Прокурор ұсыну қаралған кезде қатысуға құқылы. Мемлекеттік орган немесе лауазымды адам прокурорды ұсынудың қаралатын уақыты мен орны туралы ұсыну қаралатын күнге дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етуге тиіс.
Ұсынуды қарау нәтижелері және қабылданған шаралар туралы ұсыну қаралған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде прокуратураға хабарланады.
37-бап. Қаулы
1. Прокурор:
1) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген жағдайларда;
2) тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы;
3) жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу туралы;
4) жедел-іздестіру іс-шараларын және жасырын тергеу әрекеттерін тоқтату туралы;
5) актінің қолданысын тоқтата тұру туралы;
6) заңдылықтың сақталуын тексеруді жүргізу туралы;
7) мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері, сондай-ақ олардың лауазымды және өзге де адамдары негізсіз жүзеге асыратын тыйым салу не шектеу сипатындағы әрекеттер мен шаралардың күшін жою туралы;
8) күзетпен ұсталатын, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан, сондай-ақ пробация қызметтерінің есебіне алынған адамдарға қатысты қылмыстық-атқару жүйесінің органдары қолданған тәртіптік жазалар мен көтермелеулердің күшін жою туралы;
9) лауазымды және өзге де адамның актісін немесе әрекетін үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімге тоқтата тұру туралы;
10) сот орындаушыларының заңсыз актілерінің күшін жою туралы;
11) прокурорлық қадағалау актісін мәжбүрлеп орындату туралы;
12) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда қаулы шығарады.
2. Прокурордың қаулысы онда белгіленген мерзімдерде міндетті түрде орындалуға жатады. Қаулыға шағым жасау оның қолданысын тоқтата тұрмайды.
38-бап. Өтінішхат
Заңды күшіне енбеген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхатты прокурор Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында, Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен енгізеді.
39-бап. Арыз (талап қою)
1. Прокурор Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен және негіздерде арызбен (талап қоюмен) сотқа жүгінуге құқылы.
2. Прокурорлық қадағалау актілері қабылданбаған не олар қараусыз қалдырылған кезде прокурор органдардың және лауазымды адамдардың актілерін, шешімдерін және әрекеттерін (әрекетсіздігін) заңсыз деп тану туралы арызбен сотқа жүгінеді.
40-бап. Үндеу
Бас Прокурор және оның орынбасарлары, әскери прокуратура және көлік прокуратурасы органдарының басшылары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) прокурорлар, аудандық және оларға теңестірілген (қалалық, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған) прокурорлар заңдылықты және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында лауазымды адамдарға, мемлекеттік органдарға, жеке және заңды тұлғаларға үндеу жасауға құқылы.
Үндеу бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып немесе өзге де жария тәсілмен таратылады.
41-бап. Заңды бұзуға жол берілмейтіні туралы түсіндіру
Құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында немесе дайындалып жатқан құқыққа қарсы іс-әрекеттер туралы мәліметтер болған кезде прокурор жеке тұлғаларға және заңды тұлғалардың өкілдеріне Қазақстан Республикасының заңдарын бұзуға жол берілмейтіні туралы жазбаша немесе ауызша нысанда түсіндіреді және оларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылық туралы ескертеді.
42-бап. Прокуратура актілерін жариялау
1. Бас Прокурордың азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілері Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау туралы заңнамасының талаптары сақтала отырып, ресми жариялануға жатады.
2. Прокуратура органдары өз қызметінің жариялылығын қамтамасыз ету үшін адамның және азаматтың конституциялық және заңмен қорғалатын өзге де құқықтарын, заңды тұлғалар мен мемлекеттің мүдделерін бұзатын органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне прокуратура актілерін бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау туралы заңнамасының талаптарын сақтай отырып жариялай алады.
43-бап. Прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және актілеріне шағым жасау
1. Прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және актілеріне жоғары тұрған прокурорға не сотқа осы Конституциялық заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген жағдайларда және тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
2. Прокурордың актілері мен әрекеттеріне шағым жасау олардың орындалуын тоқтата тұрмайды.
Сот не жоғары тұрған прокурор прокурордың актілеріне немесе оның әрекеттеріне шағым бойынша шешім шығарғанға дейін олардың орындалуын тоқтата тұруға құқылы.
3. Жоғары тұрған прокурор жеке және (немесе) заңды тұлғалардың шағымы бойынша не өз бастамасымен төмен тұрған прокурордың актілерінің күшін жоя алады, оларды кері қайтара алады, тоқтата тұра алады немесе өзгерте алады.
