3. Банкроттықты басқарушы оңалту жоспарын алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде уәкілетті орган белгілеген нысанда оңалту жоспарының тиімділігі (тиімсіздігі) туралы қорытынды жасауға және борышкер мүлкінің меншік иесіне немесе құрылтайшыларға (қатысушыларға) жіберуге міндетті.
4. Борышкер мүлкінің меншік иесі, құрылтайшы (қатысушы) не ол уәкілеттік берген адам кредиторлар жиналысының келісімі және банкроттықты басқарушының оңалту жоспарының тиімділігі (тиімсіздігі) туралы қорытындысы болған кезде банкроттық рәсiмін тоқтату, оңалту рәсiмiн қолдану және оңалту жоспарын бекіту туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы.
5. Сот борышкер мүлкінің меншік иесінің, құрылтайшының (қатысушының) не ол уәкілеттік берген адамның банкроттық рәсiмін тоқтату, оңалту рәсiмiн қолдану және оңалту жоспарын бекіту туралы өтінішін осы Заңда көзделген ерекшеліктерімен азаматтық сот ісін жүргізудің жалпы қағидалары бойынша қарайды.
6. Істі қарау нәтижелері бойынша сот банкроттық рәсімін тоқтату, оңалту рәсімін қолдану және оңалту жоспарын бекіту не бас тарту туралы шешім шығарады.
7. Сот оңалту рәсімін қолдану және оңалту жоспарын бекіту туралы шешім шығарған жағдайда борышкердi банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып борышкерді тарату туралы шешiмді оны шығарған сот жоюға тиіс.»;
14) 99-баптың 6-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Банкроттың мүлкін (активтерін), сондай-ақ банкроттың кәсіпорнын тікелей сату кезінде сатудың бағасы және басқа да шарттары, сондай-ақ сатып алушы және онымен сатып алу-сату шартын жасасу мерзімі кредиторлар жиналысының бірауыздан қабылданған шешімімен және борышкер мүлкінің меншік иесінің, құрылтайшыларының (қатысушыларының) келісімімен айқындалады.»;
15) мынадай мазмұндағы 99-1-баппен толықтырылсын:
99-1-бап. Банкроттың кәсіпорнын сату
«1. Осы баптың мақсаттары үшін банкроттың кәсіпорны деп кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру үшiн пайдаланылатын ғимараттарды, құрылыстарды, жабдықтарды, құрал-саймандарды, шикiзатты, өнiмдерді, жер учаскесiне құқықты, талап ету құқықтарын, борыштарды, сондай-ақ оның қызметiн дараландыратын белгiлерге құқықтарды (фирмалық атау, тауар белгiлерi) және басқа да айрықша құқықтарды қоса алғанда, мүліктің барлық түрлерін қамтитын мүліктік кешен ұғынылады.
2. Кәсіпорынды сату тікелей сату жолымен жүзеге асырылады.
3. Кәсіпорынды сату банкроттықты басқарушы сатып алушымен жасасатын кәсіпорынды сатып алу-сату шартымен ресімделеді.
4. Кәсіпорынды сату кезінде сатып алушы кәсіпорынды сатып алу-сату шартына сәйкес шартқа қол қойылған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде төлемді жүзеге асыруға тиіс.
Төлем жүргізілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде банкроттықты басқарушы әкімшілік шығыстар сметасына сәйкес банкроттық рәсімін жүргізу барысында жұмсалған әкімшілік шығыстар сомасын шегеріп, сатудан түскен ақша қаражатын мүліктің меншік иесіне немесе құрылтайшыға (қатысушыға) табыс етуге міндетті.
Банкроттықты басқарушының кәсiпорынды беруi және оны сатып алушының қабылдауы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тараптар қол қоятын және ресімделетін өткізу актiсi бойынша жүзеге асырылады.
5. Кредиторлардың талаптарын қанағаттандырғаннан кейiн банкроттықты басқарушы сотқа өз қызметi туралы кредиторлар жиналысымен келісілген қорытынды есептi ұсынады.
