11. Тұлғаның арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде тіркелгенін куәландыратын куәлік алынғаннан кейін арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы арнайы экономикалық аймақтың аумағында басым қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен салықтық жеңілдіктер алуға құқылы.
12. Мемлекеттік кіріс органдары қызметті жүзеге асыру туралы шарттың көшірмесін алғаннан кейін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен арнайы экономикалық аймақтың қатысушысын есепке алуды жүзеге асырады.
13. Қызметті жүзеге асыру туралы шарттың қолданысы:
1) арнайы экономикалық аймақ таратылған кезде;
2) қызметті жүзеге асыру туралы шарттың мерзімі өткен немесе ол мерзімінен бұрын бұзылған кезде;
3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында немесе қызметті жүзеге асыру туралы шартта көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы қызметті жүзеге асыру туралы шарттың қолданысы тоқтатылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей мемлекеттік кіріс органдарын қызметті жүзеге асыру туралы шарттың қолданысының тоқтатылғаны туралы хабардар етеді.
14. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы қызметті жүзеге асыру туралы шартқа қол қойылған күннен бастап күнтізбелік бір жыл ішінде жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне (негіздемесіне) сәйкес келетін мөлшерде қаржылық қамтамасыз етудің болуын растауға міндетті.
Арнайы экономикалық аймақ қатысушысын қаржылық қамтамасыз ету мынадай тәсілдермен:
1) ақшамен;
2) банктік кепілдікпен;
3) кепілгерлікпен;
4) мүлік кепілімен;
5) сақтандыру шартымен қалыптастырылады.
Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы қаржылық қамтамасыз ету тәсілдерінің кез келгенін, оның ішінде бірнеше тәсілді комбинациялау арқылы таңдауға құқылы.
Осы тармақтың ережелері шектері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасының учаскелерімен толық немесе ішінара тұспа-тұс келетін арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына қолданылмайды.
19-бап. Қызмет түрін арнайы экономикалық аймақтар бөлінісінде басым қызмет түрлерінің тізбесіне енгізу тәртібі
1. Арнайы экономикалық аймақтың әлеуетті қатысушысы немесе арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы уәкілетті органға қызмет түрін басым қызмет түрлерінің тізбесіне енгізу туралы өтінішпен жүгінуге құқылы.
Қызмет түрін басым қызмет түрлерінің тізбесіне енгізу туралы өтініш уәкілетті органға келіп түскен кезден бастап бес жұмыс күні ішінде уәкілетті орган осындай өтінішті арнайы комиссияның қарауына шығарады.
Арнайы комиссия өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасында және арнайы комиссия туралы ережеде белгіленген өкілеттіктер шегінде жүзеге асырады.
2. Арнайы комиссия:
1) уәкілетті органның (төрағалық етуші);
2) салық саясаты саласындағы уәкілетті органның;
3) кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның;
4) салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органның;
5) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның;
6) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның;
7) Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының дауыс беру құқығы бар өкілдерінен құралады.
Арнайы комиссияның жұмысы үшін дауыс беру құқығы жоқ өзге мүдделі тұлғалар да тартылуы мүмкін.
Арнайы комиссияның отырысы дауыс беру құқығы бар мүшелердің барлығы қатысқан кезде құқықты деп есептеледі.
3. Басым қызмет түрлерінің тізбесінде көзделмеген қызмет түрін басым қызмет түрлерінің тізбесіне енгізу туралы шешімді арнайы комиссия дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен қабылдайды. Дауыстар тең болған кезде төрағалық етушінің даусы шешуші болып табылады.
4. Арнайы комиссияның оң шешімі негізінде:
1) уәкілетті орган қосымша қызмет түрін басым қызмет түрлерінің тізбесіне енгізуді бекітеді;
2) арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы өтініш берушімен қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасады.
