14) «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен осындай міндет жүктелген адамдар тапсыру күні мен салық органының кодын көрсете отырып, тапсырған кірістер мен мүлік туралы декларациялар туралы мәліметтер бөлігінде уәкілетті мемлекеттік органдарға ұсынады.
Көрсетілген мәліметтерді ұсыну тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
4. Салық органдары «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жария етуді жүргізу процесінде алған салық төлеуші туралы мәліметтер мен ақпаратқа осы баптың 3-тармағының нормалары қолданылмайды.
5. Салықтық құпияға қол жеткізе алатын адамдар өздерінің міндеттерін атқару кезеңінде де, сондай-ақ оларды атқаруды аяқтағаннан кейін де салықтық құпияны жария етпеуге тиіс.
6. Салықтық құпияны құрайтын мәліметтері бар құжаттарды жоғалту не осындай мәліметтерді жария ету Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
2018.05.10. № 184-VІ ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Мыналар:
1) электрондық ақпараттық ресурстың резервтік көшірмесін электрондық ақпараттық ресурстарды резервтік сақтаудың бірыңғай платформасына сақтауға беру салықтық құпияны жария ету болып табылмайды.
Бұл ретте сақтауға берілген мұндай деректерді пайдалануды уәкілетті орган ғана жүзеге асырады.
Электрондық ақпараттық ресурстың резервтік көшірмесін беру және сақтау уәкілетті органмен келісу бойынша ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы және ұлттық қауіпсіздік жөніндегі уәкілетті органдар айқындайтын тәртіпке және мерзімдерге сәйкес жүзеге асырылады;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өндірушілердің (импорттаушылардың) қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды, пайдалануды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастырғаны үшін төлемақыны есептеуінің дұрыстығын, аударуының толықтығын және уақтылығын бақылауды жүзеге асыру үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық мемлекеттік орган алған мәліметтерді беру салықтық құпияны жария ету болып табылмайды.
2-БӨЛІМ. САЛЫҚТЫҚ МІНДЕТТЕМЕ
4-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
31-бап. Салықтық міндеттеме
1. Салық төлеушінің Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мемлекет алдында туындайтын міндеттемесі салықтық міндеттеме деп танылады, соған орай салық төлеуші осы Кодекстің 36-бабының 2-тармағында көрсетілген әрекеттерді жасауға міндетті.
2. Мемлекеттің салық органы арқылы салық төлеушіден (салық агентінен) салықтық міндеттемесін толық көлемде орындауды талап етуге, ал салықтық міндеттеме орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда, осы Кодексте айқындалған тәртіппен оны қамтамасыз ету жөніндегі тәсілдерді және мәжбүрлеп орындату шараларын қолдануға құқығы бар.
32-бап. Салық салу объектісі және (немесе) салық салуға байланысты объект
Мүлік пен әрекеттер салық салу объектісі және (немесе) салық салуға байланысты объект болып табылады, олардың болуына байланысты және (немесе) солардың негізінде салық төлеушінің салықтық міндеттемесі туындайды.
33-бап. Салықтық база
Салықтық база салық салу объектісінің құндық, физикалық немесе өзге де сипаттамаларын білдіреді, олардың негізінде салықтардың және бюджетке төленуге жататын төлемдердің сомасы айқындалады.
34-бап. Салықтық мөлшерлеме
1. Салықтық мөлшерлеме салық салу объектісінің немесе салықтық базаның өлшем бірлігіне салықты және бюджетке төленетін төлемді есептеу бойынша салықтық міндеттеменің шамасын білдіреді.
2. Салықтық мөлшерлеме салық салу объектісінің немесе салықтық базаның өлшем бірлігіне пайыздармен немесе абсолюттік сомамен белгіленеді.
35-бап. Салықтық кезең
Салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің жекелеген түрлеріне қатысты белгіленген уақыт кезеңі салықтық кезең деп түсініледі, ол аяқталған соң салық салу объектісі, салықтық база айқындалады, салықтардың және бюджетке төленуге жататын төлемдердің сомасы есептеледі.
