Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы
1996 ж. 10 маусымдағы № 6-I Қазақстан Республикасының Заңы
(2018.23.09. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2020 жылғы 6 мамырда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
I. Тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Реттелетiн мәселелер
2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
II Тарау. Авторлық құқық
5-бап. Авторлық құқықтың қолданылу аясы
6-бап. Авторлық құқық объектiсi. Жалпы ережелер
7-бап. Авторлық құқық объектiлерi болып табылатын туындылар
8-бап. Авторлық құқық объектiлерi болмайтын туындылар
9-бап. Авторлық құқықтың пайда болуы. Авторлықтың презумпциясы
9-1-бап. Мәліметтерді Тізілімге енгізу
9-2-бап. Сараптама ұйымы
10-бап. Тең авторлар
11-бап. Құрамдас туындыларға авторлық құқық
12-бап. Туынды шығармаларға авторлық құқық
13-бап. Дыбыс-бейнежазу туындысына авторлық құқық
14-бап. Қызметтiк туындыларға авторлық құқық
15-бап. Мүлiктiк емес жеке құқықтар
16-бап. Мүлiктiк құқықтар
16-1-бап. Авторлық сыйақының ең төмен ставкалары
17-бап. Бейнелеу өнерi туындыларын еркiн пайдалану құқығы. Қадағалау құқығы
18-бап. Туындыны жеке мақсатта автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келісімiнсiз және авторлық сыйақы төлемей көшiрмелеу
19-бап. Туындыны автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келісімiнсiз және авторлық сыйақы төлемей пайдалану
20-бап. Туындыларды репродукциялау арқылы пайдалану
21-бап. Еркiн кiрiп көруге ашық орындарға тұрақты қойылған туындыларды еркiн пайдалану
22-бап. Туындыларды ресми және өзге де рәсiмдер кезiнде көпшiлiк алдында орындау
23-бап. Туындыларды сот және әкiмшiлiк мақсаттар үшiн көшiрмелеу
24-бап. ЭЕМ-ге арналған бағдарламаларды және деректер базасын еркiн көшiрмелеу. ЭЕМ-ге арналған бағдарламаларды керi жазып шығу
25-бап. Туындыларды қысқа мерзiмге пайдалану үшiн эфирге хабар тарату ұйымдары жүзеге асыратын жазбалар
26-бап. Туындыны авторлық сыйақысын төлеп, автордың келісімiнсiз жеке мақсатта көшiрмелеу
27-бап. Туындыларды жеке мақсатта шет елге шығару
28-бап. Авторлық құқықтың қолданылу мерзiмi
29-бап. Туындылардың қоғамдық игiлiкке айналуы
30-бап. Авторлық құқықтың ауысуы
31-бап. Мүлiктiк құқықтың берiлуi. Авторлық шарт
32-бап. Авторлық шарттың талаптары мен нысаны
33-бап. Тапсырыстың авторлық шарты
III Тарау. Сабақтас құқықтар
34-бап. Сабақтас құқықтардың объектiлерi
35-бап. Сабақтас құқықтардың субъектiлерi
36-бап. Сабақтас құқықтардың қолданылу аясы
37-бап. Орындаушының құқықтары
38-бап. Фонограмма жасаушының құқықтары
39-бап. Коммерциялық мақсатта жарияланған фонограмманы фонограмма жасаушы мен орындаушының келісімiнсiз пайдалану
40-бап. Эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымының құқықтары
40-1-бап. Айрықша құқықтар беру. Лицензиялық шарт
40-2-бап. Орындаушыларға және фонограмма шығарушыларға берiлетiн сыйақының ең төмен ставкалары
41-бап. Орындаушының, фонограмма жасаушының, эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымының құқықтарын шектеу
42-бап. Сабақтас құқықтардың қолданылу мерзiмi
IV Тарау. Мүліктік құқықтарды ұжымдық басқару
43-бап. Мүліктік құқықтарды ұжымдық басқарудың мақсаттары және саласы
44-бап. Мүлiктiк құқықтарды ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдардың қызметi
45-бап. Мүлiктiк құқықтарды ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдардың атқаратын қызметтерi
46-бап. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың міндеттері
46-2-бап. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарға аккредиттеу жүргізу тәртібі
47-бап. Мүлiктiк құқықтарды ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдардың қызметiн бақылау
47-1-бап. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу туралы куәлікті кері қайтарып алу
47-2-бап. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу туралы куәліктің қолданылуын тоқтату
V Тарау. Авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау
48-бап. Авторлық және сабақтас құқықтардың бұзылуы
48-1-бап. Алып тасталды
49-бап. Авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау
I. Тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Реттелетiн мәселелер
Осы Заң санаткерлiк меншiк саласында ғылым, әдебиет және өнер туындыларын (авторлық құқық), қойылымдарды, орындаушылықты, фонограммаларды, эфирлiк және кабельдiк хабар тарату ұйымдарының хабарларын (сабақтас құқықтар) жасауға және пайдалануға байланысты туындайтын қатынастары реттейдi.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.10.07. № 179-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 2-бап жаңа редакцияда; 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 2-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) автор - шығармашылық еңбегімен ғылым, әдебиет, өнер туындысын жасаған жеке тұлға;
2) авторлық құқық - автордың жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтары;
3) авторлық құқықты және сабақтас құқықтарды қорғаудың техникалық құралы - туындыларға немесе сабақтас құқықтар объектілеріне қол жеткізуді бақылайтын, автор, сабақтас құқықтар иесі немесе өзге де айрықша құқықтар иесі туындыларға немесе сабақтас құқықтар объектілеріне қатысты рұқсат етпеген іс-әрекеттерді жүзеге асыруды болғызбайтын не шектейтін техникалық (бағдарламалық-техникалық) құрылғы немесе оның компоненттері;
4) авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектiсiнiң контрафактiлiк данасы - жасалуы, таратылуы немесе өзгедей пайдаланылуы осы Заңның ережелерiне не Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың нормаларына орай авторлық құқықтың және (немесе) сабақтас құқықтардың бұзылуына әкеп соғатын туындының, жазылған орындаушылықтың, фонограмманың, эфирлiк және кәбiлдiк хабар тарату ұйымдары хабарының данасы. Құқық иеленушiнiң рұқсатынсыз құқықтарды басқару туралы ақпараты жойылған немесе өзгертiлген не авторлық құқық пен сабақтас құқықтарды қорғаудың техникалық құралдарын айналып өтуге мүмкiндiк беретiн заңсыз пайдаланылатын құрылғылардың көмегiмен жасалған авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектiлерi де контрафактiлiк болып танылады;
5) авторлық шарт - нысанасы бір немесе бірнеше авторлық құқық объектілерін пайдалануға мүліктік құқықтарды беру болып табылатын шарт. Авторлық шарт лицензиялық шарттың бір түрі болып табылады;
6) айрықша емес құқық - осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, автордың немесе өзге құқық иеленушінің тиісті рұқсатымен басқа адамдардың құқық иеленушімен бір мезгілде туындыны, орындаушылықты, қойылымды, фонограмманы, эфирлік және кәбілдік хабар тарату ұйымдарының хабарын пайдалана алатын құқығы;
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7) айрықша құқық - автордың және (немесе) өзге де құқық иеленушінің туындыны және (немесе) сабақтас құқықтар объектісін белгіленген мерзім ішінде кез келген тәсілмен пайдалануды жүзеге асыруға, оған рұқсат беруге және тыйым салуға мүліктік құқығы;
8) аккредиттеу - ұжымдық басқару салаларында мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың осы Заңда белгіленген заңды құқықтарын уәкілетті органның ресми тану рәсімі;
8-1) 2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен алып тасталды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
9) деректер базасы - деректер электронды-есептеу машинасының (бұдан әрі - ЭЕМ) көмегімен табылатындай және өңделетіндей етіп жүйеге түсірілген материалдардың іріктелуі және (немесе) орналасуы жағынан шығармашылық еңбектің нәтижесін білдіретін деректер (мақалалар, есептер, фактілер және басқалар) жиынтығы. Деректер базасы ұғымы оның көмегімен деректер базасының материалдарына электрондық қол жеткізуді жүзеге асыруға болатын ЭЕМ-ге арналған бағдарламаға қолданылмайды;
