Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу кезінде ерлі-зайыптылардың арасында ортақ мүлікті бөлуге, еңбекке қабілетсіз жұбайын, сондай-ақ кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға қаражат төлеуге қатысты туындайтын даулар медиация тәртібімен немесе сот тәртібімен қаралады.
19-бап. Некені (ерлі-зайыптылықты) сот тәртібімен бұзу
1. Егер сот ерлі-зайыптылардың одан әрі бірлесіп өмір сүруі және отбасын сақтауы мүмкін еместігін анықтаса, неке (ерлі-зайыптылық) сот тәртібімен бұзылады.
2. Мынадай:
1) осы Кодекстің 17-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, ерлі-зайыптылардың кәмелетке толмаған ортақ балалары болған;
2) ерлі-зайыптылардың біреуінің некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуға келісімі болмаған;
3) егер ерлі-зайыптылардың біреуі өзінің қарсылығы болмауына қарамастан, өз іс-әрекеттерімен не әрекетсіздігімен некені (ерлі-зайыптылықты) бұзудан жалтарған;
4) ерлі-зайыптылардың бір-біріне мүліктік және өзге де талаптары болған жағдайларда, неке (ерлі-зайыптылық) сот тәртібімен бұзылады.
3. Ерлі-зайыптылар некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы сотқа өтініш берген күннен бастап бір ай өткен соң неке (ерлі-зайыптылық) сот тәртібімен бұзылады.
4. Ерекше жағдайларда сот осы баптың 3-тармағында көрсетілген мерзім өткенге дейін некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуға құқылы.
20-бап. Ерлі-зайыптылардың біреуінің некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуға келісімі болмаған кезде некені (ерлі-зайыптылықты) сот тәртібімен бұзу
Ерлі-зайыптылардың біреуінің некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуға келісімі болмаған кезде сот ерлі-зайыптыларды татуластыруға шаралар қолдануға және ерлі-зайыптыларға татуласу үшін алты ай шегінде мерзім тағайындай отырып, істі қарауды кейінге қалдыруға құқылы.
Ерлі-зайыптыларға татуласу үшін мерзім тағайындалып, істің қаралуы кейінге қалдырылған жағдайда, сот ерлі-зайыптылардың бірінің талап-арызы бойынша осы Кодекстің 22-бабы 2-тармағының 2) және 4) тармақшаларында көзделген мәселелерді шешеді.
Егер ерлі-зайыптыларды татуластыру жөніндегі шаралар нәтижесіз болса және ерлі-зайыптылар (олардың біреуі) некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды талап етсе, неке (ерлі-зайыптылық) бұзылады.
21-бап. Некені (ерлі-зайыптылықты) өзге де негіздер бойынша сот тәртібімен бұзу
1. Кәмелетке толмаған ортақ балалары бар ерлі-зайыптылардың некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуға өзара келісімі болған кезде, ерлі-зайыптылардың бір-біріне мүліктік және өзге де талаптары болмаған кезде сот некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу себептерін анықтамастан некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуы мүмкін.
2. Егер кәмелетке толмаған ортақ балалары бар ерлі-зайыптылардың біреуі бір-біріне мүліктік талаптар болмаған кезде некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуға өтініш берсе, ал екіншісі өзінің қарсылықтарының болмауына қарамастан, өз іс-әрекеттерімен не әрекетсіздігімен некені (ерлі-зайыптылықты) бұзудан жалтарса, сот некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу себептерін анықтамастан, некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуы мүмкін.
22-бап. Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы шешім шығару кезінде сот шешетін мәселелер
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2023.27.03. № 216-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 8 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Некені (ерлі-зайыптылықты) сот тәртібімен бұзу кезінде ерлі-зайыптылар кәмелетке толмаған балалары өздерінің қайсысымен тұратындығы туралы, балаларды және (немесе) еңбекке қабілетсіз мұқтаж жұбайын (зайыбын) күтіп бағуға қаражат төлеу тәртібі, осы қаражаттың мөлшері туралы не ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу туралы, ата-ананың баламен қарым-қатынас жасау тәртібін айқындау туралы келісімді соттың қарауына ұсына алады. Сот шешімінде ерлі-зайыптылардың некені (ерлі-зайыптылықты) бұзғаннан кейінгі тектері көрсетіледі.
