3. Неке шартында неке (ерлі-зайыптылық) тоқтатылғаннан кейiнгi кезеңге көзделген мiндеттемелерді қоспағанда, неке шартының қолданылуы неке (ерлі-зайыптылық) тоқтатылған кезден бастап тоқтатылады.
43-бап. Неке шартын жарамсыз деп тану
1 Неке шартын сот Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде көзделген мәмiлелер жарамсыздығының негiздері бойынша толық немесе iшiнара жарамсыз деп тануы мүмкiн.
2. Егер шарттың талаптары ерлi-зайыптылардың бiреуiн өте қолайсыз жағдайда қалдырса немесе осы некедеден (ерлі-зайыптылықтан) туған немесе асырап алынған балалардың мүліктік құқықтарын бұзса, сот ерлi-зайыптылардың осы бiреуiнiң талап етуi бойынша неке шартын толық немесе iшiнара жарамсыз деп тануы да мүмкiн. Осы Кодекстің 41-бабы 3-тармағының талаптарын бұзатын неке шартының талаптары жарамсыз деп танылады.
§3. Ерлі-зайыптылардың міндеттемелер бойынша жауапкершілігі
44-бап. Ерлі-зайыптылардың мүлкінен өндіріп алу
1. Ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң мiндеттемелерi бойынша тек сол жұбайының мүлкi ғана өндiрiп алынады. Бұл мүлiк жеткiлiксiз болған кезде кредит берушi өндiрiп алу үшiн ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу кезiнде борышкер жұбайға тиесiлi болатын борышкер жұбайдың үлесiн бөліп беруді талап етуге құқылы.
2. Егер сот ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң мiндеттемелерi бойынша алынғандардың бәрi отбасының мұқтажына пайдаланылғанын анықтаса, өндiрiп алу ерлi-зайыптылардың ортақ мiндеттемелерi бойынша, сондай-ақ ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң мiндеттемелерi бойынша ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкi өндіріп алынады. Бұл мүлiк жеткiлiксiз болған кезде ерлi-зайыптылар көрсетілген мiндеттемелер бойынша өздерiнiң әрқайсысының мүлкiмен ортақ жауапкершілікте болады.
Егер соттың үкiмiмен ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкi ерлi-зайыптылардың бiреуi қылмыстық жолмен алған қаражат есебiнен сатып алынғаны немесе көбейтiлгенi анықталса, тиiсiнше ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкi немесе оның бiр бөлiгi өндіріп алынады.
3. Ерлi-зайыптылардың өздерінің кәмелетке толмаған баласы келтiрген зиян үшiн жауапкершiлiгi Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен айқындалады. Ерлi-зайыптылардың өздерінің кәмелетке толмаған баласы келтiрген зиянды өтеуi кезiнде осы баптың 2-тармағына сәйкес олардың мүлкiнен өндiрiп алыну жүргізіледі.
45-бап. Неке шартын жасасу, өзгерту және бұзу кезіндегі кредит берушілердің құқықтарына кепілдік
Борышкер жұбайдың кредит берушiсi (кредит берушiлерi) Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң нормаларына сәйкес, өзгерген мән-жайларға байланысты ерлi-зайыптылар арасында жасалған неке шартының талаптарын өзгертудi немесе оны бұзуды талап етуге құқылы.
3-бөлім. Отбасы
8-тарау. Баланың туу тегін анықтау
46-бап. Ата-аналардың және баланың құқықтары мен міндеттерінің туындауы үшін негіздер
1. Бала туғаннан кейін бірден тіркеледі және туылған кезінен бастап атын алуға және азаматтық алуға құқығы, сондай-ақ мүмкіндігіне қарай, өз ата-аналарын білуге құқығы және олардың қамқорлығына құқығы болады.
2. Ата-аналардың және баланың құқықтары мен міндеттері баланың Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен куәландырылған тегіне негізделеді.