2023.12.07. № 22-VIІІ ҚР Конституциялық Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 24 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
4. Прокуратура органдарының активтерді қайтару жөніндегі ведомствосы мен оның лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және актілеріне шағым жасау «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады
6-тарау. ПРОКУРАТУРА ОРГАНДАРЫНЫҢ КАДРЛАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ
44-бап. Прокуратура органдары кадрларының құрамы
1. Прокуратура органдарының кадрларын прокурорлар және өзге де жұмыскерлер құрайды.
2. Прокуратура органдары жүйесінде қызметте тұрған, офицерлік құрамның сыныптық шені немесе әскери атағы берілген Қазақстан Республикасының азаматы прокурор болып табылады.
3. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер, қатардағы және сержанттық құрамдардың әскери қызметшілері, азаматтық қызметшілер өзге де жұмыскерлерге жатады.
4. Прокуратура органдары жүйесінің сыныптық шендер немесе әскери атақтар, сондай-ақ оларға сәйкес келетін шекті сыныптық шендер немесе әскери атақтар берілетін лауазымдарының тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
5. Прокурорлар осы Конституциялық заңда көзделген ерекшеліктермен Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметі туралы заңнамасына сәйкес қызмет өткереді.
6. Әскери прокуратура органдарының прокурорлары, қатардағы және сержанттық құрамдардың әскери қызметшілері осы Конституциялық заңда көзделген ерекшеліктермен Қазақстан Республикасының әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы заңнамасына сәйкес қызмет өткереді, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері үшін белгіленген мәртебеге ие болады және құқықтар мен жеңілдіктерді пайдаланады.
7. Прокуратура органдарының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері қызметін Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
8. Әскери міндетті прокурорлар прокуратура органдарында арнайы есепте тұрады.
45-бап. Прокуратура органдарын қаржылық қамтамасыз ету
1. Прокуратура органдарының жүйесін қаржылық қамтамасыз ету бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
2. Прокуратура органдарының қазынашылық органдарында тиісті шоттары болуы мүмкін.
2023.12.07. № 22-VIІІ ҚР Конституциялық Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 24 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
3. Прокуратура органдарының активтерді қайтару жөніндегі ведомствосын қаржылық жағынан қамтамасыз ету бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңнамасында айқындалған Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
46-бап. Прокурорларды және өзге де жұмыскерлерді материалдық қамтамасыз ету және әлеуметтік қамсыздандыру
1. Прокурорлар мен өзге де жұмыскерлердің еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасы Конституциясының 66-бабының 9-1) тармақшасында белгіленген тәртіппен бекітілетін, бюджет есебінен қамтылатын органдар жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесі негізінде белгіленеді.
2. Прокурорларды зейнетақымен қамсыздандыру, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Прокуратура органдарынан еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алу құқығымен шығарылған прокуратура органдары зейнеткерлерінің, сондай-ақ қызметтік міндеттерін атқару кезінде мертіккен (жараланған, жарақаттанған, контузия алған) және қызметке жарамсыз деп танылған прокурорлардың салтанатты іс-шаралар мен ресми қабылдауларда нысанды киім киіп жүруіне құқығы бар.
47-бап. Қызметтік куәліктер және мөр
2023.12.07. № 22-VIІІ ҚР Конституциялық Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2023 ж. 24 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Бас Прокурорға, Бас Прокурордың орынбасарларына, прокуратура органдары ведомстволарының бірінші басшыларына белгіленген үлгідегі қызметтік куәліктерді Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі береді.
2. Бас Прокурор, прокуратура органдарының басшылары бағынысты прокурорларға белгіленген үлгідегі қызметтік куәліктерді береді.
3. Қызметтік куәлік прокурордың жеке басын, оның сыныптық шенін немесе әскери атағын, лауазымын, атыс қаруын және өзге де қаруды алып жүру және сақтау құқығын растайтын құжат болып табылады.
4. Прокуратура органдарының Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және мемлекеттік тілде және басқа да тілдерде өз атауы жазылған мөрлері болады.
7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
48-бап. Осы Конституциялық заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Конституциялық заң, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 9-баптың 16) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Конституциялық заңның 11-бабының 1-тармағы 3) тармақшасының қолданысы 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«3) қылмыстық істерді тергеп-тексеру, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізу, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мемлекеттік бақылау және қадағалау нысандарын тіркеу және есепке алу процестеріне ақпараттық-коммуникациялық технологияларды ендіруді;».
3. «Прокуратура туралы» 2017 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Астана, Ақорда, 2022 жылғы 5 қараша
№ 155-VII