2016.22.01. № 446-V ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Жеке тұлғалар мен қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді күрделендіретін спорт құрылыстарын, спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған орындарды пайдалану және өрт қауіпсіздігі қағидаларының талаптарын, оның ішінде мiнберлердің тіреуіш конструкцияларының ескіруі, мінбер астындағы үй-жайларда жанатын қауіпті заттар мен материалдардың орналастырылуы, авариялық жарық берудің және эвакуациялау жолдарының болмауы, өртке қарсы қорғану құралдарының болмауы немесе олардың ақаулы болуы бөлігінде бұзушылықтар, сондай-ақ өрттің туындауына әкеп соғуы мүмкін электр жабдығын монтаждау және пайдалану қағидаларын, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды, спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін орындарда қатысушылар мен көрермендердің қауіпсіздік жағдайларын бұзушылықтар анықталған жағдайда, ішкі істер органдары не халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган енгізетін ұсыну бойынша жергілікті атқарушы органдар қауіпсіздік жағдайларының анықталған бұзушылықтары жойылғанға дейін осындай іс-шараларды өткізуге тыйым салады.
7. 2016.22.01. № 446-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
8-тарау. ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ МЕН СПОРТ САЛАСЫН КАДРЛЫҚ, ҒЫЛЫМИ, МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӘНЕ ДОПИНГ-БАҚЫЛАУ
40-бап. Дене шынықтыру мен спорт саласында мамандар даярлау
1. Дене шынықтыру мен спорт саласында мамандарды даярлау Қазақстан Республикасының білім беру туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Мемлекет білім беру ұйымдарында оқу мақсатына арналған дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары кешенін, жабдықтардың үлгілік жиынтығын, дене шынықтыру мен спорт саласындағы түрлі бейіндегі мамандарды даярлауға арналған мамандандырылған спорт ғимараттарын және мүкәммалын қамтитын материалдық-техникалық базаны нығайтуға жәрдемдеседі.
3. Спорт бойынша мамандандырылған оқу орындарында және дене тәрбиесі факультеттерінде адамдарды оқыту бюджет қаражаты, ұйымдардың қаражаты, ерікті жарналар, қайырымдылық қорлары және жекелеген адамдардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
4. Дене шынықтыру мен спорт бойынша педагогикалық, жаттықтырушылық-оқытушылық қызметке жоғары немесе орта арнайы дене шынықтыру білімі туралы дипломы бар адамдар жіберіледі.
5. Спорттық жарыстар мен спорттық-бұқаралық іс-шараларға төрешілік етуге дене шынықтыру-спорт ұйымдарында арнайы даярлықтан өткен және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен спорт төрешілері ретінде аттестатталған адамдар жіберіледі.
41-бап. Жаттықтырушыларды, спорт төрешілерін аттестаттау
1. Спорт түрлері бойынша жаттықтырушыларды аттестаттау жаттықтырушылардың спортшыларды даярлау бойынша жұмысты жүргізу құқығын растау мақсатында, қауіпсіздік техникасы қағидалары бойынша білімін қоса алғанда, жаттықтырушылардың тиісті спорт түрі саласындағы тиісті біліктілігі мен білімін тану және растау рәсімі болып табылады.
2. Спорт төрешілерін аттестаттау спорттық іс-шараларда төрешілік жұмысты жүргізу құқығын растау мақсатында спорт төрешілерінің тиісті спорт түрі саласындағы тиісті біліктілігі мен білімін тану және растау рәсімі болып табылады.
3. Аттестаттауды аккредиттелген республикалық спорт федерациялары жүргізеді.
4. 2017.11.05. № 65-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5. Жаттықтырушылар мен спорт төрешілерін аттестаттау нәтижелері бойынша оларға төрт жыл мерзімге аттестаттау туралы куәлік беріледі.
42-бап. Дене шынықтыру мен спортты дамытуды ғылыми-әдістемелік және ғылыми-техникалық қамтамасыз ету
1. Дене шынықтыру мен спорт саласында іргелі, іздестіру, тәжірибелік-конструкторлық, технологиялық, қолданбалы және басқа да ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді белгіленген тәртіппен құрылған және өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыратын ғылыми орталықтар, ғылыми-зерттеу институттары, зертханалар, дене шынықтыру мен спорт саласындағы білім беру мекемелері жүзеге асырады.
2. Дене шынықтыру мен спорт саласындағы уәкілетті орган спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командалары (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалар) немесе ведомстволық бағынысты ұйымдар жанындағы кешенді ғылыми топтардың, уақытша ғылыми ұжымдардың қызметін үйлестіреді.
