1. Меншiк иесi тұрақты тұратын тұрғынжайында жалдаушыға тұрғынжайды немесе оның бiр бөлiгiн, оның iшiнде жапсарлас бөлменi немесе бөлменiң бiр бөлiгiн жалдауға бере алады. Тұрғынжайда бiрнеше меншiк иесi тұрған жағдайда тұрғынжайды жалдауға беру үшiн барлық меншiк иелерiнiң келісімi талап етiледi.
2. Жалға алушының басқа адамдарды, оның iшiнде өз отбасының мүшелерiн де меншiк иелерiнiң келісімiнсiз тұрғызуға құқығы жоқ.
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Жалдау мерзiмi өткеннен кейiн жалдаушының шартты жаңарту құқығы болмайды және ол жалдауға берушінің талап етуi бойынша басқа тұрғынжай берiлместен шығарылуға тиiс. Жалдау шарты жалдауға берушінің талап етуi бойынша жалдаушы жалдау шартының талаптарын сақтамаған жағдайда, сондай-ақ дәлелді тосын жағдайлар болған кезде не осы Заңның 107-бабының 1) - 5) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша мерзiмiнен бұрын бұзылуы мүмкiн.
4. Мерзiмi көрсетiлмей жасалған жалдау шартын жалға берушi себебiн түсiндiрместен кез келген уақытта тоқтатуы мүмкiн. Жалға берушi жалға алушыға, жалдау шартының тоқтатылуы туралы кемiнде бiр ай бұрын ескертуге мiндеттi.
5. Жалға алушы жалдау шартын, егер шартта өзгеше көзделмеген болса, мерзiмiнен бұрын және ескертусiз бұзуға құқылы.
26-бап. Қосымша жалдаушылар мен уақытша тұрғындардың құқықтық жағдайы
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қосымша жалдаушылардың тұру шарты, атап айтқанда, тұру мерзiмi, төленетiн ақының мөлшерi мен оны төлеу тәртібі тұрғынжайды жалдаушы мен қосымша жалдаушы арасындағы шартта айқындалады.
2. Қосымша жалдау шарты тараптар белгiлеген мерзiм бiткенде не шартта көрсетiлген ахуал пайда болғанда тоқтатылады.
Шарт қосымша жалдаушы шартты бұзған жағдайда жалға алушының талап етуi бойынша, ал мерзiм не өзге де тоқтату негiздерi белгiленбеген шарттар қосымша жалдаушыны кемiнде бiр ай бұрын ескерте отырып, кез келген уақытта мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн. Қосымша жалдау шарты осы Заңның 29-бабында көзделген тұрғын үйге меншiк құқығы мәжбүр етіліп тоқтатылған жағдайда да тоқтатылады.
3. Қосымша жалдаушы шартты, егер қосымша жалдау шартында өзгеше көзделмеген болса, кез келген уақытта бұзуға құқылы.
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Қосымша жалдау шарты тоқтатылған не оны жалдаушы бұзған жағдайда қосымша жалдаушы басқа тұрғынжай берiлместен шығарылуға тиiс.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Жалдаушы тұрғынжайына уақытша тұрғындарды олармен қосымша жалдау шартын жасаспай кіргізуге құқылы. Уақытша тұрғындардың тұру шарттарын жалдаушы айқындайды. Уақытша тұрғындар жалдаушының талап етуі бойынша, басқа тұрғынжай берілместен, кез келген уақытта, кемінде жеті жұмыс күні бұрын ескертіле отырып шығарылуға жатады.
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 27-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
27-бап. Жалдау шарты тоқтатылған жағдайда қосымша жалдаушылар мен уақытша тұрғындарды шығару
Жалдау шарты тоқтатылған кезде бір мезгілде қосымша жалдау шарты тоқтатылады. Қосымша жалдаушылар мен уақытша тұрғындар жалдау шарты тоқтатылған жағдайда басқа тұрғынжай берiлместен шығарылуға тиiс.
