Білім алуға жұмсалған шығындар сомасы қызмет өткеру туралы келісімшартта айқындалады.
11. Қызметкер арнаулы (әскери) оқу орнын бiтіргеннен кейiн қызмет өткеруден бас тартқан және осы Заңның 49-бабы 1-тармағының 4)-7), 11), 12), 13) тармақшаларында көзделген негіздемелер бойынша қызметтен шығарылған жағдайда, ол өзінің оқуына жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге міндеттi.
11-бап. Қызметкерлердің лауазымдарына орналастыруға қойылатын талаптар
Қызметкерлердің лаузымдарына арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы бекітетін арнаулы мемлекеттік орган лауазымдарының санаттарына қойылатын біліктілік талаптарына қарай тиісті орта білімнен кейінгі білімі, жоғары білімі бар Қазақстан Республикасының азаматтары тағайындалады.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 12-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
12-бап. Қызметкерлерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру
1. Қызметкерлерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің арнаулы (әскери) оқу орындарында, сондай-ақ басқа да білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.
2. Білім алушылардың контингентін қалыптастыру, қызметкерлерді қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру және өткізу тәртібін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайды.
13-бап. Қызметкерлердің ант қабылдауы
1. Мыналар:
1) арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тұрған, бұрын әскери ант немесе қызметкердің антын қабылдамаған адамдар;
2) бұрын әскери ант немесе қызметкердің антын қабылдамаған арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттары, тыңдаушылары;
3) бұған дейiн қандай да бiр себептер бойынша әскери ант немесе қызметкердің антын қабылдамаған арнаулы мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары ант қабылдайды.
2. Қызметкерлер антының мәтінін және оны қабылдау тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
3. Қызметкерлердің антты уақтылы қабылдауына жауаптылық, оны қабылдауды ұйымдастыру және есепке алу арнаулы мемлекеттік органдар бөлімшелерінің басшылары мен кадр аппараттарына жүктеледі.
14-бап. Арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тұрған адамдарды кәсіптік бейімдеу
1. Арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тұрған адамдар бөлімшенің жедел-қызметтік әрекеттеріне бейімделуден өтеді.
2. Бейімдеу жөніндегі жұмыс қызметкерлерді атқаратын лауазым талаптарына, жүктелген міндеттерді сапалы орындауға тезірек араластыру, олардың бойында қажетті кәсіптік қасиеттерді тиімді қалыптастыру және арнаулы мемлекеттік органдардың құндылықтары мен корпоративтік мәдениет нормаларын игеруі мақсатында жүзеге асырылады.
3. Қызметкерлерді кәсіптік бейімдеу жөніндегі жұмыс жоспарлы негізде жүргізіледі және тәлімгерлік жұмысты да қамтитын дамыту іс-шаралары кешенінен тұрады.
Қызметкерлерді бейімдеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру тәртібін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайды.
3-тарау. ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ
15-бап. Қызметкерлердiң мәртебесi және олардың құқықтық кепiлдiктерi
1. Қызметкерлер мемлекеттiк билiктiң өкiлдерi болып табылады және мемлекеттiң қорғауында болады.
Қызметкердің мәртебесіне азамат қызметке тұрған күннен бастап ие болады және қызметтен босатылуына байланысты арнаулы мемлекеттік орган жеке құрамының тізімінен шығарылған күннен бастап одан айырылады.
2. Қызметкерлердiң Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген талаптарын (бұдан әрi - заңды талаптар) барлық азаматтар мен лауазымды адамдар орындауға мiндеттi.
3. Қызметкерлер өздерiне жүктелген мiндеттердi орындау кезiнде, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, арнаулы мемлекеттік органның басшысына, тiкелей және уәкiлеттi басшыларға ғана бағынады.
4. Қызметкерлердiң қызметiне, оған Қазақстан Республикасының заңдарымен тiкелей уәкiлеттiк берiлген адамдардан басқа, ешкiмнiң араласуына құқығы жоқ. Қызметкерлердiң қызметiне құқыққа қарсы араласу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
5. Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келетiн бұйрық немесе нұсқау алған кезде қызметкер Қазақстан Республикасының заңдарын ғана басшылыққа алуға мiндеттi.
Басшыларға қызметтік міндеттерін орындауға қатысы жоқ және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға бағытталған бұйрықтар мен өкімдер беруге тыйым салынады.
