3. Тиісті негізгі қуатқа қол жеткізудің өзге тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен регламенттелген жағдайды қоспағанда, негізгі қуатты иеленушілер монополияға қарсы орган бекітетін негізгі қуатқа тең қол жеткізу қағидаларына сәйкес басқа да нарық субъектілеріне негізгі қуатқа тең қолжетімділік беруге міндетті.
Егер негізгі қуат шикізат тауары болып табылған жағдайда, тиісті негізгі қуатты иеленушілер оған көрсетілген шикізатты пайдаланатын тауар өндірушілерге ғана тең қолжетімділік беруге міндетті.
Егер негізгі қуат бағдарламалық өнім болып табылған жағдайда, оған қолжетімділік Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Негізгі қуатқа тең қолжетімділік нарықтық шарттармен беріледі.
5. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген талаптар одан әрі қайта сату мақсатынсыз, өз мұқтаждары үшін және (немесе) олармен бір тұлғалар тобына кіретін тұтынушылар пайдаланатын көлемде негізгі қуатты иеленушілерге қолданылмайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережесі квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қолданылмайды.»;
13) 177-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Қазақстан Республикасының заңнамасына, іскерлік айналым ғұрыптарына, парасаттылық, зерделілік пен әділдік талаптарына қайшы келетін және басқа да нарық субъектілеріне - бәсекелестерге зиян келтірген немесе келтіруі мүмкін не олардың іскерлік беделіне нұқсан келтірген немесе келтіруі мүмкін нарық субъектісінің (тұлғалар тобының) немесе бірнеше нарық субъектісінің (тұлғалар тобының) кәсіпкерлік қызметте артықшылықтар алуға бағытталған кез келген әрекеттері жосықсыз бәсекелестік болып табылады.»;
2-тармақта:
бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Жосықсыз бәсекелестікке оның ішінде мынадай әрекеттер жатады:»;
мынадай мазмұндағы 15) тармақшамен толықтырылсын:
«15) тауар сатушыны (берушіні) ауыстыруға кедергі жасау.»;
14) 16-тарау мынадай мазмұндағы 191-1-баппен толықтырылсын:
«191-1-бап. Тауар сатушыны (берушіні) ауыстыруға кедергі жасау
Шартты бұзу кезінде тұтынушыға шарт жасасу кезінде бұрын көзделмеген немесе болған талаптардан артық талаптар қою, сондай-ақ тауар сатушыны (берушіні) еркін ауыстыруды қамтамасыз ету үшін қажетті ақпаратты жария қолжетімділікте орналастырмау тауар сатушыны (берушіні) ауыстыруға кедергі жасау болып табылады.
Тауар сатушыны (берушіні) еркін ауыстыруды қамтамасыз ету үшін қажетті ақпаратты жария қолжетімділікте орналастыру тәртібін монополияға қарсы орган айқындайды.»;
15) 192-бапта:
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындарды, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларды және олармен үлестес тұлғаларды құру монополияға қарсы органның келісімімен жүзеге асырылады.
Осы Кодексте белгіленген өлшемшарттарға сәйкес шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жататын, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларды және олармен үлестес тұлғаларды құруға, сондай-ақ мемлекеттің оларға қатысуына тыйым салынады.
Өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындар, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен үлестес тұлғалар жүзеге асыратын қызмет түрлері кеңейтілген және (немесе) өзгертілген кезде монополияға қарсы органның келісімі қажет.»;
мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:
«4-1. Мемлекеттік кәсіпорындардың, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың және олармен үлестес тұлғалардың жүзеге асыратын қызмет түрлерін құруды, кеңейтуді және (немесе) өзгертуді көздейтін құқықтық актілердің жобалары монополияға қарсы органмен міндетті түрде келісуге жатады.»;
8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«8. Өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындардың, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың және олармен үлестес тұлғалардың жүзеге асыратын қызмет түрлерін монополияға қарсы органның келісімінсіз құруға, кеңейтуге және (немесе) өзгертуге тыйым салынады және бұл Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда, монополияға қарсы орган бұзушылықтар мен олардың салдарларын жою туралы нұсқама шығарады.»;
4-тармақтың 16) тармақшасы 2022 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді
16) 193-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«193-бап. Мемлекеттік монополия және арнайы құқық
1. Осы Кодексте көзделген тәртіппен енгізілетін, бәсекелестік нарықта қандай да бір тауарды өндіруге, өткізуге және (немесе) сатып алуға мемлекеттің айрықша құқығы мемлекеттік монополия болып табылады.