3. Жергілікті атқарушы органдар өңірлік ғылыми-әдістемелік бірлестіктердің, кешенді ғылыми топтардың қызметін үйлестіреді.
43-бап. Дене шынықтыру мен спорт саласындағы медициналық қамтамасыз ету
1. Дене шынықтырумен және спортпен айналысатын адамдарды медициналық қамтамасыз ету:
1) олардың денсаулық жағдайын жүйелі түрде бақылауды;
2) физикалық жүктемелерінің өздерінің денсаулық жағдайына барабарлығын бағалауды;
3) аурулардың, жарақаттардың профилактикасын және оларды емдеуді, медициналық оңалтуды, нормативтерге сәйкес дәрумен беруді және дәрілік заттармен қамтамасыз етуді;
4) дене шынықтырумен және спортпен айналысу кезінде пайдаланылатын құралдармен және әдістермен денсаулығын қалпына келтіруді қамтиды.
2. Спортшыларды медициналық қамтамасыз ету, спорттық іс-шаралар өткізу кезінде медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру, спорттық медицина ұйымдарын құру тәртібі Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
44-бап. Спортта допингті, спортта допингтік субстанцияларды және (немесе) әдістерді пайдалануға қарсы іс-қимыл
1. Спортта допингті болдырмау және онымен күрес Қазақстан Республикасының және халықаралық допингке қарсы ұйымдардың допингке қарсы қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Бір немесе бірнеше мынадай бұзушылықтар:
1) спортшының немесе спорттық жарысқа қатысатын жануардың допингті пайдалануы;
2) допингке қарсы қағидаларға сәйкес хабарлама алғаннан кейін спортшының сынама тапсыруға келуден бас тартуы, спортшының дәлелді себепсіз сынама тапсыруға келмеуі немесе спортшының сынама тапсырудан өзгеше түрде жалтаруы;
3) допингке қарсы қағидалардың жарыстан тыс кезеңде сынама алу үшін спортшының қолжетімді болуына қатысты талаптарының бұзылуы, соның ішінде оның тұратын жері туралы ақпаратты бермеуі және оның тестілеуге қатысуға келмеуі;
4) допинг-бақылаудың кез келген кезеңінде бұрмалау немесе бұрмалауға әрекеттену;
5) Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің тыйым салынған субстанцияларын терапевтік пайдалану үшін Халықаралық стандартқа сәйкес берілген тыйым салынған субстанцияларға және (немесе) тыйым салынған әдістерге оларды терапевтік пайдалануға рұқсатсыз иелік ету;
6) допинг туралы үгіт ақпаратты тарату допингке қарсы қағидаларды бұзу болып табылады.
3. Спортшылардың, сондай-ақ жаттықтырушылардың, спорттық медицина бойынша мамандардың, дене шынықтыру мен спорт саласындағы өзге де мамандардың спортшыларға қатысты допингке қарсы қағидаларды бұзуына, спорттық жарысқа қатысатын жануарларға қатысты допинг пайдалануға жол берілмейді. Спортшының, сондай-ақ спорттық жарысқа қатысатын жануарға қатысты допингті пайдалану фактісі Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік аккредиттеген зертханаларда жүргізілген зерттеулердің нәтижелерімен расталады.
4. Допинг-бақылау тестілер өткізуді жоспарлауды, сынамалар алуды, оларды сақтауды, тасымалдауды, сынамаларды зертханалық талдауды, тестілеуден кейінгі рәсімдерді, сондай-ақ тиісті тыңдаулар өткізу мен апелляцияларды қарауды қамтитын процесті білдіреді.
5. Допинг-бақылау (тестілеу) рәсімі жарыс кезеңінде және жарыстан тыс кезеңде жүзеге асырылады. Жарыс кезеңі деп, егер тиісті спорт түрі бойынша халықаралық спорт федерациясы қағидаларында немесе өзге де халықаралық допингке қарсы ұйымда не Ұлттық допингке қарсы орталықта өзгеше көзделмесе, спортшының және (немесе) жануардың нақты спорттық жарысқа қатысуына байланысты кезең түсініледі. Жарыс кезеңіне қосылмаған уақыт жарыстан тыс кезең болып табылады.