6. Банкроттың кәсіпорнын сату кезінде сот қорытынды есепті бекітеді.
Борышкердi банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қолдана отырып оны тарату туралы шешiмнің күшін шешімді шығарған сот жоюға тиіс.».
16) 110 және 111-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«110-бап. Банкроттықты басқарушының қорытынды есебі
1. Кредиторлардың талаптарын қанағаттандырғаннан кейiн банкроттықты басқарушы тарату теңгерімі мен кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн қалған мүлiктi пайдалану туралы есептi қоса бере отырып, сотқа өз қызметi туралы кредиторлар жиналысымен келісілген қорытынды есептi ұсынады.
Банкроттың кәсіпорны сатылған жағдайда тарату теңгерімі қоса берілмейді.
2. Сот банкроттықты басқарушының қорытынды есебi мен тарату теңгерімін бекiтедi және олар ұсынылған күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кешiктірілмейтiн мерзiмде банкроттық рәсімін аяқтау туралы ұйғарым шығарады.
Банкроттың кәсіпорны сатылған жағдайды қоспағанда, банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейiн сот бiр апта мерзiмде бiрiншi кезектегi кредиторлардың қанағаттандырылмаған талаптары туралы мәлiметтер қамтылған, банкроттықты басқарушының бекiтiлген қорытынды есебiнен үзiндi көшiрмені уәкiлеттi органға жiбередi.
Банкроттық рәсімін аяқтау туралы ұйғарымда банкроттықты басқарушыға сыйақы төлеуге және банкроттың өткізілмей қалған мүлкiне байланысты реттелмеген мәселелер де шешiлуге тиiс. Сот ұйғарымның көшiрмесiн заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын органға, уәкiлеттi органға, мемлекеттiк статистика саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық органына, сондай-ақ талаптары қанағаттандырылмаған банкроттың кредиторларына жiбередi. Осы бөліктің күші банкроттың кәсіпорнын сату жағдайларына қолданылмайды.
111-бап. Уәкілетті органның интернет-ресурсында банкроттар тізімін орналастыру
1. Банкроттық саласындағы уәкілетті орган өзінің интернет-ресурсында оларға қатысты банкрот деп тану туралы сот шешімдері күшіне енген банкроттардың (дара кәсіпкерлердің, заңды тұлғалардың) тізімін орналастырады.
Борышкерді банкрот деп тану туралы шешімнің күші жойылған, бітімгершілік келісім жасалған немесе банкроттың кәсіпорны сатылған жағдайларда ол тізімнен алып тасталады.
Тізімде борышкердің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) не атауы, экономикалық қызмет түрі, борышкердің деректемелері, басшы мен құрылтайшылардың (қатысушылардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімінің және банкроттық рәсімінің аяқталғаны туралы сот ұйғарымының күндері көрсетіледі.
2. Уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған банкроттар тізімі оларға қатысты банкрот деп тану туралы сот шешімдері өткен айда заңды күшіне енген банкроттарды енгізу, сондай-ақ оларға қатысты бітімгершілік келісімді бекіту немесе банкроттың кәсіпорнын сату шартымен қорытынды есепті бекіту туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енген банкроттарды алып тастау жолымен ай сайын, өткен айдан кейінгі айдың жиырмасынан кешіктірілмей жаңартылады.»;
17) 112-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, заңды тұлғалар мен дара кәсiпкерлердiң мемлекеттiк тiркелiмдерiне бұл туралы жазба енгiзiлгеннен кейін банкротты тарату аяқталды, ал банкрот жұмыс iстеуiн тоқтатты деп саналады.»;
мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
«4. Банкроттың кәсіпорнын сату борышкерді банкрот деп тану және шешім шығарған соттың банкроттық рәсімді қозғай отырып оны тарату туралы сот шешімінің күшін жоюға негіз болып табылады.
