2) кезекті салықтық есептілік - бастапқы салықтық есептілік ұсынылғаннан кейін келесі салықтық кезеңдер үшін ұсынылатын салықтық есептілік;
Осы Кодекстің 50-тарауының мақсаттарында тауарларды импорттаған тұлға осындай тауарлар есепке қабылданған салықтық кезең үшін ұсынатын салықтық есептілік импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі кезекті декларация болып табылады;
3) қосымша салықтық есептілік - осы өзгерістер және (немесе) толықтырулар қатысты болатын салықтық кезең үшін бұрын ұсынылған салықтық есептілікке өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде ұсынылатын салықтық есептілік;
4) хабарлама бойынша қосымша салықтық есептілік - салық органы камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтарды анықтаған салықтық кезең үшін бұрын ұсынылған салықтық есептілікке өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізген кезде ұсынылатын салықтық есептілік;
5) таратудың салықтық есептілігі - салық төлеуші (салық агенті) қызметін тоқтатқан, таратылған немесе қайта ұйымдастырылған кезде, сондай-ақ қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарылған кезде ұсынылатын салықтық есептілік.
207-бап. Салықтық есептілікті, оның ішінде жалға алу (пайдалану) шарттарының тізілімін жасау ерекшеліктері
1. Осы Кодексте көзделген жағдайларда салық салудың әртүрлi шарттары белгiленген қызмет түрлерiн жүзеге асыратын салық төлеушi (салық агенті) салықтық есептілікті әрбір қызмет түрi бойынша бөлек жасайды.
Күнтiзбелiк жыл iшiнде ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер және ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін арнаулы салық режимінен жалпыға бірдей белгiленген тәртiпке ауысқан жағдайда, көрсетiлген күнтiзбелiк жылда:
арнаулы салық режимiн;
жалпыға бірдей белгiленген тәртiптi қолданған кезең үшін салықтық есептілік жеке жасалады.
2. Осы Кодексте бөлек салықтық есепке алуды жүргізу қажеттігі көзделген жер қойнауын пайдаланушылар осы Кодексте айқындалған тәртіппен салықтық есептілікті жасайды.
3. Жалға алу (пайдалану) шарттарының тізілімін сауда объектілерін, сауда объектілеріндегі, оның ішінде сауда базарларындағы сауда орындарын уақытша иеленуге және пайдалануға беретін тұлғалар жасайды.
Жалға алу (пайдалану) шарттарының тiзiлiмi сауда объектiлерiн, сауда объектiлерiндегі, оның ішінде сауда базарларындағы сауда орындарын жалға (пайдалануға) беретiн салық төлеушiнің тұрған жері бойынша есептi кезеңнен кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешiктiрiлмейтін мерзімде жасалады және салық органына ұсынылады.
208-бап. Салықтық өтінішті, салықтық есептілікті ұсыну тәртібі
1. Салықтық өтініш, салықтық есептілік осы Кодексте белгіленген тәртіппен және мерзімдерде салық органдарына ұсынылады.
2. Егер салық төлеуші (салық агенті) уәкілетті орган өздері үшін салықтық есептіліктің әртүрлі нысандарын белгілеген санаттарға жататын болса, онда мұндай жағдайда, салықтық есептілік салық төлеуші (салық агенті) жатқызылатын әрбір санат үшін көзделген нысандар бойынша ұсынылады.
3. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, салықтық өтініш пен салықтық есептілік тиісті салық органдарына таңдауы бойынша:
1) келу тәртібімен - қағаз жеткізгіште, оның ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы арқылы (қосылған құн салығы бойынша салықтық есептілікті қоспағанда);
2) хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы - қағаз жеткізгіште;
3) ақпаратты компьютерлік өңдеуге жол беретін электрондық нысанда ұсынылады.
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы арқылы ұсынылатын салықтық өтініштердің тізбесін уәкілетті орган ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп белгілейді.
4. Салық органының шешімімен қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарылғаннан кейін қосылған құн салығы бойынша салықтық есептілік келу тәртібімен ұсынылады.
5-тармақ 2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
5. Уәкілетті орган арнаулы мемлекеттік органдармен, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдарымен, құқық қорғау органдарымен бірлесіп салықтық есептілікті ұсынудың ерекше тәртібін және осындай есептілікті ұсынатын тұлғалардың тізбесін айқындайды.
