3. Қазақстан Республикасы облыстарының тең жартысынан астамының аумағында құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) бар шығармашылық одақ республикалық деп танылады.
4. Қазақстан Республикасы облыстарының жартысынан аз аумағында құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) бар шығармашылық одақтар өңірлік деп танылады.
5. Қызметі бір облыс, республикалық маңызы бар қала және астана аумағында жүзеге асырылатын шығармашылық одақтар жергілікті шығармашылық одақтар деп танылады.
5-1. 2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
6. Шығармашылық одақтардың халықаралық шығармашылық ұйымдармен қарым-қатынастары Қазақстан Республикасының заңдарымен, сондай-ақ халықаралық шарттарымен реттеледі.
7. Шығармашылық одақтарды құру, қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
17-бап. Шығармашылық одаққа мүшелік
1. Шығармашылық одақтың жарғысында белгіленген талаптарға сай келетін шығармашыл қызметкердің шығармашылық одаққа кіруге құқығы бар.
2. Шығармашылық одақтың жарғысында кандидаттарға және мүшелерге қойылатын талаптар азаматтардың мүліктік және мүліктік емес құқықтарына нұқсан келтірмеуге, олардың құрамына тиісті шығармашылық кәсіптердің неғұрлым білікті өкілдерінің бірігуіне, олардың кәсіби және шығармашылық өсуіне ықпал етуге тиіс.
18-бап. Кәсіби емес (әуесқойлық) шығармашылық бірлестіктер мен ұжымдар
Кәсіби емес (әуесқойлық) шығармашылық бірлестіктер мен ұжымдар азаматтардың, қоғамдық бірлестіктердің, мәдениет ұйымдарының, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың бастамасы бойынша құрылады және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс істейді.
5-тарау. МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТ
2015.16.11. № 403-V ҚР Заңымен 19-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
19-бап. Мәдениет саласындағы қызметті ұйымдастыру
Мәдениет саласындағы қызмет театрлардың, филармониялардың, оркестрлердің, цирктердің, студиялардың, мектептердің, шеберханалардың, орындаушылық ұжымдардың, музейлердің, кітапханалардың, көркемөнер салондары мен галереяларының, кинотеатрлардың және киноқондырғылардың, мәдени-демалыс ұйымдарының, зерттеу және реставрациялау орталықтарының, мәдени-тарихи орталықтардың, тарихи-мәдени және табиғат қорықтарының, аймақтарының және басқа да мәдениет ұйымдарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету жолымен жеке және заңды тұлғалардың, оның ішінде қайырымдылық көмекті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың мәдени құндылықтарды жасауы, насихаттауы, таратуы, пайдалануға беруі және қорғауы арқылы жүзеге асырылады.
Мәдениеттің дамуы үшін өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыратын мәдениетті дамыту қорлары құрылуы мүмкін.
2015.28.10. № 368-V ҚР Заңымен 19-1-баппен толықтырылды
19-1-бап. Салалық көркемдік кеңестер
1. Мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру мақсатында уәкілетті орган консультативтік-кеңесші органдарды - театр, музыка қызметі және концерттік қызмет, цирк өнері, киноиндустрия, музей ісі және археология, бейнелеу өнері, сәулет және дизайн, әдебиет және кітап басып шығару жөніндегі салалық көркемдік кеңестерді құрады.
Салалық көркемдік кеңестер құрамына мәдениет саласындағы көрнекті қайраткерлер, ғалымдар, мамандар, шығармашылық бірлестіктердің өкілдері кіреді.
2. Салалық көркемдік кеңестердің негізгі функциялары мәдениет пен өнердің жоғары көркем туындыларын - бәсекеге қабілетті отандық өнімді жасау мақсатында мемлекеттік мәдениет ұйымдарының қызметін үйлестіру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау болып табылады.
20-бап. Мәдениет ұйымдары
1. Мәдениет ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
2. Мәдениет ұйымдары қызметінің түрлерін олардың құрылтайшылары айқындайды және бұл олардың жарғыларында көрініс табады.
3. Өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыратын мәдениет ұйымдары мемлекеттік, мемлекеттік емес және халықаралық ұйымдар болуы мүмкін.
