2. Сыйақылар бойынша салықтық шегерімді қолдану үшін мыналар растайтын құжаттар болып табылады:
1) Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үй жағдайларын жақсарту жөніндегі іс-шараларды жүргізуге тұрғын үй құрылысы жинақ банкімен жасалған ипотекалық тұрғын үй қарызы шарты;
2) сыйақы сомалары бөліп көрсетілген ипотекалық тұрғын үй қарызын өтеу кестесі;
3) осындай қарыз бойынша сыйақының өтелгенін растайтын құжат.
3. Салықтық шегерімдер неғұрлым кеш болатын мынадай күндердің біріне тура келетін салықтық кезеңде қолданылады:
ипотекалық тұрғын үй қарызын өтеу кестесі бойынша сыйақыны өтеу күні;
сыйақыны төлеу күні.
38-тарау. Төлем көзінен ұстап қалатын жеке табыс салығы бойынша есептеу,
төлеу және салықтық есептілікті ұсыну тәртібі
350-бап. Төлем көзінен ұстап қалатын жеке табыс салығы бойынша жалпы ережелер
1. Жеке табыс салығын есептеуді, ұстап қалуды және бюджетке төлеуді төлем көзінен салық агенті осы Кодекстің 321-бабының 1) - 12) және 17) тармақшаларында көрсетілген кірістер бойынша, егер мұндай кірістерді аталған салық агенті төлеуге тиіс болса (төлесе), жүзеге асырады.
2. Егер осы баптың 3-тармағында өзгеше белгіленбесе, резидент-жеке тұлғаға кіріс төлейтін мынадай тұлғалар салық агенттері деп танылады:
1) дара кәсіпкер;
2) жеке практикамен айналысатын адам;
3) заңды тұлға, оның ішінде Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент.
Бұл ретте бейрезидент-заңды тұлға филиалын, өкілдігін немесе филиал немесе өкілдік ашпай тұрақты мекемесін Қазақстан Республикасының салық органдарында тіркеу есебіне қойған күннен бастап салық агенті деп танылады;
4) егер филиал, өкілдік қосарланған салық салуды болғызбау және салықтарды төлеуден жалтаруға жол бермеу мәселелерін реттейтін халықаралық шартқа немесе осы Кодекстің 220-бабына сәйкес тұрақты мекеме құрмаса, Қазақстан Республикасында қызметін филиал, өкілдік арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлға.
3. Мыналар салық агенттері деп танылмайды:
1) Қазақстан Республикасында аккредиттелген, шет мемлекеттің дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктері, шет мемлекеттің консулдық мекемелері;
2) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес төлем көзінен жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және аудару жөніндегі міндеттемеден босатылған халықаралық және мемлекеттік ұйымдар, шетелдік және қазақстандық үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар және қорлар.
4. Резидент-заңды тұлға өз шешімімен өзінің құрылымдық бөлімшесіне бір мезгілде мынадай міндетті жүктеуге құқылы:
төлем көзінен салық салуға жататын, осындай құрылымдық бөлімше есепке жазған, төлеген кірістер бойынша жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және аудару;
осындай құрылымдық бөлімшенің шығыстары болып табылатын салық салу объектілері бойынша әлеуметтік салықты есептеу және төлеу.
Резидент-заңды тұлға қабылдаған осындай шешім:
жаңадан құрылған құрылымдық бөлімшеге қатысты - осы құрылымдық бөлімше құрылған күннен бастап немесе осы құрылымдық бөлімше құрылған тоқсаннан кейінгі тоқсанның басынан бастап;
қалған жағдайларда - осындай шешім қабылданған тоқсаннан кейінгі тоқсанның басынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Резидент-заңды тұлғаның осындай шешімінің күшін жою осындай шешімнің күші жойылған тоқсаннан кейінгі тоқсанның басынан бастап қолданысқа енгізіледі.
5. Депозитарлық қолхаттар бойынша кірістерден жеке табыс салығын есептеуді және ұстап қалуды осындай депозитарлық қолхаттардың базалық активінің эмитенті жүргізеді.
Депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар бойынша дивидендтер түрінде резидентке төленетін кірістер бойынша салық агентінің салықтық міндеттемені орындау, сондай-ақ төлем көзінен ұсталып қалған табыс салығын қайтару тәртібі осы Кодекстің 310-бабына сәйкес айқындалады.
351-бап. Жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және төлеу
1. Төлем көзінен салық салуға жататын кірістер бойынша жеке табыс салығын есептеуді салық агентi салық салуға жататын кірісті есепке жазу кезінде жүргізедi.
Жеке табыс салығының сомасы осы бөлімге сәйкес айқындалатын төлем көзінен салық салынатын кіріс сомасына осы Кодекстің 320-бабында белгіленген мөлшерлемелерді қолдану арқылы есептеледі.
2. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, жеке табыс салығын ұстап қалуды салық агентi төлем көзiнен салық салуға жататын кірісті төлеу күнінен кешiктiрмей жүргізедi.
3. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, салық агентi төленген кірістер бойынша жеке табыс салығын аударуды кіріс төлеу жүзеге асырылған ай аяқталғаннан кейін күнтізбелік жиырма бес күннен кешіктірмей өзiнің тұрған жерi бойынша жүзеге асырады.
4. Салық агентiнiң құрылымдық бөлiмшелерi жұмыскерлерiнiң кірістері бойынша жеке табыс салығын аудару құрылымдық бөлiмшелердің орналасқан жері бойынша тиiстi бюджеттерге жүргiзiледi.
5. Осы Кодекстің ережелеріне сәйкес салық агенті төлем көзінен салық салуға жататын кірістерден есептелген жеке табыс салығы сомасын оны ұстап қалмай өз қаражаты есебінен төлеген кезде салық агентінің төлем көзінен жеке табыс салығын ұстап қалу және аудару жөніндегі міндеті орындалды деп есептеледі.
352-бап. Мемлекеттік мекемелердің жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және төлеу ерекшеліктері
1. Мемлекеттік органның шешімі бойынша құрылымдық бөлімшелері және (немесе) аумақтық органдары оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелер жұмыскерлерінің кірістері бойынша салық агенттері ретінде қарастырылуы мүмкін.
2. Жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша құрылымдық бөлімшелері және (немесе) аумақтық (төмен тұрған) органдары оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелер жұмыскерлерінің кірістері бойынша салық агенттері ретінде қарастырылуы мүмкін.
Бұл ретте осы бапта белгіленген тәртіппен салық агенттері деп танылған мемлекеттік мекемелер осы Кодекстің 12-бөлімінің мақсаттары үшін әлеуметтік салықты төлеушілер деп танылады.
Жеке табыс салығын төлеу салық агентінің тұрған жері бойынша тиісті бюджеттерге жүргізіледі.
3. Жеке табыс салығын есептеуді, ұстап қалуды және төлеуді салық агенті осы Кодекстің 350 және 351-баптарында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жүргізеді.
4. Салық агенті жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларацияны осы Кодекстің 355-бабында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде тапсырады.
353-бап. Төлем көзінен салық салынатын кірісті айқындау
1. Жұмыскердің салық салынатын кірісінің сомасы мынадай тәртіппен айқындалады:
жұмыскердің төлем көзінен салық салуға жататын, ағымдағы салықтық кезеңде алған кірістерінің сомасы,
алу
осы Кодекстің 341-бабының 1-тармағында көзделген, ағымдағы салықтық кезеңде кірісті түзету сомасы,
алу
осы Кодекстің 342-бабында көрсетілген тәртіппен салықтық шегерімдер сомасы.
