ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ
Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы
(2019.26.12. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2023 жылғы 19 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заңды іске асыру мақсатында қабылдануы қажет құқықтық актілердің тізбесін қараңыз
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
3-бап. Қазақстан Республикасының балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы заңнамасы
2-тарау. БАЛАЛАРДЫ ДЕНСАУЛЫҒЫ МЕН ДАМУЫНА ЗАРДАБЫН ТИГІЗЕТІН АҚПАРАТТАН ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫҢ ҚАҒИДАТТАРЫ, МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ, ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ МЕН ҚАТЫСУ
4-бап. Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың қағидаттары
5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
6-бап. Уәкілетті органның құзыреті
7-бап. Мемлекеттік органдардың және жергілікті атқарушы органдардың балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы құзыреті
8-бап. Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы қоғамдық бақылау мен қатысу
3-тарау. ЖАС СЫНЫПТАМАСЫ, ЖАС САНАТЫ ЖӘНЕ ЖАС САНАТЫ БЕЛГІСІ
9-бап. Жас сыныптамасы
10-бап. «6 жасқа дейін» жас санатының ақпараттық өнімі
11-бап. «6 жастан бастап» жас санатының ақпараттық өнімі
12-бап. «12 жастан бастап» жас санатының ақпараттық өнімі
13-бап. «14 жастан бастап» жас санатының ақпараттық өнімі
14-бап. «16 жастан бастап» жас санатының ақпараттық өнімі
15-бап. Жас санаты белгісі
4-тарау. АҚПАРАТТЫҚ ӨНІМДІ ТАРАТУҒА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР
16-бап. Балаларға арналған ақпаратқа және ақпараттық өнімге қойылатын жалпы талаптар
17-бап. Телерадио хабарлары арқылы таратылатын ақпараттық өнімге қойылатын ерекше талаптар
18-бап. Телекоммуникация желілері арқылы таратылатын ақпараттық өнімге қойылатын ерекше талаптар
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
19-бап. Қазақстан Республикасының балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
20-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң балалардың өз жасына сәйкес келетін ақпаратты алу және тарату құқықтарын іске асыруға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді және балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғауға бағытталады.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ақпараттық өнім - бұқаралық ақпарат құралдарының өнімі, сондай-ақ адамдардың шектелмеген тобына арналған өзге де аудио-бейне және (немесе) баспа өнімі;
2) ақпараттық өнімді тарату - ақпараттық өнімді сату, оған жазылу, жеткізу, үлестіру, көрсету, прокаттау және (немесе) жалға беру жөніндегі қызмет;
3) ақпараттық өнімді таратушы (бұдан әрі - таратушы) - ақпараттық өнімді оның меншік иесімен, ақпараттық өнімді шығарушымен жасалған шарт бойынша немесе өзге де заңды негіздерде таратуды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
4) ақпараттық өнімді шығарушы - ақпараттық өнім жасауды және (немесе) дайындауды материалдық-техникалық және (немесе) ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
5) балаларға арналған ақпараттық өнім - бағыты, тақырыбы, мазмұны және безендірілуі бойынша жас санатына сәйкес келетін ақпараттық өнім;
6) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау - балалардың ақпараттық қауіпсіздігі мақсатында жүргізілетін құқықтық, ұйымдастырушылық, техникалық және басқа да шаралар жиынтығы;
7) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
8) балалардың ақпаратқа қол жеткізуі - балаларға арналған ақпараттық өнімді балалардың еркін алу және тарату құқығы;
9) балалардың ақпараттық қауiпсiздiгі - балалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн олардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғауды қамтамасыз ету;
10) жас санаты - осы Заңда айқындалған тәртіппен ақпараттық өнімге берілетін санат;
11) жас санаты белгісі - жас санатын графикалық және (немесе) мәтіндік белгілеу;
12) жас сыныптамасы - ақпараттық өнімге жас санатын беру процесі;
13) натуралистік сипаттау және (немесе) бейнелеу - адамның назарын бейнелеу (сипаттау) объектісінің бөлшектеріне, анатомиялық ерекшеліктеріне және (немесе) физиологиялық не техникалық процестеріне аударатын, адамды, жануарды, затты, оқиғаны, құбылысты, әрекетті (әрекетсіздікті) және олардың салдарын сипаттау және (немесе) бейнелеу;
14) нормативтік емес лексика бар ақпарат - былапыт, тұрпайы, бейәдеп сөздер, сөз орамдары мен тіркестер бар ақпарат.