20-бап. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы мәртебесінен айыру рәсімі
1. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы осы Заңның 18-бабының 14-тармағында көзделген талаптарды сақтамаған жағдайда, мұндай қатысушымен жасалған қызметті жүзеге асыру туралы шарт осы Заңда, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында және қызметті жүзеге асыру туралы шартта көзделген тәртіппен бұзылуға жатады.
2. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы қызметті жүзеге асыру туралы шартта айқындалған елеулі талаптарды бұзған жағдайда, арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы қызметті жүзеге асыру туралы шартты бұзуға бастамашылық жасайды. Арнайы экономикалық аймақ қатысушысының міндеттемелерді орындамағаны анықталған кезде арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақ қатысушысының қызметті жүзеге асыру туралы шартта айқындалған міндеттемелерді орындамағаны туралы актілер жасалады.
Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы арнайы экономикалық аймақтың қатысушысын қызметті жүзеге асыру туралы шартта айқындалған міндеттемелерді орындамағаны және бұзушылықтарды күнтізбелік алпыс күннен аспайтын мерзімде жою қажеттігі туралы хабардар етеді.
Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы көрсетілген бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдамаған жағдайда, арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы арнайы экономикалық аймақтың қатысушысын қызметті жүзеге асыру туралы шарттың және кейінгі жер пайдалану (қосалқы жалдау) шартының немесе жер учаскесін уақытша кейінгі пайдалану (қосалқы жалдау) шартының бұзылатыны туралы кемінде он жұмыс күні бұрын хабардар етеді.
3. Қызметті жүзеге асыру туралы шарт бұзылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы бұл туралы арнайы экономикалық аймақтың осындай қатысушысын, мемлекеттік кіріс органын, бірыңғай үйлестіру орталығын, сондай-ақ облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органын хабардар етеді.
21-бап. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында қосалқы қызмет түрлерін жүзеге асыруға үміткер тұлғаларға қойылатын талаптар
1. Қосалқы қызмет түрлері арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы арнайы экономикалық аймақтың аумағында қосалқы қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғамен жасасатын қызметті жүзеге асыру туралы шартқа сәйкес жүзеге асырылады.
2. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында қосалқы қызмет түрлерін жүзеге асыруға үміткер тұлғалар мынадай талаптарға сәйкес келуге:
1) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді қазақстандық өндіруші болып табылуға тиіс;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен дара кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркелуге тиіс.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келген кезде, қосалқы қызмет түрлерін жүзеге асыруға үміткер тұлғалар арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясына қосалқы қызмет түрін жүзеге асыратын тұлға ретінде жіберуге өтініш береді.
Өтінішке тұлғаларды қосалқы қызмет түрлерін жүзеге асыруға жіберуге арналған құжаттардың тізбесіне сәйкес қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштердегі құжаттар қоса беріледі.
22-бап. Тұлғаларды қосалқы қызмет түрін жүзеге асыруға жіберу негізі мен рәсімі
1. Қосалқы қызмет түрін жүзеге асыратын тұлға ретінде жіберуге арналған өтініш келіп түскен кезде арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы:
1) ұсынылған құжаттардың тұлғаларды қосалқы қызмет түрлерін жүзеге асыруға жіберуге арналған құжаттар тізбесіне сәйкестігін тексереді;
2) қосалқы қызмет түрін жүзеге асыратын тұлға ретінде жіберуге арналған өтінішті өтініштерді тіркеу журналында тіркейді. Қосалқы қызмет түрін жүзеге асыратын тұлға ретінде жіберуге арналған өтініштің берілген күні оның тіркелген күні болып табылады.
2. Ұсынылған құжаттар тұлғаларды қосалқы қызмет түрлерін жүзеге асыруға жіберуге арналған құжаттардың тізбесіне сәйкес келген кезде арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы өтініш тіркелген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасады және бұл туралы әрекет ету аймағында арнайы экономикалық аймақ орналасқан мемлекеттік кіріс органын тұлғаның арнайы экономикалық аймақ аумағында қосалқы қызмет түрін жүзеге асыруға жіберілгені туралы хабардар етеді.
