Қазақстан Республикасының
Заңы
Өзін-өзі реттеу туралы
(2023.01.05. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2024 жылғы 6 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
2-бап. Қазақстан Республикасының өзін-өзі реттеу туралы заңнамасы
3-бап. Өзін-өзі реттеу түрлері және оны енгізу
4-бап. Өзін-өзі реттеудің негізгі мақсаттары мен қағидаттары
2-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ӨЗІН-ӨЗІ РЕТТЕУ САЛАСЫНДАҒЫ ФУНКЦИЯЛАРЫ
5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
6-бап. Уәкілетті органның құзыреті
7-бап. Реттеуші мемлекеттік органдардың құзыреті
8-бап. Кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдардың Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен өзара іс-қимылы
3-тарау. ӨЗІН-ӨЗІ РЕТТЕЙТІН ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ
9-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымды құру және оның қызметін тоқтату
10-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның құрылтай құжаттары
11-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымдардың тізілімі
12-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның басқару органдары
13-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысы
14-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысын шақыру тәртібі
15-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органы
16-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органы
17-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның мамандандырылған органдары
18-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның құқықтары
19-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның міндеттері
20-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттары
20-1-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидаларына қойылатын талаптар
20-2-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның стандарттарына қойылатын талаптар
21-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болу (қатысу)
22-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымға жарналар
23-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуі және өзін-өзі реттейтін ұйымның ақпаратты оның құқыққа сыйымсыз пайдаланылуынан қорғауы
24-бап. Өзін-өзі реттеудегі мүдделер қақтығысы
25-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның өз мүшелерінің (қатысушыларының) қызметін бақылауы
26-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жауаптылығы
27-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның мүлкін қалыптастыру көздері
28-бап. Мүліктік жауаптылықты қамтамасыз ету тәсілдері
29-бап. Өзін-өзі реттеудегі мемлекеттік бақылау және қадағалау
29-1-бап. Кәсіпкерлік және кәсіптік қызмет субъектілерін өзін-өзі реттеуге өтуге ынталандыру
29-2-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымдардың реттеуші мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы
4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
30-бап. Қазақстан Республикасының өзін-өзі реттеу туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
31-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
32-бап. Өтпелі ережелер
Осы Заң Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік және кәсіптік қызмет субъектілерінің өзін-өзі реттеумен байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, өзін-өзі реттейтін ұйымдардың құрылу және жұмыс істеу, оларға мүше болу (қатысу) шарттарын және олардың құқықтық жағдайын айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) жеке мүдделілік - өзін-өзі реттейтін ұйымның және (немесе) оның мүшелерінің (қатысушыларының) құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге ықпал ететін немесе ықпал етуі мүмкін, өзін-өзі реттейтін ұйым мүшесінің (қатысушысының), өзін-өзі реттейтін ұйымның басқару органдарының құрамына кіретін адамның, еңбек шарты немесе азаматтық-құқықтық шарт негізінде жұмыс істейтін жеке тұлғаның материалдық және (немесе) өзге де мүдделілігі;
