2. Кандидаттарды iрiктеу және олардың келiсімшарт бойынша әскери қызметке кiру тәртiбi Әскери қызмет өткеру қағидаларында айқындалады.
7-тарау. ЗАПАСТА ТҰРУ
41-бап. Запасқа қою
1. Мынадай:
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) запасқа алына отырып, əскери қызметтен жəне Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінен шығарылған;
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) арнаулы мемлекеттік органдардың:
қатардағы жəне сержанттық құрам қатарынан;
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінен;
теріс себептер бойынша;
келісімшарт талаптарын орындамауына байланысты қызметтен шығарылған қызметкерлері;
2) әскери қызметке шақырудан босатылуына байланысты әскери қызметтен өтпеген;
3) жиырма жеті жасқа толған, әскерге шақыру кейінге қалдырылуына байланысты әскери қызмет өткермеген;
4) әскери-есептік мамандығы бар әйелдер;
5) жоғары оқу орындарының әскери кафедраларында запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша даярлықтан өткен;
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6) Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында өтеулі негізде əскери-техникалық жəне өзге де мамандықтар бойынша оқудан өткен адамдар запасқа алынды деп есептеледі.
2. Запаста тұратын адамдар әскери қызметке жарамдылығын айқындау үшін Әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидаларына сәйкес медициналық куәландырудан өтедi.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Мерзiмдi əскери қызметке шақырудан босатылған жəне жиырма жеті жасқа толуына байланысты əскерге шақыруды кейінге қалдырудың берілуімен əскери қызмет өткермеген адамдарды, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында əскери-техникалық жəне өзге де мамандықтар бойынша өтеулі негізде оқудан өткен азаматтарды ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi əскери басқару органдары запастағы «қатардағы жауынгер» («матрос») əскери атағын бере отырып, запасқа алады.
4. Запасқа қойған кезде адамдардың әскери-есептік мамандығын ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi әскери басқару органдары айқындайды.
5. Ұлттық қауіпсiздiк органдары және сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган үшін әскери міндеттілердiң запасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалады.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 5-1-тармақпен толықтырылды
5-1. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінен шығарылған қызметкерлер өздерінің арнаулы атағына тең запастағы əскери атақ беріле отырып, запасқа алынып, жергiлiктi əскери басқару органдарына есепке алуға жіберіледі.
6. Запаста болу әскери жиындардан өтудi, әскери қызметке шақыру қағидаларын орындауды және әскери есеп бойынша мiндеттердi сақтауды қамтиды.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Қорғаныс министрлігінің əскери барлау органдары əскери қызметшілерінің қолданыстағы резервте болуы барлау қызметі шеңберінде жүктелген жедел міндеттерді орындау кезінде əскери қызмет өткеруді қамтиды. Қорғаныс министрлігінің əскери барлау органдары əскери қызметшілерінің қолданыстағы резервте болу тəртібін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі айқындайды.
8. Запасқа қойылған әскери міндеттілер әскери жиындардан өткен немесе келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген кезде олар резервке қойылған әскери міндеттілер санатына ауыстырылады.
42-бап. Запаста тұрудың шектi жасы
1. Әскери міндеттілердің запаста тұруының шектi жасы мынадай болады:
1) сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) құрамы - елу жасты қоса алғанда;
2) офицерлер құрамы үшін - алпыс жасты қоса алғанда.
2. Әскери мiндетті әйелдердің запаста тұруының шектi жасы мынадай болады:
1) сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) құрамы үшiн - отыз бес жасты қоса алғанда;
2) офицерлер құрамының адамдары үшiн - қырық бес жасты қоса алғанда.
3. Запаста тұрудың шектi жасына толған әскери мiндеттілер немесе денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған адамдар әскери есептен шығарыла отырып, отставкаға ауыстырылады.
4. Соғыс уақытында Қазақстан Республикасының Президентi запаста тұрудың шекті жасын бес жылға дейін ұзартуы мүмкін.
43-бап. Әскери жиындардан өту
1. Әскери міндеттілер оқу-жаттығу, тексеру және арнайы әскери жиындарға шақырылады, сондай-ақ әскери даярлық бойынша сабақтарға тартылады.
