Қазақстан Республикасының
Заңы
Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы
(2015.27.04. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2016 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылған редакция
Түпнұсқада мазмұны жоқ
2009.12.02. № 133-IV ҚР Заңымен кіріспе өзгертілді (бұр.ред.қара)
Осы Заң депозиторлар - жеке тұлғалардың құқықтарын қорғауға бағытталған және ол, талап етуге дейінгі процентсіз депозиттерді және ислам банктерінде орналастырылған инвестициялық депозиттерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесі жұмыс істеуінің құқықтық негіздерін, депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның құрылу және оның қызмет ету, екінші деңгейдегі банктердің депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысу тәртібін, сондай-ақ жүйеге қатысушылардың өзара қарым-қатынастарының өзге де мәселелерін айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) агент банк - депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болып табылатын және депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйыммен жасалған келісімнің негізінде депозиторларға кепілдік берілген өтем төлеу жөніндегі рәсімдерді орындайтын банк;
2) банк - екінші деңгейдегі банк;
3) депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесі - осы Заңда көзделген, қатысушы банктер депозиторларының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған ұйымдық-құқықтық шаралар кешені;
4) жарналар - депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымға қатысушы банктердің осы Заңның талаптарына сәйкес төлейтін төлемдері;
5) кепілдік берілген депозит - осы Заңға сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беру объектісі болып табылатын депозит;
6) кепілдік берілген өтем - осы Заңға сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым кепілдік берілген депозит бойынша депозиторға төлейтін ақша сомасы;
7) қатысушы банк - депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болып табылатын, тартылған депозиттерін қайтару жөніндегі міндеттемелеріне осы Заңға сәйкес кепілдік берілетін банк;
8) қатысушы банктің куәлігі - депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым қатысушы банкке беретін және оның депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысатынын куәландыратын құжат;
9) қосылу шарты - банктің депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қосылу шарты, оның талаптарын депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым айқындайды және олар жүйеге кіретін барлық банктер үшін стандартты болып табылады;
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 10) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
10) уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі.
2-бап. Қазақстан Республикасының депозиттерге міндеттi кепілдік беру туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленген болса, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің мақсаттары мен принциптерi
1. Депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің мақсаты қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету, соның ішінде қатысушы банк мәжбүрлеп таратылған жағдайда депозиторларға кепілдік берілген өтемді төлеу арқылы банк жүйесіне деген сенімді қолдау болып табылады.
2. Мыналар:
1) жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауды, банк шоттарын ашуды және жүргізуді жүзеге асыратын банктердің депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысу міндеттілігі;
2) депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің айқындығын қамтамасыз ету;
3) депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің жұмыс істеуіне байланысты тәуекелдерді азайту;
4) кепілдік берілген өтемді төлеуге арналған арнайы резервті қалыптастырудың жинақтаушы сипаты депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің негізгі принциптері болып табылады.
2-тарау. Депозиттергe міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның құқықтық мәртебесі және оның қызметi
4-бап. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымды құру
1. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым акционерлік қоғам ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын және өз қызметін осы Заңның, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің және жарғының негізінде жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым болып табылады.
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Уәкілетті орган депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымның құрылтайшысы - жалғыз акционерi болып табылады.
5-бап. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның негізгі міндеттері мен функциялары
1. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның негізгі міндеттері:
1) қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге қатысу;
2) қатысушы банк мәжбүрлеп таратылған жағдайда кепілдік берілген депозиттер депозиторларының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау болып табылады.
2. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым өзінің негізгі міндеттерін орындау үшін мынадай функцияларды орындайды:
1) осы Заңның талаптарына сәйкес кепілдік берілген өтемді төлейді;
2) депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің тізілімін жүргізеді;
3) өз активтерін инвестициялайды;
4) кепілдік берілген өтемді төлеуге арналған арнайы резерв қалыптастырады;
5) конкурстық негізде агент банкті таңдайды;
6) қатысушы банкті консервациялау кезеңінде тағайындалатын уақытша әкімшіліктің құрамына қатысады;
2007.12.01 № 222-III ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара)
7) қатысушы банкті барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айыру кезеңінде тағайындалатын уақытша әкімшіліктің құрамына қатысады;
8) тарату комиссиясы депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым алдында ол төлеген (төлейтін) кепілдік берілген өтем сомасы бойынша берешекті өтеген кезге дейін мәжбүрлеп таратылатын қатысушы банктің тарату комиссиясының құрамына қатысады;
9) тарату комиссиясы депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым алдында ол төлеген (төлейтін) кепілдік берілген өтем сомасы бойынша берешекті өтеген кезге дейін мәжбүрлеп таратылатын қатысушы банктің кредиторлар комитетінің құрамына қатысады.