Шешімнің күші жойылғаннан кейін заңды тұлға немесе дара кәсіпкер өз қызметін жүзеге асыруды жалғастырады.»;
18) мынадай мазмұндағы 6-1-тараумен толықтырылсын:
«6-1-тарау. Бітімгершілік келісім
112-1-бап. Бітімгершілік келісімді жасасу шарттары
1. Банкроттық рәсімін жүргізудің кез келген сатысында борышкер мен кредиторлар бітімгершілік келісімді жасасуға құқылы.
2. Кредиторлар тарапынан бітімгершілік келісімді жасасу туралы шешім кредиторлар жиналысында қабылданады.
Банкрот тарапынан бітімгершілік келісім жасасу туралы шешімді мүліктің меншік иесі, банкроттың құрылтайшысы (қатысушысы) және банкроттықты басқарушы қабылдайды.
Бітімгершілік келісімде көзделген құқықтар мен міндеттерді өзіне алатын үшінші тұлғалардың бітімгершілік келісімге қатысуына жол беріледі.
3. Бітімгершілік келісімді сот бекітеді.
Бітімгершілік келісімді бекіткен кезде сот бітімгершілік келісімді бекіту туралы ұйғарым шығарады, онда банкроттық рәсімінің тоқтатылатыны және борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімді қолдану туралы шешімнің орындауға жатпайтыны көрсетіледі.
4. Бітімгершілік келісімді бекіту туралы соттың ұйғарымы күшіне енген күннен бастап ол күшіне енеді және бітімгершілік келісімге қатысатын борышкер, кредиторлар және үшінші тұлғалар үшін міндетті болып табылады.
5. Күшіне енген бітімгершілік келісімді орындаудан біржақты бас тартуға жол берілмейді.
112-2-бап. Бітімгершілік келісімнің мазмұны
1. Бітімгершілік келісім:
1) банкрот міндеттемелерін орындауды кейінге қалдыру және (немесе) мерзімін ұзарту;
2) банкроттың талап ету құқықтарын басқаға беру;
3) банкроттың міндеттемелерін үшінші тұлғалардың орындауы;
4) борышты аудару;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектеулерді ескере отырып, кредиторлардың талаптарын банкроттың акцияларына, жарғылық капиталындағы қатысу үлестеріне алмастыру;
6) кредиторлар талаптарын Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де тәсілдермен қанағаттандыру жағдайларында жасалуы мүмкін.
2. Бітімгершілік келісімде банкрот міндеттемелерін орындау мөлшері, тәртібі мен мерзімдері туралы және (немесе) оның міндеттемелерін тоқтату туралы мәліметтер болуға тиіс.
3. Банкрот тарапынан бітімгершілік келісімге мүліктің меншік иесі, банкрот құрылтайшысы (қатысушысы) не ол уәкілеттік берген тұлға және банкроттықты басқарушы қол қояды. Бітімгершілік келісімге кредиторлар атынан кредиторлар жиналысының төрағасы қол қояды.
4. Егер бітімгершілік келісімге үшінші тұлғалар қатысқан жағдайда олардың тарапынан бітімгершілік келісімге осы тұлғалар немесе олардың уәкілетті өкілдері қол қояды.
5. Бітімгершілік келісім борышкердің кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындау тәртібі мен мерзімдері туралы ережелерді қамтуға тиіс.
6. Бітімгершілік келісім жасасуға қарсы дауыс берген немесе дауыс беруге қатыспаған кредиторлар үшін бітімгершілік келісімнің шарттары оны жасауды жақтап дауыс берген кредиторларға арналған шарттарға қарағанда нашар болмауға тиіс.
112-3-бап. Мемлекеттік орган тарапынан бітімгершілік келісім жасасу шарттары
1. Егер бітімгершілік келісім жасасу кезінде кредиторлардың бірі болып мемлекеттік орган қатысқан жағдайда бітімгершілік келісім бекітілген күннен бастап бір жылдан аспайтын мерзімге мұндай мемлекеттік орган алдында берешекті өтеуді кейінге қалдыру шартымен бітімгершілік келісім жасалуы мүмкін.
