14-бап. Салық агентінің құқықтары мен міндеттері
Салық агентінің, осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, салық төлеуші сияқты құқықтары болады және ол сондай міндеттерді орындайды.
15-бап. Салық төлеушінің (салық агентінің) құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау
1. Салық төлеушіге (салық агентіне) оның құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына кепілдік беріледі.
2. Салық төлеушінің (салық агентінің) құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Салық органдарының, олардың лауазымды адамдары мен жұмыскерлерінің салық төлеушілерден Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделмеген міндеттерді орындауын талап етуіне тыйым салынады.
16-бап. Осы Кодексте реттелетін салықтық қатынастарда өкілдік ету
1. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, салық төлеуші (салық агенті) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарға заңды немесе уәкілетті өкілі арқылы қатысуға құқылы.
Осы тармақтың ережесі:
1) осы Кодекстің 85-бабының 4-тармағына сәйкес салық органының шешімімен қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарылған салық төлеушінің қосылған құн салығы бойынша салықтық есептілігі;
2) қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініш ұсынылған жағдайда қолданылмайды.
2. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес салық төлеушінің (салық агентінің) атынан өкілдік етуге уәкілеттік берілген тұлға салық төлеушінің (салық агентінің) заңды өкілі болып танылады.
3. Салық төлеуші (салық агенті) салық органдарымен, Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарға өзге де қатысушылармен қарым-қатынастарда өз мүдделерін білдіруге уәкілеттік берген жеке немесе заңды тұлға салық төлеушінің (салық агентінің) уәкілетті өкілі болып танылады.
Салық төлеуші (салық агенті) - жеке тұлғаның, оның ішінде дара кәсіпкердің уәкілетті өкілі Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес берілген, нотариат куәландырған немесе оған теңестірілген сенімхат негізінде әрекет етеді, онда өкілдің тиісті өкілеттіктері көрсетіледі.
Салық төлеуші (салық агенті) - заңды тұлғаның не оның құрылымдық бөлімшесінің уәкілетті өкілі құрылтай құжаттары және (немесе) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес берілген сенімхат негізінде әрекет етеді, онда өкілдің тиісті өкілеттіктері көрсетіледі.
4. Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарға салық төлеушінің (салық агентінің) жеке өзінің қатысуы оны өкілінің болуы құқығынан айырмайды, сол сияқты өкілдің қатысуы салық төлеушіні (салық агентін) көрсетілген қатынастарға жеке өзінің қатысу құқығынан айырмайды.
5. Салық төлеушінің (салық агентінің) уәкілетті өкілінің салық төлеушінің (салық агентінің) атынан жасаған әрекеттері (әрекетсіздігі) салық төлеушінің (салық агентінің) әрекеттері (әрекетсіздігі) болып танылады.
6. Жеке тұлғаның заңды өкілінің осы жеке тұлғаның атынан жасаған әрекеттері (әрекетсіздігі) жеке тұлғаның заңды өкілінің әрекеттері (әрекетсіздігі) болып танылады.
17-бап. Өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) негізінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асыру кезінде салықтық қатынастарға оператор арқылы қатысу
1. Өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жай серіктестік (консорциум) құрамында жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарға оператор арқылы қатысуға құқылы.
2. Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастардағы оператордың өкілеттіктері осы Кодекске қайшы келмейтін бөлігінде өнімді бөлу туралы келісімге (келісімшартқа) сәйкес айқындалады.
3. Осы Кодекстің 722-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес салықтық міндеттемелерді орындаған кезде оператор осы Кодексте салық төлеушiлер (салық агенттерi) үшін көзделген барлық құқықтар мен міндеттерге ие болады, сондай-ақ оған осы Кодексте салық төлеушiлер (салық агенттерi) үшін көзделген салықтық әкімшілендіру тәртібі қолданылады.
4. Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарда жер қойнауын пайдаланушылардың қатысуына байланысты осы жер қойнауын пайдаланушылардың атынан және (немесе) тапсырмасы бойынша жасалған оператордың әрекеттері (әрекетсіздігі) осындай жер қойнауын пайдаланушылардың және олардың атынан және (немесе) олардың тапсырмасы бойынша әрекет ететін оператордың әрекеттері (әрекетсіздігі) деп танылады.