6-бап. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның кепілдіктерi
1. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым қатысушы банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап оның депозиторларына кепілдік берілген өтемді төлеу жөнінде өзіне міндеттеме қабылдайды.
2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымның депозиторларға кепiлдiк берiлген өтемдi төлеу жөнiндегi мiндеттемелерi қатысушы банктi мәжбүрлеп тарату туралы мәліметтер Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тiзiлiмiне енгiзiлген күннен бастап бiр жыл өткеннен кейiн, бiрақ қатысушы банктi мәжбүрлеп тарату туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап кем дегенде бес жылдан кейiн тоқтатылуға жатады.
7-бап. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның құқықтары мен міндеттерi
1. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым:
1) қатысушы банктердің жарналар төлеуін талап етуге;
2) қатысушы банктерден банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпараты жоқ тартылған депозиттер бойынша мәліметтер сұратуға;
3) 2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4) осы Заңның 9-бабына сәйкес уәкілетті органнан қатысушы банктердің қаржылық жай-күйі туралы ақпаратты қоса алғанда, депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қажетті ақпарат алуға;
5) осы Заңның 16-бабында көзделген жағдайда, қатысушы банкке қарыз беруге;
6) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес қатысушы банкте депозитке ақша салуға;
7) Осы Заңның 23-бабында көзделген жағдайда қарыз алуды жүзеге асыруға;
8) қатысушы банктің тарату комиссиясынан кепілдік берілетін депозиттер бойынша депозиторлардың тізімін, сондай-ақ кепілдік берілетін депозиттер бойынша кепілдік берілген өтем есебін уақтылы беруін талап етуге;
9) қатысушы банк Қазақстан Республикасының депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы заңнамасының талаптарын бұзған жағдайда уәкілетті органның алдында оған ықпал ету шараларын және санкциялар қолдану туралы өтініш беруге құқылы.
2. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым:
1) қосылу шартының талаптарын айқындауға;
2) қатысушы банктердің жарналарды толық әрі уақтылы төлеуіне бақылау жасауға;
3) мәжбүрлеп таратылатын қатысушы банктің депозиторларына осы Заңда көзделген тәртіппен кепілдік берілген өтем төлеуге;
4) өзінің функцияларын жүзеге асыру процесінде қатысушы банктер және олардың депозиторлары туралы мәлім болған барлық ақпаратты тек қызметтік мақсаттарда ғана пайдалануға;
5) уәкілетті органға қатысушы банктердің Қазақстан Республикасының депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы заңнамасын бұзу фактілері туралы хабарлауға;
2013.05.12. № 152-V ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6) депозиторларға осы Заңның 21-бабында көзделген ақпараттарды беруге;
2013.05.12. № 152-V ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
7) арнайы резервтегі активтердің және меншікті активтердің бөлек бухгалтерлік есебін жүргізуге міндетті.
8-бап. 2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
9-бап. Уәкілетті орган мен депозиттерге міндеттi кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның өзара іс-қимыл жасау негіздерi
1. Уәкілетті орган мен депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым өз қызметтерін үйлестіреді, қабылданатын құжаттарын келіседі және депозиттерге міндетті кепілдік беру бойынша жүргізілетін іс-шаралар жөнінде бір-бірін хабардар етеді.
2. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым өз функцияларын тиісінше және уақтылы орындау мақсатында уәкілетті органнан депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге қажетті ақпарат алады, оны беру тәртібі уәкілетті орган мен депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым арасындағы келісім бойынша айқындалады.
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Осы Заңда көзделген жағдайда, депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым уәкілетті органнан қарыз алуға құқылы.