5-тарау. Тұрғын үйге жеке меншiк құқығының тоқтатылуы
28-бап. Тұрғын үйге меншiк құқығының тоқтатылуы
1. Тұрғын үйге меншiк құқығы тұрғын үй иесi тұрғын үйдi басқа адамның иелiгiне берген кезде, меншiк иесi қайтыс болған жағдайда не тұрғын үй жойылған (қираған) жағдайда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
2. Тұрғын үйге ортақ үлестi меншiкке қатысушылардың бiреуi өз үлесiн сатқан кезде ортақ үлесi бар меншiкке басқа қатысушының сатып алуға басым құқығы болады.
Егер сатылатын үлестi сатып алуға ортақ үлестi меншiкке қатысушылардың бiрнешеуi ниет бiлдiрсе, сатып алушыны таңдау құқығы сатушыға тиесiлi болады. Тұрғын үйге ортақ меншiктегi үлестi басымдықпен сатып алу құқығын iске асыру тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiмен белгiленедi.
ҚР 10.07.01 ж. № 227-II Заңымен 29-бап өзгертілді
29-бап. Тұрғын үйге меншiк құқығын күштеп тоқтату
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.22.07. № 479-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Тұрғын үйге меншiк құқығын күштеп (меншiк иесiнiң еркiнен тыс) тоқтатуға:
1) меншiк иесiнiң қарыздары бойынша жер учаскесiмен бiрге төлеттiрiп алуды тұрғын үйге аудару;
2) реквизициялау;
3) тәркiлеу;
4) үй орналасқан жер учаскесiн мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иеліктен шығару;
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) авариялық көппәтерлі тұрғын үйді бұзу жағдайларында жол беріледі.
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.22.07. № 479-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Тұрғын үйге меншiк құқығын осы баптың 1-тармағындағы 2) және 4) тармақшаларда көзделген негiздер бойынша күштеп тоқтатқан кезде меншiк иесiне оның қалауы бойынша:
1) тұрғын үйдiң және жер учаскесiнiң нарықтық құнын қоса, меншік иесiне құқығы тоқтатылғанға дейiн төленетiн ақшалай өтем төленуге, сондай-ақ меншiк иесiне келтiрiлген залалдардың орны толық толтырылуға;
2) осы Заңның 15-бабында көзделген тәртiп бойынша меншiгiне тұрмысқа жайлы тұрғын үй (пәтер немесе тұрғынжай) берiлуге;
3) реквизициялауды туғызған төтенше жағдайлар тоқтатылғаннан кейiн меншiк иесiне реквизициялаудан келтiрiлген залалдардың өтемақысын толық төлеу арқылы реквизицияланған тұрғын үй қайтарылуға тиiс.
3. Осы баптың 1-тармағындағы 1) және 3) тармақшаларда көзделген негiздер бойынша тұрғын үйдi меншiктену құқығы тоқтатылған кезде меншiк иесi мен алынатын тұрғын үйде тұратын барлық адамдар басқа тұрғын үй-жай берiлместен шығарылуға тиiс.
2014.29.12. № 270-V ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтардың Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғынжайына меншік құқығы осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген негіз бойынша мәжбүрлеп тоқтатылған кезде жылыту маусымында тұрғынжайдан шығаруға тыйым салынады.
2011.22.07. № 479-ІV ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Осы баптың 1-тармағының 5) тармақшасында көзделген негіз бойынша тұрғын үйге меншiк құқығын мәжбүрлеп тоқтатқан кезде меншік иесіне осы Заңның 67-бабына сәйкес тұрғын үй беріледі.
ҚР 03.06.03 ж. № 427-II Заңымен. 30-бап толықтырылды
30-бап. Меншiк иесiнiң отбасы мүшелерiн және басқа да тұрғындарды тұрғын үйден шығару
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Осы Заңның 29-бабының 1-тармағындағы 2), 4) және 5) тармақшаларда көзделген негiздер бойынша тұрғын үйдi меншiктену құқығы тоқтатылған жағдайда меншiк иесiнiң отбасы мүшелерi (бұрынғы мүшелерi) тұрғын үйден шығарылады және бұрынғы тұрғын үйдiң өтемi ретiнде алынған тұрғын үйде тұру құқығын алады.