2. Мүліктік кірістен басқа, тауарларды өткізуден, жұмыстарды орындаудан, қызметтерді көрсетуден түсетін, дара кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын адам болып табылмайтын жеке тұлға алған, салық салынатын кіріс мөлшері мынадай тәртіппен айқындалады:
мүліктік кірістен басқа, тауарларды өткізуден, жұмыстарды орындаудан, қызметтерді көрсетуден дара кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын адам болып табылмайтын жеке тұлға ағымдағы салықтық кезеңде алған, төлем көзінен салық салуға жататын кірістердің сомасы,
алу
осы Кодекстің 341-бабының 1-тармағында көзделген, ағымдағы салықтық кезеңде кірісті түзету сомасы,
алу
осы Кодекстің 346-бабы 1-тармағының 2) және (немесе) 3) тармақшаларында көрсетілген стандартты шегерімдер сомасы.
3. Зейнетақы төлемдері түріндегі салық салынатын кіріс мөлшері мынадай тәртіппен айқындалады:
1) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан:
салық салуға жататын, зейнетақы төлемдері түріндегі кіріс сомасы,
алу
осы Кодекстің 341-бабының 1-тармағында көзделген, жеке табыс салығы бойынша түзету сомасы
алу
осы Кодекстің 345-бабының 1-тармағында көрсетілген тәртіппен және мөлшерде салықтық шегерім сомасы;
2) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан - салық салуға жататын, зейнетақы төлемдері түріндегі кіріс мөлшерінде.
4. Жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша салық салынатын кіріс мөлшері мынадай тәртіппен айқындалады:
салық салуға жататын, жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша кіріс сомасы,
алу
осы Кодекстің 341-бабының 1-тармағында көзделген, жеке табыс салығы бойынша түзету сомасы,
алу
осы Кодекстің 345-бабының 2-тармағында көрсетілген тәртіппен және мөлшерде салықтық шегерім сомасы.
5. Салық агентінен салық салынатын кірістердің, оның ішінде осы баптың 1, 2, 3 және 4-тармақтарында көрсетілмеген кіріс түрлері бойынша мөлшері мынадай тәртіппен айқындалады:
төлем көзінен салық салуға жататын, осы баптың 1, 2, 3 және 4-тармақтарында көрсетілмеген, ағымдағы салықтық кезеңде алынған барлық кірістердің сомасы,
алу
осы Кодекстің 341-бабының 1-тармағында көзделген, ағымдағы салықтық кезеңде кірісті түзету сомасы,
алу
осы Кодекстің 346-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген стандартты шегерім сомасы.
6. Төлем көзінен салық салуға жататын кірістің шетел валютасындағы сомасы кіріс төленген күннің алдындағы соңғы жұмыс күні айқындалған валюта айырбастаудың нарықтық бағамы қолданыла отырып, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен қайта есептеледі.
7. Егер осы баптың 1 - 5-тармақтарында көзделген тәртіппен айқындалған сома теріс болып табылса, онда мұндай сома салықтық шегерімдердің асып кетуі деп танылады.
Салықтық шегерімдердің асып кету сомасы осы салықтық кезеңдерде салық салынатын кіріс есебінен өтеу үшін күнтізбелік жыл шегінде кейінгі салықтық кезеңдерге ауыстырылады.
354-бап. Салықтық және есепті кезеңдер
1. Салық агенттері төлем көзінен салық салуға жататын кірістерден жеке табыс салығын есептеу үшін күнтiзбелiк ай салықтық кезең болып табылады.
2. Жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларацияны жасау үшін күнтiзбелiк тоқсан есепті кезең болып табылады.
355-бап. Жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларация
1. Жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларацияны салық агенті тұрған жердегі салық органдарына есепті кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірмей:
салық агенттері, оның ішінде тіркелген шегерімді пайдалана отырып арнаулы салық режимін қолданатын салық агенттері;
әлеуметтік төлем агенттері немесе төлеушілер, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өз пайдасына тапсырады.
2. Бірыңғай жер салығын төлеу негізінде арнаулы салық режимін қолданатын салық агенттері төлем көзінен ұстап қалатын жеке табыс салығының есептелген сомаларын бірыңғай жер салығын төлеушілерге арналған декларацияда көрсетеді.
