Қазақстан Республикасының
Заңы
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы
(2021.08.06. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2021 жылғы 29 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда қамтылатын кейбір ұғымдарды түсіндіру
2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
3-бап. Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы
4-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі қағидаттары
5-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың мақсаты мен міндеттері
2-тарау. СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ШАРАЛАРЫ
6-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының жүйесі
7-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг
8-бап. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау
10-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар
11-бап. Қаржылық бақылау шаралары
12-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер
13-бап. Мемлекеттiк функцияларды орындаумен сыйыспайтын қызмет
14-бап. Жақын туыстардың, ерлі-зайыптылардың немесе жекжаттардың бiрге қызмет (жұмыс) iстеуiне жол бермеу
14-1-бап. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде орналасқан шетелдік банктерде шоттарды (салымдарды) ашуға, иеленуге, қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтауға жол бермеу
15-бап. Мүдделер қақтығысы
16-бап. Кәсіпкерлік саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары
17-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндама
3-тарау. СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ СУБЪЕКТІЛЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ӨКІЛЕТТІКТЕРІ
18-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілері
19-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлері
20-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның құзыреті
21-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның өкілеттіктері
22-бап. Мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі лауазымды адамдардың өкілеттіктері
23-бап. Жұртшылықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысуы
24-бап. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабарлау
4-тарау. СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАРДЫҢ САЛДАРЛАРЫН ЖОЮ
25-бап. Заңсыз алынған мүлікті немесе заңсыз көрсетілген қызметтердің құнын өндіріп алу (қайтару)
26-бап. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар нәтижесінде жасалған мәмілелердің, шарттардың, актілердің және әрекеттердің жарамсыздығы
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
26-1-бап. Өтпелі ережелер
27-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға бағытталған.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда қамтылатын кейбір ұғымдарды түсіндіру
Осы Заңда қамтылатын ұғымдар мынадай мағынада қолданылады:
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) әкімшілік-шаруашылық функциялар - ұйымның балансындағы мүлікті басқаруға және оған билік етуге Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен берілген құқық;
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам - мемлекеттік функцияларды және мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін тікелей орындау үшін Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының конституциялық және өзге де заңдарында белгіленген лауазымды атқаратын адам, оның ішінде Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты, судья, сол сияқты Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік саяси лауазымды не «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымын атқаратын адам;
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) лауазымды адам - тұрақты, уақытша немесе арнаулы өкілеттік бойынша билік өкілінің функцияларын жүзеге асыратын не мемлекеттік органдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды орындайтын адам;
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды
2-1) мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде басқарушылық функцияларды орындайтын адам - көрсетілген ұйымдарда ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды тұрақты, уақытша не арнаулы өкілеттік бойынша орындайтын адам;
3) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам - Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңдарына сәйкес мемлекеттік қызметші, мәслихат депутаты, сондай-ақ мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді мемлекеттік қызметке тағайындалғанға дейін уақытша орындайтын адам;
2019.19.04. № 249-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2020.06.10. № 365-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4) тармақша өзгертілді
4) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адам - жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына сайланған адам; Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Президенттiгiне, Қазақстан Республикасы Парламентiнің немесе мәслихаттардың депутаттығына, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергiлiктi өзiн-өзi басқару сайланбалы органының мүшелігіне кандидаттар ретiнде тiркелген азамат; жергiлiктi өзiн-өзi басқару органында тұрақты немесе уақытша жұмыс iстейтiн, еңбегiне ақы төлеу Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бюджет қаражатынан жүргізілетін қызметшi; мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде басқарушылық функцияларды орындайтын адам, сондай-ақ сатып алуды, оның ішінде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу бойынша шешімдер қабылдауға уәкілеттік берілген не мемлекеттік бюджеттің және Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатынан қаржыландырылатын жобаларды іріктеу мен іске асыруға жауапты, көрсетілген ұйымдарда дербес құрылымдық бөлімшенің басшысынан төмен емес лауазымды атқаратын адам, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі мен оның ведомстволарының қызметшілері, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның қызметшілері; Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс істейтін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның қызметшілері, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның қызметшілері;
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) мүдделер қақтығысы - жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың, лауазымды адамдардың жеке мүдделері мен олардың лауазымдық өкілеттіктері арасындағы қайшылық, мұндай жағдайда аталған адамдардың жеке мүдделері олардың өз лауазымдық міндеттерін орындамауына және (немесе) тиісінше орындамауына алып келуі мүмкін;
6) сыбайлас жемқорлық - жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестiрiлген адамдардың, лауазымды адамдардың өздерінің лауазымдық (қызметтік) өкiлеттiктерін және соған байланысты мүмкiндiктерiн жеке өзi немесе делдалдар арқылы жеке өзіне не үшінші тұлғаларға мүлiктiк (мүліктік емес) игiлiктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында заңсыз пайдалануы, сол сияқты игiлiктер мен артықшылықтарды беру арқылы осы адамдарды параға сатып алу;
7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат - сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, қоғамның мемлекеттік органдар қызметіне сенімін арттыруға бағытталған құқықтық, әкімшілік және ұйымдастырушылық шаралар және осы Заңға сәйкес өзге де шаралар;
8) сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер - осы Заңда белгіленген және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шектеулер;
9) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл - сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің өз өкілеттіктері шегіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оның ішінде қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою жөніндегі, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру және олардың салдарларын жою жөніндегі қызметі;
2016.06.04. № 484-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.06.10. № 365-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 10) тармақша жаңа редакцияда
10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын қалыптастыру мен іске асыруды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында үйлестіруді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуды, анықтауды, жолын кесуді, ашуды және тергеп-тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган және оның аумақтық бөлімшелері;
11) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық - бұл үшін заңда әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық белгіленген, сыбайлас жемқорлық белгілері бар құқыққа қайшы, кінәлі түрдегі іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік);
12) сыбайлас жемқорлық тәуекелі - сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайлардың туындау мүмкіндігі;
13) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу - сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің алдын алу шаралары жүйесін әзірлеу және енгізу арқылы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды зерделеу, анықтау, шектеу және жою жөніндегі қызметі;
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 14) тармақшамен толықтырылды
14) ұйымдастырушылық-өкімдік функциялар - қызмет бойынша бағынысты адамдардың орындауы үшін міндетті бұйрықтар мен өкімдерді шығаруға, сондай-ақ бағынысты адамдарға қатысты көтермелеу шаралары мен тәртіптік жазалар қолдануға Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен берілген құқық.
2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында жеке және заңды тұлғаларға қатысты қолданылады. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде осы Заң Қазақстан Республикасының азаматтары мен Қазақстан Республикасында тіркелген заңды тұлғаларға қатысты қолданылады.
2. Сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық пен жаза - Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде, әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылық пен жаза - Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген.
3-бап. Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзге де қағидалар белгіленген болса, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
4-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі қағидаттары
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл:
1) заңдылық;
2) адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау басымдығы;
3) жариялылық пен ашықтық;
4) мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимыл жасауы;
5) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жүйелі және кешенді пайдалану;
6) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын басым қолдану;
7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін адамдарды көтермелеу;
8) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін жазаның бұлтартпастығы қағидаттары негізінде жүзеге асырылады.
5-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың мақсаты мен міндеттері
1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың мақсаты қоғамда сыбайлас жемқорлықты жою болып табылады.
2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мақсатына қол жеткізу мынадай:
1) қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбестік ахуалын қалыптастыру;
2) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін жағдайлар мен себептерді анықтау және олардың салдарларын жою;
3) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің өзара іс-қимылын нығайту;
4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық ынтымақтастықты дамыту;
5) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру міндеттерін шешу арқылы іске асырылады.
2-тарау. СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ШАРАЛАРЫ
6-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының жүйесі
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының жүйесі:
1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингті;
2) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдауды;
3) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды;
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
3-1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізуді;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заңдық сараптама жүргізу кезінде сыбайлас жемқорлық сипаты бар нормаларды анықтауды;
5) сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды қалыптастыруды және сақтауды;
6) қаржылық бақылауды;
7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді;
8) мүдделер қақтығысын болғызбауды және шешуді;
9) кәсіпкерлік саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын;
10) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтауды, жолын кесуді, ашуды және тергеп-тексеруді;
11) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабарлауды;
12) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың салдарларын жоюды;
13) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндаманы қалыптастыруды және жариялауды қамтиды.
7-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг
1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг - сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігіне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы құқық қолдану практикасының жай-күйіне, сондай-ақ қоғамның сыбайлас жемқорлық деңгейін қабылдауы мен бағалауына қатысты ақпаратты жинау, өңдеу, жинақтап-қорыту, талдау және бағалау жөніндегі қызметі.
2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің мақсаты - сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы құқық қолдану практикасын бағалау болып табылады.
3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің дереккөздері - құқықтық статистика мен жеке және заңды тұлғалардың өтініштері, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың мәліметтері, әлеуметтік сұрау жүргізу деректері мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар, сондай-ақ заңмен тыйым салынбаған өзге де ақпарат көздері болып табылады.
4. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің нәтижелері сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізу, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған шараларды жетілдіру үшін негіз болып табылуы мүмкін.
5. Осы баптың ережелері арнаулы мемлекеттік органдардың қызметіне қолданылмайды.
8-бап. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау
1. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау (ішкі және сыртқы) - сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және зерделеу.
2017.03.07. № 86-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдауды Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша айқындайтын тәртіппен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган мынадай бағыттар:
1) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;
2) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ұйымдық-басқарушылық қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бойынша жүзеге асырады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізуге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілерінің мамандарын және (немесе) сарапшыларын тартуға құқылы.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша мемлекеттік органдар, ұйымдар және квазимемлекеттік сектор субъектілері сыбайлас жемқорлықтың туындау себептері мен жағдайларын жою жөнінде шаралар қабылдайды.