6. Салықтық өтініш және (немесе) салықтық есептілік келу тәртібімен қағаз жеткізгіште ұсынылған жағдайда, екі дана етіп ұсынылады, бір данасы салық органының белгісі қойылып салық төлеушіге (салық агентіне) қайтарылады.
7. Электрондық форматтың құрылымы, электрондық нысанда жасауға және ұсынуға арналған бағдарламалық қамтамасыз ету және осы бағдарламалық қамтамасыз етуді жаңарту уәкілетті органның интернет-ресурсына:
1) салықтық өтініш - ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан кешіктірілмей;
2) салықтық есептілік - салықтық есептілікті ұсыну мерзімі басталғанға дейін отыз жұмыс күнінен кешіктірілмей орналастырылады.
8. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, қосымша және (немесе) хабарлама бойынша қосымша есептілікті қоспағанда, салық төлеуші (салық агенті) таратудың салықтық есептілігін ұсынғаннан кейін салық органына келесі салықтық есептілікті ұсынуға құқылы емес.
Аяқталмаған салықтық кезең үшін ұсынылған таратудың салықтық есептілігі:
1) салық төлеуші (салық агенті) салықтық тексеру аяқталғаннан кейін тарату туралы, бөлiну жолымен қайта ұйымдастыру туралы шешімін өзгерткен;
2) салық төлеуші (салық агенті) дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарылғанға дейін кәсіпкерлік қызметті тоқтату туралы шешімін өзгерткен;
3) дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарудан бас тарту туралы шешім шығарылған жағдайларда, салықтық кезең үшін кезекті салықтық есептілікке теңестіріледі.
Таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен бастап келесі салықтық кезеңдер үшін салықтық есептілік осы Кодексте белгіленген тәртіппен және мерзімдерде тиісті салық органдарына ұсынылады.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9. Салық салу объектілері болмаған кезде:
мүлік салығы;
жер салығы;
көлік құралдары салығы;
экспортқа рента салығы;
қол қойылған бонус;
тарихи шығындарды өтеу жөніндегі төлем;
бюджетке төленетін төлемдер бойынша салықтық есептілік ұсынылмайды.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 9-1-тармақпен толықтырылды
9-1. Осы баптың 9-тармағында көрсетілмеген жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдері мен салықтары бойынша салықтық есептілікті жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті келісімшарт бойынша ұсынады.
10. Акциз бойынша салықтық есептілікті ұсыну жөніндегі міндеттеме мынадай қызмет түрлерін:
бензин (авиациялық бензиннен басқа), дизель отынын өндіруді;
бензин (авиациялық бензиннен басқа), дизель отынын көтерме және (немесе) бөлшек саудада өткізуді;
этиль спиртін және (немесе) алкоголь өнімін өндіруді;
темекі бұйымдарын өндіруді;
осы Кодекстің 462-бабының 6) тармақшасында көзделген акцизделетін тауарларды өндіруді, жинауды (жинақтауды) жүзеге асыратын салық төлеушілерге (салық агенттеріне) қолданылады.
Акциз бойынша салықтық есептілікті ұсыну жөніндегі мiндеттеме шикi мұнай, газ конденсаты бойынша (экспортқа өткізілген шикi мұнайдан, газ конденсатынан басқа) салық салынатын операцияларды жүзеге асыратын салық төлеушілерге (салық агенттеріне) қолданылады.
Акциз бойынша салықтық есептілікті ұсыну жөніндегі мiндеттеме темекі бұйымдарын, қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, электрондық сигареттерде пайдалануға арналған құрамында никотин бар сұйықтықты көтерме саудада өткізуді жүзеге асыратын салық төлеушілерге (салық агенттеріне) қолданылмайды.
11. Декларацияларға, есеп-қисаптарға қосымшалар оларда көрсетілуге жататын деректер болмаған кезде ұсынылмайды.
209-бап. Салықтық тіркелімдерді қоспағанда, салық нысандарын қабылдау
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Салық нысандары салық органдарына осы Кодексте және уәкілетті орган бекітетін мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерде белгіленген мерзімдерде ұсынылады.