3. Бала асырап алушылар мен асырап алынған балалардың құқықтары мен міндеттері асырап алу туралы заңды күшіне енген сот шешіміне негізделеді.
47-бап. Баланың туу тегін анықтау
1. Баланың анасы жағынан туу тегін (анасын) ананың баланы медициналық ұйымда туғанын растайтын құжаттардың негізінде тіркеуші орган анықтайды.
Бала медициналық ұйымнан тыс жерде туған жағдайда, оның туу тегін туу фактісін растайтын медициналық құжаттардың негізінде тіркеуші орган анықтайды, ал олар болмаған жағдайда, баланың туу тегінің фактісі сот тәртібімен анықталады.
2. Бір-бірімен некеде тұратын (ерлі-зайыпты) адамдардан туған баланың туу тегі ата-анасының некені (ерлі-зайыптылықты) қию туралы куәлігімен расталады.
Бала суррогат анадан туған жағдайда баланың туу тегі суррогат ана болу жөнінде жасалған шарт негізінде куәландырылады.
3. Егер өзгеше дәлелденбесе, бала неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған, ол жарамсыз деп танылған кезден бастап немесе бала анасының жұбайы қайтыс болған кезден бастап екi жүз сексен күн iшiнде туған жағдайда, анасының бұрынғы жұбайы баланың әкесi болып танылуы мүмкін.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Егер баланың анасы өзінің жұбайы не бұрынғы жұбайы баланың әкесі емес деп мәлімдесе, баланың әкесі баланың өз анасының және әкесінің не жұбайының, бұрынғы жұбайының бұл туралы жазбаша өтініші болған кезде, осы баптың 5-тармағында немесе осы Кодекстің 48-бабында көзделген қағидалар бойынша анықталады. Мұндай өтініш болмаған жағдайда бұл мәселе сот тәртібімен шешіледі.
Босанған әйелдің жұбайының немесе бұрынғы жұбайының басқа адамның әке болуын анықтауға келісімі ішкі істер органы берген, жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілгені туралы немесе соттың оны хабар-ошарсыз кеткен немесе әрекетке қабілетсіз деп танығаны туралы заңды күшіне енген шешімі туралы растайтын құжат болған кезде міндетті емес.
2019.01.04. № 240-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Баланың анасымен некеде тұрмайтын (ерлі-зайыпты емес) адамның әке болуы баланың әкесi мен анасының тіркеуші органға бiрлесiп өтініш беруі арқылы анықталады. Анасы қайтыс болған, ол әрекетке қабiлетсiз деп танылған, анасының болған жерiн анықтау мүмкiн болмаған жағдайларда немесе ол ата-ана құқықтарынан айырылған жағдайда - қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның келiсiмiмен баланың әкесiнiң өтініші бойынша, мұндай келiсiм болмаған кезде - сот шешiмi бойынша анықталады.
Егер анасының жұбайы болып табылмайтын еркектiң әке екендiгi анықталған болса, баланың анасы одан:
қалыпты босанған кезде - босануға дейін күнтізбелік жетпіс күн және босанғаннан кейін күнтізбелік елу алты күн ішінде;
қиын босанған немесе екі және одан көп бала туған кезде - босануға дейін күнтізбелік жетпіс күн және босанғаннан кейін күнтізбелік жетпіс күн ішінде;
баланың анасы ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған аумақта тұратын жағдайда, қалыпты босанған кезде - босануға дейін күнтізбелік тоқсан бір күн және босанғаннан кейін күнтізбелік жетпіс тоғыз күн iшiнде (қиын босанған немесе екі және одан көп бала туған жағдайда - күнтізбелік тоқсан үш күн iшiнде) оны күтіп-бағу бойынша шығыстарға тиiстi ақша қаражатын сот тәртiбiмен талап етуге құқылы.
Ақша қаражатының мөлшерi және төлемдердің кезеңділігі тараптардың материалдық және отбасылық жағдайы мен назар аударарлық басқа да мүдделерiн негiзге ала отырып, ақша қаражаты төленетін кезге қолданыста болатын айлық есептiк көрсеткiшке еселенген арақатынаспен айқындалады.
