Президент Әкімшілігімен келісілгеннен кейін қорытынды жобасы кейіннен дауыс беру үшін Үкімет мәжілісіне не Үкімет мүшелерінің сырттай дауыс беруіне шығарылғанға дейін осы Регламентте көзделген тәртіппен алдын ала таныстырылады, содан соң оған жинақтауды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшенің меңгерушісі, бірлесіп орындаушы құрылымдық бөлімшелердің меңгерушілері, Заң бөлімінің меңгерушісі, Кеңсе Басшысының орынбасары - Үкіметтің Парламенттегі өкілі және Кеңсе Басшысы бір күн мерзімде бұрыштама қояды.
Сырттай дауыс беру Премьер-Министрдің немесе Кеңсе Басшысының тапсырмасы бойынша жүргізіледі.
Үкімет мүшелерінің сырттай дауыс беру мерзімі дауыс беру үшін қорытынды жобасы бойынша материалдар жолданған күннен бастап 3 жұмыс күнінен аспауға тиіс. Қажет болған кезде Премьер-Министр немесе Премьер-Министрмен келісу бойынша Кеңсе Басшысы сырттай дауыс беру мерзімін қысқартуы мүмкін.
Сырттай дауыс беру мерзімі аяқталғанға дейін Үкімет мүшелері Кеңсеге өздерінің пікірін білдіретін ЭЦҚ қойылған электрондық құжат форматындағы жауаптар жібереді. Көрсетілген мерзімде жазбаша жауаптар түспеген жағдайда, Үкімет мүшесі қорытынды жобасының қабылдануына дауыс берді деп саналады. Дауыс беруді Үкімет мүшелері ауыстыру құқығынсыз жүзеге асырады.
Егер қорытынды жобасы бойынша Үкімет мүшелерінің жалпы санынан көпшілігі жобаның қабылдануына дауыс берсе, сырттай дауыс беру өткізілді деп саналады.
Үкіметтің дауыс берілген қорытындысының жобасы бір жұмыс күні ішінде Премьер-Министрдің қол қоюына енгізіледі.
ҚР Үкіметінің 2017.29.12. № 943 Қаулысымен 6.7-бөлімнің тақырыбы жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6.7-бөлім. Заң жобаларының Парламентте өту тәртібі
ҚР Үкіметінің 2008.04.06. № 535 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2012.27.04. № 540 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 108-тармақ өзгертілді; ҚР Үкіметінің 2014.27.03. № 270 Қаулысымен 108-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2015.28.12. № 1088 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2016.07.11. № 672 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2017.19.08. № 491 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 108-тармақ өзгертілді
108. Президент, Парламент депутаттары, Үкімет бастамашылық жасаған заң жобаларын Парламентте қарау барысында уәкілетті адамдарға Үкімет басшылығының алдын ала келісімінсіз заңның тұжырымдамасына немесе оның құқықтық мазмұнын өзгертуге байланысты, оның ішінде реттегіш құралды және онымен байланысты талаптарды енгізумен немесе жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттеуді қатаңдатуды жүзеге асырумен байланысты (заң техникасына қатысты түзетулерді қоспағанда), сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджеттердің және (немесе) Ұлттық қордың түсімдерін қысқартуды немесе шығыстарын ұлғайтуды көздейтін ұсыныстарды ауызша немесе жазбаша нысанда енгізуге немесе өзгерістер мен толықтырулар енгізуге келісім білдіруге тыйым салынады.
Бұл ретте Парламентте тиісті заң жобаларын ұсынушы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары Үкімет басшылығына көрсетілген өзгерістер мен толықтыруларды келісу және олар бойынша Үкіметтің бірыңғай ұстанымын әзірлеу туралы дереу жазбаша хабарлауға міндетті.
Үкімет әзірлеген бірыңғай ұстанымды Парламенттің заң жобаларын қарауы барысында қатысатын уәкілетті мемлекеттік органдар бұлжытпай сақтауға тиіс.
