Қазақстан Республикасының
Заңы
Жол жүрісі туралы
(2014.07.11. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылды
Осы Заң Қазақстан Республикасында жол жүрісі жұмыс істеуінің және оның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің құқықтық негіздері мен жалпы шарттарын белгілейді.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) авариялар мен апаттар кезіндегі шұғыл шақыру жүйесі (бұдан әрі - шұғыл шақыру жүйесі) - навигациялық спутниктік жүйелердің сигналдары мен деректерін пайдалана отырып жұмыс істейтін, шұғыл қимылдайтын жедел қызметтерге Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғалары және өзге де төтенше жағдайлар туралы қалыпқа түсірілген ақпарат беруді қамтамасыз ететін мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйе;
2) автомагистраль - көлік құралдарының жүруі үшін арнайы жобаланған және салынған (немесе реконструкцияланған), жол бойындағы иеліктерге қызмет көрсетпейтін жол. Оған тек басқа жолдардан ғана әртүрлі деңгейлердегі жол айрықтары арқылы өтуге болады. Бұл жолдың:
бiр-бiрiнен жүруге арналмаған бөлу жолағымен бөлінген, әртүрлі бағытта жүру үшін бөлек жүру бөлiктерi бар;
басқа жолдармен, темiржолдармен және трамвай жолдарымен және жаяу жүргінші жолдарымен бiр деңгейде қиылыстары жоқ;
автомагистраль ретінде арнайы белгіленген;
3) автомобиль - жолдарда жүруге және олармен адамдарды, жүктерді немесе үстіне орнатылған жабдықты тасымалдауға немесе адамдарды, жүктерді немесе үстіне орнатылған жабдықты тасымалдауға арналған көлік құралдарын жолдарда сүйретуге арналған, оның ішінде троллейбустарды қоса алғандағы механикалық көлік құралы;
4) айрықша мақсаттағы автомобиль - күзетілетін адамдарды тасымалдау және (немесе) олармен бірге ілесіп жүруге арналған көлік құралы;
5) аялдау - көлiк құралының жүрісін бес минутқа дейiн не, егер бұл жолаушыларды отырғызу немесе түсiру, көлiк құралын тиеу немесе түсiру үшiн қажет болса, одан да көбiрек уақытқа әдейі тоқтату;
6) велосипед - екi немесе одан көп дөңгелегі бар (мүгедектерге арналған кресло-арбалардан басқа) және үстінде отырған адамдардың дене күшiмен қозғалысқа келтiрiлетiн көлiк құралы;
7) велосипед жолы - велосипедтердің жүруіне арналған және тиісті белгімен белгіленген жеке жол немесе жолдың бір бөлігі. Велосипед жолы басқа жолдардан немесе нақ сол жолдың басқа элементтерінен конструктивтік түрде бөлінеді;
8) велосипед жүретін жолақ - жолдың жүру бөлігінің велосипедтер жүруге арналған жолағы. Велосипед жүретін жолақ жолдың басқа жүру бөлігінен ұзына бойындағы жол таңбасы және арнайы белгілер арқылы бөлінеді;
9) елді мекен - кіретін және шығатын жерлері тиісті белгілермен белгіленген, құрылыс салынған аумақ;
10) жаяу жүргінші - жолда көлiк құралынан тыс жерде тұрған және онда жұмыс жүргізіп жатпаған адам. Мүгедектерге арналған кресло-арбалармен жүріп-тұратын, велосипедті, мопедті, мотоциклді жетелеп әкеле жатқан, шана, арба, балалар арбасын сүйретіп келе жатқан жеке адамдар жаяу жүргiншiлерге теңестіріледі;
11) жол - көлiк құралдарының жүруі үшін жайластырылған немесе ыңғайластырылған және пайдаланылатын жердің барлық бөлінген жолағы не жасанды құрылыстың үстi. Жол бiр немесе бiрнеше жүру бөлiктерiн, сондай-ақ трамвай жолдарын, тротуарларды, жол жиектерiн және олар болған кезде бөлу жолақтарын қамтиды;
12) жолаушы - көлiк құралының үстiнде (ішінде) отыратын және оны басқармайтын адам;
13) жол жүрісі - жолдар шегінде адамдар мен жүктердi көлiк құралдары арқылы немесе оларсыз тасымалдау процесінде туындайтын қоғамдық қатынастар жиынтығы;
14) жол жүрісі қағидалары - Қазақстан Республикасының аумағында жол жүрісінің бірыңғай тәртібін, жол жүрісін ұйымдастырудың техникалық және басқа да құралдарының мақсаты мен қолданысын белгілейтін нормативтік құқықтық акт;
15) жол жүрісіне қатысушы - жол жүрісі процесiне жаяу жүргiншi, жолаушы немесе жүргiзушi ретiнде тiкелей қатысатын адам;
