7) iстi осы әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн өзгеше түрде немесе мөлшерде жаза қолдануға құқылы соттың қарауына беру туралы, сондай-ақ осы Кодекстiң 812-бабында көзделген жағдайларда iстi көлiк құралының (кеменің, оның iшiнде шағын көлемдi кеменің) есепке алынған жері бойынша қарауға беру туралы.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген шешiмдер ұйғарым түрiнде шығарылады және шағымдану мерзімі мен тәртібін қоспағанда, осы Кодекстің 822-бабының бірінші бөлігінде көзделген мәліметтерді қамтиды.
3. Сот іс жүргізуде нақ сол бір адамға қатысты қозғалған екі және одан көп істің барын анықтай отырып, бұл істерді бірге қарау үшін бір іс жүргізуге біріктіруге құқылы.
4. Осы Кодекстiң 744-бабының төртiншi бөлiгiнде, 746-бабының алтыншы бөлiгiнде және 754-бабының бесiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда жауаптылыққа тартылып отырған адамның, оның өкiлiнiң, куәнiң дәлелсiз себептермен келмеуіне байланысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қайта қарауға дайындау кезiнде сот аталған адамдарды күштеп әкелу туралы ұйғарым шығаруға құқылы.
829-10-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға, жоғары тұрған органның (лауазымды адамның) шағым, наразылық бойынша қаулысына шағымды, наразылықты қарау тәртiбi
1. Сот iстi, шағымды, наразылықты қарауға кiрiскенде:
1) iстi кiм қарайтынын, қандай iс, шағым, наразылық қаралуға жататынын, кiм және осы Кодекстiң қандай бабының негiзiнде жауаптылыққа тартылатынын хабарлайды, іс жүргізу тілін айқындайды;
2) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адамның немесе оның өкiлiнiң, сондай-ақ iстi, шағымды, наразылықты қарауға қатысатын өзге де тұлғалардың келгенiне көз жеткiзедi;
3) іс жүргiзуге қатысушылардың жеке басын анықтайды және тұлғалардың заңды өкілдерінің, қорғаушының өкiлеттiктерiн тексереді;
4) iс жүргiзуге қатысушылардың келмеу себептерiн анықтайды және аталған адамдар болмағанда iсті, шағымды, наразылықты қарау туралы не iсті, шағымды, наразылықты қарауды кейiнге қалдыру туралы шешiм қабылдайды;
5) қажет болған жағдайларда iсті, шағымды, наразылықты қарау кезiнде қатысуы мiндеттi болып табылатын адамды күштеп әкелу туралы ұйғарым шығарады, аудармашыны тағайындайды;
6) iсті қарауға қатысатын адамдарға осы Кодексте көзделген олардың құқықтары мен мiндеттерiн, оның ішінде мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен тегін заң көмегін алу құқығын түсiндiредi;
7) мәлiмделген бас тартуларды және өтiнiшхаттарды шешедi;
8) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттаманы, шағымды, наразылықты, ал қажет болған кезде істің өзге де материалдарын жария етеді;
9) өзiне қатысты iс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан адамның түсiнiктемелерiн, iс жүргiзуге қатысатын басқа да адамдардың айғақтарын, маманның түсiндiрмесiн және сарапшының қорытындысын тыңдайды, өзге де дәлелдемелерді зерттейді, ал iстi, шағымды, наразылықты қарауға прокурор қатысқан жағдайда оның қорытындысын тыңдайды;
10) iсті, шағымды, наразылықты қарауды кейiнге қалдыру туралы ұйғарымды: егер судьяға қарсылық білдіру iстi, шағымды, наразылықты мәнi бойынша қарауға кедергi келтiрсе, оның өздiгiнен бас тартуы немесе оған қарсылық білдіру туралы мәлiмдеуіне; егер қорғаушының, уәкiлеттi өкiлдің, сарапшының немесе аудармашының қарсылық білдіруі iстi, шағымды, наразылықты мәнi бойынша қарауға кедергi келтiрсе, олардың қарсылық білдіруіне; iстi, шағымды, наразылықты қарауға қатысатын адамдардың келу немесе iс, шағым, наразылық бойынша қосымша материалдарды талап етіп алдыру қажеттiгiне байланысты, сондай-ақ осы Кодекстiң 51-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда шығарады. Қажет болған жағдайда сот сараптама тағайындау туралы ұйғарым шығарады;
11) істі, шағымды, наразылықты қарау мерзімін ұзарту, тоқтата тұру туралы ұйғарым шығарады;
12) осы Кодекстiң 829-9-бабында көзделген жағдайларда iстi мәнi бойынша қарауға беру туралы ұйғарым шығарады.