3. Құрылымдық бөлімшелері бар салық агенттері құрылымдық бөлімше орналасқан жердегі салық органына жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларацияға құрылымдық бөлімше бойынша жеке табыс салығы және әлеуметтік салық сомасын есептеу жөніндегі қосымшаны ұсынады.
39-тарау. Жеке тұлға дербес есептейтін жеке табыс салығы бойынша есептеу, төлеу және салықтық есептілікті ұсыну тәртібі
356-бап. Жеке тұлға дербес есептейтін жеке табыс салығы бойынша жалпы ережелер
1. Жеке табыс салығын есептеуді және бюджетке төлеуді жеке тұлға:
1) осы Кодекстің 321-бабының 1) - 12) және 17) тармақшаларында көрсетілген кірістер бойынша - осындай кірістерді салық агенті болып табылмайтын тұлғадан алған жағдайда;
2) осы Кодекстің 321-бабының 13) - 18) тармақшаларында көрсетілген кірістер бойынша дербес жүзеге асырады.
2. Жеке тұлға дербес салық салуға жататын, шетел валютасымен алынған (алуға жататын) кіріс кіріс алуға жататын күннің алдындағы соңғы жұмыс күні айқындалған валюта айырбастаудың нарықтық бағамы қолданыла отырып Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен қайта есептеледi.
357-бап. Жеке тұлға дербес салық салуға жататын жеке тұлғаның салық салынатын кірісін айқындау
1. Дара кәсіпкердің, жеке практикамен айналысатын адамның және резидент-еңбекші көшіп келушінің кірісін қоспағанда, жеке тұлға дербес салық салуға жататын тиісті кірістің салық салынатын сомасы мынадай тәртіппен айқындалады:
жеке тұлға дербес салық салуға жататын жеке тұлға кірісі,
алу
осы Кодекстің 341-бабының 1-тармағында көзделген, кірісті түзету сомасы,
алу
осы Кодекстің 342-бабында көрсетілген мөлшерде және тәртіппен салықтық шегерімдер сомасы.
2. Жалпыға бірдей белгіленген салық салу режимін қолданатын дара кәсіпкер кірісінің салық салынатын сомасы мынадай тәртіппен айқындалады:
дара кәсіпкердің осы Кодекстің 366-бабына сәйкес айқындалған салық салынатын кірісі,
алу
тауарлармен электрондық сауданы жүзеге асыратын дара кәсіпкердің салық салынатын кірісі
алу
осы Кодекстің 341-бабының 1-тармағында көзделген, кірісті түзету сомасы,
алу
осы Кодекстің 342-бабында көрсетілген мөлшерде және тәртіппен салықтық шегерімдер сомасы.
Дара кәсіпкер кірісінің салық салынатын сомасын тауарлармен электрондық сауданы жүзеге асыратын дара кәсіпкердің салық салынатын кірісіне азайту, егер осындай қызмет операциялары бойынша пайда болған теріс бағамдық айырма сомасынан оң бағамдық айырма сомасының асып кетуі ескеріле отырып, тауарлармен электрондық сауданы жүзеге асырудан түсетін кірістер дара кәсіпкердің салықтық кезең үшін жиынтық түрде алған кірісінің кемінде 90 пайызын құраса, жүргізіледі. Бұл шарт сақталмаған кезде дара кәсіпкер осы тармақтың бірінші бөлігі үшінші және төртінші абзацтарының ережелерін қолдануға құқылы емес.
3. Жеке практикамен айналысатын адам кірісінің салық салынатын сомасы осы Кодекстің 365-бабында белгіленген тәртіппен айқындалады.
4. Резидент-еңбекші көшіп келуші кірісінің салық салынатын сомасы осы Кодекстің 360-бабында белгіленген тәртіппен айқындалады.
358-бап. Жеке тұлға дербес салық салуға жататын кірістер бойынша жеке табыс салығын есептеу
1. Жеке тұлға дербес салық салуға жататын кірістерден жеке табыс салығын есептеу жеке табыс салығы бойынша декларацияда кейінен көрсете отырып, салықтық кезеңде алынған кірістер бойынша жүргізіледі.