2. Егер ерлі-зайыптылар арасында осы баптың 1-тармағында көрсетілген мәселелер бойынша келісім болмаған жағдайда, сондай-ақ, осы келісім балалардың немесе ерлі-зайыптылардың біреуінің мүдделерін бұзатындығы анықталған жағдайда, сот:
1) неке (ерлі-зайыптылық) бұзылғаннан кейін кәмелетке толмаған балалар ата-аналарының қайсысымен тұратындығын айқындауға;
2) ата-аналардың қайсысы және қандай мөлшерде балаларды күтіп бағуға алименттер төлейтінін айқындауға;
3) кәмелетке толмаған балалардың және (немесе) ерлі-зайыптылардың өздерінің мүдделерін ескере отырып, ерлі-зайыптылардың талап етуі бойынша олардың бірлескен ортақ меншігіндегі мүлікті бөлуге;
2023.27.03. № 216-VІІ ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2023 ж. 8 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) жұбайынан ақша қаражатын алуға құқығы бар екінші жұбайдың талап етуі бойынша осы қаражат мөлшерін айқындауға;
2023.27.03. № 216-VІІ ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 8 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді)
5) ата-ананың баламен қарым-қатынас жасау тәртібін анықтауға міндетті.
3. Егер мүлікті бөлу үшінші бір адамдардың мүдделерін қозғайтын болса, сот мүлікті бөлу туралы жеке іс жүргізуді талап етуге құқылы.
23-бап. Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзған жағдайда оның тоқтатылу кезі
1. Тіркеуші органдарда бұзылатын неке (ерлі-зайыптылық) - азаматтық хал актілерін жазу кітабында некенің (ерлі-зайыптылықтың) бұзылуы мемлекеттік тіркелген күннен бастап, ал неке (ерлі-зайыптылық) сотта бұзылған кезде некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап тоқтатылады.
Сот некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш күн ішінде сот шешімінің көшірмесін шешім шығарылған жер бойынша, сондай-ақ неке қиюды (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеген жер бойынша тіркеуші органға жіберуге міндетті.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Соттың некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы заңды күшіне енген шешімі тіркеуші органдарда мемлекеттік тіркеуге жатпайды.
Ерлі-зайыптылар соттың некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы шешімі заңды күшіне енгеннен кейін жаңадан некеге отыруға (тіркелуге) (ерлі-зайыпты болуға) құқылы.
24-бап. Некені (ерлі-зайыптылықты) тоқтатудың салдары
Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, некенің (ерлі-зайыптылықтың) тоқтатылуымен ерлі-зайыптылардың өздерінің неке-отбасылық (ерлі-зайыптылық-отбасылық) қатынастарынан туындайтын мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтары мен міндеттері тоқтатылады.
5-тарау. Некенің (ерлі-зайыптылықтың) жарамсыздығы
25-бап. Некені (ерлі-зайыптылықты) жарамсыз деп тану
1. Осы Кодекстің 9 - 11-баптарында белгіленген шарттар бұзылған кезде, сондай-ақ мынадай жағдайларда:
1) жалған неке (ерлі-зайыптылық) қиылған кезде;
2) мәжбүрлеп неке (ерлі-зайыптылық) қиылған кезде;
3) егер некеге отырған (ерлі-зайыпты болған) адамдардың біреуі екіншісінен құрылған отбасы мүшелеріне, жеке басының және қоғамның қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіретін ауруы бар екенін жасырса, сот некені (ерлі-зайыптылықты) жарамсыз деп таниды.
2. Сот некені (ерлі-зайыптылықты) жарамсыз деп тану туралы соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш күн ішінде соттың осы шешімінің үзінді көшірмесін неке қиюдың (ерлі-зайыпты болудың) мемлекеттік тіркелген жері бойынша тіркеуші органға жіберуге міндетті.
3. Неке (ерлі-зайыптылық) қиылған күнінен бастап жарамсыз деп танылады.