2. Істі, шағымды, наразылықты қарау кезінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы істің қозғалуының, істе бар және қосымша ұсынылған материалдар бойынша шығарылған қаулылардың заңдылығы мен негізділігі тексеріледі. Сот істің, шағымның, наразылықтың дәлелдерімен және мән-жайларымен байланысты емес және істі толық көлемде тексереді, бұл ретте ол жаңа фактілерді анықтауға және жаңа дәлелдемелерді зерделеуге құқылы.
3. Сот шақырылған адамдардың келмеуіне, іс бойынша қосымша материалдарды талап етіп алдыруына, сараптама тағайындауға байланысты және істі, шағымды, наразылықты толық, жан-жақты және әділ қарау үшін қажет болатын басқа да жағдайларда істі, шағымды, наразылықты қарауды кейінге қалдыруы мүмкін.
4. Сот тікелей сот талқылауы барысында процеске қатысып отырған адамның тарапынан сотқа құрметтемеушілік білдіру фактісін анықтай отырып, факт туралы жариялай отырып, осы баптың бірінші бөлігі 2), 4), 8) және 12) тармақшаларының талаптарын сақтамастан, кінәлі адамға осы Кодекстің 653-бабында көзделген әкімшілік жазаны қолдану туралы қаулы шығаруға құқылы.
5. Сот талқылауы барысында анықталған, процеске қатысып отырған адамның тарапынан сотқа құрметтемеушілік білдіру фактісі туралы істі судья (сот) осы фактіні анықтап және сот отырысының хаттамасында тіркей отырып, тікелей осы сот отырысында қарайды.
6. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс қозғаған лауазымды адам немесе өкілдерінің әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы істер қозғауға, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға шағымды, наразылықты қарауға құқығы бар мемлекеттік органның өкілі істі, шағымды, наразылықты қарауға қатысқан жағдайда, олар құқық бұзушылықтың мәні бойынша түсініктемелерді және оны жасауда адамның кінәлілігінің дәлелдемелерін бірінші болып ұсынады.
7. Қажет болған жағдайларда осы Кодексте көзделген басқа да процестік әрекеттер жүзеге асырылады.
829-11-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға, жоғары тұрған органның (лауазымды тұлғаның) шағым, наразылық бойынша қаулысына шағымды, наразылықты, қарау кезiнде анықтауға жататын мән-жайлар
1. Сот iстi, шағымды, наразылықты қарау кезiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалды ма, осы тұлға оны жасауға кiнәлi ме, ол әкiмшiлiк жауаптылыққа жата ма, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар бар ма, мүлiктiк залал келтiрiлген бе, осы Кодекстің 741 және 742-баптарында көзделген мән-жайларды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама және осы Кодексте көзделген басқа да хаттамалар дұрыс жасалған ба, істің өзге де материалдары дұрыс ресімделген бе, іс бойынша іс жүргізуді болғызбайтын мән-жайлар, тұлғаны әкімшілік жауаптылыққа тартпауға мүмкіндік беретін мән-жайлар бар ма, соны анықтауға, сондай-ақ iстiң дұрыс шешілуі үшiн маңызы бар басқа да мән-жайларды анықтауға мiндеттi.
2. Сот осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлар анықталғанын ескере отырып, өзіне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс қозғалған адамға салынған және осы Кодекстің 44-бабы бірінші бөлігінің бірінші абзацына сәйкес есептелетін әкімшілік айыппұлдың мөлшерін қысқартуға, бірақ айыппұлдың жалпы сомасының отыз пайызынан асырмай қысқартуға құқылы.