6. Допингті пайдалануға қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар:
1) допинг-бақылау жүргізуді;
2) спортшылардың, жаттықтырушылардың, дене шынықтыру мен спорт саласындағы өзге де мамандардың допингке қарсы қағидаларды бұзғаны үшін жауаптылығын белгілеуді;
3) допингті қолданудың алдын алуды;
4) допинг-бақылауды жүргізетін мамандардың біліктілігін арттыруды;
5) бұқаралық ақпарат құралдарында допингке қарсы насихат жүргізуді;
6) спортта допингті болдырмауға және оған қарсы күреске бағытталған ғылыми зерттеулер жүргізуді;
7) спортшылардың жұмысқа қабілеттілігін қалпына келтіру құралдары мен әдістерін әзірлеу жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізуді;
8) құрамына тыйым салынған субстанцияларды қосу арқылы дәрілік заттар мен тағамдық қоспалардың сапасын бұрмалағаны, осындай дәрілік заттар мен тағамдық қоспаларды өткізгені үшін, сондай-ақ, тыйым салынған субстанцияларды әзірлеу, дайындау, пайдалану тәсілдері, әдістері және оларды сатып алу орындары туралы мәліметтерді таратуға бағытталған қызмет үшін жауаптылықты белгілеуді;
9) допингке қарсы қағидаларда көзделген допинг-бақылау жүргізу шарттарын бұзғаны үшін дене шынықтыру-спорт ұйымдарының жауаптылығын белгілеуді;
10) спортта допингті болдырмау және онымен күрес саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруды қамтиды.
7. Спорттық жарыстарды ұйымдастырушылар халықаралық спорт ұйымдарының талаптары мен шешімдерін және Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтай отырып, міндетті допинг-бақылауды жүргізу шарттарын қамтамасыз етуге міндетті.
9-тарау. ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ МЕН СПОРТ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ӘЛЕУМЕТТІК КЕПІЛДІКТЕР ЖҮЙЕСІ
45-бап. Спортшылардың әлеуметтік қорғалуы
1. Жергілікті атқарушы органдар, спорт федерациялары, дене шынықтыру-спорт ұйымдары аса көрнекті спортшыларға - «КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері», «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері», «КСРО-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері», «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атақтары бар, спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) құрамына кірген немесе кіретін олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне, әлем чемпиондарына, олардың «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» немесе «КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атақтары бар жаттықтырушыларына ай сайын ақшалай үлес төлейді.
2. Жергілікті атқарушы органдар, спорт федерациялары, дене шынықтыру-спорт ұйымдары спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) құрамына кіретін спортшыларға, олардың жаттықтырушыларына, сондай-ақ спорттың ойналатын түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (ұлттық құрама командалардың) құрамында ойнайтын спортшыларға, олардың жаттықтырушыларына және клубтық командалардың жетекшілеріне ай сайын ақшалай үлес төлейді.
3. Дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) мүшелері халықаралық жарыстарда спорттық жарақаттар алған және мертіккен кезде, оларға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтемақы төлеуді жүзеге асырады.
46-бап. Спортшылар мен жаттықтырушыларды мемлекеттік әлеуметтік қолдау
1. Мемлекет ай сайынғы төлемдерді білдіретін өмір бойы ай сайынғы материалдық қамтамасыз ету түрінде (бұдан әрі - материалдық қамтамасыз ету) спортшылар мен жаттықтырушыларды әлеуметтік қолдауды жүзеге асырады.
2. Материалдық қамтамасыз етуді алу құқығына кемінде жиырма жыл еңбек өтілі бар мына спортшылар мен жаттықтырушылар ие:
1) Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері және (немесе) олипиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпиондары атағын жеңіп алған спортшылар;
2) Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері және (немесе) олипиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпиондары атағын жеңіп алған спортшыларды даярлаған жаттықтырушылар.
3. Осы баптың 2-тармағында белгіленген бірнеше негіздер бойынша бір мезгілде материалдық қамтамасыз етуді алуға құқығы бар адамдарға материалдық қамтамасыз ету ең жоғары мөлшерде негіздердің тек біреуі бойынша ғана төленеді.
47-бап. Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне тұрғын үй беру және оны сатып алу тәртібі
1. Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары немесе жүлдегерлері болып табылатын Қазақстан Республикасының спортшыларына тұрғын үй аталған адамдарға меншік құқығымен беріледі.
2. Бір Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарында біреуден көп медаль жеңіп алған адамдарға жергілікті атқарушы органнан бір рет тұрғын үй алу құқығы беріледі.
3. Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері үшін тұрғын үйді жергілікті атқарушы органдар спортшының тұрғылықты жеріне және алған орнына қарай республика қалаларынан алып береді.
4. Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері үшін мынадай шарттар белгіленеді:
1) Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған чемпионға - үш бөлмелі пәтер;
2) Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарында күміс медаль жеңіп алған чемпионға - екі бөлмелі пәтер;
3) Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарында қола медаль жеңіп алған чемпионға - бір бөлмелі пәтер.