Үкімет басшылығымен келіспей көрсетілген өзгерістер мен толықтыруларды енгізуге келіскені үшін Парламентте тиісті заң жобаларын ұсынушы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, сондай-ақ бірінші басшылардың аталған заң жобасы үшін тікелей жауапты орынбасарлары жауапты болады.
Көрсетілген тәртіпті бұза отырып білдірілген келісімнің заңдық күші жоқ және Үкіметтің ұстанымы болып табыла алмайды.
Парламент депутаттары Үкімет басшылығымен келісілмеген көрсетілген өзгерістер мен толықтыруларды дауысқа салуға шығарған жағдайларда, заң жобаларын ұсынатын тұлғалар мәжілістің стенограммасында өздерінің қарсылықтарын тіркеуді талап етуге және Кеңсеге осы өзгерістер немесе толықтырулар туралы дереу хабарлауға міндетті.
Үкіметтің Парламенттегі өкілдігі Регламенттің осы тармағы талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асырады және Үкімет басшылығының рұқсатынсыз заң жобаларына жоғарыда аталған түзетулерді енгізуге уәкілетті тұлғалардың келісім білдіру фактілерін болдырмауға бағытталған шараларды қабылдайды.
Регламенттің осы тармағында белгіленген талаптар бұзылған жағдайда, Үкіметтің Парламенттегі өкілдігі бұл туралы Премьер-Министрді және Кеңсе Басшысын хабардар етеді, сондай-ақ мемлекеттік органдардың тиісті лауазымды адамдарын жазалау туралы ұсыныстар енгізеді.
ҚР Үкіметінің 2012.27.04. № 540 Қаулысымен 108-1-тармақпен толықтырылды; ҚР Үкіметінің 2014.27.03. № 270 Қаулысымен 108-1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2016.29.12. № 904 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2017.19.08. № 491 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2020.16.10. № 668 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 108-1-тармақ өзгертілді
108-1. Үкімет бастамашылық жасаған заң жобаларын Парламентте қарау кезінде қатысатын уәкілетті мемлекеттік органдар олардың нормаларын қатаң сақтауы тиіс.
Парламент палаталарындағы мәжілістерге қатысу барысында уәкілетті мемлекеттік органдарға кейіннен депутаттардың Үкімет бастама жасаған заң жобаларына түзетулер түрінде (заңдық техникаға қатысты түзетулерді қоспағанда) бастама жасауы үшін олардың қарауына жазбаша немесе ауызша нысанда:
1) бұрын қаралған және жобаларды әзірлеу сатысында Үкіметте қолдау таппаған;
2) Үкімет басшылығымен алдын ала келісілмеген және депутаттар қарайтын нақты заң жобасының тұжырымдамасына сәйкес келмейтін түзетулер енгізуге рұқсат берілмеген;
3) Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің ұстанымдары жоқ жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын ұсыныстар енгізуге тыйым салынады.
Мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына Үкімет бастамашылық жасаған заң жобаларының нормалары мен оларды қарау тәртібіне қатысты Парламент палаталары мен парламенттік комитеттер басшылығының атына өз бастамасы бойынша хаттар жіберуге тыйым салынады.
Үкіметтің Парламенттегі өкілдігі Регламенттің осы тармағы талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асырады және белгіленген талаптар бұзылған жағдайда, бұл туралы Премьер-Министрді және Кеңсе Басшысын хабардар етеді, сондай-ақ осындай фактілер туралы ақпаратты мерзімді түрде жинақтайды және мемлекеттік органдардың тиісті лауазымды адамдарын жазалау туралы ұсыныстар енгізеді.