2010.27.05 № 280-IV ҚР Заңымен 20-1-баппен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
20-1 бап. Мемлекеттік мәдениет ұйымдарын аттестаттау
1. Мемлекеттік мәдениет ұйымдарын аттестаттау олардың негізгі қызметінің тиімділігін бағалау және материалдық, еңбек және қаржы көздерін ұтымды пайдалану, осы негізде олардың желілері мен құрылымдарын ретке келтіру үшін жүргізіледі.
2. Барлық мемлекеттік мәдениет ұйымдары бес жылда бір рет аттестаттауға жатады.
3. Мемлекеттік мәдениет ұйымдарын аттестаттауды уәкілетті орган және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүргізеді.
2010.27.05 № 280-IV ҚР Заңымен 21-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
21-бап. Мәдениет ұйымдарының мәртебесі
1. Мәдениет саласындағы қызметінің айрықша мемлекеттік және қоғамдық мәні бар мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем, шығармашылық ұжымдарға «Ұлттық» мәртебе берілуі мүмкін.
«Ұлттық» мәртебені Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен тәртіппен Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті береді.
«Ұлттық» мәртебе берудің тәртібі мен шарттарын Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
2. Өз саласында жетекші болып табылатын мемлекеттік мәдениет ұйымдарына жекелеген кәсіби көркем және шығармашылық ұжымдарға ұлттық мәдениет пен өнерді қалыптастырудағы, дамыту мен насихаттаудағы елеулі үлесі үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі «Академиялық» мәртебе береді.
2-1. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдары құжаттардың әмбебап жинақтарын қалыптастыруды, сақтауды және кітапхана пайдаланушыларға беруді жүргізетін, кітапхана ресурстарын өзара пайдалануды ұйымдастыруды жүзеге асыратын және басқа кітапханаларға әдістемелік көмек көрсететін облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, қалалық және аудандық, облыстық маңызы бар қаланың кітапханаларына уәкілетті орган бекіткен тәртіппен «Орталық» мәртебесін береді.
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік мәдениет ұйымдары иеліктен шығаруға жатпайды.
22-бап. Театрлар
1. Театрлар - әдебиет және өнер туындыларының сахналық көрсетілімдерін (драмалық, музыкалық-драмалық, музыкалық, хореографиялық, қуыршақ, пантомима, сатира және юмор, балалар мен жасөспірімдерге арналған, жастарға арналған, эксперименттік және өзгелері) жүзеге асыратын ойын-сауық ұйымдары.
2. Театрлар меншік нысанына қарамастан көркемдік бағыттар, репертуар таңдауда, әдебиет және өнер туындыларын көпшілік алдында орындау туралы шешімдер қабылдауда, сахна туындыларын жасауда және танымал етуде, сондай-ақ тиімді шығармашылық және өндірістік даму үшін қажетті, Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асыруда ерікті.
3. Азаматтарды мәдени өмір саласына тарту мақсатында халықтың театр іс-шараларына қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді ұсынуға байланысты шығындарды жабуға мемлекеттік театрларға бюджет қаражатынан Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен субсидиялар бөлінеді.
2015.28.10. № 368-V ҚР Заңымен 22-1-баппен толықтырылды
22-1-бап. Цирктер
1. Эстрадалық-цирк жанрындағы туындылардың сахналық көрсетілімдерін жүзеге асыратын театр-ойын-сауық ұйымдары цирктер болып табылады.
2. Цирктер көркемдік бағыттарды, репертуарды, эстрадалық-цирк жанрындағы туындыларды көпшілік алдында орындау, сахналық туындыларды жасау және кеңінен таныту туралы шешімдерді қабылдауды таңдауда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін, тиімді шығармашылық және өндірістік даму үшін қажетті өзге де қызметті жүзеге асыруда ерікті болады.
3. Азаматтарды мәдени өмір саласына тарту мақсатында мемлекеттік цирктерге бюджет қаражатынан халық үшін цирк іс-шараларының қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметтерді ұсынуға байланысты шығындарды жабуға бюджеттік субсидиялар бөлінеді.
2010.27.05 № 280-IV ҚР Заңымен 23-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
23-бап. Концерттік ұйымдар
1. Концерттік ұйымдар - әдебиет және өнер туындыларын көпшілік алдында орындауға және көркемдік ұжымдар мен жекелеген орындаушыларды танымал етуге жағдайлар жасау үшін шаралар кешенін іске асыратын ойын-сауық ұйымдары.
