7) паралимпиадалық спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (паралимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) бас жаттықтырушыларының және паралимпиадалық спорт түрлері бойынша мемлекеттік жаттықтырушылардың лауазымдарға тағайындалуын және олардан босатылуын келісуді жүзеге асырады.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық паралимпиада комитеті Халықаралық паралимпиада комитетінің Қағидалар жиынтығына сәйкес Халықаралық паралимпиада комитетіне тиесілі паралимпиадалық рәмізді, девизді, туды және гимнді, «Паралимпиадалық ойындар», «Паралимпиада ойындары» деген атауларды Қазақстан Республикасының аумағында пайдалану құқықтарын қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының Ұлттық паралимпиада комитеті Қазақстан Республикасының Ұлттық паралимпиада комитетінің паралимпиадалық эмблемасына, девизге, туға және өзге де ұлттық паралимпиадалық нышанға айрықша құқықтарды иеленеді.
5. Спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) Паралимпиадалық ойындарда және Халықаралық паралимпиада комитетінiң қамқорлығы аясында өткiзiлетiн басқа да халықаралық спорттық іс-шараларға қатысуы Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы көтеріліп жүзеге асырылады.
6. Қазақстан Республикасы Ұлттық паралимпиада комитетінің паралимпиадалық жоғары жетістіктер спорты түрлері мен бұқаралық спортты дамыту, сондай-ақ Паралимпиадалық ойындарға және Халықаралық паралимпиада комитетінің аясында өткiзілетiн басқа да халықаралық спорттық іс-шараларға қатысу үшін Қазақстан Республикасы мүгедек спортшыларының қажетті дайындық деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі өз өкілеттіктерін іске асыруы дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен және республикалық спорт федерацияларымен өзара іс-қимыл жасау арқылы жүзеге асырылады.
7. Қазақстан Республикасының Ұлттық паралимпиада комитеті өзінің алдында тұрған жарғылық міндеттерін орындауды меншікті қаржыландыру көздері, қайырымдылық көмек, жеке және заңды тұлғалардың ерікті қайырмалдықтары есебінен, сондай-ақ белгіленген тәртіппен бөлінетін бюджет қаражаты есебінен іске асырады.
2017.11.05. № 65-VІ ҚР Заңымен 14-баптың тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
14-бап. Сурдлимпиадалық қозғалыс, Арнайы олимпиадалық қозғалыс, сурдлимпиадалық және арнайы олимпиадалық спорт түрлері бойынша қоғамдық бірлестіктер
2017.11.05. № 65-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Сурдлимпиадалық қозғалыс, Арнайы олимпиадалық қозғалыс мақсаты мүгедектердің дене шынықтыру мен спортын дамытуға жәрдемдесу, көрсетілген салада халықаралық ынтымақтастықты нығайту, Сурдлимпиадалық ойындарға, Халықаралық арнайы олимпиадалық ойындарға қатысу болып табылатын тиісінше халықаралық сурдлимпиадалық қозғалыстың, халықаралық арнайы олимпиадалық қозғалыстың бір бөлігі болып табылады.
2017.11.05. № 65-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Сурдлимпиадалық қозғалысты, Арнайы олимпиадалық қозғалысты қызметін Қазақстан Республикасының қоғамдық бірлестіктер туралы заңнамасына, тиісті халықаралық спорт ұйымдарының жарғыларына сәйкес және халықаралық спорт ұйымдарының тануы негізінде, сондай-ақ өздерінің жарғыларына сәйкес жүзеге асыратын сурдлимпиадалық және арнайы олимпиадалық спорт түрлері бойынша қоғамдық бірлестіктер басқарады.
2017.11.05. № 65-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Сурдлимпиадалық, арнайы олимпиадалық спорт түрлері бойынша қоғамдық бірлестіктер тиісінше Сурдлимпиадалық ойындарда, Халықаралық арнайы олимпиадалық ойындарда, Халықаралық сурдлимпиадалық комитет және Халықаралық арнайы олимпиадалық комитет аясында өткізілетін басқа да халықаралық спорттық іс-шараларда спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларын (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларды) білдіреді.