5-тарау. САЛЫҚТЫҚ МІНДЕТТЕМЕНІ ОРЫНДАУ
36-бап. Салықтық міндеттемені орындау
1. Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, салық төлеуші салықтық міндеттемені орындауды өз бетінше жүзеге асырады.
2. Салық төлеуші салықтық міндеттемені орындау үшін мынадай әрекеттер жасайды:
1) салық органында тіркеу есебіне тұрады;
2) салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді есепке алуды жүргізеді;
3) салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді, салықтық база мен салықтық мөлшерлемелерді негізге ала отырып, салықтардың және бюджетке төленуге жататын төлемдердің, сондай-ақ осы Кодекстің Ерекше бөлігіне сәйкес олар бойынша аванстық және ағымдағы төлемдердің сомасын есептейді;
4) салықтық тіркелімдерді қоспағанда, салықтық нысандарды және осы Кодексте белгіленген өзге де нысандарды жасайды және белгіленген тәртіппен салық органдарына ұсынады;
5) салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің есептелген және есепке жазылған сомасын, осы Кодекстің Ерекше бөлігіне сәйкес салықтар және бюджетке төленетін төлемдер бойынша аванстық және ағымдағы төлемдерді төлейді.
3. Салық төлеуші салықтық міндеттемені Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде орындауға тиіс.
Осы Кодекстің Ерекше бөлігінде көзделген жағдайларда, салықтық міндеттемені салық төлеуші-жеке тұлға жалпы сомасы салықтың есептелген сомасынан аз болмайтын бірнеше төлемдерді салықтық кезең ішінде енгізу жолымен орындауы мүмкін.
4. Салық төлеушінің салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді төлеу жөніндегі салықтық міндеттемесі, сондай-ақ қолма-қол емес нысанда орындалатын өсімпұл мен айыппұлдарды төлеу жөніндегі міндеттемесі салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің, өсімпұл мен айыппұлдардың сомасына төлем тапсырмасын екінші деңгейдегі банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым орындауға алған күннен бастап немесе банкоматтар немесе электрондық терминалдар арқылы төлемді жүзеге асырған күннен бастап, ал қолма-қол нысанда - салық төлеуші көрсетілген сомаларды екінші деңгейдегі банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға, уәкілетті мемлекеттік органға, жергілікті атқарушы органға енгізген күннен бастап орындалған болып саналады.
5. Осы Кодексте белгіленген жағдайларда салық төлеушінің уәкілетті өкілі салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді төлеу, әлеуметтік аударымдарды аудару кезінде төлем құжаттарында ақшаны жөнелтуші салық төлеушінің тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) немесе атауын және оның сәйкестендіру нөмірін көрсетеді.
6. Салық агенті орындайтын, салық төлеушінің салық төлеу жөніндегі салықтық міндеттемесі салық ұсталған күннен бастап орындалған болып саналады.
7. Салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді төлеу жөніндегі салықтық міндеттеме, сондай-ақ өсімпұл мен айыппұлдарды төлеу жөніндегі міндеттеме осы Кодекстің 102-бабында айқындалған тәртіппен есепке жатқызуларды жүргізу жолымен орындалуы мүмкін.
8. Салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді төлеу жөніндегі салықтық міндеттеме, сондай-ақ өсімпұл мен айыппұлдарды төлеу жөніндегі міндеттеме осы Кодексте, «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Кодекстің 722-бабында көрсетілген өнімді бөлу туралы келісімдерде (келісімшарттарда), Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта төлеудің заттай нысаны немесе шетелдік валютамен төлеу көзделген жағдайларды қоспағанда, ұлттық валютамен орындалады.
37-бап. Салықтық міндеттемені орындау кезінде салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді есептеу ерекшеліктері
1. Төлем көзінен ұсталатын салықтардың сомасын есептеуді салық агенті жүзеге асырады.
