3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген өлшемшарттарды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мынадай шарттарға сәйкес әзірлейді және бекітеді:
1) зат немесе материалдар өндірісте белгілі бір мақсатта пайдаланылуы мүмкін;
2) Қазақстан Республикасында немесе оның шегінен тыс жерлерде затты немесе материалды өткізу үшін нарықтың немесе сұраныстың болуы;
3) заттың немесе материалдардың тиісті өнімге немесе оны белгілі бір мақсатта пайдалануға қойылатын экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келуі;
4) затты немесе материалдарды пайдаланудың қоршаған ортаға немесе адамдардың денсаулығына зиянды әсер етуге алып келмеуі.
Қазақстан Республикасының заңнамасында қалдықтарды қалпына келтіру нәтижесінде түзілген заттардағы немесе материалдардағы ластағыш заттардың шекті концентрациясы қалдықтардың мәртебесін тоқтату өлшемшарты ретінде айқындалуы мүмкін.
334-бап. Қалдықтарды басқару саласындағы нормалау
1. Қалдықтарды жинақтау лимиттері мен оларды көмуге арналған лимиттер тиісті экологиялық рұқсат негізінде I және II санаттағы объектілер үшін белгіленеді.
2. ІІІ және IV санаттағы объектілерде қалдықтарды жинақтау және (немесе) көму экологиялық нормалауға жатпайды.
3. Қалдықтарды жинақтау лимиттері мен қалдықтарды көму лимиттерін әзірлеу және бекіту, қалдықтарды басқару туралы есептілікті ұсыну және бақылау қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
335-бап. Қалдықтарды басқару бағдарламасы
1. I және (немесе) II санаттағы объектілердің операторлары, сондай-ақ қалдықтарды сұрыптау, өңдеу жөніндегі, оның ішінде залалсыздандыру, қалпына келтіру және (немесе) жою жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын тұлғалар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеуге міндетті.
2. Қалдықтарды басқару бағдарламасы экологиялық рұқсаттың ажырамас бөлігі болып табылады.
3. Қалдықтарды басқару бағдарламасы сатылық қағидатына сәйкес әзірленеді және түзілетін және (немесе) үшінші тұлғалардан алынатын қалдықтардың көлемі мен құрамы, оларды жинақтау, жинау, тасу, залалсыздандыру, қалпына келтіру және жою тәсілдері туралы мәліметтерді, сондай-ақ қалдықтардың түзілуін қысқарту, оларды қайтадан пайдалану, қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесін ұлғайту бойынша ұсынылатын шаралардың сипаттамасын қамтуға тиіс.
4. I санаттағы объектілер үшін қалдықтарды басқару бағдарламасы осы Кодекске сәйкес әзірленетін және бекітілетін ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі қорытындыларға сәйкес ең үздік қолжетімді техникаларды пайдалану қажеттігі ескеріле отырып әзірленеді.
336-бап. Қауіпті қалдықтарды қалпына келтіру және жою саласындағы қызметті лицензиялау
1. Кәсіпкерлік субъектілері қауіпті қалдықтарды қайта өңдеу, залалсыздандыру, кәдеге жарату және (немесе) құрту жөніндегі жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) үшін «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес қызметтің тиісті кіші түрі бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындауға және қызметтерді көрсетуге лицензия алуға міндетті.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген қызмет түрлерін жүзеге асыру мақсатында лицензияда:
1) тұлға тиісті операцияларды жүзеге асыруы мүмкін қауіпті қалдықтардың типі мен көлемі;
2) қауіпті қалдықтармен жасалатын операциялардың түрлері;
3) операциялардың әрбір түріне арналған алаңға қойылатын техникалық және өзге де талаптар;
4) операциялардың әрбір түрі үшін қолданылуға тиіс әдіс көрсетіледі.
3. Қалдықтарды жинау жөніндегі операцияларды жүзеге асыру үшін лицензия талап етілмейді.
4. Осы баптың 1-тармағының талабы қауіпті қалдықтарды түзушілер болып табылатын кәсіпкерлік субъектілеріне меншікті қауіпті қалдықтарды қалпына келтіру, залалсыздандыру және жою бөлігінде қолданылмайды.
5. Осы баптың талаптары Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес лицензиялауға жататын радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі қызметке қолданылмайды.