26-бап. Некені (ерлі-зайыптылықты) жарамсыз деп тануды талап етуге құқығы бар адамдар
1. Некені (ерлі-зайыптылықты) жарамсыз деп тану туралы талап етуге:
1) егер неке (ерлі-зайыптылық) жасына толмаған адаммен неке қиылса (ерлі-зайыпты болса), кәмелетке толмаған жұбайы, оның заңды өкілдері немесе прокурор;
2) неке қиюмен (ерлі-зайыпты болумен) құқығы бұзылған жұбай, сондай-ақ, егер мәжбүр ету, алдау, қателесу нәтижесінде немесе неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу кезінде өз іс-әрекеттерінің мәнін түсінбеген және өзін-өзі билей алмаған жай-күйінің салдарынан ерлі-зайыптылардың біреуінің некеге отыруға ерікті келісімі болмаған кезде неке қиылса (ерлі-зайыпты болса), прокурор;
3) неке қиюға (ерлі-зайыпты болуға) кедергі келтіретін мән-жайлардың бар екенін білмеген жұбайы, әрекетке қабілетсіз деп танылған жұбайдың қорғаншысы, алдындағы бұзылмаған неке (ерлі-зайыптылық) бойынша жұбайы;
4) прокурор, сондай-ақ жалған неке қию (ерлі-зайыпты болу) жағдайында, некенің (ерлі-зайыптылықтың) жалғандығы туралы білмеген жұбайы;
5) осы Кодекстің 25-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген мән-жайлар болған кезде құқығы бұзылған жұбайы құқылы.
2. Неке (ерлі-зайыптылық) жасына толмаған адаммен, сондай-ақ сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адаммен қиылған некені (ерлі-зайыптылықты) жарамсыз деп тану туралы істі қарау кезінде іске қатысуға қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган тартылады.
27-бап. Некенің (ерлі-зайыптылықтың) жарамсыздығын жоятын мән-жайлар
1. Егер некені (ерлі-зайыптылықты) жарамсыз деп тану туралы істі қарау кезіне неке қиюға (ерлі-зайыпты болуға) кедергі келтірген мән-жайлар жойылса, сот осы кезден бастап некені (ерлі-зайыптылықты) жарамды деп тануға құқылы.
2. Сот неке (ерлі-зайыптылық) жасына толмаған адаммен қиылған некені (ерлі-зайыптылықты), егер мұны кәмелетке толмаған жұбайдың мүдделері талап етсе, сондай-ақ некені (ерлі-зайыптылықты) жарамсыз деп тануға оның келісімі болмаған кезде жарамсыз деп тану туралы талап-арыздан бас тартуы мүмкін.
3. Егер мұндай некені (ерлі-зайыптылықты) тіркеткен адамдар істі сот қарағанға дейін іс жүзінде отбасын құрса, сот некені (ерлі-зайыптылықты) жалған деп тани алмайды.
4. Ерлі-зайыптылардың арасында жақын туыстық болған не некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеу кезінде ерлі-зайыптылардың біреуі басқа бұзылмаған некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) жағдайларды қоспағанда, неке (ерлі-зайыптылық) ол бұзылғаннан кейін жарамсыз деп таныла алмайды.
28-бап. Некені (ерлі-зайыптылықты) жарамсыз деп танудың салдары
1. Осы баптың 4 және 5-тармақтарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, сот жарамсыз деп таныған неке (ерлі-зайыптылық) ерлі-зайыптылардың осы Кодексте көзделген құқықтары мен міндеттерін туғызбайды.
2. Некесі (ерлі-зайыптылығы) жарамсыз деп танылған адамдар бірлесіп сатып алған мүліктің құқықтық режимі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің нормаларымен реттеледі. Мұндай жағдайда ерлі-зайыптылар жасасқан неке шарты жарамсыз деп танылады.
3. Некені (ерлі-зайыптылықты) жарамсыз деп тану мұндай некеден (ерлі-зайыптылықтан) туған немесе неке (ерлі-зайыптылық) жарамсыз деп танылған күннен бастап екі жүз сексен күн ішінде туған балалардың құқығына нұқсан келтірмейді.