«Қарағанды облысының Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ұсынысы бойынша «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 47-бабы 5-тармағының конституциялылығын тексеру туралы» ҚР Конституциялық Кеңесінің 2018 жылғы 10 сәуірдегі № 3 нормативтік қаулысын қараңыз
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Некені (ерлі-зайыптылықты) қию, бұзу туралы куәлікке немесе акт жазбасына, сондай-ақ бала асырап алу, әке болуды анықтау туралы өтінішке сәйкес баланың әкесі ретінде адам көрсетілген тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасынан баланың әкесі туралы мәліметтерді алып тастауды тіркеуші орган соттың тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасындағы баланың әкесі туралы мәліметтерді алып тастау туралы шешімі негізінде жүргізеді.
Өзге жағдайларда әкесі туралы мәліметтерді алып тастау бала туған кезде некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) анасының өтініші бойынша осы Кодекстің 183-бабына сәйкес жүргізіледі.
7. Он сегiз жасқа (кәмелетке) толған адамға қатысты әке болуды анықтауға - тек қана оның келiсiмiмен, ал егер ол әрекетке қабiлетсiз деп танылса, оның қорғаншысының немесе қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның келiсiмiмен жол берiледi.
48-бап. Әке болуды сот тәртібімен анықтау
Бiр-бiрiмен некеде тұрмайтын (ерлі-зайыпты емес) ата-аналардан бала туған жағдайда және ата-аналарының бiрлескен өтініші немесе баланың әкесiнiң өтініші болмаған кезде баланың нақты адамнан туу тегi (әкесі) ата-аналарының бiреуiнiң, бала қорғаншысының немесе қамқоршысының өтініші бойынша немесе баланы асырап отырған адамның өтініші бойынша, сондай-ақ бала кәмелетке толған соң оның өз өтініші бойынша сот тәртiбiмен анықталады. Бұл ретте сот баланың нақты адамнан туу тегiн дәйекті түрде растайтын айғақтарды назарға алады.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 49-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
49-бап. Соттың әке болуды тану фактісін анықтауы
Өзiн баланың әкесiмiн деп мойындаған, бiрақ баланың анасымен некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты емес) адам қайтыс болған жағдайда оның әке екенiн тану фактiсi Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу кодексіне сәйкес сот тәртiбiмен анықталуы мүмкiн.
Әке болуды анықтау туралы, сондай-ақ әке болу фактісін және әке болуды тану фактісін анықтау туралы шешім шығарған сот осы шешім заңды күшіне енген күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде оны тіркеуші органға электрондық түрде жіберуге міндетті.
50-бап. Баланың ата-аналары (ата-анасы) туралы туу туралы актілер жазбалары кітабына жазу
Баланың ата-аналары (ата-анасы) туралы туу туралы актілер жазбалары кітабына жазу осы Кодексте көзделген тәртіппен жүргізіледі.
51-бап. Әке (ана) болуды даулау
1. Туу туралы актілер жазбалары кiтабына ата-аналардың жазуы баланың әкесi немесе анасы ретiнде жазылған адамның, iс жүзiнде баланың әкесi немесе анасы болып табылатын адамның, бала кәмелетке толған соң оның өзiнiң, баланың қорғаншысының немесе қамқоршысының, сот әрекетке қабiлетсiз деп таныған ата-ана қорғаншысының талап етуi бойынша тек қана сот тәртiбiмен даулануы мүмкiн.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Баланың әкесінің өтініші бойынша немесе әке болудың күшін жою туралы сот шешіміне сәйкес әке мен ананың бірлескен өтініші негiзiнде баланың әкесi болып жазылған адамның талабы, егер жазу кезiнде бұл адамға өзінің іс жүзінде баланың әкесi емес екендiгi белгілі болса, қанағаттандырылмауға тиіс.