337-бап. Қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің хабардар ету режимі
1. Қалдықтарды жинау, сұрыптау және (немесе) тасу, қауіпті емес қалдықтарды қалпына келтіру және (немесе) құрту жөніндегі кәсіпкерлік қызметті жоспарлайтын немесе жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға қызметті бастау немесе тоқтату туралы хабарлама беруге міндетті.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы баптың 1-тармағында көрсетілген субъектілерден хабарламаларды қабылдауды жүзеге асырады, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін (бұдан әрі - қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі) қалыптастырады және жүргізеді.
Қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу тәртібі қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларда белгіленеді.
3. Қалдықтарды жинау, сұрыптау және (немесе) тасу, қауіпті емес қалдықтарды қалпына келтіру және (немесе) құрту жөніндегі кәсіпкерлік қызметті осы баптың 1-тармағына сәйкес хабардар етпей жүзеге асыруға тыйым салынады.
4. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген қалдықтарды басқару саласындағы субъектілер:
1) кәсіпкерлік субъектісі таратылған;
2) сот шешімі заңды күшіне енген;
3) кәсіпкерлік субъектісі өз қызметін ерікті түрде тоқтату туралы өтінішін берген жағдайларда, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның шешімі негізінде қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімінен шығарылады.
Бұл ретте кәсіпкерлік субъектісі өтініш бергенге дейін өз міндеттемелерінің барлығын орындауға тиіс.
5. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген қалдықтарды басқару саласындағы субъектілер:
1) Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарын жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш реттен көп) бұза отырып қызметті жүзеге асырған;
2) қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген күннен бастап қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде қызметті жүзеге асырмаған жағдайларда, сот шешімі негізінде қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімінен шығарылады.
6. Осы баптың 1-тармағының талабы қалдықтарды түзушілер болып табылатын кәсіпкерлік субъектілеріне қалдықтарды жинағанға дейін олар түзілген жерде меншікті қалдықтарды жинақтау және сұрыптау бөлігінде қолданылмайды.
338-бап. Қалдықтардың түрлері және оларды сыныптау
1. Шығу тегіне, қасиеттеріне және басқарылу технологиясына сәйкес ортақ белгілері бар қалдықтардың жиынтығы қалдықтардың түрі деп түсініледі.
Қалдықтардың түрлері қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қалдықтар сыныптауышы (бұдан әрі - қалдықтар сыныптауышы) негізінде анықталады.
2. Қалдықтар сыныптауышы қалдықтардың әрбір түрінің шығу тегі мен құрамы ескеріле отырып әзірленеді және қажет болған жағдайларда, қалдықтарды қауіптілерге немесе қауіпті еместерге жатқызу мақсатында қауіпті заттар концентрациясының лимиттеуші көрсеткіштерін айқындайды.
3. Қалдықтар сыныптауышында қалдықтардың әрбір түрі алты таңбалы код беру арқылы сәйкестендіріледі.
4. Қалдықтардың түрлері осы Кодекстің талаптары ескеріле отырып, қалдықтар сыныптауышына сәйкес қауіптілерге немесе қауіпті еместерге жатқызылады.
Қалдықтар сыныптауышындағы қалдықтардың жекелеген түрлері олардың құрамындағы қауіпті заттар концентрациясының деңгейіне немесе қалдықтар түрінің қауіпті сипаттамаларының адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына және қоршаған ортаға ықпал ету дәрежесіне қарай әртүрлі кодтар беріле отырып («айналы» қалдықтар түрі), бір мезгілде қауіпті және қауіпті емес деп айқындалуы мүмкін.
5. Қалдықтарды осы бапқа сәйкес қауіптілерге немесе қауіпті еместерге және қалдықтар сыныптауышының белгілі бір кодына жатқызуды қалдықтардың иесі өз бетінше жүргізеді.
6. Затты немесе материалды қалдықтар сыныптауышына енгізу мұндай затты немесе материалды қалдықтар санатына жатқызу кезінде айқындаушы фактор болып табылмайды. Қалдықтар сыныптауышына енгізілген зат немесе материал, егер олар осы Кодекстің 317-бабының талаптарына сәйкес қалдықтар анықтамасына сәйкес келсе, қалдықтар деп танылады.