2. Ұзақтығы екі айға дейінгі оқу-жаттығу жиындарына әскери міндеттілер бес жылда бір рет шақырылады.
3. Әскери міндеттілер оқу-жаттығу жиындары арасындағы кезеңде он бес күнге дейінгі мерзімге тексеру жиындарына тартылуы мүмкін.
4. Запаста тұру уақытындағы жиындардың жалпы мерзімі әскери міндеттілер үшін он сегіз айдан аспауға тиіс. Бұл ретте оқу-жаттығу жиындарында болудың жалпы мерзіміне тексеру жиындарында болған уақыт та есептеледі.
5. Арнайы жиындар ұзақтығы үш айға дейін жүргізіледі.
6. Әскери жиындар кезеңінде әскери міндеттілердің жұмыс орны мен атқаратын лауазымы сақталады, оларға мемлекет есебінен орташа жалақы, ал жұмыс істемейтіндерге ең төменгі жалақы төленеді.
Әскери міндеттінің дәлелсіз себептермен жиындар орналасқан жерден тыс болған уақыты әскери жиындардан өту мерзіміне есептелмейді.
8-тарау. ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІ ӘЛЕУМЕТТІК ҚАМСЫЗДАНДЫРУ
44-бап. Әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Əскери жиындар кезеңіндегі əскери міндеттілерді қоспағанда, əскери қызметшілер Қазақстан Республикасының Президентімен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын Қазақстан Республикасы органдары жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесі негізінде белгіленетін ақшалай ризықпен қамтамасыз етіледі.
Мерзімді қызметтегі əскери қызметшілерді, əскери оқу орындарының кадеттері мен курсанттарын қоспағанда, əскери қызметшілердің ақшалай ризығы ақшалай жабдықталымды (лауазымдық айлықақыны жəне əскери атағы бойынша айлықақыны), қызмет өткерудің ерекше жағдайлары үшін үстемеақыларды жəне Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да үстемеақылар мен қосымша ақыларды қамтиды.
Мерзімді қызметтегі əскери қызметшілердің, əскери оқу орындарының кадеттері мен курсанттарының ақшалай ризығы (стипендиясы) лауазымдық айлықақыны ғана қамтиды.
Лауазымдық айлықақыны есептеу үшін қызмет өтіліне:
1) еңбек сіңірген жылдары;
2) мемлекеттік қызметте болу уақыты;
3) əскери қызметке кірер алдында соңғы мемлекеттік ұйымда басшылық лауазымдардағы немесе сəйкес мамандықтар бойынша лауазымдардағы жұмыс уақыты кіреді.
Келісімшарт бойынша əскери қызметшілердің лауазымдық айлық ақыларымен əскери атақтары бойынша айлық ақыларының мөлшері тиісті лауазымдардағы мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық айлықақыларының мөлшерінен жəне тиісті арнаулы атақтар мен сыныптық шендерге қосымша ақылар мөлшерінен төмендетілмей белгіленеді.
Əскери қызметшілерге ақшалай ризық:
1) дəлелсіз себептермен əскери қызметте болмаған;
2) осы Заңның 21-бабы 5-тармағының 6), 8) жəне 9) тармақшаларында көзделген жағдайларда əскери емес лауазымдарда əскери қызмет өткерген;
3) қамақта болған кезеңдерде;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда төленбейді.
Ақшалай ризықты, жəрдемақылар мен басқа да төлемдерді төлеу тəртібін уəкілетті органдар белгілейді.
2-тармақ 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
2. Әскери қызметшілерге жарылу қаупі бар заттарды және өзге де жарылғыш құрылғыларды іздеу, тасымалдау, залалсыздандыру және жою жөніндегі жауынгерлік міндеттерді орындаған кезде уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен тәулігіне бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жәрдемақы төленеді.
3. Радиоактивті материалдарды, иондаушы сәулелену көздерін, аса жоғары жиілікті және (немесе) зымыран отынының құрамдастарын пайдаланумен, сақтаумен байланысты лауазымдарда қызмет өткеретін, сондай-ақ көрсетілген жұмыстарға және объектілерде радиоактивті материалдарды, иондаушы сәулелену көздерін, аса жоғары жиілікті және (немесе) зымыран отынының құрамдастарын пайдаланумен, сақтаумен байланысты авария салдарларын жою жөніндегі жұмыстарға уақытша тартылатын әскери қызметшілерге нақты жұмыс істеген уақытына тепе-тең ұзақтығы жылына он екі тәулікке дейін қосымша демалыс беріледі.