2) кәсіптік қызмет - арнайы даярлық, сондай-ақ жұмыс тәжірибесі нәтижесінде алған арнайы теориялық білімді, практикалық икемдер мен дағдыларды иеленуді талап ететін жеке тұлға қызметі;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) өзін-өзі реттейтін ұйым - қызметтің, саланың, экономикалық қызмет түрлерінің, өндірілген тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) нарығының ортақтығы қағидаты бойынша жеке кәсіпкерлік субъектілерінің немесе кәсіптік қызмет субъектілерінің ерікті не міндетті мүшелігіне (қатысуына) негізделген, қауымдастық (одақ), қоғамдық бірлестік нысанындағы немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де ұйымдық-құқықтық нысандағы коммерциялық емес ұйым;
4) өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары - өзін-өзі реттейтін ұйымның және оның мүшелерінің (қатысушыларының) қызметін ұйымдастыру тәртібін айқындайтын құжат;
5) өзін-өзі реттейтін ұйымның стандарты - өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) бірыңғай және міндетті қағидаттарды, олардың тауарларына (жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне) және қызмет түріне сипаттаманы көп рет пайдалану үшін талаптарды белгілейтін құжат;
6) өзін-өзі реттеу - осы Заңда көзделген, жеке және заңды тұлғалардың өздері жүзеге асыратын, өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарын бекітуге, олардың сақталуына бақылауды жүзеге асыруға, сондай-ақ өзін-өзі реттеу субъектілерінің мүліктік жауаптылығын қамтамасыз етуге негізделген кәсіпкерлік немесе кәсіптік қызметті өз бетінше реттеуге бағытталған шаралар кешені;
7) өзін-өзі реттеудегі мүдделер қақтығысы - мүшелердің (қатысушылардың), өзін-өзі реттейтін ұйыммен еңбек шарты немесе азаматтық-құқықтық шарт негізінде жұмыс істейтін жеке тұлғалардың жеке мүдделілігі өздерінің кәсіптік (мүшелік) міндеттерін орындауға ықпал ететін немесе ықпал етуі мүмкін және (немесе) өзін-өзі реттейтін ұйымның заңды мүдделеріне зиян келтіруге немесе мұндай қайшылықтың туындау қаупіне алып келетін осындай жеке мүдделілік пен өзін-өзі реттейтін ұйымның заңды мүдделері арасында қайшылықтың туындауына әкеп соқтыратын жағдай;
8) өзін-өзі реттеу саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - өзін-өзі реттеу мәселелері бойынша басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
9) өзін-өзі реттеу субъектілері - өзін-өзі реттейтін ұйымдар, өзін-өзі реттейтін ұйымдардың мүшелері (қатысушылары);
10) өтемақы қоры - өзін-өзі реттейтін ұйым, оның мүшелерінің (қатысушыларының) тұтынушылар мен өзге де тұлғалар алдындағы міндеттемелерін орындамаған жағдайларда кепілдік төлемдерді жүзеге асыру үшін өзін-өзі реттейтін ұйымның мүлкін қалыптастыру көздерінен жинақталған ақша;
11) реттеуші мемлекеттік органдар - өзін-өзі реттеу енгізілген немесе оны енгізу жоспарланған, жекелеген салада немесе мемлекеттік басқару аясында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органдар.
2-бап. Қазақстан Республикасының өзін-өзі реттеу туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының өзін-өзі реттеу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Өзін-өзі реттеу түрлері және оны енгізу
1. Өзін-өзі реттеу ерікті немесе міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделеді.
2. Ерікті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеу кәсіпкерлік немесе кәсіптік қызмет салаларындағы мемлекеттік реттеумен қатар өзін-өзі реттеу субъектілеріне және олардың қызметіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптардан жоғары талаптар белгілене отырып қолданылады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Кәсіпкерлік немесе кәсіптік қызмет саласындағы міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеу осы Заңда айқындалатын тәртіппен Қазақстан Республикасының заңдары негізінде мемлекеттік функцияларды іске асырумен не мемлекеттік органдар орындайтын белгілі бір функцияларды беру қажеттігімен ұштасатын қызмет салаларына енгізіледі.
Кәсіпкерлік немесе кәсіптік қызмет саласына міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеу енгізілген жағдайда, ерікті мүшелікке (қатысуға) негізделген, қоғамдық бірлестік ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған өзін-өзі реттейтін ұйым үшін Қазақстан Республикасының заңдарымен өзге ұйымдық-құқықтық нысан белгіленеді.
4. Міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуді енгізу үшін реттеуші мемлекеттік орган және мүдделі тұлғалар Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес өздері әзірлейтін құжаттардың жобаларына қатысты реттеушілік әсерді талдау рәсімін алдын ала жүргізуге тиіс.