339-бап. Қалдықтарға меншік құқығы және оларды басқару үшін жауапкершілік
1. Қалдықтар заттай құқықтар объектісі болып табылады. Қалдықтарға заттай құқықтардың туындауына, өзгеруіне және тоқтатылуына байланысты қоғамдық қатынастар осы Кодексте көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында реттеледі.
2. Қалдықтарды түзушілер өздері шығарған қалдықтардың меншік иелері болып табылады.
3. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, қалдықтарды түзуші, қалдықтардың қазіргі және бұрынғы меншік иелері мұндай қалдықтарды осы Кодекстің 336-бабына сәйкес лицензия негізінде қалдықтарды қалпына келтіру немесе жою жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын тұлғаның иелігіне берген кезге дейін «Ластаушы төлейді» қағидатына сәйкес қалдықтарды басқару жөніндегі экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету үшін жауапты болады.
Коммуналдық қалдықтарды түзушілер қалдықтар түзілген кезден бастап оларды қалдықтарды жинау, қалпына келтіру немесе жою жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын тұлғаларға берген кезге дейін қалдықтарды басқару жөніндегі экологиялық талаптардың сақталуы үшін жауапты болады.
Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, қалдықтарды жинау жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын тұлғалар қалдықтарды иелігіне алған кезден бастап мұндай қалдықтарды осы Кодекстің 336-бабына сәйкес лицензия негізінде қалдықтарды қалпына келтіру немесе жою жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын тұлғаға берген кезге дейін қалдықтарды басқару жөніндегі экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етілуі үшін жауапты болады.
4. Қалдықтардың иелері қалдықтарды өз бетінше қауіпсіз басқаруды жүзеге асыруға немесе сатылық қағидаты мен осы Кодекстің 327-бабының талаптарына сәйкес қалдықтарды басқару жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне қалдықтарды беру арқылы оларды қауіпсіз басқаруды қамтамасыз етуге міндетті.
5. Мемлекеттік меншік объектілерінде түзілетін немесе сот шешімі бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген басқа да жағдайларда мемлекет меншігіне түскен деп танылған қалдықтардың меншік иесі мемлекет болып табылады.
6. Егер қалдықтардың меншік иесі оларға меншік құқығынан бас тарту мақсатында басқа тұлғаның меншігіндегі немесе жер пайдалануындағы жер учаскесінде қалдықтарды қалдырса, осындай жер учаскесі меншігінде немесе жер пайдалануында болатын тұлға қалдықтарды пайдалануға кірісіп немесе оларды меншікке алғанын куәландыратын өзге де әрекеттерді жасап, осындай қалдықтарды өз меншігіне айналдыруға, сондай-ақ көрсетілген қалдықтардың одан әрі пайдаланылуына қарамастан, бұрынғы меншік иесінің қалдықтарды жер учаскесіне қалдыруына байланысты өзі шеккен залалдарды өтеуін сот тәртібімен талап етуге құқылы.
7. Қалдықтарды жинау, қалпына келтіру немесе жою жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне қалдықтарды беру, егер тараптар өзгеше шарттарда келісім жасаспаса, қалдықтарға меншік құқығының мұндай субъектілерге бір мезгілде өтуін, оның ішінде контейнерлік алаңдар аумағында орналасқан контейнерлерге немесе белгіленген қалдықтарды жинау орындарына қалдықтарды салу кезінде өтуін білдіреді.
8. Қалдықтар орналасқан жер учаскесінің меншік иесі немесе жер учаскесінің жер пайдаланушысы өзгерген кезде қалдықтарға меншік құқығы туралы мәселе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешіледі.
9. Мемлекеттік меншік объектілерін жекешелендіру кезінде қалдықтарға меншік құқығы, сондай-ақ оларды қауіпсіз басқару, жерлерді рекультивациялау және қалпына келтіру жөніндегі міндет, егер «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес осы объектілерді жекешелендіру шарттарында өзгеше көзделмесе, жаңа меншік иесіне өтеді.
340-бап. Иесіз қалдықтарды басқару
1. Меншік иесі жоқ немесе меншік иесі анықталмаған қалдықтар сот шешімімен иесіз деп танылады және тұлғаның өтініші бойынша осы тұлғаның меншігіне түседі.