3-тарау. САЛЫҚ ОРГАНДАРЫ. САЛЫҚ ОРГАНДАРЫНЫҢ УӘКІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРМЕН ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ ТҰЛҒАЛАРМЕН ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛЫ
18-бап. Салық органдары, олардың міндеттері мен жүйесі
1. Салық органдары мемлекеттік кіріс органдары болып табылады және мынадай міндеттерді орындайды:
1) Қазақстан Республикасы салық заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету;
2) салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің түсу толықтығы мен уақтылылығын қамтамасыз ету;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Кодекске сәйкес әлеуметтік төлемдерді есептеудің, ұстап қалудың және аударудың толықтығы мен уақтылылығын қамтамасыз ету;
4) Қазақстан Республикасының салық саясатын іске асыруға қатысу;
5) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
6) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды қалыптастыру, оның дамуын және салық төлеушілер үшін электрондық көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді орындау.
2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Салық органдарының жүйесі уәкілетті органнан және оның облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана бойынша, аудандар, қалалар мен қалалардағы аудандар бойынша аумақтық бөлімшелерінен, сондай-ақ ауданаралық аумақтық бөлімшелерінен тұрады. Арнайы экономикалық аймақтар құрылған жағдайда, осы аймақтардың аумақтарында уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері құрылуы мүмкін.
Салық органдарының уәкілетті орган бекіткен кодтары бар.
3. Уәкілетті орган салық органдарына басшылықты жүзеге асырады.
4. Салық органдарының нышаны болады, оның сипаттамасы мен пайдаланылу тәртібін уәкілетті орган бекітеді.
19-бап. Салық органдарының құқықтары мен міндеттері
1. Салық органдары:
1) осы Кодексте көзделген нормативтік құқықтық актілерді өз құзыреті шегінде әзірлеуге және бекітуге;
2) салық салу мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға, оның ішінде шет мемлекеттердің уәкілетті органдарымен ақпарат алмасуға;
3) екінші деңгейдегі банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес банктік құпияны құрайтын мәліметтер қамтылған бағдарламалық қамтылымының және (немесе) ақпараттық жүйесінің деректерін көруге қол жеткізу құқығын қоспағанда, салық төлеуші (салық агенті) осындай бағдарламалық қамтылымды және (немесе) ақпараттық жүйені пайдаланған жағдайда, салықтық тексеру барысында салық төлеушіден (салық агентінен) бастапқы есепке алу құжаттарының деректері, бухгалтерлік есепке алу тіркелімдері, салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы ақпарат қамтылған бухгалтерлік және салықтық есептерді автоматтандыруға арналған бағдарламалық қамтылымның және (немесе) ақпараттық жүйенің деректерін көруге қол жеткізу құқығын беруді талап етуге құқылы.
