Қазақстан Республикасының
Заңы
Жол жүрісі туралы
(2017.13.06. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2017 жылғы 3 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
2-бап. Қазақстан Республикасының жол жүрiсi туралы заңнамасы
3-бап. Жол жүрiсiнің негiзгi қағидаттары
4-бап. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жүйесi
2-тарау. Жол жүрісі саласындағы мемлекеттік басқару және саясат
5-бап. Жол жүрісі саласындағы мемлекеттік басқару
6-бап. Жол жүрісі саласындағы мемлекеттік саясат
7-бап. Жол жүрісі саласындағы қызметті қаржыландыру
8-бап. Жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жай-күйінің көрсеткіштерін есепке алудың мемлекеттік жүйесі
3-тарау. Қазақстан Республикасы үкіметінің, орталық және жергілікті өкілді және атқарушы органдардың жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы құзыреті
9-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
10-бап. Уәкілетті органның құзыреті
11-бап. Көлiк және коммуникация саласындағы уәкiлеттi органның құзыретi
12-бап. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның құзыреті
13-бап. Білім беру саласындағы уәкілетті органның құзыреті
14-бап. Сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті органның құзыреті
15-бап. Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның құзыреті
16-бап. Әскери полиция органдарының құзыреті
17-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) өкiлдi және атқарушы органдарының құзыретi
18-бап. Жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қызметті үйлестіру
4-тарау. Жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару жүйесі мен мемлекеттік бақылау және қадағалау
19-бап. Жол жүрісі саласындағы тәуекелдер
20-бап. Жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесі
21-бап. Жол жүрісі саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау
22-бап. Жол жүрісі саласындағы мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар
23-бап. Уәкілетті органның жол жүрісі саласындағы мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарының құқықтары мен міндеттері
24-бап. Жол жүрісі саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру
5-тарау. Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жол-көлік оқиғаларының зардаптарын жоюға бағытталған қызметті басқару
25-бап. Жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар
26-бап. Жол жүрiсiн ұйымдастыру процесiнде оның қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi негiзгi талаптар
27-бап. Жол жүрісін ұйымдастыруды өзгерту
28-бап. Заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлерге жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қойылатын талаптар
29-бап. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн медициналық қамтамасыз ету
30-бап. Орнықты көлік
31-бап. Интеллектуалды көлік жүйесі
32-бап. Жол-көлік оқиғаларында зардап шеккен адамдарға көмек көрсету және олардың зардаптарын жою
33-бап. Шұғыл шақыру жүйесінің операторы
34-бап. Пайдаланылып жүрген көлік құралдарын шұғыл қимылдайтын жедел қызметтерді шақыру құрылғыларымен жарақтандыру
35-бап. Қоғамдық бірлестіктердің жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға қатысуы
6-тарау. Жолдардың қауіпсіздігін және олардың өткізу қабілетін қамтамасыз етуге бағытталған қызметті басқару
36-бап. Жолдарды жобалау, салу, реконструкциялау, жөндеу, күтіп-ұстау және оларды басқару кезінде жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі негізгі талаптар
37-бап. Жолдардың, теміржол өтпелерінің және басқа да жол құрылыстарының жай-күйіне жауапты лауазымды адамдарға және өзге де тұлғаларға қойылатын негізгі талаптар
38-бап. Жолдың жүру бөлігінде жол жұмыстарын және басқа да жұмыстарды орындайтын субьектілерге қойылатын талаптар
39-бап. Жол пайдаланушыларға қатысты жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету
40-бап. Жаяу жүргіншілердің жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі шаралары