2. Салық нысандарын салық органдарына ұсыну күні оларды ұсыну тәсіліне қарай:
1) келу тәртібімен ұсынған кезде - салық органдарының немесе «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының қабылдаған күні;
2) хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы ұсынған кезде - пошта немесе өзге байланыс ұйымының қабылдағаны туралы белгі қойылған күн;
3) электрондық нысанда ұсынған кезде - жүйеде қабылданған кезден бастап бір жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде салық төлеушіге (салық агентіне) жіберілетін электрондық хабарламада көрсетілген, салықтық есептілікті қабылдау және өңдеу жүйесі орталық торабының қабылдаған күні болып табылады.
3. Салық органдарының жүйесі салық нысандарын қабылдаған және өңдеген кезде оның толықтығын және оны толтырудың дұрыстығын тексеруден тұратын форматтық-логикалық бақылау жүргізіледі.
4-тармақ 2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
4. Жеке тұлғалардың декларацияларды ұсынуы туралы ақпарат осы баптың 2-тармағында белгіленген, жеке тұлғалардың декларациялары ұсынылған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсына орналастырылады.
5. Салық нысандары, мынадай жағдайлардың біреуі немесе бірнешеуі болған кезде:
1) салық нысандары уәкілетті орган белгілеген нысандарға сәйкес келмесе;
2) салық нысанында салық органының коды көрсетілмесе;
3) салық нысанында салық төлеушінің (салық агентінің) сәйкестендіру нөмірі көрсетілмесе немесе дұрыс көрсетілмесе;
4) салық нысанында салықтық кезең көрсетілмесе;
5) тармақша 2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
5) салық нысанында активтер мен міндеттемелер туралы декларация жасалған күн көрсетілмесе;
6) салық нысанында салықтық есептіліктің түрі көрсетілмесе;
7) салықтық есептілікке қол қойылмаса және (немесе) өзінің атауы бар мөрмен куәландырылмаса;
8) форматтық-логикалық бақылаудың салықтық есептілікті қабылдау және өңдеу жүйесі қабылдамаған кезде салықтық есептілікте «Өңдеуден бас тартылды» деген өңдеу мәртебесі болса;
9) салықтық есептілікті ұсыну мерзімі ұзартылған жағдайда салықтық есептілікті ұсыну тәсіліне қатысты осы Кодекстің 212-бабы 1-тармағының талаптары бұзылса;
10) шот-фактуралар қағаз жеткізгіште алынған немесе жазып берілген жағдайда - салықтық кезең ішінде сатып алынған және өткізілген тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша шот-фактуралардың тізілімдері қосылған құн салығы бойынша декларациямен бірге бір мезгілде ұсынылмаса;
11) қосылған құн салығы бойынша салықтық есептілік салық органының шешімімен көрсетілген салық бойынша тіркеу есебінен шығарылғаннан кейін келу тәртібімен ұсынылмаса, салық органдарына ұсынылмады деп есептеледі.
210-бап. Салықтық есептілікті керi қайтарып алу тәртібі
1. Салық төлеуші (салық агентi) салықтық есептілікті керi қайтарып алу үшін салық органына:
1) өзі тiркеу есебiне қойылған жер бойынша салықтық өтiнiштi ұсынады.
Салық органының коды дұрыс көрсетілмеген салықтық есептiлiкті өзгерту әдісімен кері қайтарып алған жағдайда, салықтық өтiнiш осындай есептілікті ұсыну орны бойынша ұсынылады;
2) осы Кодекстің 208-бабы 2-тармағының шарттарын бұза отырып ұсынылған салықтық есептілікті жою әдісімен кері қайтарып алған жағдайда, салықтық есептілікті ұсынады.
Салықтық есептілік көрсетілген салықтық кезеңге ұсынылған салықтық есептіліктің барлық қосымша нысандары ескеріле отырып, салықтық есептілікті қабылдау және өңдеу жүйесiнен салық органының керi қайтарып алуына жатады.
Салықтық есептілікті керi қайтарып алу мынадай әдiстердiң бірiмен жүргізіледі:
1) жою әдiсiмен, бұл ретте керi қайтарылатын салықтық есептілік салықтық есептілікті қабылдау және өңдеу жүйесiнiң орталық торабынан жойылады;
2) өзгерту әдiсiмен, бұл ретте бұрын ұсынылған салықтық есептілікке салық төлеушi (салық агентi) мәлiмдеген өзгерістер және (немесе) түзетулер енгiзiледі.