Егер баланың тууы туралы акті жазбасында баланың анасының жұбайы немесе бұрынғы жұбайы баланың әкесі болып көрсетілсе, сот туу туралы актілер жазбасынан баланың әкесі туралы мәліметтерді алып тастау туралы мәселені шешкенге дейін тіркеуші орган әке болуды анықтау туралы өзгерістер енгізуден жазбаша түрде бас тартуға тиіс.
3. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдануға жазбаша түрде келiсiм берген адамдардың әке (ана) болуды даулау кезiнде осы мән-жайларға сiлтеме жасауға құқығы жоқ.
Басқа әйелге эмбрионды ауыстырып салуға келiсiм берген адамдардың, сондай-ақ суррогат ананың ана және әке болуды даулау кезiнде осы мән-жайларға сiлтеме жасауға құқығы жоқ.
52-бап. Бір-бірімен некеде тұрмайтын (ерлі-зайыпты емес) адамдардан туған баланың құқықтары мен міндеттері
Осы Кодекстің 47-49-баптарында көзделген тәртiппен әке болуы анықталған жағдайда, баланың бiр-бiрiмен некеде тұратын (ерлі-зайыпты) адамдардан туған бала сияқты, ата-аналары мен олардың туыстарына қатысты сондай құқықтары мен мiндеттерi болады.
53-бап. Жеке өмірге қолсұқпаушылық, жеке және отбасылық құпия
1. Жеке өмір, жеке және отбасылық құпия заңның қорғауында болады.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын жұмыскерлер мен қызметкерлер, сондай-ақ жеке өмір туралы өзгеше түрде хабардар болған басқа да адамдар жеке және отбасылық құпияны сақтауға міндетті.
3. Азаматтардың жеке және отбасылық өмірі туралы мәліметтерді жария ету Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды; 2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Тіркеуші органның жұмыскерлері, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемелерінің қызметкерлері бала асырап алушының келісімінсіз бала асырап алу туралы қандай да бір мәліметтерді хабарлауға және бала асырап алушылар асырап алынған баланың ата-анасы болып табылмайтындығы туралы ақпарат қамтылатын құжаттарды беруге құқылы емес.
Асырап алынған бала туралы мәліметтер мемлекеттік органдардың сұрау салулары бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде ұсынылады.
9-тарау. Суррогат ана болу және қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану
54-бап. Суррогат ана болу шарты
1. Суррогат ана болу шарты Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының талаптары сақтала отырып, жазбаша нысанда жасалады және міндетті түрде нотариатта куәландыруға жатады.
2. Суррогат ана болу шартының жасалуы қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану нәтижесінде туған балаға ерлі-зайыптылардың (тапсырыс берушілердің) ата-аналық құқықтары және міндеттерінің болуын әдейі көздейді.
3. Суррогат ана болу шартымен бір мезгілде ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) тиісті қызметтер көрсететін, қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолданатын медициналық ұйыммен шарт жасасады.
55-бап. Суррогат ана болу шартының мазмұны
Суррогат ана болу шартында:
1) ерлі-зайыптылардың (тапсырыс берушілердің) және суррогат ананың деректері;
2) суррогат ананың күтіміне арналған материалдық шығыстарды төлеу тәртібі және шарттары;
3) тараптардың шарт талаптары орындалмаған кездегі құқықтары, міндеттері және жауапкершілігі;
4) 57-баптың 1-тармағында көзделген өтемақының мөлшері және оны төлеу тәртібі;
5) өзге де, оның ішінде төтенше оқиға жағдайлары қамтылуға тиіс.
56-бап. Суррогат анаға қойылатын талаптар
1. Суррогат ана болуға тілек білдірген әйел жиырмадан отыз беске дейінгі жаста, медициналық ұйымның қорытындысымен расталған, қанағаттанарлық тән денсаулығы, психикалық және репродуктивтік денсаулығы, сондай-ақ өзінің дені сау баласы болуға тиіс.