2. Осы Кодекстің Ерекше бөлігінде өлігінде көзделген жағдайларда, салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің жекелеген түрлерінің сомасын есептеу жөніндегі міндет салық органына және уәкілетті мемлекеттік органдарға жүктелуі мүмкін.
38-бап. Салықтық міндеттемені орындау мерзімдері
1. Салықтық міндеттемені орындау мерзімдері осы Кодексте белгіленеді.
2. Мерзімнің өтуі салықтық міндеттемені орындау мерзімінің басталуы айқындалған нақты оқиға немесе заңды әрекет орын алған күннен кейінгі күннен басталады.
Мерзім салықтық кезеңнің соңғы күнінің соңында аяқталады. Егер мерзімнің соңғы күні жұмыс күні болмаса, онда мерзім келесі жұмыс күнінің соңында аяқталады.
3. Салық төлеуші (салық агенті) салықтық міндеттемені мерзімінен бұрын орындауға құқылы.
Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, салық төлеуші (салық агенті) салықтық есептілікті ұсыну жөніндегі салықтық міндеттемені салықтық кезең аяқталғаннан кейін орындайды.
39-бап. Салықтық берешекті өтеу тәртібі
Салықтық берешекті өтеу мынадай тәртіппен жүргізіледі:
1) бересі сомасы;
2) есепке жазылған өсімпұл;
3) айыппұлдар сомасы.
40-бап. Мүлікті сенімгерлік басқаруға беру кезінде салықтық міндеттемені орындау
1. Осы Кодекстің мақсаттары үшін мүлікті сенімгерлік басқаруды құру нәтижесінде, оны жүзеге асыру және (немесе) тоқтату процесінде туындайтын салықтық міндеттеме сенімгерлік басқару жөніндегі қызмет бойынша салықтық міндеттеме деп түсініледі.
Сенімгерлік басқару жөніндегі қызмет бойынша корпоративтік және жеке табыс салықтары бойынша салықтық міндеттемені орындауды:
1) мүлікті сенімгерлік басқару шарты, мүлікті сенімгерлік басқаруды құру туралы акт бойынша сенімгерлік басқару құрылтайшысы немесе мүлікті сенімгерлік басқару туындайтын өзге де жағдайларда пайда алушы (бұдан әрі осы Кодекстің мәтіні бойынша - сенімгерлік басқару құрылтайшысы):
сенімгерлік басқаруға берілген қатысу үлесі және (немесе) акциялар;
мүлікті сенімгерлік басқаруды құру туралы акті бойынша сенімгерлік басқаруға берілген мүлік;
заңды тұлға, дара кәсіпкер сенімгерлік операциялар бойынша екінші деңгейдегі банктен алған кіріс;
егер сенімгерлік басқару құрылтайшысы осындай міндет жүктелген жеке тұлға болып табылса, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексiне және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес декларацияны жасау және тапсыру бойынша жүзеге асырады.
Осы Кодекстің мақсаттары үшін мүлікті сенімгерлік басқаруды құру туралы акт деп мүлікті сенімгерлік басқарудың туындауына негіз болатын, қызметін Қазақстан Республикасында жүзеге асырмайтын бейрезидент-жеке тұлға немесе бейрезидент-заңды тұлға сенімгерлік басқарушы болып табылатын құжат түсініледі;
2) өзге жағдайларда - сенімгерлік басқарушы жүзеге асырады. Бұл ретте дара кәсіпкерден басқа, жеке тұлғаның және тұрақты мекеме құрмай, қызметін Қазақстан Республикасында жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаның салық агенті болып табылатын екінші деңгейдегі банк жүзеге асыратын сенімгерлік операциялардан алған кірісі бойынша салықтық міндеттемені осындай екінші деңгейдегі банк салық агентінің міндеттерін атқару түрінде орындайды.