3. Арнайы экономикалық аймақ аумағында қосалқы қызмет түрлерін жүзеге асыруға үміткер тұлғалар мұндай құқықты алу үшін арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясымен келісу бойынша арнайы экономикалық аймақтың қатысушысымен жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жекелеген түрлерін орындауға шарт жасасуы да мүмкін.
4. Ұсынылған құжаттар тұлғаларды қосалқы қызмет түрлерін жүзеге асыруға жіберуге арналған құжаттардың тізбесіне сәйкес келмеген жағдайда, арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы қосалқы қызмет түрін жүзеге асыратын тұлға ретінде жіберуге арналған өтінішті осындай өтініш тіркелген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қайтарып береді. Қосалқы қызмет түрін жүзеге асыратын тұлға ретінде жіберуге арналған өтінішті қайтарып беру тұлғаны жол берілген кемшіліктер жойылғаннан кейін қайтадан өтінішпен жүгіну құқығынан айырмайды.
23-бап. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында коммуналдық көрсетілетін қызметтерді ұсыну
Арнайы экономикалық аймақтың аумағын электр, жылу энергиясымен, газбен, сумен жабдықтауды жүзеге асыратын және коммуналдық қызметтер көрсететін өнім берушілер осындай көрсетілетін қызметтердің өзге тұтынушыларына ұқсас түрде осындай көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуді қамтамасыз етуге міндетті.
24-бап. Арнайы экономикалық аймақты тарату
1. Арнайы экономикалық аймақ осы арнайы экономикалық аймақтың құрылу мерзімі өткен соң таратылады.
2. Арнайы экономикалық аймақ таратылғаннан кейін өздеріне арнайы экономикалық аймақтың аумағындағы жер учаскелерін кейінгі жер пайдалану (қосалқы жалдау) құқығы тиесілі арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының, Қазақстан Республикасының шекаралық аймағы мен шекаралық белдеуінде орналасқан жер учаскелерін беру үшін көзделген шектеулер ескере отырып, Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген тәртіппен және негіздерде оларды сатып алу құқығы бар.
Бұл ретте осындай арнайы экономикалық аймақтың аумағы - республикалық маңызы бар индустриялық аймақ мәртебесіне, оның басқарушы компаниясы - индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы мәртебесіне, ал осындай арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары мен қосалқы қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғалар индустриялық аймақтың қатысушылары мәртебесіне ие болады.
25-бап. Арнайы экономикалық аймаққа қатысу құқығын беру
1. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде тіркелген және арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының бірыңғай тізіліміне енгізілген заңды тұлғаның арнайы экономикалық аймақтың аумағында басым қызмет түрлерін жүзеге асыру құқығы осы баптың мақсаттары үшін арнайы экономикалық аймаққа қатысу құқығы деп түсініледі.
2. Арнайы экономикалық аймаққа қатысу құқығы бар заңды тұлға осындай құқығы бар заңды тұлғалармен біріккен кезде арнайы экономикалық аймаққа қатысу құқығын қайта ресімдеу осы бапта айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
Арнайы экономикалық аймаққа қатысу құқығы бар заңды тұлға басқа заңды тұлғалармен біріккен жағдайда, арнайы экономикалық аймаққа қатысу құқығы бірігу нәтижесінде жаңадан пайда болған заңды тұлғаға осы Заңның 18-бабының 3 немесе 4-тармағына сәйкес қайта ресімделуге жатады.
3. Арнайы экономикалық аймаққа қатысу құқығы бар бір түрдегі заңды тұлғаны басқа түрдегі заңды тұлға етіп қайта құрған кезде, қайта құру нәтижесінде жаңадан пайда болған заңды тұлғаның ұйымдық-құқықтық нысаны үшін арнайы экономикалық аймақта қандай да бір қызмет түрімен айналысуға Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынған жағдайларды қоспағанда, арнайы экономикалық аймаққа қатысу құқығы жаңадан пайда болған заңды тұлғаға осы бапта белгіленген тәртіппен қайта ресімдеуге жатады.
