2) сауда мақсатында теңізде жүзу саласындағы уәкілетті орган - теңіз порттарының және кемелердің мұнайдың төгілуін жоюға әзірлігін қамтамасыз ету үшін;
3) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган - мұнайдың төгілуі туралы ақпаратты алу және беру, оқу және жаттығулар жүргізу, сондай-ақ мұнайдың төгілуін жою жөніндегі жедел әрекеттер үшін тиісті сұрау салуды алған жағдайда, халықаралық көмекке жүгіну және басқа елдерге көмек көрсету бойынша әрекеттерді жүзеге асыру үшін жауапты болып табылады.
6. Объектілік жоспарларды қоршаған ортаны қорғау саласындағы және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органдардың аумақтық бөлімшелерімен келісілгеннен кейін мұнайдың төгілу қаупі бар объектілердің меншік иелері бекітеді және бекітілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарлама тәртібімен көмірсутектер саласындағы уәкілетті органға жібереді.
Объектілік жоспарды қоршаған ортаны қорғау саласындағы және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органдардың аумақтық бөлімшелерімен келісу мерзімі жүгінген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспауға тиіс.
Егер меншік иесінде мұнайдың төгілу қаупі бар бірнеше объектілер бар болса, объектілік жоспарлар біріктірілуі мүмкін.
7. Мұнаймен ластауға қарсы күрес жөніндегі төтенше шаралардың кеме жоспарларын әзірлеу және бекіту тәртібі 1973 жылғы Кемелерден ластанудың алдын алу жөніндегі 1978 жылғы хаттамамен (МАРПОЛ 73/78) өзгертілген халықаралық конвенцияда айқындалады.
8. Жер қойнауын пайдаланушы теңіз объектісінің жоспарын қоршаған ортаны қорғау саласындағы және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органдардың аумақтық бөлімшелерімен келіскеннен кейін бекітеді және бекітілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарлама тәртібімен көмірсутектер саласындағы уәкілетті органға жібереді.
9. Тиісті облыстың аумақтық жоспары мына жағдайларда:
1) мұнайдың төгілуі екінші деңгейге жеткенде және оны жою үшін жер қойнауын пайдаланушының және (немесе) ол тартып отырған теңізде мұнайдың төгілуін жою жөніндегі мамандырылған ұйымның ресурстары жеткіліксіз болса;
2) мұнай кемеден төгілген немесе кемедегі мұнайдың төгілу қатері болса;
3) шығарылған жері белгісіз мұнайдың төгілуі анықталса;
4) мұнайдың төгілуі Каспий теңізінің қорық аймағының ластануына қатер төндіргенде;
5) мұнайдың төгілуі шектес облыстың аумағына тарала бастаған жағдайда қолданысқа енгізіледі.
10. Ұлттық жоспар мына жағдайларда:
1) мұнайдың төгілуі үшінші деңгейге жеткенде және мұнайдың төгілуін жою үшін халықаралық ресурстардың келуін ұйымдастыруға жәрдемдесу қажет болғанда;
2) мұнайдың төгілуі үшінші деңгейге жетпегенде, бірақ Каспий теңізінің қорық аймағының ластануына қатер төндіргенде;
3) мұнайдың төгілуі шектес мемлекеттің аумағына тарала бастаған жағдайда қолданысқа енгізіледі.
11. Мұнайдың төгілуін жою жөніндегі іс-қимылдардың жетекшісі:
1) мұнайдың бірінші деңгейдегі төгілуі кезінде - мұнайдың төгілу қаупі бар объектінің меншік иесі немесе ол тартып отырған теңізде мұнайдың төгілуін жою жөніндегі мамандырылған ұйым;
2) мұнайдың екінші деңгейдегі төгілуі кезінде:
тиісті облыстың аумақтық жоспары қолданысқа енгізілгенге дейін - мұнайдың төгілу қаупі бар объектінің меншік иесі немесе ол тартып отырған теңізде мұнайдың төгілуін жою жөніндегі мамандырылған ұйым;
тиісті облыстың аумақтық жоспары қолданысқа енгізілгеннен кейін - облыс әкімі тағайындаған лауазымды адам;
3) мұнайдың үшінші деңгейдегі төгілуі кезінде - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі тағайындаған, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның лауазымды адамы болып табылады.