Сенімгерлік басқарушы мынадай:
егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүлікті сенімгерлік басқару құқығы мемлекеттік тіркеуге жататын болса - мұндай құқық мемлекеттік тіркелген;
егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сенімгерлік басқару құқығы мемлекеттік тіркеуге жатпайтын болса - мүлікті сенімгерлік басқару шарты немесе мүлікті сенімгерлік басқару туындайтын өзге де жағдайдың басталғанын растайтын құжат жасалған күннен бастап туындайтын салықтық міндеттемелерді орындайды.
2. Сенімгерлік басқару жөніндегі қызмет бойынша қосылған құн салығы бойынша туындайтын салықтық міндеттемені орындауды осы Кодекстің 10-бөлімі мен 82 және 83-баптарында айқындалған тәртіппен сенімгерлік басқарушы жүзеге асырады.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілмеген салықтар және бюджетке төленетін төлемдер бойынша туындайтын салықтық міндеттемені орындауды, егер осы Кодекстің 41-бабында өзгеше белгіленбесе, осы Кодекске сәйкес осындай салықты, бюджетке төленетін төлемді төлеуші деп танылған тұлға жүзеге асырады.
4. Резидент болып табылатын сенімгерлік басқарушы - жеке тұлға, қатысу үлесі мен акциялар түрінде мүлікті сенімгерлік басқаруға алған жағдайлардан басқа, осы Кодекстің 79-бабында айқындалған тәртіппен дара кәсіпкер ретінде салық органында тіркеу есебіне тұруға тиіс.
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Осы Кодекстің осы бабының және 41 - 45-баптарының ережелері Қазақстан Республикасының инвестициялық және венчурлік қорлар туралы заңнамасына сәйкес инвестициялық қордың активтерін сенімгерлік басқаруды басқарушы компанияның құруы, жүзеге асыруы және (немесе) тоқтатуы нәтижесінде туындайтын салықтық міндеттемелерге қолданылмайды.
41-бабтың қолданысы 2018 ж. 1 қаңтардан бастап 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бап 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 6-1-бабының редакциясында қолданылды
41-бап. Мемлекеттік мекемелердің мүлікті сенімгерлік басқаруға беруі кезінде салықтық міндеттемені орындау ерекшеліктері
1. Мемлекеттік мекемелер мүлікті сенімгерлік басқаруға берген кезде, егер мүлікті сенімгерлік басқару шартында немесе мүлікті сенімгерлік басқаруды құру туралы актіде өзгеше белгіленбесе, мүлік салығы, жер салығы және көлік құралдары салығы бойынша салықтық міндеттемелер сенімгерлік басқарушының орындауына жатады.
2. Сенімгерлік басқарушы, егер мүлікті сенімгерлік басқару шартында немесе мүлікті сенімгерлік басқаруды құру туралы актіде өзгеше белгіленбесе, салықтарды есептеу және төлеу, салықтық есептілікті жасау және ұсыну бойынша салықтық міндеттемелерді:
егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сенімгерлік басқару құқығын мемлекеттік тіркеу талап етілетін болса - мұндай құқық мемлекеттік тіркелген;
егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сенімгерлік басқару құқығын мемлекеттік тіркеу талап етілмейтін болса - мүлікті сенімгерлік басқару шарты немесе мүлікті сенімгерлік басқаруды құру туралы акті жасалған күннен бастап орындайды.
3. Сенімгерлік басқарушы:
егер мүлікті сенімгерлік басқару шартында немесе мүлікті сенімгерлік басқаруды құру туралы актіде өзгеше белгіленбесе, салықтарды есептеу және төлеу, салықтық есептілікті жасау және ұсыну бойынша салықтық міндеттемені өз атынан, қатарына осындай сенімгерлік басқарушы жататын тұлғалар үшін осы Кодекстің Ерекше бөлігінде белгіленген мөлшерлемелер бойынша және тәртіппен орындайды;
мүлікті сенімгерлік басқаруға берген кезде салықтық міндеттемені орындау мақсатында осы Кодекстің 194-бабына сәйкес бөлек есепке алуды жүргізуге міндетті.