Жеке практикамен айналысатын адамдардың кірістерінен жеке табыс салығын есептеу жеке табыс салығы бойынша декларацияда кейін көрсетіле отырып, әр айдың қорытындысы бойынша бір айда алынған кірістер бойынша жүргізіледі.
2. Жеке тұлға дербес салық салуға жататын кірістерден жеке табыс салығының сомасы жеке тұлғаның салық салынатын тиісті кіріс түрінің сомасына осы Кодекстің 320-бабында белгіленген мөлшерлемені қолдану арқылы есептеледі.
3. Патент немесе оңайлатылған декларация негізінде шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер көрсетілген арнаулы салық режимдерінің шеңберінде салық салынатын кірістер боыйнша жеке табыс салығын есептеуді осы Кодекстің 77-тарауына сәйкес жүргізеді.
4. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер жеке табыс салығын (төлем көзінен салық салуға жататын кірістер бойынша есептелетін салықтан басқа) есептеуді осы Кодекстің 78-тарауының ережелерін ескере отырып жүргізеді.
5. Жеке табыс салығының бюджетке төлеуге жататын сомасы мынадай тәртіппен айқындалады:
жеке табыс салығының осы бапта көзделген тәртіппен есептелген сомасы,
алу
жеке табыс салығының осы Кодекстің 359-бабына сәйкес есепке жатқызу жүзеге асырылатын сомасы,
алу
корпоративтік табыс салығының осы баптың 6-тармағына сәйкес есепке жатқызу жүзеге асырылатын сомасы.
6. Жеке табыс салығы мынадай тәртіптердің бірімен айқындалатын шамаға азайтылады:
1) дивидендтер түріндегі кірістерден Қазақстан Республикасындағы төлем көзінен ұстап қалған корпоративтік табыс салығының сомасын қоспағанда, осы Кодекстің 340-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында есепті немесе алдыңғы салықтық кезеңде бақыланатын шетелдік компанияның салық салуға жататын (салық салынған) қаржылық пайдасына енгізілген, Қазақстан Республикасындағы көздерден бақыланатын шетелдік компанияның кірісінен немесе салық салынатын кірісінен салықтық кезеңде Қазақстан Республикасындағы төлем көзінен ұстап қалған корпоративтік табыс салығының сомасы. Осы тармақшаның ережесі 10 пайыздан аз болатын мөлшерлеме қолданыла отырып есептелген, төлем көзінен ұстап қалған корпоративтік табыс салығының сомасына және резидент осы Кодекстің 359-бабы 2-тармағының ережелерін қолданбаған жағдайда қолданылады;
2) мынадай тәртіппен айқындалатын шама:
Сш = К х (Км - Мт)/100 %, мұнда:
Сш - осы тармақшаға сәйкес шегеруге жататын салық;
К - дивидендтер түріндегі кірістерді қоспағанда, Қазақстан Республикасындағы көздерден бақыланатын шетелдік компания алған кіріс немесе салық салынатын кіріс;
Км - 10 пайыздан аз болатын мөлшерлеме бойынша Қазақстан Республикасындағы көздерден бақыланатын шетелдік компанияның кірісінен немесе салық салынатын кірісінен Қазақстан Республикасында ұстап қалған корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі (бұдан әрі - корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі);
Мт - бақыланатын шетелдік компанияның Қазақстан Республикасындағы көздерден кірісті немесе салық салынатын кірісті қамтитын, осы Кодекстің 359-бабының 2-тармағына сәйкес есепке жатқызылған немесе есепке жатқызылуға тиіс пайдаға салынатын шетелдік салық есептелген қаржылық пайдасынан шет мемлекетте төленген пайдаға салынатын шетелдік салықтың немесе Қазақстан Республикасындағы корпоративтік табыс салығына ұқсас өзге шетелдік салықтың тиімді мөлшерлемесі (бұдан әрі - пайдаға салынатын шетелдік салықтың тиімді мөлшерлемесі).
