2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) өздері өндірген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) тұтынушылар мен өзге де тұлғалар алдындағы мүліктік жауаптылығын қамтамасыз ету жөніндегі төлемдерден басқа, өтемақы қорынан кез келген төлемді жүзеге асыруға жол берілмейді.
29-бап. Өзін-өзі реттеудегі мемлекеттік бақылау және қадағалау
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ жаңа редакцияда
1. Өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қызметін мемлекеттік бақылау жоспардан тыс тексеру, бақылау жəне қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жəне бақылау жəне қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1. Жоспардан тыс тексеру мен бақылау жəне қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау Қазақстан Республикасының Кəсіпкерлік кодексіне сəйкес жүзеге асырылады.
Бақылау жəне қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау Қазақстан Республикасының Кəсіпкерлік кодексіне жəне Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес жүзеге асырылады.
2. Уәкілетті орган және реттеуші мемлекеттік органдар ерікті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшесіне (қатысушысына) мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асырған кезде тәуекелдерді бағалау жүйесінде мұндай мүшеліктің (қатысудың) болу фактісін ескереді.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 29-1-баппен толықтырылды
29-1-бап. Кәсіпкерлік және кәсіптік қызмет субъектілерін өзін-өзі реттеуге өтуге ынталандыру
2018.05.10. № 184-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2019 ж. 11 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Өзін-өзі реттейтін ұйымдардың стандарттары Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасына сәйкес әзірленеді.
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Реттеуші мемлекеттік органдар кәсіпкерлік және кәсіптік қызмет субъектілерін өзін-өзі реттеуге өтуге ынталандыруды:
1) кәсіпкерлік немесе кәсіптік қызмет саласында ерікті мүшелікке (қатысуға) негізделген және тиісті кәсіпкерлік және (немесе) кәсіптік қызмет түрі субъектілерінің көпшілігін біріктіретін өзін-өзі реттейтін ұйымдар жұмыс істеген кезде міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуді енгізу тұрғысынан реттеушілік әсерге талдау рәсімін жүргізу;
2) тармақша 2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
2) ерікті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйымның өз мүшелерінің (қатысушыларының) кәсіпкерлік немесе кәсіптік қызметін бақылауды жүзеге асыру жөніндегі қызметінің нәтижелерін осындай қызмет нәтижелерін тану туралы келісім негізінде тану;
3) өзін-өзі реттеу нысанасына байланысты мәселелер бойынша өзін-өзі реттейтін ұйымдарды нормашығармашылыққа қатысуға тарту арқылы жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасының заңнамасында кәсіпкерлік және кәсіптік қызмет субъектілерін өзін-өзі реттеуге өтуге ынталандыру жөнінде өзге де шаралар белгіленуі мүмкін.
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 29-2-баппен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
29-2-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымдардың реттеуші мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы
1. Ерікті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйымның өз мүшелерінің кәсіпкерлік немесе кәсіптік қызметін бақылауды жүзеге асыру жөніндегі қызметінің нәтижелерін ерікті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшесін (қатысушысын) мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын бақылау және қадағалау органдары қызмет нәтижелерін тану туралы келісім негізінде тануы мүмкін.
2. Қызмет нәтижелерін тану туралы келісім жасалған жағдайда мемлекеттік бақылау мен қадағалау тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары ескеріле отырып, ерікті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелеріне (қатысушыларына) қатысты жүзеге асырылады.
3. Қызмет нәтижелерін тану туралы келісім ерікті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйыммен жасалуы мүмкін, оның қағидалары мен стандарттары реттеуші мемлекеттік органмен келісіледі.
4. Егер өзін-өзі реттейтін ұйымның өз мүшелерінің (қатысушыларының) кәсіпкерлік немесе кәсіптік қызметін бақылауы бақылау мен қадағалау субъектілері қызметінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан бақылау және қадағалау органы жүзеге асыратын бақылау мен қадағалауға сәйкес келген жағдайда, қызмет нәтижелерін тану туралы келісім жасасуға жол беріледі.
5. Қызмет нәтижелерін тану туралы келісімді жасасу және оның қолданысын тоқтату тәртібін, сондай-ақ оның елеулі шарттарын кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
6. Қызмет нәтижелерін тану туралы келісімді ерікті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйым елеулі шарттар сақталған және өзі реттеуші мемлекеттік органға жүгінген жағдайда жасайды.
4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
30-бап. Қазақстан Республикасының өзін-өзі реттеу туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының өзін-өзі реттеу туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
31-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
32-бап. Өтпелі ережелер
Реттеуші мемлекеттік органдар, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына мүшелікті қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарымен кәсіптік немесе кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің коммерциялық емес ұйымдарға міндетті мүшелігі белгіленген қызмет салаларын осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде оған сәйкес келтіруге бағытталған қажетті шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2015 жылғы қарашаның 12-і.
№ 390-V