4) салық төлеуші (салық агенті) жұмыскерлердің жалпы орташа тізімдік санына бөлінетін санат пен өзге қызмет бойынша қызметке қатысатын жұмыскерлердің орташа тізімдік санының үлес салмағы бойынша;
5) өзге де әдістерді ескере отырып, өзі дербес жүргізеді.
Жалпы және жанама кірістер мен шығыстардың әр түріне қатысты оларды бөлудің салық төлеуші (салық агенті) айқындайтын саналуан әдістері қолданылуы мүмкін.
Жалпы және (немесе) жанама кірістер мен шығыстарды неғұрлым дәл бөлу үшін жоғарыда көрсетілген әдістердің бірін қолдану нәтижесінде алынған үлес салмақтың мәнін салық төлеуші (салық агенті) жүзден бір (0,01%) үлеске дейін пайызбен айқындайды.
Егер салықтық есепке алу саясатында жалпы кірістер мен шығыстарды бөлу әдісі белгіленбесе, онда салық органдары салықтық тексеруді жүргізу барысында осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында белгіленген әдіс негізінде осындай кірістер мен шығыстарды бөлуді жүзеге асырады.
5. Салық төлеушінің қызметі бойынша тұтастай корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде қандай да бір бөлінетін санат бойынша шеккен залалдар ескерілмейді, салық төлеушінің оларды осы Кодекстің 300-бабының ережелерін ескере отырып, кейінгі салықтық кезеңдерде осындай бөлінетін санат бойынша қызметтен алған кірістердің есебінен ғана өтеуге құқығы болады.
196-бап. Қаржы лизингі
1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалған лизинг шарты бойынша мүлікті беру, сондай-ақ лизинг нысанасын қайталама лизингке не қосалқы лизингке беру қаржы лизингі болып табылады.
2. Егер лизинг шартында лизинг алушының қаржы лизингінің мерзімін ұзарту құқығы айқындалса, онда қаржы лизингінің мерзімі іс жүзінде ұзарту жүзеге асырылған мерзім ескеріле отырып айқындалады.
3. Лизинг алушының лизинг шарты негізінде алуына жататын лизинг нысанасы қаржы лизингі бойынша берілетін мүлік болып табылады.
Салықтық есепке алу мақсаты үшін лизинг алушы лизинг нысанасын сатып алушы ретінде қаралады.
Лизинг шарты негізінде айқындалатын лизинг нысанасының құны лизинг нысанасы берілетін (алынатын) құн болып табылады. Егер лизинг шартында лизинг нысанасы берілетін (алуға жататын) құн жеке бөлініп көрсетілмесе, онда қосылған құн салығын қоспағанда, көрсетілген құн лизингтің бүкiл кезеңінде төлеуге жататын барлық лизингтік төлемдер сомасы ретінде айқындалады.
Салықтық есепке алу мақсаты үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лизинг шартына сәйкес келмейтін мүліктік жалдау шарты бойынша мүлікті беру қызметтерді көрсету ретінде, ал қосылған құн салығын қоспағанда, төлеуге жататын жалға беру төлемдері, тиісінше, көрсетілген қызметтер үшін төлемақы ретінде қаралады.
197-бап. Салықтық жеңілдіктерді қолдану мақсаттары үшін мүлікті қаржы лизингіне беру шарттары
1. Осы Кодекстің 288-бабы 2-тармағының 1) тармақшасын, 398-бабын, 427-бабының 6-тармағын және 428-бабының 6-тармағын қолдану мақсаттары үшін мүлікті қаржы лизингіне беру осы бапта көзделген шарттарға сәйкес келуге тиіс.