41-бап. Елді мекендерді жоспарлау шеңберінде жол пайдаланушылардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету
42-бап. Жол инфрақұрылымының қауіпсіз жұмыс істеуін, оны ұстап тұруды және жетілдіруді қамтамасыз ету
42-1-бап. Көлік құралдарын орынтұраққа қойғаны үшін ақы алуға және олардың орынтұрақта тұрған уақытын есептеуге арналған сертификатталған арнайы құрылғылармен жабдықталған орындарда орынтұраққа қою
43-бап. Жол пайдаланушылардың ұтқырлыққа және қолжетімділікке қажеттіліктерін қамтамасыз ететін қауіпсіз жол инфрақұрылымын әзірлеу
44-бап. Жолдарда жол сервисі объектілерін жайластыру
45-бап. Жол жүрісі қағидаларына оқыту
46-бап. Қауіпсіз жолдар және ұтқырлықты қамтамасыз ету саласындағы ғылыми зерттеулер және әзірлемелер
7-тарау. Көлік құралдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қызметті басқару
47-бап. Көлік құралдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету
48-бап. Көлік құралдарының техникалық жай-күйі мен пайдаланылуына жауапты лауазымды адамдар және өзге де тұлғаларға қойылатын негізгі талаптар
49-бап. Көлік құралдарын пайдалану кезінде жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі негізгі талаптар
50-бап. Көлік құралдарына техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу кезінде жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі негізгі талаптар
51-бап. Көлік құралдарын пайдалануға тыйым салу негіздері және тәртібі
52-бап. Көлік құралын тоқтату негіздері
8-тарау. Жол жүрісіне қатысушылардың құқықтары мен міндеттері
53-бап. Жол жүрісіне қатысушылардың негізгі құқықтары мен міндеттері
54-бап. Механикалық көлік құралы меншік иесінің және жүргізушісінің құқықтары мен міндеттері
55-бап. Жолаушының құқықтары мен міндеттері
56-бап. Жаяу жүргіншінің құқықтары мен міндеттері
57-бап. Мопед, велосипед жүргізушілерінің, жол бойымен мал, табын, жүк артылған, жегілген малды немесе мініс малын айдаушылардың құқықтары мен міндеттері
9-тарау. Тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдардың жол жүрісін қамтамасыз ету
58-бап. Тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдардың жол жүрісін және оларға қызмет көрсететін көлік құралдарының тұрақтарын ұйымдастыру
59-бап. Тірек-қимыл аппараты бұзылған жүргізушілердің немесе тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға немесе зағиптарға қызмет көрсететін көлік құралдары жүргізушілерінің арнайы құқықтары
10-тарау. Жол жүрісіне қатысуға рұқсат беру
60-бап. Көлік құралдарына және оларды басқаратын адамдарға жол жүрісіне қатысуға рұқсат беру
61-бап. Көлік құралдарының, көлік құралдарына орнатылуы және (немесе) пайдаланылуы мүмкін жабдықтау заттары мен қосалқы бөлшектердің сәйкестігін растау
62-бап. Көлік құралдарын мемлекеттік тіркеудің мақсаттары
63-бап. Көлік құралдарын мемлекеттік тіркеудің міндеттілігі
64-бап. Мемлекеттік тіркеуге жататын көлік құралдарының түрлері
65-бап. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы халықаралық жол жүрісіне көлік құралдарының қатысуына рұқсат беру
66-бап. Көлік құралдары иелерінің құқықтары мен міндеттері
67-бап. Көлік құралын мемлекеттік тіркеуге немесе көлік құралының тіркеу деректерін өзгертуге тыйым салу
68-бап. Көлік құралын мемлекеттік тіркеуден немесе көлік құралының тіркеу деректерін өзгертуден бас тарту
69-бап. Көлік құралын мемлекеттік тіркеуді тоқтату
70-бап. Көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу туралы құжат, мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісі
71-бап. Көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу кезінде иелерінің жауаптылығы
72-бап. Көлік құралының тіркеу деректері
11-тарау. Адамдарға көлік құралдарын басқаруға рұқсат беру
73-бап. Адамдарға көлік құралдарын басқаруға рұқсат беру
74-бап. Көлік құралдарын басқару құқығын алу шарттары
75-бап. Көлік құралдарын басқару құқығын тоқтату
