2. Жолаушы:
1) 2017.03.07. № 83-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2) қауіпсіздік белдіктерімен жабдықталған көлік құралымен жол жүрген кезде оларды тағуға, ал мотоциклмен жол жүрген кезде - түймеленген мотошлем киюге;
3) тротуар немесе жол жиегі жағынан және толық тоқтағаннан кейiн ғана отыруды және түсуді жүзеге асыруға міндетті. Егер тротуар немесе жол жиегі жағынан отыру және түсу мүмкiн болмаса, бұл қауiпсiз болатын және жол жүрісіне басқа да қатысушылар үшiн кедергi келтірмейтін жағдайларда жолдың жүру бөлiгі жағынан жүзеге асырылуы мүмкiн.
3. Жолаушыларға:
1) көлiк құралының жүруі кезiнде жүргiзушiнi оны басқарудан алаңдатуға;
2) борт платформасы бар жүк автомобилiмен жол жүрген кезде түрегелiп тұруға, бортқа немесе борттардан биiк тұратын жүктің үстiне отыруға;
3) көлік құралының жүруі кезінде оның есіктерін ашуға, сондай-ақ терезесінен және люгінен басын шығаруға тыйым салынады.
56-бап. Жаяу жүргіншінің құқықтары мен міндеттері
1. Жаяу жүргіншінің құзыретті органдардан, жолдардың, өтпелердің және басқа да жол құрылыстарының иелерінен қауіпсіз жүру үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуді талап етуге құқығы бар.
2017.03.07. № 83-VI ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Жаяу жүргінші:
1) тротуарлармен және жол жиектерімен, жаяу жүргінші жолдарымен және жүруге жайластырылған және ыңғайластырылған басқа да жерлермен жүріп-тұруға;
2) жолдың жүретін бөлігін жаяу жүргінші өткелдерімен, оның ішінде жерасты және жерүсті өткелдерімен, көрінетін жерде олар болмаған кезде - тротуарлардың немесе жол жиектерінің бойымен жол қиылыстарында, көрінетін аймақта өткел немесе жол қиылысы болмаған кезде жолдың жүретін бөлігінің шетіне тік бұрышпен кесіп өтуге;
3) жаяу жүргінші өткелінен тыс жерде жолдың жүретін бөлігін кесіп өткен кезде көлік құралдарының жүрісіне кедергі келтірмеуге және жақындап қалған көлік құралдарының жоқ екендігіне көз жеткізбестен, маңайды шолуды шектейтін тоқтап тұрған көлік құралының тасасынан шықпауға;
4) реттелмейтін жаяу жүргінші өткелдерінде жолдан өту өзі үшін қауіпсіз болатынына сенімді болғаннан кейін ғана жолдың жүретін бөлігіне шығуға;
5) маршрутты көлік құралы мен таксиді - аялдама пункттерінде, ал олар болмаған кезде - тротуарда немесе жол жиегінде күтуге міндетті.
2. Жаяу жүргіншіге:
1) елдi мекенде бөлу жолағы болған кезде жолдың жүру бөлiгін жаяу жүргінші өткелінен тыс жерден, сондай-ақ жаяу жүргiншiлердің немесе жолдың қоршаулары орнатылған жерлерден өтуге;
2) автомагистральдарда тұруға тыйым салынады.
57-бап. Мопед, велосипед жүргізушілерінің, жол бойымен мал, табын, жүк артылған, жегілген малды немесе мініс малын айдаушылардың құқықтары мен міндеттері
1. Мопед, велосипед жүргізушілерінің, жол бойымен мал, табын, жүк артылған, жегілген малды немесе мініс малын айдаушылардың жол жүрісі қағидаларына сәйкес жолдарда жүруге құқығы бар.
2. Мопед, велосипед жүргізушілері, жол бойымен мал, табын, жүк артылған, жегілген малды немесе мініс малын айдаушылар Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен жол жүрісі қағидаларын білуге және сақтауға міндетті.
