8. Азаматтық қорғаныс іс-шараларының орындалуын қамтамасыз ету:
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) уәкілетті орган мен оның ведомствосының аумақтық бөлімшелеріне;
2) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың орталық және жергілікті атқарушы органдарында азаматтық қорғанысты ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі құрылымдық бөлімшелерге;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) азаматтық қорғаныс санаттарына жатқызылған, бірінші басшыға тікелей бағынатын ұйымдарда азаматтық қорғанысты ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі құрылымдық бөлімшелерге немесе жекелеген жұмыскерлерге жүктеледі.
Уәкілетті органда, оның ведомствосында, сондай-ақ ведомствосына ведомстволық бағынысты аумақтық бөлімшелерде және мемлекеттік мекемелерде штат санының лимиті шегіндегі лауазымдардың бір бөлігі әскери қызметшілерден, оның ішінде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінен, арнаулы мемлекеттік органдардан, құқық қорғау органдарынан, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардан ауыстырылған (іссапарға жіберілген) әскери қызметшілерден жасақталады.
9. Азаматтық қорғаныс бастықтары:
1) Қазақстан Республикасының азаматтық қорғаныс бастығы белгiлеген тәртiппен тиісті деңгейдегi азаматтық қорғаныс жоспарын бекiтуге және қолданысқа енгізуге;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ведомстволық бағынысты аумақта эвакуациялық іс-шаралар жүргізуге;
3) азаматтар мен ұйымдарды азаматтық қорғаныс іс-шараларын жүргiзуге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тартуға міндетті.
20-бап. Қалаларды азаматтық қорғаныс бойынша топтарға жатқызу.
Ұйымдарды азаматтық қорғаныс бойынша санаттарға жатқызу
1. Азаматтық қорғаныс бойынша қалаларды - топтарға, ал ұйымдарды санаттарға жатқызу мемлекеттiк, қорғаныстық маңызына және халықтың тiршілігін қамтамасыз етуге қарай азаматтық қорғаныс iс-шараларын кешендi және сараланған түрде жүргiзу мақсатында жүзеге асырылады.
2. Азаматтық қорғаныс бойынша орындалатын мiндеттердiң көлемiне қарай қалалар үшін мынадай: ерекше, бiрiншi, екiншi және үшінші топтар айқындалады.
Қалаларды топтарға жатқызу мынадай критерийлер бойынша белгiленедi:
2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) ерекше топқа республикалық маңызы бар қалалар және астана жатады;
2) бiрiншi топқа мынадай қалалар:
халқының саны миллион адам және одан астам болатын;
халқының саны бес жүз мың адам және одан астам, аумағында аса маңызды санаттағы кемiнде үш ұйым немесе елуден астам санаттандырылған ұйым орналасқан;
егер қала халқының не аумағының елу пайыздан астамы жаһандық немесе өңiрлік ауқымдағы ықтимал төтенше жағдай аймағына кірсе жатады;
3) екiншi топқа мынадай қалалар:
халқының саны бес жүз мың адам және одан астам болатын;
халқының саны екі жүз елу мың адамнан бес жүз мың адамға дейiн, аумағында аса маңызды санаттағы кемiнде екi ұйым немесе жиырмадан астам санаттандырылған ұйым орналасқан;
егер қала халқының не аумағының отыздан елу пайызға дейiнгісі жаһандық немесе өңiрлiк ауқымдағы ықтимал төтенше жағдай аймағына кірсе жатады;
4) үшінші топқа мынадай қалалар:
халқының саны екі жүз елу мың адамнан бес жүз мың адамға дейiнгі;
халқының саны он мың адамнан екі жүз елу мың адамға дейiнгі, аумағында аса маңызды санаттағы бір ұйым немесе екеуден астам санаттандырылған ұйым орналасқан;
егер қала халқының не аумағының отыз пайыздан азы жаһандық немесе өңiрлiк ауқымдағы ықтимал төтенше жағдай аймағына кірсе жатады.
3. Ұйымдар үшін ықтимал төтенше жағдайлардың әлеуетті қауiптілiгiне, әлеуметтiк-экономикалық салдарларының шамасына қарай азаматтық қорғаныс бойынша мынадай санаттар айқындалады: аса маңызды және санаттандырылған.