4. Арнайы экономикалық аймаққа қатысу құқығы бар заңды тұлға басқа заңды тұлғаға қосылған кезде, арнайы экономикалық аймаққа қатысу құқығы қосылу нәтижесінде жаңадан пайда болған заңды тұлғаға осы Заңның 18-бабының 3 немесе 4-тармағына сәйкес қайта ресімдеуге жатады.
Арнайы экономикалық аймаққа қатысу құқығы бар заңды тұлға осындай құқығы бар заңды тұлғаға қосылған жағдайда, арнайы экономикалық аймаққа қатысу құқығын қайта ресімдеу осы бапта белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Арнайы экономикалық аймаққа қатысу құқығы бар заңды тұлғаның құрамынан бір немесе бірнеше заңды тұлғаны бөліп шығарған кезде, қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның келісуі болған жағдайда арнайы экономикалық аймаққа қатысу құқығы жаңадан пайда болған заңды тұлғаларға осы Заңның 18-бабының 3 немесе 4-тармағына сәйкес қайта ресімдеуге жатады.
6. Арнайы экономикалық аймаққа қатысу құқығына ие заңды тұлға бөлінген кезде, қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның келісуі болған жағдайда арнайы экономикалық аймаққа қатысу құқығы бөлу нәтижесінде жаңадан пайда болған заңды тұлғаларға осы Заңның 18-бабының 3 немесе 4-тармағына сәйкес қайта ресімдеуге жатады.
7. Осы баптың 2-тармағының бірінші бөлігінде, 3-тармағында, 4-тармағының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда арнайы экономикалық аймаққа қатысу құқығын қайта ресімдеу жаңадан құрылған заңды тұлғаның арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясына қайта ұйымдастырылуды растайтын құжаттарды қоса бере отырып, өтініш беруі негізінде жүзеге асырылады.
Осы бапта көзделген өзге жағдайларда, арнайы экономикалық аймаққа қатысу құқығын қайта ресімдеуге осы Заңда көзделген талаптар сақталған жағдайда жол беріледі.
4-тарау. ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚТАРДЫҢ ҚҰРЫЛУЫ ЖӘНЕ
ЖҰМЫС ІСТЕУІ
26-бап. Индустриялық аймақтардың түрлері
Индустриялық аймақтар мемлекеттік және жекешелік болып бөлінеді.
Мемлекеттік индустриялық аймақтар мынадай түрлерге бөлінеді:
1) республикалық маңызы бар индустриялық аймақ;
2) өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ;
3) шағын индустриялық аймақ.
27-бап. Индустриялық аймақты құру туралы жалпы ережелер
1. Егер осы баптың 2-тармағында өзгеше белгіленбесе, егер жергілікті бюджеттен толық не ішінара қаржыландырылуын жүзеге асыру болжанған жағдайда, индустриялық аймақ өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ деп танылады.
2. Мыналар:
1) егер республикалық бюджеттен толық не ішінара қаржыландырылуын жүзеге асыру болжанған жағдайда, индустриялық аймақ;
2) осы Заңның 24-бабына сәйкес арнайы экономикалық аймақ таратылғаннан кейін мәртебе алған индустриялық аймақ республикалық маңызы бар индустриялық аймақ деп танылады.
3. Жергілікті атқарушы орган осы баптың 1 немесе 2-тармағында көзделген индустриялық аймақ құрылған кезден бастап жиырма жұмыс күні ішінде бұл туралы бірыңғай үйлестіру орталығына хабарлайды.
4. Жекеше индустриялық аймақты жеке тұлғалар не мемлекеттік емес заңды тұлғалар өз қаражаты, жекеше инвестициялар, қарыздар есебінен құрады.