10) дыбыстау-бейнелеу туындысы - тиісті техникалық құрылғылардың көмегімен көріп және естіп (дыбыспен берілетін жағдайда) қабылдауға арналған өзара байланысты кадрлардың немесе бейнелердің (дыбыспен сүйемелдеп немесе сүйемелдемей) түсірілген сериясынан құралатын туынды. Дыбыстау-бейнелеу туындылары кинематографиялық туындыларды және бастапқы немесе одан кейінгі түсірілу тәсіліне қарамастан, кинематография құралдарына ұқсас құралдармен бейнеленген туындылардың барлығын (телефильмдерді және бейнефильмдерді, диафильмдер мен слайдфильмдерді және сол сияқты туындыларды) қамтиды;
11) дыбыстау-бейнелеу туындысын шығарушы - осындай туындыны жасаудың бастамасы мен жауапкершілігін мойнына алған жеке немесе заңды тұлға. Өзге дәлелдемелер болмаған кезде, осы туындыда есімі немесе атауы белгіленген тұлға дыбыстау-бейнелеу туындысын шығарушы деп танылады;
12) жазу - дыбыстарды және (немесе) бейнелерді техникалық құралдардың көмегімен оларды бірнеше қайтара қабылдауға, қайта шығаруға немесе хабарлауға мүмкіндік беретін қандай да бір материалдық нысанда жазып алу;
13) жалпы жұрттың назарына жеткізу - авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерін көпшілік оларға өзінің жеке қалауы бойынша кез келген жерден және кез келген уақытта (интерактивтік режимде) қол жеткізуді жүзеге асыра алатын сым арқылы немесе сымсыз байланыс құралдарымен хабарлау;
14) жариялау - автордың не авторлық немесе сабақтас құқықтар объектілеріне өзге құқық иеленушінің келісімімен туындының, орындаушылық жазбасының немесе фонограмманың даналарын көпшіліктің орынды қажеттіліктерін қанағаттандыратын мөлшерде көпшілікке ұсыну;
2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 14-1) тармақша жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
14-1) интернет-ресурс - аппараттық-бағдарламалық кешенде орналастырылатын, бірегей желілік адресі және (немесе) домендік аты бар және Интернетте жұмыс істейтін, мәтіндік, графикалық, аудиовизуалдық немесе өзге де түрде бейнеленетін электрондық ақпараттық ресурс;
15) кәбіл бойынша жалпы жұрттың назарына хабарлау - туындыны, фонограмманы, орындаушылықты, эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымдары хабарын жалпы жұрттың назарына кәбіл, сым, оптикалық талшық арқылы немесе соған ұқсас құралдардың көмегімен хабарлау;
16) көпшілік алдында орындау - туындыны мәнерлеп оқу, ойнау, билеу немесе қандай да бір өзге жолмен, соның ішінде техникалық құралдардың көмегімен отбасы мүшелері болып табылмайтын адамдар болатын немесе болуы мүмкін орындарда орындау;
17) көпшілікке көрсету - туындының түпнұсқасын немесе данасын тікелей немесе слайд, кино-, телекадр түрінде экранда, басқа кез келген техникалық құралдың көмегімен немесе кез келген өзге әдіспен (дыбыстау-бейнелеу туындысына қатысты - олардың реттілігінен тыс жеке кадрларды көрсету) отбасы мүшелері болып табылмайтын адамдар болатын немесе болуы мүмкін орындарда көрсету;
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 18) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
18) көшірмелеу (репрографиялық қайта шығару) - туындыларды кез келген техникалық құралдардың көмегімен, баспа мақсатынсыз жүзеге асырылатын факсимильдік қайта шығару. Техникалық құралдардың көмегімен көшірмелеуді жүзеге асыруға арналған уақытша көшірмелерді жасау жағдайларынан басқа, көшірмелеуге туындыны қайта шығару немесе оның көшірмелерін электрондық (оның ішінде цифрлық), оптикалық немесе машинамен оқылатын өзге де нысанда сақтау кірмейді;
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 19) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
19) қайта шығару - туындылардың немесе сабақтас құқықтар объектiлерiнiң бiр немесе одан да көп тұрақты немесе уақытша даналарын кез келген әдiспен және кез келген нысанда, толық немесе iшiнара, тiкелей немесе жанама түрде дайындау. Қайта шығару түрлері дыбыс- немесе бейнежазбаны дайындау, екi өлшемдiк немесе үш өлшемдiк туындының бiр немесе одан да көп даналарын дайындау, көшірмелеу (репрографиялық қайта шығару), сондай-ақ туындыларды немесе сабақтас құқықтар объектiлерiн кез келген материалдық нысанда, оның ішінде ашық ақпараттық-коммуникациялық желіде кез келген тұрақты немесе уақытша сақтау болып табылады;
