3) мынадай мазмұндағы 3-1-тараумен толықтырылсын:
«3-1-тарау. Ұлттық алдын алу тетiгi
11-1-бап. Ұлттық алдын алу тетігі
1. Ұлттық алдын алу тетiгi ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының қызметі арқылы жұмыс істейтін, азаптаудың және қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерiнiң алдын алу жүйесі түрінде қолданылады.
2. Ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушылары өз қызметі шеңберінде арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсынатын субъектілерге және осы қатысушылардың баруы (бұдан әрі - алдын ала бару) үшін Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалатын өзге де ұйымдарға барады.
3. Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл, сондай-ақ Үйлестіру кеңесі іріктейтін, азаматтардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын қоғамдық байқау комиссияларының және қоғамдық бiрлестiктердiң мүшелерi, заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер, дәрігерлер ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушылары болып табылады.
4. Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының қызметін үйлестіреді, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының қажетті әлеуеті мен кәсіптік білімін қамтамасыз ету үшін шаралар қолданады.
5. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала бару жөніндегі шығыстарын өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.
11-2-бап. Үйлестіру кеңесі
1. Ұлттық алдын алу тетiгiнің қызметін тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету мақсатында Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдің жанынан Үйлестіру кеңесі құрылады.
Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлді қоспағанда, Үйлестіру кеңесінің мүшелерін Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл құратын комиссия Қазақстан Республикасының азаматтары қатарынан сайлайды.
2. Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл:
Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдің жанындағы Үйлестіру кеңесі туралы ережені;
ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушыларын іріктеу тәртібін;
алдын ала бару үшін ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушыларынан топтар құру тәртібін;
алдын ала бару жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды;
алдын ала бару қорытындысы бойынша жыл сайынғы жинақталған баяндаманы дайындау тәртібін бекітеді.
3. Үйлестіру кеңесі Біріккен Ұлттар Ұйымы Азаптауға қарсы комитетінің Азаптаудың және қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу жөніндегі кіші комитетімен өзара іс-қимыл жасайды.
11-3-бап. Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларына қойылатын талаптар
1. Мыналар:
1) заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған соттылығы бар;
2) қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деген күдікті немесе айыпталушы;
3) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған;
4) судьялар, адвокаттар, мемлекеттік қызметшілер және әскери қызметшілер, сондай-ақ құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері;
5) психиатрда және (немесе) наркологта есепте тұрған адамдар ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары бола алмайды.
2. Қасақана қылмыс жасағаны үшін ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған; теріс себептер бойынша мемлекеттік немесе әскери қызметтен, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарынан, соттардан босатылған немесе адвокаттар алқасынан шығарылған; адвокаттық қызметпен айналысуға берілген лицензиядан айырылған адамдар да ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары бола алмайды.
11-4-бап. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының құқықтары
1. Ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушысы:
1) алдын ала баруға жататын ұйымдарда ұсталатын адамдардың саны, осындай ұйымдардың саны және олардың орналасқан жері туралы ақпарат алуға;
2) алдын ала баруға жататын ұйымдарда ұсталатын адамдармен қарым-қатынас жасауға, сондай-ақ оларды ұстау жағдайларына қатысты ақпаратқа қол жеткізе алуға;
3) құрылған топтардың құрамында белгіленген тәртіппен алдын ала баруды жүзеге асыруға;
4) алдын ала баруға жататын ұйымдарда ұсталатын адамдармен және (немесе) олардың заңды өкілдерімен куәларсыз, жеке немесе қажет болған кезде аудармашы арқылы, сондай-ақ ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының пiкiрi бойынша тиiстi ақпарат бере алатын кез келген басқа адаммен әңгімелесу жүргізуге;
5) алдын ала баруға жататын ұйымдарды кедергісіз таңдауға және оларға баруға;
6) азаптаудың және қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерінің қолданылғаны туралы хабарлар мен шағымдарды қабылдауға құқылы.
2. Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушысы заңды қызметін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз болып табылады.
11-5-бап. Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының міндеттері
1. Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары өз өкілеттіктерін орындау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға міндетті.
2. Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының алдын ала баруға жататын ұйымдардың қызметіне араласуына жол берілмейді.
3. Алдын ала бару жөніндегі топқа кіретін ұлттық алдын алу тетігі қатысушысының бейтараптығына күмән туғызатын мән-жайлар болған кезде ол алдын ала баруға қатысудан бас тартуға міндетті.
4. Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары азаптаудың және қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерінің қолданылғаны туралы қабылданатын хабарлар мен шағымдарды Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл айқындайтын тәртіппен тіркеуге міндетті.
Қабылданған хабарлар мен шағымдар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдің қарауына беріледі.
Қабылданған және берілген хабарлар мен шағымдар туралы ақпарат алдын ала бару нәтижелері жөніндегі есепке енгізіледі.
5. Осы Заңның ережелерін бұзған ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
11-6-бап. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының өкілеттіктерін тоқтату
Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының өкілеттіктері:
1) осы Заңның ережелері бұзылған;
2) өз өкілеттіктерін доғару туралы жазбаша өтініші;
3) ол қайтыс болған не оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген;
4) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;
5) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан;
6) соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайлар басталған кезде тоқтатылады.