3. Мопед пен велосипед жүргiзушiлерiне:
1) ең болмағанда бiр қолымен рульден ұстамай жүргізуге;
2) жолаушылар тасымалдауға;
3) габаритінен ұзындығы немесе енi бойынша елу сантиметрден артық шығып тұратын жүктi немесе басқаруға кедергi келтiретiн жүктi тасымалдауға;
4) қатарында велосипед жолы болған кезде жолмен жүруге;
5) трамвай жүретін жолдарда және осы бағытта жүруге арналған бiреуден артық жолағы бар жолдарда солға бұрылуға немесе керi бұрылуға;
2017.03.07. № 83-VI ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
6) мопедпен және велосипедпен пайдалануға арналған тiркемені сүйретуден басқа, мопедтер мен велосипедтердi, сондай-ақ мопедтермен және велосипедтермен сүйретуге;
2017.03.07. № 83-VI ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды
7) жаяу жүргінші өткелімен жүруге тыйым салынады.
9-тарау. ТІРЕК-ҚИМЫЛ АППАРАТЫ БҰЗЫЛҒАН АДАМДАРДЫҢ ЖОЛ ЖҮРІСІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
58-бап. Тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдардың жол жүрісін және оларға қызмет көрсететін көлік құралдарының тұрақтарын ұйымдастыру
2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Тірек-қимыл аппараты бұзылған жүргізушілер немесе тірек-қимыл аппараты бұзылған немесе көру қабілетінен толық айырылған адамдарға қызмет көрсететін көлік құралдарының жүргізушілері басқаратын көлік құралдарына «Қоюға тыйым салынады», «Айдың тақ күндері қоюға тыйым салынады», «Айдың жұп күндері қоюға тыйым салынады» деген тыйым салатын жол белгілерінің күші қолданылмайды.
2. 2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3. Егер «Тұрақ орны» деген ақпараттық-нұсқағыш жол белгісімен «Мүгедектігі бар адамдар» деген қосымша ақпарат жол белгісі (тақтайша) орнатылған жағдайда, «Тұрақ орны» деген жол белгісінің күші «Мүгедектігі бар адам» деген таным белгілері орнатылған мотоколяскалар мен автомобильдерге ғана қолданылады.
4. Егер тыйым салатын не нұсқайтын жол белгілерімен «Мүгедектігі бар адамдардан басқа» деген қосымша ақпарат жол белгісі (тақтайша) орнатылған жағдайда, онда осы жол белгілерінің күші «Мүгедектігі бар адам» деген таным белгілері орнатылған мотоколяскалар мен автомобильдерге қолданылмайды.
2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 59-баптың тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
59-бап. Тірек-қимыл аппараты бұзылған жүргізушілердің немесе тірек-қимыл аппараты бұзылған немесе көру қабілетінен толық айырылған адамдарға қызмет көрсететін көлік құралдары жүргізушілерінің арнайы құқықтары
1. «Мүгедектігі бар адам» деген таным белгілері бар көлік құралдарын басқаратын тірек-қимыл аппараты бұзылған жүргізушілердің:
1) тұрған көлік құралы жаяу жүргіншілердің жүруі үшін ені кемінде бір жарым метр бос жолақ қалдырып, тротуарға толығымен орналасқан жағдайда елді мекендердегі тоқтауға немесе тоқтап тұруға тыйым салатын жол белгілері қолданылатын аймақта көлік құралын тоқтатуға және қоюға құқығы бар. Бұл қағида тоқтауға тыйым салатын жол таңбасымен белгіленген жол учаскелерінде қолданылмайды.
2) жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмейтін және басқа да көлік құралдарын жол жүрісі мүмкіндігінен айырмайтын жағдайда тоқтап тұруға тыйым салатын жол белгілері қолданылатын аймақта, уақыты шектеулі тұрақ орындарында көзделген мерзімнен артық және тұрақ орындарының шегінен тыс аула аумағындағы жолдарда көлік құралын қоюға құқығы бар.