2. Концерттік ұйымдардың негізгі міндеттері музыкалық-эстетикалық тәрбие беру, көркемдігі жоғары бағдарламалар мен нөмірлер жасаудың жағдайларын қамтамасыз ету, кәсіби көркемдік ұжымдар мен жекелеген орындаушылардың концерттерін ұйымдастыру, музыкалық-ағартушылық қызметті жүзеге асыру болып табылады.
3. Концерттік ұйымдар шығармашылық бағдарламалар жүргізуде және репертуар таңдауда дербестікке ие.
4. Республика азаматтарын мәдени өмір саласына тарту мақсатында республика халқының барлық жіктерінің концерттік іс-шараларға қолжетімділігін қамтамасыз ету жөнінде қызметтер ұсынуға, классикалық, халықтық, музыкалық және хореографиялық өнерді насихаттауға байланысты шығындарды жабуға мемлекеттік концерттік ұйымдарға мемлекеттік бюджеттен Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен субсидиялар бөлінеді.
2010.27.05 № 280-IV ҚР Заңымен 24-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
24-бап. Кітапхана ісі
1. Кітапхана ісі - міндеттеріне кітапханалар желісін құру және дамыту, олардың қорларын қалыптастыру және өңдеу, кітапхана пайдаланушыларға кітапханалық, ақпараттық және ақпараттық-библиографиялық қызмет көрсетуді ұйымдастыру, кітапхана мамандарын даярлау мен олардың біліктілігін арттыру, кітапханалардың дамуын ғылыми және әдістемелік қамтамасыз ету кіретін мәдениет саласы.
2. Кітапхана - ақпараттық, мәдени, білім беру функцияларын орындайтын, баспа және қолжазба құжаттарының ұйымдастырылған қоры, сондай-ақ графикалық, дыбыстық-көрініс материалдары, электронды жеткізгіштерде құжаттары бар және оларды жеке және заңды тұлғаларға уақытша пайдалануға беретін мәдениет ұйымы.
Қоры тек қана электронды жеткізгіштердегі құжаттардан тұратын кітапхана (электронды кітапхана) пайдаланушылармен жанама түрдегі (қашықтықта) немесе толық емес жанама түрдегі өзара іс-қимыл кезінде ақпараттық және телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып қызмет көрсетуді жүзеге асырады.
2015.28.10. № 368-V ҚР Заңымен 2-1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2-1. Кітапханалардың кітапхана қорын қалыптастыру сатып алу, кітап алмасу, сыйға тарту және мемлекеттік тапсырыс бойынша басып шығарылған кітаптарды өтеусіз алу арқылы жүзеге асырылады.
Ұлттық кітапханалардың кітапхана қоры басылымның міндетті тегін данасын алу жолымен де қалыптастырылады.
2-2. Басылымдардың міндетті тегін даналарын дайындалған күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде басып шығарушы немесе оның тапсырмасы бойынша үшінші тұлға Қазақстан Республикасының ұлттық кітапханаларына жібереді.
3. Қазақстан Республикасының аумағында әмбебап, салалық, салааралық, жасөспірімдер, балалар кітапханалары, сондай-ақ көрмейтін және нашар көретін азаматтар үшін арнайы кітапханалар құрылуы мүмкін.
4. Мемлекеттік кітапханалар ақысы міндетті сипатта болмайтын және жеке немесе заңды тұлғамен келісім бойынша айқындалатын, өздерінің негізгі қызметіне қатысы жоқ тауарлар (жұмыстар, қызметтер) өткізуге құқылы. Мұндай тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден түскен ақша Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес пайдаланылады.
Мемлекеттік кітапханалар:
1) жеткізгіштердің, форматтардың, стандарттардың барлық түрінен көшірмелер дайындауға және оларды өңдеуге;
2) кемтар азаматтар үшін материалдар дайындауға;
3) құжаттарды талдамалы-синтетикалық өңдеуге және қосымша библиография жасауға;
4) қолжазбаларды, құнды кітаптарды және құжаттарды реставрациялауға;
5) көшпелі ақпараттық - көрме іс-шараларын ұйымдастыруға;
6) білім беру және аудармашылық қызметтерін көрсетуге;
7) қолжазбаларға және құнды кітаптарға сараптама жасауға;
8) байланыс операторымен шарт негізінде Интернет желісі қызметтерін ұсынуға;
9) құжаттарды электронды жеткізуге, тақырыптық ақпарат іздестіріп, құрастыруға;
10) экскурсиялық қызмет етуге, фото, бейне түсірілімдер жасауға;
11) кітапхана шығарған оқу-әдістемелік әдебиетті және басқа да оқу құралдарын өткізуге құқығы бар.