Екінші бөлігінің қолданысы 2019 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бөлік 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 5-бабының редакциясында қолданылды (бұр.ред.қара)
Осы тармақшаның бірінші бөлігінде белгіленген ерекшелік салық органдарының кірістер мен шығыстарға қатысты деңгейлес мониторингті жүзеге асыру және салықтық тексеру жүргізу барысында қойылатын талаптарына қолданылмайды;
4) салық төлеушіден (салық агентінен):
салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді есептеудің дұрыстығын және төлеудің (ұстап қалудың және аударудың) уақтылылығын, әлеуметтік төлемдерді есептеудің, ұстап қалудың және аударудың толықтығы мен уақтылығын растайтын құжаттарды ұсынуды;
салық төлеуші (салық агенті) жасаған салықтық нысандар бойынша жазбаша түсініктерді, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) қаржылық есептілігін, оның ішінде резидент-салық төлеушінің (салық агентінің) Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде орналасқан оның еншілес ұйымдарының қаржылық есептілігін қоса алғанда, егер осындай тұлға үшін Қазақстан Республикасының заңдарында міндетті түрде аудит жүргізу белгіленген болса, аудиторлық есепті қоса бере отырып, шоғырландырылған қаржылық есептілікті талап етуге;
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) екінші деңгейдегі банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан, бағалы қағаздарды номиналды ұстаушылар ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығына ие, инвестициялық портфельді басқаратын кастодиандардан, орталық депозитарийден, брокерлерден және (немесе) дилерлерден, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарынан осы Кодекстің 24-бабының 1), 2), 3) және 6) тармақшаларында және 27-бабында ұсынылуы көзделген мәліметтерді алуға;
6) екінші деңгейдегі банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптарды сақтай отырып, осы Кодекстің 24-бабының 13) тармақшасында аталған тұлғаларға қатысты банктік шоттардың бар-жоғы және нөмірлері туралы, осы шоттардағы ақша қалдықтары мен қозғалысы туралы мәліметтерді алуға;
7) салықтық тексеру барысында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде айқындалған тәртіппен салық төлеушіден (салық агентінен) әкімшілік құқық бұзушылықтар жасалғаны туралы айғақтайтын құжаттарды алып қоюды жүргізуге;
8) тармақша 2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
8) осы Кодекске сәйкес активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсыру міндеті жүктелген жеке тұлғаны салықтық тексеру барысында аталған декларацияда көрсетілген, мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын мүлік, сондай-ақ ол бойынша құқықтар және (немесе) мәмілелер мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын мүлік туралы мәліметтердің анықтығы бөлігінде тексеруді жүзеге асыруға;
9) салықтық тексерулерге мамандарды тартуға;
10) Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 49-бабы 2-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша соттарға мәмілелерді жарамсыз деп тану, заңды тұлғаны тарату туралы талаптар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті мен міндеттеріне сәйкес өзге де талаптар қоюға құқылы.
2. Салық органдары:
1) салық төлеушінің (салық агентінің) құқықтарын сақтауға;
2) мемлекеттің мүдделерін қорғауға;
3) салық төлеушіге (салық агентіне) қолданыстағы салықтар және бюджетке төленетін төлемдер туралы, Қазақстан Республикасының салық заңнамасындағы өзгерістер туралы ақпарат беруге, Қазақстан Республикасының салық заңнамасын қолдану жөніндегі мәселелерді түсіндіруге;
4) өз құзыреті шегінде салықтық міндеттеменің туындауы, орындалуы және тоқтатылуы жөнінде түсіндірмелерді жүзеге асыруға және түсініктемелер беруге міндетті.
4) тармақшаның екінші бөлігі 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
Деңгейлес мониторингте тұрған салық төлеушілер үшін осы тармақшаның бірінші бөлігінде көзделген түсіндірмелерді жүзеге асыруды және түсініктемелер беруді уәкілетті орган жүргізеді. Бұл ретте мұндай салық төлеушілер үшін уәкілетті орган жоспарланатын мәмілелерге (операцияларға) қатысты алдын ала түсіндірмелер мен комментарийлерді береді;
5) талап қоюдың ескіру мерзімі ішінде салықтардың және бюджетке төленетін төлемдерді төлеу фактісін растайтын мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етуге;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаржылық мониторингті жүзеге асыратын және кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) қарсы іс-қимыл жөніндегі өзге де шараларды қабылдайтын уәкілетті мемлекеттік органға салық органдарының ақпараттық жүйесіне кіруге рұқсат беруге;
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7) осы Кодексте айқындалған тәртіппен және жағдайларда уәкілетті органның интернет-ресурсында:
салықтық берешегі бар;
Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес әрекет етпейтін деп танылған;
осы Кодекстің 120-1-бабының 1-тармағына сәйкес электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде электрондық шот-фактураларды жазып беру шектелген;
тіркелуі заңды күшіне енген сот актісі негізінде жарамсыз деп танылған салық төлеушілер (салық агенттері) туралы мәліметтерді орналастыруға;