829-12-бап. Сот отырысының хаттамасы
1. Соттың сот отырысында әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралған кезде хаттама жүргізіледі. Егер өзіне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргізіліп жатқан тұлға әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезінде өз кінәсін толығымен мойындап, дәлелдемелерді зерттеудің қажеттілігі туралы мәлімдеме жасалмаса, хаттаманың жүргізілуі міндетті емес. Бұл ретте жоғары тұрған сатылардағы сот iстi бiрiншi сатыдағы сот үшiн көзделген қағидалар бойынша қарай отырып, iстiң дұрыс шешiлуi үшiн маңызы бар қосымша материалдарды, алынған сараптама қорытындыларын зерттеу, отырысқа шақыртылған адамдардан жауап алу қажет болған жағдайларда, сондай-ақ өз бастамашылығы бойынша немесе өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізіліп жатқан тұлғаның өтінішхаты бойынша сот отырысының хаттамасын жүргiзедi.
2. Сот отырысының хаттамасында мыналар көрсетіледі:
1) отырыстың орны мен күні, оның басталу және аяқталу уақыты;
2) өзіне қатысты іс қаралып жатқан тұлға туралы мәліметтер: жеке тұлғалар үшін - тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде), туған күні, тұрғылықты жері, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы мен деректемелері, сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жері бойынша тіркелуі туралы мәліметтер жұмыс орны; заңды тұлғалар үшін - атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны, орналасқан жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелу нөмірі мен күні, сәйкестендіру нөмірі және банк деректемелері;
3) қаралып жатқан іс бойынша іс жүргізу тілі;
4) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы қаралып жатқан iстің оқиғасы;
5) судьяның, сот отырысы хатшысының лауазымы, тегі, аты-жөні;
6) істі қарауға қатысатын тұлғалардың келгендігі туралы, келмеген тұлғаларға белгіленген тәртіппен хабарланғаны туралы мәліметтер;
7) сот отырысының барысы;
8) қарсылық білдіру, өтінішхаттар және оларды қараудың нәтижелері;
9) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша iс жүргізуге қатысушыларға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру;
10) сот отырысына қатысушылар түсініктемелерінің, сұрақтары мен жауаптарының, сөйлеген сөздерінің мазмұны;
11) қаралған материалдар мен құжаттар;
12) сот отырысы барысында шығарылған ұйғарымдарға, қаулыларға, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша соттың шешіміне нұсқау, оған шағым жасау мерзімі мен тәртібін түсіндіру;
13) сот отырысының хаттамасымен таныстыру және оған ескертулер беру мерзімін түсіндіру.
3. Хаттама іс қаралған күннен бастап бес тәуліктен кешіктірмей жасалады, оған судья және сот отырысының хатшысы қол қояды.
4. Судья өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлғаға, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзуге басқа да қатысушыларға сот отырысының хаттамасымен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.
5. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргізуге қатысушылар сот отырысының хаттамасын жасаудың толықтығы мен анықтығына қатысты өз ескертулерін оған қол қойылғаннан кейін бес тәулік ішінде ұсынуға құқылы.
6. Сот отырысының хаттамасына ескертулерді судья олар берілген күннен бастап бес тәулік ішінде қарайды.
7. Сот отырысының хаттамасына ескертулерді қабылдау немесе қабылдамау туралы судья уәжді қаулы шығарады. Қаулы және сот отырысының хаттамасына ескертулер сот отырысының хаттамасына қоса тігіледі.
829-13-бап. Сот отырысын дыбыс-, бейнежазба құралдарымен тіркеп алу
1. Сот отырысының барысын тіркеп алу дыбыс-, бейнежазба құралдарының көмегімен жүзеге асырылады. Сот отырысын дыбыс-, бейнежазба құралдарымен тіркеп алуды сот отырысының хатшысы жүзеге асырады.
Жабдықтардың техникалық ақауы болған, жабдықтар болмаған немесе техникалық себептерге байланысты оны қолдану мүмкін болмаған жағдайларда сот отырысын дыбыс-, бейнежазба құралдарының көмегімен тіркеу жүзеге асырылмайды. Дыбыс-, бейнежазба құралдарын пайдаланудың мүмкін болмауы сот отырысын жалғастыруды жоққа шығармайды.
Дыбыс-, бейнежазба құралдарын пайдалану мүмкін болмаған жағдайда, сот отырысының хатшысы сот отырысының хаттамасында дыбыс-, бейнежазба құралдарын пайдаланбау себептерін міндетті түрде көрсете отырып, бұл туралы сотқа баяндайды.