5. Тұрғын үй алуға құқығы бар адамдар (бұдан әрі - өтініш беруші) Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындары аяқталған күннен бастап бір ай ішінде тиісті жергілікті атқарушы органға тұрғын үйдің орналасу орнын (қала, облыс) көрсете отырып өтініш береді және мынадай құжаттарды:
өтініш берушінің жеке куәлігінің нотариат куәландырылған көшірмесін;
тиісті Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада комитеттерінен Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпионы немесе жүлдегері атағын растайтын жарыстар хаттамасының көшірмесін ұсынады.
6. Жергілікті атқарушы орган қажетті құжаттарды алған соң мынадай іс-шараларды жүзеге асырады:
1) бес жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексеруді жүзеге асырады және тұрғын үй беру немесе бермеу туралы шешім шығарады;
2) шешім қабылданғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде өтініш берушіге жазбаша жауап жібереді;
3) он жұмыс күні ішінде дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға ағымдағы нысаналы трансферттер бойынша өтінім жібереді;
4) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген нысан бойынша және мерзімдерде ағымдағы нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісім жасайды;
5) ағымдағы нысаналы трансферттер түскен күннен бастап алты айдан кешіктірілмейтін мерзімдерде Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері үшін тұрғын үй сатып алады;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес спортшылардың - Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындары чемпиондарының немесе жүлдегерлерінің меншігіне тұрғын үйді береді.
7. Жергілікті атқарушы орган:
1) осы баптың 5-тармағында көрсетілген барлық құжаттар ұсынылмаған;
2) өтініш беруші осы баптың 1-тармағының шарттарына сәйкес келмеген жағдайларда өтініш берушіге мемлекеттік көтермелеуді тағайындаудан бас тартады.
8. Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондарына немесе жүлдегерлеріне тұрғын үй алуды (сатып алуды) қаржыландыру Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындары аяқталған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей, Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес ағымдағы нысаналы трансферттерді аудару арқылы жүзеге асырылады.
9. Бұл нормалар осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері атағын жеңіп алған адамдарға қолданылмайды.
48-бап. Дене шынықтыру саласындағы жеңілдікпен көрсетілетін қызметтер
Мүгедектерді қоспағанда, дене шынықтыру-сауықтыру қызметтерін тегін немесе жеңілдікті шарттармен пайдаланатын азаматтар санаттарының тізбесін, сондай-ақ жеңілдіктер мөлшерін ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының және дене шынықтыру-спорт ұйымдары әкімшілігінің шешімдерімен дене шынықтыру мен спорт саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
10-тарау. ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ МЕН СПОРТТЫ ҚАРЖЫЛЫҚ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
49-бап. Дене шынықтыру мен спортты қаржыландыру көздері
Дене шынықтыру мен спортты қаржыландыру бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
50-бап. Дене шынықтыру мен спорт саласындағы демеушілік пен кәсіпкерлік қызмет
1. Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын ұйымдардан басқа, жеке және заңды тұлғалар дене шынықтыру-спорт ұйымдарының, командалардың немесе спорттық іс-шаралардың демеушілері бола алады. Демеушілер мен дене шынықтыру-спорт ұйымдары, командалар, іс-шараларды ұйымдастырушылар арасындағы қатынастар шарттық негізде белгіленеді. Демеушілер спорттық іс-шараларды қаржыландыра отырып, оларды демеушілердің немесе олардың өнімдерінің белгісімен (эмблемасымен) өткізу құқығына ие болады.
2. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғалар дене шынықтыру-спорт ұйымдарына және жекелеген адамдарға қызмет көрсету бойынша кәсіпкерлік қызметпен айналыса алады, дене шынықтыру-спорт және оған ілеспе тауарларды өндіре алады, дене шынықтыру мен спортты жарнама қызметінде пайдалана алады.
51-бап. Дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары
1. Дене шынықтыру мен спорттың материалдық базасын әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне жататын дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарының барлық түрлері құрайды.
2. Спорт ғимараттары мемлекеттік және (немесе) жеке меншікте болуы мүмкін.
3. Аумақтарды дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарымен қамтамасыз ету қажеттілігін айқындау, сондай-ақ дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарын орналастыру сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерге сәйкес жүзеге асырылады.
4. Мемлекет меншігіндегі дене шынықтыру-сауықтыру, спорт ғимараттарын оларға тең дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық және спорттық-техникалық ғимараттарды құрмай тұрып жоюға, олардың нысаналы және функционалдық мақсатын өзгертуге жол берілмейді.