16) жол жүрісі қауiпсiздiгi - қатысушыларының жол-көлiк оқиғалары мен олардың зардаптарынан, сондай-ақ жол жүрісінің экологиялық жағдайға, халықтың денсаулығына теріс әсерінен қорғалу дәрежесiн көрсететiн жол жүрiсiнiң жай-күйi;
17) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету - жол-көлік оқиғаларын, жол жүрісінің экологиялық жағдайға, халықтың денсаулығына теріс әсерін болғызбауға, олардың зардаптарының ауырлығын азайтуға, сондай-ақ осындай зардаптарды жоюға бағытталған қызмет;
18) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында басшылықты өз құзыреті шегінде және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган және оның астанадағы, республикалық және облыстық маңызы бар қалалардағы аумақтық бөлімшелері;
19) жол жүрісін реттеудің техникалық құралдары - жол белгiлерi, жол таңбасы, бағдаршамдар (олардың жұмыс бағдарламасын айқындайтын жабдықты қоса алғанда), темiржол өтпелерiндегi реттеуiш құрылғылар, сондай-ақ жол қоршаулары мен бағыттауыш құрылғылар;
20) жол жүрiсiн ұйымдастыру - жол жүрiсін басқару жөніндегі ұйымдық-құқықтық, нормативтік-әдістемелік, жобалау-іздестіру, ұйымдық-техникалық, бақылау-қадағалау, өкімдік және басқа да іс-шаралар кешенi;
21) жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару жүйесі - тиімді жоспарлауды және бақылау іс-шараларын жүргізуді қамтамасыз ететін, бақылау қызметінің неғұрлым басым бағыттарына ресурстарды іріктеп алу, оңтайлы бөлу қағидаттарына негізделетін әкімшілік ету жүйесі;
22) жолдың жүру бөлігі - көлік құралдарының жүруі үшін пайдаланылатын жолдың бір бөлігі;
23) жол иелері - жолдың меншік иелері болып табылатын немесе шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында жолдарды басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалар;
24) жол-көлiк оқиғасы - көлiк құралының жолда жүруі процесiнде және оның қатысуымен туындаған, адамның денсаулығына зиян келтіруге, өліміне, көлік құралдарының, құрылыстардың, жүктердің бүлінуіне не өзге де материалдық залалға әкеп соққан оқиға;
25) жүргізуші - көлік құралын басқаратын адам, жол бойымен мал, табын, жүк артылған, жегілген малды немесе мініс малын айдаушы;
26) жүргізуші куәлігі - тиісті санаттағы көлік құралын басқару құқығын растайтын құжат. Жүргізуші куәлігі иесінің жеке басын куәландыратын құжат болған кезде, алып қойылған немесе жоғалған құжаттың орнына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімге берілетін құжат та жүргізуші куәлігі болып есептеледі;
27) интеллектуалды көлік жүйесі - жол жүрісін басқару мен бақылауды қамтамасыз ететін өзара байланысты автоматтандырылған жүйелер кешені;
28) көлік құралы - адамдарды, жүктерді немесе үстіне орнатылған жабдықты жолдармен тасымалдауға арналған құрылғы;
29) көлік құралының иесі - көлік құралының меншік иесі, сондай-ақ көлік құралын шаруашылық жүргізу құқығында немесе жедел басқару құқығында не өзге де заңды негізде (жалдау құқығы, көлік құралын басқару құқығына сенімхат, тиісті органның осы адамға көлік құралын беру туралы өкімі) иеленетін адам. Өзінің қызметтік немесе еңбек міндеттерін орындауына орай, оның ішінде көлік құралының меншік иесімен немесе өзге де иесімен жасалған еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарт негізінде көлік құралын басқаратын адам көлік құралының иесі болып табылмайды;
30) көлік құралын мемлекеттік тіркеу - құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін тексергеннен, көлік құралының сәйкестендіру нөмірлерін салыстырып тексергеннен кейін көлік құралын тіркеу туралы куәлікті бере отырып және мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісін бере отырып уәкілетті орган жүзеге асыратын, көлік құралының жол жүрісіне қатысуына рұқсат беру рәсімі;
31) көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәлік - көлік құралының жол жүрісіне қатысуына рұқсат берілгенін растайтын құжат;
