5. Келтірілген экологиялық залалды жоюға жауапты тұлғаға ремедиация бағдарламасында қойылған, келтірілген экологиялық залалды жою жөніндегі мақсаттарға қол жеткізе отырып, ремедиация бағдарламасы аяқталғаннан кейін табиғи ортаның қалпына келтірілген құрамдастарының жай-күйіне мерзімдік мониторинг жасау бойынша жауапкершілік жүктеледі. Мұндай мониторингтің тәртібін, кезеңділігі мен ұзақтығын, сондай-ақ есептілік тәртібін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
6. Егер мониторинг нәтижелері бойынша іске асырылған ремедиация бағдарламасының немесе қосымша ремедиация бағдарламасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізілмегені анықталған жағдайда, экологиялық залалды жоюға жауапты тұлғаға қосымша ремедиация бағдарламасын әзірлеу мен іске асыру бойынша жауапкершілік жүктеледі.
7. Аяқталған ремедиация бағдарламасының нәтижелері, сондай-ақ мониторинг нәтижелері экологиялық залалды жоюға жауапты тұлғаның ресми сайтында, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның сайтында міндетті түрде жариялануға жатады. Көрсетілген нәтижелерді жариялау келтірілген экологиялық залалды жоюға жауапты тұлғаның есебінен жүзеге асырылады.
141-бап. Экологиялық залал келтіруге байланысты талаптар бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі
Экологиялық залал келтіруге байланысты талаптар бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі отыз жылды құрайды және экологиялық залалға себеп болған оқиға, әрекет немесе әрекетсіздік кезінен бастап есептеледі. Егер экологиялық залал ұзақ сипатта болған жағдайда, талап қоюдың ескіру мерзімі экологиялық залалға себеп болған оқиғаның, әрекеттің немесе әрекетсіздіктің аяқталған кезінен бастап есептеледі.
6-БӨЛІМ. ТАРИХИ ЛАСТАНУ ОБЪЕКТІЛЕРІ
142-бап. Тарихи ластану
1. Бұрынғы қызметтің нәтижесінде, оның ішінде антропогендік қызметтің алуан түрлері әсер етуінің жиынтығы нәтижесінде туындаған, суларға және (немесе) жерлерге келтірілген, жою жөніндегі міндеттері орындалмаған не толық көлемде орындалмаған, жинақталған экологиялық залал тарихи ластану деп танылады.
2. Тарихи ластану анықталған аумақтар мен акваториялар немесе олардың жекелеген учаскелері, сондай-ақ тарихи ластану көзі болып табылатын иесіз күрделі құрылыс және қалдықтарды сақтау немесе көму объектілері тарихи ластану объектілері деп танылады.
143-бап. Тарихи ластану объектілерін анықтау, бағалау және есепке алу
1. Тарихи ластану объектілерін анықтау бұрын антропогендік қызмет жүзеге асырылған және (немесе) иесіз күрделі құрылыс объектілері және (немесе) иесіз қалдықтарды сақтау немесе көму объектілері орналасқан аумақтар мен акваторияларды түгендеу және зерттеп-қарау арқылы жүзеге асырылады.
2. Тарихи ластану объектілерін анықтау, бағалау және есепке алу, оның ішінде тарихи ластану объектілерінің мемлекеттік тізілімін жүргізу қағидаларын (бұдан әрі - тарихи ластану объектілерін анықтау, бағалау және есепке алу қағидалары) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы Кодекстің талаптарын ескере отырып бекітеді.
3. Тарихи ластану объектілерін анықтау мен бағалауды аудандардың, қалалардың жергілікті атқарушы органдары ұйымдастырады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша тарихи ластанудың жекелеген объектілерін анықтау мен бағалауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ұйымдастырады.
Тарихи ластану объектілерін анықтау және бағалау жөніндегі жұмыстарды жүргізу үшін осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласында жұмыстарды орындауға және қызметтерді көрсетуге лицензиясы бар ұйымдарды тартады.