2015.16.11. № 403-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.11.05. № 65-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4-тармақ өзгертілді
4. Сурдлимпиадалық, арнайы олимпиадалық спорт түрлері бойынша қоғамдық бірлестіктер өздерінің алдында тұрған жарғылық міндеттерін орындауды өзінің қаржыландыру көздері, қайырымдылық көмек, жеке және заңды тұлғалардың ерікті қайырмалдықтары есебінен, сондай-ақ белгіленген тәртіппен бөлінетін бюджет қаражаты есебінен іске асырады.
15-бап. Білім беру ұйымдарындағы дене тәрбиесi және спорт
1. Білім беру ұйымдарындағы дене тәрбиесі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына және үлгілік оқу жоспарларына сәйкес оқу уақытында және оқудан тыс уақытта жүзеге асырылады.
2. Дене тәрбиесi: мектепке дейiнгi ұйымдарда - аптасына кемiнде үш сағат, жалпы бiлiм беретiн мектептерде - аптасына кемiнде үш сағат, колледждерде - аптасына кемiнде төрт сағат, жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын жоғары оқу орындарында бірінші және екінші оқу жылдарында білім алушылар үшін аптасына кемінде төрт сағат көлемінде жүргiзiледi.
Денсаулығы нашар білім алушылар мен тәрбиеленушілер арнайы медициналық топтар мен емдiк дене шынықтыру топтарында айналысады.
Дене мүмкіндіктері шектеулі білім алушылар мен тәрбиеленушілер бейімдік дене шынықтыру мен спорт құралдарын пайдалана отырып айналысады.
3. Мектепке дейiнгi білім беру ұйымдары, жалпы бiлiм беретiн мектептер мен басқа да білім беру ұйымдары білім алушылар мен тәрбиеленушілердің дене тәрбиесiмен айналысу мақсатында дене шынықтыру машықтарын қалыптастырады, оларды спортпен айналысуға тартады, дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық iс-шаралар өткiзедi және қоғамдық бiрлестiктер мен басқа да заңды тұлғаларға мектеп жасына дейiнгi балалардың, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің қатысуымен спорттық iс-шараларды ұйымдастыруға және өткiзуге жәрдемдеседi.
4. Сабақтан тыс уақытта спортпен айналысу үшiн спорт клубтары, секциялар мен мектептен тыс дене шынықтыру-сауықтыру ұйымдары құрылады, олардың қатарына әртүрлі спорт мектептерi, балалар-жасөспiрiмдердің дене шынықтыру даярлығы клубтары, тұрғылықты жерi бойынша балалар мен жеткіншектер клубтары және қызметi мектеп жасына дейiнгi балалардың, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің дене тәрбиесi мен спорттық даярлығына бағытталған басқа да заңды тұлғалар кiредi.
5. Дене шынықтыру-спорт ұйымдарында спорт резервін даярлау мақсатында жергілікті атқарушы органдармен келісу бойынша жалпы білім беретін мектептер базасында тереңдетілген оқу-жаттығу процесі негізінде әртүрлі спорт түрлері бойынша білім алушылар мен тәрбиеленушілердің спорттық даярлығын жүзеге асыратын мамандандырылған спорт сыныптары мен топтары құрылады.
6. Спорттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттарда, олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледждерінде спортшыларды даярлау білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
7. Білім беретін оқу орындарында спортшыларды даярлау дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға, бағдарламалар мен нормативтерге сәйкес жүзеге асырылады.
8. Мектеп жасына дейінгі білім беру ұйымдарында, мектептен тыс дене шынықтыру-сауықтыру ұйымдарында және басқа да білім беру ұйымдарында дене тәрбиесі үшін қажетті жағдайлар жасау жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі.
9. Білім беру ұйымдарында студенттік және мектеп спортын дамыту мақсатында спорт клубтары, студенттер және оқушылар лигалары, білім алушылар мен тәрбиеленушілер арасында спорт түрлері бойынша федерациялар құрылуы мүмкін.