Бұрынғы тұрғын үйде тұратын басқа адамдар басқа тұрғын үй-жай берiлмей шығарылады.
2011.22.07. № 479-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Меншiк иесiнiң еркi бойынша (сату, сыйға тарту) тұрғын үйдi (тұрғын үй-жайды) меншiктену құқығы тоқтатылған жағдайда, егер тұрғын үйдi сатып алушымен жасалған шарт бойынша өзгеше көзделмесе, меншiк иесiнiң отбасы мүшелерi, меншiк иесi отбасының бұрынғы мүшелерi және уақытша тұрғындар басқа тұрғын үй-жай берiлмей шығарылады.
Меншiк құқығы тоқтатылуы, тұрғын үйдiң меншiк иесi болып табылатын кәмелетке толмағандардың мүдделерiне қатысты болса, ол осы Заңның 13-бабының 3-тармағында көзделген нормалармен реттеледi.
3 БӨЛIМ
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 6-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6-тарау. Көппәтерлі тұрғын үй кондоминиумы
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 31-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
31-бап. Кондоминиумды құру, мемлекеттік тіркеу және тоқтату
1. Көппәтерлі тұрғын үйлерде пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың екі және одан көп меншік иесі болған кезде жылжымайтын мүлікке меншік құқығы кондоминиум нысанында туындайды.
2. Көппәтерлі тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттамасында кондоминиум объектісінің ортақ мүлкі құрамына берілетін тұрғын емес үй-жайлардың алаңы көрсетіледі.
Көппәтерлі тұрғын үйдің тапсырыс берушісі (құрылыс салушысы) пәтерлерді, тұрғын емес үй-жайларды дара (бөлек) меншікке сатуды бастағанға дейін «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жобалау-сметалық құжаттамасына сай көппәтерлі тұрғын үйді мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етуге міндетті. Тіркелмеген пәтерлерді, тұрғын емес үй-жайларды дара (бөлек) меншікке сатуға жол берілмейді.
Жер учаскесін кондоминиум объектісінің ортақ мүлкі құрамына енгізу Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес көппәтерлі тұрғын үйдің тапсырыс берушісінің (құрылыс салушысының) қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Көппәтерлі тұрғын үйді салуды немесе реконструкциялауды жүзеге асыратын тапсырыс беруші (құрылыс салушы) мүліктің меншік иелері бірлестігі тіркелгеннен кейін немесе жай серіктестік құрылғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштерде қабылдау-тапсыру актісі бойынша:
жобалау ұйымы куәландырған, ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысын алған көппәтерлі тұрғын үйдің жобалау құжаттамасының көшірмелерін (сметалық бөлімсіз);
атқарушылық техникалық құжаттаманың көшірмелерін;
міндетті қосымшаларымен бірге объектіні пайдалануға қабылдау актісінің көшірмесін;
көппәтерлі тұрғын үйдің технологиялық жабдығының паспорттарын (пайдалану жөніндегі нұсқаулықтарды) беруге міндетті.
Көппәтерлі тұрғын үйдің тапсырыс берушісінен (құрылыс салушысынан) мүліктің меншік иелері бірлестігіне немесе жай серіктестікке қабылдау-тапсыру актісіне қосымшада кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінің тізбесі егжей-тегжейлі сипаттамасымен бірге айқындалуға тиіс.
3. Пайдалануға қабылданған көппәтерлі тұрғын үйдің кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеуді осы баптың 2-тармағына сәйкес тапсырыс беруші (құрылыс салушы) «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес тіркеуші органға өтініш беру арқылы пәтердің, тұрғын емес үй-жайдың бірінші меншік иесі меншік құқығын мемлекеттік тіркеген кезден бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмейтін мерзімде жүзеге асырады.