2. Егер осы тармақта және осы баптың 3-тармағында өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес үш жылдан астам мерзімге жасалған лизинг шарты бойынша мүлікті беру, егер ол мынадай шарттардың біріне сай келсе:
1) мүлікті лизинг алушының меншігіне беру және (немесе) лизинг алушыға тіркелген баға бойынша мүлікті сатып алу құқығын беру лизинг шартында айқындалса;
2) қаржы лизингінің мерзімі қаржы лизингі бойынша берілетін мүліктің пайдалы қызмет ету мерзімінің 75 пайызынан асып кетсе;
3) қаржы лизингінің бүкіл мерзімінде лизингтік төлемдердің ағымдағы (дисконтталған) құны қаржы лизингі бойынша берілетін мүлік құнының 90 пайызынан асып кетсе, қаржы лизингі болып табылады.
Қайталама лизинг деп лизинг шарты (бұдан әрі осы баптың мақсаттарында - бастапқы лизинг шарты) тоқтатылған, бұзылған не лизинг нысаналары санының өзгеруіне байланысты ол өзгертілген жағдайда, лизинг берушінің меншігінде қалған лизинг нысаналарын басқа лизинг алушыға (лизинг алушыларға) лизингке беру танылады, бұл ретте бір мезгілде мынадай талаптар сақталуы:
бастапқы лизинг шартын бұзу, тоқтату не өзгерту күні мен қайталама лизинг шартын (шарттарын) жасасу күні осы Кодекстің 423-бабында белгіленген бір салықтық кезеңге дәл келуі;
лизинг нысаналарының санына, лизингтік төлемдерге және лизинг мерзіміне арналған талаптарды қоспағанда, бастапқы лизинг шартында көзделген талаптар қайталама лизинг шартында (шарттарында) сақталуы;
бастапқы лизинг шарты бойынша олардың жалпы санынан аспайтын көлемде лизинг нысаналары қайталама лизингке берілуі;
қайталама лизингке берілетін лизинг нысанасының құны лизинг шарты бұзылған күні төленген, лизингтік төлемдердің сомасына азайтылған бастапқы лизинг шарты бойынша лизинг нысанасының құнынан аспауы, қайталама лизинг шарты (шарттары) бойынша сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері бастапқы лизинг шарты бойынша сыйақы мөлшерлемесінің мөлшерінен аспауы;
лизинг нысаналары кемінде үш жыл мерзімге қайталама лизингке берілуі керек.
3. Осы Кодекстің 288-бабы 2-тармағының 1) тармақшасын, 398-бабын, 427-бабының 6-тармағын және 428-бабының 6-тармағын қолдану мақсаттары үшін мыналар қаржы лизингі болып табылмайды:
1) мынадай:
лизинг алушы Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес банкрот деп танылған және Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінен алып тасталған;
лизинг алушы - жеке тұлға соттың күшіне енген шешімі негізінде хабар-ошарсыз кеткен деп танылған немесе қайтыс болды, әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп жарияланған, оған І, ІІ топтағы мүгедектік белгіленген, сондай-ақ лизинг алушы - жеке тұлға қайтыс болған жағдайда;
лизинг алушыда өндіріп алуды қолдануға болатын мүліктің, оның ішінде ақшаның, бағалы қағаздардың немесе кірістердің болмауына байланысты лизинг берушіге атқару құжатын қайтару туралы сот орындаушысының қаулысы заңды күшіне енген және (немесе) сот орындаушысы нәтижесіз болған, Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасында көзделген, оның мүлкін, соның ішінде ақшасын, бағалы қағаздарын немесе кірістерін анықтау жөнінде шараларды қабылдаған жағдайда;
лизинг алушының мүлкіне, оның ішінде ақшасына, бағалы қағаздарына немесе кірістеріне өндіріп алуды қолданудан лизинг берушіге бас тарту туралы сот шешімі заңды күшіне енген;
лизинг нысаналары қайталама лизингке берілген жағдайлардан басқа, осындай шарттарды жасасқан күннен бастап үш жыл өткенге дейін олар бойынша лизинг шарттары бұзылған (лизинг шарты бойынша міндеттемелер тоқтатылған) жағдайдағы лизингтік мәмілелер;
2) лизинг шарты қолданылған бірінші жылы лизингтік төлемдердің сомасы (шарт бойынша және (немесе) іс жүзіндегі) сыйақыны есепке алмағанда лизинг нысанасы құнының 50 пайызынан астамын құрайтын лизингтік мәмілелер;
3) лизинг алушыны қайта ұйымдастыру жағдайынан басқа, лизинг шартын жасасқан күннен бастап үш жыл өткенге дейін міндеттемедегі тұлғалардың ауысуы нәтижесінде лизинг алушы ауысқан лизингтік мәмілелер;
4) лизинг берушіні қайта құру арқылы қайта ұйымдастыру жағдайынан басқа, міндеттемедегі тұлғалардың ауысуы нәтижесінде лизинг беруші ауысқан лизингтік мәмілелер;
5) мүлікті қосалқы лизингке беру жөніндегі мәмілелер.