4. Некені (ерлі-зайыптылықты) жарамсыз деп тану туралы шешім шығарылған кезде сот некені (ерлі-зайыптылықты) жарамсыз деп тану үшін негіз болып табылған мән-жайлар неке қию (ерлі-зайыпты болу) кезінде өзіне белгілі болмаған жұбайдың (адал ниетті жұбайдың) екінші жұбайдан осы Кодекстің 148 және 149-баптарына сәйкес қаражат алу құқығын тануға құқылы, ал неке (ерлі-зайыптылық) жарамсыз деп танылған кезге дейін бірлесіп сатып алынған мүлікті бөлуге қатысты осы Кодекстің 33, 37 және 38-баптарында белгіленген ережелерді қолдануға, сондай-ақ неке шартын толық немесе ішінара жарамды деп тануға құқылы.
Адал ниетті жұбай Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес екінші жұбайдан өзіне келтірілген материалдық және моральдық зиянды өтеуді талап етуге құқылы.
5. Адал ниетті жұбай некені (ерлі-зайыптылықты) жарамсыз деп тану кезінде неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу кезіндегі өзі таңдаған тегін сақтауға құқылы.
6-тарау. Ерлі-зайыптылардың жеке құқықтары мен міндеттері
29-бап. Ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттерінің туындауы
Ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркелген күннен бастап туындайды.
30-бап. Ерлі-зайыптылардың отбасындағы теңдігі
1. Ерлі-зайыптылар тең құқықтар пайдаланады және тең міндеттер атқарады.
2. Ерлі-зайыптылардың әрқайсысы қызмет түрін, кәсібін және діни сенімін таңдауға ерікті.
3. Ерлі-зайыптылар ана болу, әке болу, балаларды тәрбиелеу, оларға білім беру, ерлі-зайыптылардың тұрғылықты, болатын жерлері мәселелерін және отбасы өмірінің басқа да мәселелерін бірлесіп шешеді.
4. Ерлі-зайыптылар отбасындағы өз қатынастарын өзара сыйластық пен өзара көмек негізінде құруға, отбасының игілігі мен нығаюына жәрдемдесуге, өз балаларының денсаулығына, өсіп-жетілуіне және олардың әл-ауқат жағдайына қамқорлық жасауға міндетті.
31-бап. Ерлі-зайыптылардың тектерді таңдау құқығы
1. Неке қию (ерлі-зайыпты болу) кезiнде ерлi-зайыптылар өз тiлектерi бойынша ортақ тегі ретiнде өздерiнiң бiреуiнiң тегiн таңдайды не ерлi-зайыптылардың әрқайсысы өзiнiң некеге дейiнгi тегiн сақтап қалады, не біреуі (екеуі де) өз тегiне екiншi жұбайдың тегiн қосып алады. Егер ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң болса да некеге тұрғанға дейiнгi тегi қосарлас болса, олардың тектерін қосуға жол берiлмейдi.
Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу кезінде тегі өзгерген жағдайда, азамат бір ай мерзімде жеке басын куәландыратын құжаттарды ауыстыруға міндетті.
2. Ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң тегiн өзгертуi екiншiсінің тегiн міндетті түрде өзгертуiне әкеп соқпайды.
3. Неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған жағдайда ерлi-зайыптылар неке қию (ерлі-зайыпты болу) кезінде таңдаған тектерін сақтауға немесе өздерiнiң некеге дейiнгi тектерін қалпына келтiруге құқылы.
7-тарау. Ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтары мен міндеттері
§1. Ерлі-зайыптылар мүлкінің заңды режимі
32-бап. Ерлі-зайыптылар мүлкінің заңды режимі ұғымы
1. Егер неке шартында өзгеше белгiленбесе, ерлi-зайыптылардың бiрлескен ортақ меншiгiнiң режимi олардың мүлкiнiң заңды режимi болып табылады.
2. Ерлi-зайыптылардың шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерiнiң бiрлескен ортақ меншiгi болып табылатын мүлiктi иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде айқындалады.