2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Тірек-қимыл аппараты бұзылған немесе көру қабілетінен толық айырылған адамдарға қызмет көрсететін көлік құралдарының жүргізушілері тірек-қимыл аппараты бұзылған немесе көру қабілетінен толық айырылған адамдарды отырғызу немесе түсіру үшін елді мекендердегі тоқтауға тыйым салатын жол белгілері қолданылатын аймақта көлік құралын тоқтатады.
2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Тірек-қимыл аппараты бұзылған немесе көру қабілетінен толық айырылған адамды қолынан жетектеп межелі жеріне және кері алып жүретін, тірек-қимыл аппараты бұзылған немесе көру қабілетінен толық айырылған адамға қызмет көрсететін көлік құралының жүргізушісі осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген жағдайларда елді мекендерде көлік құралын тоқтатады.
10-тарау. ЖОЛ ЖҮРІСІНЕ ҚАТЫСУҒА РҰҚСАТ БЕРУ
60-бап. Көлік құралдарына және оларды басқаратын адамдарға жол жүрісіне қатысуға рұқсат беру
1. Көлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағындағы жол жүрісіне қатысуына рұқсат беру:
1) көлік құралдарының, көлік құралдарына орнатылатын және (немесе) пайдаланылатын жабдықтау заттары мен қосалқы бөлшектердің сәйкестігін растау;
2) тиісті құжаттар мен мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін бере отырып, көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу және есепке алу;
3) көлік құралдарын міндетті техникалық қарап тексеруден өткізу;
4) халықаралық жол жүрісіне рұқсат беруге арналған шарттарды орындау арқылы жүзеге асырылады.
2. Адамдардың Қазақстан Республикасының аумағындағы жол жүрісіне қатысуына рұқсат беру:
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) көлік құралдарын басқару құқығына куәліктер беру арқылы жүзеге асырылады.
2) 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
61-бап. Көлік құралдарының, көлік құралдарына орнатылуы және (немесе) пайдаланылуы мүмкін жабдықтау заттары мен қосалқы бөлшектердің сәйкестігін растау
1. Сәйкестігі міндетті расталуға (сертификатталуға немесе декларациялануға) жататын көлік құралдарын, көлік құралдарына орнатылатын және (немесе) пайдаланылатын жабдықтау заттары мен қосалқы бөлшектердің Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленген талаптарға сәйкестігі оларды айналымға шығарудың қажетті шарты болып табылады.
2. Тіркелген көлік құралының конструкциясына өзгерістер енгізуге Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленген талаптарға қатаң сәйкестікте жол беріледі.
Тіркелген көлік құралының конструкциясына енгізілген өзгерістер көлік құралының тіркеу құжаттарында көрініс табуға тиіс.
3. Көлік құралдарының, көлік құралдарына орнатылуы және (немесе) пайдаланылуы мүмкін жабдықтау заттары мен қосалқы бөлшектердің сәйкестігін растайтын, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес берілген шетелдік сертификаттарды және өзге де құжаттарды тану Қазақстан Республикасының мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінде белгіленген нысандардың сәйкестігін растайтын сертификаттарға және өзге де құжаттарға оларды қайта ресімдеу арқылы техникалық реттеу және метрология саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе, бұрын тұтынылған, көрмеге әкелінетін және нысаналы пайдаланылмайтын, сондай-ақ гуманитарлық көмек желісі бойынша берілетін көлік құралдары, оларға орнатылуы және (немесе) пайдаланылуы мүмкін жабдықтау заттары мен қосалқы бөлшектер сәйкестікті міндетті растау объектілеріне жатпайды.
5. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес берілген дөңгелекті көлік құралдарын техникалық қарап тексерудің қолданыстағы сертификаты Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін бұрын тұтынылған көлік құралдарын айналымға шығарудың және оларды уәкілетті органда тіркеудің қажетті шарты болып табылады.
6. Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін дөңгелекті көлік құралдарын техникалық қарап тексерудің шетелдік сертификаттарын тану Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Көлік құралдарының, көлік құралдарына орнатылуы және (немесе) пайдаланылуы мүмкін жабдықтау заттары мен қосалқы бөлшектердің Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың талаптарына сәйкестігі үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен өз құзыреті шегінде сәйкестікті растау жөніндегі органдарға және сынақ зертханаларына жүктеледі.
62-бап. Көлік құралдарын мемлекеттік тіркеудің мақсаттары
Қазақстан Республикасында көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу:
1) Қазақстан Республикасының аумағында және оның шегінен тыс жерлерде көлік құралдарының жол жүрісіне қатысуына және (немесе) пайдаланылуына рұқсат ету;
2) көлік құралдарын мемлекеттік есепке алу;
3) көлік құралдарын пайдалануға байланысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу мақсатында жүзеге асырылады.
63-бап. Көлік құралдарын мемлекеттік тіркеудің міндеттілігі
1. Басқа мемлекеттің құзыретті органында тіркелген, халықаралық жол жүрісіне қатысатын және Қазақстан Республикасына бір жылдан аспайтын мерзімге әкелінетін механикалық көлік құралдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында жасалған немесе Қазақстан Республикасына әкелінген, осы Заңда айқындалатын механикалық көлік құралдары міндетті мемлекеттік тіркеуге жатады.
2. Осы Заңға сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтпеген механикалық көлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағында жол жүрісіне қатысуына және (немесе) пайдаланылуына тыйым салынады.
64-бап. Мемлекеттік тіркеуге жататын көлік құралдарының түрлері
1. Уәкілетті органда мемлекеттік тіркеуге механикалық көлік құралдары мен тіркемелердің мынадай түрлері жатады:
1) жеңіл, жүк автомобильдері, автобустар, олардың базасында жасалған арнайы автомобильдерді қоса алғанда, және троллейбустар;
2) ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына елу километрден асатын мотоциклдер, трициклдер, квадроциклдер мен мопедтер;
3) автомобильдердің құрамында жүруге арналған тіркемелер.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 291-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ жаңа редакцияда
2. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің Айрықша мақсаттағы күштерін қоспағанда, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелері әскери полиция органдарында мемлекеттік тіркеуге жатады.
3. Мемлекеттік тіркеуге: ұрыс көлік құралдары, тракторлар, олардың базасында жасалған өздiгiнен жүретiн шассилерді қоса алғанда, және жолдардан тыс жерде жүретін технологиялық көлiк ретiнде пайдаланылатын механизмдер, тiркемелер; трамвайлар және басқа да рельстік механикалық көлiк құралдары; басқа мемлекеттерде тiркелген және Қазақстан Республикасының аумағына бір жылдан кем мерзiмге әкелiнген жеңiл, жүк автомобильдерi мен автобустар, олардың шассилерiнде жасалған арнайы автомобильдерді қоса алғанда, мотоциклдер мен мотороллерлер, автомобильдердiң құрамында жүруге арналған тiркемелер жатпайды.
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 65-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
65-бап. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы халықаралық жол жүрісіне көлік құралдарының қатысуына рұқсат беру
1. Көлік құралы, егер оны Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты жоқ шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам пайдаланса және:
1) Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұрғылықты жері немесе орналасқан жері бар жеке немесе заңды тұлғаға тиесілі болса;
2) Қазақстан Республикасында тіркелмесе;
3) Қазақстан Республикасына уақытша әкелінсе, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы халықаралық жол жүрісінде деп есептеледі.
2. Халықаралық жол жүрісіне қатысатын көлік құралы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезден бастап бір жылға дейін Қазақстан Республикасының аумағында бола алады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін халықаралық жол жүрісіндегі көлік құралы Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерге ұзақтығы кемінде үзіліссіз күнтізбелік отыз күн болатын мерзімге әкетілуге жатады.