Бәсекелестік нарықта қандай да бір тауарды өндіруге, өткізуге және (немесе) сатып алуға нарық субъектісінің заңда бекітілетін айрықша немесе артықшылықты құқығы арнайы құқық болып табылады.
2. Мемлекет тауарларды бәсекелестік нарықта өткізу конституциялық құрылыстың, ұлттық қауіпсіздіктің, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың, халықтың денсаулығын сақтаудың жай-күйіне теріс әсер етуі мүмкін қызмет салаларында тауарды өндіруге және (немесе) сатуға, сатып алуға немесе оны пайдалануға мемлекеттің айрықша құқығын заңмен бекіту не нарық субъектісіне заңмен арнайы құқық беру арқылы бәсекелестікті шектеуге құқылы.
3. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясын, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын, мемлекеттік техникалық қызметті қоспағанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылған мемлекеттік кәсіпорын ғана мемлекеттік монополия субъектісі бола алады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен айқындалған мемлекеттік кәсіпорын, акционерлік қоғам, жауапкершілігі шектеулі серіктестік арнайы құқық субъектісі бола алады.
4. Акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) бір жүз пайыздан азы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі заңды тұлғаны арнайы құқық субъектісі деп айқындауға акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) бір жүз пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі заңды тұлғаны арнайы құқық субъектісі деп айқындау мүмкін болмаған кезде ғана жол беріледі.
5. Монополияға қарсы орган мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілерінің мемлекеттік тізілімін қалыптастырады және жүргізеді.
6. Мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілеріне:
1) тауарларды өндірумен технологиялық тұрғыдан байланысты қызметті қоспағанда, мемлекеттік монополия, арнайы құқық саласына жатпайтын тауарларды өндіруге;
2) басқа заңды тұлғалардың акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) иеленуге, сондай-ақ олардың қызметіне өзгеше түрде қатысуға;
3) мемлекеттік монополияға, арнайы құқыққа байланысты құқықтарды басқаға қайта беруге;
4) өндірілетін немесе өткізілетін тауарларға мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган монополияға қарсы орган айқындайтын тәртіппен белгілеген бағалардан ерекшеленетін бағаларды белгілеуге тыйым салынады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көзделген шектеулер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына, мемлекеттік техникалық қызметке және Тауарларды таңбалау мен қадағалап отырудың бірыңғай операторына қолданылмайды.
Дүлей зілзала, эпидемия, эпизоотия кезінде, сондай-ақ негізгі қызметін одан әрі жалғастыруға кедергі келтіретін шектеулер болған кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектісіне негізгі қызметін қайта бастағанға дейінгі кезеңге технологиялық тұрғыдан негізгі қызметіне жақын өзге де қызмет түрлерін жүзеге асыру құқығын береді.
7. Мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілері жария мүдделі ұйымдар болып табылады және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес міндеттерді атқарады.
Мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілері әрбір қызмет түрі бойынша, оның ішінде технологиялық тұрғыдан байланысты қызмет түрлері бойынша кірістерді, шығындар мен тартылған активтерді бөлек есепке алуды жүргізуге міндетті.
8. Мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілерінің қызметін мемлекеттік реттеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
9. Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өндірумен технологиялық тұрғыдан байланысты қызмет түрлерінің тізбесін мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган монополияға қарсы органмен келісу бойынша бекітеді.
10. Мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілерінің осы баптың 6-тармағында белгіленген шектеулерді сақтауын бақылауды осы Кодекске сәйкес монополияға қарсы орган жүзеге асырады.
11. Мемлекеттік монополия, арнайы құқық енгізілген кезде мынадай шарттар сақталады:
1) нарық субъектілері осы шешім туралы ол қолданысқа енгізілгенге дейін кемінде алты ай бұрын хабардар етілуге тиіс;
2) мемлекеттік монополия, арнайы құқық қолданысқа енгізілгеннен кейін алты ай мерзім бойы осы тауарды өндірумен, сатумен айналысқан немесе пайдаланған нарық субъектілері, орындалу мерзімі жоғарыда көрсетілген мерзімнен асатын мәмілелер жасауды қоспағанда, осы тауарды өткізуді жүзеге асыруға құқылы;
3) нарық субъектілеріне мемлекеттік монополияны, арнайы құқықты енгізу нәтижесінде келтірілген залал Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен өтеледі.
12. Арнайы құқық субъектісі мәртебесінен айыру аталған субъект осы баптың талаптарын күнтізбелік бір жыл ішінде екі және одан да көп рет бұзған немесе ол тауар нарығындағы өзінің монополиялық жағдайын теріс пайдаланған жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
13. Монополияға қарсы орган бекітілген кестеге сәйкес мемлекеттік монополияның, арнайы құқықтың жекелеген субъектілерінің қызметіне жыл сайын талдау жүргізеді және есепті жылдан кейінгі жылдың 5 қаңтарынан кешіктірмей Қазақстан Республикасының Үкіметіне мемлекеттік монополия, арнайы құқық саласына жатқызылған қызметті бәсекелес ортаға беру жөнінде ұсыныстар жібереді.
Бәсекелес ортаға беру кезінде тиісті тауар нарығында монополиялық жағдайдың туындауына және (немесе) бәсекелестікті шектеуге жол берілмейді.
14. Осы баптың ережелері бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өзіне жүктелген функцияларды жүзеге асыруға ықпал ететін және (немесе) қаржы нарығы инфрақұрылымының бір бөлігі болып табылатын еншілес ұйымдарының, табиғи монополия субъектілерінің қызметіне қолданылмайды.»;
17) 194-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымдар мемлекеттік функцияларды іске асырған немесе мемлекеттік қолдау шараларын көрсеткен кезде олардың әрекеттерінен (әрекетсіздігінен), актілер не шешімдер қабылдаудан көрінетін, бәсекелестікті шектеуге немесе жоюға алып келген немесе алып келуі мүмкiн бәсекелестiкке қарсы әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тыйым салынады және олар толығымен немесе iшiнара жарамсыз деп танылады.»;
2-тармақ мынадай мазмұндағы 11) тармақшамен толықтырылсын:
«11) нарық субъектілеріне жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына тең қолжетімділік бермеу.»;
мынадай мазмұндағы 3-1, 3-2 және 3-3-тармақтармен толықтырылсын:
«3-1. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну кезінде:
1) нарықтың жаңа субъектілері үшін мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізуді шектеуге;
2) жеке кәсіпкерлік субъектілеріне өз мазмұны бойынша мемлекеттік қолдау нысанасына қатысы жоқ қосымша міндеттемелер жүктеуге;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген алымдар мен өзге де төлемдерді алуға;
4) мемлекеттік қолдау шараларын алушылардың қызметін, егер бұл әрекет бәсекелестікті болғызбауға, шектеуге немесе жоюға алып келсе немесе алып келуі мүмкін болса, үйлестіруге тыйым салынады.
3-2. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларын енгізу, жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау шараларын көрсету тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық актінің жобасы осы баптың 3-1-тармағының талаптары сақтала отырып, монополияға қарсы органмен келісуге жатады.
