4) сұралатын аумақ осы Кодекстің 186-бабының 2-тармағында көрсетілген аумаққа және (немесе) блоктарға толық жататын болса;
5) өтініш берілгенге дейін күнтізбелік бір жыл ішінде өтініш иесі немесе өтініш иесін тікелей немесе жанама түрде бақылайтын немесе оның бақылауындағы тұлға сұралатын жер қойнауы учаскесінен немесе оның бір бөлігінен бас тартса;
6) лицензияны беру елдің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіруге немесе жер қойнауын пайдалану құқықтарының шоғырлануына алып келетін болса;
7) сұралатын жер қойнауы учаскесінің аумағы көлемі бойынша шектеуден асып кетсе немесе осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес келмесе;
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8) өтініш берілген күн алдындағы бес жыл ішінде өтініш иесі немесе өтініш иесін тікелей немесе жанама түрде бақылайтын немесе оның бақылауындағы тұлға өздерінің пайдалануында болған жер қойнауы учаскелерінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жою бойынша міндеттемелерін орындамаса немесе тиісінше орындамаса;
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 9) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
9) өтініш беруші осы Кодекстің талаптарына сәйкес пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою бойынша міндеттемелерді орындауды тиісінше қамтамасыз етуді құзыретті органға ұсыну мерзімін сақтамаса, лицензия беруден бас тартады.
2. Лицензия беруден бас тарту жазбаша нысанда шығарылады, ол уәжді болуға тиіс.
Осы баптың 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес бас тарту осындай бас тарту үшін негіз болған себептер көрсетілместен шығарылады.
3. Өтініш иесі лицензияны беруден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лицензия беруден бас тарту туралы хабарлама алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей шағым жасауы мүмкін.
4. Лицензияны беруден бас тарту өтініш иесін қайтадан өтініш беру құқығынан айырмайды.
191-бап. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияның мазмұны
Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияда осы Кодекстің 31-бабында көрсетілген мәліметтер мен шарттардан басқа, жер қойнауын пайдаланудың мынадай шарттары қамтылуға тиіс:
1) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына белгіленген мөлшерде және тәртіппен қол қою бонусын төлеу және жер учаскелерін пайдаланғаны үшін ақы төлеу (жалдау төлемі) туралы міндеттеме;
2) пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операцияларға арналған жыл сайынғы ең төмен шығыстар бойынша міндеттемелер мөлшері;
3) міндеттемелерді бұзғаны үшін лицензияны қайтарып алу негіздемесі.
192-бап. Пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операцияларға арналған жыл сайынғы ең төмен шығыстар
1. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензиясы бар жер қойнауын пайдаланушы осы бапта белгіленген барлау жөніндегі операцияларға арналған жыл сайынғы ең төмен шығыстар туралы талаптарды сақтауға міндетті.
2. Барлау жөніндегі операциялардың жыл сайынғы ең төмен шығыстары мынадай мөлшерлерде белгіленеді:
1) барлау мерзімінің бірінші жылы мен үшінші жылы аралығын қоса алғанда, әрбір жыл ішінде:
барлауға арналған лицензия бойынша бір блок кезінде 1200 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
барлауға арналған лицензия бойынша блок саны екіден беске дейінгі кезінде 1800 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
барлауға арналған лицензия бойынша блок саны алтыдан онға дейінгі кезінде 2300 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
барлауға арналған лицензия бойынша он блоктан асқан кезде әрбір келесі блок үшін қосымша 120 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде белгіленеді;
2) барлау мерзімінің төртінші жылы мен алтыншы жылы аралығын қоса алғанда, әрбір жыл ішінде:
барлауға арналған лицензия бойынша бір блок кезінде 1200 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
барлауға арналған лицензия бойынша блок саны екіден беске дейінгі кезінде 2300 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
барлауға арналған лицензия бойынша блок саны алтыдан онға дейінгі кезінде 3500 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
барлауға арналған лицензия бойынша он блоктан асқан кезде әрбір келесі блок үшін қосымша 180 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде белгіленеді;
3) барлау мерзімінің жетінші жылы мен сегізінші жылы аралығын қоса алғанда, әрбір жыл ішінде:
барлауға арналған лицензия бойынша бір блок кезінде 1800 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
барлауға арналған лицензия бойынша блок саны екіден беске дейінгі кезінде 3500 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
барлауға арналған лицензия бойынша блок саны алтыдан онға дейінгі кезінде 5800 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
барлауға арналған лицензия бойынша он блоктан асқан кезде әрбір келесі блок үшін қосымша 230 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде белгіленеді;
4) барлау мерзімінің тоғызыншы жылы мен оныншы жылы аралығын қоса алғанда, әрбір жыл ішінде:
барлауға арналған лицензия бойынша бір блок кезінде 2300 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
барлауға арналған лицензия бойынша блок саны екіден беске дейінгі кезінде 5800 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
барлауға арналған лицензия бойынша блок саны алтыдан онға дейінгі кезінде 8000 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
барлауға арналған лицензия бойынша он блоктан асқан кезде әрбір келесі блок үшін қосымша 350 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде белгіленеді;
5) барлау мерзімінің он бірінші жылынан бастап әрбір жыл ішінде:
барлауға арналған лицензия бойынша бір блок кезінде 3500 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
барлауға арналған лицензия бойынша блок саны екіден беске дейінгі кезінде 8000 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
барлауға арналған лицензия бойынша блок саны алтыдан онға дейінгі кезінде 11500 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
барлауға арналған лицензия бойынша он блоктан асқан кезінде әрбір келесі блок үшін қосымша 460 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде белгіленеді.