33-бап. Ерлі-зайыптылардың бірлескен ортақ меншігі
1. Ерлi-зайыптылар некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезінде жинаған мүлiк олардың бiрлескен ортақ меншiгi болып табылады.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерін қоспағанда, ерлi-зайыптылардың некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезінде жинаған мүлкiне ерлi-зайыптылардың әрқайсысының еңбек қызметiнен, кәсiпкерлiк қызметтен және зияткерлiк қызмет нәтижелерiнен түскен кіріс сомалары, ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiнен және ерлi-зайыптылардың әрқайсысының бөлек мүлкiнен алынған кіріс сомалары, олар алған зейнетақылар, жәрдемақылар, зейнетақы жинақтары, сондай-ақ арнаулы нысаналы мақсаты жоқ өзге де ақшалай төлемдер (материалдық көмек сомалары, мертігу не денсаулығының өзге де зақымдануы салдарынан еңбек қабiлетiнен айрылуына байланысты нұқсанды өтеуге төленген сомалар және басқалары) жатады. Сондай-ақ ерлi-зайыптылардың ортақ кіріс сомалары есебiнен сатып алынған жылжымалы және жылжымайтын мүлiк, бағалы қағаздар, пайлар, салымдар, кредиттік ұйымдарға немесе өзге де ұйымдарға салынған, жарғылық капиталдағы үлестер және ол отбасында кімнің атына сатып алынғанына не ақша қаражатын ерлi-зайыптылардың қайсысы салғанына қарамастан, ерлi-зайыптылар некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңінде жинаған басқа да кез келген мүлiк, оның ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен сатып алынған мүлік ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкi болып табылады.
3. Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкіне құқық некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңінде үй шаруашылығын жүргiзудi, балаларды бағып-күтудi жүзеге асырған немесе басқа да дәлелдi себептермен жеке табысы болмаған жұбайға да тиесiлi болады.
34-бап. Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін иелену, пайдалану және оған билік ету
1. Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн иелену, пайдалану және оған билiк ету ерлi-зайыптылардың екеуінің келiсiмi бойынша жүзеге асырылады.
2. Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiне билiк ету жөнiнде ерлi- зайыптылардың бiреуi мәмiле жасасқан кезде екiншi жұбайының келiсiмi қажет болады. Екінші жұбайдың тек қана оның талап етуі бойынша оның келісімі болмаған себептері бойынша және егер басқа тарап осы мәмiленi жасасуға екінші жұбайдың келiспеуі туралы бiлгендiгi немесе көрінеу бiлуге тиiс болғандығы дәлелденген жағдайларда ғана сот ерлi-зайыптылардың бiреуiнің ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiне билік ету жөнiнде жасасқан мәмiлені жарамсыз деп тануы мүмкiн.
3. Ерлi-зайыптылардың бiреуi жылжымайтын мүлікке иелік ету жөнінде мәміле және нотариатта куәландыруды және (немесе) заңда белгіленген тәртіппен тіркеуді қажет ететiн мәмiле жасасуы үшiн екінші жұбайдың нотариатта куәландырылған келiсiмiн алу қажет.
Аталған мәмiлені жасасуға нотариатта куәландырылған келiсiмi алынбаған жұбай осы мәмiленiң жасалғандығы туралы өзi бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен бастап үш жыл iшiнде мәмiленi сот тәртiбiмен жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы.
35-бап. Ерлі-зайыптылардың әрқайсысының меншігі
1. Мыналар:
1) некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) дейiн ерлi-зайыптылардың әрқайсысына тиесiлi болған мүлiк;
2) ерлi-зайыптылардың некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңiнде мұрагерлiк тәртiбiмен немесе өзге де өтеусіз мәмiлелер бойынша сыйға алған мүлкi;
3) некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңінде ерлi-зайыптылардың ортақ қаражаты есебiнен сатып алынса да, қымбат заттар мен басқа да сән-салтанат заттарын қоспағанда, жеке пайдаланатын заттары (киiм-кешек, аяқкиiм және басқалар) ерлi-зайыптылардың әрқайсысының меншiгi болып табылады.