10. Студенттік және мектеп спорты саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар студенттік және (немесе) мектеп спорты лигасының мүшелері болуы мүмкін.
11. Студенттер және оқушылар лигаларын қалыптастыру, студенттер және оқушылар лигалары арасында спорттық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу тәртібін дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
16-бап. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарында әскери-қолданбалы, қызметтік-қолданбалы және басқа да спорт түрлерін дамыту
1. Әскери қызметшілер мен Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары қызметкерлерінің бір немесе бірнеше мемлекеттік органдар қызметінің шеңберінде дамитын қызметтік міндеттерін орындауына байланысты арнайы іс-қимылдары (оның ішінде тәсілдері) әскери-қолданбалы және қызметтік-қолданбалы спорт түрлерінің негізі болып табылады.
2. Әскери қызметшілер мен Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары қызметкерлерінің дене шынықтыру даярлығы қоршаған ортаның физикалық факторларының өзгерістері ескеріле отырып, әскери қызметтің, Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары қызметінің ерекшеліктері мен жауынгерлік және жедел-қызметтік міндеттерді орындауға байланысты әртүрлі жағдайларға әскери қызметшілер мен Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары қызметкерлері организмінің төзімділігін арттыру мақсатында өткізілетін даярлықтың негізгі нысанасы болып табылады.
3. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарында дене шынықтыру даярлығы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары бекітетін дене шынықтыру даярлығы бойынша бағдарламалар негізінде қызметкерлердің қызметтік міндеттерді табысты орындауы мақсатында жүзеге асырылады.
4. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарында әскери қызметшiлер мен құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін спортпен тұрақты түрде айналысуға тарту мақсатында тиісті әскери-қолданбалы, қызметтік-қолданбалы, техникалық және басқа да спорт түрлерін дамытуды, спортшылар даярлауды жүзеге асыратын, сондай-ақ құрама командаларды жасақтайтын спорт клубтары, дене шынықтыру-спорт ұйымдары құрылуы және жұмыс істеуі мүмкін.
5. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген ұйымдар оқу-жаттығу процесін жүзеге асырады, барлық санаттағы әскери қызметшiлердің және Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары қызметкерлерінің спортпен айналысуы үшін жағдайлар жасайды, спортшылардың спорттық жарыстарға, оның ішінде оқу-жаттығу және спорттық іс-шараларды ұйымдастыруды, медициналық қызмет көрсетуді, спортшылардың қарқынды дене шынықтыру жүктемелерінен, аурулары мен жарақаттануынан кейін қалпына келтіру іс-шараларын, олардың тамақтануын, тұруын және жол жүруін қамтамасыз етуді, сондай-ақ спорттық жарақпен, спорттық мүкәммалмен және жабдықпен қамтамасыз етуді, жаттықтырушылар мен дене шынықтыру және спорт саласындағы басқа да мамандардың біліктілігін арттыру жөніндегі іс-шаралар өткізуді көздейтін, Дүниежүзілік армия ойындарына, Достас армиялардың спартакиадасына, әлем чемпионаттарына және Полицейлер мен өрт сөндірушілердің дүниежүзілік ойындарына қатысуына даярлығын жүзеге асырады.
2017.11.05. № 65-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Әскери-қолданбалы және қызметтік-қолданбалы, техникалық және басқа да спорт түрлерін дамытуға басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары спорттық іс-шараларға қатысу үшін тиісті спорт түрлері бойынша құрама командаларды жасақтайды, әскери қызметшiлер мен Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары қызметкерлерінің дене шынықтыру даярлығына үнемі тестілеу жүргізіп отырады, республикалық және халықаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастырады, өткізеді және қамтамасыз етеді, әскери-қолданбалы, қызметтік-қолданбалы, техникалық және басқа да спорт түрлері бойынша спорттық сыныптаманы әзірлейді және оған уақтылы өзгерістер енгізеді, әскери қызметшілер мен Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарының қызметкерлері қатарындағы спортшыларға, жаттықтырушыларға және спорт төрешілеріне спорттық атақтар мен біліктілік санаттарын беру үшін дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға құжаттар ұсынады, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жаттықтырушыларға, әдіскерлерге, спорт төрешілеріне, нұсқаушы-спортшыларға спорттық разрядтар мен дәрежелер, біліктілік талаптарын береді.