3. Халықаралық жол жүрісіндегі көлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағындағы жол жүрісіне қатысуына рұқсат беру Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес берілген:
1) көлік құралын, тіркемені тіркеу туралы куәлік;
2) көлік құралының тіркеу нөмірі;
3) мемлекеттің айырым белгісі;
4) көлік құралының таным белгісі;
5) көлік құралының техникалық қарап-тексеруден өтуі фактісін растайтын құжат;
6) көлік құралы иесінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты;
7) көлік құралдарының электрондық паспорттары (көлік құралдары шассиінің паспорттары) және өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерінің электрондық паспорттары жүйесінен алынған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде тіркелген автокөлік құралдарының сәйкестендіру белгілері және оларды тіркеу есебі туралы мәліметтер болған кезде жүзеге асырылады.
66-бап. Көлік құралдары иелерінің құқықтары мен міндеттері
1. Көлік құралдары иелерінің:
1) уәкілетті органнан көлік құралдары мен олардың тіркемелерін мемлекеттік тіркеу тәртібі туралы ақпарат және түсіндірме алуға;
2017.03.07. № 83-VI ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен көлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісінің цифрлық және (немесе) әріптік белгіленуін таңдауға құқығы бар.
2. Көлік құралдарының иелері:
2017.26.12. № 124-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында механикалық көлік құралдарын сатып алғаннан немесе жеке пайдалану үшін шығарумен, ішкі тұтыну үшін шығарумен, Қазақстан Республикасына бір жылдан астам мерзімге уақытша әкелінгендерді шығарумен байланысты кедендік операциялар жасалғаннан кейін көлік құралдарын он жұмыс күні ішінде уәкілетті органда тіркеуге;
2) көлік құралдарын, оларды міндетті түрде көрсету көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу қағидаларында көзделген жағдайларда, уәкілетті органға көрсетуге;
3) көлік құралын кәдеге жаратудың алдында немесе жоғалғаннан кейін не Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұрақты болуға көлік құралын әкетудің алдында механикалық көлік құралын мемлекеттік тіркеуді тоқтату үшін уәкілетті органға өтініш жасауға;
4) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолдану туралы уақтылы орындалмаған қаулылар болған кезде айыппұл төлеуге міндетті.
67-бап. Көлік құралын мемлекеттік тіркеуге немесе көлік құралының тіркеу деректерін өзгертуге тыйым салу
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Басқару органдары оң жақта орналасқан, жолдармен жүруге және олармен адамдарды немесе жүктерді тасымалдауға арналған немесе М1 санатындағы көлік құралының шанағын ауыстыруға байланысты немесе соңғы тіркеу жүзеге асырылған мемлекетте тіркеу есебінен шығарылмаған көлік құралдарын бастапқы тіркеуге тыйым салынады.
2021.01.02. № 1-VIІ ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1. Шығарылғанына он жылдан асқан автобустарды бастапқы тіркеуге тыйым салынады.
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 1-2-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
1-2. Осы баптың 1 және 1-1-тармақтарында көзделген ережелер Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде айналымға шығарылған және Қазақстан Республикасының аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көлік құралдарына қолданылмайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген көлік құралдарын бастапқы тіркеу тәртібін, шарттары мен мерзімдерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2. Көлік құралын тіркеуге және тіркеу деректерін өзгертуге:
1) жаңа көлік құралдары үшін Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың және осы Заңның 61-бабының талаптарына сәйкес берілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік техникалық реттеу жүйесі таныған сәйкестік сертификаттары болмаған;
2) 2019.19.04. № 249-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3) тіркеу құжаттары болмаған;
4) көлік құралын жасаушы басып берген нөмірлік агрегаттардың таңбасын қолдан жасау, жасыру, өзгерту және (немесе) жою салдарынан көлік құралын сәйкестендіру мүмкін болмаған;
5) осы Заңның 72-бабында көрсетілген, көлік құралының таңбаланған сәйкестендіру белгісі бар конструкциясының құрамдас бөлігі ауыстырылған;
6) қолдан жасалған (жасанды) құжаттар ұсынылған;
2019.19.04. № 249-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 7) тармақша өзгертілді
7) көлік құралы іздестіруде болған;
8) 2019.19.04. № 249-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 9) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
9) М1 санатындағы көлік құралының шанағы ауыстырылған жағдайда тыйым салынады.