Ұлттық жоспар шеңберінде мұнайдың үшінші деңгейдегі төгілуі кезінде консультациялық-кеңесші органның функциялары төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияға жүктеледі.
12. Осы баптың талаптары, объектілеріне 1973 жылғы Кемелерден ластанудың алдын алу жөніндегі 1978 жылғы Хаттамамен (МАРПОЛ 73/78) өзгертілген халықаралық конвенцияның күші қолданылатын тұлғаларды қоспағанда, теңізде мұнайдың төгілу тәуекелімен байланысты қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қатысты да қолданылады.
156-бап. Теңізде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою бойынша әзірлікті және іс-қимылды қамтамасыз ету
1. Кемелерді қоспағанда, мыналарсыз:
1) мұнайдың төгілу тәуекелін бағалауды өткізусіз;
2) бекітілген объектілік жоспарсыз;
3) өзінің жеке немесе шарт негізінде тартылатын ресурстардың болуынсыз;
4) осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген талаптарды орындаусыз мұнайдың төгілу тәуекеліне әкелетін объектілерге операцияларды жүргізуге тыйым салынады.
2. Кемелерді қоспағанда, мұнайдың төгілу тәуекеліне әкелетін объектілердің меншік иелері:
1) теңізде мұнайдың бірінші деңгейдегі төгілуін жою үшін - теңіз объектісінде не отыз минуттық қолжетімді шекте осындай мұнайдың төгілуін толық жою үшін қажетті ресурстарға ие болуға;
2) теңізде мұнайдың екінші деңгейдегі төгілуін жою үшін:
теңіз объектісінде не отыз минуттық қолжетімді шекте жергілікті жағалау қазметтерінің ресурстары келгенге дейінгі кезеңге жеткілікті болатын көлемде осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген ресурстарға ие болуға;
қажеттілік болған жағдайда жергілікті жағалау қызметтері ресурстарының келуін қамтамасыз етуге міндетті.
Кемелерді қоспағанда, мұнайдың төгілу тәуекелі бар объектілердің меншік иелері бірінші және екінші деңгейдегі мұнайдың төгілуін жою үшін өздерінің жеке ресурстары болмаған кезде теңізде мұнайдың төгілуін жою жөніндегі мамандандырылған ұйымдармен шарт жасасуға міндетті.
Қажет болған жағдайда мұнайдың төгілу тәуекелі бар объектілердің меншік иелері мұнайдың төгілуін жою кезінде ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімдер шеңберінде ресурстарды тартуға құқылы.
Теңізде, су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою үшін қажетті ресурстарға қойылатын ең төменгі нормативтер мен талаптарды көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
3. Кемелерді қоспағанда, мұнайдың төгілу тәуекелі бар объектінің меншік иесі үшінші деңгейдегі мұнайдың төгілуін жою үшін ресурстармен қамтамасыз ету мақсатында халықаралық деңгейде танылған, білікті персоналы және тиісті жабдығы бар, теңізде мұнайдың төгілуін жою жөніндегі мамандандырылған ұйыммен шарт жасасуға міндетті.
4. Теңізде, су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілуі анықталған жағдайда мұнайдың төгілу тәуекелі бар объектілердің меншік иелері қоршаған ортаны қорғау саласындағы және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органдардың аумақтық бөлімшелеріне тез арада хабарлауға міндетті.
Кемелер үшін мұнайдың төгілуі туралы ақпараттандыру тәртібі Қазақстан Республикасының сауда мақсатында теңізде жүзу саласындағы заңнамасында айқындалады.
5. Теңізде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою кезінде жиынтық экологиялық пайданы талдау негізінде адамдардың денсаулығын барынша сақтауға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған әдістерді таңдауға басымдық беру керек. Қазақстан Республикасының теңізде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың авариялық төгілуін жоюдың оңтайлы әдістерін айқындау қағидасын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
6. Мұнайдың төгілу көзін оқшаулау және мұнайдың төгілуін жою жөніндегі іс-шараларды, авариялар, тосын оқиғалар себептерін тергеп-тексеру жүргізілгеннен кейін мұнайдың төгілу тәуекелі бар объектілердің меншік иелері және (немесе) мұнайдың төгілуін жою жөніндегі мамандандырылған ұйымдар қоршаған ортаны қорғау саласындағы және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органдарға жүргізілген жұмыс туралы есепті ұсынады.