2. Жер учаскесінің меншік иелері немесе жер пайдаланушылары өздерінің жер учаскелерінде иесіз қалдықтарды анықтаған кезде осы қалдықтарды пайдалануға кірісіп не қалдықтарды өз меншігіне айналдырғанын куәландыратын өзге де әрекеттерді жасап, осы қалдықтарды өз меншігіне айналдыруға құқығы бар.
3. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы өз аумағында иесіз қалдықтарды анықтауға жауапты болады және осындай қалдықтардың болуы туралы хабарды алған кезден бастап алты ай ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органды хабардар етуге және осындай қалдықтарды республикалық немесе коммуналдық меншікке түсті деп тану туралы талаппен сотқа жүгінуге міндетті.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган иесіз қалдықтар табылған жағдайда да осы қалдықтарды республикалық немесе коммуналдық меншікке түсті деп тану туралы талаппен сотқа жүгінуге міндетті.
4. Иесіз қауіпті қалдықтар сот шешімі бойынша республикалық немесе коммуналдық меншікке түседі.
5. Иесіз қауіпті қалдықтарды басқару тәртібін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді. Мұндай қалдықтарды басқаруды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымы немесе жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
6. Жергілікті атқарушы орган сот шешімімен мемлекеттік меншікке түсті деп танылған иесіз қалдықтарды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен иесіз қалдықтарды басқару қағидаларына сәйкес басқаруды жүзеге асырады.
341-бап. Қалдықтардың түзілу көлемін азайтуды және түзілетін қалдықтарды қалпына келтіру үлесін ұлғайтуды ынталандыру
Жергілікті атқарушы органдар қалдықтардың түзілу көлемін азайтуды, түзілетін қалдықтарды қалпына келтіру үлесін ұлғайтуды, олардың қауіптілік деңгейін төмендетуді, қалдықтардың түзілу көлемін азайтуға бағытталған технологияларды енгізетін, өнім өндіру (жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету) процесінде түзілетін қалдықтарды қалпына келтіруді жоспарлайтын, осындай қалдықтарды жинау мен дайындауды, тиісті кәсіпорындар мен цехтар салуды жүзеге асыратын, сондай-ақ қалдықтарды қалпына келтіруге арналған жабдықтар өндіруді ұйымдастыратын, қалдықтардың түзілу көлемін азайту және түзілетін қалдықтарды қалпына келтіру үлесін ұлғайту жөніндегі іс-шараларды қаржыландыруға пайлық үлеспен қатысатын кәсіпкерлік субъектілерінің шаруашылық қызметін ынталандыру жөніндегі іс-шараларды айқындайды және жүзеге асырады.
24-тарау. ҚАУІПТІ ҚАЛДЫҚТАР
342-бап. Қауіпті қалдықтар туралы жалпы ережелер
1. Мынадай қасиеттердің біріне немесе бірнешеуіне ие қалдықтар қауіпті деп танылады:
HP1 жарылу қауіптілік;
HP2 тотығу қасиеттері;
HР3 өрт қауіптілік;
HP4 тітіркендіргіштік әсер;
НР5 өзіндік ерекшелікті жүйелі уыттылық (нысана-ағзаға аспирациялық уыттылық);
HP6 өте қатты уыттылық;
HP7 канцерогендік;
HP8 жегілеуші әрекет;
НР9 инфекциялық қасиеттері;
НР10 бала туу үшін уыттылық;
НР11 мутагендік;
НР12 сумен, ауамен немесе қышқылмен жанасу кезінде уытты газдардың түзілуі;
НР13 сенсибилизация;
НР14 экоуыттылық;
НР15 бастапқы қалдықтардан жанама түрде бөлінетін, жоғарыда санамаланған қауіпті қасиеттерді көрсете алу қабілеті;
C16 жойылуы қиын органикалық ластағыштар (ЖҚОҚ).
Осы тармақтың бірінші бөлігінде санамаланған қасиеттердің біріне де ие емес және қоршаған ортаға, адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына өз бетінше немесе басқа заттармен байланысқа түскен кезде тікелей немесе ықтимал қауіп төндірмейтін қалдықтар қауіпті емес қалдықтар деп танылады.