Осы баптың бірінші бөлігіндегі талаптар сақталған жағдайда салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешек банкроттың және (немесе) үшінші тұлғаның мүлкін кепілге қою арқылы және (немесе) банк кепілдігімен өтеледі.
2. Кепілге қойылатын мүлік өтімді, жоғалудан немесе бүлінуден сақтандырылған болуға тиіс және оның нарықтық құны салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешек сомасынан кем болмауға тиіс. Мыналар:
1) тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектілері;
2) энергияның электр, жылу және өзге де түрлері;
3) тыйым салынған мүлік;
4) мемлекеттік органдар салған шектеулері бар мүлік;
5) үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салынған мүлік;
6) тез бұзылатын шикізат, тамақ өнімдері кепіл заттары бола алмайды.
112-4-бап. Бітімгершілік келісімді соттың бекітуі
1. Бітімгершілік келісімді бірінші кезектегі кредиторлардың талаптары бойынша берешек өтелгеннен кейін ғана соттың бекітуі мүмкін.
2. Банкроттықты басқарушы бітімгершілік келісім жасасу туралы кредиторлар жиналысы шешім қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде сотқа бітімгершілік келісімді бекіту туралы өтініш беруге міндетті.
3. Бітімгершілік келісімді бекіту туралы өтінішке:
1) осы Заңның 112-2-бабының 3 және 4-тармақтарында көрсетілген тұлғалар қол қойған бітімгершілік келісім;
2) бітімгершілік келісім жасасу туралы шешімді қабылдаған кредиторлар жиналысының хаттамасы;
3) кредиторлардың тұрғылықты жері немесе орналасқан жері, сондай-ақ берешек сомасы көрсетілген кредиторлар тізімі;
4) бірінші кезектегі кредиторлардың талаптары бойынша берешектің өтелуін растайтын құжаттар;
5) бітімгершілік келісімді жасасуға қарсы дауыс берген кредиторлардың жазбаша қарсылықтары қоса беріледі.
4. Бітімгершілік келісім жасасқан және сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны жөнінде тиісті түрде хабардар етілген адамдар сот отырысына келмей қалған жағдайда, егер осы адамдардан бітімгершілік келісімді бекіту мәселесін олардың қатысуынсыз қарастыру туралы өтініш түспесе, сот бұл мәселені қарамайды.
5. Бітімгершілік келісімді бекіту туралы соттың ұйғарымына Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға (наразылық білдіруге) болады.
6. Бітімгершілік келісімді бекіту туралы сот ұйғарымының күшін жою банкроттық рәсімін қозғау үшін негіз болып табылады.
112-5-бап. Бітімгершілік келісімді бекіту салдарлары
1. Бітімгершілік келісімді бекіту банкроттық рәсімін тоқтату үшін негіз болып табылады.
Борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып оны тарату туралы шешім одан әрі орындауға жатпайды.
2. Банкроттықты басқарушының өкілеттігі бітімгершілік келісімді бекіту туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап тоқтатылады.
3. Бітімгершілік келісімді бекіту туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап:
1) бітімгершілік келісімнің шарттарына сәйкес борышкер және (немесе) үшінші тұлғалар кредиторлар алдындағы берешекті өтеуге кіріседі;
2) осы Заңның 87-бабына сәйкес борышкерге қолданылған салдарлардың күші тоқтатылады.
112-6-бап. Бітімгершілік келісімді бекітуден бас тарту және оның салдарлары
1. Соттың бітімгершілік келісімді бекітуден бас тартуы үшін:
1) борышкердің және (немесе) үшінші тұлғалардың бірінші кезектегі кредиторлардың талаптары бойынша берешекті өтеу міндеттерін орындамауы;
2) осы Заңда белгіленген бітімгершілік келісімді жасасу тәртібін бұзуы;
3) банкроттық рәсіміне қатысушылардың және (немесе) үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуы;
4) бітімгершілік келісім шарттарының Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келуі негіз болып табылады.