2. Істі талқылауды дыбыс-, бейнежазба құралдарын пайдалана отырып, тіркеп алған жағдайда сот отырысының хатшысы жазбаша нысанда қысқаша хаттама жасайды.
Сот отырысының қысқаша хаттамасында мыналар көрсетіледі:
1) отырыстың орны мен күні, оның басталу және аяқталу уақыты;
2) іс қаралып жатқан тұлға туралы мәліметтер: жеке тұлғалар үшін - тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде), туған күні, тұрғылықты жері, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы мен деректемелері, сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жері бойынша тіркелуі туралы мәліметтер, жұмыс орны; заңды тұлғалар үшін - атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны, орналасқан жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелу нөмірі мен күні, сәйкестендіру нөмірі мен банктік деректемелері;
3) судьяның, сот отырысы хатшысының лауазымдары, тектері, аты-жөндері;
4) соттың дыбыс-, бейнежазба құралдарын қолдануы туралы мәліметтер;
5) дыбыс-, бейнежазбаны қамтитын файлдың атауы;
6) істі қарауға қатысатын тұлғалардың келгендігі туралы, келмеген тұлғалардың белгіленген тәртіппен хабарланғаны туралы мәліметтер;
7) сот отырысы барысында шығарылған ұйғарымдарға, қаулыларға, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша сот шешіміне нұсқау, оған шағым жасау мерзімі мен тәртібін түсіндіру;
8) қаралған материалдар мен құжаттар;
9) дыбыс-, бейнежазбамен, сот отырысының хаттамасымен таныстыру және оларға ескертулер беру мерзімін түсіндіру.
Қысқаша хаттама іс қаралған күннен бастап үш тәуліктен кешіктірмей жасалады, оған судья және сот отырысының хатшысы қол қояды.
Дыбыс-, бейнежазбасы бар материалдық жеткізгіш пен сот отырысының қысқаша хаттамасы іс материалдарына қоса тіркеледі.
3. Судья хаттамаға қол қойылғаннан кейін үш тәулік ішінде өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізіліп жатқан тұлғаға, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша істің басқа да қатысушыларына сот отырысының дыбыс-, бейнежазбасымен, қысқаша хаттамасымен танысу және сот отырысының дыбыс-, бейнежазбасын, хаттамасын жасаудың толықтығы мен анықтығына қатысты өз ескертулерін беру мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.
4. Сот отырысының дыбыс-, бейнежазбасы мен сот отырысының қысқаша хаттамасына ескертулерді судья осы Кодекстің 829-12-бабының алтыншы және жетінші бөліктерінде белгіленген тәртіппен қарайды.
5. Сот отырыстарының дыбыс-, бейнежазбасы сот талқылауы барысын дәл тіркеп алу үшін, сондай-ақ азаматтық, қылмыстық сот ісін жүргізуде, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуде не тәртіптік іс бойынша іс жүргізу шеңберінде сот ісін жүргізу мақсатында ғана пайдаланылады.
Сот отырысының барысын тіркеп алуды қамтамасыз ететін дыбыс-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, дыбыс-, бейнежазбаны сақтау мен жою, сондай-ақ дыбыс-, бейнежазбаға қол жеткізу тәртібін осы Кодекстің талаптарын ескере отырып, соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын орган айқындайды.
829-14-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға, жоғары тұрған органның (лауазымды адамның) шағым, наразылық бойынша қаулысына шағымды, наразылықты қарау нәтижелерi бойынша қабылданатын шешiмдер
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi, шағымды, наразылықты қарап, сот мынадай қаулылардың бiрiн шығарады:
1) әкiмшiлiк жаза қолдану туралы;
2) іс бойынша iс жүргiзудi тоқтату туралы;
3) қаулыны, нұсқаманы - өзгеріссіз, ал шағымды, наразылықты қанағаттандырусыз қалдыру туралы;
4) қаулыны өзгерту туралы;
5) қаулының, нұсқаманың күшін жою және істі тоқтату туралы;
6) қаулының, нұсқаманың күшін жою және іс бойынша жаңа қаулы шығару туралы.