Теңіз объектілерінің меншік иелері көмірсутектер саласындағы уәкілетті органға есепті қосымша береді.
7. Мұнайдың төгілу тәуекелі бар объектінің меншік иесі теңізде, су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілуі нәтижесінде қоршаған ортаға және үшінші тұлғаларға келтірілген зиянды, сондай-ақ мемлекеттің мұнайдың төгілуін жою жөніндегі шығыстарын толық көлемде өтеуге міндетті.
8. Осы баптың талаптары объектілеріне 1973 жылғы Кемелерден ластанудың алдын алу жөніндегі 1978 жылғы Хаттамамен (МАРПОЛ 73/78) өзгертілген халықаралық конвенцияның қолданысы қолданылатын тұлғаларды қоспағанда, теңізде мұнайдың төгілу тәуекелімен байланысты қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға да қолданылады.
157-бап. Теңіз объектілерін құру және пайдалану
1. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде теңізде және ішкі су айдындарында жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған базалық жобалау құжатына сәйкес қоршаған ортаның қорғалуын және сақталуын қамтамасыз ету жағдайында теңіз объектілерін құруға, орналастыруға және пайдалануға жол беріледі.
Теңіз объектілерін құруға және орналастыруға су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті органмен, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті органмен, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен, қорғаныс саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын орталық атқарушы органмен келісілген көмірсутектер саласындағы уәкілетті органның рұқсаты бойынша жол беріледі.
2. Теңіз объектілерінің айналасында олардың сыртқы шетінің әрбір нүктесінен бес жүз метр қашықтыққа жайылған қауіпсіздік аймақтары орнатылады. Теңіз объектілері, сондай-ақ оларды қоршайтын қауіпсіздік аймақтары халықаралық кеме қатынасы мен балық аулау ісі үшін маңызды мәні бар теңіз жолдарында кедергі бола алмайтын орындарда орналастырылады.
3. Теңіз объектілерін күтіп-ұстау және пайдалану үшін жауапты тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың қорғалуын, сондай-ақ олардың орналасқан жері туралы ескерту жөніндегі тиісті құралдардың болуын қамтамасыз етуге тиіс.
4. Теңізде және ішкі су айдындарында көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жүргізілген кезде теңіз объектілерін пайдалану аяқталған соң, осындай теңіз объектілерін, егер оларды шаруашылық және өзге де мақсаттарда пайдалануға болмайтын болса, оларды адамдар мен қоршаған ортаның қауіпсіздігіне қауіп төндірмейтіндей, кеме қатынасына немесе балық аулау ісіне кедергі келтірмейтіндей етіп демонтаждау қажет.
5. Көмірсутектерді барлауды және (немесе) өндіруді жүргізу кезінде пайдаланылатын теңіз объектілерін теңізде және ішкі су айдындарында құру, орналастыру және пайдалану көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
158-бап. Теңізде мұнай сақтау қоймалары мен резервуарларын салуға және пайдалануға тыйым салу
1. Теңізде мұнай сақтау қоймалары мен резервуарларын салуға және пайдалануға тыйым салынады.
2. Мұнайды танкерлермен тікелей теңіз объектілерінен тасымалдау кезінде мұндай мұнайды уақытша (күнтізбелік жиырма күннен аспайтын) сақтауды қоспағанда, теңіз объектілерінде мұнайды қоймада сақтауға және ұстауға тыйым салынады.
159-бап. Теңізде көмірсутектерді барлауды және (немесе) өндіруді жүргізу кезінде қалдықтарды тастауға және көмуге тыйым салу
1. Теңізде көмірсутектерді барлауды және (немесе) өндіруді жүргізу кезінде теңізге қалдықтарды тастауға және теңіз түбіне көмуге тыйым салынады.
2. Өндірістік және басқа да сарқынды суларды теңізге ағызу осындай сулар белгіленген нормативтерге дейін тазартылған жағдайда қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның рұқсатымен және бақылауымен ғана жүзеге асырылады.