Белгілі бір мақсаттарға қол жеткізу немесе нақты айқындалған проблемаларды шешу үшін реттеудің баламалы тәсілдерін бағалау арқылы міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуді пайдалану бөлігінде мемлекеттік саясаттың пәрменділігі мен тиімділігін арттыру реттеушілік әсерді талдаудың мақсаты болып табылады.
Реттеушілік әсерді талдау міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеу енгізілгенге дейін және енгізілгеннен кейін жүргізіледі.
Реттеушілік әсерді талдау нәтижелері бойынша міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуді қолдану тиімділігіне қарай оның енгізілуі, күші жойылуы немесе өзгеше тәсілмен қайта қаралуы мүмкін.
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды
4-1. Кәсіпкерлік немесе кәсіптік қызмет саласындағы міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеу бұл салада Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан басқа, ерікті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйымдар және (немесе) кәсіпкерлік немесе кәсіптік қызмет субъектілері міндетті түрде мүшесі болатын өзге де коммерциялық емес ұйымдар жұмыс істеген жағдайда ғана енгізіледі.
5. Өзін-өзі реттейтін ұйымдарды ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс, қоғамдық тәртiптi қамтамасыз ету саласында құруға болмайды.
4-бап. Өзін-өзі реттеудің негізгі мақсаттары мен қағидаттары
1. Мыналар:
1) отандық тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
2) отандық экономика салаларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) нарыққа қатысушылардың тұтынушылар алдындағы жауаптылығын күшейту;
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4) өзін-өзі реттеу субъектілерінің реттеуші мемлекеттік органдармен тиімді өзара іс-қимылын ұйымдастыру өзін-өзі реттеудің негізгі мақсаттары болып табылады.
2. Өзін-өзі реттеудің жалпы қағидаттары мыналар:
1) заңдылық - барлық мүдделі тұлғалар құқықтарының сақталу шартымен осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес өзін-өзі реттеуді енгізу және жүзеге асыру;
2) теңдік - өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) тең құқықтары мен міндеттерінің болуы;
3) өзін-өзі қаржыландыру - мүшелік жарналар және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздер негізінде өзін-өзі реттейтін ұйым қызметін қаржыландыру;
4) жауаптылық - өзін-өзі реттейтін ұйымдардың осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес осы өзін-өзі реттейтін ұйымдар мүшелерінің (қатысушыларының) әрекеттерімен келтірілген залал үшін үшінші тұлғалар алдында мүліктік жауаптылыққа кепілдік беру тетіктерін пайдалануы;
5) қызметтің ашықтығы - мүдделі тұлғалар үшін ақпараттың қолжетімділігі қамтамасыз етіле отырып, өзін-өзі реттейтін ұйымдардың барынша ашық қызметі;
6) беделге тәуелділік (беделдік тәуелділік) - өзін-өзі реттейтін ұйымдар мүшелерінің (қатысушыларының) өздерінің іскерлік және кәсіптік беделіне тәуелділігі;
7) өзара көмек және мүдделерді қорғау - өзін-өзі реттейтін ұйымдардың өздерінің мүшелеріне (қатысушыларына) көмек көрсетуі, сондай-ақ олардың мүдделерін қорғауы;
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
8) тәуелсіздік - Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдар, өзге де ұйымдар мен лауазымды адамдар тарапынан өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қызметіне араласуға жол бермеу;
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 9) тармақшамен толықтырылды
9) адал бәсекелестік болып табылады.
3. Ерікті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеудің негізгі қағидаттары мыналар:
1) бірігу еркіндігі - адамдардың өзін-өзі реттейтін ұйымға ерікті түрде бірігуі үшін таңдау;
2) саланың ортақтығы - өндірілетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің), технологияның, өндіріс объектілерінің жұмыс істеу циклі кезеңінің ұқсастығы (ұқсас немесе сабақтас сипаттамалар) тән қызмет түрлерінің ортақтық белгісі бойынша кәсіпкерлердің бірігуі болып табылады.
4. Міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеудің негізгі қағидаттары мыналар:
1) тиімділік - мемлекеттік реттеу кезінде қойылған мақсаттарға неғұрлым тиімді қол жеткізуді қамтамасыз еткен жағдайда ғана өзін-өзі реттеуді енгізу жүзеге асырылады;
2) қайталауды болғызбау - өзін-өзі реттейтін ұйымдардың мүшелеріне (қатысушыларына) қатысты қосарланған бақылауды болғызбау мақсатында мемлекеттік органдар мен өзін-өзі реттейтін ұйымдар құзыретінің аражігін нақты ажырату болып табылады.
2-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ӨЗІН-ӨЗІ РЕТТЕУ САЛАСЫНДАҒЫ ФУНКЦИЯЛАРЫ
2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 5-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі өзін-өзі реттеуді дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады.
6-бап. Уәкілетті органның құзыреті
1. Уәкілетті орган:
2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) өзін-өзі реттеу мәселелері жөніндегі мемлекеттік саясатты қалыптастырады және іске асырады;
2) өзін-өзі реттейтін ұйымдардың тізілімін жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
3) 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4) 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 4-1) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4-1) ерікті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйыммен қызмет нәтижелерін тану туралы келісім жасасу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
7-бап. Реттеуші мемлекеттік органдардың құзыреті
Реттеуші мемлекеттік органдар:
1) өзін-өзі реттеу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлейді және уәкілетті органмен келіседі;
2) реттеушілік әсерді талдауды жүзеге асырады;
3) тиісті аядағы (саладағы) өзін-өзі реттейтін ұйымдардың тізілімін жүргізеді;
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) міндетті немесе ерікті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қағидалары мен стандарттарын келіседі;
2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 4-1) тармақшамен толықтырылды
4-1) Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасын бұзу фактілері бойынша тұтынушылардың тұтынушылық дауларды қарау жөніндегі қызметті тиімсіз жүзеге асыратын өзін-өзі реттейтін ұйымдарға қатысты шағымдарын қарайды;
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 4-2) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4-2) ерікті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйыммен қызмет нәтижелерін тану туралы келісім жасасады;
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 4-3) тармақшамен толықтырылды
4-3) өзін-өзі реттеуді дамыту жөніндегі шаралар кешенін, оның ішінде уәкілетті органның, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының негізделген ұсыныстарын ескере отырып әзірлейді және бекітеді;
5) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
8-бап. Кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдардың Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен өзара іс-қимылы
Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген тәртіппен кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды, оның ішінде:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдардың және олардың мүшелерінің (қатысушыларының) құқықтары мен заңды мүдделерін олар өтініш білдірген жағдайларда Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында, сондай-ақ халықаралық ұйымдарда және шет мемлекеттерде білдіреді, қорғайды;
2) кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің міндетті мүшелігіне (қатысуына) негізделген өзін-өзі реттеу енгізілген кезде, реттеуші мемлекеттік органдар жүргізген реттеушілік әсерді талдау түйіндерімен келіспеген жағдайда реттеушілік әсерге балама талдау жүргізеді;
3) кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қағидалары мен стандарттарын әзірлеуге жәрдемдеседі, сондай-ақ міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қағидалары мен стандарттарына қорытынды ұсынады;
4) Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына келіп түсетін, өзін-өзі реттейтін ұйымдардың және олардың мүшелерінің (қатысушыларының) қызметіне қатысты Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдарға сараптама жүргізу үшін жібереді;
5) кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелері (қатысушылары) арасында, сондай-ақ олар мен өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелері (қатысушылары) өндірген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) тұтынушылар, өзге де тұлғалар арасында туындайтын дауларды шешу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төрелік қызметтерін көрсетеді;
6) «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдарды Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүйесінде аккредиттеуді жүзеге асырады.
3-тарау. ӨЗІН-ӨЗІ РЕТТЕЙТІН ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ
9-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымды құру және оның қызметін тоқтату
1. Өзін-өзі реттейтін ұйым кәсіпкерлік немесе кәсіптік қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалардың бастамасымен не Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылады және қызметін тоқтатады.
