастанды (ата-анасы бас тартқан) бала табылған кезде, ол қалдырылғаннан немесе табылғаннан кейін үш ай өткен соң сот баланың мүддесінде Қазақстан Республикасы азаматтарының бала асырап алуы туралы істі қарауға құқылы.
94-бап. Баланы ата-аналарының келісімінсіз асырап алу
Егер ата-аналар:
1) белгiсiз болған немесе сот оларды қайтыс болған деп жариялаған, хабар-ошарсыз кеткен деп таныған;
2) сот оларды әрекетке қабiлетсiз деп таныған;
3) сот оларды ата-ана құқықтарынан айырған;
4) баламен бiрге тұрмаған және сот дәлелсiз деп таныған себептер бойынша алты айдан астам уақыт бойы оны тәрбиелеу мен күтіп-бағудан жалтарған жағдайларда, олардың баланы асырап алуға келісімі талап етілмейді.
Некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) ананың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ресімделген, медициналық ұйымдағы баладан бас тарту туралы жазбаша өтініші болған кезде сот ата-аналардың баланы асырап алуға келісімін растайтын басқа да құжаттарды талап етуге құқылы емес
95-бап. Баланың асырап алуға келісімі
Он жасқа толған баланы асырап алу үшін оның келісімі қажет.
Баланың асырап алуға келісімін ата-аналарының не баланың басқа да заңды өкілдерінің, прокурордың қатысуымен сот анықтайды.
96-бап. Ерлі-зайыптылардың біреуінің бала асырап алуға келісімі
1. Егер баланы ерлi-зайыптылардың екеуi асырап алмаса, ерлi-зайыптылардың бiреуi баланы асырап алған кезде бала асырап алуға екінші жұбайдың жазбаша келiсiмi талап етiледi.
2. Егер ерлi-зайыптылар іс жүзінде отбасылық қатынастарды тоқтатқан болса немесе бiр жылдан астам уақыт бөлек тұрып жатса, бала асырап алуға екiншi жұбайдың келiсiмi талап етiлмейдi.
97-бап. Асырап алынған баланың аты, әкесінің аты және тегі
1. Асырап алынған баланың өз аты, әкесiнiң аты (егер бар болса) және тегi сақталуы мүмкін.
2. Егер бұл баланың мүдделерiне қайшы келмесе, асырап алынған балаға бала асырап алушының өтiнiшi бойынша бала асырап алушының тегi, сондай-ақ ол көрсеткен аты берiледi. Егер бала асырап алушы ер адам болса, асырап алынған баланың әкесiнiң аты - асырап алушының аты бойынша, ал баланы әйел асырап алған кезде, ол асырап алынған баланың әкесi ретiнде көрсеткен адамның аты бойынша айқындалады.
Егер бала асырап алушы ерлi-зайыптылардың тектерi әртүрлi болса, бала асырап алушы ерлi-зайыптылардың келiсiмi бойынша, асырап алынған балаға олардың бiреуiнiң тегi берiледi.
3. Баланы некеде тұрмайтын (ерлі-зайыпты болмаған) адам асырап алған кезде, оның өтiнiшi бойынша бала асырап алуды тіркеуші органда мемлекеттік тіркеу кезінде бала асырап алушының көрсетуi бойынша тууды жазу кiтабына асырап алынған баланың әкесiнiң (анасының) аты, әкесiнiң аты және тегi жазылады. Бала асырап алушының тілегі бойынша әкесі (анасы) туралы мәліметтер көрсетілмеуі мүмкін.
4. Бала асырап алу құпиясын талап ететін жағдайларды қоспағанда, он жасқа толған асырап алынған баланың аты, әкесiнiң аты және тегi оның келiсiмiмен ғана өзгертiлуi мүмкiн.
5. Асырап алынған баланың атының, әкесiнiң аты мен тегiнің өзгеруі туралы оны асырап алу туралы сот шешiмiнде көрсетiледi.
98-бап. Асырап алынған баланың туған күнi, айы, жылы мен туған жерінің өзгертілуі
1. Бала асырап алу құпиясын қамтамасыз ету үшiн бала асырап алушының өтiнiшi бойынша асырап алынған баланың туған күнi, айы, жылы алты айдан аспайтын мерзімге, сондай-ақ оның туған жерi өзгертiлуi мүмкiн.
Үш жасқа дейiнгi баланы асырап алған кезде ғана асырап алынған баланың туған күнiн, айын, жылын өзгертуге жол берiледi.
Асырап алынған баланың туған жерін өзгерту Қазақстан Республикасы аумағының шегінде ғана жүргізіледі және баланың жасына қарамастан асырап алушының қалауы бойынша жол беріледі.
2. Асырап алынған баланың туған күнiнің, айының, жылының және (немесе) туған жерiнiң өзгеруі туралы оны асырап алу туралы сот шешiмiнде көрсетiледi.
99-бап. Бала асырап алушыларды асырауға алынған баланың ата-аналары ретінде жазу
1. Бала асырап алушылардың өтiнiшi бойынша сот туу туралы актілер жазбалары кiтабына оларды өздері асырап алған баланың ата-аналары ретiнде жазу туралы шешiм қабылдайды.
2. Мұндай жазбаның қажеттiлiгi соттың бала асырап алу туралы шешiмiнде міндетті түрде көрсетiледi.
100-бап. Бала асырап алудың құқықтық салдары
1. Асырап алынған бала және оның ұрпағы - бала асырап алушылар мен олардың туыстарына қатысы бойынша, ал бала асырап алушылар мен олардың туыстары асырап алынған бала мен оның ұрпағына қатысы бойынша жеке мүлiктiк емес және мүлiктiк құқықтары мен мiндеттерінде шыққан тегi бойынша туыстарына теңестiрiледi.