VIII БӨЛІМ. УРАН ӨНДІРУ
22-тарау. Уран өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын беру және тоқтату ерекшеліктері
1-параграф. Уран саласындағы ұлттық компанияға тікелей келіссөздер негізінде уран өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын беру
160-бап. Уран саласындағы ұлттық компанияға тікелей келіссөздер негізінде уран өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын беру шарттары
1. Уран саласындағы ұлттық компания ретінде акцияларының бақылау пакеті мемлекетке немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шарттармен уран саласындағы қызметті жүзеге асыратын ұлттық басқарушы холдингке тиесілі, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған акционерлік қоғам танылады.
2. Уран саласындағы ұлттық компанияға өндіруге арналған жер қойнауы учаскесі тікелей келіссөздер негізінде беріледі.
3. Уран саласындағы ұлттық компанияға тікелей келіссөздер негізінде берілген өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығы (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес) акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы тек уран саласындағы ұлттық компанияға тікелей немесе жанама тиесілі заңды тұлғаға ғана берілуі мүмкін.
Мұндай заңды тұлға кез келген келесі беруде алынған жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы тек уран саласындағы ұлттық компанияға тікелей немесе жанама тиесілі заңды тұлғаға ғана беруге құқылы.
161-бап. Уран саласындағы ұлттық компанияның тікелей келіссөздер жүргізуге өтініші
1.Тікелей келіссөздер негізінде уран өндіру үшін жер қойнауы учаскесін пайдалануға алуға ниеті бар уран саласындағы ұлттық компания құзыретті органға уран саласындағы ұлттық компания алуға үміттенетін жер қойнауы учаскесінің шекарасын көрсете отырып, өтініш жолдайды.
2.Өтініш және оған қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс.
162-бап. Уран саласындағы ұлттық компаниямен тікелей келіссөздер жүргізу тәртібі
1.Уран саласындағы ұлттық компанияға өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша тікелей келіссөздер уран саласындағы ұлттық компанияның уәкілетті өкілдері мен құзыретті органның жұмыс тобы арасында жүргізіледі. Жұмыс тобы туралы ережені және оның құрамын құзыретті орган бекітеді.
2. Тікелей келіссөздер өтініш құзыретті органға келіп түскен күннен бастап екі ай ішінде жүргізіледі. Тікелей келіссөздер жүргізу мерзімі құзыретті органның шешімі бойынша ұзартылуы мүмкін.
3. Егер тікелей келіссөздер жүргізуге арналған өтінішті беру кезінде не тікелей келіссөздер барысында уран саласындағы ұлттық компания жұмыстарда және көрсетілетін қызметтерде жергілікті қамту бойынша елу пайыздан астам мөлшерде міндеттемелер ұсынылған жағдайда, ұсынылған міндеттемелер уран өндіруге арналған келісімшартта белгіленеді.
4. Құзыретті орган тікелей келіссөздер нәтижесінде келісімшартты жасасу туралы немесе оны жасасудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
5. Уран өндіруге арналған келісімшартты жасасу туралы шешім қабылданған жағдайда уран саласындағы ұлттық компания ол қабылданған күннен бастап күнтізбелік он екі ай ішінде:
1) тікелей келіссөздер нәтижесінде айқындалған қол қою бонусын төлейді;
2) осы Кодекске сәйкес уран өндірудің тәжірибелік-өнеркәсіптік жобасын әзірлеуге және оның сараптамаларын қамтамасыз етуге міндетті;
3) құзыретті органға қол қою бонусын төлегенін растауды және өз тарапынан қол қойылған, құзыретті орган бекіткен, уранды өндіруге арналған типтік келісімшартқа сәйкес әзірленген уран өндіруге арналған келісімшартты жібереді.
Уран өндіруге арналған келісімшартта ұзақтығы тікелей келіссөздер нәтижесінде айқындалатын тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру кезеңі бекітіледі.
Тиісті жобаны әзірлеу және келісу жер қойнауын пайдаланушының еркіне қатысты емес мән-жайлар бойынша мерзімінде аяқталмаса, осы тармақта көрсетілген мерзім құзыретті органның шешімі бойынша алты айға дейінгі мерзімге ұзартылуы мүмкін.
6. Құзыретті орган уран өндіруге арналған келісімшартты және қол қою бонусының төленгенін растауды алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде уран өндіруге арналған келісімшарт жасасады және оның данасын (даналарын) уран саласындағы ұлттық компанияға жібереді.