2. Осы бапта көзделген қаулы заңды және негізделген болуға тиіс.
Егер әкімшілік құқық бұзушылық үшін жаза қолдану туралы мәселені шешу кезінде судья бір мезгілде кінәлі адамның мүліктік залалды өтеуі туралы мәселені шешсе, онда қаулыда өндіріп алуға жататын залал мөлшері, оны өтеу мерзімі мен тәртібі көрсетіледі.
Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы сот қаулысы шығарылған күнінен бастап заңды күшіне енеді және шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберуге негіз болып табылады. Онда шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасының аумағын тастап кетуге тиіс болатын мерзім көрсетіледі.
3. Қаулыда осы Кодекстің 822-бабында көзделген мәліметтер көрсетілуге, сондай-ақ мәселелер шешілуге тиіс.
4. Істі, шағымды, наразылықты қарау нәтижесінде жасалған әрекетке заңдық бағаның қате екенін мойындай отырып, сот құқық бұзушылықтың саралануын заңның онша қатаң емес әкімшілік жазаны көздейтін бабына өзгертуге міндетті.
5. Көлік құралының жүргізушісін жол жүрісі қағидаларын білуін тексеру үшін емтихан тапсыруға жіберген кезде жол жүрісі қағидаларын білуін тексеруге жіберу туралы қаулы шығарылады, оның көшірмесі емтихан тапсыруға жіберілген адамға беріледі.
2019.18.03. № 237-VІ ҚР Заңымен 6-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Азаматтық және қызметтік қару иесін және (немесе) пайдаланушысын азаматтық және қызметтік қаруды қауіпсіз ұстау қағидаларын білуін тексеру үшін емтихан тапсыруға жіберу кезінде азаматтық және қызметтік қаруды қауіпсіз ұстау қағидаларын білуін тексеруге жіберу туралы қаулы шығарылады, оның көшірмесі емтихан тапсыруға жіберілетін адамға беріледі.
2019.30.12. № 300-VІ ҚР Заңымен 6-1-бөлікпен толықтырылды
6-1. Қаулыда осы Кодекстің 54-бабының негіздерінде құқық бұзушының жүріс-тұрысына қойылатын ерекше талаптар белгіленуі мүмкін.
7. Іс бойынша іс жүргiзудi тоқтату туралы қаулы:
1) осы Кодекстiң 741-бабында көзделген іс бойынша iс жүргiзудi болғызбайтын мән-жайлар болған;
2) осы Кодекстiң 742-бабында көзделген әкiмшiлiк жауаптылыққа тартпауға мүмкiндiк беретiн мән-жайлар болған;
3) осы Кодекстiң 32-бабына сәйкес тұлғаны тәртiптiк жауаптылыққа тарту туралы мәселенi шешу үшiн iс материалдары тиiстi органдарға берілетiн жағдайларда шығарылады.
8. Істі, шағымды, наразылықты қарау нәтижелері бойынша шығарылған қаулы жазбаша ресімделеді және оған осындай қаулыны шығарған судья қол қояды не осындай қаулыны шығарған судьяның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанында ресімделеді.
829-15-бап. Шағым, наразылық бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөніндегі қаулының, жоғары тұрған органның шағым, наразылық бойынша қаулысының күшін жою немесе оны өзгерту не айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманың күшін жою
Қаулының, нұсқаманың, шағым, наразылық бойынша қаулының күшін жою және істі тоқтату туралы шешім осы Кодекстің 741 және 742-баптарында көзделген мән-жайлар болған кезде, сондай-ақ қаулыны шығаруда, нұсқаманы ресімдеуде негізге алынған мән-жайлар дәлелденбеген кезде қабылданады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулының, шағым, наразылық бойынша қаулының күшін жою немесе оны өзгерту не айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманың күшін жою осы Кодекстің 840, 841, 842, 843, 844 және 845-баптарында көрсетілген негіздер бойынша жүзеге асырылады.
829-16-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iсті қарау нәтижелері бойынша, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға, жоғары тұрған органның (лауазымды адамның) шағым, наразылық бойынша қаулысына шағым, наразылық жөніндегі қаулыны жария ету
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iсті қарау нәтижелері бойынша, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға, жоғары тұрған органның (лауазымды адамның) шағым, наразылық бойынша қаулысына шағым, наразылық жөніндегі сот қаулысы ол шығарылғаннан кейін дереу жария етіледі.