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Уәкілетті орган депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымның қаржылық есептеме көлемiн, беру тәртiбi мен мерзiмдерiн, сондай-ақ оның активтерiн инвестициялау тәртiбiн айқындайды.
3-тарау. Банктердің депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысу тәртібi
10-бап. Банктердің депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне кіруi
1. Банк депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне кіру үшін уәкілетті органның жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, банк шоттарын ашу мен жүргізуге берген лицензиясын алған күннен кейінгі күннен кешіктірмей депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымға аталған лицензияның нотариалдық жолмен куәландырылған көшірмесін табыс етеді.
2. Депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне кіретін банк уәкілетті органның жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, банк шоттарын ашу мен жүргізуге берген лицензиясын алған күні депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымға уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген нысан бойынша жасалған өтініш беру арқылы қосылу шартына қосылуға міндетті.
Депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне кіретін банк қосылу шартына қосылу туралы өтінішін бермеген жағдайда депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым екі жұмыс күні ішінде осы факті туралы уәкілетті органды хабардар етеді.
3. Уәкілетті орган қосылу шартына қосылу туралы өтініш бермеген банкке Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес санкциялар қолдану туралы мәселені қарайды.
4. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым банктен оның қосылу шартына қосылуы туралы өтінішін алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оған қатысушы банктің куәлігін береді.
Қатысушы банк куәлігі депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктер тізіліміне ақпарат енгізілген күні беріледі.
5. Банк міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктер тізіліміне ақпарат енгізілген күннен бастап депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болады.
6. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктер тізіліміне тиісті ақпарат енгізу арқылы қатысушы банктердің берілген және күші жойылған куәліктерінің есебін жүргізеді.
7. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің тізілімін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында мемлекеттік және орыс тілдерінде таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында тоқсан сайын жариялап отырады.
11-бап. Қосылу шарты
1. Банктің қосылу шартына қосылуы оның депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысуының міндетті шарты болып табылады.
2. Қосылу шартында:
1) депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның толық атауы, оның орналасқан жері және банктік деректемелері туралы мәліметтер;
2) шарттың нысанасы туралы нұсқау;
3) тараптардың құқықтары мен міндеттері;
4) жарналарды төлеу тәртібі;
5) қатысушы банктің депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымға өзінің міндеттері мен функцияларын орындау үшін қажетті мәліметтерді ұсыну тәртібі;
6) қатысушы банк мәжбүрлеп таратылған жағдайда қатысушы банктердің кепілдік берілген депозиттер бойынша және депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым өтейтін сомалар бойынша өз міндеттемелерін есептеу тәртібі;
7) шартты тоқтату талаптары;
8) депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның қатысушы банктің банктегі есеп шотынан толық немесе ішінара төленбеген жарналар сомасын, сондай-ақ қатысушы банк шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамағаны үшін тұрақсыздық төлемін акцептсіз тәртіппен есептен шығару құқығын қоса алғанда, тараптардың шартты бұзғаны үшін жауаптылығы туралы талаптар болуға тиіс.
3. Қосылу шарты депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушы банктер тізіліміне ақпарат енгізілген кезден бастап күшіне енеді және қатысушы банкті депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінен шығарған жағдайда тоқтатылады.
12-бап. Қатысушы банктер жарналарының түрлері және оларды төлеу тәртібi
1. Қатысушы банк осы Заңға және қосылу шартына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымға мынадай жарналар төлеуге міндетті:
1) міндетті күнтізбелік жарналар - қатысушы банктердің тоқсан сайынғы төлемдері;
2) қосымша жарналар - депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның кепілдік берілген өтемді төлеу үшін арнайы резерві жеткіліксіз болған жағдайда қатысушы банк төлейтін бір жолғы төлемдер;
3) төтенше жарналар - қатысушы банктердің депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым осы Заңның 23-бабында белгіленген тәртіппен алған қарыз сомасын және ол бойынша есептелген сыйақыны толық өтеуге арналған төлемдері.
Төтенше жарналарды төлеу қатысушы банктердің міндетті күнтізбелік жарналарды төлеу міндеттемелерін тоқтатып қоймайды.
2. Қатысушы банктің жарналарды төлеу тәртібі мен мөлшерін депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның басқарушы органы айқындайды.