76-бап. Алып тасталды
12-тарау. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау
77-бап. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарына қойылатын талаптар
78-бап. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының тізіліміне енгізуден бас тартуға және одан алып тастауға негіздер
79-бап. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестіктер
80-бап. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестіктердің құқықтары мен міндеттері
81-бап. Аккредиттеу туралы куәліктен айыру
82-бап. «Оқытушы», «өндірістік оқыту шебері», «білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шебері» біліктілігін беруге кандидаттарды аттестаттау
83-бап. Біліктілік комиссиялары
84-бап. «Оқытушы», «өндірістік оқыту шебері», «білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шебері» біліктілік куәлігінен айыру
85-бап. Сапаны бақылау және оның түрлері
86-бап. Оқытушылардың, өндірістік оқыту шеберлерінің және білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шеберлерінің құқықтары мен міндеттері
87-бап. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының құқықтары мен міндеттері
13-тарау. Міндетті техникалық қарап тексеру
88-бап. Міндетті техникалық қарап тексеру
89-бап. Техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмi
90-бап. Халықаралық техникалық қарап тексеру сертификаты
91-бап. Техникалық қарап тексеру операторларының құқықтары мен міндеттері
92-бап. Міндетті техникалық қарап тексеруді ұйымдастыру және өткізу тәртібінің сақталуын мемлекеттік бақылау
14-тарау. Қорытынды ережелер
93-бап. Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
94-бап. Айналасындағыларға жоғары қауіптілік төндіретін, жол жүрісі саласындағы қызметтен келтірілген зиян үшін жауаптылық
95-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң Қазақстан Республикасында жол жүрісі жұмыс істеуінің және оның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің құқықтық негіздері мен жалпы шарттарын белгілейді.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) авариялар мен апаттар кезіндегі шұғыл шақыру жүйесі (бұдан әрі - шұғыл шақыру жүйесі) - навигациялық спутниктік жүйелердің сигналдары мен деректерін пайдалана отырып жұмыс істейтін, шұғыл қимылдайтын жедел қызметтерге Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғалары және өзге де төтенше жағдайлар туралы қалыпқа түсірілген ақпарат беруді қамтамасыз ететін мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйе;
2) автомагистраль - көлік құралдарының жүруі үшін арнайы жобаланған және салынған (немесе реконструкцияланған), жол бойындағы иеліктерге қызмет көрсетпейтін жол. Оған тек басқа жолдардан ғана әртүрлі деңгейлердегі жол айрықтары арқылы өтуге болады. Бұл жолдың:
бiр-бiрiнен жүруге арналмаған бөлу жолағымен бөлінген, әртүрлі бағытта жүру үшін бөлек жүру бөлiктерi бар;
басқа жолдармен, темiржолдармен және трамвай жолдарымен және жаяу жүргінші жолдарымен бiр деңгейде қиылыстары жоқ;
автомагистраль ретінде арнайы белгіленген;
3) автомобиль - жолдарда жүруге және олармен адамдарды, жүктерді немесе үстіне орнатылған жабдықты тасымалдауға немесе адамдарды, жүктерді немесе үстіне орнатылған жабдықты тасымалдауға арналған көлік құралдарын жолдарда сүйретуге арналған, оның ішінде троллейбустарды қоса алғандағы механикалық көлік құралы;
4) айрықша мақсаттағы автомобиль - күзетілетін адамдарды тасымалдау және (немесе) олармен бірге ілесіп жүруге арналған көлік құралы;
5) аялдау - көлiк құралының жүрісін бес минутқа дейiн не, егер бұл жолаушыларды отырғызу немесе түсiру, көлiк құралын тиеу немесе түсiру үшiн қажет болса, одан да көбiрек уақытқа әдейі тоқтату;
6) велосипед - екi немесе одан көп дөңгелегі бар (мүгедектерге арналған кресло-арбалардан басқа) және үстінде отырған адамдардың дене күшiмен қозғалысқа келтiрiлетiн көлiк құралы;