2. Асырап алынған бала жеке мүлiктiк емес және мүлiктiк құқықтарынан айрылады және өзiнiң туған ата-аналарына қатысты мiндеттерден босатылады.
3. Баланы бiр адам асырап алған кезде, егер бала асырап алушы ер адам болса - анасының тiлегi бойынша немесе, егер бала асырап алушы әйел болса - әкесiнiң тiлегi бойынша жеке мүлiктiк емес және мүлiктiк құқықтар мен мiндеттердiң сақталуы мүмкiн.
4. Бала асырап алушы асырап алынған баланың меншiгiндегi мүлiктiң сақталуы үшiн жауаптылықта болады. Бала асырап алудан бас тартылған жағдайда, осы мүлiктi қайтару жөнiндегi мiндет те бала асырап алушыға жүктеледi.
5. Асырап алынған баланың ата-аналардың бiреуiмен немесе қайтыс болған ата-анасының туыстарымен қарым-қатынастарының сақталуы туралы бала асырап алу туралы сот шешiмiнде көрсетiледi.
6. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген бала асырап алудың құқықтық салдары, осы баланың туу туралы актілер жазбалары кітабында бала асырап алушылардың ата-анасы ретiнде жазылуына қарамастан туындайды.
2013.21.06. № 106-V ҚР Заңымен 101-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
101-бап. Асырап алынған баланың жәрдемақыларға және басқа да әлеуметтік төлемдерге құқығының сақталуы
Өзі асырап алынған кезге қарай ата-аналарының бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларындағы зейнетақы жинақтарына, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларға және басқа да әлеуметтік төлемдерге құқығы бар бала осы құқықты асырап алынған кезде де сақтайды.
102-бап. Бала асырап алу құпиясы
1. Бала асырап алу құпиясы заңмен қорғалады.
2. Ата-аналары, туыстары, баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асырған ұйымдардың және (немесе) бала асырап алуды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асырған мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары, бала асырап алу туралы шешiм шығарған судьялар, сондай-ақ бала асырап алу туралы өзгедей түрде хабардар болған басқа да адамдар бала асырап алу құпиясын сақтауға мiндеттi.
103-бап. Бала асырап алуды жарамсыз деп тану
1. Бала асырап алу:
1) бала асырап алу туралы сот шешiмі жалған құжаттар негiзiнде қабылданған;
2) осы Кодекстің 93-бабында аталған адамдардың келісімінсіз бала асырап алынған;
3) некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) адам басқа жұбайының жазбаша келiсiмiнсiз бала асырап алған;
4) осы Кодекстің 91-бабының 2-тармағында көзделген ережелер бұзылған жағдайларда жарамсыз деп танылады.
2. Бала асырап алуды жарамсыз деп тану сот тәртiбiмен жүргiзiледi.
3. Бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы iстi асырап алушылардың, прокурордың және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган өкілінің міндетті түрде қатысуымен сот қарайды.
104-бап. Бала асырап алуды жарамсыз деп тануды талап етуге құқығы бар адамдар
Асырап алынған баланың ата-аналары, бала асырап алушының жұбайы, бала асырап алуға байланысты құқықтары бұзылған адамдар, прокурор, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы талап қоюға құқылы.
105-бап. Бала асырап алуды жарамсыз деп танудың салдары
1. Бала асырап алу туралы сот шешiмi шыққан кезден бастап бала асырап алу жарамсыз деп танылады.
2. Бала асырап алу жарамсыз деп танылған жағдайда, егер бұл баланың мүдделерi үшін қажет болса, асырап алынған баланың және бала асырап алушылардың, бала асырап алушылардың туыстарының өзара құқықтары мен мiндеттерi тоқтатылады және бала мен оның ата-аналарының (оның туыстарының) өзара құқықтары мен мiндеттерi қалпына келтiрiледi.
3. Егер олар асырап алу кезінде өзгерсе, ата-аналардың талап етуi бойынша балаға бұрынғы аты, әкесiнiң аты (егер бар болса) және тегi берiледi, сол сияқты бұрынғы туған күні, айы, жылы мен туған жері қалпына келтіріледі.
4. Бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап сот үш күн iшiнде осы шешiмнiң үзінді көшірмесін бала асырап алуды мемлекеттiк тiркеу орны бойынша тіркеуші органға және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарға жiберуге мiндеттi.
106-бап. Бала асырап алудың күшін жою негіздері
1. Егер бала асырап алушы:
1) өзіне жүктелген ата-аналар міндеттерін атқарудан жалтарған;
2) ата-ана құқықтарын теріс пайдаланған;
3) асырап алынған балаға қатігездік көрсеткен;
4) асырап алынған балаға күш қолданған немесе психикалық зорлық жасаған;
5) асырап алынған баланың жыныстық тиіспеушілігіне қастандық жасаған;
6) маскүнемдікпен, нашақорлықпен және (немесе) уытқұмарлықпен ауырады деп танылған;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда белгіленген бала құқықтарын бұзған жағдайда бала асырап алудың күші жойылады.
2. Сот баланың мүдделерін негізге алып және оның пікірін ескере отырып, басқа негіздер бойынша да баланы асырап алудың күшін жоюға құқылы.
107-бап. Бала асырап алудың күшін жою
1. Бала асырап алудың күшiн жою сот тәртiбiмен жүргiзiледi.
2. Бала асырап алудың күшiн жою туралы iс бала асырап алушылардың, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның, сондай-ақ прокурордың міндетті түрде қатысуымен қаралады.
3. Бала асырап алудың күшiн жою туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап бала асырап алу тоқтатылады.