52) Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілерін қызметке тағайындау және олармен еңбек шартын тоқтату қағидаларын;
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін, оның ведомстволарын және оларға қатысты өзі құрылтайшы (уәкілетті орган) не акционер болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік сатып алу субъектілерінен шығаруға қатысты нормалар 2010 жылғы 9 желтоқсанда Мәскеуде жасалған, 2011 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Мемлекеттік (муниципалдық) сатып алу туралы келісімге тиісті өзгерістер күшіне енгеннен кейін қолданысқа енгізіледі
53) Қазақстан Ұлттық Банкінің, оның ведомстволарының және оларға қатысты өзі құрылтайшы (уәкілетті орган) не акционер болып табылатын заңды тұлғалардың тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын;
54) ішкі аудит бөлімшесі туралы ережені, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Банкінде ішкі аудитті ұйымдастыру және өткізу тәртібін белгілейтін нормативтік құқықтық актілерді;
55) Қазақстан Ұлттық Банкінің банктік сәйкестендіру кодтарын беру, пайдалану және жою, сондай-ақ банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың кодтарын және банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар филиалдарының кодтарын беру және жою, олардың құрылымы және Банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың анықтамалығын қалыптастыру және жүргізу туралы нұсқаулықты;
56) осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес Қазақстан Ұлттық Банкінің өзге де нормативтік құқықтық актілерін бекітеді.
Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы:
1) мемлекеттік ақша-кредит саясатын мақұлдайды;
2) қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесін белгiлейдi;
3) ең төменгi резервтiк талаптардың нормативтерiн белгілейді;
4) Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының банкноттары мен монеталарын дайындау және айналысқа шығару, оның ішінде басқа елдердің тапсырыстары бойынша дайындау және айналысқа шығару, Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының банкноттары мен монеталарының дизайны немесе нысаны өзгерген кезде оларды ауыстыру туралы шешiмдер қабылдайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының тозған және бүлiнген банкноттары мен монеталарын айырбастау тәртiбiн белгiлейді;
5) Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен тұжырымдама негiзiнде банкноттар мен монеталардың номиналдық құнын және дизайнын айқындайды;
6) коллекциялық және инвестициялық монеталарды шығару тақырыбын, дайындау тиражын, қорытпасын, шығарылатын мерзiмдерi мен күнiн айқындайды;
7) айырбастау пункттері арқылы жүргізілетін операциялар бойынша теңгеге шетел валютасын сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқу шектерін белгілейді;
8) уәкілетті ұйымдар үшін жарғылық капиталды қалыптастыру мөлшерін және тәртібін белгілейді;
9) шетел валютасындағы және бағалы металдардағы активтерді, олардың құрылымын қоса алғанда, басқарудың негізгі қағидаттарын айқындайды;
10) монетарлық қызметке жататын қызметті айқындайды;
11) Қазақстан Ұлттық Банкі қызмет көрсететін заңды тұлғалардың санаттарын айқындайды;
12) Қазақстан Ұлттық Банкінің жұмысы туралы жылдық есепті қарайды, қабылдайды және Қазақстан Республикасының Президентiне бекiтуге ұсынады;
13) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң құрылымын, жалпы штат санын, еңбекақы төлеу жүйесiн және Қазақстан Ұлттық Банкi туралы ереженi,
сондай-ақ оларға өзгерiстер мен толықтыруларды қарайды, мақұлдайды және Қазақстан Республикасының Президентiне бекiтуге ұсынады;
14) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң бюджетiн (шығыстар сметасын) бекiтеді;
15) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілігін қарайды және бекітеді;
16) Қазақстан Ұлттық Банкi, оның филиалдары, өкiлдiктерi, ведомстволары мен ұйымдары қызметкерлерiнiң еңбек жағдайын, оған ақы төлеудi, оларды әлеуметтiк-тұрмыстық жағынан қамтамасыз етудi, бiлiктiлiгiн арттыру мен қайта даярлауды бекiтеді;
17) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенiмгерлiкпен басқару бойынша шешiмдерді жедел қабылдау өкiлеттiгiне кiретiн, Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының орынбасарынан төмен емес деңгейдегi лауазымды адамды (өкiлеттi өкiл) айқындайды;
18) қаржы және өзге де ұйымдар Қазақстан Республикасы заңдарының және өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын бұзған жағдайда, оларға өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша шектеулi ықпал ету шараларын, санкцияларды және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де шараларды қолдану тәртібін айқындайды;