2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
Осы Заңның күші:
1) ғылыми, ғылыми-әдістемелік, оқу, оқу-әдістемелік, статистикалық ақпаратты қамтитын;
2) Қазақстан Республикасының мәдениет туралы заңнамасына сәйкес мәдени құндылықтарға жатқызылатын ақпараттық өнімді таратуға байланысты қатынастарға қолданылмайды.
3-бап. Қазақстан Республикасының балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
2-тарау. БАЛАЛАРДЫ ДЕНСАУЛЫҒЫ МЕН ДАМУЫНА ЗАРДАБЫН ТИГІЗЕТІН АҚПАРАТТАН ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫҢ ҚАҒИДАТТАРЫ, МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ, ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ МЕН ҚАТЫСУ
4-бап. Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың қағидаттары
Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттік саясат:
1) психологиялық жас ерекшеліктерін, ақпараттық ортаның теріс ықпалына осалдығын ескере отырып, мемлекеттің балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуі;
2) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік шаралардың жүйелілігі мен кешенділігі;
3) балаларды тиісінше тәрбиелеу және толыққанды дамыту мақсатында тарихи және өзге де дәстүрлерді, қоғам мен мемлекеттің мәдени құндылықтарын ескеру;
4) Қазақстан Республикасының заңдарымен балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпаратты еркін алу және тарату құқықтарын шектеуге жол беру қағидаттарына негізделеді.
5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;
2) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
6-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;
3) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
4) ақпараттық өнімге жас сыныптамасын беру қағидалары мен әдістемесін бекітеді;
5) жас санаты белгісіне қойылатын талаптарды бекітеді;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
7-бап. Мемлекеттік органдардың және жергілікті атқарушы органдардың балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы құзыреті
1. Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкiлеттi орган өз құзыреті шегінде:
1) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) осы Заң талаптарының сақталуы тұрғысынан бұқаралық ақпарат құралдарының өніміне мониторингті жүзеге асырады;
3) бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасының балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Байланыс және ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган өз құзыреті шегінде:
1) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) телекоммуникация желілерінде Қазақстан Республикасының балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3. Білім беру саласындағы уәкiлеттi орган өз құзыреті шегінде:
1) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
4. Ішкі істер органдары өз құзыреті шегінде:
1) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) балаларға тыйым салынған ақпаратты қамтитын ақпараттық өнім кәмелетке толмағандарға таратылған кезде Қазақстан Республикасының балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
5. Облыстардың жергілікті атқарушы органдары өз құзыреті шегінде:
1) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз етеді;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асырады.
6. Республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары өз құзыреті шегінде:
1) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз етеді;
2) мыналарды:
бұқаралық ақпарат құралдарын, сондай-ақ телекоммуникация желілері арқылы таратылатын ақпаратты;
балаларға тыйым салынған ақпаратты қамтитын ақпараттық өнімнің кәмелетке толмағандарға таратылуын қоспағанда, тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте Қазақстан Республикасының балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асырады.
8-бап. Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы қоғамдық бақылау мен қатысу
1. Осы Заң талаптарының сақталуына қоғамдық бақылауды жеке тұлғалар және коммерциялық емес ұйымдар өздерінің жарғыларына сәйкес жүзеге асырады.