20) құқық иеленуші - авторлық құқыққа қатысты автор (оның мұрагерлері), сабақтас құқықтарға қатысты орындаушы (оның мұрагерлері), фонограммаларды жасаушы, эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымы, сондай-ақ шарт бойынша немесе осы Заңда көзделген өзге де негіз бойынша туындыны және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануға айрықша құқық алған өзге де жеке немесе заңды тұлғалар;
21) құқықтарды басқару жөніндегі ақпарат - туындыны, туынды авторын, орындаушыны, орындаушының орындаушылығын, фонограмма жасаушыны, фонограмманы, туындыға, орындаушылыққа не фонограммаға не туындыны, орындаушылықты немесе фонограмманы пайдалану шарттары туралы ақпаратқа қайсыбір құқық иеленушіні бірдейлендіретін ақпарат. Ақпараттың кез келген элементі туындының, жазып алынған орындаушылықтың немесе фонограмманың данасына қоса берілетін, не жалпы жұрттың назарына туындыны хабарлауға немесе жазып алынған орындаушылықты немесе фонограмманы хабарлауға және (немесе) жеткізуге байланысты пайда болатын кезде осындай ақпарат берілген кез келген цифрлар немесе кодтар да құқықтарды басқару жөніндегі ақпарат деп ұғынылады;
22) құрамдас туынды - материалдарды іріктеп алу және (немесе) орналастыру бойынша шығармашылық қызметтің нәтижесін білдіретін туындылар мен басқа да материалдардың жинағы (энциклопедия, антология, деректер базасы);
23) орындау - туындыны, фонограмманы, орындаушылықты, қойылымды тікелей орындалатын ойын, ән, би арқылы немесе қандай да бір техникалық құралдардың (телерадио хабарлары, кәбілдік телевизия және басқалары) көмегімен көрсету, сондай-ақ дыбыстау-бейнелеу туындысының кадрларын реті бойынша дыбыспен сүйемелдеп немесе сүйемелдемей көрсету;
24) орындаушы - актер, әнші, музыкант, биші немесе рөлде ойнайтын, ән салатын, оқитын, мәнерлеп оқитын, музыкалық аспапта ойнайтын, интерпретациялайтын немесе әдебиет және (немесе) өнер туындыларын (соның ішінде эстрадалық, цирк немесе қуыршақ нөмірлерін) немесе халық шығармашылығы туындыларын өзгедей жолмен орындайтын басқа адам, сондай-ақ спектакльді қоюшы-режиссер және дирижер;
25) пайдаланушы - авторлық құқық және сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын немесе ұйымдастыратын жеке немесе заңды тұлға;
26) прокатқа (жалға) беру - туындының немесе фонограмманың данасын тікелей немесе жанама коммерциялық пайда табу мақсатында уақытша пайдалануға беру;
27) сабақтас құқықтар - орындаушының, фонограмма жасаушының, эфирлік және кәбілдік хабар тарату ұйымының мүліктік құқықтары және орындаушының жеке мүліктік емес құқықтары;
28) сәндік-қолданбалы өнер туындысы - көркем кәсіпшілік туындысын немесе өнеркәсіптік әдіспен дайындалған туындыны қоса алғанда, іс жүзінде пайдаланылатын заттарға көшірілген екі өлшемді немесе үш өлшемді өнер туындысы;
29) спектакльді қоюшы-режиссер - театр, цирк, қуыршақ, эстрада спектаклін немесе өзге де спектакль (көрсетілім) қойылымын жүзеге асырған адам;
30) туындыны аудару - шығарманы түпнұсқа шығарманың тілінен басқа тілде білдіру. Бұл ретте аударма дұрыс және түпнұсқа туындының мазмұнын да, стилін де бұрмаламайтын болуға тиіс;
31) туындының данасы - туындының кез келген материалдық нысанда, оның ішінде ашық ақпараттық-коммуникациялық желіде дайындалған көшiрмесi;
32) туындыны жариялау - туындыны жариялау, көпшілікке көрсету, көпшілік алдында орындау, жалпы жұрттың назарына жеткізу арқылы және өзге де әдістермен оған көпшіліктің алғаш рет қолын жеткізетін іс-әрекетті автордың келісімімен жүзеге асыру;
33) туындыны өңдеу - түпнұсқа туындыны бір жанрдан екінші жанрға өзгерту. Бұл ретте түпнұсқа туындыны сахналау, қою және аранжировка жасау туындыны өңдеу түрлері болып табылады;
34) туынды шығарма - басқа туындыны шығармашылықпен өңдеу нәтижесінде жасалған туынды;
35) уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын және авторлық құқық және сабақтас құқықтар саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