3. Барлау мерзімінің соңғы толық емес жылында ең төмен шығыстар көрсетілген жылдағы барлау мерзімінің әрбір толық айы үшін пропорционалды түрде есептеледі.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Барлаудың кез келген жылы ішінде барлау учаскесінен бас тартылған кезде ең төмен шығыстар көрсетілген жылдағы барлау мерзімінің әрбір толық айы үшін пропорциналды түрде есептеледі.
5. Барлау үшін толық емес блокпен немесе толық емес блоктармен айқындалған жер қойнауы учаскесі берілген кезде ең төмен шығыстарды есептеу толық блокпен немесе толық блоктармен айқындалатын барлау учаскесіне сәйкес келетін мөлшерде жүргізіледі.
6. Барлау жөніндегі операцияларға арналған ең төмен шығыстарды есептеу республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген және есепті жылдың 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіш негізінде жүргізіледі. Барлауға арналған ең төмен шығыстарды есептеу барлау учаскесі бойынша жүзеге асырылған шығыстарға қатысты ғана жүргізіледі.
7. Жеке лицензия бойынша пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операцияларға арналған шығыстарға барлау учаскесі бойынша жер қойнауын пайдаланушы шығыстарының мынадай түрлерінің кез келгені:
1) геологиялық-барлау жұмыстары: геологиялық карталау, сынамаларды іріктеу, бұрғылау, кернді құжаттандыру, кернсіз бұрғылау үлгілерін құжаттандыру, геологиялық деректерді түсіндіру мен өндеу, петрология, геологиялық-барлау бағдарламаларын жоспарлау, геологиялық барлау жұмыстарына байланысты есептерді дайындау;
2) геохимиялық жұмыстар: геохимиялық сынамаларды іріктеу, геохимиялық деректерді талдау, өндеу және түсіндіру;
3) жерүсті геофизикасын және аэрогеофизиканы қоса алғанда, геофизикалық жұмыстар: геофизикалық зерттеулер, кәсіпшілік геофизикалық зерттеулер, геофизикалық деректерді өңдеу және түсіндіру;
4) қашықтықтан зондтау бойынша жұмыстар: аэрофототүсірілім, ғарыштан түсірілім, қашықтықтан зондтауды жаңғырту, бейнелерді талдау, суреттерді өңдеу және түсіндіру;
5) іздестіру жұмыстары: геодезиялық және жерге орналастыру жұмыстары, координаттық торшаны түсіру, координат желілерін, олардың қиылыстарын, учаскелері шекараларын нақтылау және тағы сол сияқты;
6) кернмен бұрғылау: алмаспен бұрғылау, кіру жолдарын және бұрғылау алаңдарын дайындау;
7) кернсіз бұрғылау: бұрғылау бойынша шығыстар, кіру жолдарын және бұрғылау алаңдарын дайындау жөніндегі жұмыстар;
8) арықтарды, траншеяларды, шурфтарды тарту және басқа да барлау тау-кен қазбаларын жүргізу: техникалар мен жабдықтарды жалдауды қоса алғанда, тау-кен қазбаларын жүргізу бойынша шығыстар;
9) далалық топтарды жабдықтау: барлау керек-жарағы, шығыс материалдары және провиант, техника мен жабдықтарды жалдау, жанар-жағармай материалдары, тікелей барлау жабдығының тозуы, штаттан тыс жұмыс персоналы көрсететін қызметтерге ақы төлеу;
10) жобалау-конструкторлық және эскиздік жұмыстар: эскиздік және жобалау-конструкторлық жұмыстарға арналған жабдық, шығыс материалдары, эскиздік және жобалау-конструкторлық жұмыстарды орындайтын персоналдың еңбегіне ақы төлеу;
11) тасымалдау: барлау учаскесінде жүргізілетін пайдалы қатты қазбалар бойынша геологиялық-барлау жұмыстарымен тікелей байланысты көліктік шығыстар;