ҚР Үкіметінің 2010.25.06. № 641 Қаулысымен 109-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2012.27.04. № 540 Қаулысымен 109-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2013.12.02. № 126 Қаулысымен 109-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2014.27.03. № 270 Қаулысымен 109-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2014.11.08. № 910 Қаулысымен 109-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2016.29.12. № 904 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2017.19.08. № 491 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2020.16.10. № 668 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 109-тармақ жаңа редакцияда
109. Осы Регламенттің 108 және 108-1-тармақтарының талаптарын орындау үшін уәкілетті мемлекеттік органдар алдын ала осы түзетулер бойынша мүдделі мемлекеттік органдардың ұстанымын алып, Үкімет басшылығының атына заң жобаларына енгізілетін түзетулерді келісу туралы ұсыныстар жібереді.
Егер заң жобасына енгізілетін түзетулер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғаса, уәкілетті органдар заң жобаларына енгізілетін түзетулерді Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне ұстанымдар алу үшін алдын ала жібереді.
Бұл ретте заң жобасын әзірлеушіге немесе мүдделі мемлекеттік органдарға Үкімет басшылығының атына заң жобасын реттеу нысанасына жатпайтын заң жобаларына түзетулерді келісу туралы ұсыныстар енгізуге тыйым салынады.
Заң жобасын әзірлеуші немесе мүдделі мемлекеттік орган заң жобасына енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды әзірлеушінің алдын ала ұстанымын қамтитын қысқаша түйіндемемен бірге салыстырма кесте түрінде Кеңсеге енгізеді, оны Үкімет басшылығы Үкіметтің алдын ала ұстанымын әзірлеу үшін Әділет, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне, сондай-ақ басқа да мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді.
Бірлесіп орындаушылар ретінде айқындалған мемлекеттік органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері заң жобасына енгізілетін түзетулерге өз ұсыныстарын немесе қарсылықтарын, егер тапсырмада өзге мерзім көрсетілмесе, күнтізбелік 7 (жеті) күн ішінде әзірлеуші мемлекеттік органға жібереді.
Егер заң жобасына түзетулер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғамаса, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің ұстанымы талап етілмейді.
Қажет болған кезде заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган немесе мүдделі мемлекеттік орган мемлекеттік органдардың келісілген ұстанымын қалыптастыру үшін тиісті өзгерістер мен толықтыруларды Республикалық бюджет комиссиясының не Үкімет жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың қарауына жібереді.
Заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган немесе мүдделі мемлекеттік орган, егер тапсырмада өзге мерзім көрсетілмесе, күнтізбелік 7 (жеті) күн ішінде заң жобасына енгізілетін барлық өзгерістер мен толықтырулар бойынша мемлекеттік органдардың келісілген ұстанымын қалыптастырады және Кеңсеге енгізеді.
Кеңсеге енгізілген мемлекеттік органдардың келісілген ұстанымын Кеңсенің жауапты құрылымдық бөлімшесі 5 (бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жұмыс кеңесіне шығарады.
Жұмыс кеңесі мүдделі мемлекеттік органдардың, жауапты құрылымдық бөлімше, Заң бөлімі және БҚҚБ меңгерушілерінің қатысуымен өткізіледі.
Жауапты құрылымдық бөлімше жұмыс кеңесін өткізуді, ұйымдастыруды және тиісті материалдарды дайындауды қамтамасыз етеді.
Қажет болған жағдайда жұмыс кеңесіне ғалымдар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және тиісті реттеу салаларындағы сарапшылар (келісу бойынша) шақырылуы мүмкін.
Жұмыс кеңесінде қаралғаннан кейін мемлекеттік органдардың келісілген ұстанымы Кеңсенің хатымен осы Регламентке 10-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Президент Әкімшілігіне келісуге жіберіледі.
Үкіметтің құрамына кіретін мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін немесе Үкіметтің құрылымына кірмейтін орталық мемлекеттік органдар арасында келіспеушіліктер болған жағдайларды қоспағанда, Президент Әкімшілігіне мемлекеттік органдармен келісілмеген ұстанымдарды енгізуге тыйым салынады.
Егер заң жобаларына енгізілетін түзетулер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғаған жағдайда, мемлекеттік органдардың келісілген ұстанымына Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің ұстанымдары қоса беріледі.