2. Егер суррогат ана тіркелген некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) жағдайда, суррогат ана болу шартын жасасу кезінде жұбайының нотариат тәртібімен куәландырылуға тиіс жазбаша келісімі ұсынылуы қажет.
3. Қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолданатын медициналық ұйым балалы болуға тілек білдірген адамдардың өздерінің не донор банктің биоматериалдарының сол үшін пайдаланылғаны туралы толық әрі жеткілікті ақпаратпен оларды қолдану туралы қорытынды шығаруға міндетті.
Қорытындының бір данасы нотариатта куәландырылған суррогат ана болу шартына қоса беріледі және мәміленің жасалған жері бойынша сақталады.
57-бап. Суррогат ана болу шарты тараптарының құқықтары мен міндеттері
1. Суррогат ана болу шартын жасасу кезінде ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер):
1) суррогат ананың медициналық зерттеп-қараудан өтуімен байланысты материалдық шығыстарды көтеруге;
2) қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологиялар қолданылуына байланысты материалдық шығыстарды көтеруге;
3) қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолданатын медициналық ұйымға тән саулығы, психикалық денсаулығы туралы медициналық қорытындыны, сондай-ақ медициналық-генетикалық зерттеп-қараудың нәтижелерін ұсынуға;
4) суррогат ананың жүктілігі, босануы кезеңінде және босанғаннан кейін елу алты күн ішінде медициналық қызмет көрсету бойынша шығыстарды төлеуге, ал жүктілікпен және босанумен байланысты асқыну болған жағдайда, жетпіс күн ішінде шығыстарды төлеуге міндетті.
2. Суррогат ана болу шартын жасасу кезінде суррогат ана 56-баптың талаптарына сәйкес:
1) тапсырыс берушілерге өзінің тән саулығы, психикалық және репродуктивтік денсаулығы туралы медициналық қорытындыны ұсынуға;
2) дәрігердің үнемі бақылауында болуға және оның ұсынымдары мен тағайындаған емдерін қатаң сақтауға;
3) өзімен шарт жасасқан адамдарды суррогат ана болу шартында ескерілген кезеңділігімен жүктіліктің барысы туралы хабардар етуге;
4) туған баланы өзімен суррогат ана болу шартын жасасқан адамдарға беруге міндетті.
3. Суррогат ана баланы өзге адамдарға беруге құқылы емес.
4. Суррогат ананың тұрақты жұмысы болған кезде еңбек қызметін жалғастыру мәселесі суррогат ана болу шарты тараптарының өзара келісімі бойынша шешіледі.
5. Суррогат ана репродуктивтік әдістер мен технологиялар қолданылғаннан кейін суррогат ана болу шартында көзделген жүктілік үшін жауаптылықта болады және табиғи жүкті болу мүмкіндігін болғызбауға міндетті.
6. Көп құрсақ көтеріп жүкті болу туралы мәселе суррогат ана болу шарты тараптарының өзара келісімі бойынша шешіледі.
58-бап. Қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану
1. Тіркелген некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған), сондай-ақ кәмелетке толған, некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) және медициналық ұйымның қорытындысымен расталған, қанағаттанарлық тән саулығы, психикалық және репродуктивтік денсаулығы бар әйелдерге қатысты қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдануға жол беріледі.
2. Донордың шәуетін қоса алғанда, қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану нәтижесінде өзі баланы көтеретін және туатын әйел генетикалық ана болып табылады.
3. Бала қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану нәтижесінде туған жағдайда, бұл баланың ата-аналары туралы мәліметтер осы Кодексте белгіленген тәртіппен жазылады.
59-бап. Суррогат ана болу шартының немесе қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолданудың құқықтық салдары
1. Ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) суррогат ана болу шарты негізінде қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану нәтижесінде туған баланың ата-аналары болып танылады.