4-тармақ 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
4. Келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставаларында және комендатураларда тұратындарды қоспағанда, коммуналдық қызметтерге арналған шығыстарды төлеу үшін уәкілетті органдардың бірінші басшылары айқындайтын тәртіппен, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген мөлшерде ақшалай өтемақы төленеді.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Әскери қызметшілерді әскери-медициналық мекемелерде (ұйымдарда) медициналық қамтамасыз ету мемлекет есебінен жүзеге асырылады.
Әскери қызметшілердің қызмет орны немесе тұрғылықты жері бойынша әскери-медициналық мекемелер болмаған немесе оларда тиісті бөлімшелер не медициналық көрсеткіштер бойынша арнайы жабдық болмаған кезде медициналық көмек ведомстволық тиесілігіне қарамастан, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында, жеке меншік құқығына негізделген денсаулық сақтау ұйымдарында және жеке медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғаларда тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шегінде көрсетіледі.
Жеке меншік құқығына негізделген денсаулық сақтау ұйымдарына жəне жеке медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғаларға, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шегінде əскери қызметшілерге медициналық көмек көрсету жөніндегі шығындарды өтеу денсаулық сақтау саласындағы уəкілетті орган айқындаған тəртіппен бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызметтер көрсету тəртібі мен шарттарына сəйкес көрсетілген медициналық қызметтерді қоспағанда, емделуге жұмсалған қаражатты əскери қызметшілерге тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шегінде құрылымында олар əскери қызмет өткеретін уəкілетті орган өтейді.
Әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде жараланған, контузия, жарақат алған, мертіккен немесе ауырған әскери қызметшілер, олар құрылымында әскери қызмет өткеретін Қарулы Күштердің, басқа да əскерлер мен əскери құралымдардың қаражаты есебінен санаторийге жіберіледі.
Мерзімді қызметтің әскери қызметшілері және әскери оқу орындарының курсанттары медициналық көрсеткіштері болған кезде мемлекет есебінен санаторлық-курорттық емделумен қамтамасыз етіледі.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Әскери қызметшілер мемлекет есебінен бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бекіткен нормалар бойынша және уәкілетті органның бірінші басшысы айқындайтын тәртіппен заттай мүлікпен қамтамасыз етіледі:
7-тармақ 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 7-тармақ өзгертілді
7. Әскери қызметшілер бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық мемлекеттік органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасы уәкілетті мемлекеттік органдарының бірінші басшылары белгілейтін нормалар бойынша мынадай жағдайларда:
1) жауынгерлік кезекшілікті атқарған кезде;
2) қарауылдағы қызметті атқарған кезде;
3) тәуліктік нарядты атқарған кезде;
4) далалық шығуларға (теңізге шығуларға) қатысқан кезде;
5) орналасқан орындарда дауылға қарсы әзірлік кезіндегі іс-шараларды жүзеге асырған кезде;
6) маяктарда вахтада тұрған кезде;
7) суасты міндеттерін (жұмыстарын) орындаған кезде;
8) парашютпен секірген кезде;
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9) күзету бойынша əскери эшелон, қарауыл құрамында барған жəне əскери жүкпен қабылдау орнына дейін жəне кері қайтқанда ілесіп жүрген кезде;
10) әскери-медициналық мекемелерде (ұйымдарда) стационарлық емделуде болған кезде;
2015.15.06. № 321-V ҚР Заңымен 11) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара); 2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 11) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
11) гауптвахтаға жапқан кезде;
2015.15.06. № 321-V ҚР Заңымен 12) тармақшамен толықтырылды
12) бітімгершілік операцияға қатысқан кезде, сондай-ақ бітімгершілік операция жүргізу аймағына (ауданына) бару және кері қайту кезінде тамақтандырумен қамтамасыз етіледі.
Ұшқыштар құрамының әскери қызметшілері әскери қызмет өткеру уақытында тамақтанумен қамтамасыз етіледі.