4. Тарихи ластану объектісін бағалау мыналарды:
1) ластағыш заттардың, олардың түрлері бойынша қалдықтардың көлемін немесе массасын;
2) тарихи ластану объектісі орналасқан аумақтар мен акваториялардың немесе олардың учаскелерінің алаңдарын, пайдалануға рұқсат берілген жерлер мен сулардың санаттары мен түрлерін;
3) ластағыш заттардың табиғи ортаның өзге құрамдастарына көшіп-қонуға қабілеттілігін, су объектілерінің, оның ішінде ауызсумен және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау көздері болып табылатын су объектілерінің ластану мүмкіндігін, жаңа экологиялық залалдың туындау және адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына зиян келтіру мүмкіндігін қоса алғанда, қоршаған ортаға жағымсыз әсер ету деңгейі мен көлемін;
4) Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда көрсетілген қауіпті заттардың тарихи ластану объектісінде бар-жоғын;
5) қоршаған ортасы тарихи ластану объектісінен жағымсыз әсер етуді сезініп отырған аумақта тұратын халық санын;
6) қоршаған ортаға жинақталған зиян объектісінен қоршаған ортасына жағымсыз әсер ету қатері төніп тұрған аумақта тұратын халық санын анықтауды қамтиды.
5. Тарихи ластану объектілерін есепке алу оларды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы баптың 3-тармағында көрсетілген мемлекеттік органдардан тарихи ластану объектілерін анықтау мен бағалау нәтижелерін алған күннен бастап отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімде тарихи ластану объектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізу арқылы жүзеге асырылады.
Тарихи ластану объектілерінің мемлекеттік тізілімі электрондық дерекқор болып табылады, онда осы баптың 4-тармағына сәйкес тарихи ластану объектілерін бағалау нәтижелері, олардың шығу тегі, тарихи ластану объектілерінің мүліктік тиесілігі және тарихи ластануды жою бойынша қажетті жұмыстар жөніндегі ақпаратты қоса алғанда, анықталған тарихи ластану объектілері туралы мәліметтер жиналады.
Тарихи ластану объектілерінің мемлекеттік тізілімін бюджет қаражаты есебінен жүргізуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ұйымдастырады.
6. Тарихи ластану объектілерінің мемлекеттік тізілімін жүргізу:
1) тарихи ластану объектілерін анықтау мен бағалау материалдарын қарауды;
2) тарихи ластану объектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізу немесе енгізуден бас тарту туралы шешім қабылдауды;
3) тарихи ластану объектілерін санаттауды;
4) тарихи ластану объектісі туралы ақпаратты жаңартуды;
5) тарихи ластану объектілерін мемлекеттік тізілімнен шығаруды қамтиды.
7. Тарихи ластану объектілерін санаттау тарихи ластану объектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілген тарихи ластану объектілеріне қатысты жүзеге асырылады.
Тарихи ластану объектілерін санаттау тарихи ластануды жою жөніндегі жұмыстарды жүргізудің басымдығы мен кезектілігін негіздеу, сондай-ақ өзге де кезек күттірмейтін шаралар қабылдау мақсатында олардың экологиялық қауіпсіздікке ықпалын салыстыру арқылы жүргізіледі.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган тарихи ластану объектілерін санаттау нәтижелері бойынша өздеріне қатысты тарихи ластануды жою жөніндегі жұмыстарды жүргізу, сондай-ақ өзге де кезек күттірмейтін шараларды қабылдау бірінші кезекті тәртіппен жүзеге асырылуға тиіс басым объектілерді және тарихи ластану объектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілген тарихи ластанудың өзге де объектілеріне қатысты жою жөніндегі жұмыстарды жүргізудің кезектілігін айқындайды.
8. Тарихи ластану объектілерінің мемлекеттік тізілімі қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында ашық қолжетімділікте орналастырылады.
144-бап. Тарихи ластануды жою
1. Тарихи ластануды жою тарихи ластану объектілерінің мемлекеттік тізілімінде айқындалған басымдық пен кезектілік ескеріле отырып, осындай тізілімге енгізілген тарихи ластану объектілеріне қатысты жүзеге асырылады.
2. Тарихи ластануды жою қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
Тарихи ластануды жою бойынша жүргізілген жұмыс туралы есеп қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланады.
3. Тарихи ластануды жоюды аудандардың, қалалардың жергілікті атқарушы органдары ұйымдастырады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жекелеген объектілерге қатысты тарихи ластануды жоюды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ұйымдастырады.