2. Қауіпті заттардың бастапқы концентрациясының деңгейін қалдықты қауіптілер санатына жатқызу мақсатында айқындалған шекті мәннен төмен деңгейге дейін төмендету мақсатында қалдықтарды араластыруға немесе сұйылтуға жол берілмейді.
3. Қауіпті қалдықтардың түзілуі мен жинақталуы барынша азайтылуға тиіс.
343-бап. Қауіпті қалдықтардың паспорты
1. Қауіпті қалдықтардың паспортын қызмет процесінде қауіпті қалдықтар түзілетін жеке және заңды тұлғалар жасайды және бекітеді.
2. Қауіпті қалдықтардың паспорты мынадай міндетті бөлімдерді қамтуға тиіс:
1) қауіпті қалдықтардың атауы және олардың қалдықтар сыныптауышына сәйкес коды;
2) қалдықтарды түзушінің деректемелері: жеке тұлға үшін жеке сәйкестендіру нөмірі және заңды тұлға үшін бизнес сәйкестендіру нөмірі, оның тұрған жері;
3) қауіпті қалдықтар түзілетін объектінің тұрған жері;
4) қалдықтардың шығу тегі: бастапқы тауардың (өнімнің) атауымен бірге, нәтижесінде қалдықтар түзілген технологиялық процестің немесе нәтижесінде тауар (өнім) өзінің тұтынушылық қасиеттерін жоғалтқан процестің атауы;
5) қалдықтардың қауіпті қасиеттерінің тізбесі;
6) қалдықтардың химиялық құрамы және олардың құрамдастарының қауіпті қасиеттерінің сипаттамасы;
7) қалдықтарды басқарудың ұсынылатын тәсілдері;
8) қалдықтарды басқару кезіндегі қажетті сақтық шаралары;
9) қалдықтарды тасуға және тиеу-түсіру жұмыстарын жүргізуге қойылатын талаптар;
10) қауіпті қалдықтарға байланысты табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың және олардың салдарларының алдын алу және жою жөніндегі, оның ішінде тасу және тиеу-түсіру жұмыстарын жүргізу кезіндегі шаралар;
11) қосымша ақпарат (қалдықтарды түзуші хабарлайтын өзге де ақпарат).
3. Қауіпті қалдықтар паспортының нысанын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді, ол қауіпті қалдықтардың әрбір түріне жеке толтырылады және қалдықтар түзілген кезден бастап үш ай ішінде осы Кодекстің 384-бабында айқындалатын тәртіппен ұсынылады.
4. Қауіпті қалдықтардың паспорты мерзімсіз құжат болып табылады.
5. Қалдықтар қасиеттерінің өзгеруі туындаған процестің технологиялық регламентінің өзгеруінен қалдықтардың қауіпті қасиеттері осылай өзгерген немесе неғұрлым егжей-тегжейлі және нақты қосымша ақпарат түскен жағдайда, қауіпті қалдықтардың паспорты қайта қарауға жатады.
6. Қауіпті қалдықтардың жаңартылған паспорты үш ай ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жіберіледі.
7. Қалдықтарды түзуші қауіпті қалдықтар паспорттарының көшірмелерін осындай қалдықтардың партиясын немесе оның бір бөлігін таситын жеке немесе заңды тұлғаға, сондай-ақ қауіпті қалдықтардың осындай партиясының (партияның бір бөлігінің) әрбір жүк алушысына ұсынуға міндетті.
8. Қауіпті қалдықтардың алынған партиясын басқа материалдармен араластыруды қоса алғанда, оларды қайта өңдеу кезінде осындай қалдықтарды түзуші қауіпті қалдықтардың жаңа паспортын ресімдеуге және оны қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жіберуге міндетті.
9. Қауіпті қалдықтың химиялық және құрамдастық құрамы аккредиттелген зертхана орындаған осы қалдық үлгілерін сынау хаттамаларымен расталады. Өздерінің тұтынушылық қасиеттерін жоғалтқан тауарлармен (өніммен) ұсынылған қауіпті қалдықтар үшін техникалық шарттарға сәйкес бастапқы тауардың (өнімнің) құрамдастық құрамы туралы мәліметтер көрсетіледі.