Жауынгерлік іс-қимылдарынан, төтенше жағдайлар ахуалында тапсырмаларды орындаудан, сондай-ақ жедел-іздестіру іс-шараларын өткізуден басқа жағдайларда, бұйрықтар тек қана жазбаша түрде беріледі.
6. Қызметкерлердiң өздерiне қатысты қабылданған шешiмдер мен iс-әрекеттерге жоғары тұрған лауазымды адамдарға және (немесе) сотқа шағымдануға құқығы бар.
16-бап. Міндеттерді атқару
1. Қызметкерлер:
1) лауазымдық мiндеттер атқарған;
2) жауынгерлік iс-қимылдарға қатысқан, төтенше немесе соғыс жағдайлар ахуалында, сондай-ақ қарулы қақтығыстар жағдайларында мiндеттер атқарған;
3) бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi сақтау жөнiндегі бiтiмгершілік операцияларына қатысқан;
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жоюға қатысқан;
5) оқу-жаттығуларға қатысқан;
6) егер бұл қызметтік қажеттiлiктен туындаса, күн тәртiбiне белгіленген қызмет уақыты iшiнде немесе басқа да уақытта қызметтік объектілердің аумағында, сондай-ақ өзге де орындарда болған;
7) қызметтiк iссапарда болған;
8) қызметте, қызмет орнына бару және керi қайту жолында болған;
9) емдеуде немесе медициналық тексеруде (куәландыруда), емдеу немесе медициналық тексеру (куәландыру) орнына бару және керi қайту жолында болған;
10) арнайы жиындардан өткен;
11) тұтқында, кепiлге алыну немесе еркiнен айрылу жағдайында болған;
12) жеке адамның өмiрiн, денсаулығын қорғаған;
13) адам мен азаматтың құқықтарын және бостандықтарын қорғау, құқық тәртібiн сақтау мен қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiнде арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарына көмек көрсеткен;
14) сот жеке адам, қоғам, мемлекет мүдделерiнде жасалған деп таныған өзге де iс-әрекеттер жасаған жағдайларда, қызметтік мiндеттерiн атқарушы болып есептеледі.
17-бап. Қызметкерлердiң қызмет өткеруге байланысты құқықтары
1. Қызметкерлердiң:
1) лауазымдық мiндеттерiн атқару үшiн қажеттi ақпараттар мен материалдарды белгiленген тәртiппен алуға;
2) өздерiнiң құқықтары мен лауазымдық мiндеттерiн айқындайтын құжаттармен танысуға;
3) лауазымдық мiндеттерiн атқарумен байланысты мемлекеттiк органдарға, ұйымдастыру-құқықтық нысанына қарамастан ұйымдарға белгiленген тәртiппен кiрiп-шығуға;
4) егер лауазымдық мiндеттерiн орындау мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi пайдаланумен байланысты болса, белгiленген тәртiппен осындай мәлiметтерге қол жеткiзуге;
5) қызметтік іс-әрекет нәтижелерi, қызмет өтiлi мен бiлiктiлiк деңгейi ескеріле отырып, қызметте өсуiне;
6) өздерiнiң қызметтік әрекеті туралы пiкiрлермен және басқа да құжаттармен олар жеке iсiне енгiзiлгенге дейiн, жеке iсiнiң материалдарымен танысуына, сондай-ақ өзiнiң жазбаша түсiнiктемелерiн және басқа да құжаттар мен материалдарды жеке iске қосуына;
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген тәртiппен қайта даярлықтан өтуіне және бiлiктiлiгiн арттыруына;
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 7-1) тармақшамен толықтырылды
7-1) арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайтын тәртіппен тағылымдамадан өтуіне;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз өмiрiнiң, денсаулығының және мүлкiнiң, өз отбасы мүшелерi өмiрiнiң, денсаулығының және мүлкiнiң мемлекеттiк қорғалуына;
9) қызметкер мен оның отбасы мүшелерінің дербес деректерiнiң қорғалуына;
10) өзiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн, сондай-ақ қызметiн өткеруге байланысты жеке дауларды шешу үшiн бағыныстылық тәртiбiмен жоғары тұрған лауазымды тұлғаларға, жоғары тұрған органдарға немесе сотқа жүгiнуге;
11) медициналық қамтамасыз етілуге және санаториялық-курорттық емделуiне;
12) зейнетақымен қамсыздандырылуға және әлеуметтік қорғалуға;
13) тұрғын үймен қамтамасыз етiлуге;
14) қызметтiң ерекшелiктерi ескерiле отырып, қызметтінің тиiсiнше ұйымдастырушылық-техникалық және санитариялық жағдайлары жасалуына;
15) осы Заңға және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалуына;
16) оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтi жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Қызметкерлерге өз құзыретi шегiнде өздерiне жүктелген мiндеттеріне сәйкес арнаулы мемлекеттік органдардың қызметiн реттейтiн Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтар берiледi.