198-бап. Бірлескен кәсіпкерлік кезінде салықтық міндеттемені орындау ерекшеліктері
1. Егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, бірлескен кәсіпкерлікті жүзеге асырған жағдайда салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер осы бапта айқындалған тәртіппен есепке алынады және оларға салықтар салынады.
Бірлескен қызмет туралы шарт (жай серіктестік нысанында) негізінде бірлескен кәсіпкерлікті жүзеге асырған жағдайда салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер осы Кодекстің 199-бабында айқындалған тәртіппен есепке алынады және оларға салықтар салынады.
Осы Кодекстің ерекше бөлігінде салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді есепке алудың және оларға салықтар салудың өзгеше тәртібін көздейтін, шаруа және фермер қожалықтарына қатысты арнаулы салық режимдері белгіленуі мүмкін.
2. Бірлескен дара кәсіпкерлік шеңберіндегі қызмет бойынша, сондай-ақ бірлескен дара кәсіпкерлікте пайдаланылатын ортақ бірлескен меншікке қатысты салықтық міндеттемелерді орындауды:
1) шаруа қожалығы нысанында бірлескен дара кәсіпкерлікті жүзеге асырған кезде - шаруа қожалығының басшысы;
2) қалған жағдайларда - бірлескен дара кәсіпкерліктің уәкілетті тұлғасы жүзеге асырады.
3. Егер мерзімінде орындалмаған салықтық міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдерін және салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданғаннан кейін осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында аталған тұлғаның бірлескен дара кәсіпкерлік бойынша салықтық берешегі болса, осындай берешекті өтеу жөніндегі міндет бірлескен дара кәсіпкерліктің барлық мүшесіне тең үлестермен жүктеледі.
Бұл ретте осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында аталған тұлға бірлескен дара кәсіпкерліктің барлық мүшесін бірлескен дара кәсіпкерлік бойынша салықтық берешектің болуы және осындай берешектің сомасы туралы салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану басталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабардар етуге міндетті.
199-бап. Бірлескен қызметті жүзеге асыру
1. Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, бірлескен қызметті жүргізу туралы уағдаластық не заңды тұлғаны құрмай бірлескен қызмет туралы шартқа екі және одан да көп қатысушыны көздейтін өзге де уағдаластық (бұдан әрі - бірлескен қызмет туралы шарт) болған жағдайда, салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер осы Кодексте айқындалған тәртіппен бірлескен қызмет туралы шартқа әрбір қатысушы бойынша тиісінше ескеріледі және оларға салықтар салынады.
2. Бірлескен қызмет туралы шартқа әрбір қатысушы өзінің қатысу үлесіне қатысты, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындау үшін бірлескен қызмет бойынша активтерді, міндеттемелерді, кірістер мен шығыстарды есепке алуды өзі дербес жүргізеді.
3. Бірлескен қызмет туралы шартта салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындау үшін бірлескен қызмет бойынша активтерді, міндеттемелерді, кірістер мен шығыстарды бөлу тәртібі болмаған жағдайда, бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушылар алғашқы салықтық есептілікті ұсынғанға дейін бірлескен қызмет бойынша салықтық есепке алу саясатын әзірлейді және бекітеді, онда осындай тәртіп және бірлескен қызмет нәтижесінде туындайтын салықтық міндеттеме көрсетіледі.