2. Сот қаулысы ол шығарылғаннан кейін үш тәулікке дейінгі мерзімде - өзіне қатысты іс, шағым, наразылық бойынша қаулы шығарылған тұлғаға және шағымды өзі берген немесе оның өтінуі бойынша берілген жағдайда, жәбірленушіге, наразылық келтірген прокурорға табыс етіледі немесе жолданады.
Әкiмшiлiк қамаққа алу туралы қаулы шығарылған жағдайда қаулының көшiрмесi дереу прокурорға жiберiледi.
3. Әкімшілік қамаққа алу туралы іс бойынша қаулыға шағым, наразылық бойынша сот қаулысы қаулыны орындайтын органның (лауазымды адамның), сондай-ақ өзіне қатысты қаулы шығарылған тұлғаның назарына қаулы шығарылған күні жеткізіледі.
2022.11.07. № 137-VІІ ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (2022 ж. 11 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Атыс қаруын, сондай-ақ оқ-дәрiлердi қызметтiк мiндеттерiн орындауына байланысты сенiп берген немесе ұйым уақытша пайдалануға берген тұлғаға қатысты осы Кодекстiң 484 және 485-баптарында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша қаулының көшiрмесi тиiстi ұйымға жiберiледi.
5. Сот қаулысына осы Кодекстің 45-тарауында көзделген тәртіппен жоғары тұрған сотқа шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.
829-17-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша сот шығарған ұйғарым
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша ұйғарымда айыппұлды өз еркімен төлеу мерзімдерін немесе әкімшілік жазаны өзге түрде орындауды қоспағанда, осы Кодекстің 822-бабының бірінші бөлігінде көзделген мәліметтер көрсетілуге тиіс.
829-18-бап. Соттың жаңылыс, қатемен жазуларды және арифметикалық қателерді түзетуі
1. Қаулы шығарған сот іс бойынша іс жүргізуге қатысушылардың, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыны орындайтын сот орындаушысының, органның (лауазымды адамның) арызы бойынша немесе өз бастамашылығымен қаулыда жіберілген жаңылыс, қатемен жазуларды және арифметикалық қателерді қаулының мазмұнын өзгертпей түзетуге құқылы.
2. Жаңылыс, қатемен жазуларды және арифметикалық қателерді түзетулер туралы арызды қарау арыз келіп түскен күннен бастап үш тәулік ішінде жүргізіледі.
3. Жаңылыс, қатемен жазуларды немесе арифметикалық қатені түзету ұйғарым түрінде жүргізіледі.
4. Ұйғарымның көшірмесі шығарылған күнінен бастап үш тәулік ішінде іс бойынша іс жүргізуге қатысушыларға, қаулыны орындайтын сот орындаушысына, органға (лауазымды адамға), сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасаған органға (лауазымды адамға) жіберіледі.
829-19-бап. Жекеше қаулы
1. Заңдылықты бұзу жағдайлары анықталған, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайлар белгіленген кезде сот жекеше қаулы шығарады және тиісті ұйымға және лауазымды адамдарға оларды жою жөнінде шаралар қолдану туралы ұсыну енгізеді.
Соттың жекеше қаулысына оны алған күннен бастап он тәулік ішінде шешімі шағым жасалуға, наразылық білдіруге жатпайтын жоғары тұрған сотқа шағым жасалуы мүмкін.
2. Ұйымдардың басшылары және басқа да лауазымды адамдар жекеше қаулыны алған күнінен бастап бір ай ішінде қарауға және қолданған шаралар туралы жекеше қаулы шығарған сотқа хабарлауға міндетті.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 45-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда
45-тарау. Заңды күшіне енбеген сот қаулыларын апелляциялық тәртіппен қайта қарау
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 830-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
830-бап. Сот қаулысына шағым жасау, прокурордың апелляциялық өтінішхат келтіру құқығы
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Соттың әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулысына осы Кодекстiң 744, 745, 746, 747, 748 және 753-баптарында аталған тұлғалар шағым жасауы, сондай-ақ прокурордың апелляциялық өтінішхаты бойынша ол қайта қаралуы мүмкін.