7) велосипед жолы - велосипедтердің жүруіне арналған және тиісті белгімен белгіленген жеке жол немесе жолдың бір бөлігі. Велосипед жолы басқа жолдардан немесе нақ сол жолдың басқа элементтерінен конструктивтік түрде бөлінеді;
8) велосипед жүретін жолақ - жолдың жүру бөлігінің велосипедтер жүруге арналған жолағы. Велосипед жүретін жолақ жолдың басқа жүру бөлігінен ұзына бойындағы жол таңбасы және арнайы белгілер арқылы бөлінеді;
9) елді мекен - кіретін және шығатын жерлері тиісті белгілермен белгіленген, құрылыс салынған аумақ;
10) жаяу жүргінші - жолда көлiк құралынан тыс жерде тұрған және онда жұмыс жүргізіп жатпаған адам. Мүгедектерге арналған кресло-арбалармен жүріп-тұратын, велосипедті, мопедті, мотоциклді жетелеп әкеле жатқан, шана, арба, балалар арбасын сүйретіп келе жатқан жеке адамдар жаяу жүргiншiлерге теңестіріледі;
2015.27.10. № 364-V ҚР Заңымен 10-1) тармақшамен толықтырылды
10-1) жеке бөлінген жол - тек қана қоғамдық көліктің, оның ішінде жеңіл рельсті көліктің жүрісіне арналған жолақ. Жеке бөлінген жол қалған жүру бөліктерінен көлденең жол таңбаларының және жол белгілерінің көмегімен бөлінеді;
11) жол - көлiк құралдарының жүруі үшін жайластырылған немесе ыңғайластырылған және пайдаланылатын жердің барлық бөлінген жолағы не жасанды құрылыстың үстi. Жол бiр немесе бiрнеше жүру бөлiктерiн, сондай-ақ трамвай жолдарын, тротуарларды, жол жиектерiн және олар болған кезде бөлу жолақтарын қамтиды;
12) жолаушы - көлiк құралының үстiнде (ішінде) отыратын және оны басқармайтын адам;
13) жол жүрісі - жолдар шегінде адамдар мен жүктердi көлiк құралдары арқылы немесе оларсыз тасымалдау процесінде туындайтын қоғамдық қатынастар жиынтығы;
14) жол жүрісі қағидалары - Қазақстан Республикасының аумағында жол жүрісінің бірыңғай тәртібін, жол жүрісін ұйымдастырудың техникалық және басқа да құралдарының мақсаты мен қолданысын белгілейтін нормативтік құқықтық акт;
15) жол жүрісіне қатысушы - жол жүрісі процесiне жаяу жүргiншi, жолаушы немесе жүргiзушi ретiнде тiкелей қатысатын адам;
16) жол жүрісі қауiпсiздiгi - қатысушыларының жол-көлiк оқиғалары мен олардың зардаптарынан, сондай-ақ жол жүрісінің экологиялық жағдайға, халықтың денсаулығына теріс әсерінен қорғалу дәрежесiн көрсететiн жол жүрiсiнiң жай-күйi;
17) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету - жол-көлік оқиғаларын, жол жүрісінің экологиялық жағдайға, халықтың денсаулығына теріс әсерін болғызбауға, олардың зардаптарының ауырлығын азайтуға, сондай-ақ осындай зардаптарды жоюға бағытталған қызмет;
18) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында басшылықты өз құзыреті шегінде және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган және оның астанадағы, республикалық және облыстық маңызы бар қалалардағы аумақтық бөлімшелері;
19) жол жүрісін реттеудің техникалық құралдары - жол белгiлерi, жол таңбасы, бағдаршамдар (олардың жұмыс бағдарламасын айқындайтын жабдықты қоса алғанда), темiржол өтпелерiндегi реттеуiш құрылғылар, сондай-ақ жол қоршаулары мен бағыттауыш құрылғылар;
20) жол жүрiсiн ұйымдастыру - жол жүрiсін басқару жөніндегі ұйымдық-құқықтық, нормативтік-әдістемелік, жобалау-іздестіру, ұйымдық-техникалық, бақылау-қадағалау, өкімдік және басқа да іс-шаралар кешенi;
21) жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару жүйесі - тиімді жоспарлауды және бақылау іс-шараларын жүргізуді қамтамасыз ететін, бақылау қызметінің неғұрлым басым бағыттарына ресурстарды іріктеп алу, оңтайлы бөлу қағидаттарына негізделетін әкімшілік ету жүйесі;
22) жолдың жүру бөлігі - көлік құралдарының жүруі үшін пайдаланылатын жолдың бір бөлігі;
23) жол иелері - жолдың меншік иелері болып табылатын немесе шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында жолдарды басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалар;
24) жол-көлiк оқиғасы - көлiк құралының жолда жүруі процесiнде және оның қатысуымен туындаған, адамның денсаулығына зиян келтіруге, өліміне, көлік құралдарының, құрылыстардың, жүктердің бүлінуіне не өзге де материалдық залалға әкеп соққан оқиға;