4. Бірлескен қызмет туралы шартта, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушылардың осындай қызмет немесе оның бір бөлігі бойынша салықтық есепке алуды жүргізуге жауапты уәкілетті өкілі айқындалуы мүмкін.
5. Бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушылардың уәкілетті өкілі бірлескен қызмет немесе оның бір бөлігі бойынша активтерді, міндеттемелерді, кірістер мен шығыстарды салық мақсатына орай осы уәкілетті өкілдің өзге қызметі бойынша активтерінен, міндеттемелерінен, кірістері мен шығыстарынан жеке есепке алады.
6. Салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындау үшін бірлескен қызмет бойынша активтерді, міндеттемелерді, кірістер мен шығыстарды бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушылар арасында бөлуді бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушылар және (немесе) егер болса, олардың уәкілетті өкілі бірлескен қызмет туралы шартта айқындалған тәртіппен әрбір салықтық кезеңнің қорытындылары бойынша жүзеге асырады.
Егер бірлескен қызмет туралы шарт талаптарында және (немесе) бірлескен қызмет бойынша салықтық есепке алу саясатында салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындау үшін активтерді, міндеттемелерді, кірістер мен шығыстарды бөлу тәртібі белгіленбесе, бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушылар және (немесе) егер болса, мұндай қатысушылардың уәкілетті өкілі көрсетілген бөлуді бірлескен қызмет туралы шартқа сәйкес қатысу үлестеріне пропорционалды жүзеге асырады.
Салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындау үшін активтерді, міндеттемелерді, кірістер мен шығыстарды бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушылар арасында бөлу нәтижелері жазбаша түрде ресімделуге, оған бірлескен қызмет туралы шартқа барлық қатысушы және (немесе) егер болса, олардың уәкілетті өкілі қол қоюға, сондай-ақ мөрлермен бекітілуге (Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайда олар болған кезде) тиіс. Активтерді, міндеттемелерді, кірістер мен шығыстарды бөлу нәтижелері туралы құжатты бірлескен қызмет туралы шартқа әрбір қатысушы салықтық тексеруді жүргізу кезінде салық органдарына ұсынады.
Бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушылардың уәкілетті өкілінде, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, активтерді, міндеттемелерді, кірістер мен шығыстарды бөлу соның негізінде жүзеге асырылған барлық құжаттың көшірмелері болуға тиіс.
200-бап. Жер қойнауын пайдаланушылардың бірлескен қызметті жүзеге асыру ерекшеліктері
1. Егер жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы жай серiктестiк (консорциум) құрамындағы бірнеше жеке және (немесе) заңды тұлғаға тиесiлi болса, жай серiктестiкке (консорциумға) әрбір қатысушы Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген салықтар және бюджетке төленетін төлемдер бойынша салық төлеуші болады.
2. Егер жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы жай серiктестiк (консорциум) құрамындағы бірнеше жеке және (немесе) заңды тұлғаға тиесiлi болса, онда жер қойнауын пайдалануға арналған мұндай келісімшарт бойынша жүзеге асырылатын қызмет бойынша жай серiктестiкке (консорциумға) қатысушылар осындай қызмет бойынша жиынтық салықтық есепке алуды жүргізуге жауапты жай серiктестiкке (консорциумға) қатысушылардың уәкілетті өкілін айқындауға міндетті.
Жай серiктестiкке (консорциумға) қатысушылардың уәкілетті өкілі осы Кодекстің талаптарына сәйкес жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша жүзеге асырылатын қызмет бойынша жиынтық салықтық есепке алуды жүргізуге міндетті.
Өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүзеге асырылған жағдайда, осындай уәкілетті өкіл ретінде оператор әрекет етеді.