19) банктерге соңғы сатыдағы қарыз беруші ретінде, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Банкiнде ашылған банк шоттарының иелерiне бiр жылдан аспайтын мерзiмге өтiмдiлiгi жоғары, тәуекелсiз бағалы қағаздармен және басқа активтермен қамтамасыз етiлген қарызды ұлттық валютамен де, шетел валюталарымен де беру туралы мәселені қарайды;
20) ұйымдарды құру, оның ішінде Қазақстан Ұлттық Банкінің өзіне жүктелген функцияларды жүзеге асыруына ықпал ететін және (немесе) қаржы нарығы инфрақұрылымының бір бөлігі болып табылатын ұйымдарды құру және олардың қызметіне қатысу туралы шешімдер қабылдайды;
21) осы Заңға сәйкес Қазақстан Ұлттық Банкінің халықаралық және өзге де ұйымдарға қатысуы туралы шешім қабылдайды;
22) Қазақстан Ұлттық Банкінің консультативтік-кеңесші органдарын құру туралы шешім қабылдайды;
23) аудиторлық тексерулердің орта мерзімді жоспарын және ішкі аудит бөлімшесінің жылдық есебін бекітеді;
24) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды және өкiлеттiктерді жүзеге асырады.»;
8) 16-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының құрамына Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы және Қазақстан Ұлттық Банкінің бес лауазымды адамы, Қазақстан Республикасының Президентiнен бiр өкiл және Қазақстан Республикасының Үкіметінен екi өкiл кiредi.»;
9) 19-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Директорлар кеңесiнiң құрамына Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы, оның орынбасарлары, Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Ұлттық Банкi құрылымдық бөлiмшелерiнiң және ведомстволарының басшылары кiредi. Қазақстан Ұлттық Банкi Директорлар кеңесiнiң құрамын Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы бекiтедi.»;
10) 20-баптың тақырыбы және бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«20-бап. Қазақстан Ұлттық Банкінің филиалдары, өкiлдiктерi, ведомстволары мен ұйымдары
Қазақстан Ұлттық Банкінің филиалдары, өкiлдiктерi мен ведомстволары өз қызметiн Қазақстан Ұлттық Банкi белгiлеген өкiлеттiктер шегiнде жүзеге асырады.»;
11) мынадай мазмұндағы 4-1-тараумен толықтырылсын:
«4-1-тарау. ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІНІҢ ЖӘНЕ ОНЫҢ ВЕДОМСТВОЛАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ
20-1-бап. Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметкерлері лауазымдарының құрамы және олардың еңбегін реттеу
Қазақстан Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында қызмет атқарып жүрген, еңбекақысы Қазақстан Ұлттық Банкі бюджетінің қаражатынан (шығыстар сметасынан) төленетін, мемлекеттік әкімшілік және азаматтық қызметшілерге жатпайтын адамдар Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметкерлері болып табылады.
Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметкерлері лауазымдарының құрамына:
1) мемлекеттік саяси қызметшілердің;
2) Қазақстан Ұлттық Банкі және оның ведомстволары қызметшілерінің;
3) Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының техникалық қызметшілерінің лауазымдары кіреді.
Қазақстан Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында мемлекеттің міндеттері мен функцияларын іске асыруға бағытталған лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асыратын, мемлекеттік қызметшілерге жатпайтын адамдар Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілері болып табылады.
Лауазымдық өкілеттіктер деп қызметшілердің Қазақстан Ұлттық Банкіндегі және оның ведомстволарындағы нақты мемлекеттік лауазымымен көзделген, Қазақстан Ұлттық Банкінің алдында тұрған мақсаттар мен міндеттерге сай келетін құқықтар мен міндеттер түсініледі.
Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілері лауазымдарының тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
Қазақстан Ұлттық Банкіне және оның ведомстволарына қызмет көрсету және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша еңбек міндеттерін орындайтын, азаматтық қызметшілерге жатпайтын адамдар Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының техникалық қызметшілері болып табылады.
Техникалық қызметшілер лауазымдарының тізбесін Қазақстан Ұлттық Банкінің Директорлар кеңесі бекітеді.
Қазақстан Ұлттық Банкі және оның ведомстволары қызметкерлерінің еңбегі осы Заңда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген ерекшеліктермен қоса Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен реттеледі.
Қазақстан Ұлттық Банкі және оның ведомстволары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасының органдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеудің Қазақстан Республикасы Президенті бекітетін бірыңғай жүйесі негізінде белгіленеді.
20-2-бап. Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілерін қызметке тағайындау шарттары
Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшісі лауазымына орналасуға үміткер адамдардың Қазақстан Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында тиісті лауазымға орналасу үшін қажетті білімі, кәсіби даярлығының деңгейі болуға тиіс.
Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшісі лауазымына орналасу міндетті арнайы тексеруден өткеннен кейін жүзеге асырылады.
Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшісі лауазымына:
1) заңда белгiленген тәртiппен әрекетке қабілетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп танылған;
2) Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшісі лауазымына тағайындалар алдында үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн тәртiптiк жауаптылыққа тартылған;
3) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;
4) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн жұмыстан босатылған;
5) Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшісі лауазымына орналасатын уақытта заңда белгiленген тәртiппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар;
6) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасының сақталу нысанасына арнайы тексеруден өтпеген адамды тағайындауға болмайды.
Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілерін лауазымға тағайындау және олармен еңбек шартын тоқтату қағидаларын Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы бекітеді.
20-3-бап. Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілерімен еңбек шартын тоқтату
Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілерімен еңбек шартын тоқтату мынадай негіздер:
1) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде көзделген;
2) Қазақстан Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында олардың болу мерзімін жыл сайын ұзарту құқығымен, Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа толу;
3) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасының сақталу нысанасына арнайы тексерудiң терiс нәтижелерi;
4) кірістері мен мүлкі туралы көрiнеу жалған мәлiметтердi ұсыну;
5) осы Заңда және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген міндеттер мен шектеулерді сақтамау;
6) инвестициялық қорлардың тиесілі пайларын, облигацияларды және коммерциялық ұйымдардың акцияларын сенімгерлікпен басқаруға бермеу;
7) Қазақстан Ұлттық Банкіне және оның ведомстволарына жұмысқа кiру кезiнде жұмысқа қабылдаудан бас тарту үшiн негiз болуы мүмкiн көрiнеу жалған құжаттар мен мәлiметтерді ұсыну;
8) аттестаттаудың терiс нәтижелерi;
9) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негіздер бойынша жүргізіледі.
20-4-бап. Қазақстан Ұлттық Банкi және оның ведомстволары қызметшілерінің құқықтары мен міндеттері
1. Қазақстан Ұлттық Банкi және оның ведомстволары қызметшілерінің:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясында және Еңбек кодексінде Қазақстан Республикасының азаматтарына кепiлдiк берiлетiн құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға;
2) өз өкiлеттiктерi шегiнде мәселелердi қарауға және олар бойынша шешiмдер қабылдауға қатысуға, тиiстi органдар мен лауазымды адамдардың оларды орындауын талап етуге;
3) белгiленген тәртiппен лауазымдық мiндеттердi атқару үшiн қажеттi ақпарат пен материалдар алуға;
4) лауазымдық мiндеттердi атқару үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен ұйымдарға баруға;
5) басшыдан Қазақстан Ұлттық Банкi және оның ведомстволары қызметшілерінің атқаратын лауазымына сәйкес лауазымдық өкiлеттiк мiндеттерi мен көлемiн дәл айқындауды талап етуге;
6) жеке басының қадiр-қасиетiнiң құрметтелуiне, басшылардың, өзге де жеке тұлғалар мен лауазымды адамдардың өзiне әдiл әрі құрметпен қарауына;
7) Қазақстан Ұлттық Банкiнің бюджеті қаражаты (шығыстар сметасы) есебiнен қайта даярлануға (қайта мамандануға) және бiлiктiлiгiн арттыруға;
8) өздерiнiң лауазымдық өкілеттіктеріне қатысты материалдармен кедергiсiз танысуға, қажет болған кезде жеке түсiнiктемелер беруге;
9) бiлiктiлiгi, қабілетi, өзiнiң лауазымдық өкілеттіктерін адал орындауы ескеріле отырып, лауазымы бойынша жоғарылауға;
10) қызметшiнiң пiкiрiнше негiзсiз айып тағылған жағдайда қызметтiк тексеру жүргiзiлуiн талап етуге;
11) педагогикалық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметпен айналысуға құқығы бар.
2. Қазақстан Ұлттық Банкiнің және оның ведомстволарының қызметшілері:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын сақтауға;
2) Қазақстан Ұлттық Банкі айқындаған тәртiппен ант беруге;
3) жеке және заңды тұлғалар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етуге, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және мерзiмде жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарауға, олар бойынша қажеттi шаралар қолдануға;
4) өздерiне берiлген құқықтар шегiнде және лауазымдық мiндеттерiне сәйкес өкiлеттiктерiн жүзеге асыруға;
5) басшылардың бұйрықтары мен өкiмдерiн, жоғары тұрған органдар мен лауазымды адамдардың өз өкiлеттiктерi шегiнде шығарған шешiмдерi мен нұсқауларын орындауға;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, лауазымдық мiндеттерiн атқару кезiнде алатын, жеке тұлғалардың жеке өмiрiн, ар-намысын және қадiр-қасиетiн қозғайтын мәлiметтердi құпия сақтауға және олардан осындай ақпарат берудi талап етпеуге;
7) мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуге;
8) өздеріне мәлім болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жағдайлары туралы басшылықтың немесе құқық қорғау органдарының назарына дереу жеткізуге;
9) лауазымдық өкілеттіктерін тиімді орындау үшін өзінің кәсіби деңгейін және біліктілігін арттыруға;
10) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, автоматтандырылған ақпараттық кіші жүйелермен жұмыс істеген кезде (оларға қолжетімділік болғанда) алынған ақпаратты қоса алғанда, өздерінің лауазымдық өкілеттіктерін атқару кезінде кез келген жеткізгіш түрінде, қабылдау үшін кез келген қолжетімді нысанда алынған қызметтік, коммерциялық, банктік құпияны, сақтандыру, зейнетақы жинақтары құпиясын және өзге де ақпаратты үшінші тұлғаларға жария етпеуге;
11) Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомствосының қызметшісі лауазымына орналасқан күннен бастап бір ай мерзімде инвестициялық қорлардың тиесілі пайларын, облигацияларды және коммерциялық ұйымдардың акцияларын сенімгерлікпен басқаруға беруге және сенімгерлікпен басқару жөніндегі шарттың нотариат куәландырған көшірмесін Қазақстан Ұлттық Банкінің кадр қызметіне табыс етуге міндетті.
3. Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілері инвестициялық қорлардың пайларын, коммерциялық ұйымдардың облигацияларын, акцияларын сатып алуға құқылы емес.
4. Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілері өздерінің лауазымдық өкілеттіктеріне орай қаржы ұйымдарының, олардың филиалдары мен үлестес тұлғаларының, Қазақстанның Даму Банкінің, бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалардың, бағалы қағаздар эмитенттерінің, кредиттік бюролардың, сақтандыру холдингтерінің, сақтандыру топтарының, арнайы қаржы компанияларының, исламдық арнайы қаржы компанияларының, инвестициялық қорлардың, төлем жүйелерін пайдаланушылардың, сондай-ақ валюталық операцияларды жүзеге асыратын тұлғалардың, уақытша әкімшіліктердің (уақытша әкімшілердің), банктердің тарату комиссияларының, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, жинақтаушы зейнетақы қорларының (бұдан әрі - тексерілетін субъект) қызметіне тексеру жүргізуді жүзеге асырған жағдайда, лауазымдық өкілеттіктерін нақты және әділ орындауына кедергі келтіруі мүмкін барлық мән-жайлар туралы, оның ішінде:
тексерілетін субъектілердің басшы қызметкерлері болып табылатын жақын туыстары (жекжаттары), жұбайлары;
тексерілетін субъектілерде жұмыс істейтін жақын туыстары немесе жұбайлары;
тексерілетін субъектілерден алған қарыздары және тексерілетін субъектілердің алдындағы өзге де мүліктік міндеттемелері туралы жоғары тұрған басшылыққа дереу хабарлауға міндетті.
20-5-бап. Қазақстан Ұлттық Банкі және оның ведомстволары қызметкерлерінің жауапкершілігі
1. Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілері мен техникалық қызметшілері өздерiне жүктелген мiндеттер мен еңбек тәртібін орындамағаны және тиiсiнше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жауаптылықта болады.
2. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін, егер онда қылмыстық жазаланатын әрекет белгілері болмаса, Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілеріне тәртіптік жазаның мынадай түрлері:
1) қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту;
2) лауазымын төмендету;
3) еңбек шартын бұзу қолданылады.
Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза лауазымын төмендету түрінде тәртіптік жазаны қолдану мүмкін болмаған кезде қолданылады.
Лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жаза төмен тұрған бос лауазым болған кезде қолданылады.
Еңбек шартын бұзу түріндегі тәртіптік жаза «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздер бойынша қолданылады.
3. Тәртiптiк жазаны:
1) Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының тәртіптік жауаптылыққа тартылатын қызметшісін қызметке тағайындауға және қызметтен босатуға құқығы бар лауазымды адам қолданады;
2) нақ сол терiс қылық үшiн қайтадан қолдануға болмайды;
3) Қазақстан Ұлттық Банкінің актiсiнде айқындалатын тәртiппен қолданылады.
4. Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының тәртiптiк терiс қылыққа жол берген қызметшілерін оларды қызметке тағайындауға және қызметтен босатуға құқығы бар лауазымды адам белгiленген тәртiппен жауаптылығы туралы мәселе шешiлгенге дейiн лауазымдық мiндеттерiн атқарудан уақытша шеттетуi мүмкiн.
5. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты не сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықтарды жасағаны үшiн тәртiптік жаза терiс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей қолданылады және жазаны терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктiрiп қолдануға болмайды.
6. Қылмыстық iс қозғаудан бас тартқан не қылмыстық iстi тоқтатқан жағдайда, бiрақ адамның әрекеттерiнде сыбайлас жемқорлық тәртiптiк терiс қылық белгiлерi болған кезде, тәртiптiк жаза қылмыстық iс қозғаудан бас тарту не оны тоқтату туралы шешiм қабылданған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей, бiрақ терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктірiлмей қолданылуы мүмкiн.
7. Тәртіптік жаза қолданудың бiр жылдық және үш айлық мерзімдерінің өтуі Қазақстан Ұлттық Банкі және оның ведомстволары қызметшілерінің еңбекке уақытша жарамсыздығына, мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттердi орындау үшiн жұмыстан босатылуына, демалыста, iссапарда болуына байланысты жұмыста болмаған уақытына Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес тоқтатыла тұрады.
8. Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілері мен техникалық қызметшілері тәртіптік жауаптылыққа тартуға байланысты барлық материалдармен міндетті түрде таныстырылуға тиіс, оларға қызметтік тексеру рәсіміне жеке өзінің қатысу құқығы беріледі.
9. Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының жауапқа тартылған қызметшілері мен техникалық қызметшілері Қазақстан Ұлттық Банкінің iс-әрекеттерi мен шешiмдерiне сотқа шағым жасай алады.
10. Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілері мен техникалық қызметшілері қылмыс және өзге де құқық бұзушылықтар жасаған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген негіздерде және тәртiппен тиiсiнше қылмыстық, әкiмшiлiк, материалдық жауаптылықта болады.»;
12) 21-бапта:
«заң актiлерiмен» деген сөздер «Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде» деген сөздермен ауыстырылсын;
«өкiлдiктерi» деген сөзден кейін «, ведомстволары» деген сөзбен толықтырылсын;
13) 22-бап мынадай мазмұндағы бесінші бөлікпен толықтырылсын:
«Қазақстан Ұлттық Банкі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі жүйелі қаржы дағдарысы туындауын болдырмау және оның салдарын азайту мақсатында қаржы тұрақтылығы үшін тәуекел факторларын бірлесіп бағалау, келісілген шешімдер кешенін әзірлеу, қабылдау және іске асыру жолымен қаржы жүйесінің тұрақтылығы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайды.»;
14) 32-бапта:
бірінші және екінші бөліктер мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Ұлттық Банкi ақша-кредит саясатын жүзеге асыру мақсатында ең төменгi резервтiк талаптардың нормативтерiн белгілейді.
Қазақстан Ұлттық Банкi ең төменгi резервтiк талаптар туралы қағидаларды, банктердің есеп айырысу үшін қабылдайтын міндеттемелерінің құрылымын, ең төменгi резервтiк талаптарды орындау шарттарын, резервке қою тәртібін бекітеді және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады.»;
үшінші бөлік алып тасталсын;
15) 35-баптың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Ұлттық Банкi банктерге қарыздарды өтiмдiлiгі жоғары әрі тәуекелсіз бағалы қағаздармен және басқа активтермен қамтамасыз етіп те, қамтамасыз етпей де бiр жылдан аспайтын мерзiмге бередi. Бұл мерзiмдi Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы ұзартуы мүмкiн.»;
16) 36-2-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қысқа мерзiмдi ноталары - Қазақстан Ұлттық Банкi эмиссиялайтын, олар бойынша міндеттемелерді Қазақстан Ұлттық Банкi көтеретін мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар.»;
17) 41-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Ұлттық Банкi алтын-валюта резервтерінің мөлшері туралы хабарды бұқаралық ақпарат құралдарында ұдайы жариялап тұрады.»;