Тарихи ластануды жою жөніндегі жұмыстарда қажетті зерттеп-қараулар, оның ішінде инженерлік іздестірулер жүргізу, тарихи ластануды жою жөніндегі жұмыстардың жобасын әзірлеу, оны келісу және бекіту, тарихи ластануды жою жөніндегі жұмыстарды жүргізу, орындалған жұмыстарды бақылау мен қабылдау және қоршаған ортаның жай-күйіне одан әрі мониторинг жүргізу қамтылады.
Тарихи ластануды жою жөніндегі жұмыстарды жүргізу үшін осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес ұйымдарды тартады.
4. Тарихи ластануды жою жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
7-БӨЛІМ. ҚОРШАҒАН ОРТАҒА ЖАҒЫМСЫЗ ӘСЕР ЕТЕТІН ОБЪЕКТІЛЕРДЕГІ ҚЫЗМЕТТІҢ САЛДАРЛАРЫН ЖОЮ
145-бап. Қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін объектілердегі қызметтің салдарларын жою туралы жалпы ережелер
1. Қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін объектілерді пайдалану тоқтатылғаннан кейін объектілердің операторлары Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес осындай объектілерді пайдалану салдарларын жоюды қамтамасыз етуге міндетті.
2. Қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін объектілерді пайдалану салдарларын жою шеңберінде жер учаскелерін адамдар өмірінің және (немесе) денсаулығының қауіпсіздігін, қоршаған ортаның қорғалуын қамтамасыз ететін және Қазақстан Республикасының жер заңнамасында көзделген тәртіппен, сондай-ақ осындай объектілердің сипатына қарай, оларды нысаналы мақсаты бойынша одан әрі пайдалану үшін жарамды жай-күйге келтіру бойынша - құрылыс объектілерін кейіннен кәдеге жарату, жер қойнауын пайдалану салдарларын жою, гидрогеологиялық ұңғымаларды жою және консервациялау, полигондарды және қалдықтарды, оның ішінде радиоактивті қалдықтарды сақтау мен жоюдың өзге де орындарын жабу бойынша жұмыстар, атом энергиясын пайдалану объектілерімен жұмыс істеу жөніндегі қызметті қауіпсіз тоқтату бойынша іс-шаралар және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жұмыстар жүргізілуге тиіс.
146-бап. Қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін объектілерді пайдалану салдарларын жоюды қаржыландыру
1. Қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін объектілерді пайдалану салдарларын жою объектіні пайдалануды тоқтату кезінде осындай объектінің операторы болып табылған тұлғаның есебінен жүргізіледі.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларда объектінің операторы қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін объектілерді пайдалану салдарларын жою жөніндегі өз міндеттемелерінің орындалуын қаржылық қамтамасыз етуді беруге міндетті. Мұндай қамтамасыз етуді беру объектінің операторын қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін объектілерді пайдалану салдарларын жою жөніндегі міндеттемелерді орындаудан босатпайды.
147-бап. Қызметті жүзеге асыру салдарларын жоюға байланысты міндеттемелер бойынша талаптарды қаржылық қамтамасыз ету
1. I санаттағы объектілердің операторлары қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға осындай объектілерді пайдалану салдарларын жою бойынша, оның ішінде болашақта туындайтын талаптарға қатысты өз міндеттемелерін орындауды қаржылық қамтамасыз етуді (бұдан әрі - қаржылық қамтамасыз ету) беруге тиіс.
2. Қаржылық қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының пайдасына жүзеге асырылады.
3. І санаттағы объектінің операторы осындай объектіні пайдалану салдарларын жою бойынша өз міндеттемелерін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мерзімде орындамаған (тиісінше орындамаған) жағдайда, берілген қаржылық қамтамасыз ету сомасы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның Қазақстан Республикасының пайдасына өндіріп алуына жатады және мұндай жағдайда тиісті міндеттерді мемлекет өндіріп алынған сома есебінен орындайды.
Егер Қазақстан Республикасының пайдасына өндіріп алынған қаржылық қамтамасыз ету сомасы І санаттағы объектіні пайдалану салдарларын жоюдың тиісті жобасы бойынша шығыстарды жабуға жеткіліксіз болса, мемлекет жетіспейтін соманы тиісті объект операторының мүлкінен алуға құқылы.