4. Егер мемлекеттік мекемелер мүлікті сенімгерлік басқаруға берген кезде мемлекеттік мекеменің мүлкі сенімгерлік басқарушыда халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес негізгі құралдар, жылжымайтын мүлікке инвестициялар құрамында есепке алынбайтын жағдайда, онда мұндай мүлікті қабылдап алу-беру актісінде мұндай мүліктің акт жасалған күнгі баланстық құны көрсетілуге тиіс.
42-бап. Корпоративтік және жеке табыс салықтары бойынша мүлікті сенімгерлік басқару нәтижесінде туындайтын кірістерді, шығындарды және мүлікті есепке алу жөніндегі жалпы ережелер
1. Осы Кодекстің мақсаттары үшін сенімгерлік басқарушы өз атынан және сенімгерлік басқару құрылтайшысының мүддесіне орай мүлікті сенімгерлік басқару жөніндегі міндеттерді жүзеге асыруы процесінде туындайтын, тиісінше:
алынуға жататын (алынған) кірістер;
өтелуі мүлікті сенімгерлік басқару шартында, мүлікті сенімгерлік басқаруды құру туралы актіде немесе мүлікті сенімгерлік басқару туындайтын өзге де жағдайларда көзделген төленуге жататын (жүргізілген) шығындар, оның ішінде сыйақы;
сенімгерлік басқарушы өз атынан және сенімгерлік басқару құрылтайшысының мүддесіне орай мүлікті сенімгерлік басқару жөніндегі міндеттерді жүзеге асыру процесінде сатып алған және (немесе) алған мүлік мүлікті сенімгерлік басқарудың кірістері, шығындары және мүлкі деп түсініледі.
2. Сенімгерлік басқарушы сенімгерлік басқару шарты жөніндегі қызмет бойынша корпоративтік және жеке табыс салықтары бойынша салықтық міндеттемені орындау мақсатында осы Кодекстің 194 және 195-баптарына сәйкес бөлек есепке алуды жүргізуге міндетті.
3. Сенімгерлік басқару құрылтайшысының мүлікті сенімгерлік басқарушыға беруі осы құрылтайшы үшін осындай мүлікті өткізу болып табылмайды және ол сенімгерлік басқарушының кірісі деп танылмайды.
4. Сенімгерлік басқарушының мүлікті сенімгерлік басқару шартының, мүлікті сенімгерлік басқаруды құру туралы актінің қолданылуы тоқтатылған кезде немесе мүлікті сенімгерлік басқару туындайтын өзге де жағдайларда сенімгерлік басқару құрылтайшысына мүлікті қайтаруы осы басқарушы үшін осындай мүлікті өткізу болып табылмайды және ол сенімгерлік басқару құрылтайшысының кірісі (залалы) деп танылмайды.
5. Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген сенімгерлік басқарушының өз қызметі туралы есебі негізінде айқындалатын салықтық кезеңдегі сенімгерлік басқарудың кірістері мен шығындары арасындағы оң айырма сенімгерлік басқару құрылтайшысының сенімгерлік басқаруынан түсетін таза кірісі болып табылады.
6. Осы Кодекстің 40-бабының 1-тармағына сәйкес сенімгерлік басқарушы мүлікті сенімгерлік басқару жөніндегі қызмет бойынша корпоративтік және жеке табыс салықтары бойынша салықтық міндеттемелерді орындауды жүзеге асырған жағдайларда, сенімгерлік басқару құрылтайшысы мүлікті сенімгерлік басқару шартында немесе мүлікті сенімгерлік басқару туындайтын өзге де жағдайларда көзделген және сенімгерлік басқарушыға төленетін сыйақы сомасын шегерімдерге жатқызуға құқылы емес.