18-бап. Қызметкерлердiң қызмет өткеруге байланысты мiндеттерi
1. Қызметкерлер:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын сақтауға;
2) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттiң заңды мүдделерiнiң сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз етуге;
3) өздерiне берiлген құқықтар шегiнде және лауазымдық мiндеттерiне сәйкес өкiлеттiктердi жүзеге асыруға;
4) қызмет және еңбек тәртiбiн сақтауға;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген шектеулердi қабылдауға;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген қызметтiк әдеп нормаларын сақтауға;
7) басшылардың заңды бұйрықтары мен өкiмдерiн, жоғары тұрған органдар мен лауазымды тұлғалардың өз өкiлеттiктерi шегiнде шығарған шешiмдерi мен нұсқауларын орындауға;
8) мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны, оның iшiнде қызметтi тоқтатқаннан кейiн де, ол жөнiнде қолхат бере отырып, заңмен белгiленген уақыт iшiнде сақтауға;
9) қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған, азаматтардың жеке өмiрiн, ар-намысын және қадiр-қасиетiн қозғайтын мәлiметтердi құпия сақтауға және заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, олардан мұндай ақпарат берудi талап етпеуге;
10) мемлекеттiк мүлiктiң сақталуын қамтамасыз етуге;
11) қызметкердiң жеке мүддесi өзiнiң өкiлеттiктерiмен ұштасатын немесе оларға қайшы келетiн жағдайларда, жазбаша нысанда баянат беруге және тiкелей және уәкiлеттi басшыны дереу хабардар етуге;
12) өзiнiң кәсiби деңгейi мен бiлiктiлiгiн арттыруға;
13) қызмет мүдделерiне зиян келтiретiн жария сөйлеуге жол бермеуге;
14) Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы өтiнiш бергендiгi туралы оны берген күнi өзiнiң тiкелей басшысына хабарлауға;
15) қажетті кәсіби және құқықтық білім, дене күші, арнаулы және жауынгерлік дайындық деңгейін сақтап тұруға мiндеттi.
2. Арнаулы мемлекеттік органдардың алдына қойылған мiндеттерге сәйкес қызметкерлерге өз құзыретi шегiнде арнаулы мемлекеттік органдардың қызметiн реттейтiн Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында көзделген өзге де мiндеттер белгiленедi.
19-бап. Қызметкердiң қызметте болуына байланысты қойылатын шектеулер
1. Қызметкердiң:
1) өкiлдi органдардың депутаты және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшесi болуға, партиялар, кәсiптiк одақтар қатарында болуға, қандай да бiр саяси партияны қолдап әрекет етуге, арнаулы мемлекеттік органдар жүйесiнде өз мүшелерiнiң еңбек, сондай-ақ басқа да әлеуметтiк-экономикалық құқықтары мен мүдделерiн бiлдiру мен қорғау және еңбек жағдайын жақсарту үшiн олардың кәсiптiк мүдделерiнiң ортақтығына негiзделген саяси мақсаттарды көздейтiн қоғамдық бiрлестiктердi құруға;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бұл оның лауазымдық міндеттері болып табылатын жағдайларды қоспағанда, педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтерден басқа ақы төленетін қызметпен айналысуға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бұл оның лауазымдық міндеттері болып табылатын жағдайларды қоспағанда, кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, коммерциялық ұйымның басшылық органының немесе қадағалау кеңесінің құрамына кіруге;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, үшiншi тұлғалардың iстерi бойынша өкiл болуға;
5) өзiнiң қызметтiк әрекетiн материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттiк мүлiк пен қызметтiк ақпаратты қызметтiк емес мақсаттарда пайдалануға;
6) ереуiлдердi қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың қалыпты жұмыс iстеуiне және қызметтiк мiндеттерiн орындауына кедергi келтiретiн іс-әрекеттерге қатысуға;
7) лауазымдық өкiлеттiктерiн атқаруға байланысты жеке және заңды тұлғалардың қызметiн жеке мақсаттарда пайдалануға;
8) пайдакүнемдiк мақсаттарда, оның iшiнде лауазымды немесе өзге адамдармен сөз байласу жолымен өзінің қызмет жағдайын пайдалануға;
9) өзiнiң жақын туыстары (ата-аналары, балалары, асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi және апа-сiңлiлерi, қарындастары, аталары, әжелерi, немерелерi) немесе жұбайы (зайыбы) атқаратын лауазымына тiкелей бағынысты болатын лауазымды атқаруға;
10) уәкілетті басшының жолдамасы бойынша мамандандырылған медициналық мекемелерде (наркологиялық диспансерлерде) алкогольдік, есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық, мас болу жағдайын туғызатын заттарды (оларға ұқсас заттарды) пайдалану, оның ішінде ара-тұра пайдалану тұрғысынан медициналық куәландырудан өтуден бас тартуға және жалтаруға құқығы жоқ.