4. Қаржылық қамтамасыз ету:
1) кепілдіктер;
2) банктік салым кепілі;
3) мүлік кепілі;
4) сақтандыру түрінде беріледі.
5. Қаржылық қамтамасыз ету І санаттағы объект пайдалануға берілген соң үш жылдан кейін берілуге тиіс.
6. Қаржылық қамтамасыз ету банктік салым кепілі түріндегі қаржылық қамтамасыз етудің үлесі:
1) объект пайдалануға берілген күннен бастап он жыл өткен соң - жалпы қаржылық қамтамасыз ету сомасының елу пайызынан кем емес;
2) объект пайдалануға берілген күннен бастап жиырма жыл өткен соң жалпы қаржылық қамтамасыз ету сомасының жүз пайызы болған жағдайда, І санаттағы объект операторының таңдауы бойынша, осы баптың 4-тармағында көзделген қаржылық қамтамасыз етудің бір түрімен немесе бірнеше түрінің үйлесімімен беріледі.
7. Ауыстырылатын қаржылық қамтамасыз етуге қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өндіріп алуды қолданған жағдайларды қоспағанда, І санаттағы объектінің операторы осы баптың 6-тармағының талаптары сақталған жағдайда, қаржылық қамтамасыз етудің бір түрін басқа түріне ауыстыруды жүзеге асыруға құқылы.
8. І санаттағы объектінің операторы өзінің осындай объектіні пайдалану салдарларын жою жөніндегі барлық міндеттемесін толық орындағанға дейін қаржылық қамтамасыз етудің үздіксіз болуын қамтамасыз етуге міндетті.
9. Қаржылық қамтамасыз етудің мөлшері қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен әдістемеге сәйкес, І санаттағы объектіні пайдалану салдарларын жою жөніндегі жұмыстардың есептік құны негізге алына отырып айқындалады және әр жеті жыл сайын қайта есептелуге жатады.
10. І санаттағы объектіні пайдалану салдарларын жою жөніндегі жұмыстардың құнына әкімшілік және басқарушылық шығыстар, сондай-ақ:
1) күрделі құрылыстарды (ғимараттарды, құрылысжайларды, кешендерді) бөлшектеуге және бұзуға;
2) технологиялық жабдықты бөлшектеуге және жоюға;
3) қалпына келтіруге, қалдықтарды кәдеге жаратуға және (немесе) жоюға;
4) бүлінген жерлерді рекультивациялауға;
5) жерүсті және жерасты сулары, атмосфералық ауа сапасының, топырақ пен өсімдіктің жай-күйі сапасының мониторингіне;
6) кешенді экологиялық рұқсаттың шарттарында көзделген, I санаттағы объектіні пайдалану салдарларын жою жөніндегі өзге жұмыстарды орындауға арналған шығыстар қосылуға тиіс.
11. Осы бапқа сәйкес мыналар:
1) өздеріне қатысты жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану салдарларын жою жөніндегі міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуді берген немесе Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жою қоры қалыптастырылған I санаттағы объектілер;
2) өздеріне қатысты мұндай объектілердің операторы осы Кодекстің 350-бабының 16-тармағына сәйкес жою қорын қалыптастырған полигондар үшін қаржылық қамтамасыз ету талап етілмейді.
12. Осы баптың 11-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекске сәйкес берілетін қаржылық қамтамасыз етусіз I санаттағы объектілерді пайдалануға тыйым салынады.
І санаттағы объект қаржылық қамтамасыз етусіз пайдаланылған жағдайда, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осындай объектінің пайдаланылуын тоқтата тұру немесе оған тыйым салу туралы талап қоюмен сотқа жүгінеді.
13. Оператордың I санаттағы объектіні жаңа операторға меншікке немесе өзге де заңды пайдалануға беруі алдыңғы операторды объектіні пайдалану салдарларын жою, осындай пайдалану процесінде келтірілген экологиялық залалды жою және осы бапқа сәйкес осындай жаңа оператор қаржылық қамтамасыз етуді бергенге дейін қаржылық қамтамасыз етудің болуы жөніндегі міндеттемелерден босатпайды.