7. Әскери қызметшiлер мен Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарының қызметкерлері арасында өткізілетін әскери-қолданбалы және қызметтік-қолданбалы, техникалық және басқа да спорт түрлері бойынша спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай күнтізбесін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары бекітеді.
17-бап. Еңбек ұжымдарындағы дене шынықтыру және спорт
1. Заңды тұлғалар жұмыскерлердi сауықтыру бойынша дене шынықтыруды дамыту үшін қаражат көздей алады және жеке адамдардың дене шынықтырумен және спортпен айналысу құқықтарын iске асыруына жағдайлар жасайды.
2. Жұмыскерлердiң, олардың отбасы мүшелерiнiң жеке және ұжымдық дене шынықтыру-спорт сабақтарын ұйымдастыру үшiн материалдық база құру, оны пайдалану, қаржыландыру, мамандармен қамтамасыз ету ұжымдық шарттарда және (немесе) заңды тұлғаның басқару органының шешімімен айқындалады және (немесе) оны дара кәсіпкер айқындайды.
3. Еңбек ұжымдарында ерікті негізде және салалық қағидат бойынша спортпен айналысу үшін жеке адамдарды біріктіретін ведомстволық дене шынықтыру-спорт қоғамдары құрылуы мүмкін.
4. Қоғамдардың ұйымдастырушылық-құқықтық нысаны және олардың қызмет тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.
18-бап. Халықтың тұрғылықты жерi бойынша және көпшілік демалатын орындардағы дене шынықтыру және спорт
1. Халықтың тұрғылықты жері бойынша және көпшілік демалатын орындарда дене шынықтыру мен спортты дамыту:
1) жеке адамдардың дене шынықтырумен және спортпен айналысулары үшін инфрақұрылым жасауды;
2) спорт клубтары мен секцияларының жұмысын ұйымдастыруды;
3) дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық iс-шараларды ұйымдастыруды және өткiзуді;
4) дене шынықтыру-спорт ұйымдарына көпшілік демалыс орындарында халықтың дене шынықтырумен және спортпен айналысуына арналған қажеттi үй-жайлар бөлуге және спорт ғимараттарын беруге жәрдемдесуді;
5) дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарының тиісті техникалық жай-күйін қамтамасыз етуді қамтиды.
2. Санаториялық-курорттық ұйымдар, пансионаттар, демалыс үйлерi, туристiк базалар және балаларды сауықтыру лагерьлерi жеке, топтық және отбасылық дене шынықтыру-сауықтыру іс-шараларын өткiзу үшін жағдайлар жасайды.
19-бап. Бейімдік дене шынықтыру және спорт, мүгедектердің дене бітімін оңалту және оларды әлеуметтік бейімдеу
1. Бейімдік дене шынықтыру мен спорт әдістерін пайдалана отырып, мүгедектердің дене бітімін оңалту және әлеуметтік бейімдеу спорт клубтарында, мүгедектер мектептері мен секцияларында, дене шынықтыру-спорт ұйымдарында жүзеге асырылады.
2. Мүгедектерге арналған дене шынықтыру-спорт ұйымдарындағы оқу-жаттығу процесі, даярлық кезеңдерінің мазмұны тиісті паралимпиадалық, сурдлимпиадалық, арнайы олимпиадалық спорт түрлері бойынша қоғамдық бірлестіктер әзірлейтін және дене шынықтыру мен спорт саласындағы уәкілетті орган бекітетін спорт түрлері бойынша бағдарламалар негізінде жүзеге асырылады.
3. Мүгедектердің дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануын ұйымдастыру, кадрлар даярлау, мүгедектердің дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануын әдістемелік, медициналық қамтамасыз ету және дәрігерлік бақылау білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, дене шынықтыру және спорт органдарына жүктеледі.