2. Жою әдісімен мынадай:
1) салықтық тексеруді жүргізу басталғанға дейін қызметті қайта бастау туралы шешім қабылдаған жағдайда таратудың салықтық есептілігін;
2) осы Кодекстiң 208-бабы 2-тармағының және 211-бабы 5-тармағының шарттарын бұза отырып ұсынылған;
3) осындай салықтық есептілікті ұсыну жөніндегі міндеттеме болмаған кезде ұсынылған;
4) осы Кодекстің 209-бабының 5-тармағына сәйкес ұсынылмады деп есептелетін;
5) камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органы анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламалар бойынша салықтық есептілікті қоспағанда, талап қоюдың ескіру мерзімі өткеннен кейін ұсынылған салықтық есептілікті кері қайтарып алу жүргізіледі.
Жою әдісімен салықтық есептілікті кері қайтарып алу кезінде салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шоттарында тіркеу есебіне қойылған жері бойынша салық органы кері қайтарып алынатын салықтық есептілік бойынша салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдердің есептелген (азайтылған) сомаларына түзетпе жасауды жүзеге асырады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген салықтық есептілікті кері қайтарып алу туралы салықтық өтініш ұсынылмаған жағдайда, салық органы ұсынбау фактісі анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде салық төлеушіге (салық агентіне) Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жібереді.
Хабарлама орындалмаған кезде салық органы салықтық есептілікті кері қайтарып алуды салықтық өтінішсіз жою әдісімен жүргізеді. Кері қайтарып алу уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша салықтық есептілікті кері қайтарып алуға салық органының шешімі негізінде жүргізіледі.
3. Өзгерту әдiсiмен мынадай салықтық есептілікті:
1) валютаның коды көрсетiлмеген немесе дұрыс көрсетiлмеген;
2) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың нөмiрi және (немесе) күнi көрсетiлмеген немесе дұрыс көрсетiлмеген;
3) резиденттік мәртебесi көрсетiлмеген немесе дұрыс көрсетiлмеген;
4) салық органының коды дұрыс көрсетілмеген;
5) салықтық кезең дұрыс көрсетілмеген;
6) салықтық есептіліктің түрі дұрыс көрсетілмеген;
7) салықтық тексеру жүргізілгеннен кейін немесе камералдық бақылау аяқталғаннан кейін қызметті қайта бастау туралы шешім қабылдаған жағдайда таратудың салықтық есептілігін кері қайтарып алу жүргізіледі.
Өзгерту әдiсiмен салықтық есептілікті кері қайтарып алу кезiнде салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) жеке шоттарында тiркеу есебiне қойылған жері бойынша салық органы мәлімделген өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды ескере отырып, салықтық есептілік бойынша деректерді жеке шотта кейіннен көрсетіп, кері қайтарылатын салықтық есептілікте көрсетілген сомаларға түзетпе жасауды жүзеге асырады.
4. Мынадай:
1) тексеру жүргiзуге арналған нұсқамада көрсетiлген салықтардың және бюджетке төленетiн төлемдер мен әлеуметтiк төлемдердiң түрлерi бойынша кешендi және тақырыптық тексерулердi жүргiзу кезеңiнде - тексерiлетiн салықтық кезеңнің;
2) шағым берудiң қалпына келтiрiлген мерзiмiн ескере отырып, тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымды беру және оны қарау мерзiмi кезеңiнде - шағым жасалатын салықтық кезеңнің;
3) камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органы анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламалар бойынша ұсынылған салықтық есептілікті керi қайтарып алуға жол берiлмейдi.
5. Кері қайтарып алу туралы мәлімет уәкілетті органның интернет-ресурсында мынадай мерзімдерде:
1) осы баптың 1-тармағында көрсетілген салықтық өтініші негізінде салықтық есептілікті кері қайтарып алған жағдайда - осындай өтініш ұсынылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде;
2) салық органының осы баптың 2-тармағында көрсетілген шешімі негізінде салықтық есептілікті кері қайтарып алған жағдайда - Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындау үшін көзделген мерзім аяқталған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде жарияланады.
6. Осы Кодекстің 458-бабында көзделген жағдайларға осы бап қолданылмайды.