32) көлік құралдарының белсенді қауіпсіздігі - көлік құралдарының жол-көлік оқиғаларын болғызбауға және олардың көлік құралының конструктивтік ерекшеліктерімен байланысты туындайтын алғышарттарын жоюға бағытталған конструктивтік және пайдалану қасиеттерінің жиынтығы;
33) көлік құралдарының бәсең қауіпсіздігі - көлік құралдарының жол-көлік оқиғаларының ауырлығын азайтуға бағытталған конструктивтік және пайдалану сипаттамаларының жиынтығы;
34) көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган - автомобиль көлігі саласында басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
35) қызмет өңірі - көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган тіркелген механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемелерiн бөлу қағидаты бойынша айқындаған аумақ;
36) мемлекеттік баяндама - жол жүрісі қауіпсіздігінің жай-күйі туралы жыл сайынғы есеп;
37) мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісі - мемлекет меншігі болып табылатын және механикалық көлік құралына берілетін жеке-дара әріптік-цифрлық белгіден тұратын және ұлттық стандарт талаптарына сәйкес жасалған бұйым. Бұл ұғым «Транзит» нөмірлік белгілеріне қолданылады;
38) механикалық көлік құралы - мопедтер мен рельстік көлік құралдарын қоспағанда, қозғалтқышпен қозғалысқа келтірілетін, өздігінен жүретін жол көлік құралы. Ұғым тракторлар мен өздігінен жүретін машиналар жол жүрісіне қатысқан кезде оларға да қолданылады;
39) механикалық көлік құралын пайдалану - механикалық көлік құралы тіркелген кезден бастап кәдеге жаратылған кезге дейін оның мақсаты бойынша пайдаланылуын қамтитын өмірлік цикл сатысы;
40) механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемелерiн мiндеттi техникалық қарап тексерудің бiрыңғай ақпараттық жүйесi - механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемелерiнің иелері, механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемелерi, мiндеттi техникалық қарап тексеруден өткiзу нәтижелерi туралы мәліметтер қамтылатын электрондық дерекқор;
41) мопед - цилиндрінің көлемі елу текше сантиметрден аспайтын іштен жану қозғалтқышымен жабдықталған және ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына елу километрден аспайтын екі немесе үш дөңгелекті көлік құралы. Мопедтерге аспалы қозғалтқышы бар велосипедтер, мокиктер, скутерлер және осыған ұқсас сипаттамалары бар басқа да көлік құралдары теңестіріледі;
42) мотоцикл - қозғалтқышы бар, бүйiр тiркемесiмен немесе онсыз екі дөңгелекті механикалық көлiк құралы. Мотоциклдерге жүктемесіз салмағы төрт жүз килограмнан аспайтын үш және төрт дөңгелекті көлiк құралдары, цилиндрінің көлемі елу текше сантиметрден асатын скутерлер және осыған ұқсас сипаттамалары бар басқа да көлік құралдары теңестіріледі;
43) міндетті техникалық қарап тексеру - механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерінің техникалық жай-күйінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігін диагностикалаудың мерзімдік процесі;
44) орынтұрақ - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген нормативтік құқықтық актілерге сәйкес ұйымдастырылған жол учаскесі болып табылатын, көлік құралы қойылатын орын;
45) паркинг - көлік құралдарын сақтауға (қоюға) арналған және нормативтік құқықтық актілерге сәйкес ұйымдастырылған, бір немесе көп деңгейлі инженерлік құрылысты немесе арнайы ашық алаңды қоса алғанда, арнайы жабдықталған ғимаратты (ғимараттың бір бөлігін), құрылысты (құрылыстың бір бөлігін) білдіретін аумақ;
46) техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмi - техникалық қарап тексеру операторларының бiрыңғай тiзбесi;
47) техникалық қарап тексеру операторы - мiндеттi техникалық қарап тексеруден өткiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын және техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмiне енгiзiлген заңды тұлға немесе дара кәсiпкер;