2017.11.05. № 65-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Жергілікті атқарушы органдар мүгедектер арасында спортты дамытуды, арнайы спорттық құрал-жабдық беруді қамтамасыз етеді және мүгедектердің дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануына спорт құрылыстарының қолжетімді болуы үшін жағдай жасайды.
Мүгедектігінің санатына қарай, санамаланған көрсетілетін қызметтер бюджет қаражаты есебінен және «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жеңілдікті шарттармен жүзеге асырылады.
5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары мүгедектердің дене шынықтыру-спорт ұйымдарымен бірлесе отырып, спорт клубтарының, мектептерінің, секцияларының ашылуын қамтамасыз етеді, облыс, республикалық маңызы бар қала, астана, аудан, облыстық маңызы бар қала деңгейінде спорттық іс-шаралар өткізуді, сондай-ақ оларды республикалық спорттық жарыстарға даярлауды және оларға қатысуын ұйымдастырады.
6. Дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган мүгедектердің дене шынықтыру-спорт ұйымдарымен бірлесе отырып, республикалық жарыстар өткізуді, мүгедектер арасындағы спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларын (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларды) халықаралық спорттық жарыстарға, оның ішінде Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарына және Дүниежүзілік арнайы олимпиада ойындарына даярлауды және оларға қатысуын ұйымдастырады.
20-бап. Түзеу мекемелеріндегі дене шынықтыру және спорт
1. Түзеу мекемелерінде сотталған адамдардың дене тәрбиесі жүзеге асырылады.
2. Түзеу мекемелерінің әкімшілігі дене шынықтырумен және спортпен айналысу үшін жағдайлар қамтамасыз етеді және спорт түрлері жөніндегі қағидаларға сәйкес спорттық іс-шараларды ұйымдастырады.
3. Сотталғандар дене шынықтырумен және спортпен айналысу үшін өз қаражаты есебінен спорттық киім, аяқкиім сатып алуға құқылы.
4-тарау. ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІН ДАМЫТУ
21-бап. Ұлттық спорт түрлері
1. Ұлттық спорт түрлері спорттың ажырамас бір бөлігі болып табылады, оның танылуы осы Заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары спорт клубтарын, мектептерін, секцияларын ашу, облыс, республикалық маңызы бар қала, астана деңгейінде спорттық іс-шараларды өткізу, ұлттық спорт түрлері бойынша республикалық, халықаралық спорттық жарыстарға спортшыларды даярлау және олардың қатысуы, тиісті инфрақұрылым жасау арқылы ұлттық спорт түрлерінің дамуын қамтамасыз етеді.
3. Ұлттық спорт түрлері бойынша сабақтарды ұйымдастыру, кадрларды даярлау, әдістемелік, медициналық және допингке қарсы қамтамасыз ету, спорттық атақтар мен разрядтарды, жаттықтырушы біліктіліктерін және спорт төрешілерінің санаттарын беру осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган ұлттық спорт түрлері бойынша республикалық спорт федерацияларымен бірлесіп, халықаралық және республикалық жарыстарды өткізуді, спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларын (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларды) халықаралық және республикалық спорттық жарыстарға даярлауды және олардың қатысуын ұйымдастырады.
22-бап. Ұлттық спорт түрлері бойынша бірлестіктерді, спорт клубтарын құру құқығы
Қазақстан Республикасы азаматтарының ерікті бастамалармен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс істейтін ұлттық спорт түрлері бойынша бірлестіктер, әуесқой және кәсіпқой спорт клубтары мен оларға теңестірілген ұйымдар құруға құқығы бар.