2. Сот бітімгершілік келісімді бекітуден бас тарту туралы ұйғарым шығарады, оған Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға (наразылық келтіруге) болады.
3. Сот бітімгершілік келісімді бекітуден бас тарту туралы ұйғарым шығарған жағдайда бітімгершілік келісім жасалмаған болып саналады.
4. Соттың бітімгершілік келісімді бекітуден бас тарту туралы ұйғарым шығаруы жаңа бітімгершілік келісімді жасасуға кедергі болмайды.
112-7-бап. Бітімгершілік келісімді бұзу және оның салдарлары
1. Жекелеген кредиторлар мен борышкер арасындағы сот бекіткен бітімгершілік келісімді бұзуға жол берілмейді.
2. Өтініш берілген күні кредиторлар талаптарының тізіліміне кірген талаптардың жалпы сомасынан жиырма бес пайыздан кем емес талаптарды иеленетін кредитордың (кредиторлардың) өтініші бойынша, сондай-ақ осындай кредиторларға қатысты борышкер және (немесе) үшінші тұлғалар бітімгершілік келісім шарттарын орындамаған жағдайда бітімгершілік келісім барлық кредиторларға қатысты сот шешімі бойынша бұзылуы мүмкін.
3. Бітімгершілік келісімді бұзу туралы өтінішті оны бекіткен сот қарайды.
4. Бітімгершілік келісімді бұзу туралы өтініш бойынша істі сот Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында көзделген жалпы қағидалар бойынша қарайды.
112-8-бап. Бітімгершілік келісімді бекіту туралы сот ұйғарымының күші жойылғаннан немесе бітімгершілік келісім бұзылғаннан кейін банкроттық рәсімін қолдану
1. Соттың бітімгершілік келісімді бекіту туралы ұйғарымы негізінде тоқтатылған банкроттық рәсімі:
1) соттың бітімгершілік келісімді бекіту туралы ұйғарымының күші жойылған;
2) сот бітімгершілік келісімді бұзу туралы шешім шығарған жағдайларда қозғауға жатады.
2. Бітімгершілік келісімді бекіту туралы сот ұйғарымының күшін жою туралы немесе бітімгершілік келісімді бұзу туралы шешім қабылдаған сот банкроттық рәсімінің қозғалғаны және уәкілетті органда тіркелген тұлғалар арасынан уақытша басқарушының тағайындалғаны туралы сот актісінде көрсетуге міндетті.
3. Банкроттық рәсімі осы Заңның 6-тарауында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Уақытша басқарушы өзінің тағайындалған күнінен бастап күнтізбелік қырық бес күннен кешіктірілмейтін мерзімде кредиторлардың бірінші жиналысын өткізуге міндетті.
112-9-бап. Бітімгершілік келісімді бекіту туралы сот ұйғарымының күшін жоюдың немесе бітімгершілік келісімді бұзудың салдарлары
1. Бітімгершілік келісімді бекіту туралы сот ұйғарымының күшін жою немесе бітімгершілік келісімді бұзу бірінші кезектегі кредиторлардың берешекті өтеу есебінен өздерінің алғанын банкротқа қайтару міндетіне әкеп соқпайды.
2. Бітімгершілік келісім шарттарында есеп айырысу жүргізілген кредиторлардың талаптары өтелген болып есептеледі.
3. Бітімгершілік келісімді бекіту туралы сот ұйғарымының күші жойылған немесе бітімгершілік келісім бұзылған және банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізу қозғалған жағдайда өздеріне қатысты бітімгершілік келісім жасалған кредиторлар талаптарының көлемі бітімгершілік келісімде белгіленген шарттар ескеріле отырып айқындалады.».
2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2015 жылғы қарашаның 13-і.
№ 399-V