Осы тармақтың бірінші бөлігі 2) тармақшасының ережесі, егер резидент-жеке тұлға осы Кодекстің 359-бабы 2-тармағының ережелерін қолданса және корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі пайдаға салынатын шетелдік салықтың тиімді мөлшерлемесінен көп болса, пайдаланылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігі 1) немесе 2) тармақшасының ережелері резидент-жеке тұлғада мынадай:
бақыланатын шетелдік компанияның Қазақстан Республикасындағы көздерден алған кірісінен немесе салық салынатын кірісінен төлем көзінен корпоративтік табыс салығын резиденттің ұстап қалғанын және Қазақстан Республикасының бюджетіне аударғанын растайтын;
бақыланатын шетелдік компанияның Қазақстан Республикасында салық салуға жататын (салық салынған) қаржылық пайдасына Қазақстан Республикасындағы көздерден кірістің немесе салық салынатын кірістің енгізілуін растайтын шет тілде (қазақ немесе орыс тіліне міндетті аудармасымен) жасалған ішкі құжаттың (құжаттардың);
осы Кодекстің 303-бабы 4-тармағының бесінші бөлігінде көрсетілген (осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасы қолданылған жағдайда) құжаттардың көшірмелері болған кезде қолданылады.
359-бап. Шетелдік салықты есепке жатқызу
1. Резидент-жеке тұлғаның Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі көздерден алған кірістерден Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде төленген кіріс салықтарының немесе жеке табыс салығына ұқсас өзге шетелдік салықтың (бұдан әрі осы баптың мақсатында - шетелдік табыс салығы) сомалары осындай шетелдік табыс салығының төленгенін растайтын құжат болған кезде жеке табыс салығының мөлшерлемесі шегінде осы Кодекстің 303-бабында айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасындағы жеке табыс салығын төлеу есебіне есепке жатқызуға жатады.
2. Қазақстан Республикасындағы жеке табыс салығын төлеу есебіне бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасынан немесе бақыланатын шетелдік компания тұрақты мекемесінің қаржылық пайдасынан шетелдік табыс салығының мынадай формула бойынша есептелген сомасы есепке жатқызуға жатады:
Се = О х Ү х Мт/100 %, мұнда
Се - шетелдік табыс салығының есепке жатқызылуға жататын сомасы;
О - осы Кодекстің 340-бабына сәйкес резидент-жеке тұлғаның жылдық кірісіне енгізілген, бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасының оң шамасы немесе бақыланатын шетелдік компания тұрақты мекемесінің қаржылық пайдасының оң шамасы;
Ү - осы Кодекстің 297-бабына сәйкес айқындалатын, бақыланатын шетелдік компанияға резиденттің тікелей немесе жанама, немесе конструктивті қатысу немесе тікелей немесе жанама, немесе конструктивті бақылау коэффициенті;
Мт - осы Кодекстің 294-бабына сәйкес есептелген тиімді мөлшерлеме.
Осы тармақтың ережелері шетелдік табыс салығы бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасынан немесе бақыланатын шетелдік компания тұрақты мекемесінің қаржылық пайдасынан мынадай мемлекеттерде:
1) бақыланатын шетелдік компания тіркелген немесе бақыланатын шетелдік компанияның тұрақты мекемесі тіркелген мемлекетте;
2) тұрақты мекеме құрған бақыланатын шетелдік компания тіркелген мемлекетте;
3) резидент бақыланатын шетелдік компанияға қатысу үлестерін (дауыс беретін акцияларын) сол арқылы жанама иеленетін не жанама бақылау жасайтын бақыланатын тұлға тіркелген мемлекетте 10 пайыздан аз болатын тиімді мөлшерлеме бойынша төленген жағдайда қолданылады.