Тапсырыс беруші (құрылыс салушы) кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеген кезде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкі құрамына көппәтерлі тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттамасында көзделген барлық мүлікті (болған кезде паркингті қоса алғанда) енгізуге міндетті.
4. Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жергілікті бюджет қаражаты есебінен пайдаланудағы көппәтерлі тұрғын үйлерге (кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін айқындай отырып) мемлекеттік техникалық зерттеп-қарауды, сондай-ақ «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеу үшін құжаттарды қалыптастыруды және ұсынуды қамтамасыз етеді.
5. Пайдаланудағы көппәтерлі тұрғын үйлердегі кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеу пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың кемінде екі меншік иесінен тұратын бастамашы топтың өтініші бойынша жүргізіледі.
6. Кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеген кезде мыналар көрсетіледі:
көппәтерлі тұрғын үй тұрған жер учаскесін қоса алғанда, көппәтерлі тұрғын үйдің жалпы алаңы;
кондоминиум объектісі ортақ мүлкінің құрамы және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіндегі дара (бөлек) меншіктегі әрбір пәтер, тұрғын емес үй-жай үлесінің мөлшері;
дара (бөлек) меншіктегі пәтерлердің жалпы алаңы мен тұрғын емес үй-жайлардың алаңы.
Үй жанындағы жер учаскесін тіркеу жиналыстың шешімі негізінде пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың кемінде екі меншік иесінен тұратын бастамашы топ өтініш берген кезде астананың, республикалық, облыстық маңызы бар қаланың және ауданның жергілікті атқарушы органының шешімі бойынша жүзеге асырылады.
7. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздер бойынша пәтерлердің жалпы алаңы мен тұрғын емес үй-жайлар алаңдарының өзгеруі нәтижесінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкі құрамының және (немесе) пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіндегі үлестері мөлшерінің өзгеруі мемлекеттік тіркеуге жатады.
Кондоминиум объектісінің сәйкестендіру сипаттамалары өзгерген кезде құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттарына өзгерістер енгізу өзгеріске бастамашы болған тұлғаның есебінен жүргізіледі.
8. Дара (бөлек) меншіктегі мүлікпен мәміле жүзеге асырылған кезде ортақ мүліктегі үлеспен мәміле жасалды деп есептелетін жағдайларды қоспағанда, кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркегенге дейін кондоминиум объектісінің ортақ мүлкімен мәмілелердің заңды күші болмайды.
9. Кондоминиум нысанындағы меншік құқығы:
барлық пәтерге, тұрғын емес үй-жайға меншік құқықтары бір меншік иесіне ауысқан;
мемлекет мұқтажы үшін көппәтерлі тұрғын үй тұрған жер учаскесі мәжбүрлеп иеліктен шығарылған;
көппәтерлі тұрғын үй зақымдалған (қираған) және авариялық деп танылған жағдайларда тоқтатылады.
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 32-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
32-бап. Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-үстау
1. Пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізуді қоса алғанда, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау және оның қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қолдануға міндетті.
2. Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкі құрамына кірмейтін пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иесі болып табылатын көппәтерлі тұрғын үйдің тапсырыс берушісі (құрылыс салушысы) осы Заңда айқындалған тәртіппен кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстарды төлеуге міндетті.
3. Мүліктің меншік иелері бірлестігінің төрағасы сайланған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде екінші деңгейдегі банкте:
кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстар бойынша ақшаны есепке жатқызуға арналған ағымдағы шотты (ағымдағы шот);
кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге ақша жинақтауға арналған жинақ шотын (жинақ шоты) ашуға міндетті.