Президент Әкімшілігімен келісілгеннен кейін қалыптастырылған мемлекеттік органдардың бірыңғай ұстанымы осы Регламенттің ережелерінде көзделген тәртіппен таныстырылуға жатады.
Мемлекеттік органдардың келісілген ұстанымы таныстырылғаннан кейін кейіннен дауыс беру үшін Үкімет отырысына не Үкімет мүшелерінің сырттай дауыс беруіне шығарылады.
Үкімет отырысында қаралғаннан кейін қалыптастырылған бірыңғай ұстаным Үкімет басшылығының тиісті тапсырмасымен оларды Парламентте заң жобасымен жұмыс істеу кезінде одан әрі есепке алу үшін әзірлеуші мемлекеттік органның, мүдделі мемлекеттік органның және бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдардың назарына жеткізіледі.
Үкімет басшылығының тапсырмасын уәкілетті мемлекеттік органдар Парламент палаталарында мүлтіксіз орындауға тиіс.
ҚР Үкіметінің 2012.27.04. № 540 Қаулысымен 109-1-тармақпен толықтырылды; ҚР Үкіметінің 2013.12.02. № 126 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2013.02.05. № 450 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2014.27.03. № 270 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2014.11.08. № 910 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2015.27.04. № 346 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2015.28.12. № 1088 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2016.02.02. № 45 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2016.07.11. № 672 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2016.29.12. № 904 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 109-1-тармақ өзгертілді; ҚР Үкіметінің 2017.19.08. № 491 Қаулысымен 109-1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
109-1. Үкімет бастамашылық жасаған заң жобасына Парламент депутаттары түзетулер (оның ішінде оның тұжырымдамасын өзгертуге байланысты, республикалық және жергілікті бюджеттердің және (немесе) Ұлттық қордың түсімдерін қысқартуды немесе шығыстарын ұлғайтуды көздейтін) енгізген жағдайда, Үкімет басшылығының немесе Кеңсе Басшысының тапсырмасы бойынша заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган осы Регламентке 9-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Үкімет қорытындысының жобасын әзірлейді.
Парламент депутаттары бастамашылық жасаған заң жобалары бойынша Парламент депутаттарының түзетулеріне Үкімет қорытындысы осы Регламентке 9-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұсынылады.
Бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдар (міндетті түрде Әділет, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері) тапсырма түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде әзірлеуші мемлекеттік органға мемлекеттік органның бірінші басшысының ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы тиісті хаттарды жолдау арқылы Үкімет қорытындысының жобасын келіседі.
Әзірлеуші мемлекеттік орган, егер тапсырмада өзге мерзім көрсетілмесе, 15 (он бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде Кеңсеге республикалық және жергілікті бюджеттердің және (немесе) Ұлттық қордың түсімдерін қысқартуды немесе шығыстарын ұлғайтуды көздейтін нормалар туралы мәліметтер, осындай нормалар бойынша Республикалық бюджет комиссиясының қорытындысы, Парламент депутаттары енгізген түзетулердің Конституцияға, қолданыстағы заңнамалық актілерге сәйкестігі, оларды қабылдаудың орындылығы туралы мәліметтер, олардың мемлекеттің стратегиялық мақсаттарына сәйкестігі, әлеуметтік-экономикалық дамуға, ішкі саяси тұрақтылыққа, діни қызметке, бірыңғай ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігіне әсері, түзетулер қандай нысаналы топтарға бағытталғандығы туралы мәліметтер, сондай-ақ реттегіш құралды және онымен байланысты талаптарды енгізуді немесе жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттеуді қатаңдатуды жүзеге асыруды көздейтін нормалар туралы мәліметтер қамтылған Үкімет қорытындысының жобасын енгізеді.
Қажет болған кезде қорытынды жобасына: республикалық және жергілікті бюджеттердің және (немесе) Ұлттық қордың түсімдерін қысқарту немесе шығыстарын ұлғайту бөлігінде қаржы-экономикалық есептеулер; Үкімет жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың, Республикалық бюджет комиссиясының хаттамалары қоса беріледі.