3. Осы баптың 2-тармағының күші мына салалардағы қатынастарға:
1) прокуратура жүзеге асыратын жоғары қадағалауға;
2) қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуге;
3) әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізуге;
4) сот төрелігіне;
5) жедел-іздестіру қызметіне;
6) қылмыстық-атқару қызметіне;
7) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасының талаптарының сақталуын бақылауға қолданылмайды.
4. Осы баптың 2-тармағының ережелері арнаулы мемлекеттік органдардың қызметіне қолданылмайды.
5. Мемлекеттік органдар, ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдауды жүзеге асырады, оның нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөнінде шаралар қабылдайды.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік тәртібін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
9-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру
1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру - сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті көрсететін құндылықтар жүйесін сақтау және нығайту бойынша өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын қызметі.
2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру білім беру, ақпараттық және ұйымдастырушылық сипаттағы шаралар кешені арқылы жүзеге асырылады.
3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру - тұлғаның адамгершілік, зияткерлік, мәдени тұрғыдан дамуы және сыбайлас жемқорлықты қабылдамаудағы белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылатын, тәрбиелеу мен оқытудың үздіксіз процесі.
4. Ақпараттық және ұйымдастырушылық қызмет бұқаралық ақпарат құралдарында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, әлеуметтік маңызды іс-шараларды, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де шараларды ұйымдастыру арқылы іске асырылады.
10-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар
1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар - қоғамдық қатынастардың оқшауланған саласы үшін белгіленген, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған ұсынымдар жүйесі.
2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды жұртшылықтың қатысуымен мемлекеттік органдар, ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері әзірлейді және олар заңнаманы әзірлеу кезінде және құқық қолдану практикасында ескеріледі.
11-бап 2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
2016 ж. 1 қаңтардан бастап 2021 ж. 1 қаңтарға дейін 11-бап осы Заңның 27-бабының 3-тармағының редакциясында қолданылды
11-бап. Қаржылық бақылау шаралары
1. Қаржылық бақылау шараларын жүзеге асыру мақсатында осы бапта айқындалған адамдар жеке тұлғалардың мынадай декларацияларын:
1) активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны;
2) кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынады.
2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны:
1) Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің және мәслихаттардың депутаттығына, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару сайланбалы органдарына мүшелікке кандидаттар және олардың жұбайлары (зайыптары) - кандидат ретінде тіркелгенге дейін;
2) осы тармақтың 1) тармақшасында аталған адамдарды қоспағанда, мемлекеттік лауазымға не мемлекеттік немесе соларға теңестірілген функцияларды орындауға байланысты лауазымға кандидаттар болып табылатын адамдар және олардың жұбайлары (зайыптары) - лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды адамның (органның) лауазымға тағайындау туралы актісі шығарылғанға дейін (декларация тапсыру айының бірінші күніндегі жағдай бойынша) тапсырады.
3. Кірістері мен мүлкі туралы декларацияны:
1) жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары);
2) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары);
3) лауазымды адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары);
4) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары) ұсынады.
4. Есепті күнтізбелік жыл ішінде Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған мүлікті сатып алған жағдайда, осы баптың 3-тармағында аталған адамдар кірістері мен мүлкі туралы декларацияда көрсетілген мүлікті сатып алуға жұмсалған шығыстарды жабу көздері туралы мәліметтерді көрсетеді.
5. Активтері мен міндеттемелері туралы декларация Қазақстан Республикасының салық заңнамасының сәйкес жасалады және Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған нысан бойынша және тәртіппен ұсынылады.
6. Кірістері мен мүлкі туралы декларация Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жасалады және Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған нысан бойынша, тәртіппен және мерзімдерде ұсынылады.
7. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында аталған жеке тұлғалардың активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны немесе кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынуы туралы мәлімет салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсына Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен орналастырылады.
2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
8. Мыналардың:
осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында аталған адамдардың активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны және (немесе) кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынбауы немесе осындай декларацияларда толық емес, анық емес мәліметтерді ұсынуы, егер істелген әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса - тіркеуден бас тарту немесе тіркеу туралы шешімдердің күшін жою үшін негіз болып табылады;
осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында аталған адамдардың активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны және (немесе) кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынбауы немесе осындай декларацияларда толық емес, анық емес мәліметтерді ұсынуы, егер істелген әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса - адамға тиісті өкілеттіктер беруден бас тарту үшін негіз болып табылады.
осы баптың 3-тармағында аталған адамдардың активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны және (немесе) кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынбауы немесе осындай декларацияларда толық емес, анық емес мәліметтерді ұсынуы, егер істелген әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса - Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.