48) техникалық қарап тексеру орталығы - механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемелерiнің техникалық жай-күйін диагностикалау жөніндегі жұмыстарды орындауға арналған, осы мақсаттар үшiн техникалық қарап тексерудің стационарлық және (немесе) ұтқыр желiсi бар кешен;
49) техникалық қарап тексерудің диагностикалық картасы - механикалық көлiк құралы мен оның тiркемелерiнiң техникалық жай-күйi параметрлерiнiң тiзбесiмен бірге иесi және механикалық көлiк құралы мен оның тiркемелерi және мiндеттi техникалық қарап тексеру нәтижелерi туралы мәлiметтер қамтылатын құжат;
50) техникалық қарап тексерудің стационарлық желiсi - механикалық көлiк құралдары мен олардың тіркемелерін мiндеттi техникалық қарап тексеруден өткiзу үшiн диагностикалау құралдарымен жарақтандырылған, ғимаратта немесе құрылыста орналасқан кешен;
51) техникалық қарап тексерудің ұтқыр желiсi - мiндеттi техникалық қарап тексеруден өткiзу үшiн механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемелерiн диагностикалау құралдарымен жарақтандырылған арнайы көлiк құралынан не ұтқыр құрылыстан (контейнер типіндегі) тұратын жылжымалы кешен;
52) тоқтап тұру - көлiк құралының жүрісін жолаушыларды отырғызуға немесе түсiруге не көлiк құралын тиеуге немесе түсiруге байланысты емес себептер бойынша бес минуттан асатын уақытқа әдейі тоқтату;
53) тiркеме - қозғалтқышпен жабдықталмаған және механикалық көлiк құралының құрамында жүруге арналған көлiк құралы. Ұғым жартылай тiркемелер мен ұзартылмалы тiркемелерге де қолданылады;
54) шұғыл қимылдайтын жедел қызметтер - Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғалары және өзге де төтенше жағдайлар кезінде шұғыл көмек көрсететін қызметтер;
55) шұғыл қимылдайтын жедел қызметтерді шақыру құрылғысы - жұмыс істеп тұрған кемінде екі жаһандық навигациялық спутниктік жүйе сигналдарының көмегімен көлік құралының координаттарын, жылдамдығын және қозғалыс бағытын айқындауды, жол-көлік оқиғасы және өзге де төтенше жағдай кезінде көлік құралы туралы хабарлама беруді, сондай-ақ жылжымалы радиотелефон байланысы желілері арқылы шұғыл қимылдайтын жедел қызметтермен екіжақты дауыс байланысын жүзеге асыратын және қамтамасыз ететін құрылғы;
56) шұғыл шақыру жүйесінің операторы - шұғыл шақыру жүйесін басқаруды жүзеге асыратын уәкілетті ұйым.
2-бап. Қазақстан Республикасының жол жүрiсi туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының жол жүрiсi туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заңнан, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда осы Заңда белгіленгеннен өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттардың қағидалары қолданылады.
3-бап. Жол жүрiсiнің негiзгi қағидаттары
Жол жүрiсiнің негiзгi қағидаттары:
1) жол жүрiсiне қатысушылардың өмiрi мен денсаулығының шаруашылық қызметтiң экономикалық нәтижелерiнен басымдығы;
2) жол жүрiсi қауiпсiздiгiнің қамтамасыз етілуі үшін мемлекет жауаптылығының жол жүрiсiне қатысушылардың жауаптылығынан басымдығы;
3) жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету кезiнде жол жүрiсiне қатысушылар, қоғам мен мемлекет мүдделерiнiң сақталуы;
4) жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге жүйелi көзқарас болып табылады.
4-бап. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жүйесi
Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жүйесi жол жүрісі саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру құралы болып табылады және жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы қатынастарды реттейтін құқықтық нормаларды, орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, заңды тұлғалардың, қоғамдық бірлестіктердің, жол жүрiсiне қатысушылардың, жол жүрiсi қауiпсiздiгiн және жол-көлiк оқиғаларының зардаптарын жоюды қамтамасыз ететiн құралдар мен шаралардың жиынтығын қамтиды.