8) салық төлеушіге (салық агентіне) салықтық өтініштердің белгіленген нысандарының бланкілерін және (немесе) электрондық нысанда салықтық есептілік пен өтінішті ұсыну үшін қажетті бағдарламалық қамтылымды тегін беруге;
9) салық төлеушінің (салық агентінің) салық органдары лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымын қарауға;
10) жыл сайын Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сұрау салуы бойынша жылдық жиынтық кірісі «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін кәсіпкерлік субъектілерінің атауы мен сәйкестендіру нөмірі туралы мәліметтерді ұсынуға;
11) салықтық міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдерін қолдануға және салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық берешегін мәжбүрлеу тәртібімен өндіріп алуға;
12) мемлекеттің меншігіне айналған мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрі пайдалану және өткізу тәртібінің сақталуын, оны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті уәкілетті мемлекеттік органға берудің толықтығы мен уақтылығын, сондай-ақ ол өткізілген жағдайда бюджетке ақшаның түсуінің толықтығы мен уақтылығын бақылауды жүзеге асыруға;
13) уәкілетті мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді есептеудің дұрыстығы, алудың толықтығы және аударудың уақтылығы мәселелері жөніндегі қызметін бақылауды жүзеге асыруға;
14) салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық өтініші бойынша осы Кодексте белгіленген тәртіппен және мерзімдерде Қазақстан Республикасындағы көздерден бейрезидент алған кірістердің және ұстап қалынған (төленген) салықтардың сомалары туралы анықтама ұсынуға;
15) тармақша 2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 15) тармақша өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
15) уәкілетті органның сайтында:
активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны;
кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсырған жеке тұлғалардың жеке сәйкестендіру нөмірі туралы ақпаратты орналастыруға;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 16) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
16) «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мақсаттарда және тәртіппен Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарына салық органдарының ақпараттық жүйесіне қолжетімділік беруге;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 17) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
17) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағына халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру кезінде тауарларға ілеспе жүкқұжаттарда көрсетілген мәліметтерге тауарлар атауының, санының (көлемінің) сәйкестігі мәселелері бойынша тақырыптық салықтық тексеру жүргізу барысында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде айқындалған тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылық жасалғанын куәландыратын құжаттарды, тауарларды және заттарды алып қоюды жүргізуге міндетті.
3. Салық органдарының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де құқықтары болады және олар өзге де міндеттерді орындайды.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Салықтық тексеру барысында қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін көрсететін салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді төлеуден жалтару, сондай-ақ әдейі банкроттық фактілері анықталған кезде салық органдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес процестік шешім қабылдау үшін тиісті құқық қорғау органдарына олардың тергеуіне жататын материалдарды жібереді.
20-бап. Салық органдарының лауазымды адамдарын материалдық қамтамасыз ету, құқықтық және әлеуметтік қорғау
1. Салық органдарының лауазымды адамы қызметтік міндеттерін орындау кезінде заңмен қорғалады.
2. Салық органдары лауазымды адамының заңды талаптарын орындамау, салық органдары лауазымды адамының қызметтік жұмысына байланысты оны немесе оның отбасы мүшелерін қорлау, қорқыту, оларға зорлық-зомбылық жасау немесе олардың өміріне, денсаулығына, мүлкіне қолсұғушылық, салық органдары лауазымды адамының қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіретін басқа да іс-қимылдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
3. Қызметтік жұмысын жүзеге асыруына байланысты денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтірілген кезде салық органдарының лауазымды адамына бюджет қаражатынан бес айлық жалақысы мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.
4. Қызметтік жұмысын жүзеге асыруына байланысты денсаулығына кәсіптік қызметімен одан әрі айналысуына мүмкіндік бермейтіндей ауыр зиян келтірілген кезде салық органдарының лауазымды адамына бюджет қаражатынан бес жылдық ақшалай қамтылым мөлшерінде біржолғы өтемақы, сондай-ақ оның лауазымдық айлықақысы мен зейнетақысының мөлшерлері арасындағы айырма (өмір бойы) төленеді.
5. Салық органдарының лауазымды адамы қызметтік міндеттерін орындау кезінде қайтыс болған жағдайда, қаза тапқан адамның отбасына немесе оның асырауындағы адамдарға (мұрагерлеріне):
1) қаза тапқан адамның соңғы атқарған лауазымы бойынша бюджет қаражатынан он жылдық ақшалай қамтылым мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді;
2) Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерде және тәртіппен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады.