12) далалық лагерьлерді орналастыру бойынша жұмыстар: далалық геологиялық-барлау лагерін орналастыру және күтіп-ұстау, тамақтану мен тұру, тасымалдау, тікұшақ көлігінің қызметтері;
13) қоршаған ортаның жай-күйін зерттеу;
14) пайдалы қатты қазбалардың табылған кен орнын одан әрі барлаудың немесе кейіннен әзірлеудің техникалық-экономикалық негіздемесін дайындау;
15) барлау салдарын жою, бұзылған жерлерді рекультивациялау бойынша жұмыстар;
16) тиісті лицензия бойынша барлау үшін жобалау құжаттарын әзірлеу;
17) пайдалы қатты қазбаларды қайта өндеу технологияларын таңдау бойынша зерттеулер жатады.
8. Жеке лицензия бойынша барлау жөніндегі операцияларға арналған шығыстарға басқарушылық және әкімшілік мұқтаждықтарға, бухгалтерлік есепті жүргізуге, ғылыми зерттеулерге, персоналды оқытуға арналған шығыстар және осыған ұқсас басқа да шығыстар жатуы мүмкін.
Барлауға арналған шығыстарды есептеген кезде осындай шығыстардың үлесі жер қойнауын пайдаланушы мерзімдік есепте мәлімдеген жалпы шығыстардың жиырма пайызынан аспауға тиіс.
9. Барлауға арналған шығыстарға:
1) жергілікті жерде барлау учаскесінің шекараларын межелік және геодезиялық белгілерді орналастыруға, оның ішінде жерге орналастыру жұмыстарына;
2) жер қойнауын пайдалану құқығын алуға қосымша шығыстарды қоса алғанда, осындай сатып алуға;
3) қолда бар лицензия бойынша барлау учаскесіне тікелей байланысты емес ғылыми-зерттеу жұмыстарына;
4) жер учаскелерінің меншік иелеріне және пайдаланушыларға залалдарды өтеуге байланысты өтемақыға арналған шығыстар жатқызылмайды.
10. Осы бапта көзделген барлауға арналған ең төмен шығыстар бойынша міндеттемелер бұзылған жағдайда жер қойнауын пайдаланушы жеткіліксіз шығыстарды жүргізуге және есепті жылдан кейінгі төрт айдан кешіктірмей, бұл туралы құзыретті органға есепті ұсынуға міндетті.
Жер қойнауын пайдаланушының осы тармаққа сәйкес шеккен шығыстары ағымдағы жылғы шығыстарда ескерілмейді.
193-бап. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия мерзімі
1. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия кезекті алты жылға беріледі.
2. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия мерзімі жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша бір рет кезекті бес жылға дейінгі кезеңге ұзартылуы мүмкін.
3. Егер барлауға арналған лицензия он және одан да көп блокты қамтыса, оның мерзімін ұзартуға, жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны алу үшін мәлімдеген аумақ шегіндегі блоктарды шегергенде, лицензияны беру кезінде барлау аумағына енгізілген блоктардың жалпы санынан есептелетін блоктардың кемінде қырық пайызын құрайтын аумақ барлау учаскесінің бөлігінен жер қойнауын пайдаланушы бас тартқан жағдайда жол беріледі.
4. Ұзарту туралы өтініш құзыретті органға ол бекіткен нысан бойынша барлауға арналған лицензия қолданысының алтыншы жылы ішінде беріледі. Өтініш құзыретті органға ол берілген күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады. Егер өтінішті қарау кезеңінде барлауға арналған лицензияның мерзімі өтіп кетсе, осындай қарау кезеңінде лицензияның қолданысы жалғастырылады. Барлауға арналған лицензияны ұзарту мерзімін есептеу өтіп кеткен мерзімнің соңғы күнінен кейінгі күннен басталады.