4. Кондоминиум объектісін басқаруды пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері заңды тұлға құрмай өз бетінше жүзеге асырған жағдайда, екінші деңгейдегі банктерде шоттар ашуды жай серіктестіктің сенім білдірілген адамы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделген, жай серіктестіктің сенім білдірілген адамына пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың барлық меншік иесі екінші деңгейдегі банктерде шоттар ашуға уәкілеттік берген сенімхат негізінде жүзеге асырады. Жай серіктестіктің сенім білдірілген адамы ағымдағы және жинақ шоттарды осы Заңда айқындалған мақсаттарда ғана, жай серіктестік шартына қол қойылған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде ашады.
5. Пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстарды төлеуге міндетті.
Кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстар пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің кондоминиум объектісін басқаруға және ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, ағымдағы жөндеуге және кондоминиум объектісі ортақ мүлкінің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға тұтынылған коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуге арналған міндетті ай сайынғы жарналарды қамтиды.
6. Мүліктің меншік иелері бірлестігінің төрағасы немесе жай серіктестіктің сенім білдірілген адамы пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың барлық меншік иесіне жиналыста айқындалған жалпыға қолжетімді орында ақпаратты орналастыру арқылы ағымдағы шот бойынша ақша қозғалысы және кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған ақшаның жұмсалуы туралы ақпаратты ай сайын беруге міндетті.
7. Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізуге ақша жинақтау үшін пәтердің, тұрғын емес үй-жайдың меншік иесі өзіне тиесілі пәтердің, тұрғын емес үй-жайдың пайдалы алаңының бір шаршы метріне есептегенде республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштіктің кемінде 0,005 еселенген мөлшеріндегі ақшаны ай сайын жинақ шотына аударуға міндетті.
Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге арналған ақша кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеу мақсаттарына ғана, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге алынған тұрғын үй қарызын өтеуге талап етілуі мүмкін және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге арналған шарттарды қоспағанда, пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің міндеттемелері бойынша кепіл нысанасы бола алмайды. Жинақ шотында жинақталған ақшаны жұмсау жиналыстың шешімі бойынша ғана жүзеге асырылады.
Екінші деңгейдегі банк жинақ шоттары бойынша әрбір пәтер, тұрғын емес үй-жай бойынша бөле отырып, ақшаның автоматтандырылған есепке алынуын жүргізеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамалық актілерінің банктік және заңмен қорғалатын өзге құпияны ашу тәртібіне қойылатын талаптарын сақтай отырып, Қазақтан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен жинақ шоты бойынша ақпаратты тұрақты негізде орналастырады.
8. Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге ақшаны төлейтін пәтердің, тұрғын емес үй-жайдың әрбір меншік иесі өзіне тиесілі пәтер, тұрғын емес үй-жай бойынша жинақталған ақша туралы ақпаратты алуға құқығы бар.
Мүліктің меншік иелері бірлестігінің төрағасы, жай серіктестіктің сенім білдірілген адамы пәтер, тұрғын емес үй-жай меншік иесінің сұрау салуы бойынша кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге ақшаның жинақталуы туралы ақпарат беруге міндетті.
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 33-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
33-бап. Пәтер, тұрғын емес үй-жай меншік иесінің кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіндегі үлесі
1. Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіндегі меншік иесіне тиесілі үлес өзіне тиесілі пәтерге, тұрғын емес үй-жайға меншік құқығынан бөлінбейді және пәтерге, тұрғын емес үй-жайға бекітіліп беріледі.
Үлес мөлшері дара (бөлек) меншіктегі пәтердің пайдалы алаңының немесе тұрғын емес үй-жай алаңының осы кондоминиум объектісіндегі барлық пәтердің пайдалы алаңдарының және барлық тұрғын емес үй-жай алаңдарының жиынтығына арақатынасымен айқындалады. Мұндай үлесті заттай бөліп беруге болмайды.
2. Көппәтерлі тұрғын үйге тұрғын емес үй-жай жапсарластырыла салынған немесе дара (бөлек) меншіктегі пәтерлердің жалпы алаңының, тұрғын емес үй-жайлар алаңының көлемі өзгерген жағдайда, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіндегі үлестердің мөлшері қайта есептеледі. Мұндай өзгерістер мемлекеттік тіркеуге жатады.