Жекеше индустриялық аймақтың шекарасына дейінгі инфрақұрылым объектілерін салуды (реконструкциялауды) қаржыландыру Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
Бұл ретте жекеше индустриялық аймақтардың меншік иелері - жеке тұлғалар немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалар индустриялық аймақ құрылған кезден бастап жиырма жұмыс күні ішінде бұл туралы бірыңғай үйлестіру орталығына хабарлайды.
5. Шағын индустриялық аймақ шағын индустриялық аймақтарды құру және олардың жұмыс істеу қағидаларына сәйкес құрылады және жұмыс істейді.
Бұл ретте шағын индустриялық аймақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне берілетін, пайдалануға енгізілген өндірістік және өзге де ғимараттардың (үй-жайлардың) аумағында орналасуға тиіс.
6. Республикалық және өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтарды құру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жекеше инвестициялар тартылуы мүмкін.
7. Индустриялық аймақтың аумағындағы оның мәртебесін пайдалануға байланысты барлық мәміле индустриялық аймақтардың бірыңғай тізіліміне индустриялық аймақ енгізілгеннен кейін жарамды болып табылады.
8. Қатысушыларды индустриялық аймақтың аумағында қызметті жүзеге асыруға жіберу индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы мен индустриялық аймақтың қатысушылары арасында жасалатын қызметті жүзеге асыру туралы шарттар негізінде жүргізіледі.
Мұндай шарттар қызметті жүзеге асыру туралы үлгілік шарт негізінде жасалады. Индустриялық аймақтардың барлық қатысушысына, олардың түріне қарамастан, жасалған шарттардың талаптарына сәйкес олардың тұрақтылығына кепілдік беріледі.
Қызметті жүзеге асыру туралы үлгілік шарттың нысанында индустриялық аймақтардың барлық түрі үшін міндетті және өзгермейтін талаптар мен тараптардың келісуі бойынша өзгертілуі мүмкін талаптар көзделеді.
28-бап. Республикалық маңызы бар индустриялық аймақты құру тәртібі
1. Республикалық маңызы бар индустриялық аймақты құру туралы ұсынысты техникалық-экономикалық негіздемесі мен тұжырымдамасын қоса бере отырып облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы уәкілетті органға енгізеді.
2. Республикалық маңызы бар индустриялық аймақты құру туралы ұсыныс енгізілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде уәкілетті орган республикалық маңызы бар индустриялық аймақты құру тұжырымдамасын арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды құру тұжырымдамасына қойылатын талаптарға сәйкестігі тұрғысынан тексереді. Тұжырымдаманы тексеру нәтижелері бойынша уәкілетті орган үш жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы органды тұжырымдаманың сарапшылық кеңестің қарауына шығарылғаны туралы хабардар етеді не тұжырымдаманың көрсетілген талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты уәжді бас тарту жібереді.
Сарапшылық кеңес республикалық маңызы бар индустриялық аймақты құру туралы ұсыныс енгізілген күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қорытынды дайындайды.
3. Сарапшылық кеңес оң қорытынды берген жағдайда, уәкілетті орган осындай қорытынды шығарылғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде республикалық маңызы бар индустриялық аймақты құруға жазбаша келісім береді.
Мұндай келісім облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының республикалық маңызы бар индустриялық аймақты құру туралы шешім шығаруы үшін негіз болып табылады.
4. Сарапшылық кеңес теріс қорытынды шығарған жағдайда, уәкілетті орган республикалық маңызы бар индустриялық аймақты құру туралы ұсынысты қабылдамайды.
Сарапшылық кеңес:
1) республикалық маңызы бар индустриялық аймақты құру экономикалық тұрғыдан орынсыз болған;
2) республикалық маңызы бар индустриялық аймақты құру туралы ұсыныс мемлекеттік экономикалық саясаттың басымдықтарына сәйкес келмеген;
3) ұсыныс қоршаған ортаны қорғау саласындағы талаптарға сәйкес келмеген;
4) адамдардың өмірі мен денсаулығын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау қажет болған, тарихи-мәдени мұра объектілерінің жойылу және бүліну қатері төнген және елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет болған жағдайларда, теріс қорытынды шығарады.