5. Барлауға арналған лицензияның мерзімі мынадай жағдайларда:
1) егер мәлімделген ұзарту мерзімі осы баптың 2-тармағына сәйкес келмесе;
2) осы баптың 4-тармағында көзделген лицензия мерзімін ұзарту туралы өтінішті беру мерзімі бұзылса;
3) ұзарту туралы өтініш берілген күннің алдындағы есептік кезеңдер үшін жер учаскелерін пайдаланғаны үшін ақы төлеу (жалдау төлемдері) және барлауға арналған ең төмен шығыстар бойынша барлауға арналған лицензия шарттарының жер қойнауын пайдаланушы жоймаған бұзушылықтары болса;
4) осы баптың 3-тармағында көзделген шарттар орындалмаса ұзартылуға жатпайды.
194-бап. Пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операцияларды жүргізу тәртібі
1. Жер қойнауын пайдаланушы барлау учаскесі шегінде барлау жоспарына сәйкес экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, пайдалы қатты қазбалардың кез келген түрлеріне барлау жөніндегі операцияларды жүргізуге құқылы.
2. Пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі барлық жұмыстар құжаттандыруға жатады. Құжаттамада жер қойнауын анық зерттеу үшін қажетті жұмыстар туралы барлық мәліметтер көрсетіледі.
3. Жер қойнауын пайдаланушы барлау жөніндегі опрерацияларды жүргізген кезде:
1) зертханалық зерттеулердің және талдаулардың деректерін қоса алғанда, барлау барысында алынған барлық бастапқы геологиялық ақпараттың анықтығын және сақталуын;
2) геологиялық құжаттаманы (оның ішінде сынамалау жоспарларын, геологиялық карталар мен олардың кескіндері, кен денелерінің, аймақтарының геологиялық контурларын, тау-кен-барлау қазбаларының суреттерін салу) жүргізудің уақтылығын және сапасын қамтамасыз етуге міндетті.
4. Барлау жүргізу кезінде гидрогеологиялық зерттеулерді орындау міндетті болып табылады. Анықталған минералданудың ресурстарын бағалай отырып, жер қойнауын пайдаланушы жерасты суларының физикалық-химиялық қасиеттерін сипаттаумен, оның гидрогеологиялық сипаттамасын белгілеуге міндетті.
5. Барлау учаскесінде тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру мақсатында тау-кен-аршу жұмыстарын жүргізуге пайдалы қатты қазбалардың минералдануы анықталған жағдайда ғана жол беріледі. Минералдануды анықтаған және оны анықтаған жерде аталған тау-кен-аршу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырған жер қойнауын пайдаланушы бұл туралы жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органды мұндай жұмыстар басталғанға дейін хабардар етуге міндетті.
Хабарламада мыналар қамтылуға тиіс:
1) табылған пайдалы қатты қазбалар туралы мәліметтер (пайдалы қатты қазбалардың түрі, анықталған минералдану контурлары және минералданудың басқа да сипаттамалары);
2) жоспарланып отырған тау-кен-аршу жұмыстарының алаңы, көлемі және мерзімі.
6. Жер қойнауын пайдаланушы барлау учаскесінде күрделі құрылысжайларды салуға, сондай-ақ тау-кен қайта өңдеу өндірістерінің техногендік минералдық түзілімдерін орналастыруға құқылы емес.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Барлау учаскесінде көлемі бір мың текше метрден асатын тау-кен массасын алу және (немесе) топырақтың орнын ауыстыру жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган беретін рұқсатпен жүзеге асырылады.
Өтініште сұралатын ұлғайту көлеміне нұсқау қамтылуға тиіс.
Өтінішке пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын бағалау мақсаттары үшін алынатын тау-кен массасының және (немесе) орны ауыстырылатын топырақ көлемінің сұралатын асып кетуінің негізділігін растайтын құзыретті тұлғаның қорытындысы, сондай-ақ экологиялық рұқсат немесе қоршаған ортаға әсер етуге бағалау жүргізудің қажет еместігі туралы тұжырымды қамтитын, белгіленіп отырған қызметтің әсер ету скринингінің нәтижелері туралы қорытынды қоса беріледі.
Пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган өтініш келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде рұқсат беру туралы немесе рұқсат беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды. Өтініш және оған қоса берілетін құжаттар осы тармақтың талаптарына сәйкес келмеген жағдайда рұқсат беруден бас тартылады.
Жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға көрсетілген жұмыстардың салдарын жою құнын жабатын қосымша қамтамасыз етуді ұсынған жағдайда ғана көлемі бір мың текше метрден асатын тау-кен массасын алуға және (немесе) топырақтың орнын ауыстыруға кірісуге құқылы.
Пайдалы қатты қазбаларды барлау нәтижесінде жер қойнауын пайдаланушы алған пайдалы қазбалар, сондай-ақ өзге тау-кен жынысы жер қойнауын пайдаланушының меншігі болып табылады.
8. Осы Кодекстің мақсаттары үшін құзыретті тұлға деп Қазақстандық геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері, минералдық ресурстар мен минералдық қорлар туралы жария есептілік кодексінде (KAZRC Кодексі) көзделген, оның қағидаларына сәйкес кәсіби ұйымның мүшесі болып табылатын жеке тұлға танылады.
KAZRC Кодексінің мақсаттары үшін құзыретті тұлға деп осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген қазақстандық кәсіби ұйым осындай деп таныған, шетелдік кәсіби ұйымның мүшесі болып табылатын жеке тұлға танылады.
195-бап. Пайдалы қатты қазбаларға барлау жөніндегі операцияларды жүргізу кезіндегі жер қойнауын пайдаланушының есептілігі
1. Жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия бойынша мынадай мерзімдік есептерді:
1) лицензиялық міндетемелердің орындалуы туралы есепті;
2) сатып алынған тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер және олардағы елішілік құндылық үлесі туралы есепті;
3) жер қойнауын пайдаланушыны тікелей немесе жанама түрде бақылайтын тұлғалардың және (немесе) ұйымдардың құрамы туралы есепті;
4) геологиялық есептерді ұсынуға міндетті.
2. Мерзімдік есептер жыл сайын әрбір жылдың отызыншы сәуірінен кешіктірілмей алдыңғы күнтізбелік жыл үшін ұсынылады.
Толық емес күнтізбелік жыл үшін есептер нақты жер қойнауын пайдалану кезеңі үшін ұсынылады.
Жер қойнауы учаскесін пайдалану кезеңінің соңғы толық емес күнтізбелік жыл үшін есептері көрсетілген кезең аяқталғаннан кейін екі айдан кешіктірілмей ұсынылады.
3. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген есеп құзыретті органға ол бекітетін тәртіппен беріледі.
Барлау учаскесі бойынша лицензиялық міндеттемелерді орындау туралы есепте көрсетілген шығыстар туралы мәліметтерді «Аудиторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес аудитор растауға тиіс.
Егер осындай мәліметтер аудит жүргізілген қаржылық есептілікте жеке келтірілсе (анықталса), аудитормен расталған деп танылады.
Осы баптың 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген есептер пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға ол бекітетін тәртіппен ұсынылады.
Осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген геологиялық есептер жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға ол бекітетін тәртіппен ұсынылады.
Лицензия қолданысы тоқтатылғаннан кейін оның иесі болып табылатын тұлға жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға барлау учаскесіндегі геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері туралы түпкілікті есепті лицензияның қолданылу мерзімі тоқтатылған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей ұсынуға міндетті.
Геологиялық есептер бастапқы геологиялық ақпарат материалдарына негізделеді және геология, жерасты суларына гидрогеологиялық бұрғылау жүргізу саласындағы ғылыми зерттеулердің, сынақтар мен іздестірулердің, топырақты, жерүсті жыныстарын және минералдық үлгілерді жинау және байқаудан өткізу жөніндегі қызметтің жай-күйі мен нәтижелері туралы деректерді қамтиды.
196-бап. Барлау жоспары
1. Барлау жоспары пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жобалау құжаты болып табылады.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Барлау жоспарын жер қойнауын пайдаланушы әзірлейді және бекітеді.
Барлау жоспарын бекіткеннен кейін оның көшірмесі пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға ұсынылады.
Егер барлау жоспарында көрсетілген пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операциялар Қазақстан Республикасының экология заңнамасына сәйкес экологиялық рұқсатты немесе мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алуды талап етсе, барлау жоспарының көшірмесі осындай рұқсат немесе тиісінше, мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға ұсынылады.