Монополияға қарсы органмен жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларын енгізу, жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау шараларын көрсету тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық актінің жобасы келісілген кезде мыналар есепке алынады:
1) тауар нарығының шоғырлану деңгейі;
2) тауар нарығына кірудің экономикалық, технологиялық, әкімшілік кедергілерінің болуы;
3) шағын, орта кәсіпкерліктің қатысу үлесі;
4) нарықтың жаңа субъектілерінің пайда болу серпіні;
5) тауар нарығының теңгерімі, ішкі сұранысты қанағаттандыру;
6) тиісті тауар нарығында кәсіпкерлікке мемлекеттің қатысу деңгейі;
7) мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарымен бекітілген тауар нарығындағы мақсаттарға, нысаналы индикаторларға, міндеттерге және бәсекелестікті дамыту көрсеткіштеріне қол жеткізу;
8) тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйі ескеріле отырып, жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларының басымдығын айқындайтын өзге де құжатпен расталған мән-жайлар.
3-3. Осы баптың 1, 2, 3-1 және 3-2-тармақтарының ережелері Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша бастама жасалған, экономиканы қолдау, халықтың іскерлік белсенділігі мен жұмыспен қамтылуын ынталандыру үшін дағдарысқа қарсы іс-шаралар кешенін іске асыру кезінде қолданылмайды.»;
18) 195-1-бапта:
2-тармақтың 2) тармақшасы «тәртібін көздейтін» деген сөздерден кейін «, монополияға қарсы орган бекітетін әдістемелік ұсынымдарға сәйкес әзірленетін» деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы 5 және 6-тармақтармен толықтырылсын:
«5. Монополияға қарсы комплаенстің ішкі актісін әзірлеу және ендіру жөніндегі әдістемелік ұсынымдарда:
1) монополияға қарсы комплаенстің ішкі актісін әзірлеу және ендіру кезеңдері;
2) монополияға қарсы комплаенстің ішкі актісін әзірлеу және ендіру жөніндегі іс-шаралардың мазмұны;
3) нарық субъектісінің қызметімен байланысты монополияға қарсы комплаенс-тәуекелдерге бағалау жүргізу әдісі (әдістері);
4) монополияға қарсы комплаенс-тәуекелдерді ішкі бақылау жүйесін құру;
5) монополияға қарсы комплаенстің ішкі актісінің жұмыс істеу тиімділігіне бағалау жүргізу әдісі (әдістері);
6) монополияға қарсы комплаенстің ішкі актісін әзірлеу және ендіру жөніндегі өзге де ережелер көзделеді.
6. Нарық субъектісінде тиімді жұмыс істейтін монополияға қарсы комплаенстің ішкі актісінің болуы Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтар туралы істерді қарау кезінде ескеріледі.»;
19) 196-бапта:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдау монополияға қарсы орган бекітетін, бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізу жөніндегі әдістемелерге сәйкес:
1) тауар нарықтарында;
2) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша қаржылық көрсетілетін қызметтер нарықтарында жүргізіледі.»;
11-тармақта:
екінші бөлікте:
«бәсекелестік ортаның жай-күйін талдау және бағалау» деген сөздер «бәсекелестіктің жай-күйін талдау» деген сөздермен ауыстырылсын;
түзету орыс тіліндегі мәтінге енгізіледі, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;
үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«Мемлекеттің кәсіпкерлік ортаға қатысуының орындылығын анықтау мақсатында талдау монополияға қарсы орган айқындайтын тәртіппен осы баптың 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген кезеңдер негізінде жүргізіледі.»;
20) 199-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Егер хабарлама шығарылған кезден бастап күнтізбелік бір жыл ішінде монополияға қарсы орган мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген сол бір ұйымның, мемлекеттік, жергілікті атқарушы органның, нарық субъектісінің әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) осы баптың 1-тармағында санамаланған Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын сол бір бұзушылық белгілерін байқаса, монополияға қарсы орган хабарлама жіберместен, тергеп-тексеру жүргізу туралы шешім шығарады.»;
21) мынадай мазмұндағы 210-1-баппен толықтырылсын:
«210-1-бап. Сенім білдірілген адам
1. Монополияға қарсы органның экономикалық шоғырлануға келісім беру туралы шешімінде көзделген талаптар мен міндеттемелердің орындалуына сараптамалық бағалау жүргізу үшін нарық субъектісі осы баптың талаптарына сәйкес айқындалатын сенім білдірілген адамды тартуға құқылы.