Жай серiктестiкке (консорциумға) қатысушылардың уәкілетті өкілінің, оның ішінде оператордың өкілеттіктері осы Кодекстің 16 немесе 17-баптарының талаптарына сәйкес расталуға тиіс.
3. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша салықтық міндеттемелерді орындауды осы Кодексте айқындалған тәртіппен жай серiктестiкке (консорциумға) қатысушы (қатысушылар) және (немесе) осындай қызмет бойынша жиынтық салықтық есепке алуды жүргізуге жауапты жай серiктестiкке (консорциумға) қатысушылардың уәкілетті өкілі жиынтық салықтық есепке алу деректерінің негізінде жүргізеді. Бұл ретте осы Кодекстің 722-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, салықтық есептілік нысандарын ұсыну жөніндегі салықтық міндеттемелерді орындауды жай серiктестiкке (консорциумға) қатысушылар өзі дербес жүзеге асырады.
24-тарау. «БУХГАЛТЕРЛІК ЕСЕП ПЕН ҚАРЖЫЛЫҚ ЕСЕПТІЛІК ТУРАЛЫ» ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫНА СӘЙКЕС БУХГАЛТЕРЛІК ЕСЕПКЕ АЛУДЫ ЖҮРГІЗУДІ ЖӘНЕ ҚАРЖЫЛЫҚ ЕСЕПТІЛІК ЖАСАУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРМАЙТЫН ДАРА КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ САЛЫҚТЫҚ ЕСЕПКЕ АЛУДЫ ЖҮРГІЗУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
201-бап. Жалпы ережелер
«Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бухгалтерлік есепке алуды жүргізуді және қаржылық есептілік жасауды жүзеге асырмайтын дара кәсіпкерлердің салықтық есепке алуды жүргізуі және салықтық міндеттемелерін айқындау және орындау тәртібі бөлігінде осы Кодекстің нормаларын қолдану мақсатында мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) активтер - дара кәсiпкер бақылап отыратын, болашақта экономикалық пайда алу күтiлетiн мүлік;
2) бастапқы есепке алу құжаттары - салықтық есепке алуды жүргiзуге негiз болатын, операцияның немесе оқиғаның жасалу фактiсiн және оны жасауға құқықты қағаз жеткізгіште де, электрондық жеткiзгiште де құжаттамалық куәландыру;
3) биологиялық актив - ауыл шаруашылығы қызметінде пайдалануға арналған жануар немесе өсімдік;
4) запастар - сатуға, сондай-ақ өндірістік процесте, әкімшілік мақсаттар үшін немесе жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде пайдалануға арналған активтер;
5) капитал - дара кәсiпкердiң активтерінде барлық мiндеттеме шегерiлгеннен кейiн қалатын үлес;
6) кірістер - есептi кезең iшiнде активтердiң түсуі немесе өсуi немесе мiндеттемелердiң азаюы нысанында экономикалық пайданың ұлғаюы, олар капиталға қатысушы тұлғаның жарналарымен байланысты ұлғаюдан өзгеше капиталдың ұлғаюына алып келеді;
7) материалдық емес актив - физикалық пішіні жоқ, өндірісте пайдалануға немесе әкімшілік мақсаттарға, оның ішінде басқа тұлғаларға мүліктік жалдауға (жалға) беруге арналған сәйкестендірілетін ақшалай емес актив;
8) мiндеттеме - дара кәсiпкердiң жүктелген мiндетi, оны реттеу экономикалық пайданы қамтитын ресурстардың шығып қалуына алып келеді;
9) негізгі құралдар - материалдық активтер:
олар тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде өндірісте пайдалануға немесе әкімшілік мақсаттарға, оның ішінде басқа тұлғаларға мүліктік жалдауға (жалға) беруге арналған;
оларды бір жылдан астам уақыт бойы пайдалану болжанады.