68-бап. Көлік құралын мемлекеттік тіркеуден немесе көлік құралының тіркеу деректерін өзгертуден бас тарту
1. Көлік құралын мемлекеттік тіркеуден немесе көлік құралының тіркеу деректерін өзгертуден бас тартуға:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тағайындалған (енгізілген) тіркеу әрекеттерін жасауға тыйым салулардың және шектеулердің болуы;
2) көлік құралы меншік иесінің мүдделерін білдіруге өкілеттігі жоқ адамның көлік құралдарын тіркеу органына өтініш жасауы;
3) тіркеу әрекеттерін жүргізу үшін қажетті құжаттарды ұсынбау немесе толық емес көлемде ұсыну, сондай-ақ оқылмайтын, қарындашпен жазылған, тазартулары, қосып жазылғандары, сызып тасталған сөздері, сондай-ақ келісілмеген түзетулері бар құжаттарды ұсыну;
4) көлік құралын ұсыну міндетті болатын жағдайларда оны ұсынбау;
5) ұсынылған көлік құралдарын мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыруға уәкілетті емес көлік құралдарын тіркеу органына өтініш жасау;
6) көлік құралы конструкциясының немесе оған енгізілген өзгерістердің Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасының талаптарына немесе ұсынылған құжаттарда көрсетілген мәліметтерге сәйкес келмеуі;
2015.02.08. № 343-V ҚР Заңымен 6-1) тармақшамен толықтырылды (ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді); 2020.13.05. № 325-VІ ҚР Заңымен 6-1) тармақша жаңа редакцияда (2020 ж. 15 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6-1) сот шешімі бойынша тәркіленген және (немесе) өндіріп алынған көлік құралын қоспағанда, жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне және (немесе) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес енгізілген тұлғаның көлік құралдарын тіркеу органына өтініш жасауы;
7) көлік құралы салығы бойынша орындалмаған салықтық міндеттеменің болуы негіздер болып табылады.
2. Тіркеу әрекеттерін жүргізуден бас тартылғаны туралы көлік құралының иесі себептер негізделе отырып, тиісті түрде (жазбаша, электрондық почтамен) хабардар етілуге тиіс.
3. Көлік құралын тіркеуден немесе көлік құралының тіркеу деректерін өзгертуден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
69-бап. Көлік құралын мемлекеттік тіркеуді тоқтату
1. Көлік құралын мемлекеттік тіркеу көлік құралының жоғалуына, оны иеліктен шығарып басқа адамға беруге, сондай-ақ кәдеге жаратудың немесе Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты болуға әкетудің алдында оны тіркеу есебінен шығаруға байланысты немесе өзге де мән-жайларға сәйкес иесінің өтініші бойынша тоқтатылады.
2. Көлік құралын тіркеуден бас тарту үшін осы Заңның 67-бабы 2-тармағының 4), 5) және 6) тармақшаларында көзделген негіздер анықталған кезде көлік құралын мемлекеттік тіркеу тоқтатылады.
70-бап. Көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу туралы құжат, мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісі
1. Тіркелген көлік құралының иесіне көлік құралының мемлекеттік тіркелгенін растайтын тіркеу құжаты және мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісі беріледі.
Тіркеу құжаты көлік құралын басқаратын адамда болуға тиіс.
2. Тіркеу құжатының бланкілеріне қойылатын талаптарды, сондай-ақ оларды дайындау, сақтау және есепке алу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
3. Мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісін беру және оны жасау уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
71-бап. Көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу кезінде иелерінің жауаптылығы
Көлік құралдарының иелері көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу, көлік құралдарының тіркеу деректерін өзгерту жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.