Өзін-өзі реттейтін ұйым «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген негізде және тәртіппен ерікті немесе мәжбүрлі түрде таратылуы мүмкін.
2. Мүшелікті (қатысуды) иелену және жоғалту шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында және өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында айқындалады.
Міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеу кезінде олардың мүшелерінің (қатысушыларының) санына қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
3. Міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйым таратылған жағдайда, оның мүшелері (қатысушылары) үш ай ішінде міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген басқа өзін-өзі реттейтін ұйымға кіру жарнасын төлемей кіруге міндетті.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім ішінде мұндай мүшелер (қатысушылар) кәсіпкерлік немесе кәсіптік қызметті жүзеге асыруға құқылы.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Өзін-өзі реттейтін ұйымның қызметін бастау, сол сияқты тоқтату үшін негіз бұл туралы реттеуші мемлекеттік органға жіберілген хабарлама болып табылады.
Хабарламаны жіберу «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
Хабарлама жіберілгеннен кейін екі ай ішінде өзін-өзі реттейтін ұйым реттеуші мемлекеттік органға мынадай құжаттарды ұсынады:
1) өзін-өзі реттейтін ұйымның осы Заңда көзделген мәліметтерді қамтитын жарғысы;
2) өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттары;
3) өзін-өзі реттейтін ұйымда өз мүшелері (қатысушылары) өндірген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) тұтынушылар мен өзге де тұлғалар алдындағы мүліктік жауаптылықты қамтамасыз етудің бір немесе бірнеше тәсілдері бар екенін растайтын құжаттар.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Өзін-өзі реттейтін ұйымдардың тізілімінен алып тастау:
1) өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының өзін-өзі реттейтін ұйымдар тізілімінен ерікті түрде алып тастау, өзін-өзі реттейтін ұйымды тарату немесе өзін-өзі реттейтін ұйымды бірігу, қосу, бөлу немесе бөліп шығару нысанында жүргізілген қайта ұйымдастыру туралы шешімдері;
2) міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген, бір өзін-өзі реттейтін ұйым әрекет ететін саладағы өзін-өзі реттеуді қайта қарайтын не оның күшін жоятын Қазақстан Республикасының заңын қабылдау;
2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) осы баптың 4-тармағының үшінші бөлігінде көзделген құжаттардың екі ай мерзімде ұсынылмауы;
2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды
4) өзін-өзі реттейтін ұйымның қызметін тоқтату және оны өзін-өзі реттейтін ұйымдар тізілімінен шығару туралы заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде жүзеге асырылады.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, өзін-өзі реттейтін ұйымды өзге негіздер бойынша өзін-өзі реттейтін ұйымдардың тізілімінен алып тастауға жол берілмейді.
2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Реттеуші мемлекеттік органның өзін-өзі реттейтін ұйымды өзін-өзі реттейтін ұйымдар тізілімінен шығару туралы шешіміне сотқа шағым жасалуы мүмкін.
Реттеуші мемлекеттік органның өзін-өзі реттейтін ұйымды өзін-өзі реттейтін ұйымдар тізілімінен шығару туралы шешіміне шағым жасау осы шешімнің орындалуын тоқтата тұрмайды.
10-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның құрылтай құжаттары
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Өзін-өзі реттейтін ұйымның құрылтай құжаттары жарғы және (немесе) құрылтай шарты болып табылады.
2. Өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында:
1) өзін-өзі реттейтін ұйымның атауы, орналасқан жері, қызметінің нысанасы мен мақсаттары;
2) өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше (қатысушы) болуға қабылдау және оған мүше болуды (қатысуды) тоқтату шарттары мен тәртібі;
3) өзін-өзі реттейтін ұйымның ұйымдық құрылымы;
4) өзін-өзі реттейтін ұйымның басқару органдарының құрылымы, қалыптастыру тәртібі, құзыреті және өкілеттіктерінің мерзімдері, өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органының орналасқан жері;