202-бап. Бастапқы есепке алу құжаттарының нысандары және оларды жасау жөніндегі талаптар
1. «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бухгалтерлік есепке алуды және қаржылық есептілікті жүргізуді жүзеге асырмайтын дара кәсіпкерлер бастапқы есепке алу құжаттарын қолданады, олардың нысандары мен оларды жасау жөніндегі талаптарды уәкілетті орган бекітеді.
2. Салықтық тіркелімдердегі жазбалар бастапқы құжаттардың негізінде жүргізіледі.
203-бап. Салықтық есепке алуды жүргізу ерекшеліктері
1. Дара кәсіпкерлер шетел валютасында жасалған операцияларды операция жасалған күннің алдындағы соңғы жұмыс күні айқындалған валюта айырбастаудың нарықтық бағамын қолдана отырып теңгемен қайта есептейді. Бағамдық айырма салық салу мақсатында ескерілмейді.
2. Салықтық есепке алуда запастар дара кәсіпкер не ол уәкілеттік берген тұлға оларды алған кезде, оның ішінде дара кәсіпкер құрамынан өзге де активтерді ауыстыру арқылы негізгі құралдарды бөлшектеу нәтижесінде оларды өндіргеннен кейін өзіндік құны бойынша танылады.
Запастардың өзіндік құны сатып алуға, қайта өңдеуге жұмсалатын шығындарды, запастарды ағымдағы жай-күйіне жеткізу және ағымдағы орналасу орнына дейін жеткізіп беру мақсатында жүргізілген өзге де шығындарды қамтиды.
Сатып алуға жұмсалатын шығындар импорттық баждарды, салықтарды (өтелетіндерінен басқа), тасуға, өңдеуге жұмсалатын шығыстарды және сатып алуға тікелей байланысты басқа да шығыстарды қамтиды. Өнім беруші ұсынған сауда шегерістері, өнім берушінің төлемдерді қайтаруы және өзге де осыған ұқсас шегерістер мен қайтарулар шығындарды айқындаған кезде шегеріп тасталады.
Запастарды қайта өңдеуге жұмсалатын шығындар шикізатты дайын өнім етіп қайта өңдеуге тікелей байланысты шығындарды, оның ішінде еңбекке ақы төлеуге жұмсалатын тікелей шығындарды, сондай-ақ өндірістік үстеме шығыстарды қамтиды.
Салықтық есепке алу мақсаты үшін запастар бірлігінің өзіндік құны запастардың осындай бірлігіне осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген іс жүзіндегі шығындар бойынша айқындалады.
Дара кәсіпкер салықтық есепке алу мақсаты үшін запастар бірлігінің өзіндік құнын орташа өлшемді құн әдісі бойынша айқындауға құқылы. Орташа өлшемді құн әдісі бойынша запастардың өзіндік құны кезең басындағы запастардың және кезең ішінде сатып алынған (өндірілген) ұқсас запастардың өзіндік құнының орташа мәні ретінде айқындалады. Бұл әдісті таңдауды дара кәсіпкер салықтық есепке алу саясатында көрсету арқылы жүзеге асырады.
Тауарлар өндіруді жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер, сондай-ақ орташа өлшемді құн әдісін таңдаған дара кәсіпкерлер запастарды олардың келіп түсуі мен шығып қалуы кезінде салықтық тіркелімдерде ескереді, олардың нысанын дара кәсіпкерлер өзі дербес әзірлейді.
Запастардың ішкі орын ауыстыру арқылы түсуі дара кәсіпкердің кірісі болып табылмайды. Запастардың ішкі орын ауыстыру деп олардың дара кәсіпкер тағайындаған бір материалдық жауапты тұлғадан сол дара кәсіпкер тағайындаған басқа материалдық жауапты тұлғаға ауысуы түсініледі.
Дара кәсіпкердің салықтық есепке алу мақсаты үшін запастарды сақтауға немесе алыс-беріс шикізаты ретінде беру запастардың шығып қалуы болып табылмайды.