6. Қызметтік міндеттерін орындауына байланысты салық органдары лауазымды адамының денсаулығы мен мүлкіне келтірілген нұқсан, сондай-ақ салық органдары лауазымды адамының отбасы мүшелері мен жақын туыстарының денсаулығы мен мүлкіне келтірілген нұқсан Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтеледі.
21-бап. Жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктері
1. Аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері (бұдан әрі - әкімдер) салық төлеуші - жеке тұлға төлейтін мүлік, көлік құралдары салықтарын, жер салығын жинауды ұйымдастырады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген салықтарды жинау қатаң есептілік құжаты болып табылатын квитанция негізінде жүзеге асырылады. Квитанция нысанын уәкілетті орган белгілейді.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген салықтарды жинауды ұйымдастыру кезінде әкімдер:
1) салық органдарынан салық сомасы туралы хабарламаны алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей көрсетілген хабарламаны салық төлеуші - жеке тұлғаға табыс етуді;
2) салық сомасы қолма-қол ақшамен төленген кезде салық төлеуші - жеке тұлғаға осындай төлеу фактісін растайтын квитанция беруді;
3) екінші деңгейдегі банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға ақша қабылдау жүзеге асырылған операциялық күннен кейінгі келесі күннен кешіктірмей, салық сомаларын кейіннен бюджет есебіне жатқызу үшін күн сайын тапсыруды қамтамасыз етеді. Егер күн сайынғы ақша түсімі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын 10 еселенген айлық есептік көрсеткіштен аз болса, сондай-ақ елді мекенде екінші деңгейдегі банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым болмаған кезде ақша тапсыру үш операциялық күнде бір рет жүзеге асырылады;
4) қвитанциялардың дұрыс толтырылуын және сақталуын;
5) уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімдерде салық органына квитанцияларды пайдалану туралы, сондай-ақ салық сомаларын екінші деңгейдегі банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға тапсыру туралы есептер беруді қамтамасыз етеді.
22-бап. Салық органдарының уәкілетті мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен және өзге де тұлғалармен өзара іс-қимылы
1. Салық органдары уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасайды, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бірлескен бақылау шараларын әзірлейді және қабылдайды, өзара ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді.
2. Уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар салықтық бақылауды жүзеге асыру жөніндегі міндеттерді орындауда салық органдарына жәрдем көрсетуге міндетті.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган мен оның аумақтық органдары осы Кодекстің 573-баптың 3-тармағында айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын сақтау (мемлекеттік экологиялық бақылау) бойынша өздері жүзеге асырған тексерулердің нәтижелері бойынша мәліметтер ұсынуға міндетті.
4. Уәкілетті мемлекеттік органдар осы Кодекстің 26-бабында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде тізбе бойынша жеке тұлғалар жөніндегі мәліметтерді уәкілетті органға ұсынуға міндетті.
5. Салық органдары мен жергілікті атқарушы органдар салықтар жинауды жүзеге асыру бойынша осы Кодекстің 21-бабында айқындалған тәртіппен бір-бірімен өзара іс-қимыл жасайды.
2019.08.01. № 215-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2019 ж. 11 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың бюджетке төленетін төлемдерді алу және олар бойынша мәліметтер ұсыну жөніндегі өкілеттіктері осы Кодекстің Ерекше бөлігінде айқындалады.
7. Салық органдары уәкілетті мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен және өзге де тұлғалармен өзара іс-қимылды осы Кодексте айқындалған тәртіппен электрондық тәсілмен жүзеге асыруға құқылы.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8. Салық органдары салықтық тексеру барысында еңбекпен табылмаған сыйлықақылар, болмаған залалдар, мәлімделген, бірақ реттелмеген залалдар, болған, бірақ мәлімделмеген залалдар бойынша сақтандыру резервтері мөлшерінің Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы қорытындыны тексерілетін салық төлеушіге қатысты алу бойынша қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасайды.