Азаматтардың саяси партия құру жөніндегі бастамашылық тобы, саяси партия мүшелерi тiзiмдерiнiң дұрыстығын тексеру epeжеciн бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 13 қыркүйектегі № 917 Қаулысы
(2010.16.04. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2023 жылғы 23 қаңтарда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 15 шілдедегi Заңының 12-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiліп отырған Азаматтардың саяси партия құру жөніндегі бастамашылық тобы, саяси партия мүшелерi тiзiмдерiнің дұрыстығын тексеру ережесi бекітілсiн.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2005 жылғы 13 қыркүйектегі
№ 917 қаулысымен
Бекiтiлген
Азаматтардың саяси партия құру жөніндегi бастамашылық тобы,
саяси партия мүшелерi тiзiмдерiнiң дұрыстығын
тексеру ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Азаматтардың саяси партия құру жөніндегі бастамашылық тобы, саяси партия мүшелерi тiзiмдерінiң дұрыстығын тексеру ережесi (бұдан әрi - Ереже) заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеу саласындағы уәкiлетті органның (бұдан әрi - тiркеуші орган) лауазымды адамдарының тексерiс жүргiзу тәртібін белгілейдi.
2. Тiркеушi органның лауазымды адамдары тексерiс жүргiзу кезiнде өздерiнің қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкiметінiң кесiмдерiне, өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
2. Азаматтардың саяси партия құру жөнiндегі бастамашылық
тобы, саяси партия мүшелерi тізiмдеріне қойылатын талаптар
3. Саяси партияны мемлекеттік тiркеу азаматтардың саяси партия құру жөніндегі бастамашылық тобының, саяси партия мүшелерінiң тiзiмдерi (бұдан әрi - тiзiмдер) тiркеушi органға ұсынылған кезде жүзеге асырылады.
4. Тiзiмдерде көрсетiлген адамдар Қазақстан Республикасының он сегiз жасқа толған азаматтары болуы тиiс.
Саяси партияға шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың мүше болуына, сондай-ақ ұжымдық мүшелікке жол берiлмейдi.
ҚР Үкіметінің 2010.16.04 № 320 Қаулысымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Тiзiмдердегі саяси партия құруға бастамашылық жасаған азаматтардың саны облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың үштен екiсінің атынан өкiлдiк ететiн адамдардың кемiнде бiр мыңын құрауы тиiс.
Тiзiмдерде көрсетілген саяси партия құрамының жалпы саны партияның барлық облыстардағы, республикалық маңызы бар қаладағы және астанадағы олардың әрқайсысында саны кемінде алты жүз партия мүшесi бар құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдары мен өкiлдiктерінiң) атынан өкiлдiк ететiн кемінде қырық мың партия мүшесi болуға тиiс.
3. Тiзiмдердi тексеру тәртібі
6. Тiзімдер тiркеушi орган белгiлеген нысан бойынша электрондық және қағаз жеткiзгiштерде табыс етiледi.
7. Тiркеушi органның лауазымды адамдары тiзiмдердi тексерудi өз құзыретiне сәйкес жүзеге асырады.
8. Өздерінің функцияларын жүзеге асыру мақсатында тiркеушi органның саяси партия мен оның құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдары мен өкілдіктерінің) саяси партия мүшелерiнiң қажеттi саны бар екендiгiн растайтын құжаттарын талап етуге немесе оларға рұқсат алуға құқығы бар.
9. Осы Ережеде белгiленген тiзiмдерге қатысты талаптардың сақталуын тексеру олардың дұрыстығы мәнiне:
1) саяси Партияның құжаттары мемлекеттік тiркеуге түскен кезде;
2) арыздар, өтiнiштер, шағымдар, хабарламалар мен өзге де ақпараттар түскен кезде;
3) тiркеушi орган бекiткен мемлекеттік тiркеуден (қайта тiркеуден) өткен саяси партияларға қатысты бақылауды жүзеге асыру жоспары бойынша жүргiзiледi.
10. Тiзiмдердi тексеру рәсiмі:
1) тiзiмдердегi азаматтар санын өңiрлер бойынша осы Ереженiң 5-тармағында көзделген олардың саны мәнiне тексерудi;
2) тiзiмдердiң тiркеуші орган белгiлеген нысанына сәйкестiгi мәнiне тексеруді;
3) Қазақстан Республикасының құжат алған халқының деректер банкi бойынша тiзiмдерде көрсетiлген адамдарды Қазақстан Республикасының азаматы болу мәнiне тексерудi қамтиды.
11. Ұсынылған тiзiмдер осы Ережеге сәйкес келмеген жағдайда тiркеушi орган Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiнде көзделген негiздер бойынша саяси партияны мемлекеттік тiркеуден (қайта тiркеуден) бас тартады.
12. Мемлекеттік тiркеуден (қайта тiркеуден) өткен саяси партия мүшелерінің саны осы Ережеде белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда саяси партияның қызметi соттың шешімi бойынша заңнамада белгіленген мерзiмге тоқтатыла тұрады.
Саяси партияның қызметін тоқтата тұру үшін негiз болған тәртiп бұзушылықты сот белгілеген мерзiмде жоймаған жағдайда саяси партия соттың шешiмi бойынша таратылуы мүмкiн.