2-параграф. Уран өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығының тоқтатылуы
163-бап. Құзыретті органның біржақты тәртіппен уран өндіруге арналған келісімшарт қолданысын мерзімінен бұрын тоқтатуы
1. Құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушыны жол берілген бұзушылықтар туралы мынадай:
1) осы Кодекстің 180-бабында көзделген есептілікті ұсынбаған не көрінеу анық емес есептілікті ұсынған;
2) жер қойнауын пайдаланушының уран өндіруге арналған келісімшартта белгіленген қаржылық міндеттемелерді ағымдағы жыл үшін отыз пайыздан кем орындаған;
3) белгіленген графикке сәйкес қамтамасыз ету сомасын қалыптастырмай не қамтамасыз ету сомасын қалыптастыру графигін бұза отырып, жердің жоғарғы қабатының бұзылуымен байланысты уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізген;
4) жер қойнауын пайдаланушының уран өндіруге арналған келісімшартта белгіленген міндеттемелерді бұзған өзге де жағдайларда жазбаша хабардар етеді.
Жер қойнауын пайдаланушы жол берілген бұзушылық туралы хабарламаны алған күннен бастап үш ай ішінде - осы тармақтың 1), 2), 3) тармақшаларында көрсетілген бұзушылықтарды жоюға, ал уран өндіруге арналған келісімшартта белгіленген өзге де міндеттемелерді бұзушылықтарды - хабарламада көрсетілген мерзімде жоюға және жоюды растайтын құжаттарды қоса бере отырып, құзыретті органға бұл туралы жазбаша түрде хабарлауға міндетті.
2. Жер қойнауын пайдаланушы осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында көрсетілген бұзушылықтардың біреуін үш ай мерзімде жоймаған жағдайда, сондай-ақ уран өндіруге арналған келісімшартта белгіленген өзге де міндеттемелердегі екіден астам бұзушылықты құзыретті органның хабарламасында көрсетілген мерзімде жоймаған кезде құзыретті орган уран өндіруге арналған келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
3. Құзыретті орган:
1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі қызметке тыйым салу туралы сот шешімі күшіне енген;
2) жер қойнауын пайдаланушының тиісінше бекіткен және осы Кодексте көзделген сараптамалардың оң қорытындысын алған жобалау құжаттарынсыз уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізген;
3) жер қойнауын пайдалану құқығының және жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуына қатысты осы Кодекстің талаптарын жер қойнауын пайдаланушы бұзған жағдайларда уран өндіруге арналған келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатады.
4. Құзыретті орган жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуды жер қойнауын пайдаланушыға жазбаша хабарлама жіберу арқылы жүргізеді.
Жер қойнауын пайдаланушы мұндай хабарламаны алған күннен бастап екі ай өткеннен кейін келісімшарттың қолданысы тоқтатылады.
5. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын құзыретті органның мерзімінен бұрын тоқтатуының заңдылығын олар хабарламаны алған күннен бастап екі ай ішінде сотта даулауға құқылы. Жер қойнауын пайдаланушы сотқа жүгінген жағдайда, осы баптың 4-тармағында көрсетілген мерзім сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.
6. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құзыретті орган уран өндіруге арналған келісімшарттың қолданысын, соның ішінде, егер жер қойнауын пайдаланушының стратегиялық маңызы бар жер қойнауы учаскелерінде уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезіндегі әрекеттері ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін өзгертуге алып келетін жағдайда осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған келісімшарттың қолданысын мерзімінен бұрын біржақты тәртіппен тоқтатуға құқылы.
Келісімшарттың қолданысы көрсетілген негіз бойынша бір жақты тәртіппен тоқтатылған жағдайда құзыретті орган бұл туралы жер қойнауын пайдаланушыға екі айдан кешіктірмей ескертуге тиіс.
7. Егер жер қойнауын пайдаланушының стратегиялық маңызы бар жер қойнауы учаскелеріне қатысты уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезіндегі әрекеттері ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін өзгертуге алып келетін жағдайда, құзыретті орган Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қалпына келтіру мақсатында келісімшарттың, оның ішінде осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған келісімшарттың талаптарын өзгертуді және (немесе) толықтыруды талап етуге құқылы.