2. Экономикалық шоғырланудың нысанасы болып табылатын мәселелер бойынша арнайы ғылыми немесе практикалық білімі бар адам сенім білдірілген адам болып табылады.
3. Сенім білдірілген адам мен нарық субъектісі арасында монополияға қарсы орган бекітетін үлгілік нысан бойынша шарт жасалады.
Сенім білдірілген адам монополияға қарсы органды шарт жасалғаны туралы ол күшіне енген күннен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей хабардар етеді.
4. Сенім білдірілген адам экономикалық шоғырлануға қатысушыларға қатысты тәуелсіз болуға тиіс.
Мынадай:
1) экономикалық шоғырлануға қатысушы болып табылатын не экономикалық шоғырлануға қатысушымен бір тұлғалар тобына кіретін;
2) экономикалық шоғырлануға қатысушының бәсекелесі болып табылатын және (немесе) осындай тұлғамен бір тұлғалар тобына кіретін не экономикалық шоғырлануға қатысушының бәсекелесі болып табылатын тұлғамен бір тұлғалар тобына кіретін адам сенім білдірілген адам ретінде тартыла алмайды.
5. Сенім білдірілген адам нарық субъектісінің экономикалық, мінез-құлықтық, ұйымдастырушылық, құрылымдық және өзге де, оның ішінде мыналарға:
1) нарық субъектісінің бөлінуіне немесе оның құрамынан заңды тұлғаның бөлініп шығуына;
2) нарық субъектісінің мүлікті, мүліктік және өзге де құқықтарды үшінші тұлғаларға өткізуіне, беруіне;
3) мүдделер қақтығысын болғызбау үшін тұлғалар тобына кіретін нарық субъектілерін немесе нарық субъектісінің құрылымдық бөлімшелерін басқару функцияларын бөлуге;
4) тауарларды өндіруге және (немесе) өткізуге, инвестицияларды бағыттауға, тауар нарығындағы мінез-құлықтың әлеуметтік, экономикалық және өзге де шарттарын орындауға;
5) нарық субъектісінің тауарларына кемсітусіз қол жеткізуді қамтамасыз етуге;
6) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі шараларды қабылдауға қатысты талаптар мен міндеттемелерді орындауына сараптамалық баға береді.
6. Сенім білдірілген адам монополияға қарсы органға нарық субъектісінің экономикалық шоғырлануға келісім беруі туралы монополияға қарсы органның шешімінде көзделген талаптар мен міндеттемелерді орындауы туралы сараптамалық қорытынды жібереді.
7. Заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді жария етпеу туралы жазбаша міндеттеме берілген жағдайда, сенім білдірілген адамның құпия ақпаратты және (немесе) коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтерді қоса алғанда, тиісті нарық субъектісінің сенім білдірілген адамның өз функцияларын іске асыруы үшін қажетті электрондық және қағаз құжаттарға, автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге), электрондық және басқа да ақпарат жеткізгіштеріне қол жеткізуіне құқығы бар.
8. Сенім білдірілген адам өзінің арнайы білімінің шегінен тыс мәселелер бойынша, сондай-ақ өзіне ұсынылған материалдар мен мәліметтер сараптамалық қорытынды ұсыну үшін жеткіліксіз болған жағдайда, сараптамалық қорытынды ұсынудан бас тартуға құқылы.