25) жүргізуші - көлік құралын басқаратын адам, жол бойымен мал, табын, жүк артылған, жегілген малды немесе мініс малын айдаушы;
26) жүргізуші куәлігі - тиісті санаттағы көлік құралын басқару құқығын растайтын құжат. Жүргізуші куәлігі иесінің жеке басын куәландыратын құжат болған кезде, алып қойылған немесе жоғалған құжаттың орнына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімге берілетін құжат та жүргізуші куәлігі болып есептеледі;
27) интеллектуалды көлік жүйесі - жол жүрісін басқару мен бақылауды қамтамасыз ететін өзара байланысты автоматтандырылған жүйелер кешені;
28) көлік құралы - адамдарды, жүктерді немесе үстіне орнатылған жабдықты жолдармен тасымалдауға арналған құрылғы;
2015.17.11. № 407-V ҚР Заңымен 28-1) тармақшамен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
28-1) көлік құралын бастапқы тіркеу - Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет жүзеге асырылатын, көлік құралын мемлекеттік тіркеу;
29) көлік құралының иесі - көлік құралының меншік иесі, сондай-ақ көлік құралын шаруашылық жүргізу құқығында немесе жедел басқару құқығында не өзге де заңды негізде (жалдау құқығы, көлік құралын басқару құқығына сенімхат, тиісті органның осы адамға көлік құралын беру туралы өкімі) иеленетін адам. Өзінің қызметтік немесе еңбек міндеттерін орындауына орай, оның ішінде көлік құралының меншік иесімен немесе өзге де иесімен жасалған еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарт негізінде көлік құралын басқаратын адам көлік құралының иесі болып табылмайды;
30) көлік құралын мемлекеттік тіркеу - құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін тексергеннен, көлік құралының сәйкестендіру нөмірлерін салыстырып тексергеннен кейін көлік құралын тіркеу туралы куәлікті бере отырып және мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісін бере отырып уәкілетті орган жүзеге асыратын, көлік құралының жол жүрісіне қатысуына рұқсат беру рәсімі;
31) көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәлік - көлік құралының жол жүрісіне қатысуына рұқсат берілгенін растайтын құжат;
32) көлік құралдарының белсенді қауіпсіздігі - көлік құралдарының жол-көлік оқиғаларын болғызбауға және олардың көлік құралының конструктивтік ерекшеліктерімен байланысты туындайтын алғышарттарын жоюға бағытталған конструктивтік және пайдалану қасиеттерінің жиынтығы;
33) көлік құралдарының бәсең қауіпсіздігі - көлік құралдарының жол-көлік оқиғаларының ауырлығын азайтуға бағытталған конструктивтік және пайдалану сипаттамаларының жиынтығы;
34) көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган - автомобиль көлігі саласында басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 35) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
35) қызмет өңірі - көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган айқындаған, техникалық қарап-тексерудің стационарлық желілері жоқ аумақ;
36) мемлекеттік баяндама - жол жүрісі қауіпсіздігінің жай-күйі туралы жыл сайынғы есеп;
37) мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісі - мемлекет меншігі болып табылатын және механикалық көлік құралына берілетін жеке-дара әріптік-цифрлық белгіден тұратын және ұлттық стандарт талаптарына сәйкес жасалған бұйым. Бұл ұғым «Транзит» нөмірлік белгілеріне қолданылады;
38) механикалық көлік құралы - мопедтер мен рельстік көлік құралдарын қоспағанда, қозғалтқышпен қозғалысқа келтірілетін, өздігінен жүретін жол көлік құралы. Ұғым тракторлар мен өздігінен жүретін машиналар жол жүрісіне қатысқан кезде оларға да қолданылады;
39) механикалық көлік құралын пайдалану - механикалық көлік құралы тіркелген кезден бастап кәдеге жаратылған кезге дейін оның мақсаты бойынша пайдаланылуын қамтитын өмірлік цикл сатысы;
40) механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемелерiн мiндеттi техникалық қарап тексерудің бiрыңғай ақпараттық жүйесi - механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемелерiнің иелері, механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемелерi, мiндеттi техникалық қарап тексеруден өткiзу нәтижелерi туралы мәліметтер қамтылатын электрондық дерекқор;
41) мопед - цилиндрінің көлемі елу текше сантиметрден аспайтын іштен жану қозғалтқышымен жабдықталған және ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына елу километрден аспайтын екі немесе үш дөңгелекті көлік құралы. Мопедтерге аспалы қозғалтқышы бар велосипедтер, мокиктер, скутерлер және осыған ұқсас сипаттамалары бар басқа да көлік құралдары теңестіріледі;
42) мотоцикл - қозғалтқышы бар, бүйiр тiркемесiмен немесе онсыз екі дөңгелекті механикалық көлiк құралы. Мотоциклдерге жүктемесіз салмағы төрт жүз килограмнан аспайтын үш және төрт дөңгелекті көлiк құралдары, цилиндрінің көлемі елу текше сантиметрден асатын скутерлер және осыған ұқсас сипаттамалары бар басқа да көлік құралдары теңестіріледі;
43) міндетті техникалық қарап тексеру - механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерінің техникалық жай-күйінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігін диагностикалаудың мерзімдік процесі;
44) орынтұрақ - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген нормативтік құқықтық актілерге сәйкес ұйымдастырылған жол учаскесі болып табылатын, көлік құралы қойылатын орын;
45) паркинг - көлік құралдарын сақтауға (қоюға) арналған және нормативтік құқықтық актілерге сәйкес ұйымдастырылған, бір немесе көп деңгейлі инженерлік құрылысты немесе арнайы ашық алаңды қоса алғанда, арнайы жабдықталған ғимаратты (ғимараттың бір бөлігін), құрылысты (құрылыстың бір бөлігін) білдіретін аумақ;
46) техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмi - техникалық қарап тексеру операторларының бiрыңғай тiзбесi;
47) техникалық қарап тексеру операторы - мiндеттi техникалық қарап тексеруден өткiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын және техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмiне енгiзiлген заңды тұлға немесе дара кәсiпкер;
48) техникалық қарап тексеру орталығы - механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемелерiнің техникалық жай-күйін диагностикалау жөніндегі жұмыстарды орындауға арналған, осы мақсаттар үшiн техникалық қарап тексерудің стационарлық және (немесе) ұтқыр желiсi бар кешен;
49) техникалық қарап тексерудің диагностикалық картасы - механикалық көлiк құралы мен оның тiркемелерiнiң техникалық жай-күйi параметрлерiнiң тiзбесiмен бірге иесi және механикалық көлiк құралы мен оның тiркемелерi және мiндеттi техникалық қарап тексеру нәтижелерi туралы мәлiметтер қамтылатын құжат;
50) техникалық қарап тексерудің стационарлық желiсi - механикалық көлiк құралдары мен олардың тіркемелерін мiндеттi техникалық қарап тексеруден өткiзу үшiн диагностикалау құралдарымен жарақтандырылған, ғимаратта немесе құрылыста орналасқан кешен;
51) техникалық қарап тексерудің ұтқыр желiсi - мiндеттi техникалық қарап тексеруден өткiзу үшiн механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемелерiн диагностикалау құралдарымен жарақтандырылған арнайы көлiк құралынан не ұтқыр құрылыстан (контейнер типіндегі) тұратын жылжымалы кешен;
52) тоқтап тұру - көлiк құралының жүрісін жолаушыларды отырғызуға немесе түсiруге не көлiк құралын тиеуге немесе түсiруге байланысты емес себептер бойынша бес минуттан асатын уақытқа әдейі тоқтату;
53) тiркеме - қозғалтқышпен жабдықталмаған және механикалық көлiк құралының құрамында жүруге арналған көлiк құралы. Ұғым жартылай тiркемелер мен ұзартылмалы тiркемелерге де қолданылады;
54) шұғыл қимылдайтын жедел қызметтер - Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғалары және өзге де төтенше жағдайлар кезінде шұғыл көмек көрсететін қызметтер;