82-бап. Қызметкерлерді әлеуметтік қорғаудың өзге де шаралары
1. Арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен шығарылған қызметкерлерді жұмысқа орналастыру, олардың мамандық алуы, арнаулы мемлекеттік органдардағы зейнетақы алу құқығынсыз қызметтен шығарылған адамдарды жұмыспен қамту Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
2. Арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары өздері белгілеген тәртіппен қызметкерлердің жекелеген санаттарына олардың қызметке қабылданғанға дейінгі еңбек қызметіндегі өтілін еңбек сіңіру жылдарына есептеуі мүмкін.
3. Климаттық және экологиялық жағдайлары ауыр жерлердегi қызмет мерзiммен шектеледi және оны өткеру тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
10-тарау. АРНАУЛЫ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ЖӘНЕ
МАТЕРИАЛДЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
83-бап. Арнаулы мемлекеттік органдарды қаржылық қамтамасыз ету
1. Арнаулы мемлекеттік органдарды қаржылық қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады
2. Барлау, қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметін жасырын (құпия) түрде жүзеге асырумен байланысты шығыстарды қаржыландыру тәртібі арнаулы мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерімен айқындалады.
84-бап. Арнаулы мемлекеттік органдарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету және олардың мүлкі
1. Арнаулы мемлекеттік органдарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражатының есебінен жүзеге асырылады.
2. Арнаулы органдардың мүлкі республикалық мүлік болып табылады және жедел басқару құқығында болады.
3. Арнаулы мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының Үкіметі құрылу мен берілу тәртібін белгілейтін қызметтік тұрғын жайлары болады. Осы заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, арнаулы мемлекеттік органдардың тұрғын үй қорынан қызметкерлерге 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап берілген тұрғын жайды жекешелендіруге болмайды.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Мүлікті беру, өткізу, кәдеге жарату және есептен шығару, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдардың жылжымайтын мүлкін мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Арнаулы мемлекеттік органдарды мүлікпен жабдықтау нормаларын бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.
Арнаулы мемлекеттік органдарды мүлікпен жабдықтау нормаларын әзірлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бектіеді.
5. Арнаулы мемлекеттік органдар бейбіт уақытта пайдаланбаған жылжымайтын мүлік бюджет қаражаты есебінен консервациялауға жатады немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен мүліктік жалдауға (жалға алуға) берілуі мүмкін.
6. Арнаулы мемлекеттік органдардың қызметін қамтамасыз ету үшін құрылған немесе құрылатын ұйымдар жекешелендіруге жатпайды.
11-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
85-бап. Өтпелі ережелер
1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін қызметкермен жасасқан әскери қызметті өткеру туралы келісімшарттар олар жасаған мерзім ішінде қолданылады.
2. Осы Заңның 76-бабы 6-тармағының ережесі әскери қызметті өткеру туралы келісімшарт жасасқан кезде ақшалай сыйақы алған адамға қолданылмайды.
3. 2011 жылғы 30 қарашаға дейін «подполковник» әскери атағы берілген қызметкерлерге аталған әскери немесе арнаулы атақта еңбек сіңіру мерзімі бес жыл болып белгіленеді.
4. Осы Заңның қабылдануына байланысты әскери қызметтен арнаулы мемлекеттік органдарға ауыстырылған және «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен әскери қызметте тұрудың шекті жасы өзгертілген қызметкерлер мынадай шекті жастарға жеткенде қызметтен шығуға немесе отставкаға кетуге құқылы:
1) подполковникке дейін қоса алғанда - қырық бес жас;
2) полковниктерге - елу үш жас;
3) әскери атақ 2005 жылғы 21 шілдеге дейін берілген полковниктерге - елу жас;
4) генерал-майорларға және генерал-лейтенанттарға - елу сегіз жас;
5) әскери атақ 2005 жылғы 21 шілдеге дейін берілген генерал-майорларға және генерал-лейтенанттарға - елу бес жас;
6) генерал-полковниктерге - алпыс жас.
2014.23.04. № 200-V ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды
4-1. «Аға прапорщик», «прапорщик», «старшина», «үшінші сыныпты сержант», «екінші сыныпты сержант», «бірінші сыныпты сержант», «штаб-сержант» не «шебер-сержант» әскери атақтары берілген қызметкерлер арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметті осы Заңда сержанттар құрамы үшін көзделген тәртіппен және шарттармен өткереді. Бұл ретте олардың арнаулы мемлекеттік органдарда қызметте болуының шектi жасы, қоса алғанда қырық жеті жасқа дейінгі жасты құрайды.
2016.06.04. № 483-V ҚР Заңымен 4-2-тармақпен толықтырылды
4-2. Осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап және 2017 жылғы 1 қаңтарға дейін подполковник арнаулы атағы берілген қызметкерлер шекті жасқа - қырық жеті жасқа толғанда қызметтен шығуға немесе отставкаға кетуге құқылы.
5. Қызметкерлер (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарын, тыңдаушыларын қоспағанда) «Әскери қызметшілер мен орлардың отбасы мүшелерінің мәртебесі және оларды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңында әскери қызметшілер үшін көзделген тәртіппен 2013 жылғы 1 қаңтарға дейін тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
6. 2013 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде қызметтік тұрғын жаймен не қызметік тұрғын жайға теңестірілген тұрғын жаймен қамтамасыз етілген қызметкерлер осы тұрғын үйде тұру құқығын, сондай-ақ оны «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңында әскери қызметшілер үшін көзделген жекешелендіру құқығын сақтайды.
86-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2012 жылғы ақпанның 13-і.
№ 552-IV