43-бап. Корпоративтік және жеке табыс салықтары бойынша салықтық міндеттемені орындайтын сенімгерлік басқарушыны салықтық есепке алу ерекшеліктері
1. Осы Кодекстің 40-бабына сәйкес сенімгерлік басқарушы сенімгерлік басқару жөніндегі қызмет бойынша корпоративтік және жеке табыс салықтары бойынша салықтық міндеттемені орындауды жүзеге асырған жағдайда, мүлікті сенімгерлік басқарудың кірістері, шығындары және мүлкі салықтық есепке алу мақсаттары үшін сенімгерлік басқарушының кірістері, шығындары және мүлкі болып табылады.
Мүлікті сенімгерлік басқару шартында немесе мүлікті сенімгерлік басқару туындайтын өзге де жағдайларда көзделген сыйақы сенімгерлік басқарушының мүлікті сенімгерлік басқарудың кірістерінен бөлек есептелетін жылдық жиынтық кірісіне қосылады.
Сенімгерлік басқарушы сенімгерлік басқару жөніндегі қызмет бойынша салық салу объектісін айқындаған кезде мүлікті сенімгерлік басқарудың кірістерінен бөлек есептелетін өзінің жылдық жиынтық кірісіне қосылған сыйақының сомасын шегерімдерге жатқызады.
2. Сенімгерлік басқарушы сенімгерлік басқару құрылтайшысының мүддесіне орай жүзеге асырылатын қызметті қоса алғанда, тұтастай бүкіл қызмет бойынша - корпоративтік табыс салығы бойынша бірыңғай декларацияны және мүлікті сенімгерлік басқарудың әрбір шарты немесе мүлікті сенімгерлік басқару туындайтын әрбір өзге де жағдай бойынша бөлек сенімгерлік басқару жөніндегі қызмет және өзге де қызмет бойынша декларацияға қосымшаны жасайды және ұсынады.
3. Сенімгерлік басқарушы-заңды тұлға осы Кодексте айқындалған тәртіппен корпоративтік табыс салығы жөніндегі міндеттемені мынадай ерекшеліктерді ескере отырып орындайды:
мүлікті сенімгерлік басқару жөніндегі қызмет бойынша корпоративтік табыс салығының осы Кодекстің 313-бабының 1-тармағында көрсетілген мөлшерлемесін қолданады;
мүлікті сенімгерлік басқару жөніндегі қызмет бойынша осы Кодекстің 29-тарауының және 21-бөлімінің ережелерін қолданбайды;
мүлікті сенімгерлік басқару жөніндегі қызмет бойынша арнаулы салық режимдерін қолданбайды.
4. Сенімгерлік басқару құрылтайшысы заңды тұлға болып табылатын жағдайларда, сенімгерлік басқарушы-жеке тұлға:
мүлікті сенімгерлік басқару жөніндегі қызмет бойынша жеке табыс салығын осы Кодекстің 341-бабының ережелерін қолданбай, осы Кодекстің 313-бабының 1-тармағында көрсетілген мөлшерлеме бойынша есептеу жөніндегі салықтық міндеттемені орындайды;
мүлікті сенімгерлік басқару жөніндегі қызмет бойынша арнаулы салық режимдерін қолдануға құқылы емес;
қатарына сенімгерлік басқарушы жататын тұлғалар үшін осы Кодекстің Ерекше бөлігінде айқындалған тәртіппен жеке табыс салығы бойынша өзге де салықтық міндеттемелерді орындайды.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Сенімгерлік басқару құрылтайшысы резидент-жеке тұлға болып табылатын жағдайларда, сенімгерлік басқарушы-жеке тұлға:
осы Кодекстің 341-бабының ережелерін қолданбай, мүлікті сенімгерлік басқару жөніндегі қызмет бойынша жеке табыс салығын есептеу бойынша салықтық міндеттемені орындайды;
сенімгерлік басқару жөніндегі қызмет бойынша арнаулы салық режимін қолдануға құқылы емес;
қатарына сенімгерлік басқарушы жататын тұлғалар үшін осы Кодекстің Ерекше бөлігінде айқындалған тәртіппен жеке табыс салығы бойынша өзге де салықтық міндеттемелерді орындайды.