Авиациялық техникаға қызмет көрсетуге және ұшуларды қамтамасыз етуге рұқсат етілген инженерлік-техникалық құрам ұшуларды дайындау және орындау кезеңінде тамақтанумен қамтамасыз етіледі.
Негізгі азық-түлік үлестерінің белгіленген нормалары бойынша тамақтандырумен қамтамасыз етуге мүмкін болмаған кезде келісімшарт бойынша əскери қызметшілерге уəкілетті органның басшысы айқындаған тəртіппен жалпы əскери үлес құны мөлшерінде ақшалай өтемақы төленеді.
Оқу-жаттығу жиындары кезеңінде əскери кафедралардың студенттері, əскери оқу орындарына түскен кезінде əскерге шақырылушылар, сондай-ақ «Жас ұлан» республикалық мектептеріне оқуға түсу емтихандарын тапсыру үшін келген жəне казармалық жағдайда тұратын кандидаттар тиісті нормалар бойынша тамақтандырумен қамтамасыз етіледі.
Тамақтандыруды ұйымдастыру тəртібін уəкілетті органның басшысы айқындайды.
44-баптың 7-тармағының жетінші бөлігі 2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
Ұдайы жауынгерлік əзірліктегі əскери бөлімдерде взвод (топ, есептоп) жəне рота (батарея, жеке взвод, 4-дəрежелі корабль) бөлімшелеріндегі офицерлік құрам лауазымдарындағы, сондай-ақ қатардағы жəне сержанттық құрамдар лауазымдарындағы Қарулы Күштердің əскери қызметшілері қызмет уақытының регламентінде белгіленген жұмыс күндері мемлекет есебінен тамақтандырумен (түскі аспен) қамтамасыз етіледі.
Осы тармақта көрсетілген əскери бөлімдердің тізбесін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі айқындайды.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2018.02.07. № 165-VІ ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
8. Уəкілетті орган айқындаған тəртіппен əскери қызметшілердің:
1) əскери қызметке, əскери жиындарға шақырылған;
2) басқа жергілікті жерге, оның ішінде əскери бөлімнің немесе бөлімшенің құрамында жаңа қызмет орнына ауысқан;
3) уəкілетті орган жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын əскери оқу орындарына, басқа да білім беру ұйымдарына, оның ішінде шетелдік оқу орындарына оқуға жіберген, сондай-ақ үлгерімсіздігі, тəртіпсіздігі үшін, басқа да теріс себептермен немесе өз бастамасы бойынша шығарып жіберу жағдайларын қоспағанда, оқу бітіргеннен кейін;
4) əскери-медициналық бөлімшелер Қазақстан Республикасының шегінде стационарлық емдеу орнына, оның ішінде əскери-дəрігерлік (ұшу) комиссиядан өту үшін жіберген жəне кері қайтқан;
5) қызметтік іссапармен жол жүрген жəне кері қайтқан;
6) оқу-жаттығуларға, далалық шығуға (теңізге шығуға), əскерлер парадтарына жол жүрген жəне кері қайтқан;
7) төтенше жағдайларды жоюға қатысқан жəне кері қайтқан;
8) ұрыс қимылдарына, төтенше немесе соғыс жағдайларында, сондай-ақ қарулы қақтығыстар жағдайларында міндеттерді орындауға қатысқан;
9) бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі бітімгершілік операцияларға қатысқан;
10) терроризмге қарсы операцияларға қатысқан;
11) əскери жүктерді, оның ішінде мемлекеттік құпияларды құрайтын мəліметтерден тұратын құжаттарды, бұйымдарды жəне əскери жүктерді күзету жəне ілесіп жүру бойынша қарауыл құрамында қабылдау (тапсыру) орындарына дейін барған жəне кері қайтқан;
12) мыналармен:
əскери шақырылғандар, əскери міндеттілер бар командалармен;
қамаққа алынған, ұсталған əскери қызметшілермен, əскери міндеттілермен;
қаза тапқан (қайтыс болған) əскери қызметшінің мəйіті салынған табытпен жерлеу орнына дейін ілесіп жүрген жəне кері қайтқан жағдайларда, теміржол, автомобиль жəне ішкі су көлігімен мемлекет есебінен жол жүруге құқығы бар.
Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің уәкілетті органның басшысы айқындайтын тəртіппен әуе көлігімен мемлекет есебінен жол жүруге құқығы бар.
Курсанттарды, кадеттерді және мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді қоспағанда, әскери қызметшілерге басқа жергілікті жерге жаңа қызмет орнына ауысқан кезде Қазақстан Республикасының шегінде өз мүлкін тасымалдау үшін ақша уәкілетті органның басшысы айқындайтын тəртіппен автомобиль жолының әрбір 20 километріне бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекет есебінен төленеді.
Курсанттарды, кадеттерді жəне əскерге шақыру бойынша əскери қызметшілерді қоспағанда, əскери қызметшілер 100 километрден астам қашықтықтағы басқа жергілікті жерге жаңа қызмет орнына (оның ішінде əскери бөлім немесе бөлімше құрамында) ауысқан кезде оларға, əскери қызметшінің өзіне екі айлық ақшалай жабдықталым жəне əрбір отбасы мүшесіне бір айлық ақшалай жабдықталымның жартысы мөлшерінде көтерме жəрдемақы төленеді.
2017.12.12. № 114-VI ҚР Заңымен 45-бап жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
45-бап. Әскери қызметшілерді және олардың отбасы мүшелерін тұрғынжаймен қамтамасыз ету
1. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-1-тарауына сәйкес айқындалған тұрғынжайға мұқтаж әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелері әскери қызмет өткеру кезеңінде мемлекет есебінен тұрғынжаймен қамтамасыз етіледі.
2. Әскери қызметшілерді және олардың отбасы мүшелерін тұрғынжаймен қамтамасыз ету «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
46-бап. Әскери қызметшілердің демалыстары
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Келісімшарт бойынша əскери қызметшілерге екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жəрдемақы төлене отырып, жыл сайынғы негізгі демалыс беріледі, оның ұзақтығы еңбек сіңірген жылдарына қарай күнтізбелік есептеумен белгіленеді:
1) кемінде он жыл - 30 тəулік;
2) он жылдан он бес жылға дейін - 35 тəулік;
3) он бес жылдан жиырма жылға дейін - 40 тəулік;
4) жиырма жəне одан көп жыл - 45 тəулік.
Ұшу жұмыстарында, корабльдік қызметте болатын, жауынгерлік кезекшілік, жауынгерлік қызмет атқаратын, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі белгілейтін тізбе бойынша жергілікті жерлерде қызмет өткеретін əскери қызметшілерге жыл сайынғы негізгі демалысқа қосымша 10 тəулік демалыс беріледі.
Жыл сайынғы негізгі демалыстың ұзақтығы демалыс күндеріне келетін мереке күндерді есептемей, күн тәртібіне және қызметтік уақыт регламентіне қарамастан, күнтізбелік күндермен есептеледі.
Келісімшарт бойынша əскери қызметшілерге (əскери интерндерге, магистранттарға, докторанттарға, адъюнкттерге) жазғы каникулдық демалыс берумен, жыл сайынғы негізгі демалыс беріле отырып, екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жəрдемақы төлеу жүргізіледі.
Əскери интерндердің, магистранттардың, докторанттардың, адъюнкттердің жазғы жəне қысқы каникулдық демалысының жиынтығы жыл сайынғы негізгі демалысқа теңестіріледі.
Келісімшарт бойынша əскери қызметші теріс себептермен əскери қызметтен шығарылған жағдайда, ол сауықтыруға арналған жəрдемақы сомасын қызмет өткермеген уақытына пропорционалды түрде өтеуге міндетті.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Әскери қызметшілерге жыл сайынғы негізгі демалыстан басқа Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген қосымша демалыстар беріледі.
Мерзімді қызметтегі əскери қызметшілерден, кадеттер мен курсанттардан басқа, əскери қызметшіге оның баянаты бойынша Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде айқындалатын тəртіппен бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыс беріледі.
Жыл сайынғы негізгі жəне қосымша демалыстардың жалпы ұзақтығы тиісті жылға 60 тəуліктен аспауға тиіс, бұл ретте демалыс орнына дейін жол жүру жəне кері қайту үшін қажетті уақыт қосымша беріледі. Демалыс орнына дейін жол жүру жəне кері қайту үшін қажетті уақытты беру тəртібі Əскери қызмет өткеру қағидаларында белгіленеді.