2. Жеке тұлғалар және коммерциялық емес ұйымдар:
1) ақпараттық өнімнің таратылуына және балалардың ақпаратқа қол жеткізуіне мониторингті жүзеге асыруға, оның ішінде «қызу желілерді» құру және ұстау, балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпаратты, ақпараттық өнімді және тұлғалардың әрекеттерін мониторингтеу мен анықтаудың техникалық, аппараттық және өзге де нысандарын қолдану арқылы жүзеге асыруға;
2) осы Заңның бұзушылықтары туралы мәліметтерді мемлекеттік органдарға және жергілікті атқарушы органдарға ұсынуға;
3) таратылатын ақпараттың мүмкіндіктері, әлеуеті, тәуекелі мен қатерлері туралы балалардың хабардар болу деңгейін арттыруға бағытталған, сондай-ақ ата-аналарды кәмелетке толмаған адам ақпаратты алған және пайдаланған кезде оны бақылау дағдыларына үйрету жөніндегі іс-шаралар жүргізуге;
4) балалар мен ата-аналар арасында ақпараттық сауаттылыққа талдау жүргізуге;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де әрекеттерді жүзеге асыруға құқылы.
3-тарау. ЖАС СЫНЫПТАМАСЫ, ЖАС САНАТЫ ЖӘНЕ ЖАС САНАТЫ БЕЛГІСІ
9-бап. Жас сыныптамасы
1. Жас сыныптамасын:
1) Қазақстан Республикасында жасалған және (немесе) дайындалған ақпараттық өнімге - меншік иесі;
2) Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін (жеткізілген) ақпараттық өнімге меншік иесі немесе таратушы Қазақстан Республикасының аумағында ақпараттық өнімнің таратылуы басталғанға дейін жүзеге асырады.
Осы тармақтың нормалары фильмдердің жас сыныптамасын жүзеге асыруға қолданылмайды.
2. Жас сыныптамасын жүзеге асыру кезінде:
1) ақпараттық өнімнің тақырыбы, жанры, мазмұны және көркемдік безендірілуі;
2) белгілі бір жас санатындағы балалардың ақпараттық өнімде қамтылған ақпаратты қабылдау ерекшеліктері;
3) баланың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізу ықтималдығы бағалауға жатады.
3. Жас сыныптамасы ақпараттық өнімге мынадай жас санаттары беріле отырып жүзеге асырылады:
1) «6 жасқа дейін» - алты жасқа толмаған балаларға арналған ақпараттық өнім;
2) «6 жастан бастап» - алты жасқа толған балаларға арналған ақпараттық өнім;
3) «12 жастан бастап» - он екі жасқа толған балаларға арналған ақпараттық өнім;
4) «14 жастан бастап» - он төрт жасқа толған балаларға арналған ақпараттық өнім;
5) «16 жастан бастап» - он алты жасқа толған балаларға арналған ақпараттық өнім;
6) «18 жастан бастап» - балаларға тыйым салынған ақпаратты қамтитын ақпараттық өнім.
2019.26.12. № 289-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Фильмдердің жас сыныптамасы осы Заңның және «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
10-бап. «6 жасқа дейін» жас санатының ақпараттық өнімі
«6 жасқа дейін» жас санатының ақпараттық өніміне, ақпараттық өнімде жақсылықтың зұлымдықты жеңіп, салтанат құру идеясы, зорлық-зомбылық құрбанына аяушылық білдіру және (немесе) зорлық-зомбылықты айыптау қамтылады деген шартпен, жанр және (немесе) сюжет тұрғысынан ақталған, физикалық және (немесе) психикалық және (немесе) психологиялық күш көрсетудің натуралистік сипаттауларсыз және (немесе) бейнелеулерсіз эпизодтық сипатталуын және (немесе) бейнеленуін қамтитын ақпараттық өнім жатқызылады.
11-бап. «6 жастан бастап» жас санатының ақпараттық өнімі
«6 жастан бастап» жас санатының ақпараттық өніміне осы Заңның 10-бабында көзделген ақпараттық өнім, сондай-ақ балаларда қорқыныш, үрей туғызатын немесе олардың жанын түршіктіретін, сондай-ақ адами қадір-қасиетті қорлайтын жазатайым оқиғалардың, авариялардың, апаттардың, өлімнің және олардың зардаптарының сипатталуын және (немесе) бейнеленуін қамтымайтын ақпараттық өнім жатқызылады.
12-бап. «12 жастан бастап» жас санатының ақпараттық өнімі
«12 жастан бастап» жас санатының ақпараттық өніміне осы Заңның 11-бабында көзделген ақпараттық өнім, сондай-ақ балаларда қорқыныш, үрей туғызуы немесе жанын түршіктіруі мүмкін, зардаптары сипатталмай және (немесе) бейнеленбей, жазатайым оқиғалардың, авариялардың, апаттардың, зорлықсыз өлімнің сипатталуын және (немесе) бейнеленуін қамтитын ақпараттық өнім жатқызылады.