36) фонограмма - орындаушылықтардың немесе өзге де дыбыстардың дыбыстық жазбасы, сондай-ақ дыбыстау-бейнелеу туындысына енгізілген жазбаны қоспағанда, дыбыстарды кез келген нысанда беру;
37) фонограмманың данасы - фонограммадан тiкелей немесе жанама түрде дайындалған және осы фонограммада жазылған барлық дыбыстарды немесе дыбыстардың бір бөлiгiн қамтитын кез келген материалдық жеткізгіштегі, оның ішінде ашық ақпараттық-коммуникациялық желілердегі фонограмма көшiрмесi;
38) фонограмма шығарушы - қайсыбір орындаушылықты немесе өзге де дыбыстардың тұңғыш дыбыс жазбасы үшін бастамашылық пен жауапкершілікті мойнына алған жеке немесе заңды тұлға;
39) халық шығармашылығы туындысы - дәстүрлі көркемдік мұраларға (халық ертегілері, халық поэзиясы, халық әндері, халық аспаптық музыкасы, халық билері мен пьесалары, халықтық салт-жоралғылардың көркемдік нысандары және басқалар) тән элементтерді қамтитын туынды;
40) ЭЕМ-ге арналған бағдарлама - табиғатына орай ЭЕМ-ге арналған бағдарлама олардың неғұрлым кейінірек кезеңдегі нәтижесі болып табылатын дайындық материалдарын қоса алғанда, машинада оқылатын материалдық жеткізгішке жазу кезінде ЭЕМ-мен белгілі бір міндеттерді орындау немесе нәтижеге қол жеткізу қамтамасыз етілетін сөздер, схемалар немесе бейнелеудің өзге де кез келген түрінде бейнеленген командалар жиынтығы;
41) ЭЕМ-ге арналған бағдарламаны қайта құрастыру - ЭЕМ-ге арналған бағдарламаның құрылымын зерттеу және кодын белгілеу мақсатында объектілік кодты бастапқы мәтінге өзгертуді қамтитын техникалық тәсіл;
42) ЭЕМ-ге немесе деректер базасына арналған бағдарламаны бейімдеу - ЭЕМ-ге немесе деректер базасына арналған бағдарламаның пайдаланушының нақты техникалық құралдарында немесе пайдаланушының нақты бағдарламаларының басқаруымен жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында ғана жүзеге асырылатын ЭЕМ-ге немесе деректер базасына арналған бағдарламаға өзгерістер енгізу;
43) ЭЕМ-ге немесе деректер базасына арналған бағдарламаны түрлендіру (өңдеу) - ЭЕМ-ге немесе деректер базасына арналған бағдарламаның бейімделуге жатпайтын кез келген өзгерістері;
44) эфирге беру - туындыларды, орындаушылықтарды, қойылымдарды, фонограммаларды, эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымдарының хабарларын (көрсетуді немесе орындауды қоса алғанда) радио немесе телевизия арқылы (кәбілдік телевизияны қоспағанда) беру жолымен жалпы жұрттың назарына хабарлау. Туындыларды, орындаушылықтарды, қойылымдарды, фонограммаларды, эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымдарының хабарларын жерсерік арқылы эфирге беру кезінде жердегі станциядан жерсерікке сигналдар қабылдау және жерсеріктен сигналдар беру эфирге беру деп түсініледі, солар арқылы туындыларды, орындаушылықтарды, қойылымдарды, фонограммаларды, эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымдарының хабарларын көпшіліктің нақты қабылдауына қарамастан жалпы жұрттың назарына жеткізу мүмкін болады. Егер көпшілікке кодты ажырату құралдарын эфирлік хабар тарату ұйымы берсе немесе соның рұқсаты бойынша берілсе, код белгіленген сигналдарды беру эфирге беру болып табылады;
45) эфирге кейінгі беру - бұрын эфирде берілген немесе кәбіл бойынша жалпы жұрттың назарына хабарланған шығармаларды немесе сабақтас құқықтар объектілерін қайталап беру;
2012.18.01. № 546-ІV ҚР Заңымен 45-1) тармақшамен толықтырылды (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiлдi)
45-1) эфирлiк және кабельдік хабар тарату ұйымдары - туындыны, орындаушылықты, қойылымды, фонограмманы қамтитын теле-, радиоарналарды, теле-, радиобағдарламаларды (теле-, радио хабарларды) эфирге және (немесе) каблель арқылы хабарлауды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар. Эфирге және (немесе) кабель арқылы хабарлау ұқсас эфирлік, көпарналы хабар тарату (цифрлық эфирлік, спутниктік, кабельдік телерадио хабарларын тарату) арқылы жүзеге асырылады.
46) эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымының хабары - эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымының өзі жасаған, сондай-ақ соның қаражаты есебінен соның тапсырысы бойынша басқа ұйым жасаған хабар.
II Тарау. Авторлық құқық
5-бап. Авторлық құқықтың қолданылу аясы
1. Осы Заңға сәйкес авторлық құқық:
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1) Қазақстан Республикасының аумағында жарияланған не жарияланбаған, бiрақ авторлардың немесе олардың құқықтық мұрагерлерiнiң азаматтығына қарамастан Қазақстан Республикасының аумағында қандай да болсын объективтi нысанда болатын туындыларға қолданылады;
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жарияланған не жарияланбаған, бiрақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегi қандай да болсын объективтi нысандағы туындыларға қолданылады және Қазақстан Республикасының азаматтары - авторлары және олардың құқықтық мұрагерлерi деп танылады;
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
3) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жарияланған не жарияланбаған, бiрақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегi қандай да болсын объективтi нысандағы туындыларға қолданылады және авторлардың (олардың құқықтық мұрагерлерiнiң) - шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес авторлық құқығы бар деп танылады.
2. Егер туынды Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде алғаш жарияланған күннен кейiнгi отыз күн iшiнде Қазақстан Республикасының аумағында жарияланса, ол Қазақстан Республикасында жарияланды деп саналады.
3. Қазақстан Республикасы аумағында туынды халықаралық шарттарға сәйкес қорғалатын болған жағдайда туындының авторы авторлық құқықты алуға негiз болған iс-әрекет немесе мән-жай орын алған мемлекеттiң заңы бойынша анықталады.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 5-бап 4-тармақпен толықтырылды
4. Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес, егер ол Қазақстан Республикасы бекiткен тиiстi халықаралық шарттың ережелерi бойынша айқындалатын туындының шыққан елiнде авторлық құқықтың осы елде белгiленген қолданылу мерзiмiнiң бiтуiнiң салдарынан қоғам игiлiгiне айналмаса және авторлық құқықтың қолданылу мерзiмiнiң бiтуiнiң салдарынан Қазақстан Республикасында қоғамның игiлiгiне айналмаса, туындыға қорғау берiледi.
6-бап. Авторлық құқық объектiсi. Жалпы ережелер
1. Авторлық құқық мақсатына, мазмұны мен маңызына, сондай-ақ берiлу әдiсi мен нысанына қарамастан, шығармашылық еңбектiң нәтижесi болып табылатын ғылым, әдебиет және өнер туындыларына қолданылады.
2. Авторлық құқық белгiлi бiр объективтi түрге ие болған:
1) жазбаша (қолжазба, машинкаға басылған, нотаға жазылған және сол сияқты);
2) ауызша (көпшiлiк алдында айтушылық, көпшiлiк алдында орындаушылық және сол сияқты);
3) үнжазба немесе бейнежазба (механикалық, сандық, магниттiк, оптикалық және сол сияқты);
4) бейнелеу (сурет, нобай, көркемсурет, жоспар, сызба, кино, телебейне - немесе фотокадрлар және сол сияқты);
2005.22.11. № 90-III ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
5) көлемдi - кеңiстiктi (мүсiн, үлгi, макет, ғимарат, және сол сияқты);
2005.22.11. № 90-III ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды
6) өзге де нысанда жария болған да (жарияланған, жарыққа шыққан, баспадан шыққан, көпшілік алдында орындалған, көпшілік алдында көрсетілген), жарияланбаған да туындыларға қолданылады.
2005.22.11. № 90-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Заңның осы бабының 1-тармағында аталған белгiлерi бар және дербес қолдануға болатын туынды бөлiгi (оның атауымен, кейіпкерлердің атауларымен қоса) авторлық құқық объектiсi болып табылады.
4. Авторлық құқық идеялардың, тұжырымдамалардың, принциптердiң, әдiстердiң, жүйелердiң, процестердiң, жаңалықтардың, фактiлердiң өздерiне қолданылмайды.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Туындыға деген авторлық құқық туынды жасалған материалдық объектiнi меншiктену құқығымен байланысты емес.