344-бап. Қауіпті қалдықтарды басқару кезіндегі экологиялық талаптар
1. Осы Кодекстің 327-бабының талаптары сақталған кезде тиісті экологиялық рұқсаты бар кәсіпкерлік субъектілері ғана қауіпті қалдықтарды араластыруды жүзеге асыра алады.
Араластыру технологиялық регламентке және (немесе) ең үздік қолжетімді техникаларға сәйкес қауіпті қалдықтарды қалпына келтіру немесе жою кезінде адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына және қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуді барынша азайту мақсатында жүзеге асырылады.
2. Қауіпті қалдықтарды экологиялық рұқсат болған кезде - арнайы жабдықталған орындарда көмуге, ал қауіпті қалдықтар жер қойнауына, оның ішінде шахталардың, кеніштердің және көлік еңістерінің суландырылмаған жерасты тау-кен қазбаларында көмілген жағдайда жер қойнауын пайдалану саласындағы уәкілетті органның келісімімен де рұқсат етіледі.
Қауіпті қалдықтарды жинақтауға немесе көмуге бөлінген аумақта оларды басқаруға байланысты емес қызметтің басқа да түрлерін жүзеге асыруға тыйым салынады.
3. Қауіпті қалдықтарды көму орны қалдықтың түрі, қауіптілік дәрежесі және көмілген күні көрсетіле отырып, жергілікті жерде жақсы көрінетін тану белгілерімен белгіленуге тиіс.
4. Қауіпті қалдықтарды жинау, тасу, қалпына келтіру және (немесе) жою жөніндегі кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектісі қауіпті қалдықтарды басқару кезінде туындауы мүмкін төтенше және авариялық жағдайлар кезінде іс-қимыл жасау жоспарын әзірлеуге міндетті.
345-бап. Қауіпті қалдықтарды тасу кезіндегі экологиялық талаптар
1. Қауіпті қалдықтарды тасу барынша азайтылуға тиіс.
2. Қауіпті қалдықтарды мынадай жағдайларда:
1) тасу мақсатында қауіпті қалдықтардың тиісті қаптамасы мен таңбалануы болса;
2) арнайы жабдықталған және арнайы белгілермен жарақталған көлік құралдары болса;
3) қауіпті қалдықтар паспорты және тасылатын қауіпті қалдықтардың көлемі, оларды тасу мақсаты мен межелі орны көрсетілген қауіпті қалдықтарды тасуға және беруге арналған құжаттама болса;
4) қауіпті қалдықтарды тасу кезіндегі, сондай-ақ тиеу-түсіру жұмыстарын орындауға қойылатын қауіпсіздік талаптары сақталса, тасуға жол беріледі.
3. Тасу мақсатында қауіпті қалдықтарды қаптау және таңбалау тәртібі Қазақстан Республикасының көлік туралы заңнамасында белгіленеді.
4. Қауіпті қалдықтарды көлік құралдарында тасу тәртібі, тиеу-түсіру жұмыстарын орындауға қойылатын талаптар және экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі басқа да талаптар көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісілген нормалар мен қағидаларда айқындалады.
5. Қауіпті қалдықтар көлік құралына тиелген, оларды қауіпті қалдықтарды тасуды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға қабылдап алған кезден бастап оларды белгіленген жерде көлік құралынан түсіргенге дейін осындай қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеу үшін осындай көлік құралы тиесілі көлік ұйымы немесе тұлға жауапты болады.
346-бап. Қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдау
1. Қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдауды және оларды аулаққа шығаруды бақылау туралы Базель конвенциясына (бұдан әрі - Базель конвенциясы) және (немесе) Қазақстан Республикасы ратификациялаған өзге де халықаралық шарттарға сәйкес қауіпті деп танылатын қалдықтар тобы осы баптың мақсаты үшін қауіпті қалдықтар деп есептеледі.
2. Қауіпті және басқа да қалдықтарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу, Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеу Базель конвенциясының, Қазақстан Республикасы ратификациялаған өзге де халықаралық шарттардың және Қазақстан Республикасы заңдарының талаптары сақтала отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Қауіпті қалдықтарды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы трансшекаралық тасымалдау қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның қорытындысы негізінде жүзеге асырылады. Қорытынды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тәртіппен және нысан бойынша шығарылады.