Жер қойнауын пайдаланушы барлау жоспарының көшірмесін пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға ұсынғаннан кейін ғана пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операцияларды жүргізуге құқылы.
Пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға ұсынылған барлау жоспарында көзделмеген барлау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Барлау жоспарында пайдалы қатты қазбаларды барлау бойынша жұмыстардың түрлері, әдістері мен тәсілдері, жоспар бекітілген немесе барлау бойынша жоспарланатын жұмыстардың түрлері, әдістері, тәсілдері және көлемдері бойынша соңғы өзгерістер енгізілген күннен бастап қатарынан кемінде үш жыл перспективада оларды жүргізудің болжамды көлемі мен мерзімдері сипатталады.
Барлау жоспарында пайдалы қатты қазбаларды барлау бойынша жұмыстардың құрамын, түрлерін, әдістерін және тәсілдерін, болжамды көлемін және оларды жүргізу мерзімдерін жер қойнауын пайдаланушы барлау жоспарын жасау бойынша бекітілетін нұсқаулыққа сәйкес дербес айқындайды.
Барлау жоспарын жасау бойынша нұсқаулықты пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп әзірлейді және бекітеді.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Барлау бойынша жоспарланатын жұмыстардың түрлері, әдістері және (немесе) тәсілдері, сондай-ақ көлемдері мен оларды жүргізу мерзімдері өзгертілген жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы барлау жоспарына тиісті өзгерістер енгізуге және өзгертілген барлау жоспарының көшірмесін пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға ұсынуға міндетті.
Егер бұл өзгерістер Қазақстан Республикасының экология заңнамасына сәйкес экологиялық рұқсатты немесе мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алуды талап етсе, өзгертілген барлау жоспары осындай рұқсат немесе тиісінше, мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға ұсынылады.
197-бап. Пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою
1. Пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес бұзылған жерлерді рекультивациялау арқылы жүргізіледі.
Барлауға арналған лицензия бойынша айрықша құқық негізінде пайдалы қатты қазбаларды өндіру үшін берілген жер қойнауы учаскесінде пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою бойынша міндеттеме өндіру жөніндегі операциялардың салдарын жою бойынша міндеттеменің көлеміне енгізіледі.
2. Барлау учаскесінде жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға осындай учаскеде пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияның қолданысы тоқтатылғаннан кейін алты айдан кешіктірілмей барлау жөніндегі операциялардың салдарын жоюды аяқтауға міндетті.
Аталған тұлғаның өтініші бойынша пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган, егер жоюды жүргізу мүмкін болмаса немесе табиғи және (немесе) табиғи-климаттық жағдайларға орай едәуір қиын болса, осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мерзім өткен күннен бастап алты айға дейінгі кезеңге барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою мерзімін ұзартады.
3. Жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 199-бабына сәйкес бас тартқан барлау учаскесінің бір бөлігінде пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою осындай бас тартылғанға дейін жүргізіледі.
4. Егер жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операцияларды жер қойнауын пайдаланушы бас тартқан барлау учаскесінде немесе барлау учаскесінің бір бөлігінде жүзеге асырмаса немесе операциялар жер беті қабатын (су айдындарының түбін) бұзбай жүргізілсе, осындай барлау учаскесінде немесе барлау учаскесінің бір бөлігінде жою жұмыстарын жүргізу талап етілмейді.
Мұндай жағдайда барлау учаскесіне (барлау учаскесінің бір бөлігіне) жою жұмыстарын жүргізудің қажеттілігі жоқ екенін растайтын зерттеу актісі жасалады, оған осы баптың 5-тармағында аталған тұлғалар қол қояды.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Жою актісіне қол қойылған күннен бастап барлау учаскесінде (оның бір бөлігінде) барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою аяқталды деп есептеледі. Жою актісіне облыстың, республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың тиісті жергілікті атқарушы органы өз өкілдері мен қоршаған ортаны қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдерінен құратын комиссия және жер қойнауын пайдаланушы (жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға, ол болған кезде) қол қояды. Егер жою жеке меншіктегі, тұрақты немесе ұзақ мерзімді уақытша өтеулі жер пайдаланудағы жер учаскесінде жүзеге асырылса, жою актісіне жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы да қол қояды.