13-бап. «14 жастан бастап» жас санатының ақпараттық өнімі
«14 жастан бастап» жас санатының ақпараттық өніміне осы Заңның 12-бабында көзделген ақпараттық өнім, сондай-ақ жанр және (немесе) сюжет тұрғысынан ақталған, мыналарды:
1) есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестер мен прекурсорлардың, темекі өнімдерінің, алкоголь өнімінің оларды тұтыну қауіптілігі туралы ескерте отырып, оларға әуестенуді қоғамға жат және құқыққа қайшы әрекеттерге арандату ретінде жазғыратын эпизодтық сипатталуын және (немесе) бейнеленуін;
2) адамның құқықтарын және қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін қорғау жолында күш қолдану салдарынан болған адам өлімінің натуралистік сипаттаусыз және (немесе) бейнелеусіз эпизодтық сипатталуын және (немесе) бейнеленуін қамтитын ақпараттық өнім жатқызылады.
14-бап. «16 жастан бастап» жас санатының ақпараттық өнімі
«16 жастан бастап» жас санатының ақпараттық өніміне осы Заңның 13-бабында көзделген ақпараттық өнім, сондай-ақ жанр және (немесе) сюжет тұрғысынан ақталған, мыналарды:
1) қатыгездік пен зорлық-зомбылық құрбандарына аяушылық сезімді және қатыгездік пен зорлық-зомбылықты айыптауды туғызатын, суицид және (немесе) адам өлтіру сюжеттерінің эпизодтық сипатталуын және (немесе) бейнеленуін;
2) сексуалдық сипаттағы әрекеттердің сипатталуын және (немесе) бейнеленуін қоспағанда, адамдардың сексуалдық қарым-қатынастарының эпизодтық сипатталуын және (немесе) бейнеленуін қамтитын ақпараттық өнім жатқызылады.
15-бап. Жас санаты белгісі
1. Жас санаты белгісін таратушы ақпараттық өнімге мыналарды белгілеу арқылы түсіреді немесе онда көрсетеді:
1) «6 жасқа дейін» - ромбтағы «6-» белгісі және (немесе) «алты жасқа толмаған балаларға арналған» деген сөз тіркесі түріндегі мәтіндік ескерту;
2) «6 жастан бастап» - ромбтағы «6+» белгісі және (немесе) «алты жасқа толған балаларға арналған» деген сөз тіркесі түріндегі мәтіндік ескерту;
3) «12 жастан бастап» - ромбтағы «12+» белгісі және (немесе) «он екі жасқа толған балаларға арналған» деген сөз тіркесі түріндегі мәтіндік ескерту;
4) «14 жастан бастап» - ромбтағы «14+» белгісі және (немесе) «он төрт жасқа толған балаларға арналған» деген сөз тіркесі түріндегі мәтіндік ескерту;
5) «16 жастан бастап» - ромбтағы «16+» белгісі және (немесе) «он алты жасқа толған балаларға арналған» деген сөз тіркесі түріндегі мәтіндік ескерту;
6) «18 жастан бастап» - ромбтағы «18+» белгісі және (немесе) «балаларға тыйым салынған» деген сөз тіркесі түріндегі мәтіндік ескерту.
2. Мыналарды:
1) тікелей эфирде трансляцияланатын ақпараттық, көңіл көтеретін және спорттық теле-, радиобағдарламаларды;
2) қоғамдық-саяси сипаттағы ақпаратты таратуға маманданатын мерзімді баспа басылымдарын;
3) жаңалықты, ақпараттық-талдамалық, қоғамдық-саяси телебағдарламаларды;
4) радио хабарлары арқылы таратылатын ақпараттық өнімді;
5) жарнаманы;
6) желілік басылымдардан басқа, интернет-ресурстарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында жас санаты белгісі жоқ ақпараттық өнімді таратуға жол берілмейді.