Уәкілетті орган осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша уәжді бас тартуды сарапшылық кеңес қорытынды шығарған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына жазбаша нысанда жібереді.
Республикалық маңызы бар индустриялық аймақты құру туралы ұсынысқа бас тарту алу мұндай ұсыныспен кейіннен жүгінуге кедергі болып табылмайды.
5. Республикалық маңызы бар индустриялық аймақты құру туралы шешім шығарылғаннан кейін республикалық маңызы бар индустриялық аймақтың болжамды құрылу орны бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы республикалық маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компаниясын құрады немесе айқындайды, оған Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген тәртіппен осындай индустриялық аймақты орналастыру үшін жер учаскесі беріледі.
6. Тиісті жергілікті атқарушы орган республикалық маңызы бар индустриялық аймақты орналастыруға жер учаскесі берілген кезден бастап он жұмыс күні ішінде бұл туралы бірыңғай үйлестіру орталығына хабарлайды.
7. Осы баптың талаптары осы Заңның 24-бабында көзделген тәртіппен республикалық маңызы бар индустриялық аймақты құру жағдайларына қолданылмайды.
29-бап. Өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты құру тәртібі
1. Өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты құру туралы шешімді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы қабылдайды.
Тиісті жергілікті атқарушы орган шешім қабылдаумен қатар өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты құру тұжырымдамасын әзірлеп, оны жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсында орналастырады.
2. Өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты құру тұжырымдамасында:
1) индустриялық аймақты құру мақсаттары;
2) индустриялық аймақтың жобаларын іріктеу өлшемшарттарының тізбесі;
3) қоршаған ортаға әсер етуді бағалау;
4) болжамды қаржылық-экономикалық және әлеуметтік салдарлар;
5) индустриялық аймақтың орналасу схемасы;
6) тұжырымдамада көзделген іс-шаралардың мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына сәйкестігі туралы деректер;
7) әрбір құрамдас бөлінісінде іс-шараларды іске асыруға арналған қаржыландыру көлемінің есеп-қисаптары мен тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу мүмкіндіктері;
8) индустриялық аймақ пен оның инфрақұрылымын дамыту жоспарының жобасы қамтылуға тиіс.
3. Жергілікті атқарушы органның өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты құру туралы шешімінің жобасы қарау үшін міндетті түрде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің Қоғамдық кеңесіне жіберіледі.
4. Өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты құру туралы шешім шығарылғаннан кейін өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың болжамды құрылу орны бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы индустриялық аймақтың басқарушы компаниясын құрады немесе айқындайды және Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген тәртіппен жер учаскесін ресімдейді.
5. Тиісті жергілікті атқарушы орган өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты орналастыруға жер учаскесі берілген кезден бастап он жұмыс күні ішінде бұл туралы бірыңғай үйлестіру орталығына хабарлайды.
30-бап. Жекеше индустриялық аймақты құру тәртібі
1. Жекеше индустриялық аймақтарды:
1) жекеше индустриялық аймақ мәртебесі берілетін жер учаскелерінің;
2) осы жер учаскелерінде кәсіпкерлік қызметті олардың аумағында жүзеге асыру үшін қажетті инфрақұрылым объектілерінің меншік иелері болып табылатын жеке тұлғалар немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалар құрады.
2. Жекеше индустриялық аймақтардың меншік иелері:
1) индустриялық аймақты құру мақсаттары;
2) қоршаған ортаға әсер етуді бағалау;
3) индустриялық аймақтың болжамды орналасу схемасы қамтылатын жекеше индустриялық аймақты құру тұжырымдамасын міндетті түрде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органымен келіседі.