Куәландырудан өтуден бас тарту немесе жалтару арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен шығаруға әкеп соғады.
2. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен, қызметкер лауазымға кiрiскеннен кейiн бiр ай iшiнде коммерциялық ұйымдардағы өзiнiң меншiгiндегi акцияларды (жарғылық капиталға қатысу үлесiн) және пайдаланылуы табыс алуға әкелетiн өзге де мүлiктi, өзiне заңды түрде тиесiлi ақша, облигациялар, ашық және аралық пайлық инвестициялық қорлардың пайлары, сондай-ақ мүлiктiк жалдауға берiлген мүлiкті қоспағанда, қызметiн өткеру уақытына сенiмгерлiк басқаруға беруге мiндеттi. Мүлiктi сенiмгерлiк басқару шартын нотариат куәландыруға тиіс.
Қызметкердiң сенiмгерлiк басқаруға берiлген мүлiктен, оның iшiнде сыйақы, дивидендтер, ұтыстар, мүлiктi жалға беруден және басқа да заңды көздерден табыстар алуға құқығы бар.
3. Осы бапта көзделген шектеулердi сақтамағаны үшiн жауаптылық осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленедi.
20-бап. Соғыс жағдайы кезеңінде қызметте құқықтық қатынастардың туындауы мен өзгеруі
Соғыс жағдайының қолданылу кезеңінде арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметте құқықтық қатынастардың туындауы мен өзгеруі ерекшеліктерін және оның жалғастырылуын Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
21-бап. Қызметкерлердің жауаптылығы
1. Өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн қызметкерлер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қылмыстық, әкімшілік, азаматтық-құқықтық, тәртiптiк жауаптылықта болады.
2. Көрінеу құқыққа қайшы бұйрықты немесе нұсқауды орындау қызметкерді жауаптылықтан босатпайды.
Атқару үшiн алынған өкiмнiң заңдылығына күмәнданған кезде бұл жөнiнде ол өзiнiң тiкелей басшысына және өкiмдi берген басшыға жазбаша түрде дереу хабарлауға тиiс. Лауазымы бойынша жоғары тұрған басшы аталған өкiмдi жазбаша растаған жағдайда қызметкер, егер оны орындау қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттерге әкеп соқпайтын болса, оны орындауға мiндеттi. Қызметкердің заңсыз өкiмдi орындауының салдары үшiн осы өкiмдi растаған басшы жауаптылықта болады.
3. Қызметкерлердiң iс-әрекетiне (әрекетсiздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
4. Құқыққа қайшы әрекеттерімен арнаулы мемлекеттік органға келтірілген материалдық нұқсан үшін қызметкер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес материалдық жауаптылықта болады.
22-бап. Қызметкерлердің қызметтік куәліктері және жетондары
1. Қызметкерлерге олардың жеке басын және өкілеттіктерін растайтын қызметтік куәліктер және жетондар беріледі.
Куәліктер мен жетондарды беру және пайдалану тәртібін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайды.
2. Қызметтік куәліктің сипаттамасын және жетондардың үлгілерін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы бекітеді.
3. Қызметтік куәлік адамның арнаулы мемлекеттік органға қатыстылығын, оның лауазымын және арнаулы немесе әскери атағын растайтын құжат болып табылады.
Қызметтік куәліктер мен жетондарда қажетті қорғалу деңгейі болуы тиіс.
Қызметкердің қызметтік куәлігі оның қаруды, арнаулы құралдарды алып жүру және сақтау құқығын, қызметкерге Қазақстан Республикасының заңдарында сәйкес берілген өзге де өкілеттіктерді растайды.
23-бап. Қызметкерлердің арнаулы киім үлгісі
1. Арнаулы атақ берілген қызметкерлер бюджет қаражаты есебінен арнаулы киім үлгісімен қамтамасыз етіледі.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Арнаулы киім үлгісінің түрлері мен сипатын Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды. Арнаулы киім үлгісімен қызметкерлерді қамтамасыз ету нормаларын бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бекітеді.
Қызметкерлердің арнаулы киім үлгісін киіп жүру тәртібін арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.
4-тарау. ҚЫЗМЕТ ӨТКЕРУ
24-бап. Кадр құрамы
1. Арнаулы мемлекеттік органдардың кадр құрамын қызметкерлер, әскери қызметшілер және жұмыскерлер құрайды.
2. Қызметкерлер мен әскери қызметшілер арнаулы мемлекеттік органдарда штаттық лауазымдарда, қолданыстағы резервте қызмет өткереді, сондай-ақ запаста бола алады.
Қызметкерлер мен әскери қызметшілерді қолданыстағы резервке алу мен олардың қызметті өткеру тәртібін арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.
Арнаулы мемлекеттік органдар жұмыскерлерінің еңбек шарттары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасымен реттеледі.
25-бап. Қызметкерлер құрамы
Қызметкерлер мынадай құрамдарға бөлінеді:
1) қатардағы қызметкерлер;
2) сержанттар;
3) офицерлер.
26-бап. Арнаулы атақтар
1. Арнаулы мемлекеттік органдарда мынадай арнаулы атақтар белгіленеді:
1) қатардағы құрам:
қатардағы қызметкер;
2) сержанттар құрамы:
кiшi сержант;
сержант;
аға сержант;
3) кіші офицерлік құрам:
лейтенант;
аға лейтенант;
капитан;
4) аға офицерлік құрам:
майор;
подполковник;
полковник;
5) жоғары офицерлік құрам:
генерал-майор;
генерал-лейтенант;
генерал-полковник.
2. Қызметкерлердің арнаулы атақтарының алдында олардың мыналарға қатыстылығын көрсететін мынадай сөздер қосылады:
1) ұлттық қауіпсіздік органдарына - «ұлттық қауіпсіздік»;
2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметіне - «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі»;
3) сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органға - «сыртқы барлау».
3. Запастағы азаматтардың арнаулы атақтарының алдына «запастағы», ал отставкадағыларға - «отставкадағы» деген сөздер қосылады.
4. Арнаулы атақтарда еңбек сіңіру мерзімдері:
офицерлік құрамға:
лейтенанттарға - екі жыл;
аға лейтенанттарға - үш жыл;
капитандарға - төрт жыл;
майорларға - бес жыл;
подполковниктерге - жеті жыл белгіленеді;
полковниктер мен одан жоғарыларға - белгіленбейді:
қатардағы мен сержанттық құрамға - белгіленбейді.
Білім алудың бес жыл және одан көп мерзімімен арнаулы (әскери) оқу орындарын бітірген қызметкерлер үшін лейтенант арнаулы атағында еңбек сіңіру мерзімі бір жыл болып белгіленеді.
27-бап. Арнаулы атақтарды беру тәртібі
1. Арнаулы атақтар қызметкерлерге дербес беріледі. Арнаулы атақ алғашқы немесе кезекті болуы мүмкін.
2. Қызметкерлерге арнаулы атақтарды:
1) жоғары офицерлік құрамға - арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті;
2) полковникті - арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы;
3) өзге арнаулы атақтарды - лауазымдар номенклатурасына сәйкес арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындаған лауазымды адамдар береді.
3. Алғашқы арнаулы атақтар болып:
1) офицерлік құрам үшін - лейтенант;
2) сержанттар құрамы үшін - кіші сержант;
3) қатардағы құрам үшін - қатардағы қызметкер саналады.
4. «Лейтенант» арнаулы атағы:
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) офицерлік құрамның арнаулы атағы жоқ, жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша арнаулы (әскери) оқу орнын бітірген немесе оқыту мерзімі кемінде алты ай болатын қосымша білімнің білім беру бағдарламалары бойынша оқуды аяқтаған қызметкерге;
2) офицерлік құрамның арнаулы атағы жоқ, тиісті мамандыққа ұқсас жоғары кәсіптік білімі бар және штатпен офицерлік құрам атағы көзделген лауазымға келісімшарт бойынша қызметке тұрған қызметкерге - тиісті лауазымға тағайындау кезінде, бірақ кемінде алты айдан кейін беріледі.
5. Офицерлік құрамның алғашқы арнаулы атағын қызметкер қызмет өткеріп жүрген арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы береді.
6. «Сержант» арнаулы атағы және одан кейінгілер қажетті дайындық деңгейі бар және тиісті лауазымға тағайындалған қызметкерге, бірақ кемінде он екі айдан кейін беріледі.
7. «Кіші сержант» арнаулы атағы әскери атағы жоқ, жоғары немесе орта білімі бар азаматқа келісімшарт бойынша қызметке тұрған кезде беріледі.
8. «Қатардағы қызметкер» арнаулы атағы арнаулы атағы жоқ азаматтарға:
1) келісімшарт бойынша қызметке тұрған кезде;
2) арнаулы (әскери) оқу орнына қабылданған кезінде беріледі.
9. Запастан қабылданған не Қарулы Күштер, басқа әскерлер немесе әскери құралымдардан ауыстыру тәртібімен қабылданған азаматқа қызметкердің лауазымына тағайындау кезінде қайта аттестаттау тәртібімен өзінде бар әскери атақтан төмен емес арнаулы атақ беріледі.
Арнаулы мемлекеттік немесе құқық қорғау органдарында бұрын қызмет өткерген, запастан қабылданған не басқа арнаулы мемлекеттік не құқық қорғау органдарынан ауыстыру тәртібімен қабылданған және арнаулы атағы немесе сыныптық шені бар адамдарға оларды қызметкердің лауазымына тағайындау кезінде қайта аттестаттау тәртібімен арнаулы атақ беріледі. Қайта аттестаттауды өткізу және арнаулы атақ беру тәртібін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайды.
Бұрынғы арнаулы атақта немесе сыныптық шенде болу мерзімі кезекті арнаулы атақ беру үшін еңбек сіңіру мерзіміне есептеледі.
10. Кезекті арнаулы атақ егер ол тең немесе одан жоғары арнаулы атақ көзделген лауазымды атқарып отырса, алдыңғы арнаулы атақта еңбек сіңіру мерзімі өткеннен кейін беріледі.
11. Қызметкерде алынбаған тәртіптік жазасы болған кезде ол кезекті арнаулы атағын алуға ұсыныла алмайды.
12. Жоғары офицерлік құрамның арнаулы атағы қызметкерге жоғары офицерлік құрамды ауыстыруға жататын атқарып отырған лауазымында, әдетте, кемінде екі жыл өткеннен кейін беріледі.
13. Арнаулы атақтарда еңбек сіңіру мерзімі арнаулы атақ берілген күннен бастап есептеледі.
14. Сержанттар құрамының лауазымына тағайындау кезінде тиісті даярлықтан өткен қызметкерге арнаулы атақ берілуі мүмкін.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 15-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
15. Кезекті арнаулы атақ ағымдағы арнаулы атақта болудың белгіленген мерзімі өткеннен кейін және берілетін атақ мемлекеттік қызметшілерді даярлау жөніндегі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде Қазақстан Республикасының және (немесе) шет мемлекеттің арнаулы (әскери) оқу орнында, білім беру ұйымында білім алып жатқан қызметкердің оқуға түсу алдында атқарған лауазымы бойынша арнаулы атағына сәйкес болған кезде беріледі.
16. Қызметтік борышын үлгiлi орындайтын, қызмет атқару немесе өзге де қызмет мiндеттерiн атқару кезiнде жоғары кәсіби шеберлiк пен ынта-жiгер танытқан қызметкерлерге кезектi арнаулы атақ мерзiмiнен бұрын берiлуi мүмкiн, бiрақ атқарып отырған лауазымдар бойынша көзделген әскери атақтан жоғары болмайды.
Мерзiмiнен бұрын арнаулы атақ арнаулы атақта белгiленген еңбек сiңiру мерзiмiнiң кемiнде жартысы өткеннен кейiн, бiрақ тиiсiнше кiшi және аға офицерлік құрамның әскери атақтарында қызмет өткерген кезеңiнде бiр реттен артық берiлмейдi.