9. Көрінеу жалған сараптамалық қорытынды ұсынғаны үшін сенім білдірілген адам Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
10. Монополияға қарсы орган сенім білдірілген адамдардың тізілімін монополияға қарсы орган айқындайтын тәртіппен жүргізеді.
Сенім білдірілген адамдардың тізіліміне кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері ұсынатын кандидаттар енгізіледі.
11. Сенім білдірілген адамның көрсететін қызметтеріне шартқа сәйкес нарық субъектісінің қаражаты есебінен ақы төленеді.»;
22) 216-баптың 2-тармағының 1) тармақшасы «бұзылуы» деген сөзден кейін «немесе оның белгілері» деген сөздермен толықтырылсын;
23) 218-бапта:
5-тармақтағы «тергеп-тексеруді тағайындау туралы актіні» деген сөздер «тергеп-тексеру жүргізу туралы бұйрықты» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 7-тармақпен толықтырылсын:
«7. Біріктірілген тергеп-тексеруді жүргізудің мерзімі уақыты бойынша бірінші тергеп-тексеруді жүргізу басталған күннен бастап есептеледі.»;
24) 221-баптың тақырыбындағы «мен міндеттері» деген сөздер алып тасталсын;
25) 222-бапта:
тақырып «және қайта бастау» деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
«1-1. Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуын тергеп-тексеру:
1) осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайларда - монополияға қарсы орган, қылмыстық қудалау органдары шешім қабылдаған, Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуын тергеп-тексеру үшін маңызы бар басқа іс бойынша сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап;
2) осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда - осы тергеп-тексеру объектісіне қатысты Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды басқа тергеп-тексеру аяқталған күннен бастап;
3) осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайда - монополияға қарсы органға сарапшының қорытындысы ұсынылған күннен бастап;
4) осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайларда - тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдау аяқталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қайта басталады.»;
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Монополияға қарсы органның тергеп-тексеру жүргізуге уәкілеттік берілген лауазымды адамдары тергеп-тексеруді тоқтата тұру және қайта бастау, сондай-ақ сараптама тағайындау туралы ұйғарым шығарады. Сараптама тағайындау туралы ұйғарымның көшірмесі осындай ұйғарым шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде сарапшыға және тергеп-тексеру объектісіне жіберіледі.
Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тергеп-тексеруді тоқтата тұру, қайта бастау туралы ұйғарымның көшірмесі осындай ұйғарым шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тергеп-тексеру объектісіне жіберіледі.»;
26) 224-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Тергеп-тексеру объектісі тергеп-тексеру аяқталғанға дейін кемінде күнтізбелік жиырма күн бұрын мерзімде өтініш жасаған жағдайда, монополияға қарсы органның лауазымды адамы (лауазымды адамдары) осындай өтінішті алған күннен бастап күнтізбелік жиырма бес күннен кешіктірмей, Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қорытындының жобасын келісу комиссиясының қарауына шығарады.
Келісу комиссиясы енгізілген қорытындының жобасын енгізілген күнінен бастап күнтізбелік бес күннен аспайтын мерзімде тергеп-тексеруге қатысатын адамдарды отырысқа шақыра отырып, оның толықтығы мен Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылық фактілерінің онда келтірілген дәлелдемелерінің сапасы тұрғысынан қарайды.
Келісу комиссиясы қорытынды жобасын қарау нәтижелері бойынша өз ескертулері мен ұсынымдарын шығарады, олар хаттамамен ресімделеді және келісу комиссиясының отырысы өткен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде лауазымды адамға (лауазымды адамдарға) жұмыс үшін жіберіледі.
Келісу комиссиясының ескертулерімен және ұсынымдарымен келіспеген жағдайда, лауазымды адам (лауазымды адамдар) бес жұмыс күні ішінде уәжді қорытынды қалыптастырады, ол лауазымды адам (лауазымды адамдар) уәжді қорытындыны қалыптастырған күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде келісу комиссиясының қарауына жатады.».