Жас санаты белгісі осы тармақтың бірінші бөлігінде санамаланған ақпараттық өнімге ерікті негізде түсірілуі немесе онда көрсетілуі мүмкін.
3. Әртүрлі жас санаттарына жатқызылатын бірнеше бөліктен тұратын ақпараттық өнім таратылған жағдайда, жас санаты белгісі жас санаты үлкен балаларға арналған ақпараттық өнімге сәйкес келуге тиіс.
4. Жас санаты туралы мәтіндік ескерту ақпараттық өнім таратылатын тілге сәйкес келуге тиіс.
4-тарау. АҚПАРАТТЫҚ ӨНІМДІ ТАРАТУҒА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР
16-бап. Балаларға арналған ақпаратқа және ақпараттық өнімге қойылатын жалпы талаптар
1. Балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпаратқа:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңдарымен тыйым салынған;
2) осы Заңмен балаларға тыйым салынған;
3) Қазақстан Республикасының заңдарымен белгілі бір жас топтарындағы балаларға шектеу қойылған ақпарат жатқызылады.
2. Балаларға тыйым салынған ақпаратқа:
1) балаларды өміріне және (немесе) денсаулығына қатер төндіретін әрекеттер жасауға, оның ішінде суицидке итермелейтін;
2) балаларды қоғамға жат және құқыққа қайшы әрекеттерге арандататын;
3) арнайы сексуалдық-эротикалық сипаттағы;
4) сексуалдық зорлық-зомбылықтың сипатталуын және (немесе) бейнеленуін қамтитын;
5) нормативтік емес лексиканы қамтитын;
6) балалар арасында таратуға Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен тыйым салынған ақпарат жатқызылады.
3. Интернет желісі арқылы таратылатын ақпараттық өнімді қоспағанда, балаларға тыйым салынған ақпаратты қамтитын ақпараттық өнімді кәмелетке толмағандарға таратуға жол берілмейді.
Балаларға тыйым салынған ақпаратты қамтитын ақпараттық өнімді кәмелетке толмағандарға Интернет желісі арқылы таратқан кезде балалардың ақпаратқа қол жеткізуін шектеудің әкімшілік, техникалық, бағдарламалық құралдары немесе өзге де тәсілдері қолданылады.
4. Белгілі бір жас топтарындағы балалар арасында таратуға шектеу қойылған ақпаратты қамтитын ақпараттық өнімді таратуға осы Заңның 10 - 14-баптарының талаптарына сәйкес жол беріледі.
17-бап. Телерадио хабарлары арқылы таратылатын ақпараттық өнімге қойылатын ерекше талаптар
1. Кодын ашатын техникалық құрылғылар қолданыла отырып, ақылы негізде таратылатын ақпараттық өнімді қоспағанда, осы Заңмен «18 жастан бастап» жас санатына жатқызылған ақпаратты қамтитын ақпараттық өнім жергілікті уақыт бойынша сағат 6.00-ден сағат 22.00-ге дейін телерадио хабарлары арқылы таратылмауға тиіс.
2. Тікелей эфирде трансляцияланатын радиобағдарламаларды қоспағанда, ақпараттық өнімді радио хабарлары арқылы тарату радиобағдарламаны трансляциялау басталғанда оның жас санаты туралы хабарлаумен сүйемелденеді.
3. Осы Заңның 10 - 14-баптарына сәйкес келетін ақпараттық өнімді телерадио хабарлары арқылы тарату кезінде теле-, радиобағдарлама басталғанда, сондай-ақ ол бөлінгеннен кейін әрбір қайта басталған кезде жас санаты белгісі көрсетіледі немесе жас санаты хабарланады.
18-бап. Телекоммуникация желілері арқылы таратылатын ақпараттық өнімге қойылатын ерекше талаптар
Аппараттық-бағдарламалық кешен және (немесе) технологиялар арқылы уақытша пайдалануға тұлға ұсынатын, телекоммуникация желілері, оның ішінде Интернет желісі арқылы таратылатын ақпаратқа балалардың қол жеткізуін ұсыну жөніндегі қызмет Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
19-бап. Қазақстан Республикасының балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа алып келеді.
20-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2018 жылғы шілденің 2-і.
№ 169-VI