Егер бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасына немесе бақыланатын шетелдік компания тұрақты мекемесінің қаржылық пайдасына екі және одан көп шет мемлекетте шетелдік табыс салығы салынса, онда тиімді мөлшерлемесі осындай шет мемлекеттерде төленген шетелдік табыс салығының тиімді мөлшерлемелерінен барынша көп шаманы құрайтын шетелдік табыс салығы ғана есепке жатқызуға қабылданады. Осы абзацтың ережелері:
1) бақыланатын шетелдік компанияға қатысу үлестерін (дауыс беретін акцияларын) жанама иеленген немесе жанама бақылау жасаған және бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасынан немесе бақыланатын шетелдік компания тұрақты мекемесінің қаржылық пайдасынан шетелдік табыс салығы (осындай жанама иелену немесе осындай жанама бақылау сол (солар) арқылы жүзеге асырылатын бақыланатын тұлға (тұлғалар) тіркелген) екі және одан көп шет мемлекетте төленген кезде, немесе
2) бақыланатын шетелдік компанияға қатысу үлестерін (дауыс беретін акцияларын) тікелей иеленген немесе тікелей бақылау жасаған және бақыланатын шетелдік компания тұрақты мекемесінің қаржылық пайдасынан шетелдік табыс салығы:
бақыланатын шетелдік компанияның тұрақты мекемесі;
тұрақты мекеме құрған бақыланатын шетелдік компания тіркелген шет мемлекеттерде төленген кезде қолданылады.
Резидент бақыланатын шетелдік компанияға қатысу үлестерін (дауыс беретін акцияларын) тікелей және жанама немесе тікелей және конструктивті иеленген не резиденттің тікелей және жанама немесе тікелей және конструктивті бақылауы болған жағдайда, бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасынан немесе бақыланатын шетелдік компания тұрақты мекемесінің қаржылық пайдасынан шетелдік табыс салығының осы тармаққа сәйкес есепке жатқызылуға жататын сомасы бақыланатын шетелдік компанияға қатысу үлестерін (дауыс беретін акцияларын) әрбір тікелей және жанама иелену немесе тікелей және конструктивті иелену не тікелей және жанама бақылау жасау немесе тікелей және конструктивті бақылау жасау бойынша жеке есептеледі. Бұл ретте бақыланатын шетелдік компанияға қатысу үлестерін (дауыс беретін акцияларын) тікелей және жанама иелену немесе тікелей және конструктивті иелену не тікелей және жанама бақылау жасау немесе тікелей және конструктивті бақылау жасау бойынша жеке есептелген осындай шетелдік табыс салығы шамаларының сомасы осы тармаққа сәйкес есепке жатқызылуға жатады.
Осы тармақты қолдану үшін резидентте осы Кодекстің 303-бабы 4-тармағының бесінші бөлігінде көрсетілген құжаттар болуға тиіс.
360-бап. Резидент-еңбекші көшіп келушінің кірісі
1. Резидент-еңбекші көшіп келушілер салықтық кезең ішінде еңбекші көшіп келушіге рұқсат негізінде, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жасалған еңбек шарттары бойынша алынған (алуға жататын) кірістер бойынша жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлем төлеуді жүргізеді.
2. Жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлем еңбекші көшіп келушіге рұқсатты алуға (ұзартуға) арналған өтінішінде резидент-еңбекші көшіп келуші көрсеткен тиісті кезеңнің жұмыстар орындалатын (қызметтер көрсетілетін) әрбір айы үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 2 еселенген мөлшерінде есептеледі.
3. Резидент-еңбекші көшіп келуші жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлем төлеуді еңбекші көшіп келушіге рұқсатты алғанға (ұзартқанға) дейін болатын жері бойынша жүргізеді.
4. Салықтық кезең аяқталғаннан кейін резидент-еңбекші көшіп келушілер жеке табыс салығының сомасын есептеуді кірістің салық салынатын сомасына осы Кодекстің 320-бабының 1-тармағында белгіленген мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізеді.
5. Кірістің салық салынатын сомасы жұмыстарды орындаудан (қызметтерді көрсетуден) алынған (алуға жататын), еңбекші көшіп келушіге рұқсатта көрсетілген тиісті кезеңнің жұмыстар орындалатын (қызметтер көрсетілетін) әрбір айы үшін есептелген, республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын бір ең төмен жалақы мөлшерінің сомасына азайтылған кірістер сомасы ретінде айқындалады.