3. Пәтерге, тұрғын емес үй-жайға меншік құқығының ауысуы меншік иесіне кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіндегі тиісті үлестің, сондай-ақ осы үлесті күтіп-ұстау жөніндегі құқықтар мен міндеттердің ауысуына алып келеді.
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 34-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
34-бап. Пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің құқықтары мен міндеттері
1. Пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың барлық меншік иесі кондоминиумға қатысушылар болып табылады және кондоминиум объектісін басқару мен кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін пайдалану бойынша тең құқықтарға ие болады.
Пәтердің, тұрғын емес үй-жайдың әрбір меншік иесі өзіне дара (бөлек) меншік құқығымен тиесілі өзінің мүлкін өз қалауы бойынша иеленуге, пайдалануға және оған билік етуге құқылы.
Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкі, оны орналастыру, пайдалану және күтіп-ұстау үшін қажет жер учаскесін қоса алғанда, пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелеріне ортақ үлестік меншік құқығымен тиесілі және дара (бөлек) меншіктегі пәтерге, тұрғын емес үй-жайға құқықтардан бөлінбейді.
2. Пәтер меншік иесінің өзге мекенжай бойынша тұруы, сондай-ақ пәтерді, тұрғын емес үй-жайды мүліктік жалдауға (жалға) беруі пәтер, тұрғын емес үй-жай меншік иесінің Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде, мүліктің меншік иелері бірлестігінің жарғысында, жай серіктестік шартында және жиналыс шешімінде айқындалған құқықтарын шектемейді және оны міндеттерінен босатпайды.
Пәтердің, тұрғын емес үй-жайдың меншік иесі үй кеңесін өзіне тиесілі пәтерді, тұрғын емес үй-жайды мүліктік жалдауға (жалға) беру туралы хабардар етеді.
Пәтер, тұрғын емес үй-жай меншік иесінің Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген міндеттерінен басқа өзге де міндеттері болады, оның ішінде:
түнгі уақытта тыныштық сақтау, оның iшiнде пәтерде, тұрғын емес үй-жайда және олардың сыртында шұғыл қажеттiлiкпен байланысы жоқ шу шығаратын, азаматтардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергi келтiретiн жұмыстарды жүргiзбеу;
темекі өнімдерін осы үшін айқындалған арнайы орындарда тұтыну;
құрылыс, санитариялық, экологиялық, өртке қарсы және басқа да міндетті нормалар мен қағидаларды сақтау.
3. Пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кондоминиум объектісінің шектеулі пайдаланылатын ортақ мүлкінің өздеріне бекітіліп берілген бөліктерін мүліктің меншік иелері бірлестігінің немесе жай серіктестіктің ағымдағы шотына жалға алу ақысын есепке жатқыза отырып, мүлікті шектеулі пайдалануға беру туралы мүліктік жалдау (жалға беру) шартында белгіленген талаптарда пайдалануға құқылы.
4. Тұрғын емес үй-жайдың меншік иесі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған барлық шығыстарға қатысуға міндетті.
Жиналыс тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері үшін кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы шығыстардың өзге мөлшерін белгілеуге құқылы, ол пәтерлердің меншік иелері үшін белгіленген ай сайынғы шығыстардың мөлшерінен екі еседен аспауға тиіс.
5. Пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері:
мүліктің меншік иелері бірлестігімен, көппәтерлі тұрғын үйді басқарушымен, басқарушы компаниямен кондоминиум объектісін басқару;
коммуналдық көрсетілетін қызметтерді ұсынатын ұйымдармен пәтерлерде, тұрғын емес үй-жайларда коммуналдық қызметтер көрсету туралы шарттарды дербес жасасуға міндетті.
Көрсетілетін коммуналдық қызметтер ұлттық стандарт пен техникалық регламентте көзделген техникалық талаптарға сәйкес келуге тиіс.