Кітапханалар сирек және құнды басылымдарды беру кезінде салынған кепіл сомасын, кітапхана қорына пайдаланушылар келтірген залал өтемақысының түрлері мен мөлшерін белгілеуге құқылы. Мемлекеттік кітапханалар кітапхана қорына келтірілген залал үшін алынған өтемақы сомаларын тиісті бюджетке аударады.
5. Кітапхана ісі, сондай-ақ ұлттық мәдени мұраның бір бөлігі ретінде кітапхана қорларын қалыптастырумен, сақтаумен, пайдаланумен байланысты мәселелер уәкілетті орган белгілеген тәртіппен реттеледі.
6. Мүгедек немесе егде жаста болуынан кітапханаларға бара алмайтын кітапхана пайдаланушылар уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен сырттай және стационарлық емес қызмет ету нысандары арқылы кітапхана қорларына қол жеткізуге құқығы бар.
2010.27.05 № 280-IV ҚР Заңымен 25-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2015.28.10. № 368-V ҚР Заңымен 25-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
25-бап. Музейлер
1. Музей заттары мен музей коллекцияларын сақтау, зерделеу және көпшілікке көрсету үшін құрылған, мәдени, білім беру, ғылыми-зерттеу функцияларын жүзеге асыруға және Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасын кеңінен танытуды қамтамасыз етуге арналған мәдениет ұйымдары музейлер болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының аумағында әртүрлі бейіндегі музейлер, оның ішінде музей-қорықтар мен жеке коллекциялар музейлері құрылуы мүмкін.
3. Музей заттары мен музей коллекциялары музей қорының құрамына енгізіледі және Қазақстан Республикасы халқының мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып табылады.
Музей қорларын жинақтау уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен, мемлекеттік музейлерде құрылатын қор-сатып алу (қор-іріктеу) комиссиялары шешімдерінің негізінде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік музейлерден музей заттары мен музей коллекцияларын жеке меншікке беруге тыйым салынады.
4. Мемлекеттік музейлер мен музей-қорықтар өздерінің негізгі қызметіне жатпайтын, ақы төлеу міндетті сипатта болмайтын және жеке және заңды тұлғалармен келісу бойынша айқындалатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізуге құқылы.
Мұндай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізуден түскен ақша Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес пайдаланылады.
5. Мемлекеттік музейлер мен қорық-музейлердің:
1) жеткізгіштердің, форматтардың, стандарттардың барлық түрінен көшірмелер дайындауға және оларды өңдеуге;
2) байланыс операторымен шарт негізінде интернет қызметтерін ұсынуға;
3) фото және бейне түсірілімдер жасауға;
4) кәдесый және полиграфиялық өнімдерді өткізуге;
5) музейлер мен музей-қорықтар басып шығарған оқу-әдістемелік басылымдарды және басқа да әдебиетті өткізуге құқығы бар.
6. Музейдің сақтау қоймасындағы музей заттары мен музей коллекцияларына қол жеткізу тәртібі мен шарттары және музей ісі саласындағы басқа да қатынастар уәкілетті орган айқындаған тәртіппен реттеледі.
7. Мәдени құндылықтарды сақтауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік бюджеттен мемлекеттік музейлерге мәдени құндылықтардың сақталуын, есепке алынуын, жинақталуын және реставрациялануын қамтамасыз етуге байланысты шығындарды жабуға субсидиялар бөлінеді.
26-бап. Ауыл мәдениеті
1. Қазақстан Республикасында ауылдық елді мекендердің мәдениет объектілерімен қамтамасыз етілу нормативі талаптарымен айқындалатын деңгейде ауылдық жерде мәдениетті дамытуда, мемлекеттік мәдениет ұйымдары желісін қалыптастыруда, халыққа эстетикалық білім беру және мәдени қызмет көрсету үшін жағдайлар жасауда басымдық қамтамасыз етіледі.
2. Ауылдық жерлердегі мемлекеттік мәдениет ұйымдары материалдық-техникалық қамтамасыз етудің басым құқығын пайдаланады.