Кеңсеге енгізілген қорытынды жобасын Кеңсенің қорытынды жобасын дайындауға жауапты құрылымдық бөлімшесі 5 (бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жұмыс кеңесіне шығарады, онда қорытынды жобасының толықтығы және Үкіметтің заң жобасына түзетулер бойынша ұстанымына сәйкестігі қаралады.
Жұмыс кеңесі мүдделі мемлекеттік органдардың, қорытынды жобасын дайындауға жауапты құрылымдық бөлімше, Заң бөлімі және БҚҚБ меңгерушілерінің қатысуымен өткізіледі.
Қорытынды жобасын дайындауға жауапты құрылымдық бөлімше жұмыс кеңесін өткізуді, ұйымдастыруды және тиісті материалдарды дайындауды қамтамасыз етеді.
Қажет болған жағдайда жұмыс кеңесіне ғалымдар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және тиісті реттеу салаларындағы сарапшылар (келісім бойынша) шақырылуы мүмкін.
Жұмыс кеңесінде қаралғаннан кейін Үкімет қорытындысының жобасы Кеңсенің хатымен Президент Әкімшілігіне келісуге жіберіледі.
Президент Әкімшілігімен келісілгеннен кейін Үкімет қорытындысының жобасы осы Регламенттің ережелерінде көзделген тәртіппен міндетті түрде таныстырылуға тиіс.
Үкімет қорытындысының жобасы таныстырылымнан кейіннен дауыс беру үшін Үкімет мәжілісіне не Үкімет мүшелерінің сырттай дауыс беруіне шығарылады.
Сырттай дауыс беру Премьер-Министрдің немесе Кеңсе Басшысының тапсырмасы бойынша жүргізіледі.
Үкімет мүшелерінің сырттай дауыс беру мерзімі дауыс беру үшін қорытынды жобасы бойынша материалдар жолданған күннен бастап 3 жұмыс күнінен аспауға тиіс. Қажет болған кезде Премьер-Министр немесе Премьер-Министрмен келісу бойынша Кеңсе Басшысы сырттай дауыс беру мерзімін қысқартуы мүмкін.
Сырттай дауыс беру мерзімі аяқталғанға дейін Үкімет мүшелері Кеңсеге өздерінің пікірін білдіретін ЭЦҚ қойылған электрондық құжат форматындағы жазбаша жауаптар жібереді. Көрсетілген мерзімде жазбаша жауаптар ұсынылмаған жағдайда, Үкімет мүшесі қорытынды жобасының қабылдануына дауыс берді деп саналады. Дауыс беруді Үкімет мүшелері ауыстыру құқығынсыз жүзеге асырады.
Егер қорытынды жобасы бойынша Үкімет мүшелерінің жалпы санынан көпшілігі жобаның қабылдануына дауыс берсе, сырттай дауыс беру өткізілді деп саналады.
Қорытынды жобасы бойынша сырттай дауыс берудің нәтижелері осы Регламентке 5-1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ресімделеді.
Үкіметтің мақұлданған қорытындысының жобасы бір күн мерзімде Премьер-Министрдің қол қоюына енгізіледі.
ҚР Үкіметінің 2012.27.04. № 540 Қаулысымен 109-2-тармақпен толықтырылды; ҚР Үкіметінің 2013.02.05. № 450 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2014.27.03. № 270 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2017.19.08. № 491 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 109-2-тармақ өзгертілді
109-2. Әзірлеушісі өздері болып табылатын заң жобаларын қарау бойынша Парламент палаталарындағы отырыстарға орталық атқарушы органдардың лауазымды тұлғаларының қатысуы мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) жұмыс топтарына - департаменттердің директорлары немесе комитеттердің төрағалары;
2) бас комитеттердің отырыстарына - бірінші басшылардың орынбасарлары;
3) Палаталардың жалпы отырыстарына - орталық атқарушы органдардың бірінші басшылары.