5. Меншігінде немесе иелігінде спорт ғимараттары бар адамдар техникалық регламенттер, стандарттар талаптарына, мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары белгілеген нормаларға, қағидалар мен талаптарға, санитариялық қағидаларға сәйкес спорттық іс-шаралар өткізілетін орындарды тиісінше техникалық жабдықтармен қамтамасыз етеді.
52-бап. Дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарының тізілімі
1. Дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарының тізілімі дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары туралы мәліметтерді есепке алуға және сақтауға арналған ақпараттық жүйені білдіреді.
2. Дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары тізілімге енгізілуге жатады.
3. Дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарының тізілімі мынадай міндетті мәліметтерді:
1) дене шынықтыру-сауықтыру немесе спорт ғимаратының толық атауын;
2) дене шынықтыру-сауықтыру немесе спорт ғимаратының мекенжайын (тұрған жерін);
3) меншігінде дене шынықтыру-сауықтыру немесе спорт ғимараты бар меншік иесі туралы мәліметтерді;
4) пайдалануға беру, реконструкциялаудың, күрделі жөндеудің аяқталған күнін;
5) дене шынықтыру-сауықтыру немесе спорт ғимаратының функционалдық мақсатын;
6) біржолғы қабылдау қабілетін;
7) дене шынықтыру-сауықтыру немесе спорт ғимараты орналасқан жер учаскесінің алаңын;
8) ғимараттарда қызмет көрсетуші персоналға арналған орындардың бар немесе жоқ екендігін;
9) медициналық қызмет көрсетуге және допинг-бақылау жүргізуге арналған арнайы жабдықталған үй-жайдың бар немесе жоқ екендігін;
10) көрермендерге арналған орындардың санын қамтиды.
11-тарау. ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ МЕН СПОРТ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ
53-бап. Дене шынықтыру мен спорт саласындағы халықаралық ынтымақтастық
1. Дене шынықтыру мен спорт саласындағы халықаралық ынтымақтастық Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық дене шынықтыру-спорт ұйымдары, сондай-ақ халықаралық дене шынықтыру-спорт ұйымдарының филиалдары мен өкілдіктері құрылуы мүмкін. Ұлттық дене шынықтыру-спорт ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өз қызметін жүзеге асыруға шетелдіктерді және азаматтығы жоқ адамдарды тартуға, сондай-ақ шет мемлекеттерден, халықаралық ұйымдардан, шетелдік ұйымдардан, шетелдіктерден және азаматтығы жоқ адамдардан алынған ақша қаражатына және өзге де мүлікке өз бетінше иелік етуге құқылы.
54-бап. Дене шынықтыру мен спорт саласында ерікті негізде жұмыс жүргізетін ұйымдастырушылар (спорт еріктілері)
1. Спорт түрлері және өндірістік гимнастика бойынша жаттықтырушылар, нұсқаушылар, спорт төрешілері, халықпен дене шынықтыру-сауықтыру және спорт жұмысын ұйымдастырушылар (спорт еріктілері) ерікті негізде дене шынықтыру мен спорт саласындағы қоғамдық қызметті жүзеге асыра алады, дене шынықтыру-спорт ұйымдарында арнайы даярлықтан және аттестаттаудан өте алады.
2. Тиісті даярлықтан және аттестаттаудан өтпеген, осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдарға спорт сабақтарын ұйымдастыру мен өткізуге, спорттық жарыстарға төрешілік етуге және өз бетінше өзге де спорттық қызметпен айналысуға жол берілмейді.
55-бап. Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың дене шынықтыру мен спорт саласындағы құқықтары
Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар, халықаралық спорттық жарыстарда спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командалары (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалар) құрамында өнер көрсету құқығын қоспағанда, осы Заңда көзделген көлемде дене шынықтырумен және спортпен айналысу құқықтарын пайдаланады.
12-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
56-бап. 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
57-бап. Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
58-бап. Өтпелі ережелер
1. Спорт федерациялары осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде өздерінің қызметін осы Заңның талаптарына сәйкес келтіруі тиіс.
2. Осы Заңның 41-бабында көрсетілген жаттықтырушылар мен спорт төрешілері осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл ішінде аттестатталуға жатады.
59-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Дене шынықтыру және спорт туралы» 1999 жылғы 2 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 24, 1065-құжат; 2003 ж., № 15, 129-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 13, 86-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 10, 69-құжат; № 20, 152-құжат; 2009 ж., № 15-16, 77-құжат; № 18, 84-құжат; № 23, 111-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 24, 149-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2012 ж., № 3, 25-құжат; № 8, 64-құжат; № 12, 84-құжат; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 14, 72, 75-құжаттар; 2014 ж., № 1, 4-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2014 жылғы шілденің 3-і.
№ 228-V ҚРЗ