2008.24.12. № 111-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Ауылдық елді мекендерде тұратын мәдениет ұйымдарының қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген әлеуметтік қолдау шаралары беріледі.
27-бап. Мәдени-демалыс ұйымдары
1. Мәдени-демалыс ұйымдары - қызметі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен реттелетін күнделікті көпшіліктің араласу (клубтар, мәдениет және демалыс парктері, мәдениет үйлері мен сарайлары, халық шығармашылығы орталықтары (үйлері) және басқалары), жеке адамды, көркемөнерпаз халық шығармашылығын дамыту орталықтары.
2. Мәдени-демалыс ұйымдарының негізгі міндеті халықтың рухани және эстетикалық сұранысын қанағаттандыру болып табылады.
3. Мәдени-демалыс ұйымдарының қызметі:
1) халық шығармашылығын, этномәдени дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды сақтауға, насихаттауға, олардың осы заманғы тарихи және әлеуметтік-экономикалық жағдайларға бейімдеуге;
2) Қазақстан Республикасында атап өтілетін мерекелерді, концерттерді, ән-би мерекелерін, тұсаукесерлерді, фестивальдерді, конкурстарды, айтыстарды, халықтың қолданбалы және бейнелеу өнері көрмелерін ұйымдастыруға;
3) ғылыми-практикалық, ақпараттық-әдістемелік жұмыстарды ұйымдастыруға;
4) мәдени-демалыс қызметіндегі және халық шығармашылығындағы озық тәжірибені зерделеуге, қорытуға, танытуға, оны енгізуге және таратуға;
5) облыстық, өңірлік, республикалық, халықаралық мерекелерге, конкурстарға, фестивальдерге қатысу арқылы халық шығармашылығының үздік ұжымдарын насихаттауға;
6) этномәдени бірлестіктерді қолдауға;
2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7) мәдени-демалыс қызметі саласындағы инновациялық жобаларды, ұлттық мәдениеттердi сақтауға және дамытуға бағытталған әртүрлi мәдени акцияларды, бастамаларды қолдауға бағытталады.
4. Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын мәдени-демалыс ұйымдарын таратуға, егер мұндай тарату халыққа мәдени қызметтердің ең аз көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейтін болмаса, оған жол берілмейді.
5. Азаматтарды мәдени өмір саласына тарту мақсатында халықтың мәдени-демалыс іс-шараларына қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер ұсынуға байланысты шығындарды жабуға мемлекеттік мәдени-демалыс ұйымдарына бюджет қаражатынан Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен бюджеттік субсидиялар бөлінеді.
2010.27.05 № 280-IV ҚР Заңымен 28-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
28-бап. Кинематография
1. Кинематография - фильмді жасауға, сақтауға, прокаттауға және көрсетуге бағытталған шығармашылық, ғылыми, өндірістік, білім беру қызметі түрлерін біріктіретін мәдениет саласы.
2. Кинематографиядағы мемлекеттік саясаттың басымдықтары:
1) киношежіре мен ұлттық, оның ішінде балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдер жасау;
2) кинематографияның материалдық-техникалық базасын сақтау және дамыту;
3) шетелдік фильмдерге қарағанда ұлттық фильмдерді шығаруға, олардың таралымын көбейтуге және прокаттауға басым жағдайлар жасау;
4) кинофестивальдер және басқа да іс-шаралар өткізу;
5) халықаралық кинематографистер ұйымдарына, сондай-ақ фестивальдер мен конкурстарға қатысу және өкілдік ету болып табылады.
3. Қазақстан Республикасындағы кино өндірісінің негізін кинематографиялық ұйымдар құрайды.
2010.27.05 № 280-IV ҚР Заңымен 28-1-баппен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
28-1-бап. Ұлттық фильм
1. Фильм мынадай негіздердің жиынтығына сәйкес келсе:
1) егер фильм жоғары көркемдік деңгейде жасалып, халықтың рухани қажеттіктерін қанағаттандыруға қабілетті болса, мемлекеттік мүдделерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасын кино өнері арқылы әлемдік аренада танып-білуге қызмет ететін болса;
2) фильмдерді шығару, тарату және көпшілікке көрсету (демонстрациялау) кезінде смета бойынша жұмыстардың жалпы көлемінің кемінде жетпіс процентін Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген кинематографиялық ұйымдар жүзеге асыратын болса;
3) Қазақстан Республикасының азаматы және (немесе) белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген заңды тұлға фильмнің продюсерлері болып табылса;
4) фильм түсіретін топтың құрамына кіретіндердің (режиссерлер, операторлар, дыбыс операторлары, киім суретшілері, монтаждаушылар, басты рөлдерді орындайтын актерлер) отыз пайыздан аспайтыны Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын адамдар болса;
5) фильм шығарудағы шетелдік инвестициялар фильмнің сметалық құнының отыз процентінен аспаса;
6) фильмді шығару ішінара немесе толығымен республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылса, ұлттық деп танылады.