6. Сенімгерлік басқару құрылтайшысы бейрезидент-жеке тұлға болып табылатын жағдайларда, сенімгерлік басқарушы-жеке тұлға мынадай ерекшеліктерді ескере отырып, осы Кодексте айқындалған тәртіппен жеке табыс салығы бойынша салықтық міндеттемелерді орындайды:
мүлікті сенімгерлік басқару жөніндегі қызмет бойынша осы Кодекстің 646-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мөлшерлемені қолданады;
осы Кодекстің 341-бабының ережелерін қолданбайды;
арнаулы салық режимдерін қолданбайды.
44-бап. Қатысу үлесі және акциялар түрінде мүлікті сенімгерлік басқару кезінде корпоративтік және жеке табыс салықтары бойынша салықтық есепке алу ерекшеліктері
1. Салықтық есепке алу мақсаттары үшін:
сенімгерлік басқарудағы қатысу үлесі мен акциялар бойынша дивидендтер түріндегі, сенімгерлік басқарушы жұмсаған шығындар сомасына азайтылған, мүлікті сенімгерлік басқару шарты, мүлікті сенімгерлік басқаруды құру туралы акті немесе мүлікті сенімгерлік басқару туындайтын өзге де жағдайлар және сенімгерлік басқарушының өз қызметі туралы есебі негізінде өтелген (өтеуге жататын) кіріс (бұдан әрі - сенімгерлік басқарудан түсетін дивидендтер) сенімгерлік басқару құрылтайшысының кірісі болып табылады;
қатысу үлестерін және акцияларды сенімгерлік басқарудан түсетін мүлік сенімгерлік басқару құрылтайшысының мүлкі болып табылады.
Мүлікті сенімгерлік басқару шартында, мүлікті сенімгерлік басқаруды құру туралы актіде немесе мүлікті сенімгерлік басқару туындайтын өзге де жағдайларда көзделген, сенімгерлік басқарушыға төлеуге жататын сыйақы сенімгерлік басқару құрылтайшысының шығындары болып табылады.
Сенімгерлік басқарушының қатысу үлестерін және акцияларды сенімгерлік басқарудың кірісіне:
мүлікті сенімгерлік басқаруды құру туралы актіде көзделген сыйақы;
сенімгерлік басқарушы жұмсаған, өтелуі мүлікті сенімгерлік басқару шартында, мүлікті сенімгерлік басқаруды құру туралы актіде немесе мүлікті сенімгерлік басқару туындайтын өзге де жағдайларда және сенімгерлік басқарушының өз қызметі туралы есебінде көзделген шығындардың сомасы қосылады.
Сенімгерлік басқарушы жұмсаған, өтелуі мүлікті сенімгерлік басқару шартында, мүлікті сенімгерлік басқаруды құру туралы актіде немесе мүлікті сенімгерлік басқару туындайтын өзге де жағдайларда және сенімгерлік басқарушының өз қызметі туралы есебінде көзделген қатысу үлестері мен акцияларды сенімгерлік басқару шығындары салықтық есепке алу мақсаттары үшін осындай сенімгерлік басқарушының шығындары болып табылады.
Мұндай шығындар сенімгерлік басқарудағы қатысу үлесі мен акциялар бойынша дивидендтер түрінде сенімгерлік басқару құрылтайшысының кірісін азайтады және сенімгерлік басқару құрылтайшысында шығындар, шығыстар ретінде есепке алынбайды.
2. Сенімгерлік басқару құрылтайшысы осы Кодексте айқындалған тәртіппен корпоративтік және жеке табыс салықтары бойынша салықтық міндеттемені орындайды.
3. Сенімгерлік басқарушы қатарына осындай сенімгерлік басқарушы жататын тұлғалар үшін осы Кодекстің Ерекше бөлігінде айқындалған тәртіппен қатысу үлестері мен акцияларды сенімгерлік басқарудың кірістері, шығындары және мүлкі бойынша корпоративтік және жеке табыс салықтары бойынша салықтық міндеттемені орындайды.