2-тарау. ЖОЛ ЖҮРІСІ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ ЖӘНЕ САЯСАТ
5-бап. Жол жүрісі саласындағы мемлекеттік басқару
Жол жүрісі саласындағы мемлекеттік басқару:
1) жол жүрісі саласындағы мемлекеттік саясатты айқындауды, әзірлеуді, іске асыруды;
2) жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қызметті қаржыландыруды;
3) көлік құралдары иелерінің және тасымалдаушылардың жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауаптылығын міндетті сақтандыруды қамтамасыз етуді;
4) жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жай-күйінің негізгі нысаналы көрсеткіштерінің статистикалық есептілігін және мемлекеттік есепке алынуын жүргізуді;
5) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнамалық, өзге де нормативтік құқықтық актілерді белгіленген тәртіппен әзірлеуді, қабылдауды, бекітуді және іске асыруды;
6) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, орталық, жергiлiктi өкілді және атқарушы органдардың құзыретін белгiлеуді;
7) жол-көлiк оқиғаларының алдын алу және олардың зардаптарының ауырлығын азайту мақсатында орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, жеке және заңды тұлғалардың қызметiн үйлестiруді;
8) жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуді;
9) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және жол-көлік оқиғаларының зардаптарын жоюды;
10) жолдардың қауіпсіздігі мен олардың өткізу қабілетін қамтамасыз етуді;
11) көлік құралдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді;
12) жол пайдаланушылардың қауіпсіз жүріп-тұруын қамтамасыз етуді;
13) халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруды;
14) Қазақстан Республикасының жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы заңнамасының орындалуына мемлекеттік бақылаудың және қадағалаудың жүзеге асырылуын;
15) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік басқарудың өзге де нысандарын қамтиды.
6-бап. Жол жүрісі саласындағы мемлекеттік саясат
1. Жол жүрісі саласындағы мемлекеттік саясат жол жүрісіне қатысушыларға қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге, жол-көлік оқиғаларын болғызбауға және олардың зардаптарының ауырлығын азайтуға бағытталған.
2. Жол жүрісі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары:
1) жол жүрісі қауіпсіздігі мен қолжетімділігін, оған қатысушыларға қолайлылық пен сервисті қамтамасыз ету;
2) орнықты көлік жүйесін қамтамасыз ету;
3) жол жүрісіндегі тәуекелдерді азайту;
4) қауіпсіз көлік құралдарына көшу;
5) қоғамдық көлікті пайдалануды ынталандыру және көтермелеу;
6) жол жүрісі қағидаларының сақталуын қамтамасыз ету;
7) жол-көлік оқиғаларының салдарынан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету жүйесін жетілдіру;
8) жол жүрісі саласында қоршаған ортаны қорғау;
9) Конституцияға, осы Заңға, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілеріне сәйкес жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы өзге де бағыттар болып табылады.
7-бап. Жол жүрісі саласындағы қызметті қаржыландыру
Жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қызметті қаржыландыру бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
8-бап. Жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жай-күйінің көрсеткіштерін есепке алудың мемлекеттік жүйесі
1. Қазақстан Республикасының аумағында жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жай-күйінің көрсеткіштерін есепке алудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі жүзеге асырылады, бұл адамдар қайтыс болған және (немесе) жарақаттанған, көлік құралдары, құрылыстар, жүктер бүлінген не өзге де материалдық залал келтірілген жол-көлік оқиғалары, сондай-ақ жол жүрісі саласындағы құқық бұзушылықтар, жол жүрісінің жай-күйін және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті көрсететін басқа да көрсеткіштер туралы мәліметтерді қамтиды.
2. Жол жүрісінің жай-күйін және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті көрсететін көрсеткіштер туралы ақпарат уәкілетті органның ресми сайтында орналастырылады.
3-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮКІМЕТІНІҢ, ОРТАЛЫҚ ЖӘНЕ ЖЕРГІЛІКТІ ӨКІЛДІ ЖӘНЕ АТҚАРУШЫ ОРГАНДАРДЫҢ ЖОЛ ЖҮРІСІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰЗЫРЕТІ
9-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкiметi:
1) жол жүрiсi саласындағы мемлекеттiк саясатты әзiрлейді;
2) жол жүрiсi және оның қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың қызметiне басшылық етеді, олардың Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентiнің және Қазақстан Республикасы Үкiметiнің актiлерiн орындауын бақылайды;
3) жол жүрiсi және оның қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
4) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының механикалық көлік құралдары мен олардың тiркемелерiн мемлекеттік тіркеу қағидаларын бекітеді;
6) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
7) жол жүрісі қағидаларын, көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалармен боялуға жататын жедел және арнайы қызметтер тізбесін бекітеді;
8) жолдарда көлік құралдарының жүрісін тоқтату немесе уақытша шектеу тәртібін бекітеді;
9) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
10) масаң күйді куәландыруға жіберу, масаң күйді куәландыру және оның нәтижелерін ресімдеу қағидаларын бекітеді;
11) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
12) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
13) өзiне Конституцияда, осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актiлерiнде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
10-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) жол жүрiсi саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;
2) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына мониторинг жүргізеді;
3) халықты жол жүрісі қауіпсіздігі мәселелері бойынша құқықтық сауаттандыруды және оларға ақпарат беруді қамтамасыз етеді;