Үкімет бастамашы болған заң жобасы бойынша Мәжілістің немесе Сенаттың жалпы отырысында баяндама жасауға уәкілеттік берілген орталық атқарушы органның бірінші басшысын ауыстыру Палатаның берілген заң жобасын қараудың шұғыл жағдайында ғана және объективті негіздер болған кезде ғана Премьер-Министрдің (Премьер-Министрдің міндетін атқарушы тұлғаның) келісімі бойынша жүргізілуі мүмкін.
Жоғарыда көрсетілген адамдардың осы тәртіпті сақтауын, сондай-ақ Үкімет уәкілеттік берген мемлекеттік органдардың басқа да лауазымды адамдарының Парламентке келуін, оның ішінде Парламентте өткізілетін үкіметтік сағаттарға, парламенттік тыңдауларға және басқа да іс-шараларға қатысуын бақылауды Үкіметтің Парламенттегі Өкілдігі жүзеге асырады. Аталған тәртіп бұзылған не келмеген жағдайда Өкілдік Премьер-Министрдің қарауына кінәлі лауазымды адамдарды жазалау туралы ұсыныстар енгізеді.
Заң жобаларын қарау бойынша Парламент палаталарының отырыстарына қатысатын орталық мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары депутаттар қойған сұрақтарға толық және негізделген жауаптар беру мақсатында аталған отырыстарда қаралатын мәселелер бойынша кәсіби түрде дайын болуға міндетті.
Лауазымды адамдар дайындығының сапасы және олардың Парламент палаталарындағы отырыстарға келуі үшін жауапкершілік орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына жүктеледі.
ҚР Үкіметінің 2014.27.03. № 270 Қаулысымен 109-3-тармақпен толықтырылды; ҚР Үкіметінің 2016.29.12. № 904 Қаулысымен 109-3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
109-3. Уәкілетті мемлекеттік органдар Парламент палаталарының отырыстарына қатысу барысында Үкімет және басқа да заңнамалық бастама субъектілері бастамашылық жасаған заң жобаларына депутаттардың түзетулері бойынша Үкімет қорытындысында көрсетілген оның бірыңғай ұстанымын қатаң сақтауға міндетті.
Үкіметтің Парламенттегі өкілдігі Регламенттің осы тармағы талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асырады және ол бұзылған жағдайда бұл туралы Премьер-Министрге және Кеңсе Басшысына хабарлайды.
ҚР Үкіметінің 2012.27.04. № 540 Қаулысымен 110-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2013.02.05. № 450 Қаулысымен 110-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2014.27.03. № 270 Қаулысымен 110-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
110. Үкімет енгізген заң жобаларын Парламент Мәжілісінің немесе Сенатының жалпы отырысында таныстыратын уәкілетті тұлғаны (заң жобасы бойынша баяндамашыны) ауыстыру қажет болған кезде Парламентке Премьер-Министрдің (Премьер-Министрдің міндетін атқарушы тұлғаның) қолы қойылған тиісті хат жіберіледі. Бұл ретте осындай хаттардың жобаларын заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган дайындайды және заң жобасы Парламенттің тиісті палатасының жалпы отырысында қаралғанға дейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей Кеңсеге енгізеді.
Үкімет енгізген заң жобасын Парламентте таныстыратын уәкілетті тұлғаны (заң жобасы бойынша баяндамашыны) өзге мемлекеттік органның лауазымды тұлғасы болып табылатын басқа уәкілетті тұлғаға ауыстырған кезде Кеңсе Премьер-Министрдің (Премьер-Министрдің міндетін атқарушы тұлғаның) қолы қойылған баяндамашыны ауыстыру туралы хаттарды бір мезгілде Парламент палаталарының әрқайсысына қағаз және электрондық жеткізгіштерде (электрондық құжаттар форматында) жібереді.