Мұндай әдістер мен технологияларды қолдану нәтижесінде не суррогат ана болу шартына сәйкес екі және одан да көп бала туған жағдайда ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) әрбір туған бала үшін тең жауаптылықта болады.
2. Суррогат ана болу шартын жасасқан жұбай (тапсырыс беруші) бала туғаннан кейін туу туралы медициналық куәлікте оның анасы болып жазылады.
3. Ерлі-зайыптылардың (тапсырыс берушілердің) баладан бас тартуы оның туылғаны тіркеуші органда тіркелгеннен кейін белгіленген тәртіппен ресімделеді.
Қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологиялар қолдануға өз келісімін берген не суррогат анамен шарт жасасқан ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) баладан бас тартқан жағдайда, суррогат анадан материалдық шығыстарды өтеуді талап етуге құқылы емес.
Суррогат анамен шарт жасасқан ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) баладан бас тартқан жағдайда, ана болу құқығы өз қалауы бойынша суррогат анада қалатын болады, ал ол бас тартқан жағдайда, бала мемлекет қамқорлығына беріледі.
Ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) баладан бас тартқан кезде және баланы суррогат ана қабылдап алған кезде бұл адамдар суррогат анаға шартта белгіленген мөлшерде және тәртіппен өтемақы төлеуге міндетті.
4. Ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) некені (ерлі-зайыптылықты) бұзған жағдайда, суррогат ана болу шарты бойынша туған бала үшін жауапкершілік ерлі-зайыптылардың екеуіне де жүктеледі.
5. Ерлі-зайыптылардың (тапсырыс берушілердің) біреуі қайтыс болған жағдайда суррогат ана болу шарты бойынша туған бала үшін жауапкершілік олардың көзі тірісіне жүктеледі.
6. Ерлі-зайыптылардың (тапсырыс берушілердің) екеуі де қайтыс болған және олардың жақын туыстары туған баланы асырап алудан бас тартқан жағдайда, бұл бала суррогат ананың тілегі бойынша - оған, ал ол бас тартқан жағдайда, мемлекет қамқорлығына берілуі мүмкін.
Қорғаншылық нысанында баланың суррогат анаға не мемлекеттік ұйымдарға берілуі оның суррогат ана болу шарты бойынша ерлі-зайыптылардың (тапсырыс берушілердің) мұрагері ретіндегі құқықтарын тоқтатпайды.
7. Суррогат ана болу шарты жасалғаннан кейін шартта көрсетілген мерзім ішінде қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологиялардың пайдаланылмауы шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.
8. Суррогат ана болу шарты жасалғаннан кейін суррогат ана табиғи түрде жүкті болған жағдайда шарт бұзылады, ол суррогат ана болу шартына сәйкес тапсырыс берушілер жұмсаған барлық шығыстарды төлейді.
10-тарау. Баланың құқықтары
60-бап. Баланың отбасында өмір сүру және тәрбиелену құқығы
Өзiнiң мүдделерiне қайшы келетiн жағдайларды қоспағанда, әрбiр баланың отбасында өмiр сүруге және тәрбиеленуге құқығы, өзiнiң ата-аналарын бiлуге құқығы, олардың қамқорлығында болуға құқығы, олармен бiрге тұруға құқығы бар.
Баланың өз ата-анасының тәрбиесіне, өз мүдделерiнің қамтамасыз етiлуіне, жан-жақты өсiп-жетiлуiне, өзінің адами қадiр-қасиетiнiң құрметтелуiне құқығы бар.
Ата-аналары болмаған кезде, олар ата-ана құқықтарынан айрылған не олар шектелген кезде және ата-ана қамқоршылығынан айрылған басқа да жағдайларда осы Кодекстің 13, 15 және 18-тарауларында белгiленген тәртiппен қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган баланың отбасында тәрбиелену құқығын қамтамасыз етедi.