14. Егер І санаттағы объектінің операторы берген қаржылық қамтамасыз ету оған байланысты емес себептер бойынша осы Кодекстің талаптарына сәйкес келуін тоқтатса немесе тоқтап қалса, мұндай оператор күнтізбелік алпыс күн ішінде осы Кодекстің талаптарына сәйкес келетін жаңа қаржылық қамтамасыз етуді беруге міндетті. Егер көрсетілген мерзім ішінде мұндай ауыстыру жүргізілмесе, оператор I санаттағы тиісті объектіні пайдалануды дереу тоқтата тұруға міндетті. Мұндай І санаттағы объектіні пайдалануды қайта бастауға осы Кодекстің талаптарына сәйкес келетін қаржылық қамтамасыз ету берілгеннен кейін ғана жол беріледі.
15. Қабылданған қаржылық қамтамасыз етуді есепке алу тәртібін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
148-бап. Қаржылық қамтамасыз ету ретінде кепілдікті қолдану
1. Оператор осы Кодекстің 147-бабының 1-тармағында көрсетілген өз міндеттемелерін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мерзімде орындамаған (тиісінше орындамаған) жағдайда, кепіл осы Кодекстің 147-бабының талаптарына сәйкес қаржылық қамтамасыз ету ретінде берілген кепілдікке орай Қазақстан Республикасының алдында осы Кодекске сәйкес айқындалатын ақша сомасы шегінде жауап беруге міндеттенеді.
2. Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкі, шетелдік банк не акциялары бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында айналыста болатын ұйым кепіл бола алады. Егер шетелдік банк немесе акциялары бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында айналыста болатын ұйым кепіл болса, мұндай кепілдер қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын шетел валютасындағы ең төмен жеке кредиттік рейтинг жөніндегі шарттарға сәйкес келуге тиіс.
3. Банктің осы бапқа сәйкес берген кепілдік жөніндегі міндеттемесі I санаттағы объектіні пайдалану салдарларын жою аяқталғаннан кейін тоқтатылады.
4. Кепілдік қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітетін үлгілік нысанға сәйкес қазақ және орыс тілдерінде беріледі.
Шетелдік тұлға беретін кепілдік қазақ және орыс тілдеріне міндетті түрде аударыла отырып, шет тілінде жасалуы мүмкін, оның дұрыстығын нотариус куәландыруға тиіс.
5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жасалған кепілдік шартын қаржылық қамтамасыз ету ретінде қабылдайды.
Кепілдікті қабылдату үшін І санаттағы объектінің операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға кепілдік шартын қоса бере отырып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша өтініш ұсынады.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген өтініш тіркелген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, кепілдікті қаржылық қамтамасыз ету ретінде қабылдайды немесе сол мерзімде өтініш берушіні жазбаша немесе электрондық нысанда хабардар ете отырып оны қабылдаудан бас тартады.
6. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мына жағдайлардың бірінде:
1) ұсынылған кепілдік шарты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмесе;
2) кепіл осы баптың 2-тармағының талаптарына сәйкес келмесе;
3) сот мұндай талапты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заңсыз деп таныған жағдайларды қоспағанда, кепіл бұрын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның тиесілі сомаларды төлеу туралы талабын орындамаса, қаржылық қамтамасыз ету ретінде кепілдікті қабылдаудан бас тартады.
149-бап. Қаржылық қамтамасыз ету ретіндегі банктік салым кепілін қолдану
1. І санаттағы объектінің операторы (кепіл беруші) осы Кодекстің 147-бабының 1-тармағында көрсетілген өз міндеттемелерін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мерзімде орындамаған (тиісінше орындамаған) жағдайда, Қазақстан Республикасының (кепіл ұстаушының) банктік салым кепіліне орай кепілге салынған банктік салымның сомасынан оператордың басқа кредиторлары алдында артықшылықты түрде қанағаттандыру алуға құқығы бар.
2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Осы бапқа сәйкес Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкінде немесе Ұлттық пошта операторында орналастырылған банктік салым ғана кепіл нысанасы болуы мүмкін.
3. Салым теңгемен немесе шетел валютасымен енгізілуі мүмкін.
4. Қаржылық қамтамасыз ету болып табылатын банктік салымды қайта кепілге салуға тыйым салынады.