Запастарды сақтауға алуды дара кәсіпкер сақтау шарты негізінде немесе егер дара кәсіпкер запастарды алса және осы запастарды берушілердің төлем талаптары шоттарының акцептінен және оларды төлеуден заңды негізде бас тартса, акцептен бас тарту туралы өтініш негізінде жүзеге асырады. Осындай запастардың құны дара кәсіпкердің кірісі болып табылмайды.
Мыналар:
1) актив ретінде тануды тоқтату, оның ішінде запастарды басқа жаққа өткізген, өтеусіз берген, өндіріс процесінде, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде және өзге де мақсаттар үшін пайдаланған, жарғылық капиталға жарна ретінде берген кезде, айырбастаған кезде, түгендеу кезінде жетіспеушіліктер анықталған, мүліктер ұрланған, бүлінген, сақтау мерзімдері өткен, моральдық тұрғыдан тозған кезде және тұтынушылық қасиеттерін жоғалтқан өзге де жағдайларда тануды тоқтату;
2) активті қайта сыныптау, оның ішінде негізгі құралдардың, өзге де активтердің құрамына аудару запастардың шығып қалуы болып табылады.
25-тарау. САЛЫҚ НЫСАНДАРЫ
204-бап. Салық нысандары
1. Салық нысандары салықтық өтінішті, салықтық есептілікті және салықтық тіркелімдерді қамтиды.
2-тармақтың қолданысы 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 25-бабының редакциясында қолданылды
2. Салық төлеуші (салық агенті) не оның өкілі салық нысандарын қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштерде қазақ және (немесе) орыс тілдерінде жасайды, қол қояды, куәландырады (Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда мөрмен не электрондық цифрлық қолтаңбамен).
205-бап. Салық нысандарын сақтау мерзімі
1. Салық нысандары осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі ішінде, бірақ кемінде бес жыл салық төлеушіде (салық агентінде) сақталады.
2. Салық төлеуші, салық агенті, оператор - заңды тұлға қайта ұйымдастырылған кезде, қайта ұйымдастырылған тұлғаның салық нысандарын сақтау жөніндегі міндеттеме оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) жүктеледі.
1-параграф. Салықтық өтініш, салықтық есептілік
206-бап. Жалпы ережелер
1. Салықтық өтініш осы Кодексте белгіленген жағдайларда салық төлеушінің (салық агентінің) өз құқықтарын іске асыру және міндеттерін орындау мақсатында салық органына ұсынатын құжаты болып табылады. Салықтық өтініштердің нысандарын уәкілетті орган бекітеді.
2. Салықтық есептілік салық төлеушінің (салық агентінің) осы Кодексте белгіленген тәртіпке сәйкес ұсынылатын құжаты болып табылады, онда салық төлеуші (салық агенті), салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы, активтер мен міндеттемелер туралы, сондай-ақ салықтық міндеттемелер мен әлеуметтік төлемдерді есептеу туралы мәліметтер қамтылады.
Салықтық есептiлiк салықтардың, бюджетке төленетiн төлемдердiң түрлерi, әлеуметтiк төлемдер бойынша салықтық декларацияларды, есеп-қисаптарды, оларға қосымшаларды, импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөнiндегi декларацияны, тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті, жалға алу (пайдалану) шарттарының тізілімін қамтиды. Салықтық есептiлiктің нысандарын және оларды жасау қағидаларын уәкiлеттi орган бекiтедi.
3-тармақтың бірінші абзацының қолданысы 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы абзац 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 26-бабының редакциясында қолданылды
3. Салықтық есептілік (активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны, импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларацияны, тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті қоспағанда) мынадай түрлерге бөлінеді:
1) бастапқы салықтық есептілік - салық төлеушіні (салық агентін) тіркеу есебіне қою жүргізілген және (немесе) салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің белгілі бір түрі бойынша салықтық міндеттеме, сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді есептеу, ұстап қалу және аудару жөніндегі міндет алғаш туындаған салықтық кезең үшін ұсынылатын салықтық есептілік;