2. Некенің (ерлі-зайыптылықтың) іс жүзінде тоқтатылуына байланысты бөлек тұрған кезеңде ерлi-зайыптылардың әрқайсысы жинаған мүлiктi сот олардың әрқайсысының меншiгi деп таниды.
36-бап. Ерлі-зайыптылардың әрқайсысының мүлкін олардың бірлескен ортақ меншігі деп тану
Егер некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңінде ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкi немесе ерлі-зайыптылардың бірінің мүлкi не олардың кез келгенiнiң еңбегi есебiнен осы мүлiктiң құнын едәуiр арттырған салыным жасалғаны (күрделi жөндеу, реконструкциялау, қайта жабдықтау және басқаларды) анықталса, ерлi-зайыптылардың әрқайсысының мүлкi олардың бiрлескен ортақ меншiгi болып танылады.
37-бап. Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу
1. Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу ерлi-зайыптылардың кез келгенiнiң талап етуі бойынша некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңiнде де, ол бұзылғаннан кейiн де, сондай-ақ кредит берушi ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiндегi ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң үлесiнен өндiрiп алу үшiн ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу туралы талабын мәлiмдеген жағдайда да жүргiзiлуi мүмкiн.
2. Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкi олардың келiсiмi бойынша ерлi-зайыптылар арасында бөлiнуi мүмкiн. Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлiктi бөлу туралы келiсiмi нотариатта куәландырылуға тиіс.
2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Дау туған жағдайда, ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу, сондай-ақ ерлi-зайыптылардың осы мүлiктегi үлестерiн айқындау медиация тәртібімен немесе сот тәртiбiмен жүргiзiледi.
Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу кезiнде сот кәмелетке толмаған баланың мүдделерін ескере отырып, ерлi-зайыптылардың талап етуi бойынша ерлi-зайыптылардың әрқайсысына қандай мүлiктің берiлуге жататынын айқындайды. Егер ерлi-зайыптылардың бiреуiне құны оған тиесiлi үлестен асатын мүлiк берiлсе, екінші жұбайға тиісті ақшалай немесе өзге өтемақы алып берiледі.
4. Тек қана кәмелетке толмаған балалардың қажеттерiн қанағаттандыру үшiн сатып алынған заттар (киiм-кешек, аяқкиiм, мектеп және спорт керек-жарағы, музыкалық аспаптар, балалар кiтапханасы және басқалары) бөлуге жатпайды және балалары өзімен бiрге тұратын жұбайға өтемақысыз берiледi.
Ерлi-зайыптылар өздерiнiң кәмелетке толмаған ортақ балаларының атына ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкi есебiнен салған салымдары сол балаларға тиесiлi болып есептеледi және ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлген кезде есепке алынбайды.
5. Ерлi-зайыптылардың некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңiнде ортақ мүлкiн бөлген жағдайда ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiнiң бөлiнбеген бөлiгi, сондай-ақ ерлi-зайыптылардың некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңiнде бұдан әрі жинаған мүлкi олардың бiрлескен ортақ меншiгiн құрайды.
6. Некесi (ерлі-зайыптылығы) бұзылған ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу туралы ерлi-зайыптылардың талаптарына неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған кезден бастап талап-арыз ескіруінің үш жылдық мерзiмi қолданылады.
38-бап. Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу кезінде үлестерді айқындау
1. Егер олардың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу және осы мүлiктегi үлестерiн айқындау кезiнде ерлi- зайыптылардың әрқайсысының үлесi тең деп танылады.
2. Егер жұбайлардың бiреуi дәлелсiз себептермен табыс таппаса немесе ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн екінші жұбайдың келісімінсіз отбасының мүдделерiне нұқсан келтiрiп жұмсаса, сот кәмелетке толмаған балалардың мүдделерiн негiзге ала отырып және (немесе) ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң мүдделерiн негiзге ала отырып, ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiндегi олардың үлестерiнiң теңдiгi негiзiн ескермеуге құқылы.
3. Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу кезiнде ерлi-зайыптылардың ортақ борыштары олардың арасында өздерiне берiлген үлеске барабар түрде бөлiнедi.