211-бап. Салықтық есептілікке өзгерістер мен толықтырулар енгізу
1. Салық төлеуші (салық агенті) өзгерістер мен толықтырулар қатысты болатын салықтық кезең үшін қосымша салықтық есептілік жасау арқылы салықтық есептілікке өзгерістер мен толықтырулар енгізуге құқылы.
2. Қосымша салықтық есептілікте:
1) сомалары өзгертілген кезде - салықтық кезеңдегі бұрын ұсынылған салықтық есептілікте көрсетілген сома мен іс жүзіндегі салықтық міндеттеме арасындағы айырма;
2) қалған деректер өзгертілген кезде, жаңа мән тиісті жолдар бойынша көрсетіледі.
3. Қосымша және (немесе) хабарлама бойынша қосымша салықтық есептілікті ұсынған кезде салық төлеушi (салық агентi) немесе салық органы камералдық бақылау нәтижелерi бойынша анықтаған салықтардың, төлемдердiң сомасы бюджетке енгiзiлуге жатады, әлеуметтік төлемдердiң сомасы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа салық төлеушiнi (салық агентiн) тартпай, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес төлеуге жатады.
4. Салық органы салық төлеушінің (салық агентінің) тарату, бөлу жолымен қайта ұйымдастыру немесе қызметті тоқтату туралы салықтық өтініші бойынша жүргізетін салықтық тексеру басталғанға дейін қосымша салықтық есептілікті ұсынуға жол беріледі.
5. Мынадай:
1) салықтық тексеруді жүргізуге арналған нұсқамада көрсетілген салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдердің түрлері бойынша кешенді және тақырыптық тексерулерді жүргізу кезеңінде (ұзартуды және тоқтата тұруды ескере отырып) - тексерілетін салықтық кезеңнің;
2) шағым жасалатын салықтық кезеңнің:
салық төлеушінің (салық агентінің) шағымында көрсетілген салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің, сондай-ақ әлеуметтік төлемдердің түрлері бойынша шағымды берудің қалпына келтірілген мерзімін ескере отырып, тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымды беру және оны қарау мерзімі кезеңінде;
2) тармақшаның үшінші абзацы 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
деңгейлес мониторингтің нәтижелері бойынша хабарламаға шағымды беру және оны қарау мерзімі кезеңінде;
3) қосылған құн салығын қайтару туралы талап ету бөлігінде;
4) осы тармақтың 5) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, аванстық төлемдерді төлеу мерзімі басталған салықтық кезеңдегі айлар үшін корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдер бойынша - азайту жағына қарай;
5) алдыңғы салықтық кезең үшін корпоративтік табыс салығы жөніндегі декларация тапсырылғанға дейінгі кезеңге төлеуге жататын корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдер бойынша -ағымдағы салықтық кезеңнің 20 қаңтарынан кешіктіріп;
6) алдыңғы салықтық кезең үшін корпоративтік табыс салығы жөніндегі декларация тапсырылғаннан кейінгі кезеңге төлеуге жататын корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдер бойынша -ағымдағы салықтық кезеңнің 31 желтоқсанынан кешіктіріп;
7) тармақша 2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
7) мынадай:
жеке тұлғаның декларация ұсыну жөніндегі міндеттемесі туындаған жыл басталғанға дейін Қазақстан Республикасында нотариат куәландырған мәмілелер бойынша берешекті, сондай-ақ сот шешімі бойынша танылған берешектерді;
дебитор немесе кредитор болып табылатын жеке тұлғалардың активтер және міндеттемелері туралы бастапқы немесе кезекті декларацияларында көрсетілген берешекті қоспағанда, жеке тұлғамен арада туындаған қатынастар бойынша қалыптасқан, басқа тұлғалардың жеке тұлғаның алдындағы берешегін (дебиторлық берешекті) және жеке тұлғаның басқа тұлғалар алдындағы берешегін (кредиторлық берешекті) жеке тұлғалардың декларацияларында көрсету бөлігінде;
8) бейрезидент-заңды тұлғаның басқарушылық және жалпы әкімшілік шығыстарын шегерімдерге жатқызу әдісін өзгерту бөлігінде тиісті салықтық есептілікке өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол берілмейді.