ҚР Үкіметінің 2008.04.06. № 535 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2016.29.12. № 904 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2017.19.08. № 491 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2019.26.09. № 707 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 111-тармақ өзгертілді
111. Үкімет шешімінің Парламентте өтуін бақылауды Үкіметтің Парламенттегі өкілдігі (бұдан әрі - Өкілдік) жүзеге асырады
Заң жобаларын және Үкіметтің қызметіне қатысты басқа да мәселелерді Парламент палаталарында қарау кезінде Үкімет ұстанымын іске асыру мақсатында Өкілдік заң жобалау және өзге де жұмыс мәселелері бойынша уәкілетті мемлекеттік органдардың Парламент депутаттарымен консультациялар, жұмыс кеңестерін өткізуге бастамашылық жасауға, қажет болған кезде олардан Парламент палаталарына жұмыс топтарының, палаталар комитеттерінің отырыстарына қатысу үшін лауазымды адамдардың кандидатураларын, тиісті құжаттарды ұсынуды сұратуға, сондай-ақ өз құзыреті шегінде өзге де жұмысты жүргізуге құқылы.
Өкілдіктің Парламентпен өзара іс-қимылының тиімділігі үшін Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының жоспарын кез келген түзетулерді Кеңсенің жауапты құрылымдық бөлімшесі Үкіметтің Парламенттегі Өкілдігімен келісуге тиіс.
Үкіметтің Парламенттегі Өкілдігі Премьер-Министрді, оның орынбасарларын және Кеңсе Басшысын Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы, Парламент депутаттары бастамашылық еткен және Үкімет енгізген заң жобаларының өтуі, Парламент қарайтын әрі Үкіметтің қызметіне қатысы бар басқа да мәселелер туралы Кеңсенің құрылымдық бөлімшелерімен келіспей тұрақты хабардар етіп отырады және мемлекеттік органдарға жібереді.
ҚР Үкіметінің 2017.19.08. № 491 Қаулысымен 111-1-тармақпен толықтырылды
111-1. Кеңсенің құрылымдық бөлімшелері Үкіметте Парламентпен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша, оның ішінде депутаттардың қатысуымен өткізілетін іс-шаралар туралы Үкіметтің Парламенттегі Өкілдігін міндетті түрде хабардар етіп отыруға тиіс.
ҚР Үкіметінің 2012.27.04. № 540 Қаулысымен 112-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
112. Үкіметтің Парламенттен заң жобасын қайтарып алуы Үкіметтің қаулысымен жүзеге асырылады, оның жобасын осы Регламентте белгіленген тәртіппен заң жобасын әзірлеуші енгізеді және Президент Әкімшілігімен міндетті түрде келісуге жатады.
ҚР Үкіметінің 2010.25.06. № 641 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2012.27.04. № 540 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2013.12.02. № 126 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 113-тармақ өзгертілді; ҚР Үкіметінің 2013.02.05. № 450 Қаулысымен 113-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2014.11.08. № 910 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2016.02.02. № 45 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2017.19.08. № 491 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 113-тармақ өзгертілді
113. Парламент қабылдаған және Премьер-Министрге қолын қойып бекітуге жіберілетін барлық заңдар бойынша заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган (немесе оның құзыретіне орай) Әділет, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен келісім бойынша заң қабылданған күннен бастап бес күн мерзімде қорытындыны осы Регламентке 5-2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша дайындайды және Кеңсеге жібереді.
Қорытындыдан басқа Кеңсеге міндетті түрде Әділет, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері, сондай-ақ Парламент қабылдаған заңда мәселелері қозғалатын өзге де мемлекеттік органдар хаттарының көшірмелері, Үкімет Парламент Мәжілісінің қарауына енгізген заң жобасының нұсқасы мен депутаттардың әр түзетуі бойынша негіздемемен Парламент қабылдаған заңның салыстырма кестесі, депутаттардың түзетулеріне Үкімет қорытындылары енгізіледі. Мұндай салыстырма кестені әзірлеуді заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган жүзеге асырады.