11-7-бап. Алдын ала барудың түрлері мен кезеңділігі
1. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала баруы былайша бөлінеді:
1) төрт жылда кемінде бір рет тұрақты негізде жүргізілетін кезеңдік алдын ала бару;
2) алдыңғы кезеңдік алдын ала бару нәтижелері бойынша ұсынымдардың іске асырылуына мониторинг жүргізу, сондай-ақ алдын ала баруға жататын ұйымдардың әкімшіліктері тарапынан ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушылары әңгімелесу жүргізген адамдарды қудалаудың алдын алу мақсатында, кезеңдік алдын ала бару аралығындағы кезеңде жүргізілетін аралық алдын ала бару;
3) азаптаудың және қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерінің қолданылғаны туралы келіп түскен хабарлардың негізінде жүргізілетін арнаулы алдын ала бару.
2. Үйлестіру кеңесі бөлінген бюджет қаражаты шегінде алдын ала бару мерзімдері мен және алдын ала баруға жататын ұйымдардың тізбесін айқындайды.
11-8-бап. Алдын ала бару тәртібі
1. Алдын ала баруды Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін қағидаларға сәйкес Үйлестіру кеңесі ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларынан құратын топтар жүргізеді.
2. Алдын ала бару үшін топтарды құру кезінде ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының ешқайсысын тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша қандай да бір кемсітушілікке ұшыратуға болмайды.
3. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету алдын ала баруға жататын ұйымдардың әкімшілігіне жүктеледі. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының құқыққа сыйымсыз әрекеттері орын алған жағдайда, алдын ала баруға жататын ұйымдар әкімшілігінің басшысы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жазбаша хабар береді.
4. Әрбір алдын ала барудың нәтижелері бойынша топтың атынан Үйлестіру кеңесі бекіткен нысан бойынша жазбаша есеп жасалады, оған алдын ала баруды жүзеге асырған топтың барлық мүшелері қол қояды. Ерекше пікірі бар топ мүшесі оны жазбаша түрде ресімдейді және есепке қоса береді.
11-9-бап. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасы
1. Үйлестіру кеңесі ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасын олардың алдын ала бару нәтижелері бойынша есептерін ескере отырып дайындайды.
2. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасында:
уәкілетті мемлекеттік органдарға алдын ала баруға жататын ұйымдарда ұсталатын адамдармен қарым-қатынас жағдайларын жақсарту және азаптаудың және қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу бойынша ұсынымдар;
Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөніндегі ұсыныстар да қамтылады.
Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасына өткен жылғы алдын ала бару жөніндегі қаржылық есеп қоса беріледі.
3. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасы қарау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберіледі және оны Үйлестіру кеңесі бекіткен күннен бастап бір айдан кешіктірілмейтін мерзімде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің интернет-ресурсында орналастырылады.
11-10-бап. Құпиялылық
1. Ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушылары алдын ала бару барысында өздеріне белгілі болған адамның жеке өмірі туралы мәліметтерді осы адамның келісімінсіз жария етуге құқылы емес.
2. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала бару барысында өздеріне белгілі болған адамның жеке өмірі туралы мәліметтерді осы адамның келісімінсіз жария етуі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
11-11-бап. Уәкілетті мемлекеттік органдардың ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларымен өзара іс-қимылы
1. Мемлекеттік органдар және олардың лауазымды адамдары ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларына олардың заңды қызметін жүзеге асыруына жәрдем көрсетеді.
Бірде-бір мемлекеттік орган немесе лауазымды адам азаптаудың және қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерiнің қолданылу фактілері туралы ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларына хабарлағаны үшін азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге құқылы емес.
Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының заңды қызметіне кедергі келтіретін лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
2. Уәкілетті мемлекеттік органдар ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасын алған күннен бастап үш ай ішінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілге алынған баяндамаларды қарау нәтижелері бойынша қолданылған шаралар туралы жазбаша нысанда хабар береді.
3. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының алдын ала бару нәтижелері бойынша есептері негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзған лауазымды адамға қатысты тәртіптік немесе әкімшілік іс жүргізуді не қылмыстық істі қозғау туралы өтінішхатпен жүгінуге құқығы бар.»;
4) 16-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:
«4-1) құқық қорғау органдарына халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарында қылмыстық не әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар әрекеттерді (әрекетсіздікті) кәмелетке толмағандардың жасау немесе оларға қатысты жасалу фактілері туралы, сондай-ақ халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарынан тыс жерде кәсіптік қызметіне байланысты өзіне белгілі болған фактілер туралы дереу хабарлауға;».
12. «Дене шынықтыру және спорт туралы» 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2014 ж., № 14, 85-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; 2015 ж., № 10, 50-құжат; № 20-ІV, 113-құжат; № 22-I, 140-құжат; 2016 ж., № 2, 9-құжат; 2017 ж., № 10, 23-құжат; № 16, 56-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат; № 24, 93-құжат):
7-бап мынадай мазмұндағы 50-1) және 50-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«50-1) жеңімпаздарына дене шынықтыру және спорт мамандықтары бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында экстернат нысанында оқуға рұқсат етілетін халықаралық және республикалық спорттық жарыстардың тізбесін қалыптастырады және бекітеді;
50-2) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын, дене шынықтыру және спорт мамандықтары бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында экстернат нысанында оқуға рұқсат береді;».
2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2019 жылғы 1 сәуір
№ 240-VІ