61-бап. Баланың ата-аналарымен және басқа да туыстарымен араласу құқығы
1. Баланың ата-анасының екеуiмен де, аталарымен, әжелерiмен, аға- iнiлерiмен, апа-сiңлiлерiмен (қарындастарымен) және басқа да туыстарымен араласуға құқығы бар. Ата-аналары некесiнiң (ерлі-зайыптылығының) бұзылуы, оның жарамсыз деп танылуы немесе ата-аналарының бөлек тұруы баланың құқығына әсер етпеуге тиiс.
Ата-аналары бөлек тұрған жағдайда баланың олардың әрқайсысымен араласуға құқығы бар. Сондай-ақ, ата-аналары әртүрлi мемлекеттерде тұрған жағдайда, баланың олармен арласуға құқығы бар.
2. Өмірлік қиын жағдайға ұшыраған баланың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен өзiнiң ата-аналарымен және басқа да туыстарымен араласуға құқығы бар.
62-бап. Баланың өз пікірін білдіру құқығы
Бала отбасында өз мүдделерiн қозғайтын кез келген мәселенi шешу кезiнде өзiнiң пiкiрiн бiлдiруге, сондай-ақ кез келген сот немесе әкiмшiлiк iсін қарау барысында тыңдалуға құқылы. Бұл өз мүдделерiне қайшы келетiн жағдайларды қоспағанда, он жасқа толған баланың пiкiрi міндетті түрде ескерiлуге тиіс. Осы Кодексте көзделген жағдайларда, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдар немесе сот он жасқа толған баланың және заңды өкілдердің қатысуымен өзі берген келiсiмiмен ғана шешiм қабылдай алады.
Баланың пікірі ата-аналарының немесе баланың тұратын жері бойынша басқа да заңды өкілдердің қатысуымен қабылданған, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның шешімімен ресімделеді.
63-бап. Баланың атын, әкесінің атын және тегін алуға құқығы
1. Баланың атын, әкесiнiң атын және тегiн алуға құқығы бар.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Баланың атын өзара келісім бойынша ата-аналары немесе баланың басқа да заңды өкілдері береді. Әкесінің аты ата-аналарының немесе баланың басқа да заңды өкілдерінің тілегі бойынша оның әкесі болып көрсетілген адамның аты бойынша беріледі.
Бөлек не дефис арқылы жазылған жағдайда қосарланған ат беруге рұқсат етіледі, бірақ ол екі аттан аспауға тиіс.
Әкесінің қосарланған аты болған жағдайда, әкесінің қосарланған аты бойынша, олардың біреуі бойынша не әкесінің екі аты бірге жазылып балаға әкесінің атын беруге жол беріледі.
Әкесі атын өзгерткен кезде - оның кәмелетке толмаған баласының, ал кәмелетке толған бала бұл туралы өтініш берген кезде, оның әкесінің аты өзгереді.
3. Баланың тегi ата-аналарының тегiмен айқындалады. Ата-аналарының тегi әртүрлi болған кезде ата-аналарының келiсiмi бойынша балаға әкесiнiң немесе анасының тегi берiледi.
Ата-аналарының қалауы бойынша баланың тегi ұлттық дәстүрлер ескерiле отырып, әкесi сияқты, анасы тарапынан да әкесінің немесе атасының аты берілуі мүмкін.
4. Ата-аналар арасында баланың атына және (немесе) тегiне қатысты туындаған келiспеушiлiктер сот тәртiбiмен шешiледi.
5. Егер әкесі анықталмаса, баланың аты анасының көрсетуі бойынша беріледі, әкесінің аты баланың әкесі ретінде жазылған адамның аты бойынша, тегі - анасының тегі бойынша немесе ұлттық дәстүрлер ескеріліп, баланың атасының аты бойынша беріледі.
6. Егер баланың ата-аналарының екеуі де белгісіз болса, баланың тегін, атын, әкесінің атын қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган, медициналық немесе баланың тұрған жері бойынша оның құқығын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын басқа да ұйымдар береді.