5-тарау. СПОРТ РЕЗЕРВІ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ ЖЕТІСТІКТЕР СПОРТЫ
23-бап. Спортшылардың құқықтары мен міндеттері
1. Спортшылардың:
1) спорт түрін (түрлерін) таңдауға;
2) таңдаған спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен спорттық жарыстарға қатысуға;
3) бірыңғай спорттық сыныптама нормалары мен талаптарын орындаған кезде спорттық разрядтар мен спорттық атақтар алуға;
4) дене шынықтыру-спорт ұйымдарының өзара келісімі бойынша бір дене шынықтыру-спорт ұйымынан басқасына немесе шетелдік дене шынықтыру-спорт ұйымына өтуге;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен спорттық қызмет туралы шарттар жасасуға;
6) спортшылардың құқықтары мен заңды мүдделерін халықаралық спорттық ұйымдарда қорғауда таңдаған спорт түрлері бойынша спорт федерацияларынан жәрдем алуға;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Спортшылар:
1) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнiнiң музыкалық редакциясы мен мәтiнiн білуге;
2) спорттық іс-шараларға қатысу уақытында және спорт ғимараттарында болған кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауға;
3) допингті пайдаланбауға, міндетті допинг-бақылаудан өтудің белгіленген тәртібін сақтауға;
4) спорт саласындағы этика нормаларын сақтауға;
5) жарыстарды ұйымдастырушылардың талаптарын осындай жарыстардың ережелеріне сәйкес сақтауға;
6) санитариялық-гигиеналық талаптарды, медициналық талаптарды сақтауға, тұрақты түрде медициналық тексерулерден өтуге;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
24-бап. Спорт резервін және жоғары дәрежелі спортшыларды даярлау
1. Спорт резервін және жоғары дәрежелі спортшыларды даярлауды аккредиттелген республикалық федерациялар әзірлейтін және дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган бекітетін дене шынықтыру-спорт ұйымдарына арналған спорт түрлері бойынша бағдарламаларға сәйкес дене шынықтыру-спорт ұйымдары жүзеге асырады. Спорт резервін және жоғары дәрежелі спортшыларды даярлау оқу-жаттығу процесін және спорттық іс-шаралар өткізуді қамтиды.
2. Оқу-жаттығу процесі мазмұнын дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган бекітетін, спортшыларды даярлаудың мынадай кезеңдеріне бөлінеді:
1) спорттық-сауықтыру;
2) бастапқы даярлық;
3) оқу-жаттығу;
4) спорттық шеберлікті жетілдіру;
5) жоғары спорт шеберлігі.
3. Оқу-жаттығу процесін ұйымдастыру бойынша шығыстар дене шынықтыру-спорт ұйымдарының көзделген қаражаты шегінде жүзеге асырылады.
4. Спорт түрлері бойынша спортшыларды ұстауға, қамтамасыз етуге, даярлауға және олардың спорттық іс-шараларға қатысуына, оның ішінде спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге байланысты көрсетілетін қызметтерді сатып алу оларға қатысты дене шынықтыру мен спорт саласындағы уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындарда жүзеге асырылады.
25-бап. Жоғары дәрежелі спортшылар даярлаудың ерекшеліктері
1. Жоғары дәрежелі спортшылар даярлауды дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган бекіткен спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) спортшыларын даярлаудың жеке жоспарларына сәйкес дене шынықтыру және спорт саласындағы қазақстандық және шетелдік мамандар, сондай-ақ дене шынықтыру-спорт ұйымдары жүзеге асырады.
2. Жоғары дәрежелі спортшылар даярлау Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес шарттық негізде жүзеге асырылады.
3. Спорттық қызмет туралы шартта спортшының, жаттықтырушының және заңды тұлғаның құқықтары мен міндеттері, әлеуметтік және медициналық сақтандыру туралы ережелер, шартты жасасу және бұзу талаптары қамтылуы тиіс. Спорттық қызмет туралы шартта Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін басқа да талаптар мен міндеттемелер қамтылуы мүмкін.
4. Спортшыны тіркеу туралы куәліктің болуы спорттық қызмет туралы шарттың міндетті талабы болып табылады.
26-бап. Спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама және штаттық құрама командалары және оларды жасақтау тәртібі
1. Спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама және штаттық құрама командалары (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалар), спорт түрлері бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың құрама командалары халықаралық спорттық іс-шараларға даярлану және қатысу мақсатында жасақталады және негізгі әрі резервтік құрамдардан тұруы мүмкін.