6. Заңды тұлға таратылған күннен немесе дара кәсіпкердің қызметі тоқтатылған күннен кейін осындай таратылған (қызметін тоқтатқан) салық төлеушінің контрагенті болып табылатын салық төлеушінің корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығы бойынша салықтық есептілікке (оның ішінде сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілген қызметтер бойынша тізілімдерге) корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығы бойынша салықтық міндеттемелердің азаюына алып келетін, осындай таратылған (қызметін тоқтатқан) салық төлеушімен мәмілелер бойынша тиісті сомаларды көрсету бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізуіне жол берілмейді.
212-бап. Салықтық есептілікті ұсыну мерзімдерін ұзарту
1. Салық төлеуші (салық агенті) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына тауарларды импорттау кезінде жанама салықтар бойынша салықтық есептілікті қоспағанда, салықтық есептілікті электрондық нысанда ұсынған кезде, оны ұсыну мерзімін ұзартуға құқылы.
2. Салықтық есептілікті ұсыну мерзімін ұзарту үшін тіркеу есебіне қойылған жері бойынша салық органына осы бапқа сәйкес уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша, оның ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы арқылы хабарлама жіберіледі.
Салықтық есептілікті ұсыну үшін осы Кодексте белгіленген мерзім өткенге дейін хабарлама қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда жіберіледі.
Мерзімді ұзарту салық органына мерзімді ұзартуға хабарлама жіберілген күнтізбелік жыл ішінде салық төлеуші (салық агенті) ұсынатын салықтық есептілікке қолданылады.
3. Корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомаларының есеп-қисабын қоспағанда, салықтық есептілікті ұсыну мерзімі:
1) корпоративтік табыс салығы немесе жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру үшін белгіленген мерзімнен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын;
2) салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдердің өзге де түрлері бойынша декларацияны және (немесе)
есеп-қисапты ұсыну үшін белгіленген мерзімнен бастап күнтізбелік он бес күннен аспайтын;
3) тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша тәуекелдер деңгейі төмен салық төлеушілер үшін салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдердің өзге де түрлері бойынша декларацияны тапсыру үшін белгіленген мерзімнен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын кезеңге ұзартылады.
4. Мерзімді ұзарту салықтарды, бюджетке төленетін төлемдер мен әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімін өзгертпейді.
5-тармақ 2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
5. Жеке тұлғалардың декларациялары бойынша мерзімді ұзарту құқығы салық органына мерзімді ұзарту туралы хабарлама жіберілместен, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге беріледі.
Жеке тұлғалардың декларацияларын әскери қызметшілердің ұсыну мерзімі жергілікті әскери басқару органынан әскери қызметті өткеру орнына кетуі туралы бұйрық шығарылған күннен бастап мерзімді қызметті өткеру уақыты кезеңіне ұзартылады.
Әскери қызметшіні әскери бөлімнің жеке құрамының тізімдерінен шығару туралы бұйрықтың негізінде мерзімді қызметтегі әскери қызметші мәртебесінен айырылған кезде жеке тұлға ұсыну мерзімі ұзартылған жеке тұлғаның декларациясын әскери бөлімнің тізімдерінен шығару туралы бұйрық шыққан күннен бастап күнтізбелік алпыс күннен кешіктірмей ұсынады.
6. Арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерді қоспағанда, салықтық есептілікті ұсыну мерзімі тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша тәуекел деңгейі жоғары салық төлеушіге (салық агентіне) қатысты ұзартылмайды.
213-бап. Салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық есептілікті ұсынуын тоқтата тұру (ұзарту, қайта бастау) тәртібі
1. Салық төлеушінің (салық агентінің) осы бапта айқындалған тәртіппен салықтық өтініш негізінде:
1) салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұруға;
2) салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұру мерзімін ұзартуға;
3) егер осы бапта өзгеше көзделмесе, салықтық есептілікті ұсынуды қайта бастауға құқығы бар.
Салық төлеуші (салық агенті) өзінің тұрған жері бойынша салық органына:
1) қызметті тоқтата тұру немесе қайта бастау немесе салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұру мерзімін ұзарту туралы шешім қабылданған жағдайда, салықтық өтінішті ұсынады.
Салықтық өтініш:
қызметті тоқтата тұру туралы шешім қабылданған жағдайда - алдағы кезеңге;