Қатысушы банктің міндетті күнтізбелік жарнасының мөлшері есеп берілген тоқсаннан кейінгі айдың бірі күнгі жағдай бойынша қатысушы банктің кепілдік берілген депозиттері сомасының 0,5 процентінен аспауға тиіс.
Қатысушы банктің қосымша жарнасының мөлшері аталған қатысушы банк депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымға өткен тоқсан үшін төлейтін міндетті күнтізбелік жарнаның екі еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
Қатысушы банктің төтенше жарнасының жылдық мөлшері аталған қатысушы банк депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымға тоқсан сайын төлейтін міндетті күнтізбелік жарнаның жылдық мөлшерінен аспауға тиіс.
2007.12.01 № 222-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара)
3. Қатысушы банкті барлық банк операцияларын жүргізуге берілген лицензиясынан айырған күннен бастап қатысушы банктің жарналарды төлеу жөніндегі міндеттемесі соттың банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешімі заңды күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.
4. Қатысушы банктердің қосылу шартына сәйкес төлеген жарналары қайтарылмайды.
13-бап. Қатысушы банктің құқықтары мен міндеттерi
1. Қатысушы банк:
1) депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымнан жарна ставкалары және оларды төлеу мерзімі жөніндегі мәліметтерді, сондай-ақ депозиттерге міндетті кепілдік беру мәселелері бойынша банктік және заңмен қорғалатын өзге құпияны құрайтын ақпараты жоқ өзге де мәліметтерді алуға;
2) агент банкті таңдау жөніндегі конкурсқа қатысуға;
3) бұқаралық ақпарат құралдарында өзінің депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысатыны туралы мәліметтерді таратуға құқылы.
2. Қатысушы банк:
1) осы Заңға сәйкес жарналарды уақтылы және толық көлемде төлеуге;
2) клиенттерді қатысушы банк куәлігінің нөмірі мен берілген күнін көрсете отырып өзінің депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысатыны туралы, сондай-ақ кепілдік берілген өтемді төлеу шарттары туралы хабардар етуге;
3) депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымға кепілдік берілген депозиттерді қайтару жөніндегі міндеттемелерін толық және уақтылы орындау мүмкін болмай қалуына әкеп соғатын жағдайдың туындағаны туралы мұндай жағдай туындаған кезден бастап күнтізбелік бес күн ішінде хабарлауға;
4) депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымға өздері төлеген жарналар бойынша есептердің дұрыстығын растайтын мәліметтерді ұсынуға;
5) депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның сұратуы бойынша тартылған депозиттер бойынша банктік және заңмен қорғалатын өзге құпияны құрайтын ақпараты жоқ өзге де мәліметтерді ұсынуға міндетті.
3. Қатысушы банктің тарату комиссиясы қатысушы банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымға кепілдік берілетін депозиттер бойынша депозиторлардың тізімін, сондай-ақ депозиттер бойынша кепілдік берілген өтемнің соттың аталған шешімі заңды күшіне енген күнге жасалған есептерін табыс етуге міндетті.
14-бап. Қатысушы банктің атауын өзгерту салдары
2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қатысушы банк депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымға өз атауының өзгергені туралы мемлекеттік қайта тіркеу туралы анықтаманы алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жазбаша түрде хабарлайды.
2. Қатысушы банктің атауы өзгерген жағдайда депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым қатысушы банктен растайтын құжаттарды алған кезден бастап он жұмыс күні ішінде депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушы банктер тізіліміне тиісті өзгерістер енгізе отырып қатысушы банктің куәлігін ауыстырады. Бұл ретте, мұндай банкке бұрын берілген қатысушы банк куәлігінің күші жойылуға тиіс.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 4-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4-тарау. Қатысушы банктердi депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiнен шығару тәртiбi және депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымның банк активтері мен міндеттемелерін басқа банкке (банктерге) бiр мезгiлде беру жөніндегі операция жүргізуге қатысуы
15-бап. Қатысушы банкті депозиттерге міндеттi кепілдік беру жүйесінен шығару
1. Қатысушы банкті депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінен шығаруға мыналар:
2007.12.01 № 222-III ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара)
1) уәкілетті органның қатысушы банкті жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, олардың банк шоттарын ашу мен жүргізуге арналған лицензиясынан айыруы;
2) қайта ұйымдастыру немесе тарату жолымен қатысушы банктің қызметін тоқтату;
3) қатысушы банктің уәкілетті органға жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, банк шоттарын ашу мен жүргізуге берілген лицензияны ерікті түрде қайтарып беруі негіз болып табылады.