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттың талаптарына сәйкес шетелдік кинематографиялық ұйымдармен бірлесіп түсірілген фильм ұлттық деп танылуы мүмкін.
3. Фильмді ұлттық деп тану тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
2010.27.05 № 280-IV ҚР Заңымен 28-2-баппен толықтырылды (2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
28-2-бап. Фильмге прокаттау куәлігін беру
1. Қазақстан Республикасында шығарылған, сондай-ақ фильмге прокаттау куәлігін алу мақсатында Қазақстан Республикасына прокаттау және көпшілікке көрсету (демонстрациялау) үшін әкелінген (жеткізілген) фильмдер, фестивальдерде, семинарларда, ретроспективада және басқа да іc-шараларда демонстрациялау үшін әкелінетін (жеткізілетін) фильмдерді қоспағанда, Фильмдердің мемлекеттік тізілімінде тіркеледі.
Бұл талап бұрынғы КСРО-ның кинематографиялық ұйымдары шығарған фильмдерге қолданылмайды.
Фильмге прокаттау куәлігі - фильм туралы техникалық мәліметтер, фильмнің жасаушылары, индексі мен жанры туралы ақпарат көрсетілетін, оны прокаттауға негіз болатын құжат.
2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.28.10. № 368-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ жаңа редакцияда
2. Фильмге прокаттау куәлігін беру уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша жүзеге асырылады.
3. Фильмге прокаттау куәлігін алу үшін өтініш беруші:
1) уәкілетті орган басшысының атына өтінішті;
2) өтініш берушінің фильмге немесе оны пайдалануға құқығын растайтын құжаттарды; шет тіліндегі құжаттарға қазақ және (немесе) орыс тілдерінде нотариат куәландырған көшірмесі қоса беріледі;
3) фильмнің аннотациясын;
4) отандық немесе бірлесіп түсірілген фильмдерде пайдаланылатын туындылар туралы мәліметтерді ұсынуы қажет.
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Фильмге прокаттау куәлігін алуға өтініш түскен күнінен бастап жеті жұмыс күні ішінде қарауға жатады. Өтінішті қарау қорытындылары бойынша уәкілетті орган өтініш берушіге фильмді прокаттау куәлігін береді.
5. Уәкілетті орган өтініш берушіге фильмді прокаттау куәлігін беруден мынадай негіздер бойынша:
1) өтініш беруші дәйексіз немесе бұрмаланған ақпарат берсе;
2) өтініш беруші осы баптың 3-тармағының талаптарына сай келмейтін құжаттарды табыс етсе;
3) фильмнің мазмұны Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, ұлттық араздықты қоздыруды насихаттауға немесе үгіттеуге бағытталған жағдайда, бас тартуы мүмкін.
6. Фильмге прокаттау куәлігін беру үшін бұдан бұрын негіз болған фильм туралы ақпараттың дәйексіздігі және (немесе) бұрмаланғандығы анықталған жағдайда, уәкілетті орган фильмді прокаттау куәлігін сот тәртібімен кері қайтарып алуға құқылы.
2010.27.05 № 280-IV ҚР Заңымен 28-3-баппен толықтырылды (2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
28-3-бап. Фильмдердің индекстері
1. Қазақстан Республикасында шығарылған барлық фильмдер мен Қазақстан Республикасының аумағына прокаттау және көпшілікке демонстрациялау мақсатымен әкелінетін (жеткізілетін) фильмдер көрермендердің жас шегіне қарай индекстеледі.
Фильмдердің мынадай индекстері белгіленеді:
1) «К» - әртүрлі жастағы көрермендерге арналған фильмдер;
2) «БА» - он екі жасқа толған балаларға көрсетуге рұқсат берілген фильмдер;