5. Заңды тұлға болып табылатын І санаттағы объект операторының банкроттығын қоса алғанда, ол таратылған жағдайда, кепіл ұстаушының талаптарын қанағаттандыру тәртібі Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында реттеледі.
2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган банктік салым кепілінің шарты негізінде банктік салым кепілін қаржылық қамтамасыз ету ретінде қабылдайды.
Банктік салым кепілінің шартын жасасу үшін І санаттағы объектінің операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға банктік салым шартының көшірмесін және банктік салымның бар-жоғы туралы анықтаманы қоса бере отырып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша өтінішті ұсынады.
2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Банктік салым кепілінің шарты І санаттағы объектінің операторы және (немесе) кепіл беруші ретіндегі үшінші тұлға, кепіл ұстаушы ретіндегі қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мен Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкі немесе Ұлттық пошта операторы арасында қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен, І санаттағы объектіні пайдалану салдарларын жою жөніндегі міндеттемелердің орындалуын қаржылық қамтамасыз ету ретінде банктік салым кепілінің үлгілік шартына сәйкес жасалады.
8. Банктік салым кепілінің шарты І санаттағы объект операторының банктік салым кепілі шартын жасасу туралы өтініші алынған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жасалады.
9. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган банктік салым кепілінің шарты жасалған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, сол мерзімде өтініш берушіні жазбаша немесе электрондық нысанда хабардар ете отырып, осындай шартты қаржылық қамтамасыз ету ретінде қабылдайды.
150-бап. Қаржылық қамтамасыз ету ретіндегі мүлік кепілін қолдану
1. І санаттағы объектінің операторы (кепіл беруші) осы Кодекстің 147-бабының 1-тармағында көрсетілген өз міндеттемелерін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мерзімде орындамаған (тиісінше орындамаған) жағдайда, Қазақстан Республикасының (кепіл ұстаушы) мүлік кепіліне орай кепілге салынған мүлікке оператордың басқа кредиторлары алдында артықшылықпен өндіріп алуды қолдануға құқығы бар.
2. Заңды тұлға болып табылатын I санаттағы объект операторының банкроттығын қоса алғанда, ол таратылған жағдайда кепіл ұстаушының талаптарын қанағаттандыру тәртібі Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында реттеледі.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жасалған мүлік кепілінің шарты негізінде мүлік кепілін қаржылық қамтамасыз ету ретінде қабылдайды.
Мүлік кепілінің шартын жасасу үшін І санаттағы объектінің операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға бағалаушының кепілге салынған мүліктің нарықтық құнын бағалау туралы есебін қоса бере отырып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша өтінішті ұсынады.
4. Мүлік кепілінің шарты І санаттағы объектінің операторы және (немесе) кепіл беруші ретіндегі үшінші тұлға және кепіл ұстаушы ретіндегі қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган арасында қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен үлгілік нысан бойынша жасалады.
Мүлік кепілінің шарты І санаттағы объект операторының мүлік кепілінің шартын жасасу туралы өтініші алынған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жасалады.
Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы мен кепіл беруші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған құн қаржылық қамтамасыз ету ретіндегі кепіл нысанасының нарықтық құны болып табылады.
Бағалаушының кепілге салынған мүліктің нарықтық құнын бағалау туралы есебі І санаттағы объектінің операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға мүлік кепілінің шартын жасасу туралы өтініш берген күнге дейін күнтізбелік он бес күннен ерте жасалмауға тиіс.
5. Мүлік кепілінің шарты кепілге берілетін мүлік жойылудан немесе бүлінуден сақтандырылған болып табылған жағдайда жасалады.
6. Мыналарды:
1) тiршiлiктi қамтамасыз ету объектiлерiн;
2) тыйым салынған мүлікті;
3) мемлекеттік органдар шектеу салған мүлікті;
4) үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салынған мүлікті;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтық айналымнан алып қойылған мүлікті;
6) электр, жылу энергиясын және өзге де энергия түрлерін;
7) тез бүлінетін тауарларды;
8) осы Кодекстің 149-бабына сәйкес банк салымын кепілге салу жағдайларын қоспағанда, мүліктік құқықтарды;
9) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлердегі мүлікті қоспағанда, кез келген мүлік қаржылық қамтамасыз ету ретіндегі мүлік кепілінің нысанасы болуы мүмкін.