§2. Ерлі-зайыптылар мүлкінің шарттық режимі
39-бап. Неке шарты
1. Некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың келiсiмi немесе ерлi-зайыптылардың некедегi (ерлі-зайыптылықтағы) және (немесе) ол бұзылған жағдайдағы мүлiктiк құқықтары мен мiндеттерiн айқындайтын келiсiм неке шарты деп танылады.
2. Неке шартында некеде (ерлі-зайыптылықтан) туған немесе асырап алынған балалардың мүліктік құқықтары көзделуі мүмкін.
40-бап. Неке шартын жасасу
1. Неке шарты тіркеуші органға некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттiк тiркеу туралы өтініш берілген күннен бастап неке қию (ерлі-зайыпты болу) мемлекеттік тіркелгенге дейін де, некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңiндегі кез келген уақытта да жасалуы мүмкiн.
Неке қию (ерлі-зайыпты болу) мемлекеттiк тіркелгенге дейiн жасалған неке шарты неке қию (ерлі-зайыпты болу) мемлекеттiк тiркелген күннен бастап күшiне енедi.
2. Неке шарты жазбаша түрде жасалады және міндетті түрде нотариатта куәландырылуға жатады.
41-бап. Неке шартының мазмұны
1. Ерлi-зайыптылар неке шартымен Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген бiрлескен ортақ меншiк режимiн өзгертуге, ерлi-зайыптылардың барлық мүлкiне, оның жекелеген түрлерiне немесе ерлi-зайыптылардың әрқайсысының мүлкiне бiрлескен, үлестiк немесе бөлек меншiк режимiн белгiлеуге құқылы.
Неке шарты ерлi-зайыптылардың қолда бар мүлкiне қатысты да, болашақтағы мүлкіне де қатысты жасалуы мүмкiн.
Неке шартында ерлi-зайыптылар өзара күтiп-бағу жөнiндегi өз құқықтары мен мiндеттерiн, бiр-бiрiнiң табыстарына қатысу тәсілдерін, өздерінің әрқайсысының отбасылық шығыстар шығару тәртiбiн айқындауға; неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған жағдайда ерлi-зайыптылардың әрқайсысына берiлетiн мүлiктi айқындауға, сондай-ақ неке шартына ерлi-зайыптылардың мүлiктiк қатынастарына қатысты өзге де кез келген ережелердi, сондай-ақ осы некеден (ерлі-зайыптылықтан) туған немесе асырап алынған балалардың мүліктік жағдайын енгізуге құқылы.
2. Неке шартында көзделген құқықтар мен мiндеттер белгiлi бiр мерзiмдермен шектелуi не белгiлi бiр жағдайлардың туындауына немесе туындамауына қарай қойылуы мүмкiн.
3. Неке шарты ерлi-зайыптылардың құқық қабiлеттiлігін немесе әрекетке қабiлетiн, олардың өз құқықтарын қорғау үшiн сотқа жүгiну құқығын шектей алмайды; ерлi-зайыптылар арасындағы мүлiктiк емес жеке қатынастарды, ерлi-зайыптылардың балаларға қатысты құқықтары мен мiндеттерiн реттей алмайды; еңбекке қабiлетсiз мұқтаж жұбайдың күтіп-бағу қаражатын алуға құқығын шектейтiн ережелерді және Қазақстан Республикасы неке-отбасы заңнамасының негiзгi бастауларына қайшы келетiн басқа да жағдайларды көздей алмайды.
42-бап. Неке шартын өзгерту және бұзу
1. Неке шарты ерлi-зайыптылардың келiсiмі бойынша кез келген уақытта өзгертiлуi немесе бұзылуы мүмкiн. Неке шартын өзгерту туралы немесе бұзу туралы келiсiм неке шартының өзi сияқты нысанда жасалады.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген жағдайларды қоспағанда, неке шартын орындаудан бiржақты бас тартуға жол берiлмейдi.
2. Ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң талап етуi бойынша неке шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде шартты өзгерту және бұзу үшiн белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша соттың шешiмiмен өзгертiлуi немесе бұзылуы мүмкiн.