2. Қатысушы банк:
2007.12.01 № 222-III ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара)
1) уәкілетті орган қатысушы банкті жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, банк шоттарын ашу мен жүргізуге арналған лицензиясынан айырған кезде - уәкілетті органның осындай лицензиядан айыру туралы шешімі күшіне енген күннен бастап;
2) қатысушы банкті мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру немесе тарату кезінде - қатысушы банкті мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап;
2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) қатысушы банк ерiктi түрде қайта ұйымдастырылған кезде - қатысушы банктiң ерiктi түрде қайта ұйымдастырылуына уәкiлеттi органның рұқсатында көрсетілген күннен бастап;
2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды
3-1) қатысушы банк ерiктi түрде таратылған кезде - қатысушы банктiң ерiктi түрде таратылуына уәкiлеттi органның рұқсаты алынған күннен бастап;
4) қатысушы банк уәкілетті органға жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, банкте шоттарын ашуға және жүргізуге арналған лицензияны ерікті түрде қайтарған кезде - оның ерікті түрде қайтарылуына байланысты лицензияның қолданылуы тоқтатылғаны туралы уәкілетті органның шешімі күшіне енген күннен бастап депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінен шығарылуға тиіс.
3. Қатысушы банкті депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінен шығару депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушы банктердің тізіліміне қатысушы банктің куәлігін жою туралы жазба енгізу арқылы жүзеге асырылады.
2007.12.01 № 222-III ҚР Заңымен (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара) ; 2008.23.10. № 72-IV ҚР Заңымен (бұр.ред. қара) 4-тармақ өзгертілді
4. Қатысушы банкті депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінен шығару депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның қатысушы банкте ол жүйеден шығарылған күнге дейін жатқан кепілдік берілген депозиттер бойынша міндеттемелерін тоқтатпайды.
Уәкілетті органның депозиттерді қабылдауға, жеке тұлғалардың банктік шоттарын ашуға және жүргізуге берілген лицензиядан айыруы, сондай-ақ ерікті қайта ұйымдастыру негіздері бойынша қатысушы банкті депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінен шығарған кезде жүйеден шығарылған банк оны шығарған күннен бастап үш ай ішінде жеке тұлғалардың депозиттерін тікелей төлеу арқылы не Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын ескере отырып, оларды басқа қатысушы банкке аудару арқылы қайтарып беруге міндетті.
Осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында (қатысушы банкті мәжбүрлеп тарату жағдайынан басқа) және 4) тармақшасында көрсетілген негіздер бойынша қатысушы банкті депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінен шығарған кезде жүйеден шығарылған банк Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес депозиттерді қайтарып беруге міндетті.
2008.23.10. № 72-IV ҚР Заңымен тақырыбы өзгертілді (бұр.ред. қара)
16-бап. Кепілдік берілген депозиттер бойынша міндеттемелердің бір бөлігін және мәжбүрлеп таратылатын банктің мүлкін бір мезгілде беру ерекшеліктерi
2008.23.10. № 72-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред. қара); 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Депозиторлардың мүдделерiн қорғау мақсатында банк активтері мен міндеттемелерін жеке және (немесе) заңды тұлғалар алдында ішінара не толық көлемде басқа банкке (банктерге) бiр мезгiлде беру операциясын жүргізуге жол берiледi, оны жүргiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының банк заңнамасында айқындалады.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Консервациялау сатысында банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік (банкті уақытша басқарушы), банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін банктің уақытша әкімшілігі (уақытша әкімшісі) осы баптың 1-тармағында көрсетiлген операцияны жүргiзу процесiнде, депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым қарыз беруге не кепiлдiк берiлген депозиттер бойынша мiндеттемелердi қабылдайтын қатысушы банкте (банктерде) депозиттер орналастыруға құқылы, оларды беру не орналастыру ерекшелiктерi мен тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде айқындалады.