Құзыретті орган уран өндіруге арналған мұндай келісімшарттың қолданысын, егер:
1) құзыретті органнан келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру туралы хабарлама алған күннен бастап екі айға дейінгі мерзімде жер қойнауын пайдаланушы жазбаша түрде келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру бойынша келіссөздер жүргізуге өз келісімін растамаса не оны жүргізуден бас тартса;
2) келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру бойынша келіссөздер жүргізуге жер қойнауын пайдаланушының келісімін алған күннен бастап төрт айға дейінгі мерзімде тараптар келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру бойынша келісімге қол жеткізбесе;
3) Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қалпына келтіру бойынша келісілген шешіміне қол жеткізу күнінен бастап алты айға дейінгі мерзімде тараптар келісімшарттың талаптарына өзгерістерге және (немесе) толықтыруларға қол қоймаса, біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
164-бап. Уран өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған кездегі жер қойнауы учаскесі мен мүлік
1. Уран өндіруге арналған келісімшарттың қолданысы тоқтатылған күннен бастап осы келісімшартта бекітілген жер қойнауы учаскесі (учаскелері) мемлекетке қайтарылған болып табылады.
2. Өндіру кезеңі аяқталған күннен бастап өндіру учаскесі (учаскелері) мемлекетке қайтарылған болып табылады.
Егер уран өндіруге арналған келісімшартта екі және одан да көп өндіру учаскесі бекітілген болса, онда өндіру учаскелерінің бірі бойынша өндіру кезеңі аяқталған күннен бастап мұндай учаске мемлекетке қайтарылған болып табылады.
3. Уран өндіруге арналған келісімшарттың қолданысы тоқтатылған кезде құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушыны мына шешімдердің бірі туралы:
1) осы жер қойнауы учаскесіндегі жер қойнауын пайдалану салдарын жою;
2) жер қойнауы учаскесін консервациялауды жүргізу;
3) жер қойнауы учаскесін уран саласындағы ұлттық компанияның сенімгерлік басқаруына беру туралы хабардар етеді.
4. Хабарлама мынадай мерзімдерде:
1) өндіру кезеңі аяқталған соң уран өндіруге арналған келісімшарттың қолданылу мерзімі өткен жағдайда - осындай аяқталғанға дейін екі айдан кешіктірмей;
2) құзыретті орган уран өндіруге арналған келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда - уран өндіруге арналған келісімшарттың қолданысын мерзімінен бұрын тоқтату туралы хабарламаны жібере отырып, бір мезгілде;
3) тараптардың келісімі бойынша уран өндіруге арналған келісімшартты бұзған жағдайда - келісімшартты бұзу туралы келісімге қол қоя отырып, бір мезгілде жіберіледі.
5. Құзыретті органның жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану салдарын жою не жер қойнауы учаскесін консервациялау шешімі туралы хабарламасын алған тұлға:
1) дереу тоқтатылуы төтенше жағдайлардың туындау қатерімен байланысты болатын операцияларды қоспағанда, жер қойнауы учаскесінде уран өндіру жөніндегі операцияларды тоқтатуға міндетті. Мұндай операцияларды тоқтату хабарламаны алған күннен бастап екі ай ішінде жүзеге асырылуы тиіс;
2) осы Кодексте көзделген жою немесе консервациялау жобасы сараптамаларының оң қорытындылары бекітілгеннен және алынғаннан кейін осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес жер қойнауын пайдалану салдарын жою немесе жер учаскесін консервациялау жөніндегі жұмысты дереу бастауға міндетті;
3) хабарламаны алған күннен бастап алты ай ішінде өзі өндірген уранды, сондай-ақ өзінің меншігі болып табылатын жабдық пен өзге де мүлікті шығаруға құқылы. Көрсетілген мерзімде шығарылмаған жабдық пен өзге де мүлік осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес жойылуға немесе консервациялауға жатады.
6. Бұрынғы жер қойнауын пайдаланушы болмаған не ол осы баптың 5-тармағының 2) тармақшасында көзделген міндеттерді орындаудан бас тартқан жағдайда, жер қойнауын пайдалану салдарын жою немесе жер қойнауы учаскесін консервациялау бойынша жұмыстарды жүргізу қамтамасыз ету қаражаты есебінен жүзеге асырылады.