Келісімшарт бойынша əскери қызметшінің демалысы қызмет мүддесі ескеріле отырып, бөліктерге бөлінуі мүмкін.
3. Мерзімді қызмет әскери қызметшілеріне жалпыәскери жарғыларда айқындалған тәртіпте көтермелеу түрінде қысқа мерзімді демалыс беріледі.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4-тармақ өзгертілді
4. Қажет болған кезде әскери қызметшілерге ауыруы бойынша, отбасы жағдайлары бойынша қысқа мерзімді, ал әскери оқу орындарында (әскери факультеттерде) оқитындарға каникулдық демалыстар беріледі.
Əскери қызметшілерге (мерзімді қызметтегі əскери қызметшілерден, кадеттер мен курсанттардан басқа) оқуға түсу емтихандарына дайындалу жəне тапсыру үшін жоғары жəне жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқу кезеңінде оқу жоспарында айқындалған мерзімге оқу демалыстары беріледі, ал ғылым кандидаты, докторы ғылыми дəрежелерінің, философия докторы (PhD) жəне бейіні бойынша доктор дəрежелерінің ізденушілері болып табылатын əскери қызметшілерге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен шығармашылық демалыстар беріледі.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Жыл сайынғы негізгі демалыс жұмылдыру, соғыс немесе төтенше жағдай жарияланған жағдайда, соғыс уақытында және қызметтік қажеттілік жағдайында уәкілетті органның бірінші басшысы айқындайтын тәртіппен тоқтатылады. Бұл ретте демалыстың пайдаланылмаған бөлігі ағымдағы жылы немесе келесі жылы беріледі.
Егер демалыстың пайдаланылмаған бөлігі он және одан астам күнтізбелік күнді құраса, әскери қызметшілерге демалыс өткізу орнына бару және кері қайту үшін қажетті уақыт қосымша беріледі.
Демалыстың өткен жылы пайдаланылмаған бөлігі əскери қызметшіге оның баянаты бойынша ағымдағы жылы бөлек беріледі не жыл сайынғы негізгі ақы төленетін демалысына қосылады.
6. Өздеріне жүктелген міндеттерді орындау үшін немесе оқуға Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге жіберілген әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының аумағында қызмет өткеретіндердің демалысқа құқықтарын пайдаланады.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды
7. Əскери қызметшілердің жұмыс істейтін əйелдеріне (күйеулеріне) жыл сайынғы демалыстар жұмыс берушімен келісу бойынша олардың күйеулерінің (əйелдерінің) кезекті демалысымен бір мезгілде берілуі мүмкін. Бұл ретте демалыс ұзақтығы жұмыс берушімен келісу бойынша жалақы сақталмайтын қосымша демалыс беру есебінен күйеуінің (əйелінің) демалыс ұзақтығына тең болуы мүмкін.
47-бап. Қатардағы жауынгерлер мен сержанттар құрамының келісімшарт бойынша әскери қызметшілерін әлеуметтік қамсыздандыру ерекшеліктері
Сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) лауазымдарында күнтізбелік есептеуде кемінде сегіз жыл қызмет өткерген келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқуға жұмсалатын шығындарын бюджет қаражаты есебінен оқыту құнының елу пайызы мөлшерінде өтетуге құқылы. Осы құқықты әскери қызметшілер бір рет пайдалана алады.
Әскери қызметшіге көрсетілген шығындарды өтеуді құрылымында әскери қызметші әскери қызмет өткеретін уәкілетті орган жүргізеді.
Әскери қызметшіні басқа білім беру ұйымына ауыстыру кезінде Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға жұмсалатын шығындарды өтеу мөлшері түзетілуге жатады.
Әскери қызметшіге академиялық демалыс берілген кезде оның Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға жұмсалған шығындарды өтету құқығы сақталады.
Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға жұмсалатын шығындарды өтетуге құқылы әскери қызметшіге, ол оқыған (оқитын) білім беру ұйымы таратылған және қайта ұйымдастырылған, әрекетін тоқтатқан, білім беру ұйымы лицензиясынан айырылған жағдайларда басқа жоғары оқу орындарында оқуға жұмсалатын шығындарды өтетуге кепілдік беріледі.