Аса маңызды санатқа аумағында жұмыс iстеуiнiң бұзылуы ұлттық қауiпсiздiкке қатер төндiретiн және төтенше жағдайлардың туындау қаупiн туғызатын стратегиялық объектілер орналасқан ұйымдар жатады.
Санаттандырылған ұйымдарға жұмыс iстеуiнiң бұзылуы елеулі әлеуметтік-экономикалық салдарларға, өңiрлiк және жергілiктi ауқымдардағы төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соғуы мүмкiн мынадай ұйымдар:
аса маңызды мемлекеттік меншік объектiлері;
өнеркәсіптің, көлiк-коммуникация кешенiнiң, энергетиканың, байланыстың жұмыс iстеп тұрған, салынып жатқан, реконструкцияланатын және жобаланатын қауiптi өндiрiстік объектiлерi бар және маңызды мемлекеттiк және экономикалық мәнi бар ұйымдар;
уларды өндірумен, қайта өңдеумен, тасымалдаумен, сатып алумен, сақтаумен, өткізумен, пайдаланумен және жоюмен айналысатын ұйымдар;
аумағында тіршілiктi қамтамасыз ету объектiлерi орналасқан ұйымдар жатады.
4. Ұйым азаматтық қорғаныс бойынша санатқа жатқызылған ұйыммен бiр өндiрiстік аумақта орналасқан кезде ол сол санатқа теңестiрiледi.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілiктi атқарушы органдары уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерімен бірлесе отырып, жыл сайын азаматтық қорғаныс бойынша қалаларды - топтарға, ұйымдарды санаттарға жатқызу жөнiнде ұсыныстар дайындайды және бекiту үшiн уәкілетті органға жiбередi.
21-бап. Азаматтық қорғаныс іс-шаралары
Әскери қақтығыстар туындаған кезде Қазақстан Республикасының халқын, объектілерін және аумағын қорғау, нұқсан мен шығынды азайту мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдар, азаматтық қорғаныс бойынша санаттарға жатқызылған ұйымдар өз құзыреті шегінде азаматтық қорғаныстың мынадай іс-шараларын жүргізеді:
1) күні бұрын:
азаматтық қорғаныс жоспарларын әзірлеу;
басқару, құлақтандыру және байланыс жүйелерін құру әрі дамыту және оларды пайдалануға әзірлікте ұстап тұру;
азаматтық қорғау күштерін құру, жасақтау, жарақтандыру және әзірлікте ұстап тұру;
қазіргі заманғы зақымдаушы құралдар қолданылған жағдайда қорғану тәсілдері мен іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың басқару органдарын дайындау және халықты оқыту;
азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстарын салу және оның қорын жинақтау, оларды жұмыс істеу әзірлігінде ұстау;
азаматтық қорғаныс мүлкін құру, жинақтау және уақтылы жаңарту;
эвакуациялық іс-шараларды жоспарлау;
салалар мен ұйымдардың орнықты жұмыс істеуі жөнінде іс-шараларды жоспарлау және орындау;
2) әскери қақтығыстар туындаған кезде:
қазіргі заманғы зақымдаушы құралдардың қатерi мен қолданылуы туралы құлақтандыру, халыққа іс-қимылдар тәртібі туралы хабар беру;
халықты азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстарында паналату, қажет болған кезде - жеке қорғану құралдарын пайдалану;
жараланғандар мен зақым алғандарға медициналық көмек көрсету;
эвакуациялық іс-шараларды жүргізу;
азаматтық қорғаудың қосымша басқару, құлақтандыру және байланыс пункттерін құру;
авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу;
бұзылған басқару, құлақтандыру және байланыс жүйелерін қалпына келтіру;
азаматтық қорғау құралымдарының әзірлігін қалпына келтіру.
5-тарау. АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫСТЫҢ ӘСКЕРИ БӨЛІМДЕРІ, ОБЪЕКТІЛЕРІ МЕН МҮЛКІ
22-бап. Азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері және бейбіт уақыт пен соғыс уақытындағы олардың міндеттері
1. Азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерінің негізгі міндеттері:
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) бейбіт уақытта:
Қазақстан Республикасының аумағында төтенше жағдайларды жою;
жауынгерлік, жұмылдыру және саяси дайындықты ұйымдастыру;
төтенше жағдайлар аймақтарындағы халықтың тіршілігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды орындау;
төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған іс-шараларға қатысу;
уәкілетті органның қарауындағы басқару пункттерін күзетуді және оларға қызмет көрсетуді қамтамасыз ету;
төтенше жағдайлар аймақтарына, оның ішінде шет мемлекеттерге де жеткізілетін жүктерді тасымалдау, алып жүру және күзету;
жұмылдыра өрістетуге дайындық және жауынгерлiк әзiрлiктiң жоғары дәрежесіне келтiру жөнiндегi іс-шараларды жүзеге асыру;
оқу объектілерін, полигондарды әзірлікте ұстап тұру;
2) соғыс уақытында:
қорғаныс шептері мен позицияларын құру;
зақымдау ошақтары мен зарарлану аймақтарында радиациялық, химиялық барлау жүргiзу;
зақымдау ошақтарында, зарарлану және апатты су басқан аймақтарда авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу;
әуеайлақтарды, жолдарды, өткелдерді және тыл инфрақұрылымының басқа да маңызды бөліктерін қалпына келтіру, қайта тиеу пункттерін жабдықтау;
эвакуациялық іс-шаралар жүргізуге қатысу;
аумақтық қорғаныстың жекелеген міндеттерін орындау;
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының қорғанысты ұйымдастыру мәселелері жөніндегі нұсқауларын орындау болып табылады.
2. Азаматтық қорғаныс әскери бөлiмдерiнің шет мемлекеттердің аумақтарындағы авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарға қатысуы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалған тәртiппен жүзеге асырылады.
3. Бейбіт уақытта азаматтық қорғаныстың әскери бөлiмдерiн қолдану туралы шешімді уәкілетті органның басшысы қабылдайды.
4. Азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері азаматтық персоналмен де жасақталады. Азаматтық персонал алмастыратын лауазымдардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен, уәкілетті органның жалпы саны лимиттері шегiнде уәкілетті органның басшысы белгiлейдi.
5. Азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерін жұмылдыра өрістету үшін штаттарға және тиесілік нормаларына сәйкес: техника, қару-жарақ, материалдық-техникалық құралдардың запастары құрылады және күтіп-ұсталады.
6. Авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу кезінде азаматтық қорғаныс әскери бөлімдері жеке құрамының қызмет режимі мен жұмыс күнінің ұзақтығын төтенше жағдайды жою басшысы бұлардың жүргізілу сипатын, ерекшеліктерін, санитариялық қағидалар мен гигиеналық нормативтерді ескере отырып белгілейді.
7. Азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерінің әскери қалашықтарының тұрғын үй-жайлары мен басқа да құрылыстары, полигондары, оқу объектілері, оқу-материалдық базасы, материалдық-техникалық құралдары мемлекеттік меншік болып табылады. Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің санамаланған және бөлінген өзге де мүлкі жедел басқару құқығымен оларға бекітіледі.
23-бап. Азаматтық қорғаныс объектiлерi мен мүлкi
1. Азаматтық қорғаныс объектiлерiне: басқару пункттерi, жеке тұрған және қосып салынған паналайтын жерлер, радиацияға қарсы жасырын паналар, азаматтық қорғаныс мүлкiн сақтауға арналған қойма үй-жайлары жатады.
Азаматтық қорғаныс мүлкiне: жеке қорғану құралдары, радиациялық, химиялық барлау және дозиметрлiк бақылау аспаптары, жеке медициналық қорғану құралдары, байланыс және құлақтандыру құралдары және басқа да материалдық-техникалық құралдар жатады.
2. Азаматтық қорғаныс іс-шараларын қамтамасыз ету үшiн азаматтық қорғаудың басқару органдарында азаматтық қорғаныс мүлкiнiң запастары құрылады.
3. Мемлекеттік меншік болып табылатын және азаматтық қорғаныс іс-шараларын қамтамасыз ету мен жұмылдыру тапсырмаларын орындауға арналған азаматтық қорғаныс объектiлерi мен мүлкi иеліктен шығаруға жатпайды.
4. Азаматтық қорғау күштері мен құралдарын жедел басқару үшін қосалқы (қалалық, қала сыртындағы), көмекші және жылжымалы басқару пункттері құрылады.
5. Мемлекеттік органдардың азаматтық қорғанысының қорғаныш құрылыстары бюджет қаражаты есебінен күтіп-ұсталады.
Азаматтық қорғаныс бойынша санаттарға жатқызылған, жұмылдыру тапсырысы бар ұйымдардың аумағында орналасқан, азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстары ұйымдардың қаражаты есебінен күтіп-ұсталады. Азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстары неғұрлым көп жұмыс істейтін ауысымға есептелуге және азаматтық қорғау мақсатында пайдаланылуға тиіс.
6. Азаматтық қорғаныстың объектілері мен мүлкі бар заңды тұлға қайта ұйымдастырылған немесе таратылған жағдайда, азаматтық қорғаныстың объектілері мен мүлкін әзірлікте ұстап тұру және нысаналы пайдалану жөніндегі міндеттер, сондай-ақ оларды құру мен жинақтау жөніндегі тапсырмалар азаматтық қорғаныс объектілері мен мүлкінің жаңа меншік иелеріне өтеді.
3-БӨЛІМ. УӘКІЛЕТТІ ОРГАННЫҢ АВИАЦИЯСЫ, АВАРИЯЛЫҚ-ҚҰТҚАРУ ҚЫЗМЕТТЕРІ МЕН ҚҰРАЛЫМДАРЫ
24-бап. Уәкілетті органның авиациясы
Уәкілетті органның авиациясы:
1) іздеу-құтқару және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу, дүлей зілзалалар кезінде көмек көрсету бойынша ұшуды;
2) халыққа медициналық көмек көрсету және санитариялық іс-шараларды жүргізу бойынша ұшуды;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) уәкілетті органның, оның ведомствосының аумақтық бөлімшелерінің, авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының жеке құрамы мен жүгін төтенше жағдайлар аймақтарына жеткізу бойынша көлік-жолаушылар ұшуын;
4) зардап шеккен адамдарды, халықты және мүлікті төтенше жағдай аймақтарынан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтарын шет мемлекеттерден эвакуациялау бойынша ұшуды;
5) гуманитарлық жүкті төтенше жағдайлар аймақтарына жеткізу бойынша ұшуды;
6) республикалық және халықаралық оқу-жаттығуларға, халықаралық жобаларға қатысуды;
7) авиациялық техника мен оның құрамдастарына техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу бойынша қызметтер көрсетуді;
8) азаматтық қорғау саласындағы қызметке байланысты жолаушылардың, багаждың, жүктердің және почтаның әуе тасымалын;
9) аэротүсірілім, картографиялық-геодезиялық және авиациялық-химиялық жұмыстарды жүргізу бойынша ұшуды;
10) орман шаруашылығына қызмет көрсету бойынша ұшуды;
11) азаматтық қорғау саласындағы құрылыс-монтаждау және тиеу-түсіру жұмыстарын қамтамасыз ету бойынша ұшуды;
12) вахталық бригадаларды, жабдықты тасымалдау бойынша теңiз кемелерiнен және теңiздегi бұрғылау қондырғыларынан, мұнай-газ секторының жасанды аралдарынан ұшуды;
13) әуежайлық қызметті жүзеге асыруды;
14) төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және оларды жою үшін далалы, сулы, орманды және таулы жерлерді патрульдеу бойынша ұшуды;
15) өрттердің алдын алу және сөндіру бойынша ұшуды;
16) байқау және құлақтандыру қызметтерін ұйымдастыру бойынша ұшуды (бекеттерді қою және оларға қызмет көрсету);
17) далалық экспедиция жұмыстарына қызмет көрсету бойынша ұшуды;
18) электр энергиясын беру желілерін және магистральдық құбырларды зерттеп-қарау бойынша аэровизуальді ұшуды;
19) ұшу құрамының кәсіби деңгейін ұстап тұруға және жаңа техниканы меңгеруге арналған жаттығу үшін ұшуды орындайды.
6-тарау. АВАРИЯЛЫҚ-ҚҰТҚАРУ ҚЫЗМЕТТЕРІ МЕН ҚҰРАЛЫМДАРЫ
25-бап. Авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдарын құру
1. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары кәсіби және ерікті авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары болып бөлінеді.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі азаматтық қорғау саласында шұғыл медициналық және психологиялық көмек, өртке қарсы-құтқару, жедел-құтқару, суда-құтқару, авиациялық-құтқару қызметтерін және өзге де мамандандырылған қызметтер мен құралымдарды құрады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ жаңа редакцияда
3. Қауіпті өндірістік объектілерді пайдаланатын ұйымдардың басшылары объектілік кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын құруға құқылы.
4. Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары ғимараттар мен құрылыстардың мамандандырылған кешенінде орналастырылады және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жарақтандырылады.
5. Ерікті авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын жеке, заңды тұлғалар, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар құрады және олар арнайы техникамен, жабдықпен, жарақпен, керек-жарақпен және құралдармен жарақтандырылады.
26-бап. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының қызметi
1. Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының қызметі ерекше сипатта болады, осы қызметтер басшыларының бұйрықтары мен өкімдерін жұмыскерлердің мүлтіксіз орындауын көздейді. Бұл талаптар ерікті авариялық-құтқару құралымдарын төтенше жағдайды жоюға қатысу үшін тартқан кезден бастап оларға да қолданылады.
2. Кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдарының ұдайы әзірлігі кәсiби даярлау бойынша оқу-жаттығулар, сабақтар мен арнайы жаттығу жиындарын өткiзу арқылы қамтамасыз етiледi және уәкілетті орган жүзеге асыратын аттестаттау, қайта аттестаттау мен тексерулер барысында тексеріледі.
3. Уәкілетті органның авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының жедел көлігі мiндеттi түрде арнайы дыбыс және жарық сигналдары аспаптарымен, сондай-ақ белгiленген үлгiдегi түрлi-түстi бояулы таңбалармен жабдықталады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 27-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
27-бап. Құтқарушыларды аттестаттау
1. Құтқарушылар аттестаттауға және қайта аттестаттауға жатады.
2. Құтқарушыларды аттестаттау:
1) олардың авариялық-құтқару жұмыстарын орындауға әзірлік дәрежесін;
2) құтқарушылардың кәсіби машығына, медициналық даярлығына, дене, психологиялық және моральдық әзірлігіне сәйкестігін айқындау мақсатында өткізіледі.
3. Құтқарушылар бастапқы, қайта, кезеңдік және кезектен тыс аттестаттауға жатады:
1) бастапқы аттестаттауға құтқарушы боламын деп шешкен азаматтар жатады;
2) қайта аттестаттау құтқарушылар қызметін қайтадан бастау үшін алдыңғы аттестаттауда анықталған барлық кемшіліктер жойылғаннан кейін өткізіледі;
3) құтқарушыларды кезеңдік аттестаттау үш жылда бір рет өткізіледі;
4) құтқарушыларды кезектен тыс аттестаттау олар орындайтын құтқару жұмыстарының түрі немесе түрлері өзгерген жағдайда өткізіледі.
4. Аттестаттауды уәкілетті орган айқындаған тәртіппен құрылатын аттестаттау комиссиялары өткізеді.
«Халықаралық сыныптағы құтқарушы» деген сыныптық біліктілікті уәкілетті органның аттестаттау комиссиясы құтқарушыларға олар жұмыс істейтін авариялық-құтқару құралымының ведомстволық бағыныстылығына қарамастан береді.
28-бап. 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
29-бап. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының, сондай-ақ мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердің қызметін үйлестiру
1. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының, сондай-ақ мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердің қызметін үйлестiрудi уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының аумағында авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының, сондай-ақ мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердің қызметін үйлестiру:
1) төтенше жағдайларды жою үшiн қажеттi күштер мен құралдарды жедел тарту;
2) авариялық-құтқару қызметтері, құралымдары және мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердің бөлімшелері арасындағы өзара іс-қимылды пысықтау мақсатында жүзеге асырылады.
30-бап. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын қайта бейіндеу және тарату
1. Қазақстан Республикасының заңнамасымен мiндеттi түрде құру көзделген кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдарын авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстардың басқа түрiне қайта бейiндеу немесе тарату үшін олар қызмет көрсететiн ұйымдар қызметінің тоқтатылуы немесе аталған қызметтер мен құралымдар алдын алуға және жоюға арналған төтенше жағдайлардың туындау қатерінің жойылуы негіз болып табылады.
2. Ерікті авариялық-құтқару қызметтері мен құрылымдарын тарату туралы шешiмдерді қабылдаған кезде ұйым басшылығы бұл туралы уәкілетті органға хабар береді.
31-бап. Құтқарушылар
1. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарында құтқарушылар міндетін атқаруға он сегіз жасқа толған, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге арнайы даярлықтан өткен және аттестатталған азаматтар жіберіледі.
2. Қазақстан Республикасының азаматтары құтқарушы мәртебесiне олар медициналық куәландырудан, кәсіби қасиеттерін тестілеуден, психологиялық тестілеуден өткеннен кейін, дене шынықтыру даярлығы бойынша нормативтердi орындағаннан кейiн авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзуге арналған аттестаттау нәтижелерi бойынша ие болады.
3. Аттестаттау комиссиясы Қазақстан Республикасының азаматтарына құтқарушы мәртебесiн беру туралы шешiм қабылдаған кезде оларға уәкілетті орган белгілеген үлгілер бойынша құтқарушы куәлiгі, кiтапшасы, бетіне тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде), қан тобы мен құтқарушының тiркеу нөмiрi жазылған жетон беріледi.
4. Авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу барысында құтқарушылар осы Заңды, Қазақстан Республикасының авариялық-құтқару қызметі мәселелері жөніндегі өзге де нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады және соның құрамында көрсетілген жұмыстарды жүргізетін авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының басшыларына ғана бағынады.
5. Құтқарушылардың өз міндеттерін атқаруына кедергі келтіру мақсатында оларға қандай да бір нысанда ықпал етуге ешкім де құқылы емес.
32-бап. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын жасақтау
1. Авариялық-құтқару қызметтерінің басшы құрамы авариялық-құтқару қызметі немесе құралымы қызметінің ерекшелігіне сай келетін жоғары білімі бар және арнайы даярлықтан өткен адамдар арасынан жасақталады.
2. Алкоголизммен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауырады деп танылған және денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған, психикасының бұзылуы салдарынан жарамсыз деп танылған, сондай-ақ өтелмеген немесе алынбаған сотталғандығы бар адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен құтқарушы болып жұмысқа қабылдана алмайды.
3. Авариялық-құтқару қызметтерінің немесе құралымдарының жеке құрамын жасақтау құтқарушы мәртебесі бар адамдар арасынан жүзеге асырылады.
4. Құтқарушы мәртебесі бар, осы баптың 2-тармағына көрсетілген негіздер бойынша жұмысқа қабылданбаған адамдар көрсетілген негіздер тоқтатылған кезде кәсіби авариялық-құтқару қызметтерінде үш ай бойы тағылымдамадан өткеннен кейін жұмысқа жіберіледі.
33-бап. Құтқарушылардың құқықтары
1. Авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарға тартылған құтқарушылардың көрсетілген жұмыстарды жүргiзетiн жерге бару кезiнде көлiктiң барлық түрiне билеттердi кезексiз алуға құқығы бар.
2. Құтқарушылар тиесілілік нормалары бойынша арнайы киім-кешекпен және жарақпен қамтамасыз етіледі.
3. Құтқарушылардың авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзу барысында:
1) олардың өз мiндеттерiн орындауы үшiн қажеттi толық және анық ақпаратқа;
2) шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері, консулдық мекемелері, сондай-ақ халықаралық ұйымдар өкілдіктері орналасқан үй-жайларды, жер учаскелерін қоспағанда, адамдарды құтқаруға, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге бағытталған шараларды қабылдау үшін жеке және заңды тұлғаларға тиесілі аумаққа, тұрғынжайға